ҒАЛЫМНЫҢ 80-ЖАС МЕРЕЙТОЙЫ АТАП ӨТІЛДІ

ҒАЛЫМНЫҢ 80-ЖАС МЕРЕЙТОЙЫ АТАП ӨТІЛДІ

2022 жылғы 9 желтоқсанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ғылым Ордасының» Орталық ғылыми кітапханасымен бірлесе отырып белгілі, тарихшы ғалым, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановтың туғанына 80 жыл толуына орай «ХХ ғасырдағы Отан тарихы: өзекті мәселелері және жаңа ұстанымдар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Конференция жұмысына ҚР белгілі тарихшы-ғалымдары және жоғарғы оқу орындарының декандары, ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен ҚР Президенті архиві басшылары мен қызметкерлері, Қазақстанның әр түпкірінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып жылы лебіздерін білдірді.

Модераторлық тізгінді Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы ұстады.

Конференция жұмысында ғалымның өмір парақтарынан естеліктер мен ғылым жолындағы атқарылған еңбектері туралы айтылды. Сонымен қатар ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті және заманауи мәселелерін талқылау және Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановтың осы кезеңнің тарихын зерттеуге қосқан үлесі көрсетілді. ХХ ғасырдағы Отандық тарих ғылымының дамуына үлес қосу тақырыптарында баяндамалар айтылды.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және басқару комитеті «Орталық мемлекеттік архив» РММ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана бірлесіп құрастырылған тарихшы-ғалым Алдажұманов Қайдар Сейсембайұлының биобиблиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері жасалды.

Конференция аясында Институттың жас ғалымдарының бірі, ғылыми қызметкер Морякова Малика Темірханқызы Қ.С. Алдажұманов атындағы стипендиямен марапатталды.