Көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Шығыс елдері халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Ескендірұлы Әжіғалидің 70 жылдығына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы

Көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Шығыс елдері халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Ескендірұлы Әжіғалидің 70 жылдығына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы

2022 жылғы 23 желтоқсанда ҚР ҒжЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты көрнекті этнолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық Шығыс елдері академиясының корреспондент-мүшесі Серік Ескендірұлы Әжіғалидің 70 жылдығына арналған кеңейтілген ғылыми кеңес отырысын өткізді.

Серік Ескендірұлы –  этноархеолог, тарих және мәдениет жанашыры, Еуразия даласы ескерткіштері, қазақ халқының халықтық сәулетшілігі және этнографиясы бойынша халықаралық тәжірибелі де білгір маман. Батыс, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде, Сарыарқа мен Жетісу даласында этнографиялық ізденіс жұмыстарын ұйымдастырып, 1998 жылы республикадағы жаппай этномәдени зерттеулерге жетекшілік жасады. Соңғы жылдардағы көпқырлы қызметінің басым бағыттарының бірі – қазақ өлкесінде этнографиялық және этноархеологиялық зерттеулерді өрістету. Орталық Азиядағы қазақ диаспорасының қоныстану регионы (Моңғолия, Қытай, Ресей Алтайы). Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Моңғолия және Қытай этнографиялық-этноархеологиялық экспедицияларының жетекшісі. Барлығы Арал-Каспийлік және де Қазақстан мен Орталық Азияға жүргізілген 50 далалық экспедициялардың жетекшісі. Ғалым Қазақстандағы этноархеология, этноархитектураның дамуына, қазақ ескерткіштануының өзекті ғылыми-тәжірибелік бағытын қалыптастыруға маңызды үлес қосып келеді.

Салтанатты отырысқа отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, этнологтар, тарихшылар, археологтар, ескерткіштану саласының білгірлері, мәдениеттанушылар, музей және архив ісінің мамандары және жас ғалымдар қатысты.

Шара барысында «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен С.Е. Әжіғалидың еңбектерінің көрмесі ғылыми-көпшілік назарына ұсынылды және Институтың ескерткіштану Орталығының ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, келесі тақырыптар бойынша мерейтой иесінің зерттеулеріне арналған қабырға стендтерінің авторлық көрмесі өтті:

  1. «Моласа хан қорымын кешенді зерттеу: Әбілқайыр ханның қабірі қалай табылды?».
  2. «Батыс Қазақстан (Доңызтау) кешенді этноархеологиялық экспедициясының ізденістері: 2019-2020 жж.».

Отырысқа қатысушылар ғалымның отбасы, оқуы, ғылыми қызметі, өмірі мен экспедициялық қызметі, ғылымда ашқан жаңалықтары туралы арнайы дайындалған бейнероликті тамашалады.

Коференцияға қатысушылар төмендегідей мәселелер аясында ғылыми талқылау алаңын құрды:

  •  тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдері Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Ескендірұлы Әжіғалидың Қазақстанның этнологиясын, этноархеологиясын және ескерткіштануын зерттеудегі үлесіне баға беру;
  • Қазақстан этнологиясы, этноархеологиясы мен ескерткіштануының бүгінгі жетістіктері мен проблемалары:
  • Қазақстанда этнология, этноархеология және ескерткіштануды зерттеудегі теориялық-методологиялық және ғылыми-тәжірибелік мәселелер;

Қазақстан этнологиясы, этноархеологиясы мен ескерткіштануының келешегі.

Конференция модераторы – Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корр. – мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов мерейтой иесінің арнайы жіберілген құттықтау хаттарды жария етті. Құттықтаушылар қатарынан РҒА Антропология және этнография мұражайының директоры, корр. – мүшесі. РҒА, т.ғ.д. А.В. Головнев, Ресей этнографиялық музейінен Ю.А. Купин, Омбының жетекші этнологы, көптеген жылдар бойы РҒА СБ Археология және этнография институтын басқарған Н.А. Томилин, Тарих, археология және этнография институтының директоры А.А. Асанканов сынды ғылым мен мәдениет жолындағы әріптестері табылды. Сонымен қатар, Институт директоры З.Е. Қабылдинов мерейтой иесіне «ҚР ҰҒА құрметті академигі» атағын беру туралы, сондай-ақ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Ескерткіштану орталығының құрылғаны туралы жариялады.

Конференцияда ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қойгелдиев, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу республикалық орталығының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Х. Әбусейітова құттықтау сөз сөйледі. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Д.Мәсімханұлы, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Р.Е. Харипова, сәулет докторы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының профессоры Г.С. Абдрасилова, Генетика және цитология институтының директоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Л.Б. Жансүгірова, тарихшы, белгілі қоғам қайраткері, ғалым С.Е. Әжіғалидың әріптесі және досы М.К. Сембилер де жүрекжарды арнауларын жеткізді. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар тарапынан ғалымның ғылымдағы еңбегіне алғыстарын білдіру үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.С. Байкунаков, Абай атындағы ҚазҰПУ-нен профессор, тарих ғылымдарының докторы Ғ.Х. Халидуллин, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Ж.Т. Ерназаров, Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен (Түркістан) белгілі археолог Мұхтар Бахадырұлы Қожа арнайы жылы лебіздерін білдірді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарынан, әріптес-этнологтар – этнология және антропология бөлімінің бас ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымдарының кандидаты Н. Әлімбай, сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор А.У. Тоқтабай, С.Е. Әжіғалимен бірлескен экспедициялық жұмыстары туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Серік Әжіғалидың шәкірті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Р.А. Бекназаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің археология, этнология және музей ісі кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Т. Төлеубаев және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнология және антропология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Г.У. Орынбаеваның баяндамаларына ұласты.

Шара соңына қарай «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ұйымдастырған С.Е. Әжіғалидың ғылыми мұрасына арналған көрме таныстырылып, ғалымның жеке кітапханасынан кейбір кітаптар «Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар музейі мен Институт қорына тапсырылды. Мерейтой иегері ғылыми қызметкер Көбеев Рүстем Жайлыбайұлына атаулы стипендия табыс етті.