Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ШЫҒЫСТАНУШЫ К.Ш. ХАФИЗОВАНЫҢ ҚАЗАҚ ЭЛИТАСЫНЫҢ ДИПЛОМАТИЯСЫ ТУРАЛЫ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ 


2023 жылғы 13 қаңтарда ҚР Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (бұдан әрі – ҚСЗИ) бастамасымен ҚР Президенті Мұрағатында Клара Шайсұлтанқызы Хафизованың ҚСЗИ баспасына дайындаған «ХVIII–ХIХ ғасырдағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» (Астана, 2022. – 488 б.) монографиясының тұсаукесері өтті.

Қ.Ш. Хафизова – шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, халықаралық қатынастар тарихы мен Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саясаты, қазақ-қытай қатынастары және қазақтар мен жоңғарлар туралы қытай деректері бойынша танылған маман. Тұсаукесерде Клара Шайсұлтанқызы қазақ синологиясына өткен жолы, шығыстанудағы жарты ғасырға жуық ғылыми қызметінің нәтижесі болған кітаптың жұмыстары туралы қысқаша айтып өтті. Автор біздің маманға өз архивінде жұмыс істеуге алғаш рет рұқсат берген Тайвань мұрағатшылары мен ғалымдарына алғысын білдірді. Бұған дейін 2019 жылы орыс тілінде «Дала билеушілері және олардың XVІІІ-XX ғасырлардағы дипломатиясы» монографиясы жарық көрді (Нұр-Сұлтан: ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ, 2019. – 480 б.). Десек те, кітаптың қазақ тілінде 500 данамен басылып шығуы «Шығыстану», «Тарих», «Халықаралық қатынастар» мамандықтары бойынша қазақтілді ғалымдары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында сұранысқа ие болмақ.

Тұсаукесерге Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары А.Т. Абдулина, Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Ғ.А. Шотанова, сондай-ақ баяндамасымен сөз сөйлеген аға ғылыми қызметкер Р.Е. Оразов қатысты. Ол К.Ш. Хафизованың Қазақстанның тарих ғылымының дамуына қосқан үлесін, қытайдың, тайвань, ресей және отандық мұрағаттарында зерттеген қытай, маньчжур тілдеріндегі тарихи дереккөздер туралы үлкен еңбегін атап өтіп, қазақтың Әбілмәмбет, Абылай, Кеңесары хандарының, Ұрыс, Жошы, Ғабидолла және т.б. сұлтандары, Төле бидің, Қожаберген, Қабанбай, Бердіқожа батырларының Цин империясымен өзара қарым-қатынасына тоқталып өтті. Кітапта Ш.Ш. Уәлихановтың Шығыс Түркістанда болғаны туралы құнды деректер мен ұлы ағартушы ғалым туралы жазылған Қытай тарихнамасына талдау жасалған.

Барлық сөз сөйлеушілер авторға денсаулық, ғылымда жаңа табыстар мен ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар, олар бұл кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы мен Ұлы Жібек жолындағы-Қытайдан Персияға дейінгі қазақ дипломатиясының тарихы туралы жаңа монографияның оқырмандары болуға үміт білдірді!

Қызығушылық танытқандар кітаппен институт кітапханасында таныса алады.