Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ Ә.Х. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ БІЛІМ ОРДАСЫ ЖАНЫНАН Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ФИЛИАЛЫН АШУ ТУРАЛЫ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ


23 қаңтар 2023 жылы Институт директоры ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов Павлодар өңіріне іссапармен барып бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Өткізілген кездесулер барысында Павлодар қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы білім ордасы жанынан Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының филиалын ашу туралы, Павлодар педагогикалық университеті, Павлодар облыстық мемлекеттік архивімен екіжақты ынтымақтастық туралы пікір алаңы орын алды.

Мемлекет басшысы Қ.-Ж. К.Тоқаев ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттырып қана қоймай, әлемдік ғылыми кеңістікпен интеграцияны күшейту қажеттігін атап өтіп, ғылыми зиялы қауымның елдің рухани дамуына атсалысу маңызды міндеті болып қала беретіні баса айтылған болатын.

Ұлттық және аймақтық контексте интеграцияланған ЖОО-ның заманауи академиялық және ғылыми-зерттеу жүйесін қалыптастырудың маңыздылығын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те атап өткен еді.

Осыған орай, Мемлекет басшысы тапсырмаларын және министр қойған міндеттерді орындау барысында Қазақстанның тарих ғылымын одан әрі дамыту, этникалық, конфессиялық және идеологиялық саясатты жетілдіру мақсатында ҚР ҒжЖБМ ҒК біз Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жилбаев Жанбол Октябрьұлымен және Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің директоры Ибраев Балғабай Жұмағұлұлымен ынтымақтастық жөніндегі жасалған меморандумдарды жүзеге асыру шеңберінде бірқатар мәселелерді талқыладық.

Саяси құғын -сүргінге ұшырағандарды толық ақтау жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесу өтті.

І. ИНСТИТУТТЫҢ ФИЛИАЛЫН АШУ ТУРАЛЫ. Алпыс жылдан аса тарихы бар Павлодар педагогикалық университеті отандық үздік білім ордаларының қатарына енеді.

2022 жылы университет ғалымдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру шеңберінде 8 жобаны орындап, барлық жобалар Павлодар облысының мәселелерін шешуге бағытталған. Университет ректорымен пікір алмасу жаңаша идеялардың пайда болуына мұрындық болды.

Келіссөз барысында университет ректоры Жанбол Октябрьұлы өзі басқаратын жоғары оқу орны жанынан Институттың филиалын ашу туралы ұсыныс жасады. Филиал Ертістің Павлодар өңіріне қатысты іргелі, қолданбалы және тарихи-этнологиялық зерттеулерді дамытумен, сондай-ақ елдеріміз арасында қол қойылған келісімдер шеңберінде шекаралық ынтымақтастықтың нақты мәселелерімен айналысады, аймақтың мемлекеттік мекемелеріне, білім беру және мәдениетіне ғылыми-сараптамалық, идеологиялық, консультациялық қызметтер көрсетеді, бұл Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайын ескере отырып, оңтайлы сыртқы және ішкі саяси стратегияны әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бірлесе іргелі ғылыми зерттеулер мен жобалар қолға алынып, мықты кадрларды даярлауда тәжірибе алмасу жұмыстарын жүзеге асыру бойынша ойлар айтылды. Бұл ұсынысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырза да қолдау білдіріп отырғаны қуантады.

Осындай филиалдарды Оралда, Қостанайда, Кокшетауда және Өскеменде ашу жоспарда бар!

ІІ. ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСУ

Павлодар облысының мемлекеттік архиві тұрақты негізде құжаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету, қағаз құжаттардың бар болуы мен физикалық жай-күйін тексеру, олардың сақталуы мен пайдаланылуын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.

Павлодар облысының мемлекеттік архиві және оның аумақтық филиалдарында миллионнан астам іс сақталуда. Архив директоры Балғабай Жұмағұлұлы және оның ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның жұмысы аясында «Кеңес үкіметінің Павлодар Ертіс өңіріндегі шаруаларға қарсы зорлық-зомбылық саяси науқандары. 1920-1930 жылдар» атты құжаттар мен материалдар жинағының жарыққа шығаруында үлесі зор.

Архивте сақталған істерді ғылыми айналымға тарту барысында «Павлодар облысындағы саяси қуғын-сүргін: халық қасіреті» атты құжаттары мен материалдарының жинағы жарық көрді.

Ұсыныстар мен жаңа жоспарларға толы іскерлік ойлардың өрбуі тағы бір басқосуға – Павлодар облыстық мемлекеттік архиві басшысы Балғабай Жұмағұлұлымен кездесуде жалғасты.

Қазынасы бай архив сөрелерінде өлке тарихы, өңірдегі қазақ халқын отырықшылдандыру, ұжымшарлар мен МТС-тар ұйымдастыру, тың игеру, өнеркәсіп, құрылыс, мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларының дамуын баяндайтын құжаттар аз емес.

Келіссөз соңында архив директоры Балғабай Жұмағұлұлы бір томға жуық Алаш қозғалысына қатысты құжат материалдарын табыстайтындығын, сонымен қатар қуғын-сүргін тақырыбына қатысты аймақтың көнекөз қарияларынан сұхбат-сауалнама жүргізуде көмек қолын созатындықтарын айтып өтті.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновтың фэйсбук желісіндегі жазбасынан.