Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ИНСТИТУТ КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ БІШКЕКТЕГІ Ж. БАЛАСАҒЫН АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТЕ ӨТТІ (ҚЫРҒЫЗСТАН)


10 ақпан 2023 ж. Ж.Баласағын атындағы Қырғыз Ұлттық университетінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері дайындаған “ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін” және “Орта Азиядағы қазақтар: тарих және тағдыр (1920-1950 жж.)” кітаптарының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер жасалу сәтінен

Салтанатты шараға Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З. Е. Қабылдинов, ҚҰУ-дың ректоры Т. Әбдірахманов, Қырғыз Республикасы ҰҒА-ның Б. Жамғыршынов атындағы Тарих және этнология институтының директоры А. Асанқанов, т.ғ.д. Б. Ж. Абдрахманов, т.ғ.к. А.Э. Кубатова, Институтымыздың Бішкек қаласындағы филиалының директоры, тарихшы, журналист, т.ғ.к. Ж.Байділдеев қатысты.

“ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін (жаңа мұрағат көздері аясында): мұрағат материалдарының жинағы” – көлемі 620 б. ұжымдық еңбек (1000 дана). Жинақта алғаш рет жүйеленген түрде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтардың арасындағы саяси қуғын-сүргін және кеңестік, посткеңестік кезеңдердегі кейінгі ақтауға қатысты мұрағаттық құжаттар мен материалдар қамтылған.

“Орта Азиядағы қазақтар: тарих және тағдыр (1920 – 1950 жж.)”. Бұл ұжымдық монография ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін бойынша алғашқы толық ғылыми-құжаттық зерттеуді ұсынады. Онда қазіргі Тәуелсіз Орталық Азия республикаларында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу бойынша жұмыстың негізгі бағыттары мен ақтау жайлы негізгі сюжеттер ұсынылған.

Оқырмандарға кітаптардың жақсы сапада шығуына, монографияға едәуір көлемдегі материалдар ұсынған тұлға ретінде Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры Бечеков Жумабай Дабынұлын да атап өткіміз келеді.

Кітаптың тұсаукесері аясында директор З.Е. Қабылдинов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты атынан, ректоры Т. Әбдірахманов бастаған Ж.Баласағын атындағы ҚҰУ-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Аталмыш кітаптарды Интститут директоры З.Е. Қабылдинов, Ж.Баласағын университетіне сый ретінде табыстады.

“Қазақ тарихшылары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау бойынша үлкен жұмыс атқаруда, қырғыз ғалымдары қазақ әріптестеріне көмектесуге дайын. Біз ғылыми қызметте бірлескен ынтымақтастық тәжірибесін одан әрі пайдалануымыз керек”, – деп атап өтті Қырғыз Республикасы ҰҒА-ның Б. Жамғыршынов ат. Тарих және этнология институты директоры А. Асанқанов.