Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ САРАЛАНДЫ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағылымы (1920-1991 жж.)» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. 

Ғылыми-практикалық конференцияны Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е.Қабылдинов ашып, бас қосуға Астана қаласынан арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары А.Т. Кемелов құттықтау сөз сөйледі. Ғылыми жиынды саяси ғылымдар докторы, профессор С.М. Борбасов жүргізіп отырды.

Кеңестік Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік эксперименттер, адам құқығының бұзылуы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін ескермеген большевиктердің ұлт саясаты, Қазақстанға 1 207 мыңнан астам әртүрлі ұлт өкілдерінің күшпен жер аударылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы және т.б. бассыздықтар, биліктегі қасаң бюрократия мен жемқорлық – әлеуметтік және этникалық қақтығыстардың туындауына себеп болды. Мұндай қақтығыстар туралы ақпаратты кеңес билігі жасырғандықтан, олардың тарихына арналған толыққанды зерттеулер  әлі күнге жеткіліксіз. Ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтап, оны нығайтуға тырысқан тәуелсіз Қазақстан үшін әлеуметтік және этникалық қақтығыстардың тарихын зерттеу, тағылым алу маңызды. 

Ғылыми бас қосуда ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ашаршылықтан және түрлі індеттерден қырылған халық, ұлт саясаты, әлеуметтік саладағы және экономикада жүргізілген ауытқуларға қарсы бас көтерулер, 50-60 жылдарда орын алған Құсмұрын, Теміртау, Шымкент, Целиноград көтерілістері туралы баяндамалар таныстырылды. Атап айтқанда, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты  Қ. С. Алдажұманов «1950-жылдардағы Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар туралы» тақырыбын кеңірек баяндаса, институттың бас ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.К. Көкебаева «Ашық қоғам» архивіндегі Кеңестік Қазақстандағы қақтығыстар тарихына қатысты  материалдар» туралы сөз қозғады.

Конференцияға арнайы келген тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Д.Д. Сүлейменова 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғасын өз баяндамасына арқау етсе, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PHD-докторанты Е.И. Стамшаловтың сөзі 1967 жылғы Шымкент көтерілісінің тарихына арналды. Астана қаласының мемлекеттік архивінің бөлім меңгерушісі Ғ. Т. Исахан Целиноградтағы оқиғалардың тарихына тоқталды. Ал  Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты  М.Ш. Қалыбекова Қостанай облысының Құсмұрын станциясындағы оқиғаны талдап, әңгімеледі. Бұдан бөлек баяндамашылар Кеңестік кезеңде Қазақстанда орын алған әлеуметтік және этносаралық қақтығыстар тарихын зерттеудің методологиясын, бас көтерулердің кеңестік билік тарапынан бағалануын, тарихи оқиғалардың халық жадындағы бейнесін, тарихнамасын талқылады. Ғылыми жиын соңында баяндамашыларға сұрақтар қойылып, қатысушылардың өзара пікір алмасуы болды. 

ҚР ҒЖБМ қаржылай қолдауымен AP09259347 «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)»  жобасын іске асыру шеңберінде өткізілген ғылыми-практикалық конференция материалдары арнайы жинақ түрінде жарық көреді.