Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Көкшетау университеті жанынан Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының филиалы ашылды


ЕЛІМІЗДІҢ СОЛТҮСТІК, СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС АЙМАҚТАРЫНДА ТАРИХИ- ЭТНОЛОГИЯ БАҒЫТЫНДА ІРГЕЛІ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРУІ ТИІС

Қазіргі әлемнің кейбір геосаяси жағдайларына байланысты Қазақстанның Солтүстік, Солтүстік-Шығыс өңірлерінде терең тарихи зерттеулер жүргізу қажеттілі туындап отырғаны ақиқат. Себебі, соңғы уақыттарда кейбір елдердің кейбір саясаткерлерінің осы өңірлерге байланысты әр түрлі теріс және арандатушы пиғылдағы ой-тұжырымдары мен пікірлері орын алып жатқаны жасырын емес.

Сондықтан осы облыс орталықтарында біздің институттың филиалдары бой көтере бастады. Былтыр Астана мен Қызылжар қалаларынан, сондай-ақ, көршілес Қырғызстан елінен Институт филиалдары ашылса, ендігі кезекте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Кокшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан Институт филиалын ашуға рұқсат берілді.

Министр Саясат Нұрбек, Ғылым комитетінің төрағасы Ахмед-Заки Дархан Жұмақанұлы, аталған университеттің білікті басшысы Сырлыбаев Марат Қадырұлы сынды ел азаматтарына ұлт келешегі жолында ұтымды болатын осы бастамаға қолдау білдіріп, Филиалға арнайы орын үлестіріп, оны жабдықтауға, кадр мәселесін шешіп беруге атсалысқандары үшін мың да бір алғысымызды білдіреміз…

Қазақ халқының мақтанышы, отандық тарих ғылымының заңғар тұлғасы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімін тұмар еткен қос ғылым мен білім ордасы бірлесе, көптеген тарихи зерттеулерді жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ететін болады.

Жеріміз бүтін, еліміз аман болғай! Құтты болсын!

Қабылдинов З.Е.Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.