Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына атсалысқан Институт қызметкерлеріне алғыс хаттарын жолдады


2023 жылғы 27 наурызда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Т. Қариннің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына атсалысқан Институттың тарихшы-ғалымдарына жолдаған алғыс хаттарды табыстады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді араласып, сондай-ақ ұлт тарихы туралы материалдарды дайындауға қосқан зор еңбегі үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор Қабылдинов З.Е., Институттың Астана қ. филиалының директоры, PhD докторы Қозыбаева М.М., директордың ғылым жөніндегі орыбасары, т.ғ.к. Тілеубаев Ш.Б., директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Абдулина А.Т., жетекші ғылыми қызметкер, с.ғ.д. Борбасов С.М., жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.д. Қалыбекова М.Ш., сондай-ақ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қ. филиалының жетекші ғылыми қызметкерлері – т.ғ.к. Нұрбаев Ж.Е., және Сәрсембина К.К. алғыс хаттармен марапатталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин:

«Сізге саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді араласып, ұлт тарихының ақтаңдақ беттеріне қатысты материалдарды іздеп, тауып, оны дайындап, алғашқы жинақты жарыққа шығаруға үлкен еңбек сіңіргеніңіз үшін шын ниетіммен алғыс білдіремін!

Мемлекеттік комиссияның алдына қойылған міндеттерді өз дәрежесінде атқаруда Сіздің кәсіби біліміңіз бен білігіңіз, мол тәжірибеңіз бен еңбекқорлығыңыз көп көмегін тигізді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды құпиясыздандыруда, архив материалдарын жүйелеуде Сіздің орасан зор еңбегіңіз бар.

Мемлекеттік комиссияның жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жинақтар топтамасы жариялана береді.

Сіздің алдағы зерттеу жұмыстарыңызға толағай табыс тілей отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!»

Астана қаласы, 2023 ж.