Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МӨДЕ


Мөде (Маодунь, Модун)тәңірқұт (б. з. б. 234? – б.з.б. 174) – Ұлы ғұн империясының негізін қалаушы, және б. з. б. 209 –  б. з. б. 174 жылдары империяға билік жүргізген әйгілі тәңірқұт.

Өмірбаяны

Мөде ғұн тайпасынан тараған. «Ғұн» деген атпен [1. 25-436 бб] көпшілік қауымға әйгілі болған көне этнос туралы ең көне деректі Қытай тарихшысы Сыма Цянь өзінің әйгілі шығармасы  болған «Шицзи» (Тарихи жазбалар) атты еңбекте бірінші рет Сюнну (匈奴) деген екі иероглифпен жазып қалдырды. Қазіргі қытай тілінде «Xiōngnú» деп оқылатын осы екі иероглифтің көне дәуірдегі қытай тіліндегі оқылуы туралы ɕjʊŋ.nǔ *, qʰoŋ.nˤa, т.б. деп оқылады деген пікірлер бар. Еуропалық дерек көздері ғұндардың кейінгі ғасырларда Еуропаға барған топтарын «Huns» деп жазып қалдырды.

Сонымен, Сыма Цяньның  «Шицзи» (Тарихи жазбалар) атты еңбегінің «Ғұндар баяны» әлем тарихында ғұндардың тарихы туралы жүйелі әрі жан-жақты мәлімет қалдырған ең әйгілі еңбек саналады. Ол өз еңбегінде Ли Му атты қытай қолбасшысына қатысты тоқталған тұста  «Сюньну» атауын бірінші рет қолданған. Осында айтылған Ли Мудың туған жылы белгісіз, бірақ оның б. з. б. 229 жылға дейін өмір сүргені анық. Соған байланысты Сюнну атауының дерек бетіне тіркелуі б. з. б. ІІІ ғасырдың бірінші жартысы саналады. Сыма Цянь осыған дейінгі дәуірде орын алған тарихи уақиғаларды баяндау кезінде далалық көшпенді халқтарды қоныстанған аймағына, уақиғалардың тіркелген дәуіріне байланысты әр түрлі этнонимдермен тіркеп отырған. Мұндай әр алуан этнонимдер бір ғана Сыма Цянь еңбегінде  ғана емес, ұқсас кезеңдегі басқа да тарихи шығармаларда  тіркелген. Олардың ең бастылары: «гуйфан (鬼方)», «кунь и (昆夷), «сюнь [юй] (獯[鬻]», «сянь юн (猃狁)», «жун (戎») «ди (狄)»» «ху (胡)», т. б. болып келеді. Қазіргі кезде осы тақырып бойынша кешенді ғылыми зерттеумен айналысын жүрген қытай ғалымдары жоғарыдағы көрсетілген тіркестердің көне дәуір қытай тіліндегі оқылуы еуропалық авторлар жазып қалдырған Huns, Hun, Hunni, Xouw дегендермен өте жақын келетінін хабарлап келеді [2, 4 б.].

Сыма Циянь еңбегінде ғұндардың шыққан тегі туралы тоқтала отырып: «сюннулер ся ұрпағы» [3, 2879 б.] деп жазып, ғұндардың этногенезін этникалық ханьдармен (қытайлармен) бір атадан таратқан болатын. Соған қарамастан ғалымдар Сыма Цянь берген осынау мәліметтің соншалықты сенімді екеніне күмәнмен қарап, ғұн этносының нақтылы этногенезін анықтау мақсатындағы еңбектер жасап келеді. Солардың бірі қытай ғалымы Ван Говэй (1877-1927 жж) ХХ ғасырдың басында «Гуйфан, хунь и, сянь юнь туралы зерттеу» атты мақаласын жариялады. Ван Говэй өзінің осынау зерттеуінде ғұндардың этногенезі жақтан Сыма Цянь көрсеткендей қытайлармен бір текті екеніне күмән келтіре отырып, олардың арғы ата-бабаларын өте ерте замандарда Қытай жерінен солтүстікке қарай жатқан далалық аймақтарды қоныстанып, бір кездері қытайлармен көршілес отырған көне халықтармен байланыстыра зерттеу жүргізді. Осы орайда ол: ғұндардың ата-тегі өткен тарихи кезеңдерде, нақтап айтқанда б. з. б. ХVI-XI ғасыр шамасында билік құрған Шан әулеті және б. з. б. XI ғасырдан б. з. б. 256 жыл аралығында билік құрған Чжоу әулеті дәуіріндегі қатысты еңбектерде  «гуйфан (鬼方)», «кунь и (昆夷), «сюнь [юй] (獯[鬻]» және онан кейінгі дәуірде «сянь юн (猃狁)», «жун (戎»), «ди (狄)», «ху (胡)» деп аталған халықтармен байланысты болды деп атап көрсеткен болатын. Қазіргі кезде ғұндардың этногенезі Ван Говэй көрсеткен ертедегі этностармен ғана шектелмейді, олардың арғы ата-бабалары аталған дәуірде Гоби даласының оңтүстігі мен солтүстігіндегі тұтас далалық аймақтарды мекен еткен барлық көшпенді халықтармен қатысты болған деген пікір қолдау тауып отыр.

Мөденің арғы тегі ғұндардың билеуші тайпасы саналатын Луаньди тайпасы саналады. Бұл туралы берілген мәліметте: «Шаньюйдің өз фамилиясы Луаньди, олардың елі оны: Чэн ли гу ту чань юй (қазіргі қатай тіліндегі жазылуы мен оқылуы: 撑黎孤涂单于//Chēng lí gū tú chán yú) деп атайды, ғұн тілінде «Тянь» (Тәңір) дегенді «чэн ли» деп атайды, ал баласы (ұлы) дегенді «Гу ту» деп атайды. Мұндағы «Чаньюй» деген сөздің мәнісі «кең, дарқан әрі алып» дегенді білдіреді. Оның нақты мәнісі – Тәңірдей Шаньюй деген сөз» деп түсіндірген [4, 3760 б.]. Оны «Көктің ұлы дархан (тархан)» немесе «Тәңір ұлы дархан» деген мағынада түсінуге болады [5, 98 б.]. Міне соған байланысты отандық тарих ғылымында кейде шаньюй титулының баламасы ретінде «Тәңірқұт» сөзі де қолданыста болып келеді[6, 8-т., ?? б.]. Ғұндардың билеуші әулеті және ең жоғары билеушісі, т. б. тарихи мәселелер бойынша бізге жеткен ең алғашқы тарихи мәлімет міне осындай болып келеді.

Дегенмен, уақыт өте келе ғұн әулетін билеген рудың атын «Сюй лянь ти ( 虚连题// Xū lián tí )  деп жазу да орын алды. Аталмыш ру аттары ғұн тілінде қалай аталғанын күні бүгінге дейін дөп басып қалпына келтірген ешкім болған жоқ. Тарихи деректер «Луаньди» және «Сюй лянь ти» әулеті туралы жазған кезде: Шаньюй, 24 тайпаны билеуші барлық ұлықтар, оң және сол қол вандары, сол және оң қанат гу ли вандары, оң және сол қанат жэчжу вандар, оң және сол қанат вэн юй ди вандарары, оң қанат және сол қанат цзянь цзян ваңдар міне осылардың барлығы бір ғана осы әулеттің мүшелерінен болады (тағайындалады) деп нақтап тұрып жазады [3, 2890 б.]. Онда баяндалғанындай шаньюйлік орынға дәл осы тәртіп бойынша мұрагерлік ететін болған.

Тарихи деректер Луаньди немесе Сюй лянь ти тайпасынан басқа ғұн тайпалары ішінен Хуян, Сюйбо, Цюлинь және Лань деген төрт тайпаның атын ерекше атап, оларды елдегі ең әйгілі тайпа деп сипаттап, олар шаньюй әулетімен құда болып келетінін ерекше ескертеді [3, 2889 б.]. Бұл бізге аталған төрт тайпа мен билеуші әулет бір бірімен нағашы-жиен, құда-жегжат болып туысады әрі ғұн қоғамының элитасы дегенді ескертеді.

Қазіргі қолда бар деректерге сүйене отырып Түменге дейінгі ғұн тарихын бір ізге түсіріп баяндау мүмкін емес. Сондықтан тарихшылар ғұндардың нақты тарихын жүйелі түрде баяндауды Түмен шаньюй дәуірінен бастап отырады.

Тарихи шығармаларда, соның ішінде жоғарыда көрсетілген Сыма Цяньның «Шицзи» (Тарихи жазбалар) атты еңбегінде, сондай-ақ Баны Гудың «Ханьшу» (Хань династиясы тарихы) және басқа тарихи еңбектерде Түмен тәңірқұттың таққа отырған және тақтан тайған жылдары туралы қандай да бір арнаулы мәлімет сақталмаған.

Бұл туралы бірден бір дерек соңғы дәуірде, атап айтқанда Қытайдың Оңтүстік Сун династиясы дәуірінде ( 1127 -1279 жж.) жасаған Пэй Инь есімді тарихшының «Ши цзи цзи цзе» («Тарихи жазбаларға ғұламалар берген түсініктеме») [7, 130 ц.] атты еңбегінде ғана сақталған. Автор еңбектің бұл тұсында өзінің аталған мәліметті 352-425 жылдары өмір сүрген Суй Гуан атты автордың еңбегінен алғанын жазады. Өкінішке орай Суй Гуан жазған тарихи еңбектердің бірде-бірі біздің дәуірімізге жеткен жоқ. Пэй Инь өзінің айтулы шығармасына Суй Гуан берген әлгі мәліметке сілтеме келтіріп: Мөденің б. з. б. 209 жылы тәңірқұт (шаньюй) болғанын хабарлаған. Ал, Суй Гуан өз кезінде мұндай мәліметті қайдан алғаны белгісіз болып отыр.

Сыма Цянь өзінің әйгілі еңбегінде Мөденің өз әкесі Түменді өлтіріп оның орнына өзі шаньюй болғанын хабарлаған. Осы мәліметке сәйкес қазіргі кезде Мөденің таққа отыруы мен Түмен тәңірқұттың өмірден озуы сынды екі бірдей тарихи уақиғаны б. з. б. 209 жылдың еншісіне қоюға тура келеді. Сөйтіп, Сыма Цянь мен Суй Гуан пікірін басшылыққа ала отырып Түмен шаньюй б. з. б. 209 жылы дүниеден өтті деген күннің өзінде, оның шаньюй болған уақыты қай жылдан басталды, яғни Түменнің ғұн шаньюйі ретіндегі саяси өмірі қанша жылға созылды деген сауал бұрынғысынша күңгірт қала береді.

Сыма Цянь еңбегінің «Ли Му баянында» Ли Му ғұндарды талқандады, ғұндар он неше жыл бойы Чжао елінің шекаралық қалаларына шабуыл жасауға бата алмай жүрді деген мәлімет бар. Қатысты дерек бойынша Жауласқан бектіктер дәуірінде, нақтап айтқанда б. З. б. 265-245 жылдары шамасында билік басында болған Чжао Сяочэн ван өз қолбасшы Ли Муды Яньмэнь қатарлы жерге жорыққа аттандырған. Ли Му ғұндарды сол маңда талқандап, оларды солтүстік далаық аймаққа үркітіп жіберген.  Бұл уақиға б. З. б. 243 жылдан бұрын болған. Себебі  аталған жылдан кейінгі Ли Мудың өмірі туралы нақты деректер бар әрі ол б. З. б. 229 жылы өз билеушісі тарапынан өлтірілген.

Сыма Цянь «Шицзи» (Тарихи жазбалар) атты еңбетің «Ғұндардың баяны» атты тарауында Тұмен шаньюй Цин патшалығын жеңе алмады. Ол амалсыздан солтүстікке көшіп кетті. Арада оннеше жыл өткенде Мың Тянь өлді. Сөйтіп, ғұндар қайтадан еркінси бастады, олар Хэнаньге және басқада шекараға жақын жерлерге келіп мал жая бастады деген мазмұндағы мәліметтер бар. Бізге белгілі болғанындай император Цин Шихуан 210 жылы дүние салды. Сол жылы қытай генералы Мың Тянь да дүниеден өтті. Жоғарыда көрсетілген Түменді солтүстікке ығыстырып жіберген қытай жағының қобасшысы осы Мың Тянь болатын.

Осындай екі дерекке негізделе отырып ғалымдар Түмен шаньюй император Цин Шихуаннан бұрын таққа отырған, ол мөлшермен 40 жыл шамасында билік басында болған деген болжам ұсынады [8, 174 б.]. Міне солай ғұндарды Түмен шаньюй билеген кездегі бірқатар тарихи мәселелер де осындай болжамдарға толы болып келеді.

Қытайша Тоумань деп жазылған осынау сөздің этимологиясы туралы көптеген пікірлер бар. Тарихшы ғалымдар Тоуман сөзін түркі-моңғол тілдерінде «он мың» дегенді білдіретін «түмен» сөзімен байламасы деп санайды [9, 230 б]. Бұл пікір әлемдік деңгейдегі ғалымдар тарапынан өз кезінде қолдау тапқан әрі күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес [10, 223-224 бб]. Сөйтіп, қазіргі кезде бұл есім түрік тіліндегі «онмың» деген мағнаны білдіретін «Tumen» деген сөздің дәл өзі деп пайымдалған пікірі басшылыққа алынып келеді.

Егер бұл болжам дұрыс болса онда Түмен шаньюй билеген ғұн (сюнну) елі өзінің аса зор жетістіктермен белгілі болған ірі ел саналуға тиіс. Түмен түрік халықтарының танымы бойынша ең жоғары сандық көрсеткіш санала отырып, ол сөз тура мағнасында «он мың» деген цифрды білдірсе, ауыспалы мағнасында шексіз көп дегенді де білдірген. Бұл бойынша «Түмен шаньюй» атағы шексіз көп халықтың, немесе қосынның (армия) басшысы дегенді білдірген. Шын мәнінде Түмен шаньюйдің елі де, әскерінің саны да түменнен неше есе көп болғаны белгілі. Соның бір дәлелі ол көзінің тірі кезінде Юэжчилердің жүйрік атын ұрлап мініп, қанды қырғын соғыстан аман-сау еліне жеткен  ұлына түмен сан қол жасақтап бергені дәлел бола алады.

Осыдан бір ғасыр бұрын Түмен сөзінің этимологиясына ғылыми талдаулар жасалған тұста Моду (Мөде) сөзінің этимологиясы да ғалымдардың зердесінен өткен болатын. Сөйтіп «Моду» деген түркі-моңғол тіліндегі «бахадүр» сөзімен байланысты деп пайымдалды әрі аталған пікір қолдау тауып онан әрі дами түсті [11, 9 б]. Сондай зерттеудің бірінде Жапон ғалымы Сиратори Куракичи: Моду деген даңқты атты түркі-моңғол тіліндегі бағдo (Bagdo) немесе Боғдо (Bogdo) сөзімен байланысты қарастырды [10, 224 б].

Түменнің көптеген яньшилері (қатыны) болды және олардан көптеген ұрпақ сүйді. Түменнің сол баласының ең үлкені Мөде болған. Көшпенділердің Түмен билік жүргізген дәуірге дейін қалыптасқан билік жүйесі бойынша мұрагерлік орын ұлдың тұңғышына тиеселі болған. Бұл дәстүр кейінгі дәуірлерге дейін сақталып келді. Шын мәнінде Мөденің мұрагерлік орны ол дүниеге келген кезде тұрақтанып болған деуге тура келетін. Алайда, шексіз биліктің иегері болған Түмен шаньюй үшін бұл да соншалықты тұрақты болмай шықса керек. Қатысты мәселеге байланысты мағлұмат бойынша, күндердің бірінде Түмен шаньюйдің ең сүйікті әйелдерінің бірі ұл тауып, Түмен шаньюй Мөдені мұрагерлік құқынан айырып, тақ мұрагерін өзгертбекші болған. Осы мақсатта ол Мөдені елдің батысындағы байырғы көршісі әрі ірге жауы болған Юэжчи еліне кепілге берген. Мұндай жағдайда кепіл беруші жақ, уәде бұзып шабуыл жасай қалған жағдайда кепілдегі баланың өміріне қауіп төнетін болған. Соған қарамастан Түмен шаньюй өзінің жаугершілікті тоқтату туралы Юэжчилерге берген уәдесін бұза отырып, Мөденің өмірін қатерге тіккен қатыгез қадам жасаған деседі. Тарихшы ғалымдар Түмен шаньюй Мөдені Юэшилердің қолымен өлтіру мақсатында осылай жасаған деп пайымдайды.

Бірақ, Мөденің ерлігі оның қыл үстінде қалған тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберген еді. Ол юэчжилердің өзін өлтірмекші болып жатқанын біліп, олардың ең жүйірік тұлпарын ұрдап мініп өз еліне қашып барады. Түмен шаньюй ұлының көзсіз ерлігіне тәнті болады, мұрагерлік құқынан айыру райынан қайтады әрі оған бір түмен қол беріп, оның жеке басқаруына тапсырады.

Түмен өз ұрпағы туралы алабөтен ойда болып, артынан райынан қайтқанымен, Мөденің жүрегіне түскен жарақат жазылмаса керек. Кемінде тарихи еңбектер бізге берген мәліметтер соны көрсетіп береді. «Шицзи» (Тарихи жазбалар) кітабының «Ғұндар баяны» тарауында бұл уақиға былайша баяндалған:

Түмен шаньюйдің Мөде есімді мұрагер ұлы бар еді. Шаньюй одан кейін тоқалдарының бірінен тағы бір ұл сүйеді. Шаньюй Мөдені тақ мұрагерлік құқынан айырып, оның орнына кіші ұлына тақ мұрагерлігін бермекші болады. Сөйтіп, Мөдені юэчжи еліне аманатқа жібереді. Мөде юэчжи еліне барған соң түмен Юэчжиге тұтқиыл шабуыл жасайды. Юэчжилер (Мөдені) өлтірмек болғанда Мөде олардың бір жүйірік атын қолға түсіріп, еліне қашып келеді. Ұлының батырлығына тәнті болған Түмен шаньюй оған түмен сан сарбаз жасақтап, оның басқаруына береді. Мөде ысқырып ұшатын ғажайып жебе жасап, сарбаздарын соның сілтеуімен ат үстінен садақ тартуға машықтандырады. Бір күні ол «менің ысқырма оғым нысанаға атылғанда менімен бірге нысанаға оқ атпағандардың басы кесіледі» деп әмір береді. Салбуырынды сапарға шыққан бір күні ысқырма оқтың нысанасын көздеп атпаған біреуді Мөде үстінде өлтіріп тастайды. Содан көп өтпей Мөде өзінің тұлпарын көздеп ысқырма оқ атады. Бұл жолы қасындағылардың ішінде тұлпарды атуға қолы батпағандарды тағы өлтіреді. Келесі жолы Мөде өзінің ең сүйікті қатынын атады. Қасындағылар жүрексініп оқ шығара алмайды. Мөде оларды да өлтіреді. Арада тағы бір аз уақыт өткен кезде Мөде аң аулап жүріп, шаньюйдің (Түменнің) тұлпарын көздеп атады. Бұл жолы оның қасында жүргендер онымен бірге оқ атады. Мөде сонда барып сарбаздарының талапқа сай жауынгер болғанына көз жеткізеді. Кейін ол әкесі Түмен шаньюймен бірге аң қуып саят құрып жүргенде Түменді нысанаға алып ысқырта оқ атады. Бұл жолы оның қасындағы жауынгерлері онымен бірге шаньюйге оқ жаудырып, Түмен шаньюйді өлтіреді. Осыдан соң ол өзінің өгей шешесін, інісін және өзіне бағынбаған бектердің көзін жойып, өзі шаньюй болады [3, 2892 б.]. 

Мұндай тарихи трагедияның орын алуы билеушілердің қатыгездік әрекетінен туындағаны анық. Сол дәуірде ғұндарға елшілік сапармен барған қытайлықтардың бәрі Мөденің бұл әрекетін жабайылық деп бағалаған. Соған қарамастан трагедияның туындауына Мөде ғана кінәлі емес, даудың басы Түмен шаньюйдің мұрагер ауыстыруға қатысты әрекетінен басталған болатын.

«Әкесін өлтіріп орнына өзі таққа отырған» мұндай дерек сенімді деген күннің өзінде, оны онан әрі дәлелдеуге татитын тарихи пакті жоқтың қасы. Әне сол сияқты ел-жұрты ғұндардың шабуылына ұшырап, халқы зардап шегіп отырған қытай тарихшысының өшпенділігінен туған жалған мәлімет емес па деуге де келмейді. Біз бұл жерде ғұндардың келесі тарихында осыған ұқсас «жабайылықтың» қайталанбағанын ерекше ескертеміз. Ал жоғарыдағы деректе көрсетілгендей Мөденің өз қол астындағы адамдарын темірдей тәртіпке дағдыландыруы ол билік еткен ғұн елін «жүздеген елден құралған алпауыт мемлекет» деңгейіне көтеруге аса зор мүмкіндік берген еді.

Ғұндардың қай дәуірден бастап күшейе түскені туралы нақты мәліметтер жоқ. Соған қарамастан олардың күш алуы Түмен үстемдік еткен дәуір немесе ол билікке келудің қарсаңында болғаны байқалады. Себебі Түмен билік басында болған кезде шығыстағы дунхуларды бағындыруға әлеуеті жете қоймаған. Батыстағы көршісі Юэши олар үшін аймақтағы бәсекелес ел ретінде саналған. Солай дегенмен Түмен шаньюй бүкіл далалық аймақтың билігін өз қолына алу мақсатында оларға әскер аттандыруға әлеуетті болғаны байқалады. Түмен шаньюйдің өз ұлы Мөдені Юэчжилерге кепілге бере тұра, оларға шабуыл қозғауының өзі Юэчжилерді жаулап алуға сенімді болғанын көрсетеді. Бірақ, ғұндар мен юэчжилер арасында болған кезекті соғыстың немен аяқталғаны туралы нақты дерек жоқ. Қайткен күнде де Мөде қашып құтылғаннан кейін, юэчжилер ғұндардан кек алу мақсатында қарымта жорық жасамағаны белгілі.

Жоғарыда көрсетілген тарихи деректер бойынша б. з. б. 209 жылы Мөде өз әкесі Түменді өлтіріп, әкесінің тағына отырғаны айтылады. Мөде шаньюй билікке келген тұста шығыстағы Дунху (Шығыс хулар) мемлекеті дамудың ерекше деңгейіне жетіп, маңындағы елдерге өзінің тізесін батыра бастаған дәуірге тұспа тұс келген болатын. Бұл жағын Сыма Цянь былайша баяндап береді:

Мөденің әке тағына мұрагерлік етуі Шығыс хулардың күшейген кезіне тұспа-тұс келді. Олар Мөденің өз әкесін өлтіріп таққа отырғанын естіп, түменнің сайкүлік тұлпарын сұрап Мөдеге елші жібереді. Мөде бұл туралы бектерінен кеңес сұрайды. Сонда оның бектері: «Сайкүлік тұлпар – еліміздің баға жетпес асыл қазынасы, оны беруге болмайды» деп уәж айтады. Мөде оларға: «Олар біздің көршіміз-ғой, оларға бір тайымызды да қимағанымыз болмас» деп жауап береді әрі сайкүлік атты дунхуларға береді. Көп өтпей дунхулар Мөде бізден қорқып отыр деген ойға келеді, сөйтеді де оған елші аттандырып Мөденің ең сүйікті яньшиін (әйелі) беруді сұратады. Мөде бұл жолы тағды да бектерінің талқысына салады. Ғұн бектері: Дунхулар жөн білмейтін даңғой екен, яньшиді сұрағаны қай басынғаны» деп даурығады. Мөде оларға: «Олар біздің көршіміз-ғой, оларға қайдағы бір әйелді де қимағанымыз болмас» деп жауап береді әрі сүйікті әйелін дунхуларға береді. Бұл жолы дунху билеушісі онан арман әспенсіп, еліре түседі. Ол батысқа ғұн еліне шабуыл жасамақ ойына келеді. Дунхулар мен Ғұндардың арасында бас-аяғы 500 шақырымға дейінгі аралыққа созылып елсіз жатқан иен дала бар болатын.  Бұл жердің екі жақ шегіне әр екі ел шекара қарауылын тұрғызып күзетіп жүрген еді. Бұл жолы дунху билеушісі өз елшісін аттандырып Мөдеге: Ғұндар мен біздің елдің шекара қарауылы арасында жатқан иен жерге ғұндар бұдан былай аяқ басушы болмасын. Ол жерді біз аламыз» деген сәлемін жолдаған екен. Мөде бұл жолы тағды да бектерінің талқысына салады. Ғұн бектері: Бұл жер иен жатқан далалық аймақ оларға берсек те, бермесек те болады деген пікір айтады. Бірақ Мөде бұл жолы хаһарына мініп: «Жер – мемлекеттің негізі, жерді басқаға беруге болады!» деп ашуланады. Сөйтіп, жерді шығыс хуларға берейік дегендердің барлығының басын алады. Мөде атқа қонып: «Кім де кім осы жорыққа шықпайтын болса, басы кесілсін» деп жарлық шашады. Сөйтіп күн шығысқа жорыққа аттанып, дунхуларды басып алады. Дунхулар Мөдені қор санап, оны көзге ілмей соғысқа дайындықсыз, жайбарақат отырған болатын. Мөденің қалың қолы келіп жеткен кезде олар не істерін білмей, қатты сасады. Мөденің тегеуірінді соққысы дунхуларды күйретіп тастайды. Ол оның ханын өлтіріп, елі мен мал-мүлкін түгелдей тонап алады [3, 2893 б.]. Міне солай  Дунху атты мемлекет өзінің өмір сүруін түбегейлі тоқтатады. Дунхудың бұрынғы халқы ғұндардың боданына айналып, солардың құрамдас бір бөлігі ретінде жаңа келбетпен бой көрсете бастайды.

Мөде Дунхуларды жаулап алған бойда жорықты күн батысқа қарай жалғастырады. Ол юэчжилерге жорық жасап, оларды аулаққа қуып тастайды.

Артынша Хуаңхэнің оңтүстігіндегі (Хэнань) Лоуфан, Бай-яң елдерін бағындырып, оларды тәуелді етеді.

Көп өтпей Цин Шихуан  дәуірінде Қытай қолбасшысы Мэн Тянь тартып алған ғұн иеліктерін тұтастай қайтарып алып, Хуанхэ дариясының оңтүстіндегі ежелгі бекіністерді Хань патшалығы мен арадағы шекара ете отырып, Чао-на (қазіргі Гу-юань аймағы), Фушэ (қазіргі Шаньси провинциясындағы Юйлин қаласы маңында) қатарлы жерлерге дейін жаулап алады. Осыдан соң Янь, Дай бекіністеріне дәйім шабуыл жасап отырады. Бұл кезде Хань патшалығы қосындары Сян Юймен соғысып, Қытай жерінде орын алған азамат соғысынан халық әбден зардап тарттып отырған еді. Мөде осы орайда әбден күшейіп, жалпы саны 300 мыңнан астам әскер жасақтайды. 

Б. з. б. 201 жылы Мөде Алтай тауларының төрт атырабын түгелдей бағындырады. «Шицзи» (Тарихи жазбалар) бұл туралы былай деп жазды:

Кейін келе Мөде солтүстіктегі Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін жаулап алды. Сол үшін ғұн ақсүйектері мен ұлықтары Мөде шаньюйге ерекше сүйіспеншілікпен қарап, оны білге деп санады [3, 2893 б.].

Мұнда аты аталған елдердің қоныстанған орнына қарағанда Мөде осы мезгілде бүкіл далаық аймақтың үлкен бір бөлігін бірлікке келтіре бастағаны байқалады.

Айтулы деректе аты аталған елдердің ішінде бірінші болып Хунь юй (浑庾 // hún yǔ) деген елдің аты аталған. Тарихи деректерде бұл елдің аты Хунь юй ( 浑窳 //Hún yǔ ) деген екінші бір түрде де кездеседі. Ғалымдардың пайымдауы бойынша аталған елдің орны Шилка өзені жағалауында болған.

Сол сияқты мәтінде Цюйшэ (屈射 // Qū shè ) деп көрсетілген екінші елдің орны да Байкалдың шығысындағы қазіргі РФ аумағындағы Чита қаласы орналасқан аумақты өңірде болған.

Ал енді осы жолы Мөде жаулап алған мемлекеттер қатарында көрсетілген Динлиндерге келсек ол тіпті де ауқымды тақырып болып табылады.  Бұл тұстағы Динлиндердің қонысы қытайлар Бэйхай деп көрсеткен көл маңында, яғни қазіргі Байқал көлі маңында болған. Тарихшы ғалымдар Динлиндер бұған дейінгі көп замандар бойы осы аймақта өмір сүрген байырғы халық деп санайды. Осыған байланысты Динлиндер «чи-ди», яғни «қызыл ди» деп аталатын көне халықтың ұрпағы деген пікірді 643 жылы «Бэйши» (Солтүстік патшалықтар тарихы) кітабын жазған Ли Яньшоу атты тарихшы тұңғыш ортаға қойды. Қазіргі кезде тарихшылар б. з. б. 1600 жылдан бастап кездесе бастайтын Гуйфан, Динлин, Гаочэ (гаогюй), телэ т.б. осылардың барлығы Динлин атты бір ғана этностың әр дәуірдегі әртүрлі атауы деп санайды.

Гэкунь (鬲昆Gé kūn) – бұл ел Енесей қырғыздарының арғы ата-бабалары ретінде сипатталады. Олардың аталған кезеңдегі қоныстары Енисей өзенінің жоғары бойында, Саян тауларында болған.

Синьли – Бұл елдің аты Синьли (薪犂Xīn lí) деп жазылумен бірге енді бірде Лун синьли (龙薪犂// Lóng xīn lí) деген атауы да кездеседеі. Бұл елдің нақты орны белгісіз, дегенмен бұл елді Обь өзені мен қазіргі Новосибирск маңында деген пікірлер бар.

Мөденің осыдан кейінгі жорығы оңтүстіктегі көршісіне қарай бағытталды. Б. з. б. 200 жылы Мөде 400 мың адамдық қалың қолмен Хань императоры Гаоцзуды қазіргі Шаньси провинциясы Датун қаласы маңында 7 күн бойы қоршауда ұстап, артынша босатып жіберді. Осы уақиғадан кейін Хань императоры оған елші жіберіп, бейбітшілік және құда-андалы туыстық сипатты келісімге келуді өтінді. Сөйтіп, император Гаоцзу Мөдеге қыз беруге және сыйлық ретінде жыл сайын салық төлеп тұруға міндетті болды.

Аталған тарихи уақиғаларды қытай деректері бойынша көрсетіп берер болсақ, онда былай деп жазылған:

Бұл Хань патшалығы қытайды енді ғана бірлікке келтірген кезі еді. Дай бектігінің жеріне жіберілген Хань ваны Хань Синь Ма-и қаласында тұратын еді. Осы сәтте қалың қолмен шабуыл жасаған ғұндар Ма-и қаласын қоршап алады, Хань бегі Хань Синь болса оларға тізе бүгеді. Ғұндар Хань Синьді өздеріне бағындырғаннан кейін, оңтүстікке жорыққа аттанып Гучжу тауынан асып түсіп, Тай-юань қаласын жаулап, артынша Цзинян қаласына жақындай түседі. Осы кезде Хань Гаоди қол бастап, ғұндарға қарсы өзі жорыққа аттанады. Қыстың қақаған аязы мен қарлы боранына тап болған Хань патшалығы жауынгерлерінің қол-аяғы үсікке шалдығады. Мөде жеңіліп қашқан болып, Хань патшалығы қосындарын шырғалап соңынан ертіп отырды. Хань қосындары Мөденін шырғасына алданып оның артынан қуа береді. Мөде өз жасақтарының таңдаулы бөлімдерін жасырын жерге қойып,  алдыңғы шепке кәрі-құртаң, әлсіз топтарды ғана шығарып отырады. Сөйтіп, Хань патшалығының 320 мың қосыны солтүстікті бетке алып ғұндардың артынан қуа береді. Осылайша император Гаоди (Лю Бан) Пинчэн қаласына өзінің негізгі қосыннан бұрын жетеді. Мөде 400 мың әскермен шабуылға шығып, император Гаодиді Байдэн тауында қоршауға алады. Бұл кезде Гаодидің жаяу әскерлері әлі келіп жетпеген еді. Хань патшалығы армиясы жеті күн бойы көмек ала алмай жүдеп-жадан, ашыға бастайды. Ғұндар батыс шепке кілең ақ боз атты, шығыс шепке кілең қара қасқа атты, солтүстік шепке қара атты, оңтүстік шепке құлагер атты жасағын орналастырған еді. Гаоди Мөденің әйеліне сыйлық беріп, жасырын түрде елші жібереді. Мөденің әйелі шаньюйге: «Екі ел патшасы бірін-бірі қинамас болар. Бүгін Хань патшалығының жерін тартып алғаныңызбен, оны бәрі бірі мекендеп тұра алмайсыз. Онсызда Хань патшалығы билеушісінің де киесі бар адам, Шаньюй, бұл туралы ойланып көргейсіз» дейді. Бұған дейін Мөде мен Хань Синьнің қолбасшылары – Ван Хуан, Чжао Ли қатарлылармен арада қандай да бір астыртын келісімдер болған еді. Соған қарамастан Ван Хуан, Чжао Ли қосындары уағдалы жерге уақытында келмеген еді. Сол себепті Мөде оларды Хань патшалығымен ымыраға келді ме деп күдіктенеді. Сөйтеде де әйелінің ақылы бойынша қоршаудың бір шетін ашып береді. Гаоди өз жасақтарына садақтарын кезенген бойы қоршаудан шығуды бұйырады. Олар қоршаудан шығып патшалықтың негізгі қосынына барып қосылады. Мөде өз қосынын дереу шегіндіріп кетеді. Хань патшасы да қосындарды кері шегіндіреді. Артынша [император] «бейбітшілік және туыстық мәмлеге» келу үшін Лю Цзиньді ғұндарға елшіге жібереді.

Содан кейін Хань Синь ғұн жасағына қолбасы болады. Ол екі ел арасында қол жеткен келісімдерге қайшылық істеп, қол астындағы Чжао Ли, Ван Хуандармен бірге Дайцзюнь, Яньмэн, Юнчжун аймақтарына сан рет басып кіреді. Көп өтпей Чэнь Си (Хан патшалығына) опасыздық жасап, Хань Синьмен тіл біріктіре отырып Дайцзюнь аймағына шабуыл жасайды. Хань патшалығы оларға қарсы Фань Куайды жіберіп, Дайцзюнь, Яньмэнь, Юнчжун аймақтарының көп аудандарын қайтарып алады. Бірақ, қорғаннан ұзап шыға алмайды. Бұл кезде Хань патшалығы қолбасыларының біразы ғұндарға беріліп сатқындар көбейген болатын. Сол себепті Мөде Дайцзюнь аймағына қайта-қайта шабуыл жасап, тонаушылықпен айналысады. Бұған қатты алаңдаған Гаоди патша Лю Жинді елшіге жіберіп, сарай канизагінің бірін «ханышайым» деген атпен шаньюйге ұзатады. Ғұндарға жыл сайын көп мөлшерде жібек мата, арақ-шарап, күріш т.б. азық-түлік жіберіп тұрды. Екі ел арасында «бейбітшілік пен туыстық» шарт жасалып, байланыс орнайды. Мөде содан бастап шапқыншылығын сәл де болса азайтады. Кейін Янь бегі Лу Вань сатқындық жасап, он мыңға тарта әскермен ғұндарға беріледі. Хань Гаоди дәуірінде [олар] Шангудың шығысына келіп, шабуыл жасап отырды.

Хань Гаоцзу өмірден озып, Сяо Хуэйди (Хань Хуэйди) мен патшайым Люй билік еткен дәуірде Мөде бұрынғыдан бетер астамдық таныта бастайды. Ол патшайым Люйге елші жіберіп: «Мен жарынан айрылған бишара патшамын, өзім көл бойында туып, жайлымды далада сиыр мен жылқының ішінде өстім. Мен шекараға талай рет келіп Ұлы хань патшалығының жерін тартып алуды ойладым. Юй патшайым сіз де жесір қалдыңыз, казір сіздің де менің де көңілім қаралы. Басқадай ешбір жұбанышымыз жоқ. Одан да сіз екеуміз екі жарты қосылып бір бүтін болсақ қайтеді?» Деп хат жолдайды. Бұған патшайым қатты ашуланып Чэн Пин, Фань Куай, Цзи Бу қатарлы бас уәзірлерін шақырып, ғұн елшісінің басын алу және ғұндарға жаза жорығын жасу туралы кеңес құрады. Кеңес кезінде Фань Куай: «100 мың адамдық қосын берсеңіз мен ғұндарды тып-типыл жояр едім» дейді. Содан кейін патшайым Люй Цзибудің пікірін сұрайды. Цзи Бу: Менше болғанда Фан Куайды өлтіруіміз керек. Бұдан бұрын қолбасшы Чэнь Си Дай бектігінде сатқындық жасаған кезде, Фан Куай патшалығымыздың 320 мың адамдық қосынына бас қолбасшы болған еді. Хань Гаоди патша Пинчэн қаласында ғұндардың қоршауында қалған кезде осы Фан Куай сол қоршауды бұзып шыға алмаған еді. Сонымен халық арасында: «Пинчэндегі қоршаудың азабы неткен қатты еді, жеті күн бойы ашығып, адырнаны тартуға қол қарымы жетпеді» деген жыр таралып кетпеде ме? Бұл жырдың зары әлі басылған жоқ. Ескі жарақатымыз жазылмай жатып Фан Куайдың елді тағы дүрліктіріп, 100 мың адамдық қосынмен ғұндарды жайратып тастаймын деуі нағыз даңғойлық әрі патшаймды алдау. Жат жұрт ғұндар жыртқыш хайуан сияқты, ендеше олардың жақсы сөзіне қуанып, жаман сөзіне ашуланудың қажеті жоқ» – дейді. Патшайм Люй оның пікірін жөн көреді әрі хатшы Чжан Иді жауап хат жазуға бұйырып: «Шаньюй бізді еске алып хат жолдаған екенсіз, біз бұған әбіржіп қалдық. Мен жасы ұлғайып, ажарым тайған, шашым ағарып, тісім түскен, екі аяғымды баса алмай қартайып отырған кемпірмін. Сіз мен туралы жаңсақ естіген боларсыз, шаньюй маған бола әз басыңызды қорлауыңызға болмайды. Бұған бола сізді кіналауға болмас. Біз шаньюйдің алдында жазықты болғымыз келмейді. Сіз мұны дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Мен сіздің бір керегіңізге жарар деп сізге екі күйме, сегіз ат жіберіп бердім» – дейді. Шаньюй хатты алған соң қайта елші жіберіп: «Мен Қытай патшалығының жол-жосынын білмегендіктен, құрметсіздік істегеніме кешірім сұраймын» – дейді және ат тарту етеді. Сонымен бейбітшілік пен туыстық өз жалғасын табады [4, 3834].

Сонымен, б. з. б. 177-176 жылы Мөде Юэчжилерге соңғы мәрте жорық жасап, оларды түбегейлі жеңеді. Бұл жолы Юечжилер Іле аңғарына қоныс аударып, қалған бөлігі ғұндарға тәуелді болады. Осы жылы ол Шығыс Түркістан мен оған қанаттас жатқан 26 елді (князьдік), сонымен бірге Усундерді де өзіне қаратады. Сөйтіп, олардың барлығы «сюннулердің армиясына кіріп, бір әулетке айналды».

«Ханьшу» (Хань патшалығы тарихы) берген мәлімет бойынша бұл уақиғаға қатысты мәлімет Мөде шаньюйдің Хань патшалығы императорына б. з. б. 176 жылы жолдаған хатында баяндалған. Онда:

«Мен Оң білге ханды жазалау үшін елдің батысындағы Юэчжи еліне жорыққа жібердім. Тәңірім жар болып, жауынгерлерім мен қолбасшыларымның күш-қайратының арқасында біз Юэчжилерді күйреттік. Қарсыласқандарының басын алып, бағынғандарының тізесін бүктірдік. Лоулан (Круран), Усунь,  Хуцзе ұлыстары және олармен көршілес 26 ел ғұндарға бағынды. Садақ асынған көшпенділердің бәрі бір үйдің адамы болды. Солтүстік далада тыныштық орнады. Енді соғысты тоқтатып әскерісміз бен ат-көлігімізді тынықтырып бейбітшілік орнатсақ деген ниеттемін. Біз енді өткенге салауат айтып, бұрынғы бейбітшілік пен туыстық қатынасты қайта жаңғыртып, шекара аймақтардағы халыққа тыныштық орнатсақ, сөйтіп ежелгі достықты қалпына келтірсек деймін. Сонда ұрпақтарымыз қам-қайғысыз өсіп, қарттарымыз зейнет көрер еді[4, 3835] –жеп жазған.

Мұнда көрсетілген Лоулан (Круран) мемлекетінің орны қазіргі ҚХР СҰАА-ның шығыс бөлігіндегі Лобнор көлінің батысында болған.

Екінші мемлекет ретінде көрсетілген Усунь елінің аталған кезеңдегі қонысы, оларға қатысты тарихи уақиғалар  туралы біз жақсы білеміз.

Хатта баяндалған үшінші елдің аты қытайша Хуцзе (呼揭 // Hū jiē) деп жазылған. Бұл елдің аты енді бірде Хуцзи (呼偈 // Hū jì) деп те жазылған. Кейініректе жазылған «Вэйлюе» атты еңбекте осындай елдің атын Худэ ( 呼得 // hū dé) деп көрсеткені белгілі. Мөде дәуірінде аталған ел Қырғыздардың батысында, Ертістің жоғары бойын, Алтай тауларынан Тарбағатайға дейінгі аймақтарды, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның аумақты бөлігін қоныстанған. 

Бұл деректен біз Ұлы далаға Мөде шаньюй билік жүргізген дәуірдегі ол билеген алып империяның нақты шекарасын толық елестете алуымызға болады.

Еңбегі

Мөде шаньюй билікте болған 35 жылдық өмірі толағай-теңіз табыстарға толы болды. Оның жетістіктері көшпенділерді теңдессіз алып империя деңгейіне көтерді. Ғұн империясының  жері күн шығыста Корей жерінен, күн батыста Орта азия жеріне дейін, солтүтігі Байкал көлінің солтүстігіндегі тайгалардан, оңтүстікте Қытай қорғанына дейін созылып жатты. Мөде: «Елдің негізі – жер» деп санады. Ол осы мақсатты жүзеге асыру жолында ұлан-ғайыр территорияда жасаған әр түрлі елді бір шаңырақтың астына топтап, бір тудың астына жинады. Олардың барлығы өзін «біз сюньнумыз (ғұн)» деп атайтын болды. Сол себепті көршілері ғұн конфедерациясын «жүздеген елден құралған алпауыт мемлекет» деп атады. Міне бұл Мөденің тарихи еңбегінің ең маңызды мазмұны болды.

Шын мәнінде Мөде еңбегі мұнымен ғана шектелмейтін еді. Мөде көшпенділер қоғамында басқарудың аса ұтымды әскери және әкімшілік жүйесін жасақтаған және оны кемелдендірген алғашқы тарихи тұлға болды. Сөйтіп, Мөде өзі билік жүргізген дәуірде негізгі функциясы өзін тағайындаған шаньюй (тәңірқұт) жарлығын ғана атқаратын шенеуніктер командасынан құралған рационализациялық басқару және ұйымдастыру жүйесін орнатты.

Жоғарыда көрсетіп өткеніміздей Ұлы ғұн мемлекетінің іргесі Мөде таққа отырғанға дейін қалыптасып, оның әкесі Түмен шаньюй билік басында болған кезде мемлекеттің әскери және әкімшілік жүйесі жоғары деңгейде кемелденген болатын. Мемлекеттік жүйенің осындай озық үлгісі Түмен шаньюйдің аса зор жетістікке жетуінің берік негізі болған деуге тура келеді.

Келесі жерде Мөде шаньюй Ұлы дала көшпенділеріңің саяси тарихында ғасырлар бойы дамып, жоғары деңгейге жеткен мемлекеттік жүйені онан әрі кемелдендіріп жетілдірді, заман талабына үйлесетірді. Ең бастысы бүкіл елдің әскери және әкімшілік басқару жүйесінде шаньюй бұйрығын бұлжытпай орындауға негізделген темірдей тәртіп орнатты. Мөде қолға алған бұл шаралар көшпенділердің табиғатындағы бытырандылық сынды кінаратты жойып, Ұлы даланы қоныстанған халықтарды бір шаңырақтың астына біріктіре алды.

«Шицзи» (Тарихи жазбалар) мен «Хань шу» (хань патшалығы тарихы) кітаптары өз дәуірінде ғұндардың саяси басқару жүйесі туралы біраз мәліметтерді көрсетіп өткен. Бань Гу берген мәлімет бойынша:

«Ғұндардың сол және оң білге хан, сол және оң Гули хан, сол және оң генерал, сол және оң бас дувэй, сол және оң бас данху, сол және оң  гудухоу қатарлы мансаптары болады. Ғұндар «дана» дегенді  «туци» деп атайды. Сондықтан әдетте сол қанат туци хан мансабына тақ мұрагері тағайындалады. Сол және оң білге ханнан данхуға дейінгі мансаптылардың алдында он мың, артында бірнеше мың жауынгер болады. Олардың жалпы жиыны 24 түрлі әскери мансаптысы бар, олардың барлығы «түмен басы» деп аталады. Ұлықтардың атақ дәрежесі атадан балаға мұраға қалып жалғасады. Хуянь, Лан қатарлы тайпа және кейініректе бұл қатарға қосылған Сюй бу тайпасы, осы үш тайпа олардың асыл текті тайпасы саналады. Сол қанаттағы хандар мен қолбасшылар елдің күн шығыс жағында тұрады. Олардың иеліктері Шангудың (қазіргі Чжанцзякоу қаласы) өкпе тұсынан басталып, шығыста Хуэйхао, Чаосянь жерімен шекараласады. Оң қанаттағы хандар мен қолбасшылар елдің күн батыс жағында тұрады. Олардың иеліктері Шанцзюннен батысқа қарайғы аймаққа тура келеді, батыс шеті юэчжи, ди, цян қатарлы елдермен көршілеседі. Шаньюйдің ордасы Дайцзунь, Юаньчжун аймақтарына дейін созылып жатыр. Олар өздеріне бөлінген иеліктегі шөбі шүйгін, суы тұнық қоныстарда көшіп-қонып жүреді. Сол және оң білге хандар мен сол және оң Гули хандардың иеліктері ең үлкен болады. Сол және оң гудухоулар шаньюйдің ел басқару істеріне көмектеседі. 24 түрлі мансаптылардың әр қайсысына қарасты мыңбегі, жүзбегі, онбегі, кіші хан, уәзір, фэн дувэй, данху, цецюй қатарлы мансаптылары бар [4, 3836].

Тарихи деректерде көрсетіп өткен бұл жүйе ғұндардың Мөде шаньюй дәуіріне қатысты билік жүйесі болып саналады. Ғұн мемлекетінің қоғамдық жүйесіндегі мұндай мансап жүйенің қалыптасуы Мөдеге дейінгі дәуірдің еншісінде болуға тиісті. Дегенмен, Мөде аталған жүйенің кемелденуі мен дамуына, сондай-ақ оның қатысты функциясының бүкіл ғұн қоғамында толыққанды жұмыс жасауына өлшеусіз  үлестер қоса алды деуге болады. Ғұндардың бұл жүйесі осыдан кейінгі Ұлы дала елінің мыңдаған жылдық тарихында мемлекет құрудың негізгі үлгісі болып сақталып қалды.

Мөде дәуіріне қатысты жыл көрсеткіштер:

  • Б. з. б. 215 жылы Цинь Шихуанди ғұндарға қарсы 300 мың әскер аттандырды. Қытай қолбасшысы Мэн Тянь ғұндарға қарсы солтүстік далалық аймақтарға жорыққа аттанды.
  • Б. з. б. 214 жылы Мэн Тянь ғұндарды талқандап, Хуанхэнің оңтүстігіндегі аймақтарда 44 аудан құрды, ғұндардың шабуылынан қорғану мақсатында қорғандар тұрғызды. Қорғанның батысы Линьтаоға (қазіргі Гансудың Динси қаласы), шығысы Ляодунге дейін созылып жатты.
  • Б. з. б. 201 жылы қыркүйекте Хань патшалығы генералы Хань ван синь ғұндарға берілді.  Мөде Тай-юань қаласына жорық жасады.
  • Б. з. б. 200 жылы қазан айында Император Лю Бан Хань ван синьді жазалау мақсатында жорыққа аттанды. Сол жылы Император Лю Бан ғұндардан жеңіліп, қоршауда қалып, ғұндарға елші салып жүріп басын әрең сауғалап алды.
  • Б. з. б. 198 жылы Хань патшалығы ғұндарға елші аттандырып «бейбітшілік және туыстық» келісімге келуді өтінді.
  • Б. з. б. 197 жылы қыркүйекте қытай қолбасшысы Чэн Си ғұндарға бағынды.
  • Б. з. б. 195 жылы наурызда Хан патшалығының келесі бір әскери шонжары Лу Вань ғұндардан жеңіліп, оларға бағынды.
  • Б. з. б. 195 жылы Хань патшалығы орда канизактарының бірін ханышайым деп тағайындап Мөдеге ұзатты.
  • Б. з. б. 182 жылы ғұндар Хань патшалығы аумағына жорық жасады.
  • Б. з. б. 181 жылы ғұндар Хань патшалығы аумағына жорық жасап 2000 нан астам адамды барымталап кетті. 
  • Б. з. б. 177 жылы Ғұндардың оң қанат ханы Хуанхэнің оңтүстігіне келіп Шанцзюнь аймағына жақын маңға қоныстанды.
  • Б. з. б. 174 Мөде император Хань Вэньдиге бейбітшілік туралы хат жолдады. Мөде шаньюй өмірден озды. Оның орнына мұрагер ұлы Цзи-юй таққа отырып «Лаошань шаньюй» деп ұлықталды. Император Хань Вэньди патша әулетінен шыққан қызды патша әулетінің ханышайы ретінде ұлықтап ғұн шаньюйіне ұзатып, ғұндармен бейбітшілікке келді. 

Әдебиеттер және дереккөздер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы (көне дәуірден бүгінге дейін). Бес томдық. –том. –Алматы: Атамұара, -2010.-544 б.
  2. Lin Gan, Xiong nu tong shi. Beijing: Ren min chu ban she. –1986. –297 .
  3. Sima Qian, Shiji, juan 110, Xiong nu lie zhuan. Beijing: Zhong hua shu ju biao dian ben, –1982 nian. 3356 ye. 
  4. Ban Gu, Han shu, juan 94 shang. Xiong nu zhuan, di 64 shang. Beijing: Zhong hua shu ju, –1962 nian. 4262 ye. 
  5. Ci haii, Min zu fen ce, Shang hai: Ci shu chu ban she . –  1985 nian. 320 ye.
  6. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия – Алматы, -1998. VIII том ?? бб.
  7. Péi Yīn, «Shǐjì jí jiě» yībǎi sānshí juǎn. Jiāngsū Xúnfǔ Cǎi jìn běn.  130-ц.
  8. Chen Xujing, Xiong nu shi gao. Beijing: Beijing ren min da xue chu ban sh. -2007 nian . 450 ye.
  9. Friedrich Hirth, “Sinologische Beiträge zur Geschichte der Türk-Völker. I. Die Ahnentafel Attila’s nach Johannes von Thurócz”, St. Petersburg: Wissenschaften, 1900. –221–261рр.
  10. Shiratori Kurakichi: 白鸟库吉 著 «西域史研究»上下2册全,  岩波书店 1944年. 528 с.
  11. E.H. Parker, A Thousand Years of the Tartars, London &New York & Bahrain: Kegan Paul Limited, 2002. 288 р
  12. Гумилёв Л. Н. История народа хунну. – Эксмо, 2008. – 640 с.;
  13. Гумилёв Л. Н. Хұндар. – Алматы: «Қазақстан», 1998. –528 бет.

Авторы: Ошан Ж., т.ғ.к.