Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АТТИЛА


Аттила (Attila) (шам. 395 ж. туылған – 453 ж. қайтыс болған) – ғұндардың патшасы, Ғұн державасының императоры, қолбасшы (билік еткен жылдары 434-453 жж.). Оны I мыңжылдықтың ірі тұлғасы деп санауға толық негіз бар.

Өмірбаяны

Аттила (шам. 395 ж. туылған – 453 ж. қайтыс болған), билік еткен уақыты 434 ж. бастап 453 ж. дейін. Грек және рим деректері Аттиланың бірнеше ұрпақ бойы ғұндарды билеген патша руынан шыққанын көрсетеді. 434 ж. қаған Ругила (Руа) қайтыс болғаннан кейін ғұндарға ағасы Мундузуқтың балалары Аттила және Бледа басшылық етті. 444-445 жж. Бледаның  өлімінен кейін, Аттила бірден-бір билеушіге айналады. Осы уақытта ол сіңірген қолбасшылық өнеріне байланысты «magіster mіlіtum» («әскердің жоғарғы қолбасшысы») құрметті атағын алды. 

Аттила ұлы істерді атқарған ірі мемлекет қайраткері, өнерлі дипломат және әділетті билеуші. Оны I мыңжылдықтың ірі тұлғасы деп санауға толық негіз бар. Оның тұсында ғұндардың әскери өнері екі Рим империясымен соғыста өзін ерекше көрсетті.

Сонау 435-436 жж. Аттила басқарған ғұндар Римге бағынышты болған Майн мен Рейн аралығындағы бургундтар патшалығын қосып алады. Бұл оқиғалар кейіннен Германияның белгілі эпикалық шығармасы болып танылатын, Гомердің туындыларымен және «Роланд туралы жыр», «Игорь Полкі туралы жыр» сияқты танымал поэмалармен қатар орын алатын «Нибелунгтар туралы жырдың» көрінісіне негіз болды. Осы және өзге де герман эпосының шығармаларымен, Скандинавия сагаларында Аттила Рим империясының қысымындағы халықтарды азат етуші ретінде сипатталады. Византияның атақты хронисі, Ү ғ. тарихшысы және мәмілегері, ғұн патшасына 448 ж. жіберілген Византия елшілігінің мүшесі грек Приск Панийский, жеке көріністер түрінде сақталған өзінің «Historia Byzantina» «Византия тарихында» Аттиланы ірі мемлекет тұлғасы, ұлы істердің ортасындағы дана билеуші, талантты мәмілегержәне әділетті қазы ретінде, Аттила мемлекетін Римнің қауіпті бақталасы ретінде суреттей отырып, Приск шындықты бейнелеген. Ол Батыс-Рим және Шығыс-Рим империясының қуатты ғұн патшасымен одақтасуға ұмтылысын баяндайды. Екі империя ұлы билеушінің көңілін табуда бақталасып отырды. Паннониядағы Аттила  сарайында Приск, ғұндарды Батысқа жасалатын жорықтан аластатуды көздеген Батыс императоры ІІІ-Валентинианнің елшілерін кездестірді. Әсіресе Византия Аттиламен бейбітшілік қатынаста болуға барынша күш салды.

Ғұн  мемлекетімен одақтастыққа ұмтылған тек Батыс пен Шығыс империясы ғана емес. V ғ. 40-50 жж. Аттиланың ұлы билеуші ретіндегі атағының танымалдылығы соншалық, өзге халықтардың көсемдері мен патшалары көмек сұрап отырды.

Еңбегі

Аттила – Ғұн державасының императоры. Ғұндар (хундар) ежелден Орталық Азияны мекендеді. Олар түркітілдес халықтарға жатады. Б.з.д. ІҮ ғ. қытайлықтар оларды өздерінің қауіпті қарсыластары ретінде көрсетеді. Ғұндардың әскери көсемдері Хань империясымен соғыста бірталай жетістіктерге жетті.

Б.э.д II ғ. бастап Қытай өз күшімен ғұндарды жеңе алмай, басқа көшпелі халықтардың көмегімен оларға соққы береді. Б.з. ІІ ғ. бірінші жартысында ғұн тайпаларының Шығыс Қазақстанға және Жетісуға, кейін Батыс Сібір, Орал, Каспий жағалауларына және Еділдің арғы жағындағы далаларға көшіп-қонуы басталды. Бұл аймақтарда ғұндардың жергілікті тайпа ұйымдарымен ассимиляция процесі де жүрді. ІҮ ғ. ортасында олар Еділ мен Дон аумағына енді. Солтүстік Кавказдағы аландарды, Боспор патшалығын жаулап алып, ғұндар Доннан өтіп, Оңтүстік – Шығыс Еуропадағы остгот патшасы Эрманарихтың көп тайпалы державасын 375 жылы жеңіліске ұшыратты.  Осы жыл Еуразия мен Еуропада халықтардың Ұлы қоныс аударуына алып келген бастама болды.

Халықтардың Ұлы қоныс аударуы дүние жүзі тарихында шешуші кезең болды, оның басын бастаған Орталық Азияның тереңінен Еуропа континентіне жылжыған  дәл осы ғұн одағы еді. Аталмыш дәуірден бастап еуразиялық кеңістікті мекендеген тайпалар мен халықтардың дәстүрлері мен мәдениеттерінде қоғамдық қатынастардың синтезі, интеграциясы жүреді.

ІҮ-Ү ғғ. Еуропада, халықтардың Ұлы қоныс аударуы жүрген аласапыран заманда орталығы Паннонияда (кейінгі Венгрия, Австрия және Югославияның бір бөлігі территориясы) болған Ғұн империясы Еуропа халықтарының тарихына объективті түрде өз ықпалын тигізді. Соғыстар мен қоныс аударулардан басқа, сол тарихи дәуірден Шығыс пен Батыстың көпқырлы әрекеттестігін, дәстүрлері мен мәдениеттерінің синтезі мен интеграциясының үлгісін көруге болады.

Аттила билеген уақытта ғұн мемлекеті барынша үлкен аймақтық кеңеюді басынан өткізіп қуаттылыққа ие болды. Оның тұсында Ғұн державасы 4 бөліктен тұрды: солтүстік аймақтарында Ғұн патшалығы Германияға дейін, оңтүстігінде Аттиланың салық төлеушілері екі Рим империясы (Шығыс Рим және Батыс Рим) болды. Өз территориясы мен ықпалы бойынша ол әлемнің 4 бөлігін де қамтыды: шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай (ежелгі түркі: tört bulun, қазақша «дүниенің төрт бұрышы»). Ғұн империясы шығыстан батысқа қарай – Алтайдан, Орталық Азиядан және Кавказдан Дунай мен Рейнге дейін созылды. Орталық Азиядағы Ғұн одағы қазақ этносының және басқа да түркітілдес халықтардың қалыптасуына мүмкіндік тигізді.

Еуропаның көптеген халықтары Ғұн державасын Рим империясына қарсы салмақ және рим империясының экспансиясынан құтқарушы ретінде қарастырды. Ғұн державасына тәуелді болған бірқатар герман тайпалары, Римге қарсы соғыстарға қатысты. Бір сөзбен айтқанда, антика заманынан орта ғасырларға өту кезеңінде Еуропа тарихында Ғұн империясы белгілі бір орынға ие болды.

Ү ғ. ортасына қарай Батыс-Рим империясы мен Ғұн державасы арасындағы қарым-қатынастар барған сайын нашарлай берді. Бұл күштердің аса зор қақтығысының болмай қоймайтындығы белгілі болды.

Күшін шоғырландырып, жинақтаған соң ғұн билеушісі Батыс Еуропаға жорық ұйымдастырады. Сол дәуірдің замандасы, Ұлы Лев I Рим папасының біруақыт хатшысы болған Проспер Тиро, Аттиланың батысқа жорығын басты оқиға дей отырып, былай көрсетеді: «Attila post necem fratris auctus opibus interempi multa vicinarum sibi gentium milia cogit in bellum, quod Gothis tantum se inferre tamquam custos Romanae amicitati denuntiabat. sed cum transito Rheno saevissimos eius impetus multae Gallicanae urbes experirentur, cito et nostris et Gothis placuit, ut furori superborum hostium consociatis exercitibus repugnaretur, tantaque patricii Aetii providentia fuit, ut raptim congregatis undique bellatoribus viris adversae multitudini non inpar occurreret». («Бауырының өлімінен кейін күшейе түскен Аттила, мыңдаған көрші халықтарды соғысқа мәжбүрлейді. Оны Римнің жақтасы ретінде, тек готтарға қарсы жүргізгендігін айтады. Рейннан өткеннен кейін, көптеген Галлия қалаларын үрей алады. Сонда біздікілер (римдіктер – К.Ж.) мен готтар әскерлерін біріктіріп, жауға қарсы шығуды ұйғарады. Мұнда ерекше көрінген патриций Аэций болды, ол әр жаққа шашыраған әскерді жинап алып, тез арада жауға қарсы қояды») [1].

Сол дәуірдің маңызды деректерінің қатарына, өкінішке орай әлі күнге дейін жеткілікті зерттелмей отырған Рим папаларының хаттарының материалдары мен архивтері жатады. Бұл Ватиканның Апостол кітапханасындағы (Biblioteca Apostolica Vaticana) материалдар тарихшы үшін теңдесі жоқ, қайталанбас маңызды дерек көздері болып табылады, өйткені ол сол уақыттың шым-шытырық оқиғаларын қайта қалпына келтіруте, көз алдымызға елестетуте мүмкіндік береді. Мысалы, Шығыс-Рим империясының императоры Маркианға (450-457 жж.) 451 ж. 23 сәуірінде жазған хатында папа Ұлы Лев І (440-461), Батыс пен Шығыстың христиандық қос императорлары күш біріктіргенде ғана варварлардың еретиктік пыйғылдары мен шапқыншылықтарына қарсы тұруға болатынын айтады. («nam іnter prіncіpes Chrіstіanos spіrіtu deі confіrmante concordіam gemіna per totum mundum fіducіa roboratur, quіa profectus carіtatіs et fіdeі utrorumque armorum potentіam іnsuperabіlem facіt, ut propіtіato per unam confessіonem deo sіmul et haetretіca falsіtae et barbara destruatur hostіlіtas..») [2].

Неге Аттила өзінің Батыстағы жорығын Италияға емес, Галлияға ұйымдастырды? Бұл мәселе тереңірек зерттеуді қажет етеді: 450-451 жж. Аттиланың екі Рим империясымен де қарым-қатынастары нашарлап кеткен еді. 450 ж. шілдеде Шығыс Рим империясының императоры Феодосий ІІ қайтыс болғаннан кейін тақ басына келген Маркиан ғұндарға бұған дейін үнемі төлеп отырған салығын өтеуден бас тартты. Ромейліктер Аттиланың елшілеріне, егер ол бізге қарсы соғыс ашпайтын болса, біз оған сый-сияпат көрсетіп отырамыз, ал керісінше жағдайда, біз де оны соғыспен қарсы аламыз деп уәде берді. Осы тұста, император Валентиниан ІІІ-ң әпкесі ретінде Римде өзіндік ықпалы болған Гонорияға байланысты оқиғаға біраз тоқталып кеткен жөн болар. ҮІ-ҮІІ ғғ. грек хронисі Иоанн Антиохийский Прискінің мәліметтеріне сүйене отырып мынадай мәліметтер береді; Рим императорының әпкесі – Гонория сарайдағы Евгений деген біреумен байланыста болады, бұл байланыс ашылып қалып, Евгений өлім жазасына кесіледі, ал Гонорияны өзі танымайтын бір сарай маңындағы шонжармен некеге күштеп көндіреді. Бұған ашуланған Гонория, ең алдымен өз бауырының сарайында ешқандай билікке араласа алмай қалғанына ызасы келді, сөйтіп өзінің адамын Аттилаға көмек сұрай жібереді. Егер Аттила өзін бұл қорлықтан құтқарса, оның жары болуға және өзін азат етуге кеткен шығынның бәрін өтеуте уәде етті… [3].

Ғұндарға карсы көзқарастағы Валентиниан ІІІ мен оның әскери қолбасшысы Аэцийдің Гонорияның жай ғана сөз жүзінде болса да билікті бөлісуші болғанын қаламағаны түсінікті жайт. Ал Аттилаға келетін балсақ, ол Рим империясымен күресте “жалған қалыңдық” Гонория арқылы Римдегі билеуші топқа ықпал жасап отыруды ойлады. Өзінің елшісі арқылы Аттила Гонориямен бірге оның әкесінің байлағының жартысын да талап етті, өйткені бұл байлық заң бойынша, императордың қызы ретінде соған тиесілі еді. Римдіктер Аттиланың бұл шарттарын қабылдамағандықтан, ол енді өзінің бүкіл әскерін соғысқа әзірлей бастады («Etiam dimidiam imperii partem sibi Valentinianum debere, quum ad Honoriam jure paternum regnum pertineret,  quo  injusta fratris cupidate private  esset.  sed  quu  Romani Occidentales in prinia sententia persisterent et Attilae mandata rejicerent, ipse toto exercitu convocato majore vi bellum paravit») [4].

Қақтығыстардың қатарына рипуар франктерінің тақ үшін күресіне байланысты жағдайды атаған жөн. Соңғылар Батыс Галлия территориясына қоныстанғаны белгілі. Франк королінің өлімінен кейін оның балалары арасында тартыс туындайды. Присктың айтуынша, үлкен ұлы Аттила жағында болса, кішісі Аэцийге жақын тұрған. Одан да ертерек, Галл хроникаларына сәйкес, 448 ж. рим әскерлері Галлияда багаудардың халық қозғалысын басқан, ғұндардың королі қозғалыстың бір белсенді мүшесіне Евдоксийге қорғаныс береді (Eudoxius arte medicus, pravi, sed exercitati ingenii, in Bogauda id temporis mota delatus and Ghunos confugit) [5].

Иорданның мінездемесіне сәйкес ғұн билеушісі, қатыгездігіне қарамастан икемді адам болған сияқты, күреске түсердің алдында айланы қоса білген. Әрине, бұл жерде сөз, барлық уақыттарда қолданылып келген, ескі тәсілде болып тұр: мақсатқа жету үшін, барлық тәсілдер жарамды. Шынымен, Аттила өзінің елшісі арқылы император Валентинианға, Рим мемлекетіне қарсы шықпайтындығын, тартысты Вестгот королімен шешетіндігін жеткізеді.  

Ғұндармен күрес Рим империясы мен Вестгот корольдігі және басқа да келттермен герман тайпаларының одақтарын біріктірді. Бұдан бұрынырақ болған қайшылықтар мен қактығыстар, соның ішінде Аэций мен вестготтар арасындағы қайшылықтар да ұмытылды. Римнің, Вестгот корольдігі мен Батыстың басқа да тайпа одақтарының біріккен әскерін патриций Флавий Аэций басқарды. Бұрынырақта, Римдегі билік үшін күрес уақытысында, Аэций ғұндарға қашып кетіп, солардан қолдау тапқан еді. Ал 433 ж. ғұн әскерімен Италияға оралып, мемлекеттегі жоғарғы лауазымдарын кайтарып алып империяның қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалған болатын. Аэцийдің ғұндар елінде болуымен байланысты, оның өзінің болашақ қарсыласы Аттиламен кездескені жөнінде айта кеткен жөн. Өзі кепілдікте отырған уақытта Аэций ғұндармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, ол үшін кейінгі уақытта әсіресе маңызды болғаны – ғұндардың әскерінің және олардың соғыс жүргізу тәсілдерін зерттеуі еді. Аэцийдің ғұн жалдамалы жасақтарын кей жағдайларда пайдаланғаны және оларға басшылық жасауды өте жақсы меңгергені белгілі. [6]

Ал енді Аттилаға келетін болсақ, оның саяси жағдайы бұл уақытта бұрынғыдай болмағандай көрінеді. Шығыс Рим империясы бұрын өтеп отырған салықтан бас тартып, ғұндармен соғысқа дайындалды. Алайда ғұн билеушісі Аттила өзіне тән табандылықпен тайсалмайтынын танытты. Оның қарсыластарының майдан шебі, көріп отырғанымыздай Константинопольден Рим арқылы Вестгот және Франк корольдіктеріне дейін, және Галлиядағы басқа да саяси, тайпа құрылымдарына дейін созылып жатты.

Ғұндардың жаулаушылық жалыны батысқа қарай бағытталды, 451 ж. басында Аттила өз жорығын бастады. Еуропадағы үстемдік үшін күресе отырып, ол Галлиядағы Вестгот, Бургунд және Франк корольдіктерінің бай жерлеріне де ие болуға ынтықты. Ғұндармен бірге олардың қол астындағы және олармен одақтас герман тайпалары: остготтар, гепидтер, скирлер, ругилер, герулдар, тюрингтер, және сондай-ақ аландар жүрді. Аттила әскері Рейннен өтіп Трирге қарай бағыт алды, ары қарай – екі қатармен – Галлияның солтүстік-шығысына бет алды. Төніп келген қауіп римдіктер мен олардың германдық одақтастарын –  вестготтарды, бургундарды, франктерді, сакстарды тез арада біріктірді. 

Иорданның пайымдауынша, Аттиланың әскері жарты миллион адамнан тұрды (cuіus exercіtus quіngentоrum mіlіum esse numero ferebatur) [7]. Галлияға аттанар алдындағы ғұндар әскерінің саны жарты миллион болды, деп гот авторы, әрине, асырып айтып отыр деген ойдамыз. Алайда қазір Аттиланың армиясы ең көп дегенде 100000-нан 120000 мың адамға дейін болғанын; оның қарсыластарының күші де осынша болғанын айтуға болады.

Аттиланың жағында үлкенді-кішілі 25 тайпа болды. Оның әрқайсысы өз қатарынан 10000-ға дейін әскер немесе 1 түмен шығара алатын еді. Соғыс жағдайында атты әскердің 1/3-і әдетте өз жерін қорғау үшін (тыл) қалдырылатын деуге болады. Аттила жорыққа ең көп дегенде (25 х 6,600 салт атты) 165000 жауынгер жинауы мүмкін еді. Бұған қоса әскердің алдыңғы (авангард) және кейінгі (арьергард) бөлімдері одақтас рулар мен тайпалардан тұрды, ал олар шайқаста аса белсенділік таныта қоймайтыны белгілі. Сонымен бірге біз ғұндардың билеушісі осымен бір уақытта Шығыста да, атап айтқанда Кавказда соғыс қыймылдарын жүргізуді жоспарлағанын есепке алуымыз керек. Осылайша, бір сөзбен айтқанда, ғұн әскерінің, жоғарыда келтірілген санының (100 мыңнан 120 мыңға дейін) дұрыс екендігіне негіз береді, оның үстіне бұл сан кейінгі антика заман мен орта ғасырлардың басындағы дәуірге іс жүзінде сәйкес келеді.

Енді Аттиланың Галлияға жорығына қайта оралайық. 451 ж. 9 сәуірінде екі күндік қоршаудан кейін Мец, содан соң Тонгерен, Шпейер, Реймс құлады. Парижді де үрей биледі. Ежелгі Лютецияның халқы қашуға әзірленген еді. Біз бұл сәтте басқа да құнды деректерді пайдаландық. Мәселен, бір тарихи аңыз бойынша қаланы құтқарып қалған аса бір өжет әйел-әулие Геновея (Женевьева) [Heіlіge Genovea], кейіннен ол Париж қаласының қамқоршысы ретінде белгілі болды. “Әулие Геновеяның өмірі” атты кітапта ол тұрғындарды туған қаласын қауіп-қатер төніп тұрған уақытта тастап кетпеуін өтінгенін, бұған қоса өздерін және ерлерін қаланы қорғауға,  құдайдан өздерін құтқару жөнінде жалбарынып сұрауға шақырғанын көре аламыз…[8]. Бірақ Аттила Парижге жетпеді, ғұндар сол жақ қанаттан Орлеанға (Aureliani, Orleans), шабуыл бастады. Сөйтіп, деректер бойынша шешуші шайқас Шампаньдағы (Галлия, яғни Франция) Каталаун даласында өтті (лат. Campі Catalaunіcі). Бұл өңір өз атауын Catuvellauner деген кельт тайпасының аталуынан алады және Труа (Troyes) мен қазіргі Шалон-сюр-Марнның (Chаlons-sur-Marne) арасындағы жазық болып табылады. Каталаун даласындағы шайқасты біз Ганнибал кезіндегі Канны (б.э.д. 216 ж.) мен Наполеон уақытындағы Ватерлоо (1815 ж.) шайқастарымен бірге Еуропа және әлем тарихындағы атақты шайқастар қатарына жатқызуға болады деп есептейміз.

Алаңда үстем биіктік үшін шайқаста екі жақ алма-кезек жеңіске жетіп отырды. Ғұндардың соғыс жүргізу тактикасын жақсы білетін Аэций жаңа шабуылға шыққан ғұндардың бетін қайтарып тастады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген Аттила әскерінің рухын көтеру үшін оларға арнап сөз бастады: “Осындай сан-түрлі, орасан көп тайпаларды жеңген соң, егер сендер шыдас беріп, төзе білсеңдер бүкіл әлем біздің алдымызға тізе бүгіп, бас иеді! Мен сендерге ешнәрсенің байыбына бармайтын, істің мәнін ұқпайтын біреулердей сезімдеріңізді оятардай сөз айтуды артық деп есептеймін. Мұндай тәсілді тәжірибесіз көсем, тәжірибеден мақұрым әскерге қолдансын. Жалпыға мәлім жайды жариялаудың қажеті шамалы, сендердің де оны тыңдауға құлықтарың бола қоймас. Сіздерге соғыстан артық дағдылы не бар? Батырларға ата жаумен жағаласып, жан беріп, жан алғаннан басқа не рахат бар? Кек алу арқылы рухыңды көтеру табиғаттың ұлы тартуы! Сонымен, тез жиналып жауға аттанайық, өйткені бірінші болып соққы бергендер әрдайым жеңіске жетеді. Осында жиналған әртүрлі тайпаларды жек көріңіздер: одақтастар күшін пайдалану – әлсіздіктің белгісі. Қараңдар! Сендердің тегеуріндеріңе шыдай алмай жауды үрей биледі: олар еңселі, биік жер іздеп, қорғандарға тығылуда, ақылдары кеш кіріп, енді ен даладан жасырынатын жер іздеуде!» Осындай жалынды сөз жігерлендірген жұрт соғысқа жұмылған жұдырықтай болып кірісіп кетті. Аттила шайқасқа өзі басшылық етті. Бір сәт барлығы араласып кетті. Жан-жақтан аттанған ұрандар естіліп, қылыштар жарқ-жұрқ етіп, даланы ат тұяғынан көтерілген шаң басты. Жекпе-жек, қылыштасу, жан беріп-жан алу- арыстанша алапат айқас басталды. Бұдан әрі Иордан былай деп жазады: «дәл мұндай шайқас туралы бұған дейінгі шежірелерде айтылмаған. Оқиғаны көзімен көрген қарияларға сенетін болсақ, осынау даладағы ағып жатқан жылғалар өлген адамдардың қанымен толып, кернеуінен асып кетті. Жаралы жауынгерлер шөлдеп барып осы өзендерде ағып жатқан өз қандарын өздері ішті».

Аттиланың өзі болжағандай ұрыс түн ортасына дейін созылды. Қараңғы түскеннен кейін Аттиланың лагерін шабуылдауға ғұн жебелерінің нөсерінен қорқып, батылы бармаған рим-вестгот әскері өз лагеріне қайтты. Түн қараңғылығын пайдаланып Аэций өз әскерлерінен бөлініп қалып, жалғыз өзі жау жасақтарын аралай отырып, ақыры одақтастар лагеріне жетіп, таң атқанша солардың арасында болды (relіcuum noctіs scutorum defensіone transegіt)[9].

Каталаун шайқасында, кейбір батыс хроникаларына қайшы, екі жақта басымдылық көрсеткен жоқ деуге болады. Бұл жерде, бізге оқиғаны дәл қалпына келтіру үшін сол күндердің куәгерлерінің мәліметтері айрықша маңызды. Ондайлар әрине өте аз, сирек, бірақ әйтеуір бар екен. Мысалы, Проспер Тиро Каталаун шайқасы жөнінде былай деп жазады: “іn quo conflіctu quamvіs neutrіs cedentіbus іnaestіmabіles strages commorіentіum facte sіnt, Chunos tamen eo constat vіctos fuіsse, quod ammіssa proelіandі fіducіa quі superfuerant ad proprіa reverterunt” (бұл шайқаста екі жақтың ешқайсысы да жеңіске жеткен жоқ. Өлгендердің санында өлшем жоқ…) [10].

Батыстағы ғұндар державасы өзіне көпшіліктің назарын аудартпай тұра алмады. Мысалы, «Адамзаттың философия тарихының идеяларында» И.Г. Гердер, ғұндар патшасы Аттила метеор тәрізді Еуропа аспанында жарқ етті… Оның тұсында ғұндардың күш-қуаты өзінің айбынды мәртебесіне жеткен еді… Ол өз қол астындағыларға әділетті, мейірбан, жауына айбатты, өркөкірек римдіктер алдында әрдайым асқақ болды: қалың қолымен Батысқа бет бұрды, бүкіл Германияны шауып өтіп Рейннен әрі асты, Галлияның қақ жартысын жаулады — оның алдында бүкіл Еуропа қалшылдап, діріл қақты, ақырында барлық батыс халықтары бас қосып, әскер жиып, оған қарсы шықты. «Аттила — тактикалық жағынан данышпандық танытты, өз әскерін Каталаун жазығына шоғырландырған, себебі бұл жерден сәтсіздік жағдайында кейін қарай шегінуге жол ашық еді: оған қарсы римдіктер, готтар, леттер, армориктер, бреондар, бургундтар, сакстар, аландар, франктер өз әскерін жүргізді. Шайқастарға ол өзі тікелей басшылық етті. Қан судай ақты, вестготтар патшасы айқас алаңында жан тапсырды; сансыз сарбаз шейіт болды, ал ұрыстың нәтижесін болмашы ғана кездейсоқ сәттер шешті. Аттила Рейннен өтіп, кейін қайтты, оның соңынан ешкім қуған жоқ…» [11]. Осы аса ірі шайқасқа баға берген кезде Батыстың бірқатар жаңа және қазіргі заман тарихшылары мәліметтерді ерте орта ғасырлық хронистерден де ала отырып, оны сыни електен өткізбей-ақ пайдаланады. Ал мұның өзі тарихи шындықты әділ, объективті түрде бағалауды қиындатары даусыз.

Кейінгі кездегі Батыс зерттеушілерінің ойынша, Каталаун даласындағы шайқаста  екі жақта басымдылыққа жете алмады, қаза болғандардың саны шексіз [12], «Аэций одақтастарымен бірге Аттилаға қарсы күресті жалғастыра алмады» [13], «Аттиланы әлем тарихындағы аса ірі тұлғалардың қатарына қоюға болады» [14]. Біздің ойымызша, Галлиядағы жағдайды Аттила жорығының шектен тыс кең қанат жаюынан және осынау алып аймақта ғұндармен әлеуметтік және этникалық жағынан байланысы жоқ көптеген тайпалар мен құрылымдарды ұзақ уақыт бір басшылықта ұстап тұрудың мүмкін еместігінен деп түсіндіруге болар еді.

Ғұндардың күш-қуаты 451 ж. «халықтар шайқасынан» кейін де сарқылған жоқ еді. Бұл Аттиланың бұрынғы, рухты кездеріндегі жеңістеріндей болмаса да, бірақ мұны жеңіліс деп айтуға мүлдем болмайды. Бұған дәлелге мына фактіні келтірсе де болады, аз уақыттың ішінде-ақ ғұн державасының билеушісі үлкен әскерді бастап, енді Рим империясының дәл жүрегі – Италияға жорық ұйымдастырды. Бұл біздің ойымызша, Ұлы ғұн қолбасшысының галл соғысының барысында, пайда болған стратегиясының мәні болар. [15].

Галл жорығынан қайтып келісімен Аттила Шығыс-Рим империясына салық төлеу талабын қайта жандандырды.  Византияға қарсы шағын отрядын бағыттаған ол, негізгі күшпен Италияға жорық ұйымдастырды. Ғұндар Аквилея, Конкордия, Альтин, Патавий (қазіргі Падуя), Вицетия (қазіргі Виченца), Верона, Бриксия (қазіргі Брешия), Бергамо, Милан, Тицин (қазіргі Павия) қалаларын алды. Бүкіл Солтүстік Италия ғұндардың қолына өткеннен кейін, олардың Римге жолы жақын болатын. Империяның қарсыластарын тоқтататын күші болмағандықтан, Аттила әлемдік үстемдікке жақын еді.

Батыс-Рим империясы үшін аса зор қауіп төндірген осы жағдайда император Валентиниан Равеннанда түк бітірмей, аңдысын-аңдып, оқиғалардың барысын күтіп отыра берді. Қолбасшы Аэцийге келсек, ол да не істерін білмей, қатты састы. Рим армиясы ғұндардың тегеурініне төтеп бере алмай, олардың Солтүстік Италиядағы жеңістерінен кейін аяқ-қолы байланып қалғандай шарасыз күйде қалды. Ақырында, шығыс ромейліктердің (византиялықтар) сынынан өткен тәсілді пайдалану – Аттилаға елшілік жіберу ұйғарылды. Оны папа І Левтің өзі басқарды; елшіліктің құрамында сондай-ақ консул Авин және Рим қаласының префектісі Тригеций болды. Сол дәуірдің замандасы Проспер Тиро былай жазады: “…et tot nobilium provinciarum lattissima eversione credita est saevilia et cupiditas hostilis explenda, mhilque inter omnia consilia principis ac senatns populique Romani salubrius visum est, quam ut per legates pax truculentissimi regis expeteretur, Suscepit hoc negotim cum vim consulari Avieno et viro praefectorio Trygetio beatissimus papa Leo auxilio dei fretus, quem scirel numquam piorum laboribus defuisse. nee aliud secutum est quam praesumpserat fides, nam tota leganione dignanter accepts ita summi sacerdotis praesentia rex gavisus est, ut bello abstinerc praeciperet et ultra Danuvium promissa pace discederet” (бірқатар провинциялардың қатты қирауы, жаудың қатыгездігі және ашкөздігімен қатар жүрді. Билік, сенат және рим халқы, елшілік арқылы қатыгез королден бейбітшілік сұраудан басқа жақсы ештеңе таппайтындығы байқалды. Бұл міндет эксконсул Авин мен экспрефект Тригециге, барлық үмітін құдайға артқан папа Левке жүктелді. Сонымен қатар, ол өзінің сенімінен не күтетінін білді. Бар елшілік құрметпен қарсы алынды, король шіркеудің басшысы өзі келгендігіне аса риза болып, әрі қарай соғыс жүргізуден бас тартты, бейбітшілік сақтауға және Дунайдың арғы жағына қайта оралуға  уәде берді). [16]

Екі тұлғаның кездесуі, бір қарағанда қайшылықты болып көрінуі мүмкін. Бір жағынан, Аттила – Ғұн империясының басында тұрған билеуші, қаһарлы қолбасшы; өз халқының пұтқа табынушылық түсініктерін терең сіңірген кісі. Оның есімі христиандықтың тарала бастауы дәуірінде Еуропаның Шығысы мен Батысының пұтқа табынушылығын тағы да бір селт еткізіп, оятып кетті. Екінші жағынан, Рим папасы І Лев – христиандық шіркеу иерархиясының басшысы. Бұл миссия Шығыс пен Батыстың билеушісіне ықпал еткен кісі ретінде папаның беделін Рим империясы үшін қауіпті сәтте аса жоғары көтеріп берген болатын. Осы оқиғадан кейін Рим папасы І Левке «Ұлы» деген атақ берілді.

Рим қаласының қақпасының алдында тұрған Аттила папаның сөзіне тоқтап, христиан шіркеуі басшысына құрмет көрсеткен болса, сол дәуірдің басқа бір кейіпкері, вандалдар королі Гейзерих жөнінде мұны айта алмаймыз. Осыдан үш жыл өткенде, 455 ж. сол І Лев оны тоқтата алмаған еді. Вандалдар Римді тып-типыл етіп талқандап, оның халқын аяусыз тонап кеткен болатын; «вандализм» түсінігі осыдан қалған, ол мәдени және материалдық құндылықтарды жаппай қирату, жыртқыштық пен еш мағынасы жоқ қатыгездік дегенді білдіретіндігін жақсы білеміз. 14 күн бойы Римді тонауға ұшыратқаннан кейін Гейзерих, ол жерден мыңдаған қолөнершілерді әскерімен айдап әкетеді. Прокопий Кесарийскийдің айтуынша, Гейзерих, «кемеге көп мөлшерде алтын және басқа да қазынаны жүктеп, сарайдан мыс пен басқа заттарды алып Карфагенге қарай жүзеді. Ол Юпитер Капитолийскийдің де храмын тонайды және оның жарты шатырын шешіп алады. Ол шатыр ең жақсы мыстан жасалып, қалың алтын қабатпен қапталған еді, оның көрінісі керемет, тамаша болатын. Гейзерихта болған кемелердің біреуі ғана қирап, қалғаны сәтті түрде Карфаген айлағына жетеді» [17].

Қос бірдей империя алым-салық төлеп отырған алып Ғұн империясының билеушісінің, Рим папасы бастап келген елшіліктің өтініштеріне құлақ асып, тізе бүгіп тұрған Рим қаласының алдында тоқтауы – Аттиланың аса даналығын көрсетеді. Ол өз әскерінің ұрысқа деген құлшынысын тоқтатып, іс жүзінде, еш мағынасыз қиратулар мен құрбандықтардан бас тартты. Бұл жерде Аттила вандалдар королі Гейзерихтен, немесе вестготтар королі Аларихтен оң қасиетімен ерекшеленеді, алайда бірқатар шіркеу аңыздарында оған «Құдай қамшысы», латын тілінен аударғанда «flagellum dei» деген лақап ат беріледі. Одан ары қарай Амбулей даласындағы Аттила мен І Левтің кездесуін қарастыра отырып, дәл осы оқиғадан кейін шіркеу мен папа беделінің артқандығын көрсетуге тиіспіз. Папалық пен бүкіл ортағасырлық Еуропа тарихы үшін бұл кездесу аса зор маңызға ие, ол объективті түрде, папалар мен шіркеу клирінің бүкіл орта ғасырлар бойы және одан кейінгі кезеңде де саяси ықпалының өсуіне әсер етті. Папалық бірте-бірте Еуропа ауқымында зайырлыда істерге билік жүргізетін белсенді күшке айналды.

452 ж. Амбулей маңындағы кездесуге қайта орала, XIX ғ. Еуропа жаңа тарихындағы оқиға еске түседі. 1859 ж. Сольферинодағы шайқастан кейін Наполеон III Австрия императоры Франц Иосиф I-ді шақырып, осы тарихи орыннан 5 шақырым қашықтықта, 1400 жыл бұрын Лев I-дің Аттилаға миссиясы болған жерде  келіссөздер жүргізеді. Ғұндардың королі мен папа кездесуі әлі де ел аузында…[18]

Ұлықталуы

Ватиканда, манускриптер (қолжазбалар) мен сирек кездесетін библиографиялардың көнелігі мен көптігі жағынан Еуропада бірінші орынға ие Ватикан Апостол кітапханасының қорларында (Biblioteca Apostolica Vaticana), мен көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Соның арқасында, Ғұн империясы бойынша жаңа деректік материалдар табылды, бұл материалдардың басым бөлігі тек латын тілінде.   

Римді басып алуға тырысқан өз заманының жаулаушыларынан Аттила ерекшеленіп тұрды. Ол христиан дініне, Рим Папасына өз құрметін көрсете алды. Сондықтан да болар, христиан әлемінің басты орны, Рим қаласындағы Әулие Петр соборында Ғұн империясының ұлы билеушісінің бейнесін көруге болады.  Бұл – Алессандро Альгарди ХVІІ ғасырда орындаған барельеф. Бұнда 452 жылғы Аттила мен І Левтің тарихи кездесуі бейнеленген. Бұл  көріністі  Рафаэль Элиодор Станцасында бейнелеген. Осыған орай, осы уақытқа дейін бірде-бір басылымда кездеспеген Ғұн империясы мен Римге қатысты Аттиланың үшінші бейнесінің менің ізденісім нәтижесінде Ватикан  мұражайынан табылғандығын  баса көрсеткім келді. Бұл жерде Ватикан мұражайының құрамына кіретін галереялардың бірі туралы сөз болып отыр. Бұл галереяда Католик шіркеуінің бұрынғы иеліктерін көрсететін 40 карта әшекейлеп бейнеленген. Галерея төбесіне салынған, тарихи көріністерді бейнелеген сурет – фрескалар ерекше қызығушылық тудырады. Фреска XVI ғасырда орындалған. Суреттің төменгі жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit»деген жазу бар. Ол латын тілінен аударғанда «Ұлы папа Лев қаһарлы Аттиланы тоқтатты»дегенді білдіреді. Фресканың көшірмесі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің кітапханасында ілулі тұр. Аталмыш Аттиланың бейнесін мен 2014 жылдың 15 қазанында ұлттық пресс-клубта пресс-конференцияда көрсеттім.

Рафаэльдің жалпыға танымал Станца Элиодор (Stanza di Eliodorо), фрескасында бейнелегендей емес, «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуі» фрескасында Аттила астындағы ақ боз ат, басында император тәжімен бейнеленген. Оның барлық болмысынан Солтүстік Италияны бағындырған жеңімпазды байқауға болады. Осыдан кейін ғұндардың Римге жолы ұзақ болмады. Рим империясының әскері атақты Каталаун шайқасынан кейін, ғұндардың шабуылына төтеп беруге шамасы қалмайды.  Империя папа Лев I-ге елшілікті жүктейді. Осы жерде папалықтың қазірге дейін Аттила тұлғасына деген сый-құрметін көре аламыз.

Ватикандағы фреска. XVI ғ. орындалған. Төменде жазуы бар: «S.Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit», латын тілінен аударғанда: «Папа Ұлы Лев қаһарлы Аттиланы тоқтатуда» дегенді білдіреді.

Дәл осы 452 ж. Амбулей даласындағы Аттила мен Лев І  тарихи кездесуінен кейін шіркеу мен папалықтың беделінің асқақтағанын  тарихшы-медиевист ретінде айтпай кете алмаймын. Папа Лев І Римге барар жолда Аттиланы тоқтатып, империяға туған қауіпті тоқтатқаны үшін Ұлы Лев (Leo Magnus) деген атаққа ие болады. 

Аттила және оның дәуірі Еуразия тарихында өшпес із қалдырды, ол тек тарихи шығармалар, хроникалар мен эпикалық шығармаларда ғана сақталып қалған жоқ. Мен германдықтардың эпосы мен Скандинавия сагаларында ғұндардың және олардың қолбасшысының ұлы істері көрініс тапқандығын анықтадым (бұл шығармаларда ол Attila, Etzel, Atzel, Atli, Atla деп көрсетіледі)

«Das Nibelungenlied» Нибелунгтер туралы жырда:

«König Etzels Herrschaft war so weit erkannt,

Daß man zu allen Zeiten an seinem Hofe fand

Die allerkünsten Recken, davon man je vernommen

Bei Christen oder Heiden; die waren all mit ihm gekommen.

Bei ihm war allerwegen, so sieht man’s nimmermehr

So christlicher Glaube als heidnischer Verkehr.

Wozu nach seiner Sitte sich auch ein jeder schlug,

Das schuf des Königs Milde, man gab doch allen genug.»

Аттиланы жерлеу кезеңіндегі жоқтауда ғұндар өз билеушісінің істерімен жеңісін төмендегідей еске алады:

Praecipuus Hunnorum rex Attila

patre genitus Mundzuco

fortissimarum gentium dominus

qui inaudita ante se potentia solus

(5) Scythica et Germanica regna possedit

nec non utraque Romani orbis imperia

captis civitatibus terruit

et, ne praedae reliqua subderentur,

placatus precibus annuum vectigal

accepit:

(10) cumque haec omnia proventu felicitatis

egerit,

non vulneiu hostium, non fraude

suorum,

sed gente incolume, inter gaudia laetus

sine sensu doloris occubuit.

quis ergo hunc exitum putet,

(15) quem nullus aestimat vindicandum?

Ғұндардың ұлы патшасы Аттила,

әкесі Мундзуктан туып,

күшті тайпаның қожайыны.

Сен бұрын естімеген қуаттылығыңмен скиф, герман

(5) патшалықтарын жалғыз иелендің

қалаларды алып екі рим империясының

әлемін қорқынышқа толтырдың

одан әрі тонауды жалғастырмас

үшін жалынып берген жылдық салықты қабылдадың.

(10) осының барлығын бақытты аяқтап,

жау жарасынан емес, өз ішінен шыққан сұрқиялықтан емес,

Қуаныш пен көңілділікте, тайпаның амандығы мен бірлігінде

жаныңа батқан ауырлықты сезінбей қайтыс болдың

Кім бұны өлім ретінде қабылдайды.

(15) егер ешкім кек қайтаруға ұмтыла алмаса? [19].

Александр Макендонский туралы бірде-бір мақтау жырлары Аттиланың артынан айтылған жоқтаумен теңдесе алмайды деуге болады. Аттиланың есімі, уақыт өте пайда болған кейбір лингвистикалық өзгерістерге қарамастан Германияның топонимикасында ортағасырлардан бері сақталып келеді. Мысалы, ауылдық аймақтардағы атауларда “Hetzelistal” (“Hetzelinstall”), тікелей, Оффенбург жеріндегі “Этцель алқабы”, “Hetzelhof” (“Etzelshof”), Гейдельберг маңындағы “Atzelhof” (“Этцель ауласы”), Оттенхёфендегі  Atzelbach («Атцель бұлағы»), Лимпахтағы “Atzenweiler” («Этцель қыстағы»), Әулие Блазиендегі “Attlisberg” («Атли тауы») және т.б. Ғұндардың Еуропадағы болған жерлері жөнінде келесі атаулар да дәлел бола алады: Unkel (Hunkel, Hunkele, Hunkale), Рейн арқылы «ғұндардың жолы» дегенді білдіреді; (“Hunsbruk” Гунсбрук) тікелей аударғанда, Маастрих маңындағы Маас арқылы «ғұндар көпірі»; Hennegau /Gau der Hunnen/ (Геннегау) Бельгиядағы “ғұндар өңірі” және т.б.

Ғұн әскерінде садақшыларға айрықша орын берілді, садақты пайдалануда ғұндар жоғарғы жетістікке жетті.  Ерекше ассиметриялық түрдегі садақ, майысқақ ағаштан жасалынып, мүйіз пластинкалары, сіңір, сүйек жапсырылған, – 150 м. қашықтықта жауын құлатқан, ал оның қарсыластары ең көп дегенде 50-60 м. дейін ғана нәтиже берген. 

2007-2008 жж. Германияның ірі тарихи мұражайларының (Historisches Museum der Pfalz, Speyer) бірі Шпейер қаласында ұйымдастырылған, кең көлемдегі тематикалық көрмеде, Германиядағы ірі музейлермен бірге, Еуропаның көптеген елдеріндегі (Австрия, Венгрия, Румыния, Словакия, Чехия, Польша, Франция, Италия) мұражайлардан алынған шынайы экспонаттар қойылды. Ғұн дәуірінің бұл материалдары, өз кезегінде сол тарихи кезеңдегі әскери өнерді, шаруашылықты, діни сенімдер мен дәстүрлерді айқын елестетуге мүмкіндік береді. Мұнда көп орынды материалдық мәдениеттің және ғұндардың әскери өнерінің әртүрлі жақтарын көрсете алатын археологиялық деректер алған. Көрмеде (мен болған) салт атты ғұн әскерінің компьютерлік келбеті көрсетілген. Атты әскер ат шабысының кезінде бұрылып, бір мезетте садақтан бірнеше жебе шығара алған… Немесе басқа бір жерде, артқа шегінген сияқты болған әскер, кенеттен бұрылып жауын сұлатады.   

Көрме ұйымдастырушылардың және бірқатар неміс ғалым-тарихшылардың, археологтардың, этнологтардың  тұжырымдауынша, ғұндардың мұрагерлерінің бірі ежелден кең даланы мекендеген, жылқы шаруашылығына, көшпелі шаруашылыққа бейімделген (Reiternomadische Kultur) қазақтар да болған. 

Сол дәуірдің хроникалары, ғұндар ең алдымен атты садақ атушы болған деп көрсетеді. Өз жауларын соққыға ұшыратқан ғұн атты әскерлерінің дәлдігі, римдіктерді және олармен жауласқан басқаларды таң қалдырған. Римдіктер олардың осы садақтарына ие болуға тырысқан. Мысалы, бұл жөнінде IV-V ғ. рим жазушысы Флавий Вегеций «Epitoma rei militaris» (Әскери істің қысқаша сипатталуы) еңбегінде айтады. Онда автор Рим империясының атты әскерінің қарулануының жаңарғандығын, ең алдымен ғұндардың мықты садақтарын айтып кетеді. Бұл Шығыстың атты-әскерінің қаруын, әскери өнердің ең жоғарғы жетістігі ретінде, 1000 жыл өте де кездестіруге болатын еді, мысалы XVII ғ. Осман империясының әскерінде. Мен басқа да мысалдар келтіре алатын едім. Мысалы, Византия императоры Юстинианның әскербасшысы Велисарий дәл ғұндар мен аварлардың ықпалымен, әскерінің негізгі бөлігін садақтармен, жебелермен, қылыштармен, қалқандармен қамтамасыз еткен. Осының арқасында ол Италияда готтарға басымдылық танытқан. Ғұндардың әскери өнерінің элементтері 1618-1648 жж болған отыз жылдық соғыс барысында Габсбургтердің империялық қызметінде болған тәжірибелі әскербасшы, Альбрехт Валленштейнмен пайдаланылды деуге болады.    

Ғұндар жылқы малына аса құрметпен қараған. Еуропа университеттерінде, өзімнің баяндамаларым мен лекцияларымда мен, ғұндар тек жаулаушылар ғана емес, олар Шығыс мәдениетін Батысқа жеткізуші деп көрсетемін. Мысалы, ғұндардың қаруларының үлгісі: біржүзді қылыштар мен қанжарлар, жіңішке ұшты садақтар, атақты ат әбзелдері. Ол жөнінде еуропалық әлем ғұндар келгенге дейін білмеген.

Қазіргі археологиялық қазбалардың нәтижесі, ғұндардың мекендеген жерлерінде қолөнердің, сауданың, материалды мәдениеттің, әскери өнердің және ғұн қоғамдық қатынастарының басқа да жақтары жоғарғы дәрежеде болғандығын көрсетеді. Ғұндардың керемет зергерлік бұйымдарының үлгілері, мысалы, алтын және күміс диадемалар, кулондар, сырғалар, тарақтардың ұшы, түйреуіштер және т.б. қазақтардың осы үлгідегі зергерлік шеберлерінің бұйымдарына ұқсайды.

Қызығушылықты ғұндардың қоладан жасалған бұйымдары тудырады, олардың Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінде сақталған сақ заманының аналогтарына ұқсайтындығын байқауға болады.

Германияда ғұндарды әрқашан есте сақтады. Мен соңғы кайзер Вильгельм II-нің (1859-1941 жж.) «Ғұндар жөнінде сөзін» (die Hunnenrede) анықтадым. 1900 ж. Германия Еуропаның басқа елдері сияқты, Қытайға «боксерлық күресті» басу үшін экспедициялық корпус жібереді.  1900 жылдың 27 шілдесінде Бремерхафенде, өзінің сөзінде Вильгельм II неміс әскерлерін ғұндарға ұқсас болуға шақырады: «Pardon wird nicht gegeben, Gefangene werden nicht gemacht. Wie vor tausend Jahren die Hunnen unter König Etzel sich einen Namen gemacht haben, der sie noch jetzt in Überlieferung und Märchen gewaltig erscheinen lässt, so muss der Name, Deutscher in China auf tausend Jahre durch euch in einer Weise bestätigt werden, dass niemals wieder ein Chinese es wagt, einen Deutschen auch nur scheel anzusehen». Сөзбе сөз аударғанда онда былай делінген: ешқандай әлсіздік көрсетпеу, тұтқындарды алмау. Мың жыл бұрын Аттила бастаған ғұндар сияқты ержүрек жауынгер болыңдар…

Аттила қайтыс болғаннан кейін, Батыстағы Ғұн державасы оның мұрагерлері тұсында ыдырап кетеді. Ғұндардың бір бөлігі Төменгі Дунайдың солтүстігінде қалды. Үлкен бөлігі Қара теңізге кетіп, ары қарай шығысқа Орал және Арал теңізі бағытына, яғни кең байтақ ғұн империясының ежелгі шығыс шекараларына келеді. 

Еуразия тарихының ортағасырлар дәуіріне өту кезеңі мен ортағасырлық өркениет барысына Еуропадағы халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірінде Ғұн державасы үлкен ықпал етті. Рим империясы құлағаннан кейін өркениеттің шекарасы кеңейіп, енді Альпінің солтүстігінде, Батыс, Орталық, Шығыс Еуропа аймағында өз дамуын жалғастырды. Ескі Рим империясын ауыстырған «Еуропаның» маңызы өсті. Ғұн шапқыншылығынан кейін пайда болған «вакуумді» герман, кельт және тағы да басқа Еуразияның этникалық топтары толтырды.  

Аттиладан кейін тарихи аренаға I мыңжылдықтың келесі белгілі тұлғасы Ұлы Карл – Париж бен Аахен орталығы болған Франк империясының императоры келеді. Бұл Каролингтердің державасы Батыста болашақ үш еуропалық мемлекеттердің – Франция, Германия, Италияның негізін қалады.   

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Prosper Tiro. Epitoma de Chronicon, 1364/ – In: Monumenta Germaniae Historica (MGH)/ Auctores Antiquissmi, t. IX, Chronica minora, Vol. I Ed.T. Mommsen, Berolini, 1892, p. 481.
  2. Biblioteca Apostolica Vaticana (BAV), Vaticani Latini (Vat. lat. 541, f. 67-68 R). 
  3. Johannes Antiochenus. Fragmenta, 199 – FHG, Ed. C. Mullerus, Parisiis, Didot, 1851, Vol. IV, p. 613-614.
  4. Priscus Panites. Historia Byzantina, fr. 16 – FHG. Paris, 1851, Ed. C. Mullerus. Parisiis, Didot, 1851, Vol. IV, p. 99.
  5. Chronica Gallica a 452 et 511 // Ed. Th Mommsen // MGH: Auct. Antiquiss. T.IX: Chronica minora. Saes. IV-VII. B., 1892. Vol.I.p.662
  6. Аэцийдің замандасы галл-рим жазушысы Аполлинарий Сидоний
     (шам. 430-489 жж.) «Авит императорына» 456 ж. Аэций «бірнеше рет скиф соғысына (ғұн – Қ.Ж.) үйретілгенін» жазады: «Scythico quia saepeduello edoctus». (Sidonius Apollinaris. Carmina, VII, Ed. P. Mohr. Leipzig, 1895).
  7. Jordanes. Getica. Monumenta Germaniae Historica. Auctores Antiquissimi. Ed. Th. Mommsen. Berolini, Weidmannos, 1882, Т. V, p.1., 182.
  8. Vita St. Genovefae. Ed. С. Künstle. Leipzig, 1910, cap.9.
  9. Jordanes. Getica., 202-206., 207-208., 212
  10. Prosper Tiro. Epitoma de Chronicon, 1364 – MGH, Berolini, 1892, p. 481-482.
  11. Гердер И.Г. Идеи к философии истории человечества. Пер. и прим. А.В. Михайлова. М., Наука. 1977. С. 516-517.
  12. Bona I. Das Hunnenreich. Budapest.-Stuttgart, 1991, S.97
  13. Stickler T. Die Hunnen. München, Beck Verl., 2007, S.95 ff.
  14. Schreiber H. Attila und Hunnen. Düsseldorf. Albatros Verl., 2006, S.309 ff.
  15. Жумагулов К.Т. Каталаунское сражение в сюжетах евразийской истории // «Научное творчество Л.Н. Гумилева и история народов Евразии: Современные подходы и перспективы» VIII Международный Евразийский научный форум посвященный 20-летию независимости Республики Казахстан. Астана, 2011. С. 8-16
  16. Prosper Tiro. Epitoma de Chronicon, 1367 -MGH, Auct. Ant,  T. IX,  Chr.min.,   Vol. I, 1892 p 482.
  17. Procopius Caesariensis. Opera omnia. Ed. J. Haury, G. Wirth. Leipzig, 1962-1965, BV De bello Vandalico, I,V, 4-6.
  18. Zhumagulov K.T. Attila the Hun and the turning point of ancient history. 3rd International Multidisciplinary Scientific Conference on Social Sciences and arts SGEM 2016. Conference Proceedings. Sofia, Bulgaria, 2016.-pp.9-17.
  19. Хрестоматия по истории Евразии. Ч. 1. // сост. К.Т. Жумагулов и др. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. С.139-141

Автор:Жұмағұлов Қ.Т., т.ғ.д., профессор

ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі