Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АНАҚАРЫС


Анақарыс (б.з.б. VII-VI ғғ.) өмір сүрген, Грекияға жасаған саяхаты кезінде өшпес даңққа бөленген сақ даласының ғұламасы.

Өмірбаяны

«Тарихты жеңімпаз ұлттар жазады» деген ұғым бар. Тарих – өткенмен үндесетін, бүгінге сабақ, келер ұрпаққа аманат болатын құнды ұғым. Халқымыздың өткен тарихының терең, түбінің мазмұнды болуы сол тарихтан сыр шертеді. Дүниенің төрт бұрышында кешегі көк түріктер күшті тегеурінді қағанаттар құрып, дүние топырағына билік жүргізген дәурен тасқа басылып, тарихқа шегенделіп жазылған. Сол бір өткен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс.

Тарихтың үш түрлі қисынды қызметі бар. Ол – өткеніңді зерделеу, одан тағылым алу және тамырға жалғану. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Жас ұрпақ жадына тарихи зерделілік пен мәңгүрттіктің арақатынасын білудің мәнін, маңыздылығын құю – ұлт болашағының айнымас, тозбас, өзгермес кепілі. Адамзат өркениетінің алғашқы дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде скиф, сақ, ғұн, түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы өз қатпарларына талай-талай шешімі табылмаған жұмбақтар мен сыры ашылмаған құпияларды бүгіп жатыр. Ұлы даланың қаншама адал перзенттері ұмытылып кетті. Көшпенділер өркениетінің тарихи-эволюциялық даму жолында ата-бабаларымыз әртүрлі тайпалық одақтарға бірігіп, жаңа мемлекеттердің іргетасын қалағанын тарих көрсетіп берді. Сақ-скиф тайпалар одағы құрамына кіретін агрипей сақтар, массагет, тиграхауд, хауомоваргы, аримаспы сақтар, исседондар мен сармат, каспилер тарихы өз тегін сақ-скифтерден тарататын бүкіл Еуразия даласының халықтарына ортақ тарих. Осынау алып бәйтеректің бір бұтағы – қазақ ұлты да көшпенділер өркениетінің перзенті ретінде барлық тарихи жәдігерлер мен ұлы бабалар мұрасына өзге ұлттармен қатар тең құқылы мирасқор халық болғандықтан оның барлық тарихи гүлдену мен құлдырау кезеңдерінің жемісін өз тарихының ажырамас бөлігі деп таниды. Міне, сол тарих тудырған, нақтырақ айтқанда, тарихи қажеттілік тудырған алып бабаларымыздың бірі – Анақарыс.

Анақарыс – ол кім? Ол – б.з.д. VII-VI ғғ. (шамамен б.з.б. 605-545, 613-539, 620-555 ж.ж.) өмір сүрген, Грекияға жасаған саяхаты кезінде өшпес даңққа бөленген сақ даласының ғұламасы. Тегі – скиф патшалары әулетінен. Гнур патшаның ұлы, Савлий мен Кадиут патшалардың бауыры Анақарыс есімі грек тілінен аударғанда «Аспан дауыс» деген мағына береді.

Анақарыс немесе Анахарсис (скиф. «Αναχαρσις «жарақаттанбайтын» ana (жоқ)+hvar (жара)»; б.з.б. 605-545 ж.ш.) – скиф, Гнур патшасының ұлы, Савлий және Кадуит патшалардың інісі. Ол Афиныға келіп, Салонмен (ұлы заңгер, саясаткер, ақын) және Тоқсарымен (ұлы дәрігер, ғұлама) дос болған. Тоқсары мен Анақарыстың достығын хаттап қалдырған адам гректің ұлы қаламгері Лукиан. Ол сол бір кездегі оқиғаны өзінің «Скиф және қонақ» деген әңгімесінде жан-жақты баяндап берген. Оның үстіне Тоқсары – Элладаның ұлттық батыры ретінде зор құрметке ие болған. Ал Солон данышпан мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіруімен айналысқан. Оған Анақарыс та атсалысқан. Бұл жолда ол Солонға үнемі көмектесіп отырған. Көшпелі дала ғұламасының шынайы образының бәрі бірдей бізге жеткен жоқ. Геродот пен Фукидидтің замандасы Лесбостағы Митилиннен шыққан Геланик бізге жетпей жоғалып кеткен «Скифтер» атты еңбек жазған. Одан еуропалық скифияны да, Донның арғы бетіндегі жалғасып жатқан елдің хал-ақуалын да көруге болатын еді. Анақарыс – біздің заманымыздан бұрын V II-IV ғасырларда өмір сүрген. Тарихта “Скиф Анақарыс” деген атпен әлемге танылған. Анақарыстың анасы эллиндік болған. Ол шамамен жыл қайыруымыздан бұрынғы 620-555 жж. өмір сүрген Аты аңызға айналған дала данышпанының нақты өмірбаяны туралы деректер нақты сақталмаған. Тек Диогеннің мәліметі бойынша, ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 594 ж., Архонт Эвкраттың тұсындағы қырық жетінші Олимпиада өтіп жатқан сәтте Афиныға келген. Бұл скифтердің Алдыңғы Азиядан бетін бұрып, отанына орала бастаған кезі. Ал Анақарыстың Афиныға барғаны анық. Сол кезде шамамен жиырма бес жаста деп шамаланғанның өзінде, ол шамамен б.з.б. 625-620 жж. дүниеге келген. Ал оның нақты қай жерде дүниеге келгені белгісіз. Тек әке-шешесінің кім болғанына қарап, болжам жасалған. Геродоттың айтуы бойынша, «Анақарыс – скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Ликтің немересі, Гнурдың баласы». Демек, Анақарыс – Спаргапип Ишпақайдың, Лик Партатуаның, Гнур Мәдидің заманында өмір сүрген болып шығады. Анақарыстың өзі айтқандай, олардың өмірі – Истра-Дунай жағасында өткен. Қоржын-Херсон бұғазында, Керіш кемерінде хан ордасы құрылған. Анақарыс Гнурдың грек әйелінен туған. Анақарыс скифтерді ата-бабасынан билеп келе жатқан хан тұқымы. Нағыз қаракөк үзілмеген тектен тараған. Шешесі грек қызы. Сондықтан да Элладаның тілін үйреніп өскен. Өнерге, әсіресе, сөз өнеріне ерекше құмартып, билердің шешендік кеңесіне қатысып, тыңдап, өзі де билік айтып ер жеткен. Әскери тағылым алған. Скифтердің әдет-ғұрпын өте жетік білген. Ел іші бейбіт өмірге көшкен соң, немерелес бауыры Сабыл-Савлий хандық құрған кезде жан-жағына үңіліп, дүниенің сырын білмекке ұмтылған. Ол Элладаның шежіреші тарихшыларының, философтарының, мемлекет қайраткерлерінің еңбектерін өз бетінше оқып, танысқан. Ақыры, ұшы-қиырсыз скиф даласынан аттанған ханзада әрі ділмар шешен Анақарыс Гнурұлы «әлемнің жеті ғұламасының бірі» – Солонды іздеп, жыл қайыруымыздан бұрынғы 594-568 жж. Эллада еліне бет алған. Геродоттың жазуы бойынша, «Элладалықтардың өнер-білімін үйрену үшін Анақарысты Элладаға жіберген адам скифтің патшасы» көрінеді. Ділмарлық толғауларында кемемен ұзақ жүзгендерін жиі еске алып отыруына қарағанда, Анақарыс Босфор бұғазына дейін салт атпен келіп, одан әрі қарай, Афиныға кемемен сапар шеккен тәрізді. Қасына жолсерік те, күтуші де ертпеген. Өз күшіне сеніп шыққан. Себебі, ол заманда көшпелілер көсемінің мұрагері жігіт шағында қол бастап, елінің іргесін бекітіп, жауынгерлік өнерін шайқаста сынамай, алыс сапарға шықпаған. Анақарыс оны әскери өнердің қыр-сырын жетік білгендіктен жасаған. Оған әйгілі философ Диогеннің: Скиф Анақарыс Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадиудтың бауыры еді; оның шешесі грек қызы, сондықтан да ол екі тілді де еркін білетін. Ол скифтер мен эллиндықтардың дәстүрі, өмірді жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсіл жөнінде сегіз жүз өлең шығарған. Ерекше шешендігімен көзге түскен ол, «скифтік сөйлеу мәнерімен» ерекшеленген. Оның осы қасиетіне байланысты шыққан әскери өнер қақтығысындағы ой-пікірлері дәлел бола алады.

Анақарыстың нағашыларына деген құрметі бала кезінен қалыптасып, ол сол елді көрсем-ау, деген арманмен ер жеткен. Анақарыстың нағашы жұрты оны сынаудай-ақ сынап бағады. Себебі, сол бір кезде Эллада мен скифтердің өзара қарым-қатынасы онша ықыласты болмапты. Сондықтан да Анақарысты нағашы жұрты іш тартып, бауырына басты деп айта алмаймыз. Дегенмен де, көшпелілер көсемінің ер ұланын Афины қаласында бір адам қуана қабылдап, ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп жібереді. Ол – Эллада еліне аты әйгілі емші-балгер, қазіргі тілмен айтқанда, дәрігер, ата-тегі скиф – Тоқсары (Тоқсарид) болатын. Тоқсары мен Анақарыстың достығын хаттап қалдырған адам біздің жыл қайыруымызға дейінгі 180-125 жж. өмір сүрген гректің ұлы қаламгері Лукиан болған. Ол осынау оқиғаны өзінің «Скиф немесе қонақ» атты әңгімесінде сондай бір жылы сезіммен баяндайды.

Ал біз оны «Ан – Арыс» деп атасақ, орыс халқы «знахарь», «пахарь» ұғымдарының (Ана-Харс) грек тілінің дыбысталуына қарай бейімделген нұсқасы болуы мүмкін деген болжам ұсынады. Алайда тарих болжамдарды көтермейді. Мәселен, оның бауыры Савлийді орыстар әлі күнге дейін орыс тілінде сақталып келе жатқан есім десе, Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында оны «Сабыр» деп атайды, қалай болғанда да Анахарсис – Ана- Харс – Анақарыс аңыз кейіпкері емес тарихи тұлға. Ол туралы оның Грекияға жасаған сапары кезінде «жеті ғұламаның» сегізіншісі аталып, өзінің данышпандығымен даңққа бөленгені жөнінде «тарих атасы» Геродот, Лукиан, Диоген, Страбон, Платон секілді ойшылдар аз жазбаған. Бұл жерде, сондай-ақ афиналық Менандрдың адам табиғатын және мінез-құлқын сараптай келе, Анақарыс бабамызға ерекше тоқталғанын атап өтуіміз керек. Бабамыз өз заманында тіпті гректерге биік адамгершілік қасиеттердің мысалы болған.

Еңбегі

Анақарыс – ежелгі грек тарихындағы ең жұмбақ және даулы тұлғалардың бірі. Ұлы скиф өмірі мен оның ілімдерінің үзінділері көп сақталғанына қарамастан, зерттеушілер оның тарихи  тұлға екендігіне күмәнмен қарайды. Кейбір зерттеушілер Анақарыс бейнесін аллегориялық насихат үшін, жалпы айтқанда, Афинаның қалалық категориясын көтеру үшін қолданылғанын айтады. Осы мақсатта герменевтикалық әдісті де, диалектикалық әдісті де қолданғандар болған. Онда логикалық күш-қуат басым. Анақарыс философиясы қазіргі грек тілінен мүлдем өзгеше және оның сипатында басқа өркениеттен сіңісті болған қасиеттер бар. Анақарыстың таным-білігі грек ықпалына әсері өте мол болған. Оны зерттеушілер, стоиктер, софистер, сондай-ақ, Платон мен Аристотель жан-жақты сынап көрген. Анақарыс ілімдері грек және Батыс философиясының негізін салған.

Скиф дәуірінің тарихи жылнамасы Геродоттың «Тарих» еңбегінде көрініс тапқан. «Тарих атасының» куәландыруы бойынша, скиф патшасы Гнурдың ұрпағы Анақарыс алыс сапарға шығып, жол бойында көптеген елдерді, оның ішінде Грецияға ұзақ уақытқа табан тіреген. Сапардан қайтар жолда Хеллеспонт арқылы Анақарыс Қызикке жол тартып, онда Құдай Ана күнін мерекелеудің үстінен түскен. Жат жерлік саяхатшы сол ортада әлеуметке ант беріп, туған жеріне аман-есен оралуды сұрап, Құдайға жалбарынып, құрбандық шалған. Рәсім өліммен аяқталған. Бір скиф Анақарысты осы рәсімде кездестіріп, ол туралы патша Савлиге хабарлаған. Ол дереу рәсім ортасына барып, зұлымдарды садақпен атып өлтірген. «Бұл адам бөтен әдет-ғұрыптарды қабылдағаны және эллиндермен араласқаны үшін бақытсыз өмірін аяқтады» (IV, 78) [3, 206 б.].

Келесі бір оқиғаға сәйкес, Анақарыстың ел, жер көру үшін ғана сапарға шықпағаны, оны скиф патшасы «грек даласын зерттеуге» жібергені айтылады (IV, 77) [3, б. 206]. Кейбір зерттеушілер оны скифтердің  даналық ұлағатын іздеуге бейімділігінен басқа ештеңе емес екендігін айтады.[25, с. 205]. Жалпы, «философиялық экспедицияларды» түрлі уақыттарда Солон, Фалес, Гекатей, Пифагор, Демокрит, Платон жүргізген. Олардың Шығыстық көне өркениеттерге қызығушылығы, басым болған. «Скифтерден гректерге» жіберілген даналық сипатынан басқа ғылымда өзге ешқандай оқиға тіркелмеген. Плутархтың айтуынша, Мысырдың шығу тегі ретінде су туралы түсінік бар, оны Гомер де білген (Il. XIV, 246). Героник бойынша, бұл автордың мысырлық даналыққа қосылғандығын дәлелдейді. (Де Исид 34). Алайда Геродоттың өзі бұл оқиғаны «эллиндердің өздері ойлап тапқан» (IV, 77) [3, 206 б.] дейді. Егер Анақарыс, скиф патшасының хабаршысы болса, оның мақсаттары мүлдем басқаша болуы мүмкін ғой. Анақарыстың елшілік сапары экономикалық сипатқа да ие болуы мүмкін. Скифия Солтүстік Қара теңіз аймағында (Ольбия), сондай-ақ Кіші Азияда (Милет) және Балқан түбегінде (Афины) грек саясатымен экономикалық байланыс орнатты. Оған тағы бір дәлел, Батыс әлемі айтқандай, ең алғашқы салық жүйесі мен кедендік алымдар Шығыс елдерінде пайда болған. Қазіргі экономикалық жүйе сол кезден бар тәжірибе болған. Бірақ, сол жүйе жарты жолда үзіліп қалған. Уақыт өте келе, Алтын орда мен Араб халифатындағы экономикалық қатынас скиф дәуірінен келе жатқан тәжірибе еді. 

Грецияда Анақарыс қандай да бір жолмен «өзінің үлкен даналығын көрсетті» (IV, 76) [3, 206 б.] және осылайша бүкіл скиф әулетін мадаққа іліктірді. Анақарыстың философ ретіндегі атақ-даңқы соншалық, ол «жеті ғұлама» қатарына қосылды, осылайша философияның негізін қалаушылардың бірі мәртебесін алды. Анақарыс бұл топта бірден пайда болмады. Платон оны ұлы өнертапқыш ретінде құрметтеп, Гомерден жоғары қойған (Х, 600а). Платонның алғашқы замандасы Эфор Кимский Анақарысқа жеті данышпанның алғашқысы ретінде, гректер оған «мінсіз моральдық тазалық пен парасаттылығы үшін» осындай құрметпен қарағанын айтады. (Ст. VII 3, 9) [27, 277 б.]. Анақарыстың көрнекті рөлін баса көрсете отырып, Эфор оған якорь, құмыраның дөңгелегі және темір ұстасы өнертабысын ойлап тапқанын да естен шығармайды (Ст. VII 3, 9). Скифтердің заңсыздығы мен жеңілмейтіндігін қарапайым өмір салтынан және мүліктің жетіспеушілігінен ажыратады. Скифтерге осындай комплиментті көзқарастың тікелей көзі Платонның идеалды қоғам туралы ілімі болғанын көрсетеді. [28, с. 23-24]. Анақарыс бейнесі қарапайым ақиқат сөзбен қарапайым эллиндік дискурсты жеңетін және өркениетпен бүлінген гректерге қызмет ететін «данышпандық» ретінде қалыптасқан. Апокрифте «Анақарсыс хаттарында» (б.з.б. III ғасыр) атты құндылықтар жүйесі циникалық идеяларды насихаттау үшін де қолданылған. Билеушілерге жолданған бұл хаттарда оның авторы кез-келген биліктің зорлық-зомбылық сипатын әшкерелейді. Анақарыстың өркениеттің сыншысы әрі қарапайым өмірдің уағыздаушысы ретіндегі бейнесін кейінгі авторлар – Плутарх, Элиан, Люциан дамытқан. Герадоттың Анақарыс туралы хикаясындағы ең маңыздысы – скифтердің эллиндік әдет-ғұрыптарды қабылдамауы еді. Адамзаттың мәдени өмірінде қайғылы болып көрінген барлық жағдайларға тірі антитез ретінде көрінген Анақарыс бұл рөлді біздің заманымызға дейін өткізіп жіберген. Гректердің адасқан ойшылға деген қатынасын «Аполлонидің хаттары» дәлелдейді. «Анақарыс скиф болғандықтан данагөй болған. (Аполлон. Эпист. 61 Кайзер) [26, с. 126]. Осы мойындаудан кейін Афиналықтар аңызға айналған Афины патшасы Сесустың салмақты бейнесін жасау үшін мифологияны қайта қарауға кіріскен. Оның бейнесін қаланың символы ретінде өрнектелген ваза кескіндемесінің басты мотивіне айналдырған. [11, с. 491]. Троян соғысында Афиныға маңызды рөл беру үшін Пасис комиссиясы Илиада мәтініне өзгертулер енгізген. Идеологиялық құрал ретінде, Афинада Анақарыстың болуы туралы оқиға өрбуі мүмкін. Көптеген жерлерді аралап жүріп, әйгілі скиф ұзақ уақыт бойы өзінің бой үйреткен ортасы ретінде басқа қаланы таңдауы мүмкін емес еді. Оның Салонмен достығы оқиғадан тыс болуға да мүмкіндік бермейтін еді. Орталық мәнге ие болған қала «грек өркениетінің жүрегі» деген талапқа ие болатын. Бұл қалада скиф философы салған мүсін Анақарыспен Афины арасындағы байланысты нығайтуға үндегені анық. Анақарыстың атақ-даңқын асыру үшін пайдалану, ол оғаш идея емес. Осы даңқы арқылы ежелгі Грецияда Анақарыс ең танымал философиялық кейіпкерлердің бірі болды. Эллада да 70-ке жуық ежелгі авторлар өз жазбаларында оның аты мен бейнесін қолданғаны белгілі. [14, с. 113]. Соның ішінде, Ферекид Лериски, Аристотель, Николай Дамасский, Иосиф Флавий, Сексус Эмпириус, Александрия Климент Афина оның абыройын аспандатты. Ортағасырлық жазушылар мен ағартушылар Анақарыстың табандылығы мен ерлік істеріне ерекше екпін түсірді. Оның бейнесі XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында ерекше танымалдыққа ие болды.

Иезуит ғалымы Жан-Жак Бартелемидің (1716-1795) «Жас Анақарыстың Грецияға саяхаты» атты еңбегі Скиф ұрпағының Платон мен Демоспен кезеңіндегі грек қалалары арқылы саяхатын сипаттайтын алғашқы археологиялық роман. Автор – француз археологі және лингвист, шифрланған финикия тілі және басқа да семиттік тілдермен туыстығын зерттеуші. Франция Көркем тіл және жазба академиясының мүшесі. Кітап Еуропада Грецияның жаңа табынуын құрды (бұл таңқаларлық емес, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін ежелгі Хелла тақырыбы ешкімді қызықтырмады, ежелгі дәуірге деген ғылыми қызығушылық негізінен Риммен ғана шектелді). Бартелеми Карамзиннің қолдаушысы болды. Өзін Анақарыспен байланыстырып, «өзінің білімін біліммен безендіру жолына саяхаттаған» [10, с. 251-252]. Бұл шығарма Еуропаның барлық тілдеріне аударылған. Ресей императоры Александр І осы кітаптың аудармасын Мәскеуде басып шығару үшін, профессор П.И. Страховке 6000 рубль бөлгізген. Ол Мәскеуде 1803-1819 жж. арасында аударылып, басылған. Ресей академиясының дайындаған басылымы да бар. (Петербург. 1804-1809). Бұл шығарма көне гректердің отбасылық және қоғамдық өмірін ашық та шынайы суреттеген, ол жеңіл, жалпыға түсінікті формада жазылған. Шығарма Француз төңкерісінен бір жыл бұрын жарияланған. Шығарма желісі сол дәуірдегі Еуропаның барлық еркін ойлы адамдардың көңіл-күйінің айнасына айналып, азаттық, еркіндікке ұмтылысын арттырған. Бұл идея бостандықты аңсаушы Ресей қоғамына сілкініс әкеліп, Ф.Н. Глинка, А.С. Грибоедов, Н.М. Карамзин, А.С. Пушкин сынды жазушыларға ой тастаған. Пушкиннің «Грандиге» өлеңінде Анақарыс бейнесі бар.

Анақарыстың атақ-даңқына қарамастан, оған батыстық зерттеушілер назар аудармай келді. Тіпті ол тарихта болмаған, мифтік жиынтық образ деушілер де болмай қалған жоқ. Жалпы, мифтік әңгімелер адамзат көркем өнерінің жауһары, ол – роман. Зерттеушілер мифті – алғашқы адамдар тіршілігінің маңызды бөлігі дей тұра, қоғамдық өмірдегі әртүрлі мәдениеттің қайнарынан туындаған шынайы ой-пікірлер деп айтады. Грекия мифтерінде он сегіз мың ғаламның жаратылысы бір қараңғылықтан басталады. Онда табиғаттың даму барысында тіршілікке жүкті болғаны дәріптеледі. Демек, мифтің өзінде даму, тіршілік көзі бар. Соңғы жүз елу жылда жарық көрген ілімдер мен таным туралы кітаптар мен мақалалар аз емес. Солардың бірі – Шарлотта Шуберттің «Сейдж Анақарыс: көшпенді, скиф, грек» атты кітабы. Ол зерттеу сипатына ие [32]. Анақарыстың тарихи болмысы философия тарихындағы университеттік курстарда оқытылмауы біздің танымымызды кейінге ысырып келеді. Әйтсе де, бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегі скифтердің данагөй бейнесіне көп көңіл бөліп отыр. Украина ғалымдары Анақарысқа скиф жерінде өмір сүрген уақытқа дейін, оның «алғашқы украина философы» ретінде қарайды. Украинада философиялық мектеп мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан. Анақарыс туралы В. Крисаченко [13], С.Русяев [22], А.Черны [29] және басқа украина зерттеушілері зерттеген. Анақарыс Осетияда да танымал, олар скифтерді осетин халқының ата-бабалары санайды. Анақарыс есімін Цхинвалидың орталық кітапханасы Анақарыс есімімен аталады. КСРО-да скиф философиясы туралы жарық көрген жалғыз кітап, ол жоғарыдағы Бартелемидің кітабы.

«Шежірелерді» жасау – бұл әлемдегі көне кәсіп. Бұл ретте Рим мен Юлийдің даңқына арналған Вирджилдің Энейін еске алсақ та болады. Анеяны өздерінің ата-бабалары деп жариялағаннан кейін, римдіктер грек мифологиясында ретроактивті түрде өздеріне орын тапты және осылайша өздерін ежелгі бай мәдени дәстүрлері бар халық деп санауға заңды құқық алды. Лаертиустің айтуы бойынша, Анақарыс мұрасы «өмірдің қарапайым және соғыс жағдайындағы скиф және эллиндік әдет-ғұрыптар туралы» 800 өлең жолдарына айналды. (I, 8) [5, с. 86]. Бірақ бұл өлеңдер әлдеқашан жоғалып кеткен. Әйтсе де,  Анақарыстың дәлелдері мен үзінділері көп тараған. Оның үзінділерінің жинақтарын Хайнц [31], В. Латышев [15] және басқалар шығарған. Ең толық және ыңғайлы 10 тақырыпқа бөлінген 50 мәлімдемеден тұратын Дж.Киндстрандтың [9] жинағында (яғни, Thales-тен гөрі Анақарыстан екі есе көп үзінділер бар). Киндстрандтың коллекциясында «Анақарыс хаттары» кинофильмдері, сондай-ақ Люцийдің романдары, Самосатцтың әдеби-көркем фантастикасы ғана орын алмаған. Тарихшы М. Ростовцев Лукян эллиндік уақыт көздерінен алынған нақты тарихи-этнографиялық материалдарға нақты сүйенеді деп тұжырымдайды [21, б.108]. Бұл тұжырымдардың көпшілігін кейінгі ойшылдар Анақарысқа «парасатты жолбарыстың» имиджін құру аясында жатқызған деп санайды [9; 25 және т.б.].

Әлемдік өркениет дамуында аты қалған бабамыздың Эллада даласына келуінде түрлі пікірлер бар. Анақарыс Еуропаға өзі ғана барған жоқ, ежелгі сары даланың пассионарлығын, мәдениетін, жойқын күшін алып барды. Осылайша, Эллада елін басқа деңгейге шығарудың негізін жасауға атсалысты. Ол аймаққа үлкен тектоникалық өзгерістерді енгізуге күш салып, өзге халықтардың басын қосатын жерге айналдыруға жол салды. Осы іс-қимылы арқылы жеке тұлғалардың бойында пассионарлықты оятып, оны ұжымдық күшке айналдырды. Жалпы, Геродот «Тарихында» скифтердің өз туыстары массагеттермен сыйыспай, Тұран асып, Аракс өзенінен өтіп, Қара теңіздің Солтүстігінен келгені туралы да айтылады. Көптеген әдебиеттерде Анақарыстың бұл топыраққа алып  таулардан асып, өзендерді кешіп келегені нақты айтылады. Кемеден түскеннен кейін оның алғаш тілдескен адамы өзінің отандасы, емшілігімен ие Тоқсарыс атты скиф болғаны туралы жоғарыда айттық. Тоқсарыстың Анақарысты жат елдің салт-дәстүрі мен тіліне үйретіп, бір жылдай шәкірт тұтқанын Лукиан «Скиф немесе мейман» атты еңбегінде жазған болатын. Анақарыстың даналығы оның патшалар мен ойшылдар, қарапайым адамдармен өзара әңгімелесулерінен кейін белгілі болады. Соның бірі оның «жеті ғұламаның» бірі саналған, Афинаның ардақты ұлы Солонға баруы еді. Дала дәстүрі бойынша Анақарыс үйдің сыртынан тұрып оған кісі жіберіп: «Солонға айта бар, шалғай Скифия даласынан көшпенділердің асыл қанды ханзадасы келіп тұр. Жаны қаласа – дос боламыз, көңілі түссе – қонағы боламын» – дейді. Оған Солон: «Батыр досын отанынан із- дер болар, жат жерлік ер қадіріне жете бермес» деп жауап береді. Анақарыс  кісіні қайыра салады: «Артық  туған Солонға айт, ол өз үйі – өлең төсегінде отыр, дос іздегеннің меселін қайырмасын, мұндай жағдай күнде тумайды» -дейді. Сөздің мәнісін түсінген Солон өзі шығып, Анақарысты қарсы алады. Бұл достықтың ұзақтығы бір кісінің ғұмырынан асыпты. Тағы да бірде көшпенді-тағы гректерге ақыл үйретпекші ме,- деп күлгендерге ол: «Скифиядан келген нан дәмді болғанда, скифтердің ойы мен пиғылы мәнсіз бола ма?» дейді. Ал «сендерде әуелі үй де жоқ, үй ішінің ретін білмегенде, мемлекеттегі ретсіздік жайлы қалай айтасың?». «Үй дегеніміз – төрт қабырға емес, адамдар оларға қайда тұру ыңғайлы екендігі тіпті даулы мәселе»-дейді. Лидия патшасы Крез екеуінің арасындағы әңгіме де оның даңқына даңқ қосады.

Анақарыс бабамыз сегіз жүз жолдай өлең жазған. Сол өлеңдерден ата-бабамыздың дүниетанымы, қоршаған ортаны қабылдауы, салт-мен әдет-ғұрпы, өмір сүру формасы анық көрінеді. Сол сақтар заманынан бері қарай түркілердің ұлттық моралі мен мінез-құлық этикасының ғасырлар бойы өзгермей, бұзылмай таза сақталып келгендігін төмендегі өлең жолдарынан көреміз:

«Сенің сенгенің –

Сыбызғы сырнай мен ақшалы әмияның,

Менің сенгенім–

Садақ пен жебе,

Сондықтан да сен – сауықшыл дүниенің құлысың,

Ал мен – еркін азаматпын.

Сенде жау көп,

Ал менің дұшпаным жоқ,

Егер де сен, асыл тастарыңды лақтырып тастап,

Садақ пен қорамсақты ғана асынып,

Сақтардың ішінде ғана өмір сүрсең,

Онда мен сияқты, сен де еркіндікте жүрер едің».

Біздің бабаларымыз ар мәселесін бәрінен жоғары қойған. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп күні бүгінге дейін ұстанатын ұлттық қағида бар. Дүние жиған адам, соның соңына түскен адам бірде болмаса бірде арын кірлетеді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегеніміз де сол. Анақарыс бабамыз әр нәрсенің өлшемін жақсы білген, әр нәрсе өз мөлшерінде болғанын қалаған. «Сендерде, дейді, тіпті Құдайлардың өздері әлемді бөліске салған: бірі көкті, бірі – суды, бірі – жер астын иемденеді. Солай бола тұрса да, жерді бөліске салмапты, оны өздерің ту-талақай етіп, сол үшін қырғи қабақ боласыңдар да жатасыңдар». Ол сауықшыл дүниенің салтындағы қызыққұмарлық, ішімдік құмарлықты ұнатпаған. Ішімдікті қалай қоюға болады дегендерге көбірек қарандар!» деген.

«Менің бар жамылғым сақтың шапаны,

Етігім – аяғымның терісі,

Төсегім – кең дала,

Таңғы асым мен түстігім –сүт, ірімшік және қуырдақ,

Сусыным – су».

Дала перзентінің еркіндік сүйгіш табиғаты осылай сөйлейді. «Суықта жалаңаш жүре беретіндерің рас па?» дегенге: «Сен де аязда бетіңді ашып жүресің ғой, ал менің тәнім – бетім секілді» деген. Ойлап қарасақ, жоғарыда келтірілген өлең жолдарында даланың мінезі жарқырап тұрған жоқ па!?

Анақарыс айтты деген қанатты сөздерден, оның жеке қасиеттерінен қай ұлттың мінезі көрініп тұр? Қазақтың! Славян халқы ортақ түпке (Геродот жазбаларындағы «сколот» ұғымын гректердің «скиф» («тета» әрпі арқылы) деп қолдануынан «скит» яғни «скиталец» деген сөзден шығуы мүмкін деген гипотеза бар) сілтеме жасай отырып, оның тегін славян етеді. Оның ойлау жүйесі мен поэтикалық түйсінуінде славян менталитетінің иісі де жоқ. Мұндағы «еркіндік сүйгіштік» ұғымы, «бес қаруға сену», «ешкімді дұшпан көрмеу», «төсегім – кең дала» түсінігі, тағам аттары, бәрі де  түркі баласы ғана сезіне алатын дүние. Ол құндылықтар кешеден – бүгінге жетіп, жойылмаған дәстүр.

Ежелгі сақтардың көзі көк, өзі сары болғаны тағы белгілі. «Өзі- сары, көзі көк, ол адамның сұңқары» дегенде Абай еуротектілерге емес, осы скиф, сақтарға меңзеп отырмағанына кім кепіл?!

Рас, біздің «әртүрлілігіміздің» бірнеше себебі бар. Еуропа мен Азияның арасында географиялық орналасуымыз, арғы-бергі тарихымызда Ұлы дала төсін еркін жайлаған тайпалардың ерсілі-қарсылы қоныс аударып, бір-бірімен сапырылысып жатуы бет-бейнемізге өз таңбасын қалдырды. Жауынгер бабаларымыз бірде солтүстүкке, бірде оңтүстікке, жасаған толассыз жорықтарынан кейін табаны тиген елдерінің аруларын қалыңдыққа алып отырғанын ұмытпағанын естен шығармағанымыз абзал. Басқа қанды әйелдер кейін ассимиляцаға ұшырап, бертін келе халықтың кескін келбетін өзгертіп, генетикалық портретіне салмақты із тастаған. Америка ғалымдары жүргізген зерттеулер аналық тегі бойынша қазақтардың әртүрлі екені, оның 60 пайызы азиялық, ал 30 пайызы еуропалық болғанын айтады. Шетелдік ғалымдар ежелгі ғұндардың өкілдеріне генетикалық зерттеу жүргізгенде, қазіргі қазақтардың бір кездегі ғұндарға ұқсастықтары көп екенін анықтаған. Қазақ генефонының құпиясы осында жатыр.

Демек, сақ-скифтер, ғұндар, байырғы түркілер…Ұлы Дала… Грек лексикографы Стефан Византийский (V –VІ ғғ.) өзінің «Этника немесе тайпаларды сипаттау» атты еңбегінде: «Скифтерді қару-жараққа байланысты сақ (қалқан) деп атайды, себебі, олар сақты-қалқанды ойлап тапқан» -деп жазған. «Сақ» сөзі қазақтарда бүгінде де қолданыста, мысалы «сақ, сақшы, сақта, сақтайды, сақтан, сақтану, сақтау, сақтандыру т.б.». Гректер сақтарды скиф деп атаған. Тарих атасы атанып кеткен Геродоттың сақтарды Гераклдың ұлы Скифтен таратады. «Сақ» және «скиф» сөздерінде «С» и «К» әріптері жақын тұрғаны біздің осы болжамымызды растайды. Біздіңше гректердің «скиф» дегені сақтардың өздерінен естіген «сақ» сөзінен грекше «скифке» айналған түрі» -дейді мәдениеттанушы Бердалы Оспан. («Ұлы дала және қытай поэзиясы», 89-бет. «АQIQAT», 5. 2018.)

Ғалым С.И. Руденко «Ғұндар мәдениеті және ноинулиндік қорғандар» кітабында: «біздің дәуірімізге дейінгі соңғы жүзжылдықтарда саясат алаңына орталық азиялық тайпалардың арасынан ғұндар бірінші орынға шықты» деп жазады. Ғалым қытай шежірешілері жазып кеткен ғұн көсемдерінің сөздерін де келтірген: «Ат үстінде соғысу біздің басымдылығымыз: сондықтан, біз басқа халықтардың зәре-құтын қашырамыз. Айбынды жауынгерлерге кенде емеспіз. Біздің ұрпақтарымыз басқа халықтардан биік тұратын болады. Қытай қанша үлкен болса да, ғұн жерін толығымен басып ала алмайды». Сондай-ақ, Норвегиялық ғалым Тур Хейердтің біздің арғы бабаларымыз туралы сөзі аса маңызды болмақ: «Мен байырғы түркі өркениетінің маңызын толық сезінемін, әрі олардың ықпалының қазіргі кезде белгілі өркениеттер арасындағы ең ұлысы екенін және Еуропаның басқа шетіндегі менің елім Норвегияға да күшті әсер еткенін мойындаймын» дейді. (Ол да сонда. 89-бет).

Екіншіден, сақтар мен скифтердің ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтарға генетикалық тұрғыдан ине шаншыр жақын тұрғандығы лингвистикалық тұрғыдан да айқын көрінеді. Сақтар мен скифтерді тілдері үндіеуропа тобына жататын парсылармен ғана жақындастыру шындыққа жанаспайды. Тіпті генетикалық және лингвистикалық байланыс тұрпатына зер салсақ, осыдан 40 жыл бұрын Азия құрылығынан Америка асып кеткен үндістердің де арғы тегі түркі мәдениетімен сабақтас екені бүгін дәлелденіп отыр. Себебі, онда Еуразиядағы скиф, сақ, ғұн мәдениетінің ол жерлерде де, сарқыншағы сақталған. Демек, Еуропацентристік көзқарас скиф, сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бір бұтағы болғаны туралы дәлелдері өзге фактілерді көруге мүмкіндік бермек емес.

Анақарыс бабамыздың өнертапқыштығы оның ойлап тапқан бұйымдары бүгінгі күнге дейін қолданыста жүруі болып отыр. Ежелгі материалдық және рухани құндылықтар түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік берді. Анақарыс Эллада еліне апарған материалдық құндылық сол кезде-ақ, бүкіл Еуропаға, одан Скандинавия елдеріне тарағаны бүгінде белгілі болып отыр.

Аңыз бойынша ол қос мүйізді қазіргі зәкірді ойлап тауып, желкен құрылысын жетілдірген. Кеме тақтайларының төрт елі екендігін көріп, «теңізшілер ажалдан төрт елі жерде жүзеді» дейді. Соның ретінде «тірілер көп пе, өлілер ме?» дегенге «теңіздегілерді қайсысына жатқызуға болады?» десе, «қандай кемелер ең қауіпсіз?» дегенге «жағаға шығарылғандары» деп жауап береді. Бір Афиналық оған скиф екендігін айтып, тұқыртпақшы болады. Сонда Анақарыс: «Мен отанымнан қорлансам, отаның сенен қорланады» дейді. Кейін сақ даласына оралған бабамыздың ақтық сөзі «Элладада мені ақыл-ойым көкке көтерсе, отанымда қызғаныш көрге тықты» болған. Геродоттың айтуы бойынша, теңізде жүзген шағында Кизикиялықтардың өз Құдай аналарына арнап өткізіп жатқан салтанатының үстіне түсіп, «отаныма аман-есен жеткізер болсаң, саған бағыштап құрбан шалармын» деп серт береді. Отанына оралған соң, Құдай Анаға арнап құрбан шалады. Мұны көрген скифтердің бірі Савлийге барып, бауырының үстінен жаманат жеткізеді. Қаһарына мінген Савлий аң аулап жүрген кезде өз бауырын садақпен атып өлтіреді-міс.

Скифтер өзге халықтардың салт-дәстүрін қабылдаудан бас тартқан. Геродот бұл қасиетті скифтік колорид ретінде баса көрсетеді. Осы құндылық олардың ұрпағын осы уақытқа дейін жер бетінен жойылып кетуден сақтап келген.

Енді скифтер жайлаған өлке туралы айта кетсек. Геродоттың (б.д.д ІVғасыр) «История» еңбегінің төртінші кітабының жартысынан астам бөлігі Украинада  тұратын көшпелі өмір салтын ұстанған скифтер өміріне арналған. Грек тарихшысының өз шығармасының басым бөлігін скифтерге арнауы олардың Қара теңіз жағалауындағы Греция колониясы болған Ольвияға жасаған сапарында олармен кездесіп, тұрмыс-тіршілігін жақсы білгендігін айғақтайды. Жалпы, «сармат» сөзі грек сөзінен алынғанын да дәлелдейді.

Геродот (ІV,21) Танаис (Дон) өзенінің арғы бетінде Скифия даласы біткен жерден сарматтардың жері басталады. Бұл туралы Гиппократ (б. д. д 460 – 377) та, Страбон да (VІІ, 22), Танаис өзенінің арғы бетінде суық және шөлейіт даласының басталатынын айтады.

Ұлықталуы

Страбон (VІІ 7, 3, 7) гректер мен римдіктердің өркениет мәдениеті көшпенді скифтерге ықпалын да жасырмайды. Автор скифтердің ат үстінде еркін отырып, садақ ататынын, және оның өзге халықтарға үлгі болғанын айтады. «Біздің ұғымымызша скифтер жер бетіндегі өзге халықтарға қарағанда өте әділ және әдепті келеді. Олар сондай-ақ, өте қанағатшыл және біз сияқты бір-біріне арқа сүйеп өзгеден үміт күтпейді, өте тәуекелшіл» -дейді. (Тадеуш Сулимирский «Сарматы древний народ юга России» 20-б.). Міне, осы мінездің бәрі Анақарыстың бір басынан табылатын еді.

Ұлы далы өз перзентін осылайша қарсы алған. Ежелгі аңыз желісі бойынша Анақарыс бабамыздан алты – Ақ, Жан, Бек, Бал, Пан, Бол атты ер балалар қалады. Бүгінгі қазақтың үш жүзі осы үш ұлдан таратылған деген де әңгіме бар. Олардың негізін – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан таратады.

Тарихқа хунну, гун, сиуңну деген аттармен енген шығыс түріктерінің ол өлкеге батыстан емес, Рашид ад-дин еңбектері бойынша Түркістаннан барған деу скифтерді жат санау емес. Геродот «Тарихында» сол скифтердің өз туыстары массагеттермен сыйыспай, Тұраннан ауып, Аракс (Ар-окс!) өзенінен өтіп, Қара теңіздің солтүстігінен келгені туралы айтылған. «Олардың ойынша, тұңғыш патшалары Тарғытайдың заманынан жерлеріне Дарийдің басып кіруі аралығында тура мың жыл өткен» дейді Геродот. Парсы патшасы Дарийдің скиф жеріне жорығы ж.ж.с.д. 514 ж. болған. Бұған мың жыл қосып есептесек, скифтердің Орта Азиядан Қара теңіз солтүстігіне келуі ж.ж.с.д. 1500 жыл шамасы болмақ. Арада 2800 жыл өткен соң да Шыңғыс хан туыстары ішінде Тарғытай есімінің кездесуі (тайжуыт Тарғытай-қырылдақ, тарғұрт руынан шыққан Тарғытай) түркі тілінің уақытқа төтеп берер өміршеңдігін көрсетсе керек. Хуннулардың (скифтердің де) түрік тілді болғанын көп  ғалымдар дәлелдеген. Ю. Клапрот өзінен бұрынғы ғалымдардың пікіріне қосыла отырып, қытай тарихнамаларында сақталған 20 сөз арқылы хуннуларды «түрік халқы» дейді. Атақты географ К. Риттерде хуннулар туралы: «Они принадлежали к родам многочисленного туркского племени» деп жазған. (СПб., 1850. 44 б.). Л. Гумилев «Хунны» кітабында: «Сиратори доказывал, что известные нам хуннские слова – тюркские», «Сомнение в тюркоязычии хуннов несостоятельно, так как имеется прямое указание источника на близостьязыков хуннского и телеского, то есть уйгурского, о пренадлежности которого не может быть двух мнений» деп жазған (39 бет).

Жалпы, ғұндар деген кім? Грек дидактикалық поэмасының негізін салушы Диониский Каспий теңізінің етегінде өмір сүрген халықтарды ундар деп жазады. Ал, Э.А. Томпсон «Гунны грозные воины степей» еңбегінде оны әр жылдары көшіріп жазушылар бұған дейін белгісіз болып келген «ундар» сөзін өзгертіп, «ғұндар» деп жазып кеткен дейді. Осы еңбекте автор Птолемейдің (ІІІ кітап, 5-бөлім) «…бастарнамалар мен роксоландардың арасында ғұндардың өмір сүргенін айтады.

Геродоттың: «Гректер «амазонка» атайтын ұрғашыларды скифтер «эор пата» дейді, мұның мағынасы «еркектерді өлтірушілер» (мужеубийцы)» деуіне орай, оның «ер опат» деген түрік сөзінен шыққанын байқатады. 150 жылдары қытайлар мен сянби (татар) Таңшығайдан ығып батысқа кеткен шығыс түріктерінің (сиуңну) ұрпағы Аттиланың ордасында болған Приск Панийский («Готская история») ғұндардың «камос» деп аталатын сусын ішетінін жазған. Ол – кәдімгі қымыз. «Қымыз» түрік сөзі, қазіргі моңғол тілінде оны «айраг» дейді.

Арада екі ғасыр өте құрылған Түрік қағанаты кезінде Византия тарихшысы Менандр, Рум елшісі Земархтың 568 ж. Истемиге барғанын, бақсылардың «скиф тілінде күбірлеп сөйлескендерін» («шептали на скифском языке какие-то варварские слова»), елшінің тек отпенен аластап болған соң ғана түрік ханына кіргізілгенін жазған. (Менандр Византийские историки І966). Рубрукта І252 ж. дәл осындай дәстүрдің Қарақорымдағы Мәңгі хан (Мөңке деп жүрміз) ордасында жасалынғанын жазған. Геродоттың: «Скифтердің қаласы, қамалы жоқ, баспанасын өздерімен бірге ала жүреді және барлығы аттылы, садақ атқыштар, олар өздеріне тамақты жер өңдеп таппайды, мал өсірумен күнелтеді және үйлерін арбаға орнатады» деуінде үлкен мән жатыр. Зерттеуші Кисилев Гобиді кесіп, Сібірге өткен хуннулар арбасын жартасқа сурет етіп салғанын жазады. Скиф елінде мұндай арба-баспананың маңыздылығын грек ақыны Пиндар (ж.ж.с.д. 522-442 ж.) өз шығармасында: «Среди кочевников-скифов блуждает Стратон, который не имеет дома, перевозимого на повозке» – деп баян еткен» -дейді Хасен Қожа-Ахмет өзінің «Қазақстан –Заман» газетінде жазған «Түп –тұқияннан Бөрте Шинаға» дейтін мақаласында. (2011 ж., 10 қараша).

Енді Анақарыс айтқан деген қанатты ойлар байламы туралы әңгіме өрбітсек. Жалпы, Анақарыстың қанатты ойлары далалық ойлау жүйесімен айқын аңғарылып тұрады. Анақарыс туралы және оның шығармалары жайлы Диоген, Цицерон, Плутарх, Эзоп сияқты көне грек ғұламалары және сириялық ойшыл Лукиан пікір айтып қалдырған. Мұның өзі Ұлы дала сайыпқыранының рухани әлемінде ғаламдық ойдың негізі жатқанын жоғарыдағы ғұламалардың танып мойындағаны деп білеміз.

Қай кезеңде болсын, шешендік өнерді меңгерген адамның тұрпаты мемлекеттік істерде басым болған. Ежелгі Рим мен Эллада елінде сөз құдіретін меңгерген адамға тәңіріндей табынған. «Тұлғаның даңқын асқақтатын екі қасиет бар: бірі – қолбасылық, екіншісі – шешендік» деп айтқан Цицеронның сөзі бар. Әрбір азамат мемлекет істеріне араласуы үшін шешен сөйлеудің қыр-сырын қанық меңгеруі керек деген пікір айтады. Оған Наполеон Бонопарттың «Кім әсерлі әңгіме айта аламаса, ол тұлға бола алмайды» деген ойын қосып қойса да болады. Тұлғаны дайындаудың да өзіндік мектебі болған. Мәселең, Римнің Элей мектебінде арнайы ақыл-ой данышпандарын дайындайтын ежелгі дәстүр болған. Онда – монолог жасау, диалог жүргізу және оны басқару тетігі оқылатын болған. Оның басты тұжырымы: «Табиғат бізге бір ауыз, екі құлақ бергенде, аз сөйлеп, көп тыңдау» (Китиялық Зенон) болған.

Ал Афиныдағы мектепте риторикалық сөз өнері мен эвристикалық өнерге (қарсыластың кез келген аргументін жоққа шығару) дағдылау басымдық болған. Шешендік өнерді дамытудың басымдығы ретінде есте сақтау қабілетін ұштастыруға ерекше екпін берген. Афиналық мектептің негізін салған ең алғашқы ұстаз Сократ. Римдіктер мен гректер Родос аралындағы шешендік өнер мектебінде оқыған. Бұл мектепте білім алғандардың нақты тізімі жоқ. Бірақ атақты данышпандардың Анақарысты жақсы білуіне және өздерімен сөз жарыстырғанына қарағанда оның осы мектепте тәлім алуы да мүмкін деп ойлаймыз.

Оның көптеген афоризмдері бар. Осы уақытқа дейін әртүрлі тақырыптарға тән 50-ден астам Анақарыс сөздері айналыста жүр. Олар:– адамның мінез-құлқы туралы ойлар; адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы; өзін-өзі бағалау, өзін қорғау туралы; қызғаныш туралы; тілдің мағынасы туралы; ойды жеткізу туралы; гимнастика туралы; саясат және әлеуметтік құрылым туралы; маскүнемдіктің зияны туралы, және т.с.с. Олардың көпшілігі осы күнге дейін қозғалыста. Анақарыстың қанатты сөздері Мисон, Сократ, Ксенофон және Демокритке тән деп те айтылады. Алайда, олардың мәтін сырындағы сөздер жеке дара гректерге тән емес екендігі анық.

Анақарыс айтты дейтін қанатты сөздер өте көп. Соның көпшілігі сұрақ-жауап үлгісінде кездеседі. Зады, Диогеннің, Лукианның, Плутархтың, Платонның, Геродоттың пайдаланған шешендік сөздерінің дені Солон мен Анақарыстың екеуара пікірсайысынан алынуы мүмкін. Өйткені кейбір қанатты тіркестер олардың өзара әңгімесінің ішінен ұшырасып қалады. Анақарыс – қаракөктің тұқымы, ханзада. Ал тақ мұрагерінің әрқайсысына жеке тәрбиеші бөліп, әскери өнерге, ділмарлыққа, тапқырлыққа жасынан баулыған.

И. Куклинаның айтуы бойынша, «Анақарысқа қатысты сөздерді басқа даналардың сөздерінен ажыратуға болады, өйткені олардың көпшілігі жеке-дара және соншалықты даналық құдіретке тән, бұл скиф данышпанының көзқарастарын ерекше түрде анықтауға мүмкіндік береді» [14, б. 119]. Оның афоризмдері біздің дәуірімізге дейінгі көптеген көне еңбектерде қайталады. Ол тұста ең құрметті адамдар санатына даналар, пайымдағыш адамдар, маңызды істерде беделді адамдар жатқызылған. Бұдан басқа Анақарыстың он хаты белгілі. Оның екеуі Лидия патшасы Круусқа, қалғандары афиналықтарға, Солонға, тиран Иппархқа, Медокқа, Анонға, патша ұлы Тереза – Фракияның қатыгез билеушісі Трасилоға арналған. Анақарыс атымен аталған бұл хаттар ғалымдардың пікірі бойынша ІІІ–І ғғ. жатады. ХVІІ ғ. соңында шебер Федор Зубов Мәскеу Новоспасский монастрының шіркеуіне кіретін баспалдақтардың екі жағында Платон, Аристотель, Плутарх, Солон, Клаудиус Птолемей, Геродион, Гомер және мифтік Орфеймен бірге Анақарыс бейнесін жасаған.

Анақарыстың даналық сөздерінің болмыс бітімі қазақтың белгілі шешен-билерінің сөздерімен қабысқан. Ол – Эллин жерінде жүрсе де, тұрмыста скифтерше өмір сүрген.

Плутархтың «Жеті данышпанның сауығы» деген әңгімесінен Анақарыстың эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен, терең білімімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Геродоттың баяндауына қарағанда, Анақарыс Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Анақарыс туған Отанында оны көре алмаушылардың қолынан қаза табады. Геродот Анақарыстың қайғылы өлімінің себебін скифтердің әдет-ғұрпымен байланыстырады. Афины билеушісі, атақты реформатор Солонның төмендегі жалынды сөздері ұлы скиф данышпаны Анақарысқа арналады: «Афинылықтар, мен сендер үшін әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жателдік азамат… скиф бола тұра ақылға бай, дана. Ол менің көзімді ашты, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байыптауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге қалаулылардың мүсіндерімен қатар қойыңдар!»

Анақарыс философиясы, оның барлық филлинизміне қарамастан, үнді-еуропалық менталитетке, мифологияға тән мотивтерді болжайды. Анақарыстың грек ойына әсері өте маңызды болғанын мойындауымыз керек. Оны сыншылар мен стоиктер, софистер, сондай-ақ, идеалды мемлекет туралы ілімді дамытқан Платон да сынап көрді. Стагирит оны байсалды ойшыл деп санайды (Пол. 1176b 30). Осылайша, тікелей немесе жанама түрде Анақарыс ілімдері грек тілінің негізі болып табылады.

Анақарыстың ескерткішіне: «Тіліңді тый, тамақты талғап іш, құмарлыққа салынба!» -деген өз сөзі ойып жазылған.

Ежелгі антикалық дәуірдің жеке тарихи тұлғалары арнайы жан-жақты зерттелмеген. Оларға қатысты тиіп-қашты тарихи оқиғалар бір автордың шығармасынан көшіп, екінші бір автордың еңбектерінде көрініс тауып отырған. Ежелгі дәуір данышпандарының жеке тұлғалық қасиеттерін, олардың өмір сүрген кезеңдегі ортасының ішкі және сыртқы жағдайында жүргізген саясатынан байқауға болады.

Ел тарихы, болашақ ұрпаққа мақтаныш бола алатын тұлғалар, олардың дүниежүзі өркениетіне қосқан үлестері  туралы көп жазуымыз керек.

Біз Еуразия құрлығындағы елміз. Осы құрлықтың аты біздің бабаларымыздың тағдырына тікелей байланысты. Халқымыздың ұлы тарихшыларының бірі – Әлкей Марғұлан өзінің 1998 ж. жарық көрген шығармасында: «…Яксарт өзеніне қарай ағатын өзендердің бастауында жатқан Қазақ қыраттары антикалық жазушыларға «Аспазия» немесе «Скиф» таулары деген атпен белгілі еді», – деп жазады. Мұның өзі Анақарыстың осы даладан кеткенін тағы бір айғақтайды.

Алғашқы болып атты қолға үйреткен, атты әскер құрған, металл балқыту технологияларын игерген ұлы дала қырандары әлем өркениетінің алдында болғанын батыс өркениеті әлдеқашан мойындаған. Алғашқы болып біздің даламызды «Жылқышылар елі» деп атаған атақты «Иллиада» авторы – Гомер. Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ғұлама тарихшы оны бекерден-бекер айтпасы анық. Данышпан тарихшының кезінде біздің жерімізде өмір сүрген индо-арий, инд-иран халықтарының тілінде жылқы малын «ащва», «ас» деп атаған көрінеді. Осы «ас» сөзі жүре келе «Ас» – «Аспазия» –«Азия» деп аталып кеткен дейді кейбір зерттеушілер. Жылқы демекші, Еуропаның атақты философы Карл Ясперс: «Орталық Азиядан шығып, Үндістан және Еуропаның елдеріне жаугершілікпен баса көктеп кірген көшпенділер (ұлы мәдениет иелері жылқы малын пайдалануды солардан үйренген еді) дамудың үш саласынан табысқа жетті. Көшпелі халықтар ат жалын тартып мініп, дүниенің кеңістігін игерді. Олар ежелгі Ұлы мәдениет иелерінің елдерін жаулап алды. Олар үстем нәсіл өкілдері ретінде дүниеге ерлік пен қасірет ұғымын бірге алып келген болатын…», -деп жазды. (К. Ясперс. Смысл и назначение жизни. – М. «Политическая литература», 1993).

Номад мәдениетінің бір құндылығы – үзенгі. Оны ойлап табу сол тұста ұшақты ойлап тапқанмен бірдей болған. Үзенгі, киіз үй және дөңгелекті айналымға қосу, сол тұстағы өрлеудің бір бағыты болғандығы байқалады. Ғылыми-техникалық прогресс зерттеушісі Л. Уайльд: «Еуропада үзенгінің пайда болуы алғашқы феодалдық мемлекеттердің дамуына алып келді» деген тұжырым жасаған. Біз осы уақытқа дейін әлем мойындаған осы құндылықтарды көшпенділердің ұлы мұрасы етіп жариялауды ұмыт қалдырып келеміз.

Эллиндік әлемде Анақарыс ойшыл, философ, экономист теоретик қана емес, сонымен қатар практик. Оны соқа, зәкірді ойлап тапқан рационализатор ретінде де тануымыз керек. Платон Афиныдағы эллиндердің өмірі мен әдет-ғұрыптарын зерттей келе, скиф жазушысы Анақарысты көптеген пайдалы жаңалықтар ашқан тұлға ретінде атап өткен.

Батыс әдебиеттерінде сақтар туралы түрлі пікірлер бар. Францияда орыстың эмигрант жазушысы Павел Горгуловтың «Скифтердің құпиясы» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Горгулов «скифизм» идеясын ашық насихаттаған тұңғыш ақын. Алайда оның идеясы Еуропада қолдау таппаған.

Анақарыс – этимологиясы: Ана – «жауынгер» (с.а. «Аника – жауынгер»), ал «арыс» атауының соңында санскрит сөзінен тамыр алынған: НАR –Наr – жағымды, сыпайы; Наrsа – (һаrsа) (һrs) – қуаныш, бақыт; ал Анақарыс – «жақсы жауынгер», «бақытты жауынгер» дегенді білдіреді.

Анақарыс атауын француз философы және революционері Жан – Батист Клот қабылдаған. Сақтардың атты әскерінің жойқын күші туралы Вавилон тарихын зерттеген поляк жазушысы Зенон Косидовский: «Қап тауының арғы бетінен жабайы скиф тайпаларының алапат тасқыны басталып, көп ұзамай олардың соғыс жалыны Мидия мен Ассирияны шарпыды. Олар Иерусалимнен өтіп, Ніл өзенінің жағасына жеткенде бір тоқтады. Ассирия патшасы Ниневия қамалына тығылып, жан сақтады. Біраз жылдардан кейін скифтер өздерінің тауларына қайта оралғандарына қарамай, таланған ел көпке дейін есін жия алмады. (З. Косидовский. Библийские сказания. М. «Политическая литература»). Скифтердің мұндай ерліктері туралы дәйектер баршылық.

Скифтердің ерліктері туралы еңбектер Христиан дінінің бас кітабы «Інжілде» де бар. Ол жайында жылқы тарихын зерттеген В.Б. Ковалевская «Інжілден» алғанын айтады: «біз үшін бұл тайпалар Еуразия жазығында кеңінен белгілі болған, ең бірінші атты әскер жасақтаған, содан барып алдыңғы Азия ғана емес, бүкіл оңтүстіктегі елдерде ерекше із қалдырған. Ол туралы «Інжілдің» өзінде «Орныңнан» тайсаң болды, солтүстік жақтан алапат көп атты әскер келеді. аттары құстай ұшқыр, қос аяқты арбалары құйын туғызып, өздері бұлтша қаптап келеді, енді біз талан-таражға түсеміз … Олардың қолдарында садақ пен найза, өздерінің түстері суық та рақымсыз, қатқыл шыққан дауыстары теңіз үніндей тербеліп, олар седермен соғысуға келеді». (Конь и всадник, пути и судьбы. – М. «Наука» 1977).

Анақарыстың қаза табуының себебін Геродот былай түсіндіреді: «Анақарыс көп елді аралаған және соның бәрінде ол өзінің даналығымен танылып отырған. Скифияға қайтар сапарында Геллеспонттан жүзіп өтіп, жолай Кизикке аялдайды. Кизиктіктер осы кезде Құдай-Анаға бағышталған мінәжатты салтанатпен өткізіп жатыр екен. Анақарыс та құрбандық шалып: «егер де еліме аман-есен жетіп, денім сау болса, онда осы кизиктерден көрген мінәжат дәстүрінің барлығын сақтай отырып, құрбандық шалып, түн ішінде салтанатты той жасаймын-ау», – деп ант береді. Скифияға жеткен соң Анақарыс Гилея деген тау шатқалына барып жасырынады. Сөйтіп, қалың орманның ішіне ендей кірген соң, өзі Кизикте көрген Құдай-Анаға табыну рәсімін толықтай орындауға кіріседі. Мойнына Құдай-Ана бейнесі бейнеленген тұмарды тағып, даңғыраны дүмбірлетіп қаға жөнеледі. Скифтердің біреуі мұны көріп қалып, оны Савлий патшаға жеткізе қояды. Патшаның өзі мінәжат рәсімін орындап жатқан жерге келіп, Анақарыстың не істеп жатқанын көзімен көрген соң, садақпен атып өлтіреді. Мұнысы оның Эллада елінде болып, жат жұрттың діни мінәжатын кешірмегеннің белгісі» еді. Міне, Анақарыс осылай қапыда өз бауырының қолынан қаза табады. Соңғы демі үзілерде ол: «Эллада жерінде ақылым мені қорғап еді, ал өз еліме кеп, мен қызғаныштың құрбаны болдым», – дейді. (Плутарх). Ол өз еліне келгесін, Элладаның даналық сабақтарын өткізуді қолға алыпты. Ол кімге жақсын, осылайша ол қызғаныштың қызыл етіне жем болып қапыда қалған. Алыс жат жұрттан еліне сағынышпен оралғанда оның көргені осы болған. Ол ханзада боп дүниеге келді, елін-жұртын сүйген және қорғай білген әскер басы боп өмір сүрді, данышпан философ, ділмар ғұлама ретінде қаза тапты.

Тарих – шежіре. Оның жылнамасында хатқа түспеген сан-мыңдаған құпиялар жатыр. Бұл – соның бірі. Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген скифтердің шығыстан батысқа қоныс аударуы нәтижесінде Қара теңіздің солтүстік өңіріндегі скифтер мемлекеті пайда болды. Ал Қара теңіз жағалауы скифтері өз замандастары гректермен тығыз қарым-қатынас жасаған. Бұл аймақтағы тарихи байланыстар жөнінде бірсыпыра анық мәлімет берген Геродот өзінің «Тарих» еңбегінде Скиф даласынан шыққан ғұлама Анақарыс туралы маңызды дерек қалдырған. Анақарыс – Скиф жерінен Эллада еліне біздің заманымызға дейін 594 ж. келеді. Оның шыққан тегі туралы алғашқы деректі Геродот былайша береді: «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшысы Тимнен естуім бойынша, Анақарыс әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Спаргапиптен Лик, Ликтен Гнур, одан Анақарыс туған». Анақарыстың басты мақсаты – Эллада еліне барып, мемлекет ісін, философия ғылымын игеру еді.

Анақарыс өз Отанында тамаша тәрбие алып, ана тілін жетік меңгергендігімен қатар грек тілін де жақсы білген. Ол өзінің скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы көптеген еңбектер жазып қалдырған. Анақарыс Солон арқылы афиналықтардың салт-дәстүрімен, заңымен, мемлекет құрылысымен тереңірек танысады. Скиф данасы көне грек ойшылдарын, грек мәдениеті мен өнерін біліп қана қоймай, оларға сын көзбен қараған. Оның көзқарастарынан далалықтардың дәстүрлі дүниетанымы байқалады.

Қорыта келгенде сақ-скифтер, ғұндар мен байырғы түркілердің қандай болғаны туралы жазылған әдебиеттер өте мардымсыз. Алайда олардың бәрі өз соңдарына ұмытылмастай із қалдырған. Анақарыс жайындағы пайымдар қазақ басылымдарында өте мардымсыз. Бірақ зерттеген адам әлемдік әдебиеттен табады. Сақ патшасының бейнесіне қызыққандар оның таңғажайып алпауыт істеріне, орасан күш-жігеріне, талай ел мен жерді дүрліктірген алып тұлғасына таңқалары хақ.

Анақарыс жауыздықтан қашық болған, мәмілегерлікті, достықты құрмет тұтқан, данышпандардың білімін сыйлаған, сөзге тоқтаған. Ұлы дала ұлдарының өз халқының мүддесі үшін жеке бастарын құрбандыққа шала алатындық мектебінің негізін қалаған.

Анақарыс психологиялық таным білігін қалыптастыруда да өте көреген болған. Осы мақсатта жанына халықты топтастыра білген. Өзге ұлыстармен байланыс орнатып, басқарушылық ілімін халықпен тығыз сабақтастырып, демократиялық ұстанымдарға жол берген. Жеңімпаз болу үшін халықтан оқшауланудың қажеті жоқ, керісінше сенімге ие болып, дүлей күштерге тосқауыл болатын әлеуетті қуатты күштің, жасымас жігердің, қайтпас сенім мен қайсарлықтың табы болса жеткілікті екенін естен шығармаған. Мұның ауқымында оның басқару ілімінде стратегиялық мотиві жатқанын көруге болады. Соңында өнегелі іс пен өшпес өсиет қалдырған Анақарыстың басқарушылық өнері зерттеуді қажет етеді.

Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ежелгі дүние өркениеттерімен – парсылармен, гректермен байланысы ерте болғанын көрсетеді. Сақтардың сол кездегі көптеген тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, олардың адамзат жинақтаған мол құндылықтармен танысуы, әлемдік өркениеттегі Еуразия көшпенділерінің алатын орнын анықтауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде тарихтағы еуроцентристік көзқарастардан арылуға септігін тигізері сөзсіз.

Анақарыс достыққа адал, шешен, мәмілегер дипломат қайраткер тұлға болған. Ол сол тұстағы Эллада сияқты өзге өркениетті елдермен тату болуды қалаған. Көреген данышпан санатында қашан сөйлеуді және не айтуды, қашан бөгелу мен ахуалдың барлық қырларын сезе отырып, тез әрі дұрыс шешім қабылдауда өте зерек болған. Ол мемлекет қайраткері бола тұра өзі шыққан тегінің даңқын асырып, оның дербес ел болып қалыптасуының жолдарын ойластырған.

–Түрлі ұлыс-тайпалармен тығыз байланыс орната отырып, басқарушылық ілімін халықпен жіті сабақтастыруы сол кездің өзінде демократиялық ұстанымдардың болғандығын аңғартады.

–Анақарыс қоғамда болып жатқан психологияны жақсы меңгеруімен айналасына халықты  топтастыра білген.

–Ол – қара қылды қақ жаратын әділ тұлға болған. Шешім қабылдағанда асықпай жан-жақты зерделеп, ой елегінен өткізіп барып, ақыл салатын шебер данышпан болған.

–Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға ерекше мән берген.

–Дүниеге скиф болып келгендігін мақтан тұтатын оны өзгелерге мойындататын шынайы патриот болып танылған.

Осылардың бәрін насихаттау біздің қоғамда ұзақ уақыт қолға алынбады. Ұсыныс: Тарих – өткенмен үндесетін, бүгінге сабақ, келер ұрпаққа аманат болатын құнды ұғым. Қазақтың ақыл-ой санасын оятып, Отаншылдығын бекіте түсетін ғылым – шынайы тарих. Демек, тарихты оқыту бойынша мынаған ерекше екпін түсіру керек. Қазақ тарихының оқулықтары негативке толы. Оның әлеуметтік мәнділік құндылықтарында – өксік, жылап-сықтау, ашаршылық пен күйзеліс, соғыста – жеңіліс, мәдениетте – дамымай кенжелеп қалу, саясатта – бағыныштылық сарыны басым. Бұл – ұрпақ танымын жасытып, жігерін құм қылады.

Қазақ тарихы кілең жасудан тұрмайды. Онда позитивті сәттер де бар. Кез келген тарихи оқиға оған қатысушы халық бұқарасының менталитеті астарында сипатталады. Ал ментальдық тарихтың бірден-бір субъектісі – тарих бұқарасы. Өз тарихын білген адам отаншыл болатыны анық. Сондықтан тарих оқулықтарын жазғанда позитивті оқиғаларды, қазақ даласының ежелгі дәуірінен бергі танымал, есімі аталмай келген тұлғалардың прогрессивті жақтарын оқытуымыз керек.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /«Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы. 1 том. – Алматы, 1998.

2. Брокгауз Ф.А., Ефрон И.А. Иллюстрированный энциклопедический словарь. – М/^ ЭКСМО, 2010. – 50-бет.

3. Жұртбаев Т. Дулыға // Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. – 1-том. – Алматы: Жалын, 1994.

4. Сулимирский Т. Сарматы, Древный народ юга России. – М.: Центрполиграф, 2008.

5. Томпсон Э. А. Гунны. Грозные войны степей. – М.: Центрполиграф, 2008.

6. Ковалевская В.Б. Конь и всадник пути и судьбы. – М.: Наука, 1977.

7. Ясперс К. Смысл и назначение жизни. – М.: Политическая литература, 1993.

8. Қожа–Ахмет Х. Түп – тұқияннан Бөрте – Шинаға дейін // «Қазақстан – Заман» газеті. – 10 қараша. – қоян жылы.

9. Жүніс Е. «Аспандауыс» немесе Эллададағы скиф // «Айқын» газеті. – 2010. – 229 (1653) – 9 декабря. 

10. Мысли и изречения древных / Сост. К.В. Душенко. – М., ЭКСМО, 2003.

11. Ой маржандары / Құрастырушы А. Бейсен. – Алматы, Тоғанай Т, 2014. – 1-ші кітап.

12. В поисках смысла / Сост. А.Е. Мачехин. – М.: Олма пресс, 2005.

13. Энциклопедия афоризмов / Состав. Э. Борохов – М.: ООО «Издательство АСТ», 2002– 2003.

14. Қазақ афоризмдері / Құраст. Е. Шаймерденұлы – Алматы: «Алматы кітап» баспасы, 2012.

15. Винничук Л. Люди нравы, обычаи Древней Греции и Рима. –М.:, Высшая школа, 1988.

16. Оспан Б. Ұлы Дала және Қытай поэзиясы. // Ақиқат» журналы. 2018. – 86-бет.

Авторы: Ермек Зангиров,

Халықаралық Ақпараттар Академиясының академигі