Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТОМИРИС


Томирис (б.з.б. VI ғ.) – Геродоттың «Тарихтар» деп аталатын еңбегінің арқасында танылған сақ-массагеттердің атақты патшайымы. Томирис патшайымның ахеменидтердің патшасы Кирді жазалау тарихы сот төрелігінің символына айналды.

Өмірбаяны

Массагеттердің патшайымы Томиристің өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер, өкінішке орай, Томиристің Кирге қарсы соғысқаны туралы ақпарат берілген Геродоттың «скиф әңгімелерінен» бастап, Страбон, Полиэн, Кассиодор және Иордан шығармаларымен аяқталатын грек-рим авторларында ғана кездеседі. Атап айтқанда, гот тарихшысы Иордан Томиристі Готия патшайымы (ағылш. нұсқасында Tomyris, Queen of the Getae) деп атаған және бірнеше ғасыр бойы Кіші Скифияның бұрынғы астанасы болған Тома қаласының (қазіргі уақытта – Констанца қаласы, Румыния)  негізін қалаушы деп есептеген.

Арал-Каспий аймағының көшпенділерінде әйел қауымының өз халқын басқарған тұстары болған. Мысалы, біз тарих беттерінен сақ патшайымы Зарина, массагеттер патшайымы Томирис болғаны белгілі [1, 138-б]. Зерттеуші С.А. Яценконың айтуынша, «көптеген отырықшы халықтар үшін жауынгер-әйелдер ең алдымен маңызды және экзотикалық мифтердің элементі болған. Классикалық дәуірдегі өнерде амазонкалардың бейнесі экзотикалық варварлар, гиганттар сияқты «Өзгелер» қатарының маңызды санатына айналды [2, 8-б.].

Мәліметтердің біріне сүйенсек, Томирис – скифтердің көсемі Ишпакайдың ұрпағы, Мәдидің шөбересі, аты аңызға айналған Сыпыра патшаның (Спаргапис) немересі немесе қызы.

Геродоттың тарихына сәйкес, Вавилонды бағындырғаннан кейін (б.з.д. 539 ж.) парсы патшасы II Кир ұлы массагеттерге қарсы жорық ашады. Өзінің түбіне жеткен Шығысқа жорық 530 ж. болған. Сірә, шығыс шекарадағы жағдай шұыл шараларды талап еткен болар. «Ұлы Кир оған қарсы Каспийдің бойына 200 мың жауынгер қойып, жауынгерлік мұнаралары бар қуатты қалқымалы көпірлер тұрғызды [3, 54-б.]. О. Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстанның аңыздары» кітабында «массагеттер патшайымы марқұм батыр Рүстемнің жұбайы болған делінеді. Оның аты Томирис еді. Кир оған құда түсу сылтауымен елшілерін жібереді. Алайда Томирис Кирдің өзіне емес, патшалығына көзі түскенін ұғып, ұсынысын қабылдамайды. Сол уақытта Кир массагеттерге қарсы соғыс ашады» [4].

Одан кейінгі оқиғалар антикалық әдебиетте Томирис патшайымның ерлігі туралы аңызға айналған әңгімелер түрінде сипатталады. Мысалы, Геродот өзінің «Тарихтар» шығармасында Кирдің Аракс өзенінен өтіп, массагеттерге тұзақ құрғанын және Томирис патшайымның ұлы Спаргаписті тұтқынға алғанын айтады. Бұл оқиғаларды естіген Томирис патшайым Кирге: «Қанқұмар Кир, … ұлымды қайтар да, бұл елден жазасыз кет… Ал егер бұлай жасамасаң, массагеттердің тәңірі Күнмен ант етемін, тойымсыз болсаң да мен сені қанға тойдырамын» деп хабар жібереді. Одан әрі Геродоттың айтуынша, тұтқындалған Спаргапис Кирден кісенін алып тастауды өтінеді, сөйтіп, босаған ол күзетшінің қолындағы қылышты жұлып алып, өзін-өзі өлтіреді.

Бұдан хабардар болған Томирис патшайым қалың қол жинап, Кирге қарсы жорыққа аттанады. Шайқас кезінде парсы әскерінің көп бөлігі қырылады. Бұл шайқасты Геродот «ең сұрапыл әрі ең ұлы шайқас» деп атаған. Б. Жандарбековтің «Сақтар» кітабына сәйкес, Томирис патшайыммен бірге шайқасқа қосылып кеткен «амазонка» әйелдер соғыста шешуші рөл ойнады. Ахеменидтер әулетінен шыққан Кирдің өзі [5, 67–75-бб.] «жиырма сегіз жыл патшалық құрып, осы шайқаста қаза тапқан. Томирис меске адам қанын толтырып, өлгендердің арасынан Кирдің денесін табуға бұйрық береді. Табылғаннан кейін Кирдің басын меске салып тұрып: «Мен сені шайқаста жеңдім, алайда сен ұлымды қулықпен тартып алып, маған үлкен қайғы-мұң әкелдің. Енді мен де уәдемде тұрып, сені қанға тойдырамын»[6] немесе: «…Қанға құмартып едің ғой, парсы патшасы, ендеше, құмарың қанғанша іш»(Болат Жандарбеков «Томирис»),- деген сақ-массагеттері патшайымының ызалыққа толы айбарлы сөзі, жауынан кегін қайтарған батылдығы тарихтан белгілі. Шайқас туралы аңызды Геродот ахеменидтер жазбасынан немесе скифтік аңыздардан алған болуы мүмкін. Соғыстың нәтижесінде массагеттер /скифтер жеңіп, парсылар ашық шайқаста жеңіліс тапты [7, 184–210-бб.].

Рим тарихшысы Аммиан Марцеллин өз шығармасында осы шайқас туралы толығырақ ақпарат береді: «Кирдің болмысы осындай. Ол қалың қолын жинап, Боспордан өтті, алайда ұлдары үшін кек алуға бекінген скиф патшайымы Томирис (Tomyris) оның бір адамын қалдырмай, әскерін қырып тастады» (XXIII. 6. 7). Аммианның бұл хабарына негіз болған нәрсе – Геродот шығармасынан (I. 204-211) алынған жолдар болды, ол Кирдің массагеттерге қарсы жорығын егжей-тегжейлі баяндайды. Томиристі скифтердің патшайымы деп есептеуіне Аммианның тағы да бір дәлелдері бар (Геродот массагеттер туралы жазады, «кейбіреулері оларды скиф деп санайды» (I. 201))» [8, 188-189-бб.]. Халық арасында сақ патшайымы Томирис туралы көптеген аңыз бар.

Геродот нұсқасымен қатар, басқалары да бар. Мысалы, антикалық тарихшы және Артаксекс Мнемонның сарай дәрігері Ктезийдің пікірінше, II Кир (Куруш) дербиктер соғысында жараланып, үшінші күні қайтыс болған [9]. М.А. Дандамаевтың пайымдауынша, мұндай алшақтық дербиктердің – массагет тайпаларының үлкен және қуатты одағының бөлігі болғанымен түсіндіріледі. Вавилондық тарихшы Берос Кирдің дахалықтармен (скифтермен) шайқаста қаза тапқанын айтады. Бір нұсқа бойынша, Кирдің сүйегі отанына қайтарылып, империясының өзі құрған астанасы Пасаргадта – арнайы мавзолейде жерленген. Моласы біздің заманымызға дейін сақталған [10, 11–16-бб.].

Бұл оқиғалардың суреттелген сипаттамасы VII ғ. – VIII ғ. бас кезіндегі Пенджикенттегі қабырға жазбаларының бірінде келтірілген болуы мүмкін. А.М. Беленицкий өз уақытында мұнда аңыз-әңгімелердің өте ежелгі сюжеті, бәлкім, б. з. д. VI ғ. соңында Ұлы Кир және сақ патшайымы Томириске қатысты тарихтың сюжеті берілуі мүмкін деп есептеген. [11, 47–48-бб.].

Томиристің есіміне қатысты бірнеше нұсқа бар. Есімнің ирандық, грекиялық және түркілік талдауы келтіріледі.

Грекше Τόμυρίς, парсыша Tahm-Rayiš көне иран тілінен аударғанда Tahmirih «Ержүрек» деген мағынан береді.

Ол туралы алғаш рет жазған тарихшылар гректер болғандықтан, есімінің эллиникалық түрі жиі қолданылады. Томирис атының түркі мағынасының жақтаушылары Томирис есімі түрік тілінен аударғанда «темір» дегенді білдіреді және «темірді талқанда» немесе «темірді майыстыр» деген мағынаны білдіреді деп есептейді. Бұл тұрғыда Томирис есімі түріктің Дамира есіміне ұқсас. Сондай-ақ Томирис Тамара есіміне де ұқсас келеді. Ал тарихымызда Багратиондар әулетінен шыққан грузин патшайымы Тамараны білеміз. Үшінші нұсқа да бар: «Томирис» «Тахмина « атынан пайда болуы мүмкін, бұл өзбек және қазақтарда «үстемдік» деген мағынаға ие.

Геродот өзінің массагеттік экскурсиясында Томирис патшайым мен Кир арасындағы соғыс барысын егжей-тегжейлі баяндай отырып, массагеттер туралы толық ақпарат береді. Геродот былай деп жазады: «массагеттер көп және батыл тайпалар. Олар исседондарға қарама-қарсы, Аракс өзенінің арғы жағында, күннің шығысына қарай шығыста тұрады. Кейбіреулер оларды сондай-ақ скиф тайпасы деп санайды» [12, 184–210-бб.].

Жалпы Арал-Каспий өңірінің көшпелі тайпалары туралы мәліметтер «антикалық әлемге белгілі, аз кездеседі және кездейсоқ жазылған. Дегенмен олар көне парсы жазбалары мен Авеста туралы қысқаша естеліктерді санамағанда, б.з.д. VI–IV ғғ. ежелгі ортаазиялық көшпенділер туралы жалғыз жазбаша куәлік болып табылады. [13]. Көшпелі тайпаларды антикалық авторлар (б.з.д. VI–IV ғғ.) мынадай топтарға бөлген: «Орта Азия батысының шөл және дала аймақтарын көшпелі тайпалардың бір тобы – Александр Македонскийдің жорықтары кезінде оларды «скифтер» деп те атаған [13, 87–88-бб.].

Б.з.д. 516 ж. Бехистун сына жазбасында (парсы патшасы І Дарийдің жеңісін мәңгі есте сақтау мақсатында жартаста қашалып жазылған) былай делінген: «сақ тайпалары үш топқа бөлінеді: хаома сусынын дайындайтын хаомаварга сақтары; теңіздің арғы жағынан келген парадарайя сақтары; бас жағы үшкір болып келетін бөрік киген тиграхауда сақтары» (антикалық авторлардың аудармасы). Аримаспей өзінің географиялық еңбегінде (б.з.д. VII ғ.): «Кең жазықтықты массагеттер мен сақтар жайлап алған» деп жазады. Грек жазушысы Аристей Проконесский б.з.д. VII ғасырда скиф-сақтарды «жебені сәттілікке сеніп емес, өзіне сеніп ататын әлемдегі ең мерген садақшылар» дейді. Сақтар жайлы одан кейінгі жазбаларды Помпейдің латын жазушылары Трог пен Птолемейден кездестіреміз [14].

Көріп отырғанымыздай, Алдыңғы Азия мен Қара теңізде өмір сүрген әр түрлі көшпелі тайпалардың белгілеріне қатысты терминдерде тайпаларды қоныстандырудың уақытша болсын, аумақтық шеңберінде болсын, көп шатасу бар. Мысалы, Ахеменидтердің қарсыластарын түрліше атайды. Геродот оларды массагеттер десе, Ктесии Книдский дербиктер дейді; Берос оларды дайлықтар (дахалықтар) деп атайды. Осы тайпалардың жалпы атауы эллиндік ежелгі грек тілінде – «массагеттер» немесе «скифтер» және көне парсылық «сақ» атауы болды. Зерттеуші С.Г. Кляшторныйдың жазуынша, «массагеттер – жалпы генеалогиялық дәстүрі бар Арал маңындағы тайпалардың ортақ ежелгі атауы және жалпы эпоним, оның аты бойынша халық аталған көбінесе мифтік атау» [15].

Массагеттер көшпелі халық болған, Маңғышлақ, Үстірт, Солтүстік Каспий және Арал маңындағы жазықтарды жайлаған [16] (Страбон массагеттерді Каспий мен Арал арасында орналастырады (бұл олардың Шығыс Арал өңіріндегі таралуын жоққа шығармайды) және Ахеменид терминологиясы аясында «сақ» деп қарастыруға болады. Дегенмен «кейбір грек авторлары оларды жалпылай «скиф» десе, (Diod. 2.44, Iust. 1.8, Arr.Anab. IV.11.9, V. 4. 5) ал басқалары (мысалы, Геродот) – оларды тек «массагеттер» деп атаған. Терминдердің бұл әртүрлілігі Страбонның «сақ» және» массагеттер» аттарын Каспий теңізінің сол жағындағы тайпаларға қолдану туралы» ережелерімен салыстырылады. Бұдан шығатын қорытынды – Страбон бұл жерде біресе «скифтер» (тиісінше «сақ»), біресе «массагеттер» деп аталатын (яғни Геродоттың массагеттері туралы) Каспийдің арғы жағындағы халық (тайпа) туралы айтып отыр. Осылайша, массагеттер «скифтер/ сақтардың» қауымдастығына қатысты болуы мүмкін екендігі дәлелденгендей болады. [17]. Бұдан әрі зерттеуші А. А. Немировский былай деп жазады: «Массагеттер жайлы бірнеше рет айтып өткен (Hdt. I, 215216; Hdt. IV, 11) және оларды «скифтерден» / «сақтардан» ажыратып қарайтын Геродот (оның айтуынша, парсыларды «скифтер» деп атайды, Hdt.VII, 64) сақтармен салыстырғанда, массагеттерді Дарий кезіндегі ахеменидтерге тәуелді халықтардың құрамына да, Ксеркстің әскеріне кірген халықтардың (тайпа) құрамына да қоспайды (Hdt. VII, 6196). Осылайша, Геродоттың мәліметінше, массагеттер бүтін ел ретінде Ахеменидтердің державасына кірмейді [17, 220–221-бб.].

Тағы бір таңғаларлық факт – көптеген дереккөздерде сақтар ежелгі иран тілді көшпелі тайпалар ретінде беріледі. Алайда белгілі зерттеуші А.Н. Гаркавец Ыстықкөл руникалық жазбалардың жаңа оқуларында біздің дәуірімізге дейін IV ғасырда Ұлы Далада түркі тілі халықаралық қарым-қатынас тілі болғанын, ал көптеген тұрғындары үшін ана тілі болғанын анықтап көрсетеді [18].

Тарихшы Прокопийдің «массагеттер» этнонимін талдауы Прокопийге бұл термин өзіндік әскери terminus technicus ретінде айқын түрде қызмет ететінін көрсетеді. Осы термин арқылы Прокопий көшпелі әлемнің әскери қатынастағы ең көрнекті бөлігін білдіреді [19]. Орта Азияның елеулі бөлігін бақылай отырып, сақ-массагеттер ахеменидтермен жақсы қарым-қатынаста бола отырып, жергілікті (аймақтық) саясаттың белсенді факторы болған [10, 11–12 б.].

Кирден бөлек, б. з. д. 519–518 жж. сақтармен I Дарий де соғысты, алайда ол жеңіліс тапты. Ол кезде сақтарды үш патша – Сакесфар, Аморк және Томирис басқарған болатын. Дегенмен б.з.д. 520-518 жж. Дарий кейбір сақтарды бағындырған болатын. Егер «Ұлы Кир Каспий бойындағы сақтармен соғысқа 200 мың жауынгерін қойып, әскери мұнаралары бар қуатты қалқымалы көпірлер салса және 529 ж. Солтүстіктің Томирис патшайымымен талқандалса, Ұлы Дарий б.з.д. 512 ж. Скифияға қарсы соғысқа 800 мың жауынгер мен 600 жауынгерлік кеме шығарды. Донға дейін жеткен, бірақ масқара болып қашуына тура келген. Сақтардың және оларға кірген патшалықтар қазынасы сол жылдардағы 28-96 мың алтын талантқа тең болған.

Сақ-массагеттермен соғыс б.з.д. 522 ж. Мысырда Камбиз қайтыс болғаннан кейін мемлекетте таққа мұра сұрағы бойынша шешілмеген ішкі қақтығыс нәтижесінде орын алған. «I Дарий Гистаспаның таққа отыруымен аяқталған күресте ортаазиялық элиталар, оның қарсыласы – Кирдің кіші ұлы Бардийді немесе өзін осы патшамын деп таныстырған сиқыршы Гауматаны қолдаған. Ішкі саяси күресте жеңіліп қалуының нәтижесінде Дарий Орта Азияға шабуылға шықты» [20].

Сақ дәуірі Алдыңғы Азияға VIII-VII ғғ. киммериялықтардың басып кіруімен басталады. Содан кейін Ахеменид патшалары Кир мен Дарийдің сақ-массагеттерге қарсы жорықтары. «Егер массагеттер ахеменидтік жазбаларда шын мәнінде болса, онда олармен дахтардың (дайлардың) қуатты одағы тең тұра алады. Б.з.д. III ғасырда дахтардың (дайлардың) есімі ежелгі жалпы есім – массагеттерді толығымен ығыстырады. Б.з. д. 238 ж. билік басына Аршакидтер әулеті келген дайлық тайпаларының бірі – парндар (парфяндар) Иранда Александрдың ұрпақтарын алмастырған жаңа империя құрды [15]. Осылайша массагеттер түбегейлі дахалықтарға айналады, сөйтіп массагеттер тайпасының үш ғасырлық тарихы аяқталады.

Еңбегі

Орталық Азия халықтарының (қазақ, өзбек, қарақалпақ, түркімен және т.б.) фольклорында айтылатын массагет патшайымы Томиристің ерліктері ұқсас келеді. Атап айтқанда, қарақалпақтардың эпикалық кейіпкері Гүлайым мен Хорезмнің ықпалды патшайымы Тюрабек ханымның бейнелерінен массагет патшайымы Томирис пен сақ патшайымы Заринаны көруге болады.

Томиристің қанқұмар Кир патшаны жазалау тарихы көптеген сюжеттердегі әділдіктің символына айналды, тіпті Томирис патшайым бейнеленген картиналар кейіннен сот залдарын безендіріп тұратын болды.

Жалпы, массагет конфедерациясының тайпалары аймақтың кейінгі көшпелі этностардың мәдениетінде көрініс тапқан ежелгі этномәдени субстрат болды.

Белгілі зерттеуші С.Е. Әжіғали былай дейді: «Солтүстік-Шығыс Каспий маңында массагеттер мен олардың ұрпақтары қалдырған б.з.д. V–II ғғ. бірқатар ескерткіштер тіркелген, оның ішінде Бозашы, Ембідегі «патшалық» қорғандар, Үстірттегі Байт бірегей ғибадатханасы және Түпқарағандағы Декілтас кешені. Массагет этникалық ортасымен байланысты тамаша ескерткіштер тобы Оңтүстік-Шығыс Арал өңірінде белгілі: Түгіскен қорымының кейінгі құрылыстары, Баланды II кесенесі және т.б.» [16].

Сақтар – андронов мәдениетінің тайпалары дәстүрінің жалғастырушылары. Сақ-массагеттер өзегі Алтайда орналасқан Пазырық мәдениетінің құрушысы болды, одан кейін сақтар орта Сырдария бассейні бойындағы отырықшылыққа көшті, Ақанғаран өзенінің алқабында бүргүлік археологиялық мәдениетінің ескерткіштерін бейнеледі. Сақ-массагет тайпалары орта Сырдария бассейнінде археологиялық Қайраққұм мәдениетін қалдырды, оны зерттеушілер кейінгі қола мен ерте темір дәуіріне жатқызады. Осы жетістіктердің ішінде әсіресе «аң стилі» деп аталған бірегей сақ-скиф классикалық мәдениетін атап өткен жөн. «Аң стилі» Кавказдың және Алдыңғы Азияның түрлі халықтарымен тығыз байланыстардың нәтижесінда пайда болды [21].

Мысалы, 1969–1970 жж. қазылған «Есік» қорғаны Жетісу сақтарының ою-өрнегінің «аң» ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерделеудің бірегей мүмкіндігін ұсынды. Б. Жандарбековтің «Сақтар» кітабында көркемдік баяндаудың арқасында Есіктен табылған жас жігітті Томирис патшайымның ұлы Спаргаписпен теңдестіре бастады. «Есік» қорғанының танымал қазақстандық зерттеушісі А.К. Ақышев атап өткендей, Жетісу сақтарының «аң стиліндегі» көркем өнері Алтай, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Орта Азия халықтарының скиф-сібір өнеріндегі ерекше бағытқа жатады. Оған ахеменид өнерінің «цитаталар стиліне» тән көркем әдістің ерекшелігі тән – Алдыңғы Азия, әсіресе ассириялық және ирандық дәстүрлерді жергілікті рухта, «аң стилінің» таза «Алтай» ерекшеліктерімен үйлесімде қайта өңдеу [22]. Есік көсемінің «аң стилі» заттарының басым бөлігі салттық болды. Мысалы, «бас киімнің безендірілуі олар арқылы өсетін «әлемдік ағашпен» үш сала туралы түсініктерді бейнелейді. Құнарлылық культіндегі мал шаруашылығы нұсқаларымен жанасатын жоғарғы құдай культіне шатқал мен табындардың (арқар, ешкі) және зооморфтық рухтардың қамқоршысы – жануарлардың бейнелері кірді» [22, 58–59-бб.].

Сақ-массагеттер мәдениетінің тағы бір жетістігі – күрес жүргізу стратегиясы мен тактикасы болды. С.С. Иванов атап өткендей: «Антикалық авторлардың хабарламалары бойынша б.з.д. VI-V ғ. шайқастар былай жүретін: салт аттылардың негізгі бөлігі жауына қарай шаба жөнеліп, шауып келе жатқан уақытта садақ атқан, осылайша олардың адамдарын барынша шығынға ұшыратқан. Сосын күрт артқа бұрылып, кері қарай шапқан. Мұндай шабуылдар бірнеше рет қайталанып отырған. Сосын салт аттылардың көбісі аттан түсіп, егер бар болса, жаяу әскердің қатарына қосылған. Сөйтіп оққа ұшып, қатары сиреп қалған жаумен қоян-қолтық ұрысқа шыққан. Сақ-массагеттердің тағы бір тактикалық әдісі – өтірік шегіну болған. Мұндай өтірік шегіну арқылы жау жасақтарын тұзаққа түсірген немесе сақ жауынгерлері қашып бара жатыр деп ойлап, артын ала түскен жаудың шағын жасақтарын жойып отырған [23].

Сақ-массагеттердің әскери өнерінің ерекшелігі – сыналанып қойылған атты әскердің шабуылы болды. Мұндай шабуыл Кубаньнің төменгі ағысы – Фат өзеніндегі шайқасты Сатирдің пайдасына шешкен болатын. Бұл тарих бізге арада бірнеше ғасыр өткен соң, Сицилий Диодордың арқасында жетті [24]. Парфяндық катафрактардың жауынгерлік өнердің дамуына қосқан тағы бір үлесі – кавалерияны жаппай қолдану, бірінші кезекте ауыр кавалерияны қолдану болды. Осыған байланысты зерттеуші С. Кляшторный былай дейді: «салт аттыны және оның атын қорғаған дахтардың қару-жарағының маңызды бөлшегі – сауытқа назар аударған жөн. Мұндай екі қабатты сауыт жайлы 100 жылдай бұрын Геродот тек массагеттерде болғанын айтып кеткен: «Олар аттарының кеуде тұсына мыс сауыт кигізеді» [Геродот, 1, 215]. Катафрактарийлердің – ауыр пластиналы сауыттар киген және броньдармен қорғалған ат мінген жауынгерлердің пайда болуы жазбаша көздермен ғана емес, сонымен қатар дахтар мен массагеттер елінде археологиялық олжалармен құжатталған. Мұндай сауыттар кейінгі ғасырларда дахтарға туыс болып келетін парфяндарда сақталып қалған және басқа да дала тайпаларында болмаған» [15].

Көптеген антикалық авторлар парсылардың Грекияға жорықтарын сипаттаған кезде оларға сақ-массагеттер арасынан Орта Азия жауынгерлерінің қатысуын атап көрсетеді. Мысалы, сақтардың I Дарий патшаның Афина мемлекетіне қарсы жорығына, атақты марафондық шайқасқа қатысқаны белгілі. «Сақтардың жаяу әскері Фермопиль жорығының тарихында да көрініс табады, бактриандықтар мен сақтар Платеяда соғысқан [Геродот, VIII, 113; ІХ, 31, 71]. Арада 150 жылдай өткен кезде ахеменидтердің соңғы патшасы ІІІ Дарий Кодоманның әлде бұйрығы, әлде келісімі бойынша ортаазиялық жасақтар Александр Македонскийге қарсы соғысқан парсы әскерінің құрамына келіп кіреді [10, 14–15-бб.].

Ұлықталуы

Томиристің тарихы батыс өнерінің дәстүрлерінде өте танымал болды. Геродоттың сюжеті ортағасырлық суретшілер үшін өте әсерлі болды: Рубенс, Аллегрини, Лука Феррари, Маттиа Прети. Гюстав Моро және мүсінші Северо Кальзетта да Равенне Томирис пен оның өміріндегі оқиғаларды бейнелегендердің қатарына жатады.

Питер Пауль Рубенс Томиристің бейнесін екі рет салған – 1620 және 1622 жылы.

«Томирис Кирдің басымен». 1620 жыл. Лувр.

«Томирис Кирдің басымен». 1622 жыл. Бейнелеу өнері мұражайы, Бостон, АҚШ. – URL: https://e-history.kz/ru/publications/view/2908.

Томиристің портреті Андреа дель Кастагно, XV ғ.

Томирис Civilization VI компьютерлік ойынында скиф көшбасшысының рөлін атқарады. Қазақстандық «Қазақфильм» киностудиясы Томиристің ерліктері туралы көркем фильм түсірді, фильмнің режиссері – Ақан Сатаев. Томирис есімінің құрметіне Шымкент қаласында Томирис көшесі берілген. Астрономияда Томирис патшайымның құрметіне 1906 ж. ашылған астероид (590) Томирис аталған. Қазақстанда массагет патшайымы Томиристің құрметіне қойылатын қыз балалардың Томирис есімі кең қанат жайды.

Массагеттіктердің патшайымы Томиристің құрметіне Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнатылған.

Б.з.д. VІІ-V ғғ. жататын сақ қорғандары Алматы облысы ландшафтының ескерткіші және ерекше белгісі болып табылады. Олар тізбектер, жинақтар мен молаларды құрайды. Олардың арасында Бесшатыр, Есік, Талғар, Боралдай, Новоалексеевский, Қоғалы, Түрген, Шілік, Кеген, Қарғалы сынды қорғандар белгілі. Сақ мәдениетінің жарқын бейнесі ең алдымен Іле өзенінің алқабындағы атақты Бесшатыр қорғандары және байлығы жағынан сирек кездесетін Есік қорғаны болып табылады. «Дуалдармен қоршалған, диаметрі 104 м және биіктігі 17 м болатын Үлкен Бесшатыр қорғаны шынайы сәулет құрылысы. Обаның ішінде Тяньшань шыршасының діңінен жасалған жерлеу камерасы бар. Өкінішке орай, бұл «патшалық» обалар ерте кездерде-ақ тоналып кеткен [14, 15.].

Осылайша, Томирис патшайым Ұлы Даланың тарихы мен мәдениетіне ғана емес, адамзаттың әлемдік тарихы мен мәдениетіне үлкен үлес қосты.

Әдебиеттер мендеректер тізімі:

  1. Худяков Ю. С. Женщины-воины у народов Сибири и Центральной Азии в Древности и Средние века // Вестн. НГУ. Серия: История, филология. – 2017. – Т. 16. – № 3: Археология и этнография. С. 80–88.) и сарматов — Амагу. (А. К. Нефёдкин Древнеперсидская женщина на войне Stratum plus. – 2010.– № 3. – С. 138).
  2. Яценко С.А. Сарматские женщины-воительницы: историографический миф и археологическая реальность // Высшее образование для XXI века: XII Международная научная конференция: Доклады и материалы. Секция 7: Проблемы исторического образования. – М.: Изд-во МосГУ, 2015. – С. 6–15.
  3. Золин П.М. Истоки отечественного банковедения. // Финансы и кредит. – 2001. – № 13(85). – С. 54.
  4. По книге Жанайдаров О. «Легенды Древнего Казахстана. Детская энциклопедия Казахстана». – Алматы: Аруна, 2007. – С. 248 с ил. – URL: http://www.tarih-begalinka.kz/ru/timetravel/page3368/.
  5. Гундогдыев О. Рыцари Азии. Военное искусство и оружие туркмен (с древнейших времен до начала XX века). – Ашхабад: Туркменская гос. изд. cлужба, 2011. – С. 67–75
  6. Геродот. История в девяти книгах. Перевод с греческого Мищенко Ф. Г. – М., 1888. – Т. 1; также см.: Геродот. История (I, 205). // Доватур А. И., Каллистов Д. П.,И. А. Народы нашей страны в «Истории» Геродота. – М., 1982. – C. 87. и Иордан. О происхождении и деяниях гетов (61). Перевод Е. Ч. Скржинской.
  7. Митрофанов А. Ю.  Внук воды на быстром коне»: к вопросу о греко-арийских предтечах византийских катафрактов // Русско-Византийский вестник. Исторические заметки. – 2018. – № 1. – С. 184–210.
  8. Дмитриев В. А. Аммиан Марцеллин и персы (восточная цивилизация в восприятии римского историка IV в. н.э.): Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук. 07. 00. 03 – всеобщая история (история древнего мира). Великий Новгород, 2003. – С. 188–189.
  9. Мифы и правда. Что мы знаем о Томирис? – URL: //https://factcheck.kz/glavnoe/mify-i-pravda-chto-my-znaem-o-tomiris/.
  10.  Гусаков В.В. Сакомассагеты, их соседи и современники в среднеазиатской политике державы Ахеменидов // Вестник владикавказского научного центра. – Т. 10. – 2010. – № 1. – С. 11–16.
  11.  Беленицкий А.М. Монументальная живопись Пенджикента: Живопись. Скульптура. – М.: Искусство, 1973.
  12.  Herod. — Herodoti Historiae. Vol. I–II / Herausg. von Haiim B. Rosen. Leipzig, 1987; см. также: Митрофанов А.Ю. «Внук воды на быстром коне»: к вопросу о греко-арийских предтечах византийских катафрактов. Русско-Византийский вестник. Исторические заметки. – 2018. – № 1. – С. 184–210.
  13.  Пьянков И.В. Общественный строй ранних кочевников Средней Азии по данным античных авторов. // Ранние кочевники Средней Азии и Казахстана. – Л., 1975. – С. 84–91.
  14.  Летопись ЖЕТЫСУ – Алматы: «Асыл сөз» баспасы, 2012. – 328 с.
  15.  Кляшторный С.Г. Государства и народы Евразийских степей: от древности к Новому времени. Глава. Саки. – URL: // https://history.wikireading.ru/226778.
  16.  Ажигали С.Е. Очерк культурного наследия Арало-Каспийского региона. Электронное научное издание Альманах Пространство и Время. Т. 5. Вып. 1. Часть 2 • 2014 ; Пространство и время каспийского диалога. //  https://cyberleninka.ru/article/n/ocherk-kulturnogo-naslediya-aralo-kaspiyskogo-regiona/viewer.
  17.  Немировский А.А. Массагеты Геродота и саки тиграхауда // Эдубба вечна и постоянна. – СПб: 2005. – С. 217–224.
  18.  Гаркавец А.Н. Иссыкская руническая надпись: новое чтение // Тюркологические исследования. – 2018. – Т. 1. – № 2. – С. 14.
  19.  Митрофанов А. Ю. Прокопий Кесарийский и «массагеты» // Христианское чтение. – 2018. – № 6. – С. 223–236.
  20.  Пьянков И.В. Массагеты Геродота // ВДИ. – 1975. –№ 2. – 11;  См. также: Пьянков И.В. Средняя Азия в известиях античного историка Ктесия (текст, пер., примеч.).– Душанбе, 1975.
  21.  Киляшова К. А. Титул царицы в древней Македонии последней трети IV – первой четверти III в. до н.э. // Манускрипт. – Тамбов: Грамота. – 2018. – № 8(94). – C. 30–34.
  22.  Акишев А.К. Семантика и функции искусства «звериного стиля» саков Семиречья // Ранние кочевники Средней Азии и Казахстана. – Л.: 1975. – С. 57–60.
  23.  Иванов С.С. Структура и тактика войска древних кочевников Центральной Азии в сакский период // Вестник Кыргызского национального университета имени Жусупа Баласагына. Серия 1. Вып. 6. – 2007. – С. 159–163
  24.  Черненко Е. В. Битва при Фате и скифская тактика // Вооружение скифов и сарматов. Сб. АН УССР, Ин-т археологии. – Киев, 1984. – С. 59–75.

Авторы: Избаиров А.К., т.ғ.д.