Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚҰТЫЛЫҚ


Білге Құтылық, Елтеріс Білге қаған(т. ж. б. – 691 ж.) – Екінші Шығыс Түрік қағанатының (682-744) негізін қалаған ұлы қағаны, аса көрнекті қолбасшы. Өз есімі Құтылық. Елтеріс Білге – Қағандық атағы. Бірінші Шығыс Түрік қағанатының соңғы қағаны Ілік қағанның (Іл қаған) жақын туысқандарының бірінен тараған ақсүйек хан тұқымы. Аталары 630 ж. кейін Қазіргі ҚХР Ішкі моңғол автономиялы провинциясы аумағындағы Ордос өңірінде құрылған Юнчжундудуы Шэли Юаньин дегеннің қол астындағы тайпа көсемі болып, мұрагер ретінде тутун-чұр лауазымына ие болып келген. Қаған болғанға дейін «шад» деп аталып келген. Қытай деректерінде оның атын Ашина Гудулу (阿史那骨笃禄 / Āshǐnà Gǔdǔlù) және Ашина Гудолу(阿史那骨咄禄 / Āshǐnà Gǔduōlù) деп хаттап отырған. Ал оның «Елтеріс қаған» деген қағандық атағын «Седелиши кэхань (颉跌利施可汗 / Xiédiēlìshī Kèhán)»деп транскрипциялаған.

Өмірбаяны

630 ж. Бірінші Түрік қағанаты жойылғаннан кейін түркі тайпалары Қытай шекаралық аймақтарына жақын маңдағы қазіргі Ішкі Моңғол автономиялы провинциясы аумағына, Нинся дүнген автономиялы провинциясы мен Шаньси провинциясының бірбөлім ауданарындағы жайылымдық аймақтарға барып қоныстанды. Тан патшалығы олар қоныстанған аймақтарда әскери әкімшілік сипатты жерлік әкімшілік құрылымдар (духуфу) құрып түркі ақсүйектеріне әкімшілік және әскери мәнсаптар тағайындап, оларға 50 жыл бойы билік жүргізді. Осы жылдары түркі жұрты қытай бодандығының тауқыметін әбден көрді. Олар Тан династиясының мүддесі үшін түрлі жорықтарға қатысып, құрып бара жатты.

Тарихи деректерден белгілі болғанындай 620 ж. Бірінші Шығыс Түрік Қағанатының тағына қытай деректері «Сели кэхан (頡利可汗)» деп жазған, түркі ескерткіштері «Іліг қаған» немесе «Іл қаған» деп жазған қаған билікке келді. Ол Жами қағанның (VI-ғ.– 609 ж.) ұлы еді. Іліг қаған ағасы Чуло қаған өлгеннен кейін, 620-630 жж. аралығында қаған болды.

624 ж. Іліг қаған кіші қаған Төлес қаған (қытайша «Тули кэхан 突利可汗» жазылады, түркі жазбаларында «Töles qaγan» делінеді) екеуі қол бастап, Қытай жеріне жорыққа аттанды. Олардың сәтті жорықтар жасап, Тан империясы қосындарын басқарған Ли Шиминьнің қолын ойсырата талқандады. Ли Шиминь оларды бетпе-бет шайқаста жеңе алмайтынына көз жеткізгеннен кейін қағанаттың кіші қағаны – Төлес қағанмен ымыраласып, «анда» болды әрі оны ұлы қаған – Іліг қағанға қарсы қойды. Шығыс түрік қағанаты билеушілері арасында орын алған мұндай алауыздық шиленісе келе олардың жорықты тоқтатып, кері шегініп кетуімен аяқталды. Арада екі жыл өткенде Тан патшалығы ішкі саяси билігінде алауыздық орын алып, мұның соңы орда қырқысына айналады. Осындай тұрақсыздықты шебер пайдаланып қалуды көздеген Ілік қаған 626 ж. 100 мың әскермен Тан империясына жорық жасап, түрлі шайқаста дерліктей жеңіске жетіп отырды. Көп өтпей империяның ішкі саяси қырқыста Ли Шиминь жеңіске жетіп, патша болды. Ол патша тағына жайғасқанына 20 күн болғанда Іліг қаған әскер бастап, ел астанасы Чан-ань қаласынан 20 шақырым жерге дейін барды. Ли Шиминь бұл жолы Іліг қағанмен амалсыз ымыраға келіп, «Вэйшуй бітіміне» келді. Ли Шиминь Вэйшуй өзеніндегі Бянцяо көпірінде Іліг қағанмен кездесіп, ақ айғыр айтып сойын, бір-біріне шабуыл жасамау туралы серт берісіп бітімгершілік орнатты.

Екі жақтылы бітімгершілікке сәйкес Іліг қаған кері шегініп кетті. Алайда Шығыс түрік қағанатының ішкі жағдайын өте жақсы білетін Ли Шиминь Іліг қаған мен Төлес қағанды бір-біріне қарсы қою әрекетін жалғастыра берді. Ол түркі қағандары арасындағы ымырасыздықты пайдаланып ғана қоймай, түркі тайпалары арасында орын алған берекесіздіктерді де шебер пайдаланды.

Себебі, Іліг қаған таққа отырған тұста ол қағанаттың ішкі билігіне қытайлық уәзірлерді де қызметке араластырған еді. Солардың бірі Чжао Дэянь атты қытай еді. Ол қаған алдында өзінің атақ-даңқын асыруды ғана көздеп, «әсіре реформашыл» саясат ұстанып, түркі салттарына өзгерістер енгізумен әуестенді әрі түркі халқының мүддесіне кереғар заң-жарлықтар шығарып отырады. Сөйтіп, Іліг қаған тақта болған тұста билікте түркі халқының мүддесіне қайшы әрекеттер көптеп орын алды. Оның өз халқынан көрі жат жұрттықтарды жан тартатын «жалтақтығы» табғаштармен ғана шектелген жоқ-ты, ол тағы орта азиялық алаяқ соғда саудагерлерінің айтқанын орындап, солардың ақылына жүгініп отырды. Оның бұл әрекеттері өз билігіне емес, басқалардың, өте-мөте Тан императоры Ли Шиминьге пайдалы болды. Осы мүмкіндікті шебер пайдаланған Ли Шиминь Төлес қағанды жақтаған көк түріктерден өзге тайпаларды да Іліг қаған билігіне қарсы қоя алды.

Соның нәтижесінде 627 ж. Шығыс түрік қағанатының шаңырағы шайқала бастады. Іліг қағанға қарсы шыққан сюе-яньто, ұйғыр, Ба-е-гу, тоңра қатарлы тайпалар бірлесе отырып, Іліг қағанның дәстүрлі салт-дәстүр мен жол-жосындарды орынсыз бұзған заң-жарлықтарына қарсы шығып, оның орнына сюе-яньто тайпасынан қаған сайлады. Бұл аз болғандай Төлес қаған Тан патшалығымен тіл біріктіріп, Іліг қағаннан іргесін бөлді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, дәл осы жылдары қар қалың жауып, ұлы далада ақсүйек жұт жүріп, төрт түлік мал қора-қорасымен қырылып жатты. 629-630 жж. Шығыс түрік қағанаты саяси дағдарысқа тап болып, қағанат күйреуге ресми бет бұрды. Тан патшалығы Сюе-яньто билеушісі Инанды қаған деп таныды. Артынша олармен бірлікте Шығыс түрік қағанатына шабуыл жасады. 629 ж. Таң патшалығымен арадағы шайқаста Төлес қаған жеңіліп қалды. Соған қарамастан тегі қытай зайыбының ақылы бойынша Тан патшалығына бағынды.

630 ж. Іліг қаған Тан патшалығы мен оның одақтастарынан жеңілді. Ол жан сауғалап Төлес қағанға қашып барды. Алайда, Төлес қаған оны Тан патшалығына тапсырып бере салды. Шығыс түрік қағанаты осылайша түркі қағандарының ымырасыздығы мен алауыздығынан жойылды.

Іліг қаған Чан-ань қаласына жеткізілгеннен кейін, Ли Шиминь оның опасыз қылықтарын бір-бірлеп бетіне басып айыптайды. Бірақ, оны өлтірмеді, қайта бір аймақтың әкімі етіп тағайындады. Қорлыққа жаны төзбеген Іліг қаған қатын баласымен бірге зар еңіреп, дауыс айтып жылаумен болады. 634 ж. Қытай астанасы Чан-аньде құсадан өлді. Халқы оның мәйтін түрік салты бойынша өртеп жібереді [1. 6028-6050 бб.; 2. 165 б.].

Шығыс түрік қағанатының құрылу, даму және құлдырап елдігінен айрылу тарихы көне түрік ескерткіштерінде төмендегідей сипатталған:

Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын-қаған, Істеми қаған [таққа] отырып, түрік халқына, еліне, төріне (билігі) тұтқа болған. Төрт тараптағылар қарсы жау болған. Қол аттандырып, төрт тараптағы халықты бағындырып, иеленген. Бағындырып бейбіт қылған. Бастыны жүгіндірген, тізеліні бүктірген. Ілгері (шығыста) Қадырхан жынысына дейін, кері (батыста) Темір-қақпаға дейін қондырған. Екі аралықта көк түріктердің иесі иеліксіз осылай отырар еді. Білікті қағандар еді, алып қағандар еді. Бұйрықтары (қолбасшылар) да білікті еді, алып еді. Бектері де, халқы да түз (адал) еді. Сол үшін елді осынша тұтқан еді. Елін тұтып, төрлі (билікті) етті. [Олар] өздері О дүниеге керек болды (дүниеден өтті). Жоқтаушы, жылап сықтаушы күн шығыстағы Бөкілі шөлі елінен, табғач, тибет, абар, үрім, қырғыз, үш-құрыхан, оғыз-татар, қытай (кидан), татабылардан бұнша халық келіп сықтады, жоқтады. Осындай күлік (даңқты) қағандар еді. Онан соң інісі қаған болған еді. Бірақ інісі ағасындай болмады. Ұлдары әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар [таққа] отырған еді. Әлсіз қағандар таққа отырған еді. Бұйрықтары (қолбасшылары) біліксіз еді, әлсіз болған еді. Бектері, халқы адал /түз/ болмағандықтан, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, інілі ағалының кектескендігінен, бектер мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы елдігінен, елінен айрылды. Қағандығын жүргізіп отырған қағанынан айрылды. Табғач халқына бек ұлдарың құл болды, ару қыздарың күң болды. Түрік бектер түрік атын жойды. Табғачшыл табғач атын тұтынды. Табғач қағанға бағынды. Елу жыл ісін-күшін берді. [Олар] ілгері күн шығыста Бөкілі қағанға дейін жаулады. Кері Темір қақпаға дейін жаулады. Табғач қағанға [басқаның] елін, төрін [билігін-үкіметін] алып берді. Түріктің күллі қара халқы былай десті: «Елді халық едім, елім қайда? Кімге елдік құраймыз?» – десті. «Қағанды халық едім, қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымызды береміз?» – десті. Осылай деп табғач халқына жау болды [ 3. 61 б.].

Міне, солай түркі жұрты «Табғач қағанға бағынды. Елу жыл ісін-күшін берді». Арада тура 50 жыл уақыт салып, түркі ақсүйектерінің өз елдігін қалпына келтіру мақсатындағы қимылдары қайта белең ала бастады.

Қытай деректері берген мәліметтер бойынша Тан патшалығы боданына айналған түркі ақсүйектерінің елдікті қалпына келтіру әрекеті бұған дейін де орын алған. Сондай бір уақиға 664 ж. тіркелген. 630 ж. Шығыс түрік қағанаты жойылғаннан кейін қағанаттың билеуші әулетін қытай жеріне таяу шекаралық жерлерге көшіріп апарып, оларға мансаптар тағайындаған болатын. Сол қатарда түріктердің 300 отбасы Юньчжун қаласына (қазіргі Шаньси провинциясындағы Датун қаласы) көшіп барып, Ашидэ әулеті ақсүйектері мансапқа тағайындалады. Араға уақыт салып 664 жылы Ашидэ әулетінің адамдары император Тан Гаоцзун барып мұрагер хан тұқымын «қаған» деп ұлықтасаңыз деген тілек білдірген. Бірақ император Тан Гаоцзун оған «сіздердің қазіргі кезде қаған деп жүргендердің көне дәуірдегі шаньюймен бірдей» деп жауап берген әрі «Юньчжун духуфуынының атын Шаньюй духуфуы» деп өзгертіп, өзінің екі жасқа енді келген Иньван Сюйлунь (Ли Дань) деген ұлын «Шаньюй духуфуының дадаухуы деп тағайындап, (сіздерді) алыстан басқарып отыратын болсын деген жарлық айтқан[4, 611 б.]. Осы уақиғаның өзі түріктердің Тан патшалығы бодандық қамытын мойнына кигенін көрсетумен қатар, өзінің «қаған» деген төл атағына болған сағынышын білдіретін еді. 

Себебі уақыт өте келе табғаштардың бастапқы кездегі «ұзын арқан, кең тұсауы» барған сайын тарылып, ұлттық езгі күшейіп, бодандықтың тауқыметі қарапайм халықтың ауыртпалығын күн өткен сайын ауырлата түскен еді. Сөйтіп, оларды «Қағанды халық едім, қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымызды береміз?» – деген ой үнемі мазалап жүрді. Осы түйткілді сауал түркілерді көп жыл мазалап, бодандық қамытын киген тарихы 50-ші жылға аяқ басқан кезде тығырықтан шығудың жолын ақыры іздеп тапты.

Сөйтіп, 679 ж. Ашидэ Ұран бек (Вэньфу) және Ашидэ Фэнчжы қатарлы түркі бектері өз иелігіндегі елді бастап, Тан империясына қарсы көтеріліске шықты. Олар хан тұқымы Ашина Низүк бек (Нишуфу) есімді ақсүйекті «қаған» деп ұлықтады. Бұл уақиға «Қазан айында болып, кезекті көтеріліске Шаньюй духуфу деп аталатын әкімшілік өңірдің қарамағындағы 24 аймақтағы түркі шенеуніктері түгел ат салысып, олардың адам саны 100 мыңға жеткені» тіркелген [5, 6392-6393 бб.].

Бұл уақиғаның орын алуы Тан патшалығын қатты алаңдатты, олар қыс бойы әскери дайындық көріп 680 ж. көктемінде патшалықтың әйгілі қолбасшысы Пэй Синцзяньді 480 мың әскермен екі бағытта жорыққа аттандырды. Көп жыл бойы Батыс түрік қағанаты аумағында түрлі соғыстарды басқарған тәжірибелі қолбасшы түріктерге күйрете соққы бере алды. Соғыс кезінде Ашидэ Фэнчжын тұтқынға түсті. Ашина Низүк бекті (Нишуфу) күні кеше ғана қаған көтерген бектерінің бірі өлтіріп, басын кесіп апарып берді. Сөйтіп, түркі халқының Тан патшалы бодандығына қарсы алғашқы көтерілісі сәтсіз аяқталды.

Дегенмен, Шаньюй духуфуында орын алған кезекті көтеріліс көсемдерінің бірі Ашидэ Ұран бек (Вэньфу) Тан патшалығы жаныштауынан аман құтылып, Инь-Шань тауының батысындағы қарлықтарға қашып кеткен еді. Ұран бек (Вэньфу) онда барғаннан кейін Сячжоу аймағынан Бірінші түрік қағанатының соңғы қағаны Ілік қағанның (Сели қаған) інілерінің ұрпағы болған Ашина Баян (Фунян)атты хан ұрпағын алғызып, Хуанхэнің батысына өтіп, сол жерде оны «қаған» деп жариялайды. Сөйтіп, түркі тайпалары қайта біріге бастады [6. 194 ц]. Бірақ, 681 ж. Пэй Синцзянь далалық аймақтағы түркі көтерілісін жазалау мақсатында әскер бастап жорыққа қайта шыққан еді. Түркі жұрты бұл жолы да ерекше ерліктер көрсете алды. Бірақ тәжірибелі қытай генералы айласын асырып кетті. Пэй Синцзянь бұл жолы түріктердің солтүстігіндегі тоғыз оғыздармен бірлесе отырып, көтерілісшілерге екі бүйірден соққы бере бастайды. Ашина Баян (Фунянь) жағдайдың мүлде тиімсіз екенін көріп, адамдарын бастап Тан патшалығына өз еркімен беріледі.

Соған қарамастан Тан патшалығы Ашина Баян, Ашидэ Ұран бек (Вэньфу) қатарлы 54 адамды Чан-ан қаласына апарып, артынан олардың басын кесіп, көшеге іліп қояды [5, 6394 б.]. Бұл сұмдықты естіген қытай генералы Пэй Синцзянь «Өз еркімен бағынушыларды өлтірдік, енді бізге ешкім бағына қоймас» деп өкінеді. Осы қанды оқиғадан кейін түркі ақсүйектері қытай билігіне болған сенімін мүлде жоғалтады.

Сөйтіп, бүкіл түркі жұрты Тан патшалығына өшігіп, тәуекелге келіп, ақтық шайқасқа бел буады. Тан патшалығы өздерінің оғаш қылығын кеш те болса сезініп, Ашина Баян (Фунян)аруағын ұлықтау, түркі тайпаларына адам жіберіп, тәтті сөз айтып, үгіт жұмыстарын жүргізу сияқты жұмыстарды қолға алғанымен, еш өнімі бермейді. Бұл туралы «Күлтегін» ескерткішінде: Осылай деп табғач халқына жау болды. Жау болып қарсы тұрып, әрекет етіп құлады. [Табғачқа] қайта бағынды. Бүйтіп күш-қуатын бергісі келмеді. (Бүйткенше) «Түркі халқы қырылайық, ұрпақсыз қалайық десті». [Түркі халқы] жойылып бара жатты [ 3. 61 б.] деп жазды.

Түркі жұртының тағдыры қыл үстінде тұрған осынау сәтте табғаштарға қарсы күрестің үшінші толқыны көтерілді. Бұл күресті Білге Құтылық бастады. Ол Ашина Баян (Фунян) бастаған көтеріске қатысқандардың бірі еді. Ол туралы «Ашина Баян (Фунян) жеңілген кезде Құтылық бытыраған елді жинап, Цзунцай тауын (Чұғай құзы) паналап, тонаушылық істеп жүрді» деген мәлімет сақталған [6, 194 ц.].

Бұл уақытта Пэй Синцзянь өз қосындарын бастап оңтүстікке қайтып кеткенмен, империяның «Шаньюй духуфуы» деген әскери, әкімшілік құрылымы өз жұмысын қайта жандандыра бастаған болатын. Ондағы Тан патшалығы армиясы Чұғай құзын төрт жағынан қоршауға алып сонда жойып жіберуге әрекеттеніп отырған еді. Олар тағы солтүстік далалық аймақтағы тоғыз оғыздың Баз қағаны бастған көшпенділердің атты жасақтарын түрік көтерісшілерін жаныштауға міндеттеген болатын. Сондықтан, Құтылықтың Чұғай құзындағы өмірі қауіп-қатерге толы еді. Бұл тарихи оқиғаны «Күлтегін» ескерткіші былайша баяндайды: [сол кезде] Жоғарыда Түрік Тәңірісі, Түріктің киелі Жері, Суы былай депті: Түрік халқы жойылмасын деп, ел болсын деп әкем Елтеріс қағанды, анам Ел-Білге қатынды Тәңірі төбесіне тұтып, жоғары көтеріпті. Әкем қаған он жеті сарбаз жинапты. [Олар] тыста жортуылда жүр дегенді бәрі естіп, қаладағылар жиналды. Таудағылар сонда барып қосылды. Жиналып жетпіс ер болды. Тәңірі күш бергені үшін Әкем – қағанның әскері бөрі сияқты еді. Жаулары қой сияқты еді. Ілгері-кейін шапқылап [халықты] жинады, көтерді. Барлығы жеті жүз ер болды. Жеті жүз болып елсіреген, қағансыраған халықты; күңденген, құлданған халықты, Түрік төрінен (билігінен) айрылған халықты ата-бабам [дәстүрлі] билігіндей қайта жаратты, орнатты. Төлес (сол қанат), тардұш (оң қанат) халқын сонда құрды. Табғач халқы жау еді. Сырт жағымызда Баз қаған –тоғыз оғыз халқы жау еді…. деп тәптештеп көрсеткен [3. 61-62 бб.].

Тәңір жар болып дәл осы жылы Батыс түрік қағанатының билеушісі Ашина Чэбо (Чабыш) Тан патшалығына қарсы көтеріліске шығады. Патшалық өзінің жабайыларды бағындырумен аты шыққан қолбасшысы Пэй Синьцзяньді бас қолбасшы етіп, Батыс түрік қағанатына жорыққа аттандыруды ұйғарады. Тан империясының жаза жорығы мен оның әйгілі қолбасшысы – Пэй Синьцзяньнің Батыс түрік қағанаты билеуші Ашина Чэбоға (Чабыш) қарсы жорыққа аттануы Құтылыққа аса зор мүмкіндік береді.

Тан патшалығының әскери бақылауының әлсіреуімен бірге түркі халқының табғаштарға болған өшпенділігінің артуына байланысты, түркі жұрты Құтылықтың маңына жедел түрде топтаса бастайды. Сөйтіп, бастабында 17 адаммен қашып құтылып, Чұғай құзын паналаған Құтылықтың жақтастары 70 адамға, одан 700 адамға жетеді. «Тәңірі күш бергендіктен, Құтылық қағанның әскері бөрі сияқты, жаулары қой сияқты» болғандықтан, Құтылық қаған бастаған ержүрек түрік  жауынгерлері санының аз болғанына қарамастан табғаш, тоғыз оғыз Баз қаған қосындарын арт-артынан талқандап отырады. Құтылықтың күш-қуаты жедел артқаны соншалық, ол көп өтпей таудан түсіп, далалық өңірге – Қара құмға қарай беттейді.

Түркі мәңгі тасындағы: «Ілгері-кейін шапқылап [халықты] жинады, көтерді. Барлығы жеті жүз ер болды. Жеті жүз болып елсіреген, қағансыраған халықты; күңденген, құлданған халықты, Түрік төрінен (билігінен) айрылған халықты ата-бабам [дәстүрлі] билігіндей қайта жаратты, орнатты. Төлес (сол қанат), тардұш (оң қанат) халқын сонда құрды» деген дерекке қарағанда Құтылық түркі халқының елдігін өз жақтасының саны 700 адамға толған тұста қалпына келтірген. Дәл осы тұста ол «Елтеріс қаған» деп ұлықталған. Бұл 682 ж. болған уақиға болатын. Ол Қарақұмды (Қазіргі Ішкі моңғолдың орталығы Көкеқота//Хух-Хоото қаласының солт. бат.-ында) астана етіп, осы жерде түрлі заңдар мен мемлекеттік жүйені жасақтап, түркі қағанатын ресми түрде қалпына келтіруге ат салысты. Сөйтіп, Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізі қалана бастады. Бұл түркі халқының жарты ғасыр бұрын құрдымға кеткен елдігінің ресми түрде қалпына келуіне кең жол ашты.

Осыдан соң Құтылықтың бытыраған елді жинап, басын біріктіруі өте ауқымды болды. Бұл оның Тан патшалығы құрсауын талқандап, тұтас аймақтағы ықпалын артыра түсуімен байланысты болатын. Қытай деректемелері осы тұста оған қарасты халықтың саны 5000 адамнан асқанын хабарлаған [6, 194 ц.].

Елтеріс қаған осыған дейін данагөй Тоныкөкті бас қолбасшы, ақылгөй етіп белгілеп, оны «Білге Тоныкөк», нақтап айтқанда «Білге Тоныкөк Бойла Баға Тархан» деп атаған еді. Түркі ескерткіштерінде: «… Одан соң көктегі тәңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағаныммен ұғыстым, ‘Білге Тоныкөк Бойла Баға Тарханмен бірге мен Елтеріс қаған болайын’ – деді деген мәлімет бар [3. 123 б.]. Бұл бойынша Құтылық пен Тоныкөктің мұндай атақтарды алуы бір кезде, нақтап айтқанда қағанатты қалпына келтірудің алғашқы рәсімінде болған.

Құтылық Ашидэ Юаньчжэнь есімлі екінші бір дана тұлғаны да өзінің ақылгөйі еткен. «Синь таншу» кітабы бұл туралы: Сол кезде Чаньюй [духу]фуының бағынған тайпалар ісіне жауапты Ашидэ Юаньчжэнь есімді шенеунікті чанши Ван Вэньли қамауға алған болатын. Құтылық шапқыншылық жасағанда, Юаньчжэнь [Ван Вэньлиден патшалықтың құзырындағы] тайпаларға барып‚ өз күнәмді жусам дегенді өтінеді. Сонымен, оның бұл өтініші қабылданады. Ол Құтылыққа бағынған соң Құтылыққа ақылшы болады. Құтылық оны «Апа таркан» етіп тағайындап, әскерін түгел соған басқартып қояды деп жазған [2. 179 б.]. Ғалымдар арасында «Ашидэ Юаньчжэнь» мен Тоныкөкті бір адам деп санаған пікір қалыптасқан [7. 28 б.]. Бірақ, ол екеуі мүлде екі басқа тарихи тұлға болып табылады [8. 865 -866-бб.].

Айтулы жылдар ішінде Құтыылық бұдан басқа да жетістікке қол жеткізген болатын. Соның бірі ретінде оның тоғыз оғызды бағындыруын айтуға болады. «Тоныкөк» ескерткішінде тоғыз оғыздарды бағындыру мен Өтүкен қойнауын қағанаттың астанасы етуді бір ғана уақиға ретінде баяндалған. Бұл жағы сірә солай болуға тиісті.

«Тоныкөк» ескерткіші: «Түстікте табғачты, шығыста – қытайды, терістікте – оғызды көп қырды. Білік есі сөз есіне мен бағындым. Шұғай құзында, Қара құмда отырушы едік. Киік жеп, қоян жеп отырушы едік. Халықтың тамағы тоқ еді. Жауымыз айнала жыртқыш сияқты. Біз жемтік едік. Сөйтіп еректі отыр едік. Оғыздардан көрүг (тыңшы) келді. Тыңшы сөзі мынадай: – Тоғыз оғыз халқының үстіне қаған отырды – деді. Табғачтарға Құну-сеңүнді жіберді. Қытайларға Тоңра семді жіберді. Сөзді былай жіберді: Азғана түрік халқы шабуы мүмкін. Қағаны алып еді, ақылгөйі білге еді. Ол екі кісі болса, Табғач сені де жояды, шығыста қытайды да жояды. Оғыз – мені де қырады. – деді. [Сондықтан] Табғачтар беріден (алдынан) шап, қытайлар шығыстан шап, мен сыртынан шабайын. Түрік-есір халқының жерінде [өз] иесі билік жүргізбесін. Осылай иесін жоқ қылайық – депті. Осы сөзді естіп түнде ұйқым келмеді. Күндіз отырғым келмеді. Сонан соң қағаныма өтіндім. Былай өтіндім: «Табғач, оғыз, қытай бұл үшеуі біріге қалса, біз өз іші-тысымызды ұстап қана қаламыз. Жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалың болса, алып қана топтар, жіңішке жуан болса, алып қана үзер. Шығыстағы қытайға, түстіктегі табғачқа, батыстағы құрыданға, терістіктегі оғызға екі-үш мың қол жіберейік., бар ма?» Анша өтіндім. Қағаным мен өзім Білге Тоныкөк өтінген өтінішімді ести (тыңдай) берді. [Сонсоң] көңіліңдегіні баста –деді. Мен [қолды] Көк-Өңіден жоғары Өтүкен жынысына бастадым. Сиыр көлікті Тоғладан оғыздар келді. Әскері үш мың екен. Біз екі мың едік. Соғыстық. Тәңірі жарылқады, жеңдік. Өзенге түсті, жеңдік, жолда олар көп қырылды. Онан соң оғыз қопарыла келді. Күшпен бағындырдым. Өткен жеріндегі түрік халқы мені «Білге Тоныкөк Өтүкен жеріне келіп қоныстаныпты» дегенді естіп, түстіктегі халық, батыстағы, терістіктегі халықтар келді [3. 123-124 бб.].

«Тоныкөк» ескерткішінде көрсеткендей: Тоныкөк [қолды] Көк-Өңіден жоғары Өтүкен жынысына бастаған кезде, Құтылық қаған қағанаттың екінші қолбасшысы – Апа тархан Ашидэ Юаньчжэньмен бірге Тан патшалығының Ішкі Моңғолиядағы түркі көтерілісшілерін жаныштауға жіберген Чжан Цяньсуй (张虔勖//Zhāng Qiánxù) қосындарын талқандаған еді. Сол жылы күзде олар жорықты онан әрі жалғастырып «Шаньюй духуфуының солтүстік бөлігіне» шабуыл жасаған [2. 179 б.]. Артынша олар Тан патшалығының шекарадағы маңызды қалашығы, Юньчжун духуфуының орталығы болған Динсянь ауданына (定襄县//Dìngxiāngxiàn: Қазіргі Шаньси пров. Синчжоу қаласына忻州市//Xīnzhōu shì қаласты аудан), онан кейін Ланчжоуға (岚州// Lánzhōu,қазіргі Шаньси пров. Ланьсянь ауданы) жорыққа аттанып, Ланчжоу аймағының әкімі Вань Дэмаоні өлтіреді. Осыдан кейін Бинчжоу (қазіргі Шаньси пров. орталығы Тайюань қаласы) қаласына шабуыл жасайды. 

Түркілердің сұрапыл шабуылын тойтару үшін Тан патшалығы бұл жолы өзінің ең әйгілі қолбасшысы – Сюе Жэньгуйді жорыққа аттандыруға мәжбүр болады. Қытай деректері Сюе Жэньгуйдің бұл жорықта түркі қосындарын Юньчжоуда талқандағаны және 10 мың адамын өлтіріп, 20 мың адамды тұтқындалғанын хабарлаған. Бірақ, Апа тарқан бас қолбасшы болған бұл қосынынынң неше мың ғана адам болғанын ескерсек, аталған мәліметтің жалған екеніне көз жеткіземіз. Себебі жоғарыда көрсеткендей Тоныкөк бұл жолы әр бағытта екі мың сарбаз аттандыруды өтінген әрі өзі екі мың адаммен солтүстікке тоғыз оғыздарға аттанып, оңтүстікке аттанған екі мың адамдық қосынды Тан патшалығының шекаралық қорғанысын жақсы білетін Апа тарқанның басқаруына берген. Егер біз Апа тархан жорық жасаған бұл аймақтарды бұрын Тан патшалына бағынған түркі тайпалары қоныстанғанын ескерсек, бұл жорықта Құтылық пен Апа тарқан табғаш жерінде қалған түркі жұртын азаттыққа шығарумен айналысқан. Егер жоғарыда көрсеткен Сюе Жэньгуй «10 мың адамды өлтіріп, 20 мың адамды тұтқындады» деген мәліметті шын деп қарайтын болсақ, онда оларды жорық кезінде Құтылық пен Апа тарқанға қосылған түркі тайпалары деуге тура келеді. Бұл уақиғалар тізбегі 682 ж. болған еді. 

683 ж. Тан патшалығының билік басындағы императоры Тан Гаоцзу опат болды. Бірақ, патша ордасында қалыпсыз жағдай орын алып, У Цзытянь билікті өз ықпалында ұстай бастады. Артынша әулет ақсүйектерінің У Цзытяньға қарсылығы басталып, оның соңы қантөгіске айналды. Дегенмен, У Цзытянь қарсыластарын тез арада жаныштады. Солай дегенмен соңғы кезде тибеттіктер мен Батыс түрік қағанатының Тан патшалығына жорықтары жиілеуі себепті, бұл кезде патшалық жыл сайын қорғану сипатты жорықтарға шығып, тым қалжырап қалған еді.

Тан патшалығының осындай ішкі-сыртқы дағдарысын жақсы білген Құтылық қаған мен оның ақылгөйлері алдағы жерде Тан патшалығына қарсы бір қатар әскери шараларды іске асырды.

Сөйтіп, 683 ж. қыстың соңғы айларында Түркі қосындары қазіргі ҚХР астанасы Бейжиң қаласы тұрған жазықта бой көрсете бастады. Олар әуелі Динчжоу (Қазіріг Хэбэй пров. Баодиң қаласы) аймағын, артынан Гюйчжоу аймағын шабуылдап жеңіске жетті. Құтылық пен Апа тархан сол жерден солтүстікке беттеп бір айдан кейін «Шаньюй духуфуын қоршауға алды» [6. 60 б.]. Тан патшалығы Шынчжоу аймағының дудуы Ван Бэньли мен Сячжоу аймағының дудуы Ли Чоң-иді екі бағыттан Шаньюй духуфуына көмекке жіберді. Тарихи еңбектер олардың одан әрі не тындырғанын тіркемеген, соған қарағанда ол екеуі де көздеген мақсаттарына жете алмаған сияқты. Белгілі болуынша Шаньюй духуфуын басқарып отырған сыма Чжан Синьши (张行师// Zhāng Xíngshī) қаладан айрылып, өзі соғыста өлген [1, 3 б.]. Құтылық пен Апа тарқан бұл жолы Тан патшалығына бағынышты түркі тайпалары қоныстанған «Шаньюй духуфуы» деп аталатын әкімшілік аймақты Тан патшалығынан тартып алғандықтан, «Шаньюй духуфуы» деген әскери-әкімшілік аймақ өзінің өмір сүруін толығымен тоқтатты.

 Мамыр айында Құтылық пен Апа тархан қосындары Вэйчжоу (蔚州қазіргі Шаньси пров. Датун қаласы маңында) аймағына шабуыл жасап, аймақты басқарып отырған цычи Ли Сыцзяньді (李思俭//lǐ Sījiǎn) өлтірді. Осыдан кейін Фэнчжоу аймағы (丰州 – қазіргі Ішкі Моңғолдың Утай ауданы) дудуы Цуй Чжибянь (崔知辩//Cuī Zhībiàn) патша жарлығы бойынша Құтылық пен Апа тарқанға қарсы жорыққа аттанды. Бұл жолы ол Чауна тауы маңында (ҚХР. Ішкі моңғолдың Гуюань ауданының шығысы) солтүстікке беттеп бара жатқан түркі қосындарының алдын тосады. Бірақ, соғыста жеңіліп, Цуй Чжибянь сол соғыста өледі. Ол бұған дейін Тибеттермен арада болған соғыстарда ерекше көзге түскен Тан патшалығының бетке басар қолбасшысы болатын. Құтылық бастаған түркілер бас көтергеннен кейін оны Фэнчжоу аймағына дуду етіп тағайындап жіберген болатын. Аталған аймақ Тан патшалығы құрылған тұста бағынған түркі ақсүйегі Шиданай билігіндегі түркі тайпалары қоныстанған жер болғандықтан, ондағы Тан патшалығы қосындары түркілерден жасақталған атты жасақтар болатын. Цуй Чжибянь басқарған сол қосын Құтылықтан жеңілгеннен кейін олар толығымен Құтылыққа бағынып, оның әскерін онан әрі күшейте түсті.

Бұл жылғы соғыс осымен біткен жоқ. Мамыр айында түркілер Ланчжоу аймағына кезекті шабуыл жасаған, бірақ бұл жолы оларды «Ян Суаньцзи қуып жіберген» [5. 203 ц.].

Осы жылы қарашада Тан патшалығы мен түркілер арасында орын алған соғыстарда көзге түсіп жүрген Чэн Утин (程务挺// Chéng Wùtǐng) атты қолбасшыны «Шаньюйдаоды тыныштандырушы елші» деген лауазым беріп Цунцайшан тауындағы (Чұғай құзы) қарақшы Юаньчжэнь (Апа тархан), Гудулу (Құтылық), Хэгэцзунь қатарлыларды үгіттеуді міндеттейді. Чэн Утиннің Шаньюй духуфу аумағында орын алған көтерілісшілерді бағындыру мақсатында осы міндетке тағайындалуы онда бұған дейін міндет атқарған Чжан Цяньсуйдің сәтсіз жұмыс істегенін білдіретін. Дегенмен, бұл міндетке тыңнан тағайындалған Чэн Утиннің өз міндетін абыроймен атқарғаны туралы мәлімет тіркелмеген. Соған қарағанда оның қызметі түркілерге елші аттандырып, үгіт-насихат жасаумен ғана шектелсе керек. Себебі келесі жылы Құтылық қол бастап Шочжоуға (Қазіргі Шаньси пров. Шосянь ауданы) шабуыл жасаған кезде Чэн Утунмен соғыс майданында кездескен еді. Осының өзі Құтылыққа жүргізілген үгіт-насихат еш өнім бермегенін көрсетеді.

684 ж. Тан патшалығында тағы да саяси тұрақсыздық белең алды. Бұл жолы У Цзэтянь император Тан Чжунцзуннің (Ли Сянь) патшалық құқығын жойып, оның орнына Ли Даньді ұлықтап, Тан Жуйцзун деп атады. Құтылық бұл жолы да табғаш билігінде орын алған ауыс-түйісті шебер пайдалануға кірісті. Ол әскер аттандырып Шочжоуға шабуыл жасады. Бірақ, ол бұл жолы Чэн Утунның тегеурінді қарсылығына тап болып, кері шегінді. У Цзэтянь Таң патшалығының жаңа императоры атынан жарлық шығарып Чэн Утунді «Шаньюйдаоды тыныштандырушы елші» деген мансабына қайта тағайындады. Бірақ, У Цзытянь осы жылдың соңында бетке ұстар қолбасшысын өзіне қарсы келгені үшін өлтірді. Көп өтпей қатын билеуші өзінің келесі бір қолбасшысын Ван Фан-иді (王方翼// Wáng Fāngyì) патша әулетіне адал уәзір болғаны үшін Хайнаньге жер аударды, ол жолда аурып өлді. Сөйтіп, Тан патшалығында Құтылықпен соғыса алатын қолбасшы да қалмады.

Тан патшалығының қорғаныс жағдайын жете меңгерген Құтылық қаған 685 ж. Шочжоу, Дайчжоу аймақтарына шабуыл жасады. У Цзэтянь жіберген Пу Инцзе соғыста жеңіліп, 5 мың сарбазынан айрылады. У Цзытянь енді Вэй Дайцзя атты қолбасшыны жіберді, бірақ оның бұл жолы қандай бір жеңіске жеткені туралы мәлімет сақталмағанына қарағанда ол да өз міндетін абыроймен атқармаса керек. Амалы таусылған У Цзэтянь тибеттіктерге қарсы соғыста ерлік көрсеткен тегі корей қолбасшы – Хэйчи Чанчжи (Heukchi Sangji) түріктерге қарсы соғысқа аттандырады.

Бірақ, Құтылық Хэйчи Чанчжиден (Heukchi Sangji) қаймыққан жоқ. Ол 686 ж. күзде Қытай жеріне жорыққа аттанып, әуелі Шаньси пров.-ның солтүстік бөлігіне шабуыл жасап, одан соң қазіргі Хэбэй пров.-сы аумағында Хэйчи Чанчжимен соғысты. Кеш батқан кезде Хэйчи Чанчжи далаға көп жерден от жағып, өзінің әскер санын көбейтіп көрсетіп, Құтылықты шырғалап бетін қайтарды. Құтылық «сол түні шегініп кетті [5. 204 ц.].

687 ж. Құтылық қытайға шабуылды онан әрі жалғастырды. Жыл басында ол қазіргі Бейжің қаласына қарасты Чанпин ауданына шабыл жасап, тонап, адамдарды барымталап кетті. Сол жылы тамызда Шаньси пров.-ндағы Шочжоу аймағына кезекті шабуыл жасады. У Цзэтянь Хэйчи Чанчжиді бас қолбасшы, мохэ ұлтының қолбасшысы Ли Доцзоны орынбасар етіп тағайындап, сонда жіберді. Құтылық Хуанхуатуй деген жерде (Қазіргі Шаньси пров-ның Инсян ауданы) болған шайқаста жеңіліп, соғыс алаңынан бытырай қашып шығып, көп аялдамай далаға қарай беттейді.

Осы жеңіске масаттанған Тан патшалығы өздерінің түркілерді бірден жойып жіберетініне сенім артқандай болады. У Цзэтянь алдағы жорық туралы нақты жоспарлар мен тапсырмалар беріп отарады. Дәл осы тұста Таң патшалығының екінші бір қолбасшысы Цуань Баоби (爨宝璧) жеке дара ерлік көрсете қоюға бел шеше кірісіп, У Цзэтяньге Құтылықтың артынан қууға рұқсат сұрайды. У Цзэтянь оның өтінішін қабылдайды, бірақ, бас қолбасшы Хэйчи Чанчжидің рұқсатын алуды, онымен бірлікте қимылдауды тапсырады. Қыс түсе бере ол У Цзэтянь тапсырмаларының бірде бірін ескермей  Құтылықтың соңынан қуады. Цуань Баоби қытай шекарасынан шығып 20 шақырым жерде Құтылықтың қосынымен бетпе-бет кездеседі. Шайқас кезінде Құтылық Цуань Баобидің 13 мың әскерін түгел қырып, Цуань Баоби «жалғыз өзі қашып» құтылады. Ашуланған қатын патша – У Цзэтянь Цуань Баобиді өлтіре салады әрі Құтылыққа «Буцзулу (不卒禄)» деген ат қояды.

Құтылық өзінің оңтүстік жақтағы табғаштармен шекара аймақтағы күшін бекемдеп, олардан келетін қауіпті сәл де болса сейілтіп, Қарақұмды інісінің басқаруына беріп, оңтүстік астана етіп, ел астанасын Өтүкен қойнауына көшірген кезде Батыс және Шығыс түрік қағанаттарын толықтай біріктірудің жаңа жоспарын жасай бастаған болатын. Елтеріс қаған алдағы уақытта Табғаштарға жыл сайын жорық жасап отыру, тоғыз оғыздарды бағындырып өзіне қосу, Табғаш ықпалындағы Батыс түрік қағанатына қарасты түркі тайпаларын бағындыру сынды стратегиялық жобаны алдын ала жоспарлайды.

Осы жоспарға сәйкес Құтылық бастабында оңтүстікте қытайға, солтүстікте тоғыз оғызға, күн батыста Он оққа қарсы бір мезгілде жорық жасауды жолға қойса, алдағы жерде қытай көмегіне сүйене отырып өзінің жеке тайпалық билігін күшейтуді көздейтін «қытайшыл» тоғыз оғыздарды ыдырату мен Батыс түрік қағанаты аумағындағы қытайлық ықпалдағы түрік билігін құлатуға басымдылық бере бастады. Сөйтіп Батыс түрік қағанатын өз ықпалына алу үшін әскер күшін батысқа топтады.

Шындығында Құтылықтың Батыс түрік қағанатына бағыттаған жорығы 685 жылдан басталған болатын. «Цзэ чжи тун цзянь» кітабы берген мәлімет бойынша:

Батыс түрік қағанатының он оқ халқы чуйгун жылдарынан бастап (685 ж. ақпан – 689 ж. басы) Шығыс түріктердің шабуылына ұшырап, ел-жұрты жан жаққа тозып кетті» [5. 204 ц.] деп жазған еді.

689 ж. Тан патшалығы Шығыс Түркстанға жіберген Вэй Дайцзе (韦待价) мен Янь Вэньгу (阎温古) басқарған армиясы тибеттерден жеңіліп, Батыс түрік қағанатының Шығыс Түркстандағы бөлігі енді тибеттіктердің қолына өте бастаған болатын. Осы орайда Құтылық қаған өзінің аймақтағы ықпалын арттырып, Батыс түрік қағанаты аумағындағы тайпаларды бағындыру мақсатында әскери шараларды бастады. Құтылық қаған бұл жолы негізгі қосынды батысқа аттандырып, Мочоны ордаға қалдырып кетсе керек. Соған сәйкес қытай деректері осы жылы мамыр-маусым айларында Мочоның Қытай шекаралық аймақтарына шабуыл жасағанын хабарлаған. Сөйтіп, жаздың басында У Цзэтянь өзінің ордадағы көңіл жетері Сюе Хуай-и деген алаяқ саудагерге генерал атағын беріп жорыққа аттандырады. Бірақ, ол иен жатқан түркі даласына барып ешкім кездестіре алмай қайтып келеді. Күзде Сюе Хуай-и 200 мың әскермен «Құтылыққа жорыққа аттанып», бұл жолы да еш нәтижесіз оралады. Олар түркі жерінен ешбір армияны кездестіре алмай босқа барып келгенімен, У Цзэтянь жабайылар өзінің құдіретті жасағынан қорқып алысқа қашып кетті деп той тойлап, марапат беріп, мәре-сәре болды.

Сөйтіп, «Дананы бос қалдыру» – Елтеріс Құтылық қағанның батысқа жорық жасау кезінде қытай шабуылынан сақтану мақсатында жасаған стратегиялық жоспарының бірі болатын.

Құтылық қаған бұған дейін Он оқ жерінде Тан династиясы тағайындаған қуыршақ қаған – Ашина Хусэломен (阿史那斛瑟罗 /Ā shǐ nà hú sè luó ) күресіп келген еді. Ашина Хусэло Тан патшалығының бес нушиби тайпасына тағайындаған қуыршақ қаған болатын. Ол 667 ж. өмірден өткен қуыршақ қаған Ашина бучжэньнің (阿史那步真) ұлы еді.

690 ж. У Цзэтянь өзін патша деп жариялап патшалықтың атын Чжоу деп өзгертіп, ел астанасын Чан-аньнен Лоянге көшірді.

690 ж. Құтылық Ашина Хусэлоны толық жеңді, ол 60-70 мың адамдық елді бастап қытайға қоныс аударып кетті. Таң патщалығы оған «Оң қанат қорғаушы генерал» және адал әрі білікті деген мағынаны білдітетін «Цзе чжун шичжу қаған (竭忠事主可汗// Jié zhōng shìzhǔ kèhán)» деген жалған қағандық атақ беріп көңілін аулады.

Осы және басқа мәліметке негізделгенде Құтылық қаған 690 жылға дейін Батыс түрік қағанатының Жетісуді және одан батысқа қарайғы аймақты қоныстанған бес нушиби тайпасын билеген Естеми қаған әулеті билігін әлсіреткен еді.

Алайда, осы кезде Ашина Хусэлоға қарасты Баға тархан Учжилэ Құтылық қағанның аймақтағы қимылына тосқауыл бола бастады. Ол Құтлықтың қолынан Суябты тартып алу үшін күресті әрі сол мақсатқа жетті. Құтылық қаған Он оқ елін өзіне түбегейлі бағындыру үшін Учжилэнің көзін құртуы қарастырды. Осы мақсатта Құтылық Апа тархан Ашидэ Юанчжэнь қатарлылармен бірге жорыққа аттанды. Бірақ бұл жолы Учжилэнің тегеуірінді қарсылығына тап болды. Апа тархан Ашидэ Юанчжэнь соғыста қаза болды. «Тайпин хуан юй цзи» кітабы бұл уақиғаның 691 ж. болғанын тіркеген [9, 196 ц.; 10.]. Апа тарқан қайтыс болғаннан кейін көп өтпей Құтылық та өмірден озды. Қытайдың әулеттік тарихи еңбектері мен жылнамалық еңбектері бұл туралы әр түрлі мәлімет ұсынған. «Синь Таншу» Тяньшоу жылнамасының басында Гудолу өлді‚ оның ұлы әлі жас болғандықтан‚ қаған тағына отырғызылмады» деген мәлімет берген [1,180 б.]. «Білге қаған ескерткіші»: «әкем қаған өлгенде өзім сегіз жаста қалдым, ол төрдің үстіне ағам қаған отырды» деп жазады [3, 102 б.]. Ғалымдар қатысты мәселелерге талдау жасай келе, Құтылық 691 ж. қайтыс болса керек деген болжам айтып келеді [11. 196 ц; 12, 121-175 б]. Көптеген жәйттерге негізделгенде Құтылық 691 ж. соңы немесе 692 ж. бастапқы айларында қайтыс болған деп қорытынды шығаруға болады.

Еңбегі

Құтылық қаған жарты ғасыр бойы қытайға елдігін беріп, жат жұрттың боданына айналып, табанына тапталған түркі халқының құрдымға кеткен мемлекеттілігін қайта қалпына келтірген адам. Дәл осы тұрғыдан оның тарихи еңбегін Бірінші Түркі қағанатының негізін қалаған Бумын қаған мен Естеми қағанмен тең деңгейде бағалауға болады. Ол қағанатты қайта орнатқан кезден бастап, Тан патшалығы аумағына аса табысты жорықтар жасап отырды, онда бөлініп қалған түркі жұртын өз еліне көшіріп, халқының санын арттырып, ел іргесін бекемдеді. Тан патшалығы құрған әскери-әкімшілік аймақтарды тартып алып, өз билігіне алды. Сонымен бірге шығыста қитандарды (қидандарды), солтүстікте тоғыз оғыздарды бағындырып, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан қағанатты қалпына келтірді. Ең бірінші елдің іргесін бүтіндеді, Түркі даласын түрік қағанаты атты бір туының астына топтастыру жолында күрес жасады. Құтылық қаған осы жолда атқарған еңбегі елді Бірінші Шығыс түрік қағанатының гүлдене бастаған кезеңіне қайта жеткізді. Құтылық қағанның ерлігі мен тарихи еңбегін өз дәуірінің адамдары әлде қашан әділ әрі толық бағалаған. Оның атын атап, еңбегін сипаттап мәңгі тастарға бәдіздеген. «Күлтегін» ескерткіші оның түркі халқының мемлекеттілігін қалпына келтіруі мен қағанатты бекемдеу жолында сіңірген еңбегін: «Барлығы жеті жүз ер болды, елсіреген, қағансыраған халықты, күңденген, қүлданған халықты, түрк төрінен (билігінен) айырылған халықты ата-бабам [дәстүрлі] билігіндей қайта жаратты, орнатты. Төлес (сол қанат), тардұш (оң қанат) халқын сонда құрды. Оларға ябғұ, шад сонда берілді. Табғач халқы жау еді. Сырт жағымызда Баз қаған – тоғыз оғыз халқы жау еді. Кырғыз, құрыхан, отыз татар, қытай (қидан), татабы – бәрі жау еді. Әкем қаған қырық жеті мәрте (жорыққа) аттанды. Жиырма соғыс соғысты. Тәңірі жарылқағаны үшін олардың елдігін елсіретті, қағандығын қағансыратты. Жауын баз қылды. Тізелерін бүктірді, бастарын жүгіндірді. Әкем қаған осылайша ел мен төр (үкіметті) орнатып, ұша барды» деп мәңгі тасқа бәдіздеп жазып қалдырған. 

Ұлықталуы

Моңғолиядағы киелі Өтүкен жазығындағы Ханұй, Күнүй атты қос өзеннің түйіскен жерінде орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешені Құтылық қағанға арналған деген пікір бар. “48 47’54’; 102 90’45”Моңғолия. Бұлғын аймағының Баян-Агт сұмыны. Ханүй, Күнүй атты екi өзеннiң құйылысына қарай сұғына кiрген кiшкентай тауды Шивэт-Ұлан (Қарауыл қызыл) деп аталатын тауда. Таудың биіктігі теңіз деңгейінен 1340 м.

2002 ж. Астанаға әкелген бас мүсінді Хайрхан сұмынындағы кеуде мүсінге қиюластырған фото (Қ. Сартқожаұлы 2002 ж.) [13, 76б.]

«Шивээт улан» кешендегі тасмүсіндер, 2017ж. 

«Шивээт улан» кешендегі тасмүсіндер, 2017 ж. 

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1.Ouyang Xiu: Xin Tangshu. Jiuan 215, Tujue zhuan. Zhong hua shu ju. – 1975 nian. –6472 ye||欧阳修: «新唐书»,中华书局:1975 年.– 6472页.

2. Б. Еженханұлы, Ж. Ошан. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – ІV том. Әулеттік тарихи жылнамалар 2-бөлім. – Алматы, 2006. – 480 бет.

3. Сартқожа Қ. Орхон мұралары. 2-кітап. – Алматы, «Абзал-Ай» баспасы. 2012. – 328 бет.

4. Wang Pu: Tang Hui yao. Juan 73, 1956 nian. -844 ye ||王溥: 唐会要卷七十三三 1956年 . – 844页.

5. Sima Guang: Zi zhi tong jian, juan 202, Tiao lu yuan nian (679 nian) tiao. Zhong hua shu ju, 1956 nian. – 9799 ye||司马光: «资治通鉴»卷 202, 调露元年 (679)条中华书局: 1956年. 9799页 

6. Liu Xu: Jiu Tangshu . Juan 194 Tu jue zhuan. 5407 ye||刘昫: «旧唐书» 卷194. «突厥传» 5407页.

7. Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – М., 1964. 214 с.

8. Cen Zhongmian: Tujue ji shi. Zhong hua shu ju, 1958 nian.– 1136 ||岑仲勉: «突厥集史». 中华书局 1958 年

9. Yue Shi. Tai ping huan yu ji. Juan 196, Tujue. Zhong hua shu ju. –2008 nian. – 4408 ye.||  太平寰宇记 卷196 突厥 中华书局 中华书局 2008 年 – 4408。

10.太平寰宇記(四庫全書本)/196 – 维基文库,自由的图书馆.

11. Thomsen‚ V. (Trns. by H. H. Schaeder), “Alttürkische Inschriften aus der Mongolei” Zeitschrift der Deutschen Morgenländischen Gesellschaft 78 (Neue Folge 3-2), pp. 121-175.

12. Жолдасбеков М. Сартқожа Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. – Астана, Күлтегін, 2005. – 360 б.

13. http://atalarmirasi.org/18-shiveet-ulaan-ghuryptyq-kesheni-zhane-tanhbatasy.

 Қытай тарихында Учжоу деп аталған бұл династия 705 жылға дейін жалғасып, Тан династиясы қайта қалпына келтірілді. Сол жылы 82 жастағы У Цзэтянь ауырып өлді.