Тоныкөк(650–716) – II Түрік қағанатының әскери және мемлекеттік қайраткері (682–745), bilgä «білімді, дана» атағына ие болған. Ол шамамен 650 ж. дүниеге келіп, 716 ж. [1, c. 69], [2, c. 921]. қайтыс болды. Қайта қалпына келтірілген түрік қағанатында, Тоныкөк осы мемлекеттің алғашқы үш қағанының кеңесшісі болды (Құтлұқ Елтеріс қаған (682–693), Қапаған Мочур қаған (683–716), Білге қаған (716–734)) [3].
Өмірбаяны
Тоныкөк Құтлық Елтеріс-қаған билігі кезеңінде (682 – 693). VI ғасырдың ортасында Ұлы даланың орасан зор аумағын қамтитын I Түрік қағанаты құрылды. VI ғасырдың 80-ші жылдардың басында ішкі және сыртқы қысымдардың салдарынан қағанат әлсіреп кетті, ал VII ғасырдың басында ол екі мемлекетке – Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттарына ыдырады. 659 ж. Батыс қағанат өмір сүруін тоқтатты. Шығыс Түрік қағанатын Таң империясының әскерлері 630 ж. басып алды.
679 ж. қытай билігіне қарсы түріктердің көтерілісі жеңіліс тапты. Көтеріліс барысында түріктер патша Фунянды хан етіп сайлаған еді, бірақ көтеріліс басылып қалды. Көтеріліс көсемдері Чанъандағы орталық алаңда өлім жазасына кесілді [4, c. 273].
Біраз уақыт өткен соң кейін түріктердің көтерілісі Құтлық басшылығымен қайта басталды. Құтлық өз жағына Қытайдан білім алған және жаудың әлсіз жақтарын білетін Тоныкөкті де тартты. Тоныкөктің жазбасында оның Құтлыққа қалай сүйенгені туралы айтылады: «мен өзім, дана Тоныкөк Табғаш мемлекетінде тәрбиелендім, өйткені бүкіл түрік халқы Табғаш мемлекетінің қарамағында болған… ол маған былай деді: «маған қосыл! Мен – дана Тоныкөк, оған қосылдым. Аспан маған білім бергендіктен, ханның қабілетіне қарамастан, мен оны ханға қалаймын. О хан! Мен Елтеріс Тоныкөкті бойла баға тархан (мемлекеттік кеңесші) тағайындап, қаған боламын» [2, c. 100, 102], [4, c. 276–277]. Қытайлықтардың әскери өнері мен мәдениетін жақсы білетін тәжірибелі әскери қолбасшының көтерілісшілер қатарынан табылуы олардың табысқа жету мүмкіндігін едәуір арттырды. Тоныкөк құрметіне жазылған естелік жазбада былай делінген: «Мен өзім, дана Тоныкөк, Табғаш мемлекеті үшін тәрбиелендім, өйткені бүкіл түркі халқы Табғаш мемлекетінің қарамағында болды» [5, c. 88].
Тоныкөк түріктердің көтерілісінің бірінші кезеңінде жеңілуінің себептерін де түсіндірді: «Түрік халқы ханы жоқ жерде табғаш халығынан бөлініп шықты. Өз ханы бар халық болды; өз ханын тастап, Табғаш мемлекетіне қайтадан бағынды. Аспан, мүмкін: «Мен саған хан бердім, сен өз ханыңды тастап, басқаға бағындың. Осың үшін сені өлді деп ойлауға болады» [4, c. 273–274].
Сол кезде әскери-саяси жағдай түріктердің пайдасында болмады. Тоныкөктің айтуынша, олардың жаулары «жыртқыш құстар сияқты, жан-жақта болды», ал Онғы ескерткішінде (719) «Табғаштың (Қытай) солтүстігіне қарай түркі қағанының жеті жауы болғаны белгіленген [6, c. 148].
Тоныкөктің қолдауымен, Құтлық өзін тәуелсіз түрік елінің қағаны деп жариялады, ал өз бауырларын шада мен ябғу лауазымдарына тағайындады. Түрік әскері екі қанатқа бөлінді – толистер мен тардуштер. Тоныкөктің талабы бойынша Шығыс түріктер Гобиден асып, Хангайға көшті [5, c. 89].
Тоныкөк тұрғысынан жаңадан құрылған Қағанаттың ең басты қарсыластары: Тан императоры, “он оқ” қағаны (түргештер), қырғыз қаған, тоғыз оғыздар мен қидандар болды. Мысалы, оның есептеуінше түріктер қидандармен жеті рет соғысты [6, c. 149]. Құтлығтың басқаруы кезінде, Тоныкөк Қытай және қиданмен одақтасып, түріктерге шабуыл жасауға ниет білдірген, Баз-қаған бастаған тоғыз оғыз тайпаларының бірін талқандады [1, c. 12–13]. Бұл жағдайда Тоныкөк одақтастарға бірлесіп жорыққа шығуды ескерте отырып, бірінші болып өз әскерімен шабуыл жасай бастады. Тоныкөктің әскері тоғыз оғыздардан әскер саны мен қару-жарағы бойынша кем түсті, бар болғаны 2000 жауынгері бар еді. Соғыс Төле өзенінде өтті. Тоғыз оғыздар жеңіліске ұшырап, түріктерге бағынды. Бұл жеңіс Құтлыққа Хангайға (Өтүкен) орналасуға мүмкіндік берді, бірақ 693 ж. ол осы тапсырманы орындап үлгермей қайтыс болды. Құтлық қаған қайтыс болғаннан кейін оның бауыры Мочур өзін қаған етіп жариялады. Ол Қытайға сәтті шабуылдарды жалғастырды [7, c. 62].
Осылайша, Тоныкөк қағанның ең жақын кеңесшісі қызметін, оның барлық маңызды істерінде, соның ішінде әскери істерді де атқарды. Тоныкөктің жазбасында, оның қатысуымен бірнеше әскери жорықтар мен шайқастардың сипаттамасы бар. Оның бірі –оғыздармен соғыс – Құтлық Елтеріс қағанның билігі кезеңінде болды. Келесі әскери жорықтар Қапаған-каған кезінде жасалды [8, c. 166].
Тоныкөк Мочур Қапаған қаған билігі кезеңінде (693 – 716).Дана Тоныкөк қағанның хан кеңесшісі орнын Қапаған қаған тұсында сақтап қалды. Алайда ол қуғындағы патшаларымен де байланысын үзбеді. Керісінше байланысты күшейтіп, өз қызы Пафуды заңды мұрагер Білгеге берді. 709 ж. Могилян чик әскерін талқандап, содан кейін аздарды бағындырды. Осы жолы ол қазіргі Туваның барлық аумағын бағындырды. Бірақ басты жау – қырғыздар – Саян жотасының ар жағында сенімді қорғаныс тапты [4, c. 298].
Тоныкөк Енисей қырғыздарына қарсы жорықты басқарды, хан оны бастық етіп тағайындады. Тоныкөк бастаманы өз қолына алып, қырғыздарға шабуыл жасауды ұсынды. Бірақ Саян жотасын асып өту үлкен қиындық туғызды. Өйткені Батыс Саяндағы Когмэн арқылы өтетін асуды қырғыз әскері күзететін-ді. Шабуыл жасау оңтайлы болмады, өйткені суармалы егіншілікпен айналысатын қырғыздар 80 мың жауынгер шығарып, түргештер мен империялықтар келгенге дейін түрік әскерін тұтқындап алатындай мүмкіндігі болды. Қырғыздарға қарсы бұл жорық оңтүстіктен солтүстікке қарай 1300 км қашықтықты қамтыды. Қыс мезгілі болғандықтан жолдарды қар жауып тастады. Тоныкөктің «дала аздары» арасынан тапқан жолнұсқаушысы басқа жолды көрсетті. Жолнұсқаушы тауда жолды жоғалтып алып, өлтірілді [2, c. 108–109], [ 4, c. 298–299], [9, c. 318–319].
Тоқтап, қалып қалған және үсіп қалған адамдардың санын анықтағаннан кейін, Тоныкөк ат үстінде күндіз-түні тоқтамай жүріп, солтүстікке қарай бет алды. Абақан алқабында жауды күтпеген қырғыз әскерін қолбасшысымен бірге талқандады. Содан кейін Тоныкөк Енисейдің орта аңғарына шығып, Қырғыз тайпалық одағының барлық жерін басып алды [7, c. 63]. Тоныкөк былай деді: «Мен әскерге жылжуды бұйырдым; «Атқа мін!», – дедім. Ақ Термелден асқаннан кейін лагерьге тоқтауға бұйрық бердім. Жылқыға мінуге бұйрық беріп, қарды жарып жолды аштым. Мен басқалармен таудың басына шықтым. Біз үлкен қиындықпен түсіп, он түн ішінде тау беткейіне дейін жетіп, үйіндіні айналып өттік. Қырғыздар ұйықтап жатқанда біз шабуыл жасадық… Қырғыз халқы қағанның билігін мойындап, оған бағынды” [4, c. 298–299], [9, c. 318–319].
Осылайша, Тоныкөктің арқасында қырғыздар талқандалды. Қырғыз жерін жаулап алу атаулы болды, өйткені Тоныкөк әскерін ол жақта қалдырмады, бірақ енді арт жақтан соққы болады деп қауіптенбеуге де болатын еді [4, c. 299–300].
711 ж. Енисей қырғыздарын жеңгеннен кейін Тоныкөк қырғыздардың одақтастары түргештермен үлкен соғысқа дайындалды. Ол Түргеш ханның ниетін анықтау үшін өзінің барлаушыларын батысқа жіберді. Оның барлаушысы былай деді: «Ярыш жазығында он түмен әскер (түргештер) жиналды», ал басқа үш барлаушы «он оқтың» барлық әскері жорыққа шығып, Түргеш қағаны оларға Ярыш (Қырғызстандағы Кочкор алқабы. – Б.С.) жазығында жиналуға бұйрық берді, – деп жеткізген [10, c. 361].
Айта кету керек, Тоныкөк түргештермен болған соғыста тек қана қорғанысты сақтауға, қашқындардан ақпарат жинауға ғана нұсқау алды, алайда Тоныкөк өзінше шешім қабылдап, әскерін шабуылға бағыттады. Ол Қара Ертіс арқылы өтіп, түргештерге тұтқиылдан соққы берді [4, c. 300]. Түріктер мен түргештер арасындағы шайқас болған жерде, Тоныкөк түргештердің 10 түмен әскері болғанын және «салыстырмалы түрде олардың екі қанаты бізден жарты есе саны көп болғанын» жазған [11, c. 318]. Түрік әскері штабының бастығы ретінде Қапан (Қапаған) қағанның ұлы Инел мен Тоныкөк басқарған түріктер Жоңғариядағы Болучу өзені жағалауында Үш елік түргештер тайпалы одағының көсемі – Сақал әскерін талқандады. Біраз уақытқа дейін Түргеш қағанаты өмір сүруді тоқтатты (711–715) [4, c. 300], [10, c. 411]. Түргеш әскерлерінің қалдықтары Сырдариядан Тохарстанға шегінді. Оларды қуалай отырып, 712–713 жж. Тоныкөк басқарған түркі әскерлерінің жасақтары Соғдияда болды. Түрік әскері «темір қақпа» деп аталатын Бұзғал өткеліне дейін жетті. Онда түріктер соғдиялықтардан алым-салық жинады. Бірақ одан әрі жылжуға 714 ж. оңтүстіктен Орта Азияға қарай жорық бастаған арабтар кедергі болды [4, c. 300–301], [10, c. 411–412].
Тоныкөк Білгеқаған билігі кезеңінде (716–734). Мочур Қапан (Қапаған) қаған өлгеннен кейін (716) Екінші Түрік қағанатында Күлтегін әскери төңкеріс ұйымдастырды. Қапан (Қапаған) қағанның үлкен ұлы, оның мұрагері Күшік хан және Қапан қағанның кеңесшілері қаза тапты. Тоныкөк болса жаппай қырғыннан аман қалды. Күлтегін өзінің ағасы «Білге қағанды» таққа отырғызды. Барлық ақсүйектердің ішінен жаңа қағанның қайын атасы болған Тоныкөк қана аман қалады. Тоныкөк біраз уақыт қуғында болды, алайда «халық оны құрметтейтін, әрі қорқатын», 718 немесе 719 ж. қаған оған бойла баға тархан шені мен мемлекеттік кеңесші лауазымын қайта берді. Тоныкөк қызметіне шақырылып, Білге қаған өзіне наразы адамдардың санын азайтты. Осылайша, билікте триумвират немесе үштік билік орнады, оның принципі Қытай мәдениеті мен Таң империясының саяси басымдығына қарсы күрес болды [4, c. 315–316, 323], [12, c. 84].
Бұл кезде Түрік қағанаты Қытаймен соғыс жағдайында еді. Білге хан Қытай аумағына шабуыл жасауды ұйғарды, бірақ Тоныкөк осы жылы егіннің молшылығына, ал Қытайдың айтарлықтай күшті екенін айтып, оны шабуылдамауға көндірді. Зерттеушілердің пікірінше, жаңадан құрылған орда демалуға мұқтаж екенін айтпағанда, соғысқа араласуына айтарлықтай себеп болған жоқ [12, c. 84]. Л.Н. Гумилевтің пікірінше, Тоныкөктің мұндай ұстанымы Қытайда білім алған кезінде, оның тәлімгері буддизмге қарсы шыққандардың бірі болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, Қытайда қудаланған буддизмді қолдау Таң империясын соғысқа шақырумен бірдей еді, Тоныкөктің дәл сол кезде оның уақыты тумады деп санады [4, c. 317].
Осылайша, үштік билік – Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөктің міндеті – Түрік қағанатының бұрынғы құдіретін қалпына келтіру болып саналады. Тоныкөк алдағы уақытқа түріктердің стратегиясының принципін қалыптастырды – белсенді қорғаныс және өздерін Қытайға қарсы қою [4, c. 318].
Таң империясымен соғыс осымен аяқталған жоқ. Империя Жоңғарияның оңтүстік-батыс бөлігінде өмір сүрген басмылдар тайпасын өз жағына тартып алды. Чанъанда жасалған жоспар бойынша, қидандар, татабылар мен басмылар Білге қағанның ордасына жетіп, оны әртүрлі жолдармен ұстап алу керек еді. 720 жылдың күзінде империяның экспедициялық корпус командирі Вань Цзунь басмылдардың солтүстігіне қарай жылжыды. Шығыстан қидандар мен татабылар келе бастады. Тоныкөк ханға жау келгенге дейін үш күн бұрын солтүстікке келіп, қытайлықтардың тамақ қоры бітіп, өздері кері қайтқанша күтуді ұсынды. Бірақ жағдай басқаша болды. Басмылдар бірінші болып келіп, олардың одақтастары кешігіп келе жатқанын біліп, артқа қарай кетті. Тоныкөктің кеңесі бойынша түріктер оларға тиіспеді, ал өздері одақтастардың шабуылдау базасы саналатын Бейтін-Бешбалыққа тұтқиылдан шабуыл жасап, басып алды. Басмылдар Бешбалыққа келгенде, оларды түріктер күтіп отырды. Осы жерде қоршауға алынған басмылдар берілді [4, c. 319–320], [10, c. 414–415].
Түріктер өз әскерін Ганьсуға жіберді және мұнда да Таң әскері талқандалды. 720-721 жж. қысы Таң армиясы үшін өте сәтсіз болды. Сол қыста түрік әскері Ганьсу мен Шығыс Түркістанға ауысты. Бір жасақты Білге қаған, екіншісін Тоныкөк басқарды. Бешбалықты жаулап алғаннан кейін қолбасшылық астындағы әскер оңтүстік-шығысқа қарай, шығыстан оңтүстікке қарай және одан әрі Комул (Хами) арқылы Ланьчжоуға қарай жүріп отырып, екі жасақ осы жерде бірікті. Мұнда Тан (Таң) гарнизондары талқандалды. Білге қаған жазбасында осы жеңістерге қатысты былай делінген: «Бірінші күні мен қытайдың он жеті мыңдық атты әскерін талқандадым. Екінші күні мен олардың сансыз жаяу әскерінің көзін жойдым». Одан әрі 721-722 жж. түріктер Таң империясының одақтастары – қидандар мен татабыларды талқандады [4, c. 319–320], [10, c. 414–415]. Тоныкөк Ланьчжоуды басып алып, үйір-үйір жылқы мен отар-отар қой алып кетті. Қытай билеушісі барынша қарсылық көрсетті, бірақ оның жұқа киінген жауынгерлері қатты аязда садақ атуға шамалары келмеді [12, c. 86].
Білге қаған Таң империясымен бейбіт қатынасқа қол жеткізді (721 ж.), осыдан кейін Тоныкөк 722 ж. Білге қаған және Күлтегінмен бірге Тайшань тауында Таң императорының өзі қатысқан салтанатты құрбандық шалу рәсіміне қатысуға Қытайға келуге шақыру алды [4, c. 324].
Еңбегі
Тоныкөк билеушілер әулетінен шықты, мемлекеттік істерден хабардар, әскери істерді шешуге атсалысты, эстетикалық талғамы жоғары және руханиятқа бай болды [13, c. 56]. Ол Түрік қағанатын қайта құру ісінде елеулі рөл атқарды, өз дәуірінің көрнекті қайраткерлерінің бірі болды [1, c. 68].
Жазбада Тоныкөк өз еңбегін жоғары бағалап, түрік қоғамы алдындағы еңбектерінің маңызын үнемі атап отырады [13, c. 57]. Онда Тоныкөк мәтінгее көңіл-күйді бере алатын әрі мәнерлі сөздер диалогын қолданады. Зерттеушілер атап өткендей, жазба–мадақтау сипатында жазылған өмірбаян. Алайда онда оқиғалар сипатталып қана қоймай, оларға саяси баға беріледі [14, c. 8].
Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк сияқты көне түрік жазбалары қалың түрік қоғамына үндеу болып саналады. Сонымен қатар, бұл үндеулердің мақсаты бүркемеленбеді: олар халықты сендіргісі келгені анық [15, c. 37]. Белгілі шығыстанушы В.В. Бартольд «жазба өрнектері көшпелі өмір жағдайындағы халық мәдениетінің жай-күйі күтуге болатындай төмен емес деп пайымдауға мәжбүр етеді. Хан халықты жетістіктермен қатар, өз хандарына қарсы жасаған қылмыстарынан туындаған сәтсіздіктерді еске алу үшін, өзі қалдырған жазбаларды оқуға шақырады» [16, c. 27].
Ежелгі түріктер жазбалардың сиқырлы күші бар деп сенген. Құлпытасқа жазылған ескерткіштерге қашап жазылған руналар қасиетті мәнге ие болды. Олар ескерткіштің мемориалдық мәнін күшейте түсті. Мәңгілік тастардағы жазбалар некролог стилінде жазылған. Яғни ол қайтыс болған адамның көзі тірісіндегі әрекеттері туралы жақсы сөз жазылды. Көптеген жазбалар өмірден озған адамның өз сөзімен жазылуы оқырмандардың алған әсерін күшейте түсті [17, c. 237].
Тоныкөк (Йоллығ тегін сияқты) өз заманының әдеби ережелері мен фольклорлық дәстүрінің асқан білгірі болды [18, c. 57]. Мысалы, жазбада басқа Орхон ескерткіштерінде кездеспейтін бірқатар афоризмдер бар: «Түн удуматы, күнтүз олурматы, қызыл қаным төкти, қара тәрим йүгүрти» («түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қаным төгілді, қара терім ақты»). Атап айтқанда, зерттеушілер Тоныкөктің жазбалары мақалдарға толы екендігін айтады. Сонымен қатар тарихи тұлға Тоныкөк пен эпикалық кейіпкер Қорқыт ата арасында параллельдер жүргізілген. Соңғысының сөзі халық даналығына, мақал-мәтелдерге толы. Мәселен, XVI ғасырдың қолжазбасында сақталған ежелгі «мақал-мәтелдер» жинағында барлық мысалдар Қорқыт Ата атынан келтіріледі [18, c. 58].
Тоныкөктің көзқарасы өзіндік түрік мәдениеті мен дәстүрлерімен қатар, қытай мәдениетінің ықпалымен қалыптасты. Сонымен қатар, Тоныкөк өзінің дәстүрлеріне сүйенетіндер жағында еді. Тоныкөк тек әскери басшылық пен билік басында ғана болып қоймады, соныменбірге «түрік ұлттық жаңғыруының» басты идеологы болды. Ол Қытай мәдениетін көшпелілерді босаңсытады деп санаған және одан бас тартуға шақырды [5, c. 89]. Мәселен, Тоныкөк қаған түріктерге буддизмді енгізу және буддистік храмдар салу ниеті туралы білген кезде, қағанға «буддизм мен даосизм адамдарда жақсылық пен әлсіздік туралы түсінік қалыптастырады», ал бұл қасиеттер соғыс пен жаулап алу жорықтарын тежейді, ал храмдар салу көне түріктің «ештеңеге байланбау» салтын бұзады. Қарсы жағдайда Таң әулеті бізді жояр еді» деп айтқан екен. Л.П. Потаповтың пікірінше, Тоныкөктің сөзі ежелгі түріктердің өз дінінің бар екенін құжатпен растай отырып, оның қоғамдық-саяси рөлінде осы дінге саналы түрде қамқорлық жасаған, оның идеологиялық рөлін түсінгенін, ежелгі түрік көшпенді ақсүйектер мен діни идеологияның экономикалық өмірмен, экономикалық себептермен байланысын түсінгенін дәлелдейді [19, c. 17]. Л.П. Потапов былай деп жазды: «Мұндай философияның мәнін билеуші қауым толығымен мойындады. Алғаш рет (және, меніңше, жалғыз рет) оны атақты Тоныкөк байытып тұжырымдаған» [19, c. 89].
Сонымен қатар, «ұлттық құндылықтардың» сақтаушысы бола отырып, буддизм мен даосизмді дала жауынгерлері үшін жарамсыз деп қабылдамай, Тоныкөк Таң империясының ақылға қонымды қарсыласы болып қалды [20, c. 128]. Кейбір зерттеушілер Күлтегін мен Тоныкөктің жазуларының мәтін құру жүйесін зерделеп, Тоныкөктің жазбасында белгілі бір көркемдік стильдің бар екенін айтады, бұл өз кезегінде оларға ежелгі түрік поэзиясы үшін кейбір жалпы заңдылықтарды орнатуға мүмкіндік береді. Йоллығ тегін мен Тоныкөк жазбалары композицияларының құрылымы ұқсас, бұл баяндаудың жалпы қабылданған және дәстүрлі әдістері туралы айтады [21, c. 25–26]. Сонымен қатар, Тоныкөк, Күлтегін және Білге қағанның құрметіне жазылған үш үлкен жазбаның салтанатты және әшекейленген сипаты осы жанрдағы қытайлық үлгілердің [8, c. 32] бар екені айтылған. Басқаша айтқанда, Тоныкөк бөтен мәдениетті, атап айтқанда қытай мәдениетін қабылдамай қойған жоқ.
Түріктердің өзіндік тарих философиясы да болған. Тоныкөк қытайдан білім алды, прагматизмді ұстанған деуге болады: ол түрік халқы мен ханның игілігікті өмір сүруіне ұмтылды, сондықтан бәрін өзім жасадым деп ойлады. Л.Н. Гумилев Тоныкөк алған Қытай тәрбиесі оған әсер етті деп есептеді: Тоныкөк үшін бірінші орында «Мен» түсінігі болған (волюнтаризм) [4, c. 342]. Атап айтқанда, Тоныкөктің құрметіне жазылған төртбұрышты жазбаның бір шумағында аллегория бар, онда Тоныкөк қағанның істің егжей-тегжейіне жете алмайтынын (және тиіс еместігін), бұл Тоныкөктің міндеті екенін басқаша сөздермен түсіндіреді [22, c. 16]. Тоныкөк жазуында оның ең бастысы кеңесші ретіндегі сіңірген еңбегі атап көрсетіледі: «Елтерістің иемденбесе, егер ол болмаса, дана Тоныкөк иемденбесе, егер ол болмаса, Қапаған қағанның жерінде және түрік сир халқында бірлік те, халық та, адам да, билеуші де болмас еді» [15, c. 49, 51].
Бұл ретте Тоныкөк жазуында діни сарын байқалады: «Тәңір маған білім берді!», бірақ жер бетінде Тоныкөк өзі шешім қабылдайды. Л.Н. Гумилев былай деп жазады: «Тарихи процесс механикасының дәл осындай түсінігін біз қытай жазбасында Инь және Янь күштерінің мағынасыз күресі аясында көреміз» [4, c. 342–343].
Ескерткіш
Тоныкөкке арналған мемориал. Тоныкөкке арналған мемориал 1897 ж. Тола өзенінің жоғарғы ағысының оң жағалауындағы қазіргі Орталық және Солтүстік Монғолия аумағындағы Байн-Цокто жерінен табылды [1, c. 68]. В.В. Радлов былай деп жазды: «Осы жылы (1897) Императорлық Ботаникалық бақтың тапсырмасы бойынша, Е.Н. Клеменц ханым Солтүстік Моңғолияға саяхат жасады. Ургаға қайтар жолда ол Налайха елді мекеніне жақын маңда, Тола өзенінен бірнеше верст шамасында үлкен көне түрік жерлеу құрылысы бар деген хабар алды… Ол бірден сол жерден шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан ескерткішке бет алды. Ол табылған ескерткіштің маңыздылығын жоғары бағалады, бірақ баспалауға мүмкіндігі болмады. Сондықтан ол бірден 60 шақырым қашықтықтағы Ургаға барды. Мұнда ол қажетті құралдар-жабдықтарын алып, ескерткішке қайта барды» [10, c. 88–89].
В.В. Радлов Тоныкөк мемориалына «Моңғолияның ежелгі атласы» және «Моңғолияның көне түрік жазбалары» атты арнайы басылымдарын арнады [10, c. 46]. 1899 ж. Ф. Хирт «Тоныкөк жазбасына соңғы сөз» атты еңбек жазды [23, c. 14]. 1909 ж. фин ғалымдары Г.И. Рамстедт және И. Пельси Солтүстік Монғолияда Тоныкөк ескерткішіндегі жазбаларды зерттеп, олардың көшірмелерін жасады. Солардың ішінде, екі тас мүсін де бар (біреуі өте жақсы сақталған, біреуі өте нашар) [24, c. 19]. 1957 жылдың тамызында Моңғол ғылым академиясының Тарих институты Халайхадағы Тоныкөк ескерткішін қазуға экспедицияға жіберді. Н. Сэр-Оджав және Ц. Доржсурэн кірпіштен, саз, фарфордан жасалған ыдыстардың фрагменттері, храм маңындағы құрылыс материалындағы руна жазуларын тапты [24, c. 24].
Тоныкөк мемориалы көлемі 40-тан 25 метрге дейінгі алаң, кіреберісте Орхон алфавитімен жазылған ежелгі түрік руналық жазуы бар төрт қырлы екі гранит тақтатас орналасқан. Мәтіндер стеланың барлық жағына жазылған. Онда Тоныкөктің өмірбаяны бірінші жақта жазылған, оқиғалар (негізінен Жеңіс соғысы) және жеке адамдардың қызметі сипатталған [3]. Бірінші тақтатаста 35, екіншісінде – 27 жол мәтін жазылған. Жазбалары бар тақтатастың жанында сегіз тас фигура табылды [1, c. 99].
Тоныкөк жазуының жалпы сипаттамасы. Жазулардың құпиясы ашылғаннан кейін ескерткіштің VII ғ. соңы – VIII ғ. бірінші ширегіндегі үш түрік қағанының жақын серігі болған қолбасшы әрі кеңесші Тоныкөктің құрметіне салынғаны анықталды [1, c. 69]. Тоныкөк мемориалындағы жазба стандартты түрік тілінде орындалған, онда Білге қаған мен Күлтегін ескерткіштерінің мәтіндері жазылған. Тоныкөк билеушілердің атағын белгілеу үшін бір-біріне тең мағыналы qaγan және qan терминдерін пайдаланады [1, c. 69].
Л.Н. Гумилевтің пікірінше, Селенга өзенінің жағасындағы Тоныкөктің жазбасы «Білге қаған халқына» арналғанына қарағанда 716 жылдан кейін, 720 жылға дейін жасалған, өйткені басмылдармен болған күрестегі дана Тоныкөктің еңбегі туралы жазбада бір-де бір рет айтылмаған. Жазба Тоныкөк қуғынға ұшырап, Ханға өзінің сіңірген еңбегін мойындатып, сарайға қайтару туралы халыққа айтып жүрген кезінде жасалған. Ол 719 ж. өз дегеніне қол жеткізді. Демек жазбаның мәтіні 717–718 жж. [4, c. 330, 332] құрастырылған.
А.Ю. Тугешева жазудың жазылу уақытын шамамен 716-720 жж. аралығына, яғни Қапан (Қапаған) қаған өлгеннен кейін және Тоныкөк қудаланып жүрген кезеңге жатқызады. Өз сөзінде Тоныкөк өзінің қағанатты қалпына келтіру ісінде сіңірген еңбегі жайлы жалықпай айта береді [1, c. 68].
Кейбір зерттеушілер 716 жылдан кейінгі кезеңді көрсете отырып, Тоныкөк жазуының нақты жазылу уақытын атамайды, себебі ескерткіш Тоныкөктің өз атынан жазылған. Мәтінде Шығыс Түрік қағанатының Құтлығтан бастап оның інісі Мочжоның таққа отырғанына дейінгі, яғни 683-693 жж. тарихы бар [23, c. 34].
Тоныкөктің құрметіне жазылған жазуды Тоныкөктің өзі жазған немесе оның тікелей өкімі бойынша жазылған деген болжам бар: «Мен мұны түрік Білге қағанның халқы үшін жазуды бұйырдым, мен, дана Тоныкөк» [18, c. 57].
VІІІ ғ. ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Түрік қағанатындағы Күлтегіннің Кіші және Үлкен жазулары және Тоныкөк жазуы руна жазуының Орхон нұсқасымен жазылған. Жазулар тарихи-батырлық дастан болып ретінде. Олардың басты мақсаты – тарихи сол тұлғалардың даңқын асыру [22, c. 14]. Тоныкөк жазуының мәтіні Білге қаған және Күлтегін жазуларымен бірге Екінші Түрік қағанатының пайда болуы мен бастапқы тарихына байланысты оқиғалардың барынша толық сипаттайды [10, c. 92].
Қаорытындылый келе мынадай тұжырымдар жасауға болады:
– Тоныкөк тәуелсіз түрік мемлекетін қалпына келтіру үшін өзінің барлық интеллектуалды, әскери және саяси қабілеті мен дарынын салып, үлкен үлес қосты;
– түрік зияткерлік және әскери-саяси элитасының өкілі ретінде Тоныкөк II Түрік қағанатының өзге мемлекеттер мен халықтардың тәжірибесін ала отырып, өз дәстүрлеріне сүйенетін идеологиялық базасын құрды;
– ІІ Түрік қағанатының жаулары саналатын мемлекеттерге қарсы әскери операцияларда Тоныкөк соғыс жүргізудің стандартты емес әскери шешім қабылдау (алдын-алу, алыс қашықтықта тұрып тұтқиылдан шабуыл жасау және т. б.) сияқты негізгі принциптерін жасады, соның нәтижесінде ІІ Түрік қағанатының және басқа да мемлекеттер мен Таң империясы құрамындағы түргеш, қырғыз қағанаттарынан құралған әскери коалицияға және басқа да тайпаларға қарсы табысты әскери іс-қимылдар жасалды;
– Тоныкөк жазуы көне түрік тілінің дамуының бір кезеңі, баяндау мен әдеби ережелер дәстүрінің өнімі болып саналаVIIVIIVIIды.
Әдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Тугушева А.Ю. Тюркские рунические памятники из Монголии. – М.: ИНСАН, 2008. – 191 с.
2. Orhun H. N. Eski Türk yazıtları. – Ankara: Türk Dil Kururmu Yayınları, 1994. – 963 s.
3. Кызласов И.Л. Тоньюкук // Большая российская энциклопедия. – URL: https://bigenc.ru/world_history/text/4197299.
4. Гумилёв Л.Н. Древние тюрки. – М.: Наука, 1967. – 504 с.
5. Худяков Ю.С. Золотая волчья голова на боевых знаменах: оружие и войны древних тюрок в степях Евразии. – Санкт-Петербург: Петербургское востоковедение, 2007. – 165 с.
6. Лувсанвандан Б. Раннемонгольские племена: этногенетические изыскания на основе уст. истории: дисс… канд. ист. наук : 07.00.07. – Новосибирск, 1997. – 186 с.
7. Ципоруха М.И. Покорение Сибири. От Ермака до Беринга. – М.: Вече, 2013. – 365 с.
8. Рухлядев Д.В. Древнетюркские рунические надписи VIII–IX вв. как памятник историографии: генезис жанра и структура текста: дисс… канд. ист.: 07.00.09. – СПб, 2005. – 270 с.
9. Giraud R. Tonyukuk’un Orhon’dan Temir Kapı’ya gidiş yolu // V. Türk Tarih Kongresi. – Ankara, 1956. – 12–17 Nisan. – 317–322 s.
10. Кляшторный С.Г. Памятники древнетюркской письменности и этнокультурная история Центральной Азии. – СПб.: Наука, 2006. – 590 с.
11. Горбунов В.В. Военное дело средневекового населения Алтая: III – XIV вв. н.э.: дисс… д-р ист. наук: 07.00.06. – Барнаул, 2006. – 410 с.
12. Паркер Э.Г. Татары: история возникновения великого народа [пер. с англ. Т. Е. Любовской]. – М.: Центрполиграф, 2010. – 222 с.
13. Газиев И.М. Формирование и развитие профессионализма в вокальной культуре волго-уральских мусульман: дисс… канд. искусствоведения: 17.00. – Казань, 2009. – 203 с.
14. Искакова Л.Н. Тюркские письменные памятники VII–XI вв. и башкирская словесность : вопросы поэтики, традиции: автореферат дисс…. канд. филол. наук: 10.01.02. – Уфа, 2007. – 28 с.
15. Киндикова Н.М. Алтайская лирика: этно-эстетический генезис, поэтика, искусство перевода: дисс… д-ра филол. наук: 10.01.02. – Горно-Алтайск, 2001. – 304 с.
16. Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – М.: «Восточная литература» РАН, 2002. – 757 с.
17. Давлетшин Г.М. Очерки по истории духовной культуры предков татарского народа (истоки, становление и развитие). – Казань: Татар. кн. изд-во, 2004. – 429 с.
18. Махмутов Х.Ш. Афористические жанры татарского фольклора: Автореферат дисс. … д-ра филол. наук: 10.01.09. – Казань, 1995. – 76 c.
19. Потапов, Л.П. Алтайский шаманизм. – Л.: Наука. Ленингр. отд-ние, 1991. – 319 с.
20. Васютин С. А.Власть и социум в кочевых империях Центральной Азии VI – начала XII в.: дисс… д-ра ист. наук : 07.00.03. – Кемерово, 2016. – 761 с.
21. Чекушкина Е.П. Общетюркские художественные традиции в чувашской словесности: дисс… канд. филол. наук: 10.01.02. – Чебоксары, 2004. – 185 с.
22. Стеблева И. В. Тюркская поэтика: этапы развития VIII–XX вв. – М.: Восточная литература, 2012. – 199 с.
23. Ганиев Р. Т. Восточно-тюркский каганат в Южной Сибири и Центральной Азии во второй половине VI – первой половине VIII вв.: дисс… канд. ист. наук: 07.00.02. –Екатеринбург, 2006. – 219 с.
24. Тумур-Очир И. Тюркские оградки Монгольского Алтая: систематизация, хронология и интерпретация: дисс.. канд. ист. наук: 07.00.06. – Барнаул, 2017. – 286 с.
Авторы: Смағулов Б.Қ., т.ғ.к.