Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

БИЛЬГЕ-КАГАН


Білге қаған (қытай деректері бойынша – Могилян) (684–734)Шығыс (Екінші) Түрік қағанатының үшінші қағаны. Оның негізін қалаған Елтеріс қағанның ұлы. Ағасы Қапаған қаған билігі тұсында бірнеше соғыстарға қатысқан, қағанатқа бағынышты тардуштарға (698 ж.) шад (билеуші) болған. Қапаған қаған дүниеден өткен соң оның ұлдарын ағайынды Білге мен Күлтегін өлтіріп, «заң бойынша» ағалы-інілілердің үлкені Білге қағанды сайлайды (716 ж.). Білге қаған Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөкпен бірге ұйғырларды, қидандарды, қарлұқтарды және т.б. бағындырып, қағанаттың күш-қуатын қалпына келтіреді, Қытай мен оның одақтастарының қысымынан шығады; 721 ж. Қытаймен бейбіт бітімге келеді. Жеңілген халықтарға қатысты бейбіт саясат ұстанады.734 ж. Білге қағанды жанындағылар у беріп өлтіреді.  

Өмірбаяны

716 жылдан 734 жылға дейінгі Шығыс Түрік қағанатының қағаны. Күлтегіннің билікке қойған адамы. Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөктердің басқаруымен қағанат гүлденіп, түріктер Таң империясымен көптен күткен бейбіт қатынастарға қол жеткізеді.

Билікке келуі. Құлпытастағы жазуларға қарағанда  Білге 683 жылы дүниеге келген. Богю Елтеріс қағанның үлкен ұлы болған, оның інісі Күлтегін көптеген шайқастарда жеңіске жеткен әрі ағасын қадағалап отыратын қағанаттың ұлы батыры болған.

699710 жж. Түрік-Таң соғысы. 700 жылы таңғұттарға қарсы жорыққа қатысып, жеңіске жетеді, түріктер тұтқын мен олжаға кенеліп қайтады. 701 жылы ол түріктер «алты чуб соғдақ» деп атайтын халықтарға қарсы жеңісті жорыққа қатысады. Тарихшылар «алты чуб» деген қай халық екені туралы бір тоқтамға келген жоқ, бірақ «алты чуб» алты Шу бой тайпалары (Чуюэ, чуми, чумугунь, екі рулы чугань, шато) деген жорамал жасайды. Ал «соғдаққа» жорықты соғдылардың көпше атауы деп түсінген жөн, дегенмен батыс қағанат әскері Соғды елінде араб сұлтандарымен соғысқан.

703 жылы билеушісі Ашина тайпасынан бола тұра қағанға салық төлемеген басмылдарға қарсы жорыққа қатысады. Түріктер олжамен оралады. 705 жылы Таң империясының Чача Сенгунінің 80 000-дық әскерін талқандаған, бұл түрік-Таң соғыстарының 699 – 710 жылдардағы бір бөлігі еді. 709 жылы қырғыздар мен чиктермен (Енисей аңғарындағы кішігірім халық) арақатынасы шиеленісіп кетті. Орпен маңында болған шайқаста оларды талқандады. Барлық әскери шайқастарда ағайындылар табысты әскер мен қолбасшы даңқын иеленіп отырды. 

710-716 жж. өзара қырқыстар. 710 жылдың басында түріктер қоршауда қалды:

Табғаш қағаны жауымыз еді. Он оқ қағаны (батыс түріктер, бұл жерде түргеш ханы Согэ. – Л.Г.) жауымыз еді. Алайда одан өткен ата жауымыз қырғызың күшті қағаны еді. Осы үш қаған ақылдасып, «Алтын орманына барайық» депті.

Сөйтіп олар ақылдасып, «шығысқа, түрік қағанына қарсы жорыққа аттанайық. Егер біз аттанбасақ, ол қалайда бізді жеңеді: қаған – батыр, кеңесшісі болса дана, мүмкін сол біздің жаналғышымыз болар. Үшеуміз бірігіп жорыққа аттанайық, сөйтіп оны құртайық» депті.

«Түргеш қағаны былай деді: «Менің халқым сонда болады», – деді ол, – ал түрік халқы дүрбелеңде болады, оғыздар болса шашырап кетеді» [1].

710 ж. Білге қаған қырғыздарға қарсы тағы жорыққа шығады.  Түріктер «биіктігі найзадай» қармен жүріп коглеман «түнегіне» барады, сөйтіп олар қырғыздарды ұйықтап жатқа жерінен шауып алады. Келесі шайқас Сүңгі орманында өтті, қырғыз ханы өлтірілді, халқы бағынышты болды.  710 ж. бастап қағанатты көтерілістер шайқалта бастады, дегенмен жазуларда нағыз батыр Күлтегін деп көрсетілгенімен, Богю (Білге қаған) көп жорыққа қатысты.

Сол жылы (710 ж.) түріктер түргештерге қарсы жорыққа аттанды, түріктер Алтун орманынан (Алитаин-нуру) өтіп Ертіс өзенін кесіп өтті. Түріктер түргештерді ұйқыда жатқанда қырып салды. Болчу өзенінің (Урунгу) маңында түріктерге түргештердің ханы жан-жағынан шабуылдады. Қырғын шайқаста түргештердің ханы, оның ябғу, шады өлтіріліп, түргештер бағынышты болды.

713 ж. түріктер Бесбалыққа шабуыл жасады (Жоңғариядағы Таң бекінісі), түріктер алты шайқастан соң қалаға рақымшылық жасады. Бұл түріктердің асыра айтуы болуы мүмкін, дегенмен толық талқандаудан қашқақтады.

715 ж. – 716 ж. басында Тамаг тауында қарлұқтармен болған шайқасқа қатысты. Тола өзені маңындағы Тогу тауында тоғыз оғыздармен шайқас болды. Келесі шайқас Антаргу маңында өтті, түріктер жеңіске жетті. Чуш тауында болған шайқаста түріктер қоршауда қалып, талқандалуға жақын қалды, бірақ Күлтегін жаудың көзін жойды, тоңғыра тунлоларды болуы мүмкін. Келесі шайқас Езгенті Қадазе маңында өтті, түріктер жеңіске жетті.

Қысты Магы Қорғанда өткізген түріктердің көп жылқысы қырылып қалды. Сол жылдың көтемінде түріктер үш оғыздарға (қарлұқтар) қарсы шабуыл жасауға аттанды. Түріктер әскерді екіге бөліп, жартысын орданы күзетуге қалдырды. Қарлұқтар да екіге бөлініп, әскерге де, лагерге де шабуыл жасады. Түріктер саны жағынан аз еді, олар қарлұқтарды қиындықпен еңсерді [1].

Қапаған дүниеден өткенде (716), Күлтегін оның ұлын тақтан тайдырып, өзінің ағасын отырғызды. Богю қарсы болды, бірақ Күлтегін таққа өзі отырғысы келмеді. Осылайша Богю 33 жасында Білге хан Богю атанды.

Қапағанның атынан құрастырылған Онгин жазулары түріктерді әкесі Елтеріске адал болғандары сияқты Білге хан Богюға да адал болуға шақырған мазмұнда. Білге хан Богюдың өзінің Ердене Цзу жазуларында жаңа билеуші тұсында түріктердің бірігуі және түріктердің бағыныштыларға төрт тараптан билігінің нығаюы туралы, Таң империясына сатылып кеткен тоғыз оғыздарды қағанатқа жолатпау туралы айтылған [1].

Билігі. Екінші Түрік қағанатының негізін қалаған Құтлығ Елтерістің ұлы Могилян 716 ж. өзінің ағасы Қапаған қағанның (Мочжо қаған, қаған билігін мұралану тәртібі туралы Л.Н. Гумилевте – Көне түріктер) өлімінен соң таққа отырды. Білге қағанның билігі тек Күлтегіннің батыл әрекетінің арқасында жүзеге асты, себебі Қапаған қаған «Торё» заңдарына қарамастан тақ билігін ежелгі түріктердегі басымдығы, маңызы жағынан екінші тұрған Ашиде (Ашина билеуші руына қатысты аналық бірлестік)  және Сир (қыпшақтар) тайпалары өкілдерінің қолдауына сүйеніп, өзінің ұлы Бегке өсиет еткен болатын [2].

Таққа отырғызу рәсіміне Кули-Шор бастаған тардуштар, олардан соң шадапыттар (әскердің батыс қанаты), апа тархан (титул) бастаған төлестер, Таман тарқан, Тоныкөк Бойла Бага Тархан, Буйруқ (аты немесе титулы болуы мүмкін) қатысты, Күлтегін бірден шығыс чжуки-княз боп тағайындалды. Қапағанның барлық кеңесшілері өлім жазасына кесілді. Тек жетпіс жастағы  Тоныкөк Апа-тархан ғана Білге күмәнданғанымен, қаған кеңесшісі боп тағайындалды [2]. Түріктер толқыды, хандар қағанды тыңдағысы келмеді, осыларды көрген Білге Таңдықтармен соғыс түріктерді біріктіреді деп шешті. Дана Тоныкөк оны былай деп райынан қайтарғысы келді: «Алтын, күміс, өнімді, жібекті сонша шексіз беріп жатқан табғаш халқы сөзі тәтті, қазынасы асыл еді. Тәтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді. Жақын қонған соң олардан жаман қылықты енді үйренген едік. Игі білгіш кісілерді, игі батыр кісілерді қозғалта алмады. Бір кісі жаңылса, руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, жұмсақ қазынасына көп сеніп, түрік халқы, өлдің.

Түрік халқы, жойылдың. Түстікте Шұғай қойнауы түгіл, Түн жазығына қоныстансақ деуші едің. Түрік халқы, жойылдың.

Ол жерге барсаң, түрік халқы, өлмешісің. Өтүкен жерінде отырып, керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел ұстап отырасың сен. Сонда түрік халқы тоқ. Ашсың ғой сен: аштықта тоқтықты түсінбейсің, бір тойсаң аштықты ойлаймысың сен». 

Түрік қағанатының ақыры оқиғасы мәдени және саяси тәуелсіздік манифесі сияқты әділ баяндалады. Сонымен бірге Тоныкөк қағанды ордада қытай храмдары мен қабырғаларын тұрғызудан бас тартуға үгіттейді. Кеңесшінің сөзі есте қаларлықтай көрнекті: «түрік халқы Қытай халқының түзден біріне де тең келмейді, ол мемлекетке қарсы тұра алатын себебі, түріктер су мен шөпті жайлап жүріп көшеді, тұрақты мекені жоқ тек әскери іске шыныққан.

Күшті болғанда – иелену үшін алға жүреді, әлсіз кезде – шеттеп, жасырынып қалады.

Таң үйінің әскері көп, бірақ оны салатын жері жоқ…

Сосын Будда мен Лао Цзы ілімі адамдарды жауынгер әрі күшті емес, адамсүйгіш және әлсіз қылады».

Сол кездері қағанаттың сыртқы саясаты Күлтегіннің қолында шоғырланды. Жаңа қағанның тоғыз оғыздармен (ежелгі ұйғырлар) арақатынасы бірден шиеленісіп кеткен сияқты, себебі олардың бір бөлігі Таңдарға қосылса, тағы бір бөлігі Селенгі жағасында болған шайқаста талқандалды [3].

717 ж. тоғыз оғыздардың көші талқандалып, тұтқынға алынды, оғыздар Таң жағына өтіп, Ордосқа орналаса бастады. Тағы бір жорық Қыдырқан орманында (Хинган) татабыларға қарсы ұйымдастырылды. Батысқа, Жоңғарияға тудун Ямтарды жіберді, ол қарлұқтарды талқандады, олардың елтебері қаза тапты.

Шамамен сол тұста түріктер Таң әскерін талқандаған еді, алдымен атты әскерін (Орхон жазулары бойынша 17 000), сосын жаяу әскерін. Бұл соғыс 720 – 721 жж. Лянчжоу маңында болған соғыс болуы мүмкін.

720721 жж. соғыс. Қаған Таң империясымен бітімге келгісі келді, бірақ Сюань-цзун түріктерге қарсы соғыс ашты. Қытайлар мен одақтас варварлардан 300000 әскер жиналды. Ван Цзун қолбасшы болып тағайындалды. 720 жылы әскер Гило өзенінің жағасында жиналды, қидандардың одақтастары татабылар мен басмылдар қаған ордасына бет алды. Тоныкөк қағанды сабырға шақырып, соғыс жоспарын жасады.

Басмылдар ордаға бірінші болып келді, алайда ордадан ешкімді таба алмады. Басмылдар түріктер тұтқиылдан шабуыл жасайды деп қорқып кетті де, Бейтін бекінісіне қарай шегінді. Алайда Бейтін бекінісі бос емес еді, түріктер сол жерде болатын. Олар басмылдарды алдап әкеліп қоршауға түсірді. Юань Чен бастаған қытай әскері талқандалды, қатты аяз еді, қолғап кимеген садақшылардың қолы үсіп қалды. Артынша қидандар, бір жылдан соң, 722 ж. татабылар да талқандалды. Бұл соғыста түріктер жеңілген тайпаларға өте қаталдық танытты, ата жауына істемейтін әрекетке барды, әйелдерге дейін қырып тастады.

721 ж. түрік әлемі үшін ұтымды бітім жасалды. Қаған елші жіберіп, неке туралы өтініш жасады, алайда император жауап бермеді. Пэй Гуантин Тайшаньдағы құрбандық шалу рәсімі кезінде императорға түріктерде Білге – жауынгер қаған, Күлтегін – ұлы жауынгер, Тоныкөк – ақылы асқан дана кеңесші боп тұрғанда Қытайға қауіпті екенін ескертті. Сөйтіп түрік хандарын император гвардиясына шақыруға шешім қабылдады. Елші Юань Чжен қағаннан аудиенция алды, қаған Ашидені (бір кездері Қапаған хан жағына өтіп кеткен, Таң империясының қызметінде жүрген түріктердің бірі) Император қарамағында қызмет етуге жіберген еді, ол болса түрікті марапаттап қайта босатты.

Сонымен қағанның таңдауы бойынша бір түрік ақсүйегі жыл сайын Қытайға рәсімдерге қатысуға барып тұрды (Қытай императоры бейбіт бітім жасалған варварлардың өкілдері қатысатын шерулер ұйымдастырып отыратын).

Тибеттіктер 727 ж. қағанға шекаралық келісім-шарт жасауды ұсынды, бірақ қаған өзінің Таң империясына адалдығын көрсету үшін оны Императорға беріп жібереді (тибеттік туфаньдар Таң империясының жауы еді). Шофаньда айырбас сауда базары ашылды: түрік жылқыларын жібекке айырбастады. Сзянь Цзун бірнеше жүз мыңдаған жібек орамын түріктерге жыл сайын сыйлыққа (салыққа) жіберіп отырды [4].

731 ж. Күлтегін дүниеден өтті.  Чжан Цюйи мен Люй Сян көңіл айтқан сәлем алып елші ретінде келді. Император Күлтегінге храм, тас мүсін тұрғызуға, оның көп жеңісі туралы жазылған тақта орнатуға бұйрық берді.      

730 ж. өзінде-ақ Таңдарда қидандар мен татабылармен қатынас өршіп тұрған еді. Қидандардың ханы Қатуған түріктерге қосылды. 732 ж. қытай әскері қидандарды талқандап, татабыларды өзіне бағындырады да, Қатуғанды қуып жібереді. Богю Қатуғанға әскер береді, ол Тунгкер тауында 40000-дық қытай мен татабалардың біріккен әскерімен шайқасты, татабылар бытырап қашты, қытайлар талқандалды. 30000 қытай шейіт болды.      

Өз билігінің белгісіз бір тұсында Білге қаған қызын Түргеш қағанына ұзатты, ол Сұлұқ болуы ықтимал, ал ұлын түргеш қағанының қызына үйлендірді.

  Біраз уақыт өткенде ұйғырлар керуен жолын кесіп тастады. Біріккен көшпенділер күшіне қарсы тұру қиын екені анық еді. Бұрын Қытайда елші болған түрік ақсүйегі Майлучжо түрік қағанына у берді, алайда оған дейін қаған Майлучжоны отбасымен бірге өлім жазасына кесуді бұйырып қойған еді. Мысалы, 734 ж. тоғызыншы айы (түрік күнтізбесі бойынша) 26-күні Білге хан Богю дүниеден өтті. Императордан ресми көңіл айтып келді және храм тұрғызып, жазу тақтасын орнатуға шебер келді (Ли Жунум шебер). Өлім алдындағы қаған бұйрығымен у берген адам мен оның үрім-бұтағы түгелдей өлім жазасына кесілді. Хан орнына Білге қағанның ұлы Йоллығ тегін Ижан хан отырды. Қағанды қабан жылының 5-айы 27-күні жерледі (735 ж.). Йоллығ тегін Ижан хан жерлеуге өкім етті. Жерлеуге түрлі хош иістер, сандалдан жасалған майшамдар, алтын-күміс әкелген «Ли Сун Тай-сенгун» және 500 елші туралы айтылады. Қайғыға ұшыраған түріктер өздерінің шашын жұлып, бетін, құлақтарын тырнады. Жылқылар, иттер, қара бұлғындар, көгілдір тиіндер құрбандыққа шалынды.

Қытай шеберлерінің көмегімен Йоллығ тегін Ижан хан Білге қаған мен түрік монархиясының даңқын шығарған Орхон жазбасын құрастырды. Бұл жазуларды Йоллығ тегін бір ай 4 күн дайындады. Тақта тас «бұғы тауда шауып жүрген кезде», яғни шамамен тамыз айында қойылған [5].

Білге қаған мен Күлтегін мемлекетті нығайтты, көрші елдермен бейбіт бітім жасады. Күлтегіннің кеңесшісі, әскербасы Тоныкөк өзінің «мәңгілік» тас жазуларында түріктердің әскери даңқын, Білге қаған мен Күлтегіннің ерлігін ардақтады. Білге қаған дүниеден өткен соң 741 жылы қағанаттың ыдырауы басталды. 744 ж. Ұйғыр қағанаты құрылды (744 – 840). Билік жүйесі патриархалды-феодалдық сипатта болды. Жоғарғы билік қаған әулетінің бір мүшесінен екіншісіне көшіп отырды. Қаған руының ақсүйектері ябғу, шад, елтебер титулдарын иеленді. Сот істерін буруктар мен тархандар атқарды. Жергілікті жерлерде қағанның тіректері бектер болды. Қарапайым малшы-қауымшыларды қара бұдын деп атады. «Қан қарызының» борышы – міндетті әскери қызмет. Бағындырылған тайпалар азық-түлік және бағалы аң терісімен алым-салық төлеп отырды. Түріктер жаулап алған Жетісудың бағынышты, вассал отырықшы халқын таттар деп атады. Әскери тұтқындардың ішінде де құлдар болды. Шаруашылығының негізгі түрі мал шаруашылығы болды. Қазақстанның оңтүстігінде Испиджаб, Тараз, Талхир, Алмалық қалалары өте жақсы дамыды. Қалалардың дамуында соғдылардың – Орта Азия мен Қазақстанды мекен еткен ежелгі шығыс-иран халықтарының рөлі жоғары болды. Қалалардың өсуіне Иран мен Византиямен байланыс оң әсер етті. Жетісуда Ұлы Жібек жолының бойындағы түріктер халықаралық сауда қатынастарына тартылды. Қытай саяхатшысы Сюань Цзянь VII ғасырдың басында қаған ордасындағы ақсүйектердің өкілдері жібектен киінетіні туралы айтады [6].

Еңбегі

Әскери шаралардан өзге, Білге қағанның билеген кезі көне түрік дәуіріның ұлы ескерткіштерінің құрылуымен атағы шықты. Бұл ескерткіштердің құпиясын ашу әлемге көне түріктердің руна жазуын ашып берді және бұл ескерткіштердің көне түріктердің мемлекеттігін, қоғамдық құрылымын және мәдениетін зерттеу мәселелеріндегі мәнін бағалау оңай емес.

Білге қағанның негізгі сіңірген еңбегі мемлекетті қалпына келтіру және нығайтуда, әскери жеңістерінде, сонымен қатар өзінің жеке манифесін жариялап, онда Ұлы түріктің үштік саяси бағдарламасының: Екінші Шығыс Түрік қағанатының саяси билеушісі әрі бас дипломаты Білге қаған, бас қолбасшы Күлтегін және бас идеолог Тоныкөктің бірігуінде жатыр.

Түріктердің негізгі идеологиясы Қытай мәдениетін ығыстырып, өздерінің далалық басымдығын жариялау болды. Қытай жазбалары түріктердегі жауынгерлік пассеизм деуге болатын идеялық бағыт болғанын атап көрсетеді. Өзінің абыройын сақтау үшін ол қытай мәдениетін қабылдамаудың барынша дүрдараз түсіндірмесін ұсынады: «Оның (Күлтегіннің) ата-анаға құрмет, баршаға ашық болу алыс елдерде белгілі, оның ұлылығы мен ізгілігі оны ғұрпын ауыстырудан қорқуға мәжбүрледі». Бұл сыпайы да ащы түсіндірменің маңызы сонда, ол өзінің ежелгі мәдениетін қарсы қоя отырып,  бөтен мәдениетті саналы түрде ығыстыру фактін нақтылай түседі [6].

Бұл тұсы өте маңызды: бұл жерде мемлекеттер арасындағы соғыс қана емес, мәдениеттер арасындағы, екі дүниетаным мен көзқарас арасындағы қақтығыс. Ұлы дала бұл манифест арқылы Қытай емес, өзімен-өзі болуға құқылы екенін жариялады. Мұндай күрес сонау Мөде шаньюйдың кезінен бері жүріп келеді, алайда бұл жерде ол жүйеге келтірілді әрі құжатта көрсетілді. Қытайдың арбауына түспеу үшін өте үлкен күш керек еді, соны көк түріктер көрсетті: Құтлығ, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін, және Йоллығ тегін.

Бірақ алғашқы принцип қытай беретін сый-сияпаттан құр қалдырғанымен, көк түріктер еліне бағынышты көшпелілер арасында кең тарала алса, екінші принцип өрескел болды, тіпті намысына тиді. Ділі берік түрік елінің негізін қалаушылардың ойынша қалған тайпаларға үстемдік етуі керек еді. Тоныкөк өзінің сіңірген еңбегі туралы өмір бойы «иелендім» және «түрік халқының даңқын асырдым»деп көрсетеді. Түрік ханы орнатқан «тәртіптің» мәні «құл құлды болған еді, күң күңді болған еді». Білге қаған былай деді: «Туфаньдар (Тибет хандығыиттен тараған еді, ал Қидандар мен Хи маған бағынатын». Түргеш ханын түріктер бағынышты деп санады, және Чаньаньдағы тойда түрік елшісі түргеш елшісінен төмен отырудан бас тартты. Түріктердің өрлігі өздерінің далалық ұйымдастыру және ерекше мәдениет құру міндетінен шықты, дегенмен ол бағыныштыларын қанаудан, тіпті экспроприациясына байланысты еді, ал бұл бағынышты тайпаларды Империямен одақтасу арқылы құтылуға итермеледі, осылай Қағанаттың дәуірі аяқталуына жақындатты [1].

Дегенмен Білге қағанның билігі басында оңай болған жоқ, білақ Ұлы түрік үштігі өз міндетін атқара білді. Жазуларға қарасақ, Білге қаған билікке мемлекет қиын жағдайға душар болғанда келген:

«Ең болмаса, бай халыққа отырмадым.

Іші ассыз, сырты тонсыз, әлсіз, нашар халыққа отырдым.

Інім Күлтегінмен сөйлестік.

Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп».

Негізінен өзінің маңызы туралы декларация ортағасырлық билеушілердің бәріне тән, бірақ дәл осы жазулардың арқасында түріктердің сол дәуірдегі оқиғаларға деген өзіндік танымы қалай бол қалай болғаны белгілі болып отыр.

Ары қарай өзі жасаған ерліктерін баяндағанда Күлтегінмен бірге басқа да «лауазымды тұлғалар» да аталады. Төменде берілген жазба нақты билік иерархиясы сақталғанымен қызықтырады:

«Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым.

Інім Күлтегінмен, екі уәзірмен өліп-тіріліп құрадым. Сонша құрап, біріккен халықты от-су қылмадым. Мен қаған болғанда.

Жер-жерге тараған халық өліп-жітіп, жаяу-жалаңаш қайтып келді. Халықты көтерейін деп, терістікте оғыз халқына қарсы, ілгері қытай, татабы халықтарына қарсы, бергері табғашқа қарсы үлкен әскермен он екі рет соғыстым.

Бәрі жиырма бес рет соғысып, он үш рет шайқастық, елін елдіктен айырдық, қағандығын қағансыз еттік, тізеліні бүктірдік, бастыны жүгінттік. Түргеш қағаны түркіміз, өз халқымнан еді. Білмегені үшін, бізге жазғаны үшін қағаны өлді. Әмірші бектері және өлді. Он оқ халқыы бейнет көрді. Ата-бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп, аз халқын құрап, ұйыстырып…».

Екінші Шығыс түрік қағанатының тарихи географиясы мен этникалық құрамын талдау жұмыстары көптеген арнайы еңбектерде жасалды, бізге бұл жерде негізгі ойы, соның ішінде бұрыннан қалыптасқан Күлтегіннің қолына бүкіл билік шоғырланып, Білге қағанның қуыршақ хан болғаны туралы түсінік қате екені қызықтырып отыр. Тоныкөк пен Күлтегін дүниеден өткеннен кейін Білге қаған мемлекетті табысты басқарып, мұрагеріне тұрақты империяны табыстап береді.

Ұлықталуы

Білге қағанға қойылған ескерткіш – VIII ғасырдағы түрік руна жазуының ескерткіші, тастан жасалған ірі комплекс. Орхон өзенінің аңғарындағы мәдени ландшафтың бір бөлігі.

Ескерткіштің өзі көптеген ғалымдар тарапынан зерттелген, алайда көп еңбек 1958 жылы біріккен чех-моңғол экспедициясы кезінде жерлеу орнын барынша егжей-тегжейлі зерттеген чех археологы Йислуға тиесілі.

Ескерткіштің көлемі 80х40 метр, шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Оны айнала ор қазылған, қақпа алдында ор үзілген, балшықтан соғылған қабырға жабынқышпен жабылған, сыланып, ақталған. Қақпа алдында мәрмәрдан қашалған екі қойдың мүсіні. Олардың артында тас төселген жол және артық ылғалды шығарып тұратын жаңбыр суына арналған керамикалық құбырлы тоған. Олардан соң мәрмәр тасбақаның (қытайлардың мәңгілік символы) арқасына жазулы тақта тас орнатылған. Жанында құрбан шалатынорныы бар храм және Күлтегін мен оның әйелінің мәрмәр мүсіні.  

Мүсіннің басы табылды. Ол барынша шындыққа жақын орындалған: монголоид белгілерімен – атжақты, моңғол қабақты, тік мұрны мен қиық көздері Ашина руына жататынына күмән келтірмейді [1].

Ескерткішке қарай Цайдам тұзды көлінен  бастап 3 шақырым бойына балбалдар тізбегі созылып жатыр. Біздің кезімізге дейін 169 балбал бүтін жеткен, бірақ бұрын одан да көп болғанға ұқсайды. Кей мүсіндер дөрекі соғылған, адамға ұқсайтын денесі, қолы жасалған және белі білінеді.

Бұдан өзге, Білге қаған қоғамдық санада осы кезге дейін тарихқа қомақты үлес қосқан тұлғалармен бірдей аталады. Мысалы, Түркия ғалымы, саясаттанушы Кюршад Зорлу Нұрсұлтан Назарбаевті түрік әлемінің Білге қағаны деп атады: «Құрметті Елбасы, тәуелсіздік жылдары Қазақстан сіздің тұрақты саясатыңыздың арқасында жақсы жетістіктерге жетті. Қазақ мәдениетін әлем тани бастады. өзіңіз бір сөзіңізде айттыңыз: «Жастарымыз сонау сақ, ғұндардан басталатын тарихымызды білуі тиіс» деп. Осы сөзіңізді түрік жастары да жылы қабылдады, ол әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Өткен жылы әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша сіз Түркиядағы ең танымал көшбасшы болдыңыз. Біз сізді түрік әлемінің Білге қағаны деп санаймыз», – деді Кюршад Зорлу Алматы қаласында өткен «Көшбасшылық 30 жыл» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Архитектурада Білге қағанның билеген кезі туралы ескерткіш ғұрыптық комплекс (түрік ескерткіштерінің ішіндегі ең ірісі) түрінде сақталды, ол Хушо-Цайдам шатқалында (Орхон өзенінің аңғары, Моңғолия) орналасқан. Ол 735 жылы қытай елшілігінің қатысуымен салынып, шамамен 745 жылы құлатылған. Дуалмен қоршалып, ор қазылған ормен кірпіш төселген алаңқайдың (95×60 м) кіре берісі шығысқа қарап тұр, сол бағытта 3,2 шақырымға дейін балбалдар тізіліп тұр. Ішкі жағында ұзына бойы қойлар мен мәртебелі адамдардың жұптасқан тас мүсіндері, тақта тас павильоны, жабынқышпен жабылған шаршы кірпіш храм, ол жерде Білге қаған мен жұбайының отырған мәрмәр мүсіндері және тас текше мехраб бар. Сонымен бірге 2000-дай асыл бұйым қоймасы табылған: Білге қағанның тәжі, әшекей бұйымдар, кішкене ыдыстар және т.б. [2].

XXI ғасырдың басында Білге қағанға арналған тақта тас сақтау үшін ескерткішке жақын орналасқан «Орхон» музейіне апарып қойды; оның бұрынғы орнына бетоннан жасалған көшірмесі қойылды. Моңғолия мен Түркияның біріккен «Моңғолиядағы кейбір көне түрік ескерткіштерін сақтау, реставрациялау және зерттеу» деп аталатын жобасы  аясында жасалған консервация сәтсіз болып шықты: мәрмәр ескерткіштер қайта бұған дейін 1300 жыл бойы сақтап келген түрін жоғалтты.

VIII ғасырдың басында Екінші Шығыс түрік қағанаты бас көтерді. Бірінші және Екінші  қағанаттар арасында 100 жылдан артық уақыт өтті. Дегенмен жаңа қағанатта көп ғасырлық түрік тарихының бастау көздері, оның билеушілері жадта болды. Екінші Шығыс түрік қағанатының ханзадасы, 732 ж. дүниеден өткен Күлтегінге арналған жазуда қағанаттың екі негізін қалаушының да есімдері аталады: «Адам баласын басқаруға ата-бабам Бумын қаған, Истеми қаған отырған. Отырып, түрік халқының елін, заңын ұстай берген». Алайда Білге қағанды бұл емес, Бірінші түрік қағанатының ыдырау себептері қызықтырады. Сөйтіп Білге қаған билеушілерді дана және надан, қорқақ деп бөледі: «Біліксіз қаған отырған екен. Нашар қаған отырған екен». Тек билеушілері ғана емес, олардың кеңесшілері де біліксіз екен: «Бұйрығы және біліксіз екен. Жаман болған еді».    

Негізінде Білге қаған інісі Күлтегінге арнап қойылған тақта таста ішкі саяси жағдайды ғана емес, сонымен қатар Бірінші Шығыс түрік қағанатының ыдырауының сыртқы себептеріне де талдау жасағанын көруге болады:                    

«Бектерінің, халқының түзу еместігі үшін, табғаш халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгені үшін, Інілі-ағаның дауласқанынан, бекті халықтың жауласқанынан түрік халқы елдігінен айрылды.

Қағандық қағанынан айрылды».

Табғаш деп бұл жерде қытайлықтар, дұрысын айтқанда, Қытай империясының басында тұрған қытайланған түріктерді айтып отыр [2].

Біилеушілердің даналығы, кеңесшілерінің даналығы, билеуші мен халық арасындағы өзара түсіністік – міне, осылар табысқа жеткізеді деген тұжырым жасайды Білге қаған. Ол Бірінші Түрік қағанатының негізін қалаушылардың бойынан осы қасиеттерді көреді:

«Білгіш қаған еді, алып қаған еді. Бұйрықтары да білгір еді, өздері ер болған екен. Бектері және халқы түзу еді.

Сол үшін елін осынша билеген екен. Елді ұстап, заңды жасаған».

Сонда көз алдымызда жай жаназада айтылған сөздер емес, мемлекет қалай құрылу керек, қалай басқарылу керек екені туралы айшықталған түсінік беріліп тұрғанын байқаймыз. Мүмкін бұл жерде тұлғалық қасиеттерге, субъективті факторға баса мән беріліп тұрған шығар. Алайда тақта тас жазуы халық үшін, қалың бұқара үшін жазылғанын да ескеру керек. Және бұл насихат қана болып қалған жоқ. Білге қағанның өзі державаны билеуде осы қағидатты ұстанды. Мемлекетті билеу онда әскери билік пен кеңесші білігімен астасып жатты. Әскери және басқа да күштерді інісі қолында ұстап тұрды. Ал білік, бұқарамен арақатынас, саясат пен өсиет, ақылақ Тоныкөктің қолында болды.

Мемлекетті басқаруды Білге қаған өзі жүзеге асырды.

Деректер мен әдебиеттер тізімі:

1. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. Серия: Историческая библиотека, Издательство: АСТ, 2010. – С. 560

2. Кляшторный С.Г., Савинов Д.Г. Степные империи древней Евразии. Серия: Исторические исследования Санкт-Петербург Филологический факультет СПбГУ 2005.- С. 346.

3. История Казахстана с древнейших времен до наших дней в пяти томах. Алматы. Атамура, 2010. Том 1. – С. 322.

4. Наследники каганата // Режим доступа: https://e-history.kz/ru/contents/view/5174

5. Тишин В.В. Историография социальной истории Тюркского каганата VI-VIII вв. Диссертация на соискание степени кандидата исторических наук: Москва, 2015. – С. 554.

6. История Тюркского каганата // Режим доступа: https://e-history.kz/ru/contents/view/5172

Authors: UzhkenovEr.M., T.ғ.k.