Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ


Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан  бин Узлаг әл-Фараби ат-түрки[870-Отырар (Фараб), 950 – Дамаск (Сирия)] – ұлы ойшыл, әмбебап энциклопедист  ғалым, екінші Аристотель атанған  Отырар перзенті.

Өмірбаяны

Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан  бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки [870-Отырар (Фараб),  950 – Дамаск (Сирия)]. Ұлы ойшыл, әмбебап энциклопедист  ғалым екінші Аристотель атанған  Отырар перзенті Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір зерттеушілер Отырар маңындағы Кедерде туылған десе, бағзы біреулері Сырдарияның арғы бетіндегі Оқсызда (Уасиджде) дүниеге келген деп жазады.

Орта ғасырлық  араб тарихшылары Фараб (Отырар) Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында екенін айтады. Ол шындығында да солай. Әбу Насыр алғашқы білімді өз отаны Отырарда алған. Сонан соң ілім қуып жол жөнекей  Шаш (Ташкент) және Самарқан мен Бұхараға да аялдаған. Иранның  Рей (Теһран), Исфаһан, Хамадан іспетті шаһарларына кідіріс жасап, ілім алуға ынтыққан. Сонан соң Бағдадқа келген. Ол кездері Әбу Насыр араб тілін білмейтін. Ол тілді араб жұртында ғұмыр кешкен жылдары оқып үйренген. Бағдад сол тұстары Таяу және Орта Шығыс, яғни мұсылман жұртындағы  ірі ғылыми, мәдени, руханият орталығы еді.

Бағдадта ол түрлі ғылым салаларын игеруге тырысты. Өз заманының озық ойлы даналарынан білім алды. Христиан текті Әбу Бакір Маттадан грек тілін, Йуханна ибн Хайланнан медицина бойынша да тағлым алды. Философия, логиканы үйренді. Аристотельдің шығармаларын зейініне тоқыды. Сондай-ақ ол математика, логика, медицина, музыка, астрономия және өзге де ғылым салаларына мейлінше үңілді. Филологияның түрлі салалары, сондай-ақ  бірнеше тілдерді  шұқшия оқуды да ұмыт қалдырмады.  Ол араб тілінен басқа парсы, грек, көне сирия тілдерін терең  үйренуге тырысты. Соның арасында бірте-бірте көне грек оқымыстыларының шығармаларын  меңгерді.  Кейбір деректер бойынша ол Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін жүз рет, «Табиғи гармониясын» қырық,  «Риторикасын» екі жүз рет оқыған».

Ол Дамаскының солтүстіндегі Халаб (Алеппо) қаласына да барды. Ол кездері онда сұлтан Сайф ад-Даула әл-Хамдани (916-967) тұратын. Оның  сарайында әдебиетшілер, ғалымдар мен ақындар, тарихшылар яғни  түрлі ғылым салаларының өкілдері күн кешіп  жатқан-ды. Араб әдебиетінің  классигі  Ахмед әл-Мұтанабби (915-965) де сонда біраз жылдарын өткізген.

Әбу Насыр әл-Фараби  Египет астанасы Каирде де болған делінеді. Онда ол өзінің  атақты  «Китаб ара  аһл әл-мадинату-л фадиланы» – «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты  шығармасын тарауларға бөліп, толықтырған.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі жайлы хатқа түскен жазба деректер көп емес. Оның себебі ұлы ойшылдың өзін түрлі патшалар мен түрлі билеушілер сарайларынан аулақ ұстап, жеке дара саяқ  өмір сүруінде, сондықтан да ол жайлы мәліметтерде  ақиқаттан гөрі, аңыз басымдау деуге болады.

1975 жылы Алматыда  тұңғыш рет  Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер календарына кіргізіліп, үлкен салтанатпен аталып өтті. Оның алдында 60-жылдардың соңында Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институты жанынан ашылған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы Отырар ойшылының араб, ағылшын, неміс, француз, чех және т.б. тілдердегі бірқатар шығармаларын дүние жүзінің түкпір-түкпірінен жинап, Алматыда қазақ, орыс тілдеріне аударып жариялады.

Әбу Насыр әл-Фарабиді әлемдік, Кеңес және Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары М. Штейншнейдер, Г.З утер, Ф. Дитерици, А. Решер, Б. Ғафуров, С. Григорян, А. Сағадеев, Ю. Завадовский, Ә. Марғұлан, А. Машанов, О. Жәутіков, А. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, Ә. Дербісәлиев, А. Көбесов, М. Бурабаев, Қ. Жарықбаев, М. Хайруллаев, Ғ. Құрманғалиева К. Тәжікова және т.б. зерттеді. Олар кезінде жекеленген монографиялар, мақалалар жазды.

Дәуір данышпанының еңбектерін зерттеу елімізде де 70-жылдардан бастап қолға алынды, қарқынды жүрді. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Содан бері де біраз жыл өтті. Еліміз егемен болған соң бұл игілікті іске әсіресе кең жол ашылды. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы  қазақ ұлттық университетінде ұлы баба шығармашылығын зерттейтін ғылыми орталық құрылды. Олар бірнеше халықаралық және республикалық тағылыми теориялық және практикалық конференциялар өткізді. Мен де бұл істің басы-қасында болып келемін. 

2020 жылы Әбу Насырдың туғанына 1150 жыл толуына байланысты оны биік деңгейде өткізу туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары тиісті мекемелерге ұсыныс жасады. Соған байланысты Сыртқы істер министрлігі Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдап, әуелі Әбу Насырдың дәл туған жылын, туған жерін және ата-тегін анықтау мәселесін тапсырды. Мәдениет мекемесіндегілер оларды анықтауды Білім және ғылым министрлігіне тапсырды. Ол ұлы ғалым атын алып отырған жоғары оқу орнына және Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарына жүктелді.

Сонымен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының атынан мен де осы мәселені зерделеуге кірістім.

Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді жаһан ғалымдары (АҚШ, Еуропа, Азия, Африка) күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Әуелі мен Әбу Насыр өз шығармаларын туындатқан араб тіліндегі дерек көздерге үңілдім.

Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі жайлы араб тілді дереккөздер. Ортағасырлық шежіреші, тарихшы ғалымдардан:

– Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-Қифти (1172-1248) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби»;

– Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлаг (Ұзлақ, Ұзақ – түркі есімі, араб қаламгерлері және Еуропа ғалымдары да оны бұрмалап жазуы мүмкін – Ә.Д.) бин Тархан»;

– Ибн Халликан (1211-1282) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузалаг» (Узлағ, яки Ұзақ болуы мүмкін)» деп көрсетсе,

– Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты 1500 беттен тұратын еңбегінде ғалымның аты-жөні: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби» деп жазылған.

Ал замандасымыз осы күнгі араб жұртының ғалымы  Фаруқ Саъд Әбу Насырдың өмірі мен шығармашылығына арналған монографиясында оны «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткен. Ал өзге ел оқымыстылары ше?

Иран.Ирандық ғалымдар «ат-түрки – түркілік» деген сөзді әдетте жазбайды. Өйткені олар Әбу Насыр әл-Фарабиді парсы текті санайды.

Дін қызметінде жүргенде бірде Теһранда өткен халықаралық конференцияға бардым. Арасында әдеттегідей Иранның ұлттық кітапханасында болдым. Кітапхана директоры Иран президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі де екен. Әңгіме арасында Әбу Насыр әл-Фарабиді қазақ жерінің перзенті деп қалып ем, ол:

– «Әл-Фараби Иран ғалымы» деді. Кітапхананың үлкен залдарының бірі де Әбу Насыр әл-Фараби атымен аталады екен. 

Мен Әбу Насырдың қазақ жерінің перзенті екенін дәлелдеуге тырысып едім, ол бастырмалатып көнбеді.

– Отырар перзентін Иран ғалымы дейтіндей сіздің қандай уәжіңіз бар дедім.

– «Әбу Насыр Орта Азияны саманилер билеген кезде өмір сүрген, саманилер парсылар еді» – деді ол.

Қазақ жерінің оңтүстігі саманидтердің билігінде бар-жоғы жүзден астам жыл ғана болды. Оның өзінде олар тек билік басында ғана тұрды. Ал жергілікті халық түркі тектілер еді дедім мен өз уәжімді айтып. Ортағасырлық араб ғалымдары да Әбу Насыр әл-Фарабиді Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құяр сағасындағы Отырар шаһарында туған деген. Отырар кейіннен Фараб аталды. Әбу Насырдың өмірбаяны жайлы ортағасырлық шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) біраз дерек қалдырған. Оның еңбегі сіздердің кітапханаларыңызда болса керек. Директор-кеңесші мырза көмекшісіне кітапханадан Ибн Халликанның «Китаб уафийат әл-ағйан уа анба абна аз-заман» – «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап» атты еңбегін алдыртты. Қосылып оқыдық. Онда Әбу Насыр Иранда туған деген сөз жоқ еді. Ибн Халликан: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузлаг [Ұзақ] «ал-Фараби, түрік [текті], көрнекті ойшыл (ал-хаким)…» десе, тағы бір жерінде «Әбу Насыр түркі [текті] еді, ол «өз елінде туып, өз елінде өсті… Ол түркі тілін және өзге де тілдерді білді, бірақ араб тілін емес. Араб тілін оқуды бастаған ол, оны кемеліне жеткенше игерді, сонан соң ғана ойшылдық ғылымдар (улум ал-хикма) жайымен, яғни (философиямен – Ә.Д.) айналысты» деп жазылған. Сөзден ұтылған директор-кеңесші үнсіз қалды [1, 153-157б.].

АҚШ. Әбу Насыр әл-Фарабидің библиографиясына арнаған еңбегінде АҚШ ғалымы Nicholas Rescher оның тегін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»;

Германия. Атақты неміс шығыстанушысы Карл Брокельман (1868-1956) Отырар ғалымының аты-жөнін «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узалаг әл-Фараби;

Түркия. Түрік ғалымдары Ismet Binark, Nejat Sefergioglu Отырар ғалымын «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлик әл-Фараби ат-түрки»; 

 – Тағы бір түрік ғалымы Yasar Aydinli «Әбу Насыр Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»;

– Түркияның «Ислам энциклопедиясында» «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки, 258/871-872 жылы туған деп саналады» деп жазылған.

Сонымен Отырар ғалымының тегін көпшілік деректерге жүгіне келе «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткенді жөн санауға болады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жылы. Өзбекстан. Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жылы туралы мұсылман шығысы және Еуропа ғалымдары арасында шынында да бірізділік жоқ. Олардың зерттеулеріндегі көрсетілген мерзімде 2-3 жылдық айырым бар. Әбу Насыр әл-Фарабиді арнайы зерттеген өзбек ғалымы, академик Мұзафар Хайруллаев (1931-2004): «Год рождения Фараби в различных исследованиях указывается по разному, в советской литературе чаще всего 870 [6,152б.]» дейді.

Араб тілді дереккөздер. Сирия Араб Республикасының астанасы Дамаск шаһарының  Баб ас-сағир қабырстанындағы Әбу Насыр зиратында: «Әбу Насыр әл-Фараби атымен көбірек белгілі Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ, [һижраның] 260 жылы [біздің жыл санауымыз бойынша 873 жылы Фараб шаһарында туған, һижраның 339//950 жылы Дамаскіде қайтыс болды» деп жазылыпты.

Жоғарыда аталған Фаруқ Саъд Әбу Насырдың туған жылын һижраның 259 жылы яғни 870 жылы;Nicholas Rescher (АҚШ) де Әбу Насырдың туған жылын 870жылы;түрік ғалымдары (Түркия) Ismet Binark пен Nejat Sefergioglu Әбу Насырдың туған жылын 870 жылы, Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар зерттеген қазақ ғалымы, атақты философ, профессор Х. Қасымжанов (1931-2000) Мәскеуде шыққан «әл-Фараби» атты еңбегінде Әбу Насырдың туған жылын 870 жылы деп көрсеткен.

Бұдан шығатын қорытынды. Энциклопедист ғалымның тегін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки», ал туған жылын һижраның 258, яғни 870жыл деп көрсеткен жөн. 

Әбу Насырдың туған жылын анықтау мәселесі өткен ғасырдың 70-жылдары да көтерілген. Онда ғалымдар мен өкімет орындары ақылдаса келіп, Отырар ойшылының туған жылы 870 деп көрсетуге келіскен. Сөйтіп оның туғанына 1100 жыл болдыға санап, 1975 жылы 1100 жылдығы тойланды. Араб елдері де (Ирак Араб Республикасы және т.б.) осыған келісті.

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында жоғарыда айтылғандай, Алматыда әл-Фараби зерттеу орталығы құрылып, Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері Еуропа және араб тілінен де орыс, қазақ тіліне аударылғанда, зерттеулер жүргізілгенде Мәскеу және Қазақстан ғалымдары да Отырар ойшылын «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» және туылған мерзімін 870 жыл деп көрсетіп отырды.

Әбу Насырдың туған жері. Орта ғасырлық араб тілді деректерде Фараб атты (қыстақтың) Өзбекстанда да бар екені айтылады. Олар Бұхара қаласының батыс жағында, Әмударияға жақын жерде және Самарқан маңында. Ал деректердің басым көпшілігінде жоғарыда айтылғандай Әбу Насыр туған Фарабтың Арыс өзенінің Сырдарияға (Сайхун) құяр сағасында екені айтылады. Ғалымдар да осыны мойындайды.

Ал Ауғанстанда да Фараб деген қыстақ бар дегенге келсек, оның аты Фараб емес, Фарйаб. Ол Хорасан өлкесінде.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шыққан еңбектерде тәжіктер Әбу Насырды Тәжікстанда, өзбектер Өзбекстанда туған деп келді. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қана Әбу Насыр әл-Фараби қазақ жеріндегі Отырарда (Фарабта) туған, түркі тайпасынан шыққан ғалым деп жазыла бастады. Бұл ретте Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры, КСРО ҒА академигі, тарихшы, ғалым Б.Ғафуров (1908-1977): «Әл-Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасанды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі тіпті алыс еді. Сол сияқты оны өзбек деп кесіп айту да әділеттілік бола қояр ма екен? Фактілер негізіне сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан шыққан…, дей аламыз».

Тәжіктердің, өзбектердің, қазақтардың, түрікмендердің, қырғыздардың, ұйғырлардың мәдениеті, дәстүрі жэне тұрмысы өте ерте заманнан бері ортақ болуына байланысты, олар ерекше бірыңғаймәдени регионға жатқан. Атап айтқанда, көшпелі мал шаруашылығын көп жағдайда отырықшылық-егіншілік жағдайда толықтырып отырган, оның үстіне шаруашылықты жүргізудің бұл екі түрі тіпті «таза» күйінде бола бермеген. Оңтүстік Қазақстандағы қалалар көшпелі және отырықшы халықтарды байланыстырушы буындар болып келген.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың орта ғасырлық қалаларының және мекенді жерлерінің қалдықтарын археологиялық жағынан зерттеулер орта ғасырлықтың алғашқы дәуірінен бастап (VI—VII ғ. ғ.) Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен Орта Азия қалаларының экономикалық және мәдени жағынан біріне бірі өз ара әсер етіп отырғандығын көрсетеді. Бұған әсіресе сауда қатынасы қолайлы жағдай жасаған. Батыспен Шығысты жалғастырған ұлы жібек жолын, Мервті, Самарқандты, Бұхара мен ШаштыТаразбен, Испиджабпен, Құланмен және Отрармен байланыстырған керуен жолдар мен жалғыз аяқ жолдарды атап көрсетуге болады. Жазбаша деректер ғана емес, сондай-ақ асабай археологиялық материал да экономикалықбайланыстардыңсипатын бейнелейді. Мұныархитектуралықөнерлердің, құрылыстехникасының, қолөнеріменкөркемөнербұйымдарыныңұқсас белгілерінен де аңғаруғаболады. Бұл кездердеархитектурада, қолөнерінде бәріне ортақ канондар қалыптасады, бірақ олардың бір-бірімен ұқсастығына  қарамастан, әрбіраймақтаөзінеғанатәнерекшемәденидәстүрлеріқалыптасқан. Бұған дәлелдіайғақтыңбірі Айшабүбі мазары. Далаелі мен отырықшыхалықтың, егіншілік пен көшпелішаруашылықтыңұштасқанжеріне, солзамандағы аса маңыздысаудажолдарының тоғысқан жеріне орналасқан ежелгі Отрардың өзінің мәдени ортасынан әл-Фараби сынды кесек тұлғаны шығаруы тегін емес.

Әрине, әл-Фараби туған қаласының дәстүрлерінен әлдеқайда кең көлемді

дәстүрлерді бойына сіңірді. Өйтпейінше, оның аты дүние жүзілік мәдениеті пантеонына жазылмас еді. Оның қызметі өзінің сыртқы бейнесі жағынан араби тілдес деп аталатын мәдениеттің аймағы шеңберінде кең өріс алды. Халифат  айтарлықтай тұрақты саяси және экономикалық бірлікті жасай алмағанына және ол әрқашан түрліше тайпалардың жай жиынтығы болып қала бергенінеқарамастан, мәдениет саласында байланыстар мен қатынастардың болуы едәуІр рухани прогрестің шарты болды. Жалпыға бірдей ортақ тіл идеялар алмасуға жағдай жасады» [3, XVII-XVIII б.] деп жазды. Бұған ешкімнің де осы күнге дейін алып қосары болған емес.

Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті біраз жылдардан бері Әбу Насырдың бірқатар шығармаларын шығарумен қатар, жыл сайын әл-Фараби оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырды.

2006 жылы наурыз айының бірінші онкүндігінде менің жетекшілігіммен, құрамында ҚазМУ-дің сол жылдардағы ректоры, академик Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, «Білім» баспасының директоры жазушы, журналист Ж. Нұсқабаев, Шәуілдірдегі әл-Фараби музейінің меңгерушісі Абдулла Жұмашев Сирия Араб Республикасына аттандық.

Дамаскінің оңтүстік жағындағы «Баб ас-Сағир» қабырстанындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің,  сондай-ақ Дамаскінің ескі махалласынан  ондағы  қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан Захир ад-дин Бейбарыстың  (1217-1277)  кесенесін көрдік. Сонымен қатар ол жерден кезінде крест тағушы еуропалық басқыншыларды талқандаған Салах ад-дин әл-Аййубидің (1138-1193) зияратында да болдық. Әбу Насыр әл-Фараби  зиратындағы жалпақ  тастан араб тілінде жазылған төмендегі жазуларды оқыдым: «әл-Фатиха. Бисмиллаһи-р рахмани-р рахим! Бұл кесене (дарих) Әбу Насыр әл-Фараб (есімімен) танымал ислам ғалымы, философ,  (адиб), музыкант Мұғаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлагтікі. [Ол] һижраның 260 жыл Фарабта туылып Дамаскіде 339 жыл қайтыс болған». 

Елге оралған соң  сапар жайлы  Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа баяндап бердім. Келесі 2007 жылы 4-7 наурыз аралығында Елбасының Сирияға ресми сапары болды. Онда мен де бірге болдым. Сол жолы Н.Ә.Назарбаев әл-Фараби зиратын ретке келтіру, онда мәдени орталық салу туралы Сирия үкіметімен келісе келе, ол үшін қаражат та бөлдірді. Ол нысанның аяқталғаны туралы мен Сирияның бас мүфтиі доктор Бадр ад-Дин Хассуннан 2012 жылы Уфада Ресей мұсылмандарының құрылтайында бірге болып сұхбаттасқанда естіген едім. Сирияда соғыс тоқтаса, оның ресми түрде ашылатыны сөзсіз.

Сириядағы Әбу Насыр зиратына біз Отырардан арнайы топырақ ала барып, баба зияратына қойдық. Қайтарда ұлы ғалым зиратынан туған жеріне де топырақ ала келдік. Отырарға жиналған жұрт алдында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Болат Жылқышиев Отырарда Әбу Насыр әл-Фарабиге рәмзи кесене салынатынын айтты. Бірақ ол басқа қызметке ауысқан соң орындалмай қалды.

2018 жылдың желтоқсан айының соңында Әбу Насырдың туған жылы, туған жері мәселесін талқылап бір шешімге келу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ректор академик  Ғалымқайыр Мұтановтың төрағалығымен Түркия және ҚазҰУ, сондай-ақ Қазақстанның Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарының белгілі ғалымдары бас қосты. Оған  Мәдениет және спорт вице-министрі (қазір министр-Ә.Д.) Ақтоты Райымқұлова да қатысты. Онда ғалымдар Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына байланысты ойларымен бөлісті. Ғалымдар ЮНЕСКО-ға Қазақстан атынан хат жазып, 2020 жылы Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын кеңінен атап өту жайлы ұсынысты қолдады. Мен сол мәжілісте Отырардан өзге де 30-ға жуық ғалым мен ойшыл шыққаны туралы және Әбу Насырға байланысты мәселелерді зерделеп, бас баяндама жасадым. Оны жиналған ғалымдардың бәрі  зерттеулеріме қолдау білдірді.

Еңбегі

Иә, сөйтіп, өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Әбу Насыр әл-Фарабидің  “Философиялық трактаттары” атты аса құнды еңбегі әуелі орыс, сонан соң 1973 жылы қазақ тіліне аударылып жарық көрді [3]. Екінші Аристотель атанған Ислам өркениетінің жарық жұлдызының бұл еңбегіне оның философиялық көзқарастары, “Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы”, “Екінші ұстаз әл-Фарабидің интеллект (сөзінің) мағынасы жайындағы пайымдамасы” және “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” атты атақты шығармалары енгізілген-ді [3]. Жаһан философтары Әбу Насырдың (870-950) әсіресе соңғы еңбегіне ерекше көңіл аударып келеді.

Бұл дүние Алматы жарияланымынан біраз бұрын 1960 жылы Мәскеуде философ С.Н. Григорянның “Из истории философии Средней Азии и Ирана VII-XII вв. С приложением избранных произведений Фараби, Газали и Маймонида” деген атпен басылған-ды [4].

Жинаққа Әбу Насырдың Порфиридің “Кіріспесіне комментарий”, “Сөз-ғылымдардың классификациясы” және жоғарыда аталған “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы” атты трактаты араб тілінен аударылып берілген. “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасын” орыс тіліне А.В. Сагадеев тәржімалап, Кеңес одағы халқына таныстырғаны есте [4, 133-195 б.].

Әбу Насыр атақты бұл трактатын Отырардан Бағдадқа келген кезден бастап жазған және оны 942 жылы Дамаскіде аяқтаған. Ол туралы атақты араб ғалымы Ибн Әбу Усайбиға (1203-1270) “Уйун әл-анба фи табақат әл-атиббасында” [5, 203-209 б.] айтып кеткен.

Әбу Насыр әл-Фараби Таяу және Орта Шығыс елдеріне барған соң араб және ежелгі грек тілін ынта-ықыласпен оқып, осы тілдерді жақсы, әрі жетік біліп алуға тырысты. Әсіресе ол көне грек оқымыстылары Пифагор, Аристотель, Евклид, Архимед, Платон шығармашылығына қызығушылық танытты. Ежелгі грек ғылымдары еңбектерінің түпкі мәнін түсініп алуға қол жеткізді. Сондықтан да ол өз кезі үшін өзекжарды саналған этика, саясат, психология, философия, математика, музыка, физика секілді т.б. ғылым салаларын меңгеруге ыждаһат қойды. Әсіресе ол философия мен логиканы терең білуге құштар болды. Оның осы ғылым салалары жайлы жазған туындылары Аристотель философиясын зерделеуге, өзгелерге түсінікті етуге арналған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ол Аристотель трактаттарына ұғынықты етіп түсіндірмелер жазды.

Осы ретте айта кететін жайт – жаңа христиан діні тарих сахнасына біздің заманымыздың І-ғасырында көтерілген соң антикалық, эллинистік мәдениетті құртуға тырысты. Ол әрекеттері нәтижесіз де болған жоқ. Көне грек кітаптары өртелді, жойылды. Өйткені ежелгі гректер көп Құдайға табынатын. Ал Иса пайғамбардың жаңа діні бір құдайға құлшылық етті. Ислам да дәл солай монотоистік дін еді. Бірақ ислам көне грек ғылыммен жауласқан жоқ, рухани жазба дүниелерін, жәдігерліктерін құртқан да жоқ. Керісінше ол жасаған ғылымды зерделеп пайдалануға ел, ислам игілігіне пайдалануға тырысты. Сол себепті Әбу Насыр әл-Фараби көне грек ғылымдарының шығармаларын аударды, зерттеді. Дей тұрғанмен Әбу Насыр әл-Фараби ежелгі грек мәдениеті мен ғылымын насихаттады, тірілтті деп кіналағандар да болды. Бірақ олай ойлау қате-тін. Ислам әлеміндегі ғылыми жаңғыру осылай басталды деуге болады.

Көне грек ғалымдарының шығармалары Әбу Насыр әл-Фарабидің ғалым ретінде қалыптасуына әсер етті. Әбу Насырдың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегіне әсіресе Платонның мемлекет жайлы еңбегінің едәуір ықпалы болған.

“Қайырымды қала тұрғындары көзқарастарының” басылымдарын мен әр жылдары Сирия, Египет және Ливаннан, ал қолжазбаларын Түркияның Сүлеймания және осы елдің өзге де кітапханаларынан көрдім. Олардың кейбірі менің жеке мұрағатымда да бар. Трактаттың Түркия мұрағаттарындағы кейбір нұсқалары түрлі атаулармен берілген. Көлемі де әртүрлі. Шығарманың толық, орташа  және қысқартылған нұсқалары да ұшырасады.

Ал еңбектің Еуропа жұрттарындағы басылымдары ше?

Трактатты алғаш рет Лейденде Берлин университетінің профессоры, немістің белгілі шығыстанушысы, арабтанушысы Фридрих Дитерици (1821-1903) Британия мүзейінің №425,3 (жаңа каталог бойынша №7518) қолжазбасы және Бодлян атындағы кітапхананың (Оксфорд №120,3) қолжазбасы негізінде бастырып шығарған [5, 435 б.].

Әбу Насыр әл-Фарабиге дейін де ислам өркениетінің талай ойпаздары таза қоғам, қайырымды қала жайына ой жіберген. Әл-Фараби солардың ізін қуып, мінсіз адамзат қоғамын армандаған, сол жайлы аталмыш еңбегінде ойларын ортаға салған.

Әбу Насыр “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” трактатының “Адамның бірлестік пен өзара көмекке зәрулігі туралы” тарауында “жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі және ең жоғары  кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек, ал мұны ол жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін қандай да бір адам қауымын қажет етеді” [3,322 б.] деп жазған. Сол себепті де ұлы ғалым әрбір адам екіншісіне қол ұшын беріп, көмектесіп отыруы қажеттігіне және адам баласы қауымдастық һәм махалла мен қыстақтар құрып бірлесе өмір сүргенде ғана биік белеске жетпек екендігіне көңіл аударған.

Әбу Насырдың айтып отырғаны қасиетті Құран аяттарына да сай. «Хужурат» сүресінің 12 аятында Жаратушы иеміз: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің, әрі жер бетін көркейтулерің) үшін саналуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде, әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың!). Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы)».

“Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен қала жетпек” деп жазады Отырарлық ұлы ғалым. Сондай-ақ ол “қайырымды қала кемелденген, сырқатсыз денеге ұқсайды, ол оның барлық мүшелері тірі жанның өмірін сақтау және оны барынша қызғылықты ету үшін бір-біріне көмектесіп отырады” [3,324 б.] және “қалада белгілі адам – басшы адам бар және өздерінің дәрежелері жағынан басшыға жақын тұрған басқа адамдар бар, бұлардың әрқайсысы өз жағдайына және қабілетіне қарап басшының көздеген мақсатына сәйкес әрекет етіп отырады” [3,325 б.] дейді. Бұлретте де Әбу Насыр қала жұрты әр сатыдан тұратын басшыларының өзара бірлесіп қимыл етулері қажеттігіне көңіл бөледі.

Бір-біріне көмектесіп, қол ұшын беріп отыратын қала ғана қайырымды қала деп есептейді Отырар перзенті. Адамдар да бақытты болу үшін бір-біріне жәрдемдесіп отыруы ләзім. Сонда ғана олар бақытты болмақ.

Әбу Насырдың ойынша махалла, қала, мемлекеттің бақытты болуы оларды басқарған кісіге байланысты. Өйткені ол іскер, ақылды, жігерлі, ғалым, білімді жақсы көретін адам болуы ләзім. Ол үнемі халқының пікіріне құлақ қойып, көңіл-күйіне назар аударып отыруы қажет. 

Әбу Насырдың ойыншақайырымды қаланы” әрбір, кез келген адам билей бермекші емес. Өйткені ел билеу екі нәрсеге:

  • біріншіден, адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалықты әзір екендігіне;
  • екіншіден, адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен  қабілетіне байланысты;

«Жаратылысында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек. Өнер атаулының бәрі ел билеу құралы бола бермейді; Керісінше, өнердің көпшілігі – қаладағы қызметтің тетігі; сондай-ақ табиғи қабілеттердің көпшілігі – қызмет етуге арналған қабілеттер… Сондай-ақ әрбір, кез келген өнер және әрбір, кез келген қабылет қайырымды қаланы билеу өнері бола бермейді» [3,330-331б.]. Содан кейін ұлы ғалым қайырымды қала басшысының қасиеттеріне тоқталады. Бұл ретте Әбу Насыр қала басшысын имам деп атаған. Оны ол әрі бірінші басшы деп есептейді. Ондай кісі бойында туа біткен он екі (12) қасиет болу керек. Әрі ол қасиеттерді ол өзара ұштастыра білу қажет деп есептейді:

  • біріншіден бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуы тиіс…
  • жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысына және істің жай-жағдайына қарай сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің  бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы ләзім; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкететіндей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт;
  • өткір сөз иесі және ойына тигеннің бәрін айдан анық айтып бере алатын ділмар болу шарт;
  • өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек;
  • тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу қажет, жаратылысынан сауық-құмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт;
  • шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көруі тиіс;
  • жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оны жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуы керек;
  • дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарауы қажет;
  • жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және олардың иелерін жек көруі тиіс;
  • жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет;
  • әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рахымсыз болуы шарт;
  • өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы ләзім» [3,335-336 б.] деп жазады Әбу Насыр әл-Фараби.

Сөйтіп бірінші басшыға қажет Әбу Насыр әл-Фараби қойған он екі қасиетті жинақтар болсақ, ол қолы да ісі де, ары да таза, халықтың талап-тілегін дұрыс пайымдай алатын, жады жақсы, ақылды, сөзге шешен, оқығанын тоқи да алатын, еңбекқор, бірақ сауыққой емес, одан өзін аулақ ұстайтын, өтірікке жаны қас, ар-намысты жоғары қоятын, дүниеқоңыз емес, әділеттілікті жаны сүйетін, жұртқа алаламай бірдей қарайтын ізгілік иесі, пасықтыққа жаны қас, алдына қойған мақсатына жету жолында батыл болу. Сонда ғана ол ел қалаған азаматқа лайық болады. Бұны осы күндері де өзекжарды емес деп кім айта алады.

Ұлы ғалым да оны мойындайды. “Осының бәрінің бір адам бойында болуы қиын нәрсе, сондықтан да жаратылысынан осындай қасиет дарыған адамдар өте сирек кездеседі, мұндайлар аз” [3,337 б.] дей отырып ол “сондықтан егер, қайырымды қаладан осындай адам табылса және өзі өсіп-жетілген кезде жоғарыда аталған шарттардың алғашқы алтауы немесе бесеуі оның бойына біткен болса… онда ол осы қаланың айтулы басшысы болмақ” [3,337 б.] дейді  ұлы философ.

Әбу Насыр әл-Фараби жоғарыда атап өткен он екі қасиеттен басқа қала басшысы болуды мұрат еткен адам бойында төмендегідей тағы да алты шарттың болғанын жөн көреді. Сонда ол “біріншісінің орнын басатын екінші басшы сол болады” дей отырып сол төмендегі алты шартты тізбектеп шыққан.

  • Бірінші шарт – дана болу.
  • Екінші шарт – қалаға арнап, бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.
  • Үшінші шарт – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет ете отырып, бұл жөнінде тақуалық көрсету.
  • Төртінші шарт – бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды қалаған кезінде танып, біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс-әрекетінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуі тиіс.
  • Бесінші шарт – бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі бойынша өзі белгіліген заңдарды орындауға жұртты сөзімен жігелендіре беру.
  • Алтыншы шарт – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу; оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде біліп алу” дей отырып, әрі қарай ол “егер осы қасиеттердің бәрін өз бойына жинақтаған адам табылмайтын болса, бірақ екі адам табылып, оның бірі – дана, екішісі басқа шарттарға сай келер болса, онда осы екеуі де қала басшысы болар еді. Егер осы қасиеттер бір топ адамның бастарына бөлек-бөлек біткен болса, сөйтіп бірінде даналық, екіншісінде тағы бір қасиет болса, үшіншісінде тағы бір, төртіншісінде тағы бір, бесіншісінде тағы бір, алтыншысында тағы бір қасиет болса, онда осы адамдар өзара келіскен жағдайда, бәрі де қайырымды басшылар болмақ. Егер әйтеуір бір кезде басшыларда даналық болмай қалса, онда бұлар басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, қайырымды қала ағзамсыз қалмақ, сөйтіп қаланы билеуші басшы бұл ретте ағзам бола алмайды, ал қаланың өзі құрып кету қаупіне ұшырайды… Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір дана табылмаса, қала біраз уақыттан кейін сөзсіз құритын болады” [3, 338-339 б.] деп есептейді Әбу Насыр әл-Фараби.

Бұған қарағанда әл-Фараби үшін білікті, білімді, адал, мінсіз болу аз, сонымен қатар бірінші басшы өз елінің заңдарын да жақсы білуі ләзім және оның сол заңдарды жұртына орындата да алуы қажет.

Отырар ойшылының аталмыш трактаттарында айтылған жайттар, басшы болғысы келетін жанға қойылар талаптар мен шарттар Қазақстан сияқты тәуелсіздігін енді алып, жаңа, демократиялық қоғам құрып жатқан ел мен оның түрлі деңгейдегі басшылары (министрлер мен әкімдер, парламент депутаттары) үшін айтылғандай көрінеді маған.

Әбу Насыр әл-Фараби мінсіз, кемшіліксіз қауым, махалла, қала, мемлекет құру арқылы адам баласы бақытқа жете алады дей отырып, осындай игі мақсатты мұрат еткендерді аяқтан шалатын надан, пасық басшы, ел, қала, мемлекеттің де болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды және ол туралы сөз ететін беттерге “Қайырымды қалаға қарама-қарсы қалалар туралы” деген тақырып берген.Қайырымды қала надан қалаға, өнегесіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы. Сондай-ақ “мұндай қалаға жеке адамдар – осы қалалардың өкілдері де қарсы болмақ” деп есептейді ол.

Надан қалаға Әбу Насыр әл-Фараби ешқашан да бақытты көріп білмеген, оған талпыну ешқашан ойына кіріп шықпаған тұрғындар қаласын жатқызады. “Олар мұны ешқашан бастан кешіп көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес” дейді ол. Сөйтеді де “олар болмашы, арзанқол нәрселерге, бүгін жеткен жетістіктерді ғана қанағат тұтып, алданады” дей отырып оларды ұлы философ надан қала тұрғындары деп атаған. Яғни Әбу Насыр ілім, білімге ұмтылмаған, ізденістерге тырыспаған жұртты надан қала халқына жатқызған.

Надан қаланы да Отырар перзенті бірнеше бөлікке бөлген.

“Ділгір қала… тұрғындары тек ділгір заттармен ғана, яғни тәннің тіршілік етуіне керекші нәрселермен – тағаммен, сусынмен, киіммен, тұрғын үймен, сұхбаттасумен және осыған жету үшін бір-біріне көмектесумен ғана шектелуге тырысады.

Алыс-беріс қаласы дегеніміз… тұрғындары дәулет пен байлыққа жету үшін бір-біріне көмектесуге тырысатын, бірақ бұл – басқа бір нәрсеге жетудің құралы емес, күллі өмірінің мақсаты.

Пасықтық пен бақытсыздық қаласы дегеніміз… тұрғындары тағаммен, ішімдікпен, сұхбаттасудан ләззат алуға тырысады, қысқасы – олар сезім мен қиялға әсер ететін ләззатқа құштар келеді, қандай түрде болса да сауық құрып, сайран салуға құмар.

Данғай қала дегеніміз… оны мекендеушілер жұрттың сый-құрметіне бөленіп, мақтау алу үшін, өздері жайында басқа халықтар біліп, айта жүруі үшін, сөзбен де, іспен де мадақтап, дәріптеуі үшін өздерін не жат көзіне, не бір-біріне сән-салтанатымен жарқырата көрсету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады – мұның бәрін олар бұған қаншалықты ынтызарлығына қарай немесе осы қаншалық қолынан келуіне қарай істейді.

Мансапшылық қала дегеніміз… оның тұрғындары өзгелерді өздеріне бағындыруға, ал өздері ешкімге де бағынбауға тырысады; олардың күш-жігері өздеріне жеңіс әперетін қуанышқа жетуге ғана жұмсалады.

Құштар қала дегеніміз… тұрғындары әркім өз құштарлығын ешбір тежеусіз, өз қалауынша еркін істеу деп біліп, осыған ұмтылады.

Надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас болады. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының құштарлығымен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді.

Өнегесіз қала дегеніміз… оның көзқарастары ізгі көзқарастар санатына қосылады және ол бақытты, пейілі кең, құдыретті күшті Алла Тағаланы, екінші жаратындыларды, әрекетшіл парасатты, тегінде қайырымды қала тұрғындары білетін және солар сенетін нәрселердің бәрін хақ деп біледі; бірақ бұл қала тұрғындарының іс-әрекеті құдды надан қала тұрғындарының іс-әрекеті сияқты.

Құбылмалы қала дегеніміз… оның көзқарастары мен іс-әрекеті бұрын қайырымды қаланың көзқарастары мен іс-әрекеті сияқты болса да, кейін ол өзгеріп кеткен: санасына өзгеше идеялар ұялап, іс-әрекеті мүлде басқаша болған.

Адасқан қала дегеніміз… оның ойынша, бақыт бұл дүниедегі өмірден кейін келмек. Бірақ оны түсінігі өзгеріп кеткен, сондықтан пейілі кең, құдыретті күшті Алла Тағала туралы, екінші жаратындылар туралы және әрекетшіл, парасат туралы түсініктерінің терістігі соншалық, бұлардың инабаттылыққа негіз болуы да, барлық зат біткеннің кейіпкері мен образдары ретінде қабылдауы да мүмкін емес.

Бұл қаланың бірінші басшысы іс-жүзінде солай болмаса да, өзін тәңірі көктен жіберген адам етіп көрсетушілер санатына жатады және осы мақсатпен қиянат жасап, өтірік айтып, менмендік көрсетеді” [3,340-343б.].

Әбу Насыр қиялдаған мінсіз, толыққанды қоғам, қайырымды қала жайлы одан кейінірек Әбу Әли ибн Сина (980-1037), Ибн Рушд (1126-1198), Абд ар-Рахман ибн Халдун (1332-1406), түркі дүниесінде Жүсіп Баласағұни (1020-?) сөз еткен.

Қорытынды: Әбу Насыр тек түркі халқы, оның ішінде қазақ жұрты ғана емес, бүкіл ислам өркениетінің, қала берді бүкіл дүние жүзінің мақтанышы, бүкіл адамзатқа ортақ ірі тұлға. Ал енді кемеңгердің қазақ жерінде туылғандығы біз үшін үлкен мақтаныш, сол үшін де біз өзімізді ұлы ғалымның ұрпақтарымыз деп мақтануымыз заңды деп ойлаймын.

Отырар тек Әбу Насыр секілді жалғыз данышпанды ғана берген жоқ, сонымен қатар Х-ХV ғасырларда одан басқа да 29 парасат иелерін дүниеге келтірді. Оларды да зерттеп ұрпақтарына таныстыру, елге қайтару керек.

Сөйткен Отырар перзенті жоғарыда айтылғандай 339//950 жылы Дамаскіде дүние салған соң қаланың оңтүстігіндегі  «Баб ас-сағир» – «Кіші қақпа»  зиратына қойылды. Ол қазір де бар.

2006 жылы мен бастаған бір топ ғылым, қоғам қайраткерлері  Дамаскіде болып,баба зиратына зиярат жасадық.2007 жылы мен Елбасы, тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың осы елге жасаған ресми сапары кезінде онымен бірге болды, «Баб ас-сағирде»  ойшыл бабаға дұға жасадық. Президент Қазақстан атынан арнайы қаражат  бөлдіріп, Әбу Насырға кесене (әрі мәдениет үйін) салу туралы Башшар Асадпен келісімге қол жеткізді. Ол бітті. Сирияда соғыс тоқтаса, ашылады.

Ұлықталуы 

Дамаск қ-сы. 2006 ж. наурыз айы.

Әбу Насыр әл-Фарабиді халқы ұмытпай оның өмірі мен шығармашылығы    зерттеліп бірнеше магистрлік, кандидаттық дисертациялар қорғалды. Көптеген монографиялар, ғылыми жинақтар жарыққа  шықты. Бірқатар шығармалары араб тілінен аударылып жарияланды.

Алматыда Әбу Насыр әл-Фараби атындағы бас университетімізге аты, үлкен даңғылға есімі берілген. Ол туралы деректі фильм түсірілді.

Туған жері Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шәуілдір селосында музейі ашылған. Шымкент қаласының бір ауданы ұлы баба атымен аталды. Әл-Фараби атындағы еліміздің бас ғылым білімнің қара шаңырағы алдына үлкен ескерткіші қойылды.

ҚР-ның Ғылым және техника бойынша мемлекетік сыйлығы Әл-Фараби атымен аталады.

Әдебиеттер және дереккөздер тізімі:

1.Абу-л Аббас Шамс ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Әбу Бакр бин Халликан. Китаб Уафайат әл-ағйан уа абна аз-заман. Бейрут [жылы көрсетілмеген], 5 том, «Әл-Фараби әл-файласуф» – «әл-Фараби философ», 153-157-беттер.

2.Ғафуров Б. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары туралы//әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. «Ғылым»  баспасы, Алматы 1995, XVIII – бет.

3.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. «Ғылым»  баспасы, Алматы 1973

4.Григорян С.Н. Из истории философии Средней Азии и Ирана. VII-XII вв. С приложением избранных философских произведений Фараби, Газали и Маймонида. Изд. АНСССР.Москва 1960.

5.Ибн Аби Усайбиға. Уйун әл-анба фи табақат әл-аттиба. Бейрут [ж.көрсетілмеген],203-209-беттер.

6.Хайруллаев М. Фараби. Эпоха и учение. Изд. «Узбекистан». Ташкент 1975.

7.Әбу Наср әл-Фараби.Китаб ара аһл әл-мадинату-л фадила. Әл-Муаллим ас-сани. Каир 2002.

8.Әбсаттар Дербісәлі. Қазақ даласының жұлдыздары. «Рауан» баспасы. Алматы 1995.

Авторы: Әбсаттар қажы Дербісәлі

                                          Р.Б.Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының директоры,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,

  филология ғылымдарының докторы,

                профессор