Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚОРҚЫТ АТА


Қорқыт ата (шамамен, X ғ. басында дүниеге келіп, XI ғ. басында дүниеден өткен) – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, күй атасы.

Өмірбаяны

Алтын бесік Алтай кезеңінен кейін тарих көшінің кезекті бір ауысымында алып Еуразия кеңістігінің саяси-мәдени кіндігі болып қалыптасып, қасиетті түркі халықтарының өсіп-өнген киелі мекені Ұлы Дала-Қазақ Даласының ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі жалғасып отыратын даналық сөз өрнегінде қазыналы көмбе, әуен өнерінің сырлы сазында қайталанбас мұра қалдырған ұлы тұлғалардың бірі – Қорқыт ата. Қорқыт – бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Оның есімі исі түркі халықтарының жадында, рухани танымында үлкен құрметпен сақталып жеткен. Түркі рухани кеңестігінде ол бақсылық өнердің пірі, күйші, қобыз аспабын жасаушы, сәуегей ойшыл жырау, даналық сөз үлгісін қалдырған тұлға болып танылады.

Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі – Х ғасырдың басында Сырдария бойында бой көтерген Оғыз мемлекеті. Астанасы Сырдарияның Аралға құяр сағасындағы – Жаңакент (Янгикент) қаласы. Ол қаланың қираған орны қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы елді мекенінің маңында.

Х ғасырдың соңында шығыстан келген қыпшақ тайпалары Сырдария бойындағы оғыздарды ығыстырып шығарады. Оғыздардың бір бөлігі Каспий теңізі бойын жағалап батысқа қарай ығысып, Кіші Азиядағы елдерді жаулап алады. Сол өлкеде олар Осман мемлекетін құрады. Оғыздардың батысқа ығысуы және қыпшақ тайпаларының күшеюі  Ұлы Далада үлкен әлеуметтік-саяси, терең тарихи-мәдени із қалдырады. Түркі халықтарына ортақ Қорқыттың мәдени және тарихи шындыққа суырылған екі үлкен образы сомдалады. Бірі – қазіргі Орта Азиялық түркі халықтарының мұрасындағы бақсылық, жыраулық, күйшілік өнердің атасы ретіндегі бейнесі, екіншісі – Кавказдық және Кіші Азиялық мұсылмандық дүниетанымдағы дана Қорқыт. Осыған орай түркі халықтарындағы Қорқыт бейнесін шартты түрде «Қыпшақтық Қорқыт», «Оғыздық Қорқыт» деп екіге бөлуге болады. Біріншісі – қазақ, башқұрт, қарақалпақтарға, түркімендерге, екіншісі – азербайжан, осман түріктеріне тән. Бұл тұста оғыздар Қорқыт атаға мұсылмандық сенім, даналық, данышпандық бейнесін күшейтті.

Қазақ аңыздары Қорқытты жыраулардың пірі, күй өнерінің иесі, бақсылардың атасы деп санайды:

Жыраудың үлкен пірі – Қорқыт ата,

Бата алған тамам бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Башқұрт халқының аңызында Қорқыт башқұрттарды Алтай жақтан Ақ Еділге бастап барған, домбыра шертіп өлең айтатын кісі. Оған: «Сіз үшін алда қабір қазылған бармаңыз, қайтыңыз»,- дейді. «Алдымызда біз үшін рахым, артымызда – қаһар. Алға барамыз»,- деп жауап берген Қорқыт елді Ақ Еділге орналастырады [1, 53-54 б.].

Қорқыт туралы алғашқы тарихи деректерді қалдырған Рашид ад-Дин, Әбілғазы хандар өздерінің еңбектерінде түркі-моңғол халықтарының тарихын жазуды мақсат етеді және оған халық арасында жырланған оғыздың батырлық жырларын пайдаланады. Аталмыш еңбектерде Қорқыттың есімі Оғыз батырларының ерлік істерімен қатар жырланған. Аталмыш тұлғалардың еңбектерінде Қорқыт бірде, оғыздардың Қайы тайпасынан, енді бірде Баят тайпасының бегі, ұзақ өмір сүрген қария кісі ретінде баяндалады. Рашид ад-динның «Жами ат-тауарих» еңбегінде Қорқыт – Баят тайпасынан шыққан Қара Қожаның ұлы. Ол Инал хан Сыр Йавының (Жабғы) тұсында өмір сүрген, өте ақылды, данышпан кісі. Қорқыт екі жүз тоқсан бес жас жасап ұзақ өмір сүреді [2, c. 70-71]

Рашид ад-диннің еңбегін негізге алып жазған Әбілғазының Баһадүр ханның «Шежіре-и тәрәкімә» (Түрікмендер шежіресі) еңбегінде Қарақожаұлы Қорқыт Қайы мен Салор тайпалалық одағын билеген Инал-Йавы ханның ақылшысы. Хан оның айтқандарына құлақ асып, айтқандарын орындап жүреді. Хан өліп, оның орнын басқан Дуйлы-Қайы хан да, Қорқыттан үнемі ақыл сұрап жүреді. Дуйлы-Қайы хан өліп, оның артынан дүниеге келген балаға «Тұман» деп ат қойып, кейін оның таққа отыруына куәгер болады [3, с. 57-59].

Қорқыт атадан қалған деп саналатын жалғыз жазба ескерткіш – әлемнің маңызды мәдени мұра қатарына енген «Қорқыт ата кітабы» («Китаби дәдәм Корқуд»). Онда Қорқыт ел ағасы, болашақты болжайтын сәуегей қарт есебінде суреттеледі: «Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Ол дүниедегі бар нәрсені білген, оның айтқанының барлығы келетін. Ол болашақта болатын, өзгелер үшін құпия сырларды Алла-тағаламнан естіп, жұртқа жеткізіп жүрді» [4, с.11]

Жалпы, оғыздардың батырлық жырлары жазбаға түскен орта ғасырлық парсы-түркілік нарративтік шығармаларда Қорқыт – оғыздардың бектері мен батырларының қолдаушысы, оларға батырлық немесе лауазымдық есім беруші, ақылшы, батагөй кісі.

Қорқыттың ата қонысы Сырдарияда қазақ жұрты әулие тұтатын абыз тұлғаның бейіті бар. Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының «Қорқыт» станциясының маңында. Бейіт ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келген, кейін Сырдарияның кезекті бір тасыған кезінде дарияға құлап кеткен. Дарияның жарқабағында суға құлауға жақындаған Қорқыттың бейітін 1898 ж. атақты фольклоршы Ә. Диваев фотоға түсіріген.

Қорқыттың Сырдария бойындағы бейіті жалғыз емес. Ұлы тұлғаның жерленген жері ретінде азербайжан түріктері Дербент қаласын атаса, Анадолыдағы осман түріктері Түркияның Байбурт ауданындағы Масат деген жерді атайды. Аталмыш бейіттер турасында зерттеушілердің арасында бірыңғай пікірлер қалыптасқан емес. Мұның басты себебі бүгінгі таңда жеке ұлт, дербес мемлекет құрып отырған түркі халықтарының Қорқытты аса қатты құрметтеп, өзіне қарай тартуынан туындағаны анық.

Қорқыттуралы мифтік әпсаналар. Қазақ арасындағы Қорқыт туралы аңыздарды бірнеше топқа топтастыруға болады. Бірінші топқа Қорқыттың дүниеге келгені, екінші бір топқа Қорқыттың ажалдан қашуы, үшінші топқа Қорқыттың күй аңыздарын жатқызуға болады. Бұлардың қай-қайсы болмасын мифтік таным, көне сарындармен өрілген.

Қорқыттың дүниеге келу аңызы оның есімінің не себептен «Қорқыт» аталғанын түсіндіретін халықтық этимологияның мазмұнынан туындаған. Қорқыттың дүниеге келген, кіндік қаны тамған жер – Қараспан тауы. Қорқыт дүниеге келерде анасы жабайы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде есте сақталған мынадай сөз бар:

Қорқыт туған кезінде

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған [5, 105 б.].

«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген философиялық мазмұндағы тәмсіл сөз туындауына себеп болған екінші бір әпсана Қорқыттың түс көруіне байланысты оқиғадан өрбиді. Оның қысқаша мазмұны мынадай: «Қорқыт бірде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бейтаныс кісілер көп қазып жатады. Қорқыт: «Бұл кім үшін қазылып жатқан көр?», деп сұрайды. «Қорқытқа қазып жатырмыз»,- деп жауап қатады көр қазушылар. Түсінен шошып оянған Қорқыт өлімнен қашып құтылмақ болады. Сөйтіп, ол дүниенің төрт бұрышын аралайды. Бірақ барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Ажалдан қашып құтыла алмайтынына көзі жеткен Қорқыт енді жер ортасы – Сырдарияға, өзінің туған жеріне қайтып келеді. Ажал кенеттен келіп қалмасын деп ол өзеннің ортасына кілем төсеп, өзі жасаған қобызды тартып, өмір сүре береді. Бір күні әбден қалжыраған ол қалғып кетеді. Сол мезетте ажал жылан түрінде келіп, оны шағып өлтіреді».

Аталмыш әпсананың халық арасына кең тараған бірнеше нұсқасы бар. Оның алғаш жазбаға түскен нұсқаларының бірінде Қорқыт әулие кісі, ажалдан қашып жер дүниені шарлайды: «Қорқыт бұрынырақта жер шетінде өмір сүріпті. Бір күні ол түсінде бірнеше адамның көр қазып жатқанын көріп: «Көрді кімге арнап қазып жатырсыздар?» деп сұрайды. Қазып жатқандар оған «Қорқыт әулиеге арнап қазып жатырмыз» деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт ажалдан қашып құтылмақ болып, дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Сол жаққа барған соң да, осы түсті көреді. Қорқыт тағы да жолға шығады. Осылайша, ажалдан қашқан Қорқыт дүниенің төрт бұрышын аралап шығады, қай жерге бармасын, әлгі түсті көруін тоқтата алмайды. Ақыр соңында ол жердің кіндігіне орналаспақ болады. Жер кіндігі Сырдарияда, Қорқыттың бүгінгі моласы орналасқан жерде екен. Бірақ, бұл жерде әлгі түс көру оқиғасы қайталанады. Тағдыр жазмышын айналып өтпек болған Қорқыт «жер бетінде ажалдан құтылу мүмкін болмаса, су бетінде құтылармын» деген оймен Сырдарияның бетіне көрпе төсеп, көрпенің үстіне отырып, 100 жыл бойына күй тартады, ақыры сол жерде отырып өледі» [5, 90-91 б.].

Келесі бір нұсқада өлімнен қашқан Қорқыт Желмаяға мініп батыс пен шығысты да, оңтүстік пен солтүстікті де шыр айналып шығады: «Таң ертемен өзінің желмаясына отырып, әуелі батыс жаққа (магруб) аттанады; ол жаққа барған соң, өзіне көр қазып жүрген адамды көреді. Қорқыт одан соң оңтүстік тарапқа (джунуб), одан соң шығыс тарапқа (машрик), одан соң – солтүстік тарапқа (шавал) барады, барлығында да өзіне көр қазып қойған адамды көреді. Бұдан құтылудың жолын білмей, амалы қалмаған Қорқыт құдайдан қайда барғанда ажалдан құтылуға болатындығын сұрайды. Сонда көктен естілген дауыс: «Шыққан жеріңе қайтып орал, ақымақ! Сол жерде ғана мәңгі байыз табасың, сол бұрынғы өмір сүрген жерің – жердің кіндігі», – дейді [5, 92-93б.]

Көрнекті фольклортанушы С. Қасқабасов Қорқыт туралы мифтік әпсаналардың басты мазмұнына өте ерте заманнан келе жатқан сюжет – өмір мен өлімнің күресі арқау болған, бергі замандағы шығармаларды былай қойғанда, сонау арғыдағы шумерлік атақты «Гильгамеш туралы жырда» мазмұндалған деп санай келе, аталмыш әпсананың негізінде ертедегі адамдардың мифологиялық дүниетанымдары мен түсініктерінің іздері жатыр деп есептесе [6, 269-274б.], белгілі ғалым Е.Тұрсынов Қорқыт туралы аңыз-әпсаналардың сюжеттік мазмұнын түркі халықтарының мифтік әңгімелерімен, бақсының ойынымен типтік тұрғыдан ұқсастығын салыстыра келе, Қорқыт бейнесінде «құдайлардан өзіне мәңгілік өмір тілеген» ертедегі ұлы бақсының кейіпі бар және ол таным түркі халықтарының дана, данышпан кісілерінің бойына таңатын мінездемесіне қайшы келмейді деп бағамдайды [7, 131-162 б.]. Қорқыт бейнесін Грецияның көне мифологиясындағы Апполон бейнесімен шендестіру бар [8].

Сюжеттік мазмұны «өте көне мифологиялық дүниетанымы мен түсініктерінің қалдықтары, бұлыңғыр іздерінен», «құдайлардан өзіне мәңгілік өмір тілеген» бақсы кейпінен құрылған Қорқыт туралы мифтік хикаяттар, аңыз-әпсаналар қазақтың бақсылық өнері, тәңірлік танымы тұрғысынан хабар беретін рухани мұра. Ол рухани мұраны шамандық наным-сенімдерге сүйенген тәңірлік таным мен мұсылмандық діни сенім соқпақтарының адамзат дүниетанымындағы күресінің көрінісі, сол тартысты бейнелеген үлкен көркем панорама деп тануымыз қажет. 

Халық танымы Қорқыт күйі он сегіз мың ғаламды, тіпті ажалдың өзін де балқытып, баурап алады екен деп аңыздайды: «Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды. Аспандағы құс ұшуын, жел есуін тоқтатып, Қорқыт күйлерін тыңдапты. Сарыарқа аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп, Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтататыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін арал болыпты»,- делінеді аңыздар сарынында.

Қорқыт сарынын орындайтын атақты күйшілер қатарында Сыр бойында өмір сүрген Соқыр Нышан (Ысмайыл Шәменов) деген кісі болған. Қызылордалық өлкетанушылардың айтуынша, ол кісі жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты атақты кісілерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып берген, 1975 жылы оның орындауындағы Қорқыт күйлерін атақты фольклоршы Мардан Байділдаев жазып алады [9]. 

Қорқытата мұралары. Қорқыт атадан түркі халықтарының рухани қазынасында  екі үлкен көмбе қалған. Бірі – Қорқыттың күйлері, сол күйлердің шығу себебін баяндайтын күй-аңыздар. Екіншісі – «Қорқыт ата кітабы». Біздің дәуірімізге жеткен Қорқыт күйлері: «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», «Тәңір күйі», «Желмая», «Елім-ай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Қорқыт сарыны-1», «Қорқыт сарыны-2». 

Қорқыттың күй-аңыздары тағдыр ісіне шарасыздықты, дүниенің өткінші баянсыздығын, адам баласының қайғы-мұңын шағатын мазмұндарға құрылған.

«Ұшардың ұлуы» күй аңызы. Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады. Ол құс салып, ит жүгірткен саятшы екен. Қашқан аңды құтқармайтын «Ұшар» деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол кездегі елдің әдет-ғұрыпы бойынша, өлікті жерлегеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді екен. Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін кемпір баласынан қалған көз-тазыны іздесе, ол ұшты-күйлі жоқ болып шығады. «Ескі жұртта қалған болар» – деп, ана бұрынғы қоныстарына қайтып келсе, айтқандай-ақ, Ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай-сүйекті сарқырата аспанға қарап ұлып отыр екен. Мұны көрген ана:

Жалғызымнан айрылдым,

Қанатымнан қайрылдым,

Ұшар, Ұшар, кә, кә…-деп аңырайды.

Иен далада жалғызының артында қалған ана мен иесінен айрылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді. Қорқыттың осы оқиғаға байланысты шығарған күйі «Ұшардың ұлуы» деп аталады. Қазақтар ит ұлыса, иесін жоқтап тұр деп жаман ырымға байлайды. Үрген итті жақсыға, ұлыған итті жаманға санайды.

«Башпай» күй аңызы. «Башпай» Қорқыттың өмірінің соңында шығарған ақырғы күйі екен. Қорқыт кілемін төсеп дарияның бетінде отырғанда қарындасы Ақтамақ ағасына тамақ әкеліп беріп тұрған екен. Күндіз-түні күй тартып, өліммен алысып әбден шаршаған күйші бірде қарындасының әкелген тамағын ішкеннен кейін бойы маужырап, көзі ілініп кетеді. Тамақ салынған дорбамен қайрақ жылан болып ілесіп келген ажал қобыздың үні шықпай тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайылып, әлсіреп бара жатқан Қорқыттан Әзірейіл: «Қандай тілегің бар?»– деп сұрайды. Сонда Қорқыт: «Менің өмірде екі күнәм бар. Біріншісі – өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Кілем жайып Сырдың бетінде отырғанда бірде алай – түлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын, екінші күнәм – сол. Сол себепті мені көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар», – деп қобызын қолына алып, ең соңғы Башпай күйін тартқан екен. Қорқыттың бейітіне барғандар көрдің сыртына шығып жатқан адам аяқ сүйегін (сирағын) көреді екен-мыс.

«Өлмеудің амалын өнерден тапқан» (М.Әуезов) Қорқыт ата есімі түркі халықтарының арасында ерекше дәріптеледі. Хәкім Абайдың: «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы// Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлағаты қазақтың, исі мұсылманның даңқты өнер иелерінің есімі ұрпағымен мәңгі жасай береді деген тәмсілге құйылады.

Қорқыт ата кітабы (Китаби дәдәм Қоркуд).  ХҮ-ХҮІ ғасырларда жазбаға түскен «Китаби дәдәм Коркуд»  туындының толық атауы – «Китаб дәдәм Коркуд ғали лисан тайфа оғузан». Қазақша мағынасы «Оғыз тайпасының ұлы тілінде жазылған Қорқыт ата кітабы». Қазіргі таңда «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы бар: біріншісі – Дрезден (Германия), екіншісі – Ватикан (Италия).

«Қорқыт ата кітабының» зерттелуіне алғашқыда Еуропаның шығыстанушы ғалымдары көп үлес қосты. Дрезден нұсқасындағы «Қорқыт Ата кітабының» «Бисаттың Депегөзді (Төбекөзді) қалай өлтіргені туралы» сегізінші жыр әйгілі грек эпосы «Одиссея» сюжетіндегі басты қаһарманның циклоппен (жалғыз көз дәу) айқасатын сюжетіне ұқсас болғандықтан кезінде Еуропалық ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Қорқыттануға кейін Түркия, Ресей шығыстанушылары белсене араласты. Олардың ішінде, әсіресе, В. Бартольд, А. Туманский, А. Якубовский, В.Жирмунский, А. Кононов, Х. Короглы, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев сынды ғалымдар келелі пікір, толымды еңбектер жазды.

«Қорқыт ата кітабы» – оғыздың батырларының қаһармандығы мен ерлік істерін жырлайтын эпостық шығарма. Қорқыт жырларының сюжеттері фольклорлық туынды ретінде ерте замандардан жырланып келеді. Түркітанушылар кітаптағы кейбір жырлардың генезисі түркі халықтарының ортақ дәуірі – Алтай кезеңінен бастау алады деп санайды. Айталық, кітаптағы Бамсы-Байрақ жыры түркі халықтарының ортақ мұрасы «Алпамыс батыр» – эпосының Алтай дәуірінде туындаған көне нұсқаларының бірі.

Қорқыт жырларындағы тұрақты мотивтер мен сюжеттер желісі түркі халықтары көне эпосынан бастау алып отырады. Шығарманың өн бойында Қорқыт батагөй қарт, сәуегей, ел тұтқасы абыз бейнесінде суреттеледі. Ол батырлар мен бектердің ерлік істеріне бата беріп, даңқты тұлғаларға туағанында ат қойып, ерлік істері мен лауазымына қарай лақап есім беріп отырады. Мұндай қызмет түркілердің жыраулық институтының жаңғырығы екендігі сөзсіз. Сонымен қатар, жырдағы таза көшпелі өмір суреттері, көне тотемизм, шаманизм сарындарының сақталуы «Қорқыт ата кітабының» исі түркі халықтарына ортақ мәдени мұра екендігін айқындайды.

«Қорқыт ата кітабында» Қорқыттың нақыл сөздеріне орын берілген. Оның нақыл сөздерін бірнеше тақырыпқа бөлуге болады. Басты тақырыптар ретінде Алланың ақиқаттылығы, тағдырдың жазымышы, өлімнің ақиқаттығы, адам бойындағы асыл қасиеттер мен жаман мінездерге қатысты нақыл сөздерді айтуға болады. Мысалы, «Тәңiрге сыйынбаған адамның тiлегi қабыл болмайды», «Тәңiрi пәндесiнiң маңдайына жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейдi, ажал келiп өлмейдi. өлген тiрiлмейдi, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейдi», «Менмен, тәкәппар адамды Тәңiрi сүймейдi», «Басқалардан өзiн жоғары ұстаған адамға Тәңiрi бақ бермейдi», «Кұмды қаншама үйгенмен төбе болмас» т,б.

Ұлықталуы

Қазақ ғалымдары Қорқыт мұраларын зерттеуге ерекше үлес қосып келеді. Қорқыттану бағытында ерекше қолтаңба қалдырған ғалымдар қатарына М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Жолдасбеков, Ш. Ыбырай, С. Қасқабасов, Е. Тұрсыновтарды атауға болады. 1999 ж. Қорқыт ата энциклопедиясы жарық көрді. Сол жылы Қазақстан «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтті.

Қазақ даласында Қорқыт есіміне қатысты архитектуралық бірнеше ескерткіштер бар. Соның ең айшықтысы – Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде орналасқан кешенді ескерткіш. Қызылорда қаласының орталығында Сырдария өзенінің жанына Желмая мінген Қорқыт ескерткіші қойылған. Қызылорда университетіне Қорқыт ата есімі берілген. Осы университеттің құрылымында Қорқыттану орталығы жұмыс жасайды. Қорқыт атында Қызылорда, Алматы қалаларында көше бар. 

Әдебиеттермен деректер тізімі:

  1. Башқұрт легендалары. Төзөуселәр, искірмі биреуселәр һәм редакциялаусылар Минһажитдинов М.Х. менән Кмрәй Мәргән. Өфө, 1969
  2. Фазлаллах Рашид ад-Дин. Огуз-наме. Баку: ЭЛМ, 1987.-128 с.
  3. Шежіре-и тәрәкмә. Хиуа ханы Абулғазының тәлиғы тұрұр/ Изд. Подг. Кононов Н.М., Ленинград, 1958
  4. Книга моего деда Коркута. Огузский героический эпос/ Пер. Бартольда В.М. Ленинград, 1962
  5. Қорқыт-ата. Энциклопедиялық жинақ. А. «Қазақ энциклопедиясы». 1999. 105 б.
  6. Қасқабасов С. Елзерде. Әр жылғы зерттеулер. – Алматы: Жібек жол, 2008.-504 б.
  7. Турсунов Е.Д. Истоки тюркского фольклора. Қорқыт. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001.-168 с.
  8. Серікбол Қондыбай. Қорқыт Ата және уақыт// https://www.oner.kz/culturology/view/3966-korkyt-ata-zhane-uakyt
  9. Құттыбай Сыдық. Қобызшы соқыр Нышан // Егемен Қазақстан газеті, 03.06. 2012 (https://egemen.kz/article/17994-qobyzshy-soqyr-nyshan).

Авторы: Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы