Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖҮСІП ХАС ХАЖИБ БАЛАСАҒҰН


Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн (туған жылы-1020 – қайтыс болған жылы шамамен 1070) – аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден шыққан түркі дәуірінің ұлы ғұламасы.

Өмірбаяны

Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден XI ғасырда аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн орта ғасырлық Баласағұн қаласында музыканттар отбасында дүниеге келген. Оның туған жылы белгісіз болып, ол туралы ғылымда әлі күнге дейін әртүрлі тұжырымдар ұсынылып келеді. Кей ғалымдар 1015, 1017 жылдарды көрсетеді. Ал кейбірі 1020 жыл деп көрсетеді. Дегенмен, оның туған жылынан өмірі мен шығармашылығы, философиясы маңызды болатыны анық. Ж. Баласағұнның шыққан тегі және ортасы туралы Х.Сүйіншәлиевтің келтірген мынадай мәліметі болып, онда Жүсіптің әкесі де өнер иесі, күйші-музыкант болған. Ол да Қарахан мемлекетінің билеушісі Сатух Боғраханға қызмет еткен.

Жүсіп осы талантты өнерпаз әкесінің тәлімін алып өскен. Жасынан зерделілігімен көзге түсіп, сарай қожаларының көңілін аударған. Шығыс Түркістан, Қашқар, Баласағұн, Жетісу өлкелерін билеп тұрған Боғрахан (1012 ж. өлген) Жүсіптен үлкен үмітті боп, оны ғылым мен білімге баулыған. Жүсіп кезіндегі атақты білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Әділет жолын іздеп, алас ұрған жігерлі жас әдебиет пен ғылым салаларын жете меңгерген. Жүсіп өз кезінің білімді адамы саналған. Ол жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай тілдерін жақсы білген. Сол кез әдебиетінен, тарихынан, астрономиясынан, геометриясынан, тағы басқа ғылымдарынан мағлұмат алған» [1, 116-120 бб. ].

Жүсіп өз заманындағы ғылым саласымен толық танысып кемелденген шағында «Құтты білік» тәрізді классикалық шығармасын жазуға бет алды. Араб, парсы тілдерін жақсы білумен бірге өз ана тілін де терең меңгеріп, бар байлығын бойына дарытқан Жүсіп ана тілінің көркемдік қуатын әлемге таныту бағытын ұстады. Музыкант отбасында туылғандықтан күй тартып, өлең айтып, нақышты музыка сазын тұла бойына толық дарытқан.

Жүсіп Баласағұнның туған жері Батыс Түрік қағанатының басты астанасы, саяси, экономикалық және рухани мәдениеттің орталығы ретінде аты әлемге әйгілі болған ортағасырлық ірі қала Баласағұн екендігі тарихтан белгілі. Қазақстандық танымал тарихшы, этнограф және археолог, ғалым У.Х. Шәлекеновтың жүргізген бірнеше жылдық қомақты зерттеуі бойынша бүгінде Баласағұн қаласы «бізге жердің қойнауына түгелімен енген археологиялық ескерткіш түрінде жеткен. Бұл қаланың орны Жамбыл облысының Шу ауданы, бұрынғы «Калинин» колхозының (қазіргі Баласағұн ауылының) жерінде, Алматы-Тараз тас жолының бойында. Ол Шарғау, Ақсу, Қарабалта және Тоқташ өзендерінің Шу өзеніне құятын төменгі ағыстарындағы тегістікке орналасқан» [2, 8-10 бб.].

Баласағұнның адамның дамуы, жеке адам басының жетілуі, өсуі тікелей тәрбиенің жетістігі, ол адам табиғатына байланысты бола отырып, оның тарихи дамуының үстінде үнемі өзгеріске ұшырайтынын анықтады. Баласағұн – философ ретінде және тәрбиелік тағылымға толы-педагог ретінде артына өшпес мұра, тәрбиелік дәстүр, өнеге қалдырған адам. Оның үйретуінше, адамның жетіліп қалыптасуы, оның ішінде жастар тәрбиесі-қоғамдық жағдайлардың, айнала ортаның ықпалымен, оң әсері мен тәрбие арқылы және адам табиғатын туысынан-дүниеге келумен бірге болатын қасиеттер арқылы қалыптасады. Оның ішінде адамнан өсіп – жетілуінде, оның дүниеге келуі мен іле келетін қажетті кейбір сапалар мен қасиеттердің болатындығын мойындайды.

ХІ ғасырда Орта Азиядағы Қараханидтер үстемдігінің кезінде өмір сүрген көрнекі ақын және ойшыл, сол кездің өзінде өсіп-өркендеу биігіне жеткен Баласағұн қаласының тумасы еді. Жүсіп Хас Хажіптің есімі бізге дейін толық күйінде жетіп отырған жалғыз поэмасы «Құтты білік» арқылы танымал болды. Ұлы ойшылдың басқа да шығармалары болғандығын, әрине, топшылауға болады. Бұл кітапты автор 1069 жылы Қашғар билеушісі Сүлеймен Арыслан Қара Қағанға арнап жазды, осы еңбегі үшін хан оған Хас Хажіп деген лақап есім берді, яғни ұлы ханның әлеуметтік кеңесшісі лауазымына ие болды.

Еңбегі

Ғұламаның бізге қалдырған асыл мұрасы – түркі тілінде жазылған 13 мың жолдық «Құтты білік» дастаны. Бұл – сан ғасырлар сынынан өтіп, өзінің рухани баға жетпес құндылығымен иесінің (авторының) есімін аспан көгіндегі жарық жұлдыздай етіп, әлемдік мәдениеттің тарихына мәңгілік етіп жазып қалдырған көне түркі ғылымының ұлы ескерткіші, саясат, өнеге, тәрбие, еңбек жөнінде толғанысқа құрылған, тәрбиелік мәні мен маңызы зор, тұлғаның қалыптасуы мен дамуын дәріптейтін философиялық және педагогикалық туынды. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастаны бойынша жүргізілген зерттеулердің барлығында оның бізге дейін сақталып келген үш нұсқасы бар екендігі айтылады. Академик В.В. Бартольд «Тюрки: Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии» атты атақты еңбегінде «Құтты білік бізге үш қолжазба түрінде жетті, біріншісі ұйғыр алфавитімен, 1439 жылы Гератта жазылған, және екеуі араб алфавитімен жазылған, оның біреуі – Египетте, екіншісі – Ферғанада табылған» – деп жазады [3, 59 б.].

«Құтадғу біліг» дастаны ХІ ғасырдың жұлдызды шығармаларының бірі ретінде өз бойына классикалық түркі əдебиетінің, поэзиясының бірегей қасиеттерінің, эстетикалық тəжірибелерінің нəрін жиған туынды. Қоғамдық-əлеуметтік мақсаты айқын, танымдық талғамы биік поэтикалық құбылыс. Таза əдеби шығарма ретінде ол өзіне дейінгі түркі поэзиясының ішкі заңдылықтары мен барша көркемдік қасиеттерін шығармашылықпен сіңіріп, əдебиеттің кейінгі кезеңдеріне өзгеше даму арналарын ұсынған шоқтықты эстетикалық белес. Қазақ халық поэзиясына да, жыраулар поэзиясы деген атпен танылған бертінгі ХV-ХІХ ғғ. жыраулығына да табиғатынан жақын тұрған өзгеше арналы əдеби үрдістің, ерекше тарихи дəстүр желісінің асыл арқауы.

Қараханид билеушілерінің Жүсіп Хас Хажіп шығармашылығын мұншалықты жоғары бағалап, оның басты еңбегіне айрықша қызығушылық танытуларын, бір жағынан, «Құтты біліктің» түркілік қоғам өкілдеріне арналған этикалық ережелер мен нормалардың ерекше кодексі болуымен, екінші жағынан – Қараханидтер әулеті өздерінің билік ету беделін мемлекеттің егіншілікпен және қолөнермен айналысатын тұрғындарының алдында мейлінше нығайта түсуге, сондай-ақ көршілес мемлекеттер билеушілерінің сый-құрметіне бөленуге ұмтылуымен түсіндіруге болады. Жүсіптің пікірі бойынша, билеуші мен оның төңірегіндегілер, түркі этикасына жан-жақты сәйкес келетіндей етіп қалай жүріп-тұру, «мемлекеттік ғылым» ережесі бойынша, қалай басқаруды үйрену керектігі туралы барлық қажетті білімдерді осы жерден меңгеруі керек.

Жүсіп Баласағұн поэмасы басқа түркі тілдес ұлттармен бірге, қазіргі қазақ жұртшылығының да рухани алтын қазығы. Оның қазақ əдебиетімен, халық əдебиетімен де тамырластығы, бір топырақтың өркені екендігі дау тудырмайтын тарихи шындық. Ғұлама ақынның туып-өскен жері Баласағұн да, дастанның тілі, образдық-стилистикалық жүйесі де, түркі өлеңінің классикалық өлшем, үлгісі мен тарихи, философиялық-эстетикалық аспектілері де бұл ойымызға толық негіз бола алады.

Шынайы талантты энциклопедиялық бітімдегі шығарма – тарихи түйінді құбылыс. Халықтық сипат, ұлттық мінез-құлық қырлары, сана, дəстүр болмысы солардан бедерленіп көрінбек. Ұлттық ой-сана, менталитет ұзақ сүзіліп, баяу қалыптасатын əрі баянды сақталатын күрделі түзілім. «Құтты білік» дастанының беттерінен де қазақ елінің жаратылысына тəн сипаттарының куəгері болғандаймыз. Халқымыздың қанына сіңген əдет-құлықтар, қасиеттер: үлкенге-құрмет, кішіге-ізет, барға қанағат етушілік, жомарттық пен қонақжайлылық, мейірімділік пен қайырымдылық сынды көптеген адам-гершілік өнеге-сипаттар мемлекеттік іс, тұрмыс, өмір, мораль, əдеп-иман тақырыптарын жырлаған тарауларда ақындық ой-маржандарымен астасып жарқырай көрініп отырады да, бір-бірімен ұласып келісті бір тұтас ұлттық бітімді көзге елестетеді [4, 20 б.].

Алуан түрлі ықпалдар болғандығы даусыз, еліктеушілік үлгісі ретінде көбінесе парсы және парсы тілдес жауһарлар алынды, солардың бірі түркі айтылымындағы алғашқы поэманы, «Құтадғу білікті» жазуға авторды шабыттандырды. Түркі мемлекетінің заманауи ойшылының қоғамдық мәселелерді энциклопедиялық қамтуы, оның рационалды түсіндірілуі, зайырлы бағыттылығы, сол сияқты өмірді шабыттандыруы мен шығарманың көркем тартымдылығы, түркілік философиялық ойдың даму жолын дәл осы Баласағұн айқындағанын негіздесе керек.

Бала тəрбиесі, əйел алу, жар таңдау, қонақ шақырып, қонақ күту, ойлар, тұжырымдар хал-қымыздың қазіргі бойында тумысынан біткен, тұрмысында бар, санамызға сүтімен сіңіп, бабалар ақылымен дарыған қасиет-сипаттармен жалғасып, жақын түсіп отырады. Баланы жасынан қолыңда тəрбиеле, жатқа жіберме, үйіңде өсір, өнер-білім үйрет, имандылыққа баулы, еңбекке баста дейді ақын. Ұзын жолдың бойына үй тікпе, тасыған арынды өзенге жақын қонба, қамал қасынан алыс жүргін дейді. Бұлар əдет-нанымнан да, əдеби шығармалардан да жақсы таныс түйіндер.

«Құтадғу біліг», бір жағынан, ақылнама өсиет сөз. Өмірдің өз табиғатынан, тұрмыс толғамдарынан туған даналық. Сол ақыл сөз, тағылымды толғаныстар уақыт өте келе түрленіп, құбылып, мақал-мəтелдерге, нақыл, қанатты тіркестерге айналған. Он ғасыр бойына мəйегін сақтап, сүйегін бұзбай, қазіргі қазақ тілінің шұрайына айналу үрдісі айтуға ғана жеңіл түрлену (трансформация). Оның үстіне, «Құтадғу білігтегі» қанатты сөздердің бəрін бірдей автордың ғана төлтумасы дей қою да қиын. Бүкіл бітімімен, поэтикалық айшықтарымен сол замандағы түркі жұртының тіл байлығынан алынғаны да баршылық [5, 9-11 бб.].

Жүсіп Баласағұнның шығармаларында отбасы тәрбиесі мен жеке адам тәрбиесі бірінші орында тұрады. Жүсіп Баласағұн еңбектерінде əділетті қоғам, ізгі өмір, парасат, қанағат, еңбек, білім қайырымдылық сияқты өмірлік қағидаларды арқау етеді. Біз Баласағұн еңбегінің моральдық жақтарына ден қоямыз. Ж. Баласағұн адамдарды «қоғамдық қатынастың жемісі» дей келе, адамзат бойындағы күллі жағымды мінез-құлықты, жақсы адами қасиеттерді, биік моральды, қоғамдағы ізгілік, мейірімділік, қанағат, адамгершілік, білім, қайырымдылық этиканы бəрі-бəрін отбасылық, қоғамдық тəрбиемен ұштастырады. «Тəрбие тал бесіктен басталады» десек, адам үшін ең жақын əлеуметтік орта болып табылатын, туылған күннен бастап тəрбиенің алғашқы белгілері берілетін орта – ол отбасы. Отбасы тəрбиесі – қай уақытта да өзекті мəселелердің бірі.

«Отан от басыннан басталады». Адамның жеке басына қажетті адамгершілік қасиеттер, ақыл-ой, имандылық, мəдениеттіліктің алғашқы дəні себілетін орта отбасы болып табылмақ. Отбасы тəрбиесі – адами биік қасиеттерді қалыптастырудағы негізгі алғашқы саты. Адам өмір мəніне жету үшін дұрыс тəрбиеленуі керек. Баланың дұрыс тəрбиеленуі мен білім алуы ең алдымен ата-ананың парызы. Ата-ана баланы өткенге парасатпен, құрметпен қарауға, салт-дəстүрлерді ардақтауға, киелі нəрселерді қастерлеуге, шаңырақ иесі, бабалар ісін жалғастырушы екенін ұғындыруы керек. Баланы ата-ана үнемі назарда ұстау керек. «Бала қағаздың таза парағы», сондықтан жаман əдет, жағымсыз қылықтан сақтандырып, əрі қарай ұласпауын қадағалау керек.

Дүниеге келгеннен бастап жаны тек əділетті істерді ғана білуі керек. Тəні мен жаны жақсы жетілуі тиіс. Ол үшін бала тəрбиені өз от басынан алуға тиіс [6, 21-23 бб.]. Баласағұнның тәрбие тағылымының бастауы боларлықтай мына бір пікірін келтіруге болады: «Тәрбиенің барлық ыждахаттылығы, саласы мен түрі, өзара ұйымдасқан, ұйымшыл тату да тәтті адамдар құрамының, тобының-жетелі адамдар, зерделі адамдар құрамын толықтыратындай биікке көтерілуі қажет. Тәрбие өз кезегінде, әсері мен ықпалында-мирасқорлы», пайдалы еңбектің көзі болуы шарт-деп ой түйеді Баласағұн. Бұл үлкен өсиет.

Бүгінгі педагогикалық тұрғыдан алғанда үлкен ұжым тәрбиелейтін, педагогиканың бала тәрбиесіндегі басты мақсаты мен міндетін айқындайтын әдіс, еңбек тәрбиесін ұйымдастырудың негізгі десе де болады. Сондай- ақ, бұл еңбек пен тәрбиенің педагогикалық негізгі-теориясы деуге толық болады. «Тәрбиенің барлық ыждахаттылығы, саласы мен түрі, өзара ұйымдасқан, ұйымшыл тату да тәтті адамдар құрамының, тобының-жетелі адамдар, зерделі адамдар құрамын толықтыратындай биікке көтерілуі қажет. Тәрбие өз кезегінде, әсері мен ықпалында-мирасқорлы», пайдалы еңбектің көзі болуы шарт-деп ой түйеді Баласағұн. Өзінің еңбегі мен тәжірибесіне сүйне Баласағұн тәрбиелік тағылымды негізінен үш сатыға бөлді. Бірінші – әрбір жеке адамның білімді болуы. Білімді болу үшін оқу қажет. Екінші – барлық байлық, молшылық-ол үшін еңбек, кәсіп, адалдық, тазалық, қажет. Үшінші – әлеуметттік, табиғи күштілік – ол үшін бірлік, достық бостандық керек [7, 15-17 бб.].

Ж.Баласағұнның тәрбие теориясының негізі болып табылатын жетілген тұлғаны тәрбиелеу туралы ілімі оның қоғамдық-саяси көзқарастарынан рухани бастау алады, соның ішінде педагогикалық ой-пікірлері ерекше мәнге ие болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғұламаның педагогикасы ізгілендіруге бағытталған. Сонымен бірге онда мұсылмандық дін идеялары да басым екендігін ешқашан есте шығармауымыз керек. Өйткені мұсылман идеологиясының қайнар көзі болып саналатын Құран – бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті де, мәңгілік кітап, ешқашан өзгермейтін «Алланың сөзі» ретінде аса құрметтеледі.

«Құтты білік» атауының өзі айтып тұрғандай, оқу-білім мәселесіне арналған. Бірақ, Ж.Баласағұнның педагогикалық ілімінің ерекшелігі оның барлық дидактикасы жетілген тұлғаны тәрбиелеу, адамда адамдық ізгі қасиеттерді тәрбиелеу идеясына негізделеді. Ізгілікті (адами қасиеттерді) тәрбиелеуде Ж.Баласағұнның ойынша жоғары адамгершілік сана мен мінез-құлықты қалыптастыру басты рөл атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі өзара тең, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады.

Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанында тәрбиенің практикалық мәнділігіне сәйкес мақсаты да көрсетілген. Адамды өмірде үш рөлге – азамат, қоғам иесі, отбасы иесі ретінде тәрбиелеуге ерекше орын берілген. Азамат ретінде адамға тән сапалар: кісілік, тектілік, парасаттылық, жолдастық, достық, рухтылық, мәрттік, серілік, антқа беріктік, аманатқа адалдық сияқты қасиеттерді ұлағат етеді. Дастанның мазмұны азаматтың кісілік қадір-қасиетін, мән-мағынасын, қыр-сырын терең сипаттауға бағытталған [8, 24 б.].

Сонымен Ж.Баласағұнның тәрбие мақсаты туралы идеялары қазіргі педагогикадағы тәрбиенің мақсатымен тікелей байланысып, бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоймай келе жатқандығы оның өміршеңдігін, үнемі ұрпақ тәрбиесінде жалғасын таба беретіндігін дәлелдейді.

Жүсіп Баласағұн өз дәуірінің бірден-бір аса білімді адамы болды, ал өзінің поэмасында тарих, философия, этика және эстетика салаларындағы ауқымды танымдар жөнінде құнды мәліметтерді жинақтай білді. «Құтадғу-біліктің» Фирдоусидің «Шахнамесі» тәрізді екі жолды-масневи түрінде жазылуы, оның ирандық батырлық эпостарын жақсы білетіндігін көрсетсе керек. Поэмада «Шахнаме» поэмасындағы кейіпкерлердің есімдері кездеседі – Ануширван, Зохак, Феридун, Рүстем, Афрасиаб және т. б. Оларды автор өзіндік ізгілік жасаушылар өлшемдері: әділдік, мейірімділік, ержүректік – ретінде қолданады және бірде-бір міні жоқ билеуші қасиеттерінің іске асуы түрінде береді.

Еркіндік сүю аясында пайда болған мәдениет еркін болды, сондықтан да Жүсіп Баласағұнның философиялық білім беретін «Құтадғу білік» поэмасы еркін, гуманистік толғаудың үлгісі. Исламдық Ортағасырдың барлық білім беру дискурсының этикалық ұстыны ретінде шыққан исламдық тиімділік білімнің адамгершілік мәні мен оның әр адам үшін болашағын ашып көрсетеді. Тек білімді адам ғана өнегелі болады деп есептейді Баласағұн. Сана мен адамгершілік – ажырамас категориялар. «Құтадғу біліктің» авторы ғылымның өнегелілік күшін көрсете отырып, білімді болсаң бақытты боласың деп есептейді [9, 197 б.].

Жүсіп Баласағұнның философиялық шығармашылығы түркілік орта ғасырдағы әлеуметтік-этикалық ойдың зайырлы бағдарланған, рационалистік бастамы болды, ал Қожа Ахмет Иасауи мен оның пікірлес ізбасары С. Бақырғанидың рухани мұрасы, ең алдымен өзінің ішкі әлемін тани білу барысындағы адамның өнеге-ізгілігін жетілдіруге ұмтылған діни-сопылық бағытта дамыды. Бұл екі ағым – зайырлы-рационалистік және сопылық – адамдардың саналарына ықпал ету мақсатында қатар өмір сүріп, кейде бірі-біріне қарсы келу арқылы, талас-тартыспен түркілік этикалық ойдың ары қарай дамуын айқындап берді.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасында тұжырымдалған өмір онтологиясына назар аударатын болсақ, онда тағы да экзистенциалдық түсініктердің ортағасырлық ойшылдың шығармашылығында негізгі рөл атқарғанын байқаймыз. Мәселен, Баласағұн әлемнің тылсым мән-мағынасын Әділдік, Ақыл, Бақыт және Даналық сияқты ұғымдардың көмегімен сипаттауға, тұжырымдауға тырысады [10, 5-9 бб.].

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінің өзі сонау көне заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен рухани даму үрдісінің үздіксіз желісін үзбей келе жатқан бастау бұлақ, педагогика ғылымының қайнар көзі болып табылады. Өз кезегінде «Құтты білік» еңбегі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі болып табылады. Өйткені еңбектің негізгі идеясы педагогиканың ең маңызды мәселесі тәрбиеге негізделіп, оның мазмұнында педагогиканың жалпы негіздері, дидактика және тәрбие теориясының негізгі мәселелері, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене, құқықтық, т.б. тәрбие мазмұны қарастырылады. Мұның өзі чехтың ұлы педагогы Я.А. Коменскийдің «Ұлы дидактика» атты еңбегі алты ғасырдан кейін ХVІІ ғасырда жазылғанын, ал «Құтты білік» ХІ ғасырда жазылып, педагогика ғылымының қайнар көзі болып табылатындығын нақтылайды. Себебі, Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанында педагогика ғылымының барлық маңызды мәселелері қарастырылады.

Ғұламаның еңбегінде педагогиканың негізгі ұғымдарының анықтамасы қазіргі педагогикадағыдай ғылыми тұрғыдан негізделмегенімен, дастанда оның тәрбие мен оқыту мәселелері бойынша ой-пікірлері мен көзқарастары анық байқалады. Мысалы, Ж.Баласағұни өз еңбегінде педагогикаға ғылым ретінде анықтама бермейді, бірақ «Құтты білік» адам тәрбиесі туралы ғылымның негізін құрайтын еңбек екенін оқыған адам бірден түсінеді, яғни Ж.Баласағұни «педагогика» терминін қолданбағанымен, сол ғылымның мазмұнын баяндап тұрғанына ешкім күмән келтірмейді; Ж.Баласағұни тәрбиенің анықтамасын бермейді, бірақ оның ілімінен тәрбие деп оның басшы-ұстаздың тікелей басқаруымен арнайы ұйымдастырылған ортада тұлғаны қалыптастырудың мақсатқа бағытталған және ұйымдасқан процесін түсінгенін аңғаруға болады.

Педагогика саласында Жүсіп Баласағұнның үйретуінше, адамның жетіліп қалыптасуы, оның ішінде жастар тәрбиесі-қоғамдық жағдайлардың, айнала ортаның ықпалымен, оң әсері мен тәрбие арқылы және адам табиғатын туысынан-дүниеге келумен бірге болатын қасиеттер арқылы қалыптасады. Оның ішінде адамнан өсіп – жетілуінде, оның дүниеге келуі мен іле келетін қажетті кейбір сапалар мен қасиеттердің болатындығын мойындайды [11, 24-25 бб.].

Жүсіп Баласағұн өзінің шығармаларында тек ойшылдық, философия, адам тәрбиесі, халық педагогикасы және басқа да салалармен шектелместен, сонымен бірге ең маңыздысы Ислам құндылықтарына негізделген тұжырымдар жасайды. Түркі ислам философиясы тарихында әлемнен Алланың хикметін құтын іздеген ойшылдар көп болған. Солардың ішінде ең танымалы әрі Қарахан мемлекеті тұсында «Құтты білік» атты еңбек жазып, түркілік мәдениетінде өзіндік із қалдырған Жүсіп Баласағұн болатын.

Жүсіп Баласағұн да адам мен Алла арасындағы байланысты Құран танымы шеңберінде түсіндіреді. Адамдық танымның негізі Алладан келеді. Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау берген. Өзін дамытқан адамға ғана Алланың құты тұрақтайды. Өзін дамытпаған адамға құт берілсе де, ол өткінші, өйткені ол адамның қабілет дәрежесі Алладан берілген құтты көтере алмайды. Сондықтан нағыз мұсылман әрдайым Алладан мінәжат етіп, одан жол көрсетуін тілеуі қажет. Бұл сопылық танымның негізгі ұстанымы. Сонда ғана адам Алланың құты арқылы кемелдікке жетіп, оның дидар-жамалын көре алады. Бұл танымдық қалып Баласағұнға негізінен Фарабиден ауысқан болуы ықтимал. Өйткені, Фарабидің философиялық мұрасын дәріптеуші Ибн Сина Баласағұнның ұстазы болатын. Баласағұн «адамның көңілі (жүрегі) – түпсіз теңіз, білім-теңіз түбіндегі жауҺар. Адам сол жауҺарды теңізден шығармайынша, ол жауҺардың жауҺары да болса, құны жоқ» [12, 160-161 бб.].

Білімсіздік, надандық адамның әуейілігі мен әуесінен туындайды. Әуейілік адамды жамандыққа бастайды. Ал адам өлсе де, оның жақсылығы да, жамандығы артында қалады. Сондықтан әлемнің, қоғамның адамды жасаған жақсылығына қарай үлгі етіп, өзі өлсе де істеген ісін сөз қылып отырғаны, оның Алланың қалауына іліккені деген сөз. Баласағұнда «дұрыс адам» типі көп айтылады. Баласағұнның Алла туралы түсінігі Құранмен үндес. Көрінетін және көрінбейтін, ішкі және сыртқы әлемдегілерді білетін тек Алла (хаққ-ул йақин) ғана. Алла әлемнің және әлемдегі бар нәрселердің, болмыстардың барлығының Жаратушысы болғандықтан Оны – Бір, Бар, Ұлы, Заңғар, Ғалым, айқын ақиқат «хаққ-ул иақин» деген ұғымдармен танытады.

Оның Исламдағы орны мен қызметі орта ғасырлық түркі ғұламаларының қызметімен байланысты. Мысалы, Хикмет дәстүрінің негізін қалаған Қожа Ахмет Иасауидің көзқарасында пайғамбар тұлғасы Яссауи дәуірінен бұрын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты мәшһүр еңбегінде түрік тілінде сомдалған болатын. Бірақ бұл еңбектің таралу аймағы шектеулі болды [12, 160 б.]. Себебі Қарахан мемлекеті мен Мауараннаһрдағы ислам ілім ошақтарынан тыс жерде танылмады. Ал хикмет дәстүрі табиғаты жағынан ауызша айтылып елден елге тарағаны белгілі. Хикмет дәстүрі бойынша Хз.Мұхаммед тұлғасы ерекше орын алады. Құт немесе хикмет туралы теориясымен Яссауиге ықпал еткен негізінен Баласағұн болатын. Құт арқылы адам кемелдікке жетіп, оның дидар-жамалын көре алады. Бұл танымдық қалып Баласағұнға негізінен Фарабиден ауысқан.

Ұлықталуы

Ортағасырлық түркі ойшылдарының қатарында саналған Жүсіп Баласағұн өз өмірі мен шығармашылығында қоғамдық және ізгілік мәселелерін зерттеп, оларды шешу жолында еңбек еткен. Ғұламаның әлеуметтік мәртебесі, этикалық көзқарастары, дүниетанымдық зерделеулері адамгершілік пен адам тәрбиесіне бағытталып, оның бұл саладағы тұжырымдары қазіргі күнге дейін қолданылып келеді. Жүсіп баласағұн мен өзге де түркі ғұламаларының дүниетанымдық мұраттарының өнегелік және жалпыадами ниеттері ортақ болып, қазақ халқының ой-санасы мен тәрбиесінің дамуына ықпал етті. Бір сөзбен айтқанда, Баласағұнның өмір жолы мен идеясы жауласу, жек көру, зорлық-зомбылық пен шайқастар мен соғыстарда емес, керісінше әділдік, сүйіспеншілік, қоғам игілігіне қызмет етуде жатыр. Баласағұнның философиясының негізінде адамның жеке тұлғасын, қандай да бір мақсаттарға қол жеткізу нәтижесінде емес, қоғамдық дамудың ең жоғарғы мақсаты арқылы мойындау жатқандығы айқын көрініп тұр.

Қазіргі уақытта еліміз бен өзге де түркі мемлекеттеріндегі ғылыми орталық, көше, кітапхана мен жоғары оқу орындарына Баласағұн есімі берілген. Мысалы, Қазақстанның ірі қалаларында Баласағұн атында көше бар. Бұған қоса, Тараз қаласында мәдениет сарайы, Жамбыл облысында елдімекен және Қырғызстандағы Ұлттық университетінің атауы Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн есімімен аталады.

Жүсіп Баласағұнның идеясы, философиясы мен ой-пікірлері бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр, бұл – рухани байланыстықты байқатады. Қай ғасырда да ұлт өмірін өркендетуші саналы да, салауатты, рухы биік, ақыл-парасаты мол, мəдени-ғылыми өрісі кең ұрпақ тəрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндет. Жүсіп Баласағұнның негізгі ұстанған қағидасы – пендені адамгершілікке, адамшылыққа, имандылыққа ізгілікке шақыру, қоғамға пайдалы ұрпақ тəрбиелеу. «Құтты білік» сол заманнан сақталған бүгінгі ұрпақ тəрбиелеуде басшылыққа алатын тəлім-тəрбиелік ой-толғамдарға өте бай рухани мұра болып табылатыны сөзсіз.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1 Сүйіншәлиев Х. VІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1989. – 280 б.

2 Шәлекенов У.Х. V-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн қаласы. – Алматы: Жібек жолы, 2006. – 248 б.

3 Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын. – 192 с.

4 Əдеби жəдігерлер. Жиырма томдық. 5-т.: Жүсіп Баласағұн. Құтты білік /Көне түркі тілінен аударып, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А.Қ. Егеубаев. – Алматы: «Таймас» баспа үйi, 2007. – 536 б.

5 Кононов А.Н. Слово о Юсуфе из Баласагуни и его поэма «Кутадгу билиг» – Советская тюркология. – 1970. – №4. – С.3-12.

6 Егеубаев А. Құтты бiлiк/Баласағұн, Жүсiп; Көне түркi тiлiнен ауд., алғы сөзi мен түсiнiктерiн жазған Егеубаев А. – Алматы: Жазушы, 1986. – 616 б.

7 Ахметов Т.Ә. Жүсіп Баласағұнидің тәлім-тәрбиелік идеялары. – пед.ғыл.канд. …дисс. – Алматы, 2003. – 152 б.

8 Әбдікәрімұлы Б., Сарбасова Қ.А. Ж.Баласағұн педагогикасы: Оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2008. – 124 бет.

9 Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) Қазақ философиясының қалыптасуы: ежелгі түркілік дәуір / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2014. – 400 б.

10 Юсуф Баласагунский. Благодатное знание / Перевод и комм. С.Н. Иванова/. – М.: Наука, 1983. – 558 с.

11 Жамирова У. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы халықтық педагогика негіздері. – пед.ғыл.канд. …дисс. автореф. – Алматы, 2007. – 28 б.

12 Кенжетаев Д.Т. Қазақ мұсылмандығы және оның қалыптасу алғышарттары: Монография – Астана: «Рухани құндылықтарды қолдау қоры» корпоративтік қоры, 2018. – 248 б.

Авторы: ӘпендиевТ.Ә., PhD