Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖОШЫ ХАН


Жошы хан (1179-1225) – Шыңғыс ханның үлкен ұлы, қыпшақ елінің билеушісі, Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаушы, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы.

Өмірбаяны

Жошы хан бейнесі халқымыздың тарихи жадында Қыпшақ елінің билеушісі, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы ретінде сақталып, үлкен ілтипат, құрметпен аталады. Бүгінгі күнге дейін  Жошы есімі аталғанда, Ұлы даланың қаһарманы, әке мен баланың арасындағы әрі нәзік, әрі күрделі әкелік және перзенттік махаббат, қайшылықты тағдыр туралы пәлсәпалық ойлар қатар өрбіп отырады.

Туылған сәтінен бастап, дүниеден өткенге дейінгі тағдыры жұмбақ құпияларға толы осынау тұлғаның өмірі мен бейнесі неліктен әлі күнге дейін халқымыздың жадынан өшпей келеді? Исі қазақққа киелі өңір Ұлытауда мәңгілік мекенін тауып ұлықталған Жошы хан кім болған?

Тарихи деректерде Жошының балалық шағы мен жасөспірім кезеңі қалай өткені туралы мәліметтер сақталмаған. Дегенмен «Моңғолдың құпия шежіресінде» оның 1207 жылы әкесінің тікелей тапсырмасымен Байқалдан батысқа қарай орналасқан «орман тайпаларын» бағындыру үшін жорыққа аттанғаны баяндалады. Құпия шежіреге сүйенсек, ол «орман тайпаларын» бейбіт жолмен бағындырып қана қоймай, ақ тұйғын құс пен ақ боз ат, сәйгүліктерден тұратын зор тарту-таралғылармен оралған. Жошы осы жолы Енисейдің жоғарғы ағысы аймағын мекендеген Енисей қырғыздарын да бағындырады [1, 298 б.].

Жошының бұл жолғы еңбегіне риза болған хан әкесі: «Ұлдарымның ағасы, сен үйден енді ғана шыға сала жолың болып, барған жеріңде ерді де, ат жылқыны да жарақаттамай, ырысты Орман ел-жұртын бағындырып келдің. Осы ел-жұртты саған берейін», – деп жарлық берген екен [1, 299 б.]

Бұдан ары Жошының 1213 жылы әкесімен бірге Цзинь патшалығын жаулап алуға қатысқаны, 1217 жылы туматтардың (Байқалдан батысқа қарай мекендеген орман тайпаларының бірі) көтерілісіне қосылған қырғыздардың бүлігін басуға аттанып, жеңіспен оралғаны туралы мәліметтер сақталған.

Жошының бүгінгі қазақ даласына аяқ басуы меркіттердің аман қалған бөлігін талқандаумен байланысты болды. Ортағасырлық автор Джувейни меркіттердің моңғолдар қырғынынан аман қалған бөлігінің Кұм-қыпшақ аймағына кетіп, аман  қалғаны туралы мәлімет береді [2, 435 б.]. Шыңғыс ханға Меркіттер басшысының моңғолдардан қаңлылар орналасқан Қарақұмға қашып кеткені туралы хабар жеткен кезде, оларды түпкілікті талқандау ісі Жошыға тапсырылған [2, 435 б.].

Осы орайда бұл деректегі «Қарақұм» немесе «Құм-Қыпшақ» қай жер? деген заңды сауал туындайды. Белгілі қазақстандық тарихшы-ғалым
 С.М. Ахинжанов «Қарақұм» аты топонимдерге талдау жасай келе,
 И. Маркварттың түркі тіліндегі «құм» деген географиялық терминінің парсы тіліндегі синонимі – «дешт» (дала), ал араб тілінде «сахри» (шөл, дала) екенін айта келе, Джузджанидің қаңлылар мен қыпшақтар орналасқан аймағын сахри деп атайтындығын да алға тартады. Ал бұл тайпалар Джувейнидің деректері бойынша «Қарақұмда» немесе «Құм-қыпшақта» өмір сүрген [3, 226 б.].

Осылайша, автор мынадай тұжырымға келеді: «ХІ-ХІІІ ғасырларда қыпшақтар мекендеген даланың төрт түрлі атауы болған. Түркі тілінде «Құм-қыпшақ» және «Қарақұм», парсы тілінде «Дешті-Қыпшақ», араб тілінде – «Сахри». Міне, осы жерге 1216 жылға қарай Моңғолдардан қашқан меркіттер келіп паналаған» [3, 226 б.].

Міне, осы меркіттерді Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскері түбегейлі күйрете жеңеді. Келесі күні моңғолдар кездейсоқ жерден қыпшақтарға қарсы жорыққа аттанған Мұхаммед Хорезмшах әскерімен Торғай даласында кездесіп қалады. Бірақ, негізгі мақсаттары Мұхаммед Хорезмшах әскерімен шайқасу болмағандықтан, моңғол әскері түнде ұрыс алаңын тастап, шегініп кетеді. Жошы бастаған моңғолдар мен Хорезмшах әскерінің қазақ даласындағы алғашқы кездесуі осылайша аяқталады.

Жошы туралы сөз қозғалғанда, міндетті түрде айтылатын жайт: Хорезм жорығы алдында, моңғол елінің Шыңғыс ханнан кейінгі мұрагері кім болуы керек деген мәселе талқыланған тұста, ханның екінші ұлы Шағатайдың аузынан шыққан «меркіттің шатасы» деген айыптау 
 [1, 320 б.] ащы шындық па еді деген сауал кесе қөлденең тұрады. Оқырманды да «Шыңғыс хан ата жауына айналған меркіттерді талқандауға неліктен Жошыны аттандырды екен?» деген сауал да мазалайтыны анық.

Бұл мәселе ғылыми әдебиеттер мен басқа да басылым беттерінде көп талқыланғандықтан, оқырман назарын Жошы есімінің мағынасына аударуды көздедік. Жошының дүниеге келуі көптеген күмәнді жайттармен байланысты болды, өйткені сол тұста оның анасы Бөрте меркіттердің тұтқынында болды.  Жау қолында қалған жарын құтқару үшін Темужін мәңгілік дос болуға серттескен Жамұқа мен әкесі Есугейдің досы, әке орнына әке болуға уәде берген керей ханы Тоғрылдың біріккен әскерімен меркіттерге басып кіріп, Бөртені меркіттер тұтқынынан босатқаны белгілі [1, 127 б.]. Барлық шығармаларда көрсетілгендей Бөрте жол-жөнекей босанып, баланың атын моңғолша «Зочин», яғни «қонақ» деген мағынада қойған деген пікір қалыптасқан. Белгілі зерттеуші З. Қинаятұлы ағамыз, осы пікірлерді талдай келе, Жошы деген ат Шыңғыс хан әулетінде бұған дейін болғанын таратып айтады да, сонда олардың барлығы Боданчар әулетіне қонақ ретінде келген бе еді деген сауал тастайды. Автордың пайымдауынша, Жошыға ат қойғанда, Шыңғыс хан моңғолдардың салт-дәстүріне сәйкес әйгілі ата-бабасының есімін берген, екіншіден, моңғолдарда апайтөс, алып адамдардың атының алдына «Жошы» атауын жалғайтын дәстүр болғанын атап өтеді. Мысалы, «құнан өгіздің етін жалғыз жейтін» Шыңғыс ханның інісі Хасарды кейде Жошы-Хасар деп атаған. З. Қинаятұлы моңғолша ұсталардың төс темірін «дөші» деп айтатынан алға тарта отырып, Жошы есімінің осындай «алып», «апайтөс» деген мағына беретін екінші мағынасы болғанын айтады 
 [4, 46-47 б.].

Қалай дегенмен, Жошының өмірге келуі мен атына байланысты құпияларға толық нүкте қойылуы екіталай. Адам тағдырының сан қилы қатпарлары туралы, жалпы өмірдің мәні туралы сансыз ойларға жетелейтін сұрақ ретінде Жошы тағдырының бұл құпиясы  оның есімімен бірге ұрпақтан ұрпаққа жете берері сөзсіз. Сондықтан Жошы Шыңғыс ханның бел баласы ма,  әлде қаны меркіт пе деген сауалға да нүкте қою қиын. Дегенмен, деректерге сүйенсек, Шыңғыс ханның Жошыны әрқашан тұңғыш әрі сүйікті перзенті ретінде қабылдағаны анық.

Жошының қайтыс болуы мен әкесі Шыңғыс ханмен қарым-қатынасы туралы пікірлер де қайшылықты. Ортағасырлық деректерге сүйенсек, Орта Азия аумағын жаулап алуды сәтті жүзеге асырған Шыңғыс хан 1223 жылы Самарқандтан 20 шақырым жерге орда тігіп, аң аулау рәсіміне барлық ұлдарын шақырады. Сыр бойындағы аң атаулысын әкесіне қарай ығыстырып, тамаша аңшылықты ұйымдастырып бергенімен, Жошы әке ордасына келмей қалады. Келесі жылы, Шыңғыс хан Ертіс бойында ордасын тіккен тұста да, Жошы «денсаулығының нашарлығын» айтып әкесімен жүздеспейді. Парсы тарихшысы Джузджани  Жошы «әкесінің жерлер мен адамдарға қатысты қаталдығына» наразы болғанын атап өтсе, Рашид ад-Дин деректері бойыша, әке мен баласының арасы олардың өмірінің соңғы жылдарында салқын тартқан деседі.

Осы деректерді сарапқа салған көптеген зерттеушілер  бұл оқиғалар Шыңғыс хан мен Жошының арасындағы алауыздықты өршітті деген пікірді ұстанса, тіпті Л. Гумилевтің зерттеуі бойынша, «Шыңғыс хан өз ұлы Жошыға өлім де тілеген» деген пікірлер де болған [5, 109 б.].

Жошының туған жылы да, қайтыс болған жылы да нақты белгілі емес. Кейбір деректер бойынша ол 1225 жылдың соңында немесе 1226 жылдың басында,  ал екінші мәліметтер бойынша 1227 жылы қайтыс болған. Дегенмен, Жошының әкесі Шыңғыс ханнан бұрын қайтыс болғаны белгілі. Бір деректерде Жошы жабайы құландарды аулап жүргенде қайтыс болған делінсе, кей мәліметтерде оны улап өлтірген делінеді.

Еңбегі

Жошының тағдыры қыпшақ даласымен байланысты болды. Оның бастамасы Шыңғыс ханның 1218 жылы Жетісуды, одан әрі Орта Азия мен Шығыс Дешті қыпшақ аумағын жаулап алу соғыстарымен байланысты. Орыс зерттеушісі  В.В. Трепавлов Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың жаулап алу соғыстарын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең 1207-1218 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде моңғолдардың Моңғолия аумағынан тыс жерлерде жүргізген жаулап алу әрекеттері «киіз туырлықтылардың» бірлігі идеясы аясында жүзеге асты [6, 71-72 б.]. Осылайша көптеген түркі тайпалары мен халықтары моңғолдардың билігін өз еріктерімен қабылдап, олармен одақтық қарым-қатынастар орнатқанын атап өтеді. Тіпті, ендігі жерде моңғол әскерінің құрамы түркілерден құралды. Мысалы, Алмалықтың сол кездегі билеушісі Бұзардың (Озардың)  баласы Сунақ-тегін бастаған қаңлылар Шыңғыс ханның әскер құрамын толықтырған.

Моңғолдардың Қазақстан мен Орта Азия аумағына басып кіруі қарсаңындағы Жетісудың саяси жағдайына тоқтала кетейік. ХІІІ ғасырдың басында негізгі күрес Жетісуды жаулап алған қарақытайлар мен Хорезмшах арасында өрбіді. Мұхаммед Хорезмшах бұрынғы қараханидтер иелігіне мұсылмандарды кәпірлерден азат ету үшін келгеніне қарамастан, оның шапқыншылық жорықтары өлкені тонап, жергілікті халықты қырып-жоюға бағытталды.

Дәл осы кезеңде шығыста моңғолдардың күшейе бастаған тұсы еді. Сондықтан көп ұзамай қарлұқ ханы Арслан мен ұйғыр билеушісі Баурчик Шыңғыс ханның билігін мойындап үлгереді [7, 198 б.]. Ал Орхон мен Ертіс аралығындағы наймандар Шыңғыс ханнан жеңілген соң, Күшлік бастаған бір бөлігі Жетісуға, қарақытай билеушісінің қол астына келіп, пана табады. Көп ұзамай Күшлік гурханның қызына үйленіп, Хорезмшах пен қайын атасына қарсы одақ құрады.

Осылайша Жетісудағы билік Күшліктің қолына өткенімен, әртүрлі аймақтардың жеке билеушілері дербес саясат ұстанып, оған бағына қойған жоқ. Дәл осындай жағдайда кейбір аймақтар ішкі алауыздықтар мен саяси тұрақсыздықты пайдаланған жергілікті халық билікті өз қолдарына алады. Сондай иеліктердің бірі – орталығы Алмалық қаласы болған қаңлылар иелігі еді.

Әбілғазының хабарлауынша, моңғолдардың Шу, Талас бойына басып кіруінің қарсаңында 50-60 мыңдай қаңлылар Хорезмшахтың қол астына нөкер болып кеткен [8, 31 б.]. Ал аталған аймақта 10 мың үйдей ғана қаңлылар қалған. Парсы тарихшысы Джувейнидің жазуынша, қаңлылардың осы бөлігінен шыққан, ұзақ уақыт бойы елді тонаумен, қарақшылықпен айналысқан Озардың күшейгені соншалықты, ол көп ұзамай Алмалық және бірқатар қалаларды иеленіп алған.

Ортағасырлық автор Жамал Қаршының келтіруінше, Бұзар Тоғрыл хан өз ұлы Сұнақ тегінді Шыңғыс ханға қызмет етуге аттандырса да, қызыН достығының, туыстығының белгісі ретінде сыйлыққа беріп, одан жауларына қарсы көмек сұраған. Сондықтан 1218 жылы моңғолдар Алмалыққа келгенде, қаланы басқару құқығын Бұзардың ұлы Сұнақ тегінге береді. Ал Жошының қызы Булған-бикені Сұнақ тегінге ұзатқан [2, 461 б.]. Моңғолдардың жаулап алу жорықтары 1219 жылы Ертіс бойынан басталып, әскер Сырдарияға дейін бұрынғы жаулап алушылардың жолымен Жетісу арқылы жүрген. Моңғол әскері Ертіс бойынан күзде жылжыған кезде, оған қарлұқ Арслан хан, ұйғыр билеушісі Баурчик және Алмалықтың билеушісі қаңлы Озардың баласы Сұнақ тегін өз жасақтарымен барып қосылады.

Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны Отырардан кейін Сырдарияның бойымен төмен қарай жалғасып жатқан жерлерді бағындыруға аттандырды. В.В. Бартольд Шыңғысханның Жошыға мұндай тапсырма беруінің себебін Моңғол империясының солтүстік-батыс аймақтарын үлкен ұлының иелігіне бергісі келгендігінен болар деп тұжырымдайды [2, 481 б.].

Осы жорықта Жошы Сырдың төменгі ағысы бойындағы қалаларды қоршауға аттанған. Келесі топ Сырдың жоғарғы ағысы бойы қалаларын бағындыруды міндеттеріне алғаны белгілі.

Деректерге сүйенсек, Жошы бастаған моңғол әскеріне қатты қарсылық көрсеткен Сығанақ халқын жау әскерлері түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Ашнас халқы да осындай жағдайды бастарынан кешеді. Ал Жент, Үзкент, Баршынкент қалалары жаппай қырып-жоюдан біршама аман қалды. Мұның себебі кейбір деректерде Жошының жаппай қырып-жоюға қарсылық көрсетіп, халықты бейбіт келісіммен көндіруге ұмтылған саясатының нәтижесі ретінде түсіндіріледі.  Зерттеуші В.В. Бартольд та кезінде Жошының Шағатаймен салыстырғанда барынша жұмсақ саясат ұстанғанын атап өткен болатын [2, 525 б.].

1220 жылы сәуірінің соңына таман Жошы бастаған моңғол әскерлерінің Сырдың төменгі ағысы бойындағы Жент қаласын алуымен моңғолдардың бұл бағыттағы жаулап алу ұрыстары аяқталады. Бұдан кейін Жошы бастаған әскер Үргеніш түбінде Үгедей, Шағатаймен бас қосты. Үргенішті алар тұста қала тағдырына қатысты Шағатай мен Жошы арасында дау туды. Қаланы қантөгіссіз алу туралы ұсыныс берген Жошыға Шағатай қарсы шықты. «Кімнің шешімі соңғы сөз болуы керек?» деген сауалмен  Шыңғыс ханға аттанған жаушы ұлы ханнан «Үгедейдің шешімін» қабылдау туралы жарлық әкелді. Аса қатыгездікпен, жантүршігерлік қантөгіспен алынған Үргеніш жорығынан соң Жошы біржолата Сыр бойына бет алады.

Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағында» келтірілген мәліметтер бойынша,1221 жылы Жошы Хорезмнен оралған соң, Ертіс пен Алтай тауларының аралығындағы барлық қысқы және жазғы жайлаулар мен аймақтар толығымен Жошының ұлысы ретінде оған үлеске берілді. Сондай-ақ Жошыға бүкіл Дешті қыпшақ аймағы мен одан тыс жатқан «моңғол жылқысының тұяғы жеткенге» дейінгі жердің барлығына өз билігін жүргізуді бұйырады [9, 91 б.]. Жошы ұлысының негізгі ордасы Ертіс аймағында орналасты.

В.В. Бартольд да Жошы ұлысының негізі Шыңғыс ханның Дешті Қыпшақ пен Орта Азияға жасаған жорығынан бұрын қаланғанын жазған. Ол еңбектеріне сүйене отырып, былай деп жазыпты: «Шыңғыс хан үш баласына үлес, енші (инджу) бөліп берді. Еншіге кірген көшпелі орда (саны) құрамы ұлыс деп аталды. Оларға бөліп берілген жер аумағы жұрт (юрт) деп аталды. Жұрттың шекарасы шамамен белгіленді. Бірінші болып үлкен ұлы Жошыға бөлінді. Ол 1207 жылы әкесінен Селенга өзенінің төменгі жағынан Ертіске дейінгі жерлердегі «тоғайлық халықтарды» алды; Рашид ад-диннің куәландыруы бойынша, оның басты ордасы Ертістің бойында болды» [10, 42-43 б.]. Ал кейінірек 1222-1224 ж. аралығында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияны бағындырған соң, Жошының ұлысына «батыстағы моңғол аттарының тұяғы тиген жерлерді» [9, 91 б.] қосып берді. «Шыңғыс хан қайтыс болған жылы Жошы жұртының құрамына Жетісудың солтүстігі, қазіргі бүкіл қырғыз (қазақ – авт.) даласы, Хорезм мен Мазендаран кірді»
 [10, 43 б.].

Ұлыстардың 1224 жылдан ертерек бөлінгендігіне В.В. Бартольдтің қытайлық дәруіш Чань-чуньнің Шыңғысханға келіп қайтуы туралы мына жазбалары да дәлел бола алады: «1223 жылы, қайтар жолында Чань-чунь Іле өзенінен Алмалықтан 100 ли (50 шақырым) қашықтық жерден өтті. Ол Алмалыққа келгенде оны өзеннің оңтүстігіндегі Шағатайдың ордасына шақырды» [10, 43 б.]. Сөйтіп, 1223 жылы жаулап алынған жерлер Шыңғыс ханның төрт ұлының арасында бөлініп қойған болатын.

Одан ары В. Бартольд ең бірінші болып 1207 жылы Жошы ұлыс алғандығын [10, 42-43 б.] жазады. Жошы ұлысының алғашқы, Шыңғысханның өзі белгілеген көлемі туралы біраз уақыт Сирияда мемлекеттік қызметте болған, бірақ ұзақ жылдар бойы ғылыммен шұғылданған Эннувейри (1279-1333) өзінің 30 томдық энциклопедиялық еңбегінің ескертуінде былай деп көрсеткен екен: «По части земель и вод он (Чингиз-хан – авт.) назначил ему (Джучи – авт.) летовья и зимовья от границ Кыялыка и земель Хорезмских до окраин Саксинских и Булгарских, крайних пределов, куда доходили кони их полчищ при их набегах» [9, 150 б.].

Парсы тарихшысы Вассафтың мәліметі бойынша, Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға Қаялық пен Хорезмнің, Саксин мен Булгардың шетінен Бакулық Дербендтің шетіне дейінгі жерлерді берді. Бұл мәлімет сөзбе-сөз былай келтірілген: «земли в длину от краев Каялыка и Хорезма и крайних пределов Саксина и Булгара до окраин Дербенда Бакинского он предназначил старшему сыну, Туши» [9, б. 80.].

Парсы тарихшысы Хамдаллах Казвини (ХІҮ ғ.) Жошының үлесіне Хорезм облысы, Дешті-Хазар, Булгар, Саксин, аландар, астар, орыстар, Михес, башқұрттар тиді [9, 91 б.] деп көрсетеді. Сөйтіп, 1221 жылы Жошы Дешті Қыпшақ жеріне де басшы болып белгіленгенімен, ол шешім кейінірек, 1224 жылы ресми түрде бекітілді деп санауға негіз бар. Жошы Дешті Қыпшақтағы топты елді жинап, оған ие бола білді, Шыңғыс ханның «жел жағынан пана, жанына сая» [11, 151 б.] бола білді.

Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы ханның қазақ тарихында алар орны ерекше. Себебі, шын мәнінде, Еуразияның алып империясы дәрежесіне жеткен Алтын Орда мемлекеті Жошы ұлысы негізінде қалыптасты. Ал Алтын Орда қазақ жеріндегі қыпшақ мемлекеті дамуының жаңа кезеңіндегі саяси құрылым болды. Мысалы,  XIV ғасырдың I жартысында Алтын Ордада болған араб авторлары Жошы ұлысында билік құрған ресми хандардың бәрін Қыпшақ хандары деп атайды. Мысал келтірсек,  Аддзехеби (1348/1349 ж.ө.) өзінің «Ислам тарихы» атты еңбегінде Берке ханды «Қыпшақ және Судак даласының патшасы болған», ал Тоқта ханды  «Қыпшақ патшасы» деп жазады [12, 204 б.]. Әл-Омари Алтын Орданың билеушісін – «Қыпшақ патшалығының ханы», «Қыпшақ және Хорезм жерлерінің билеушісі», Өзбек ханды «Қыпшақ мемлекетінің қазіргі билеушісі» деп жазады [12, 244 б.]. Ибн әл-Форат: «665 жылы (1266 ж. 2 қазан – 1267 ж. 21 қыркүйек) Тоған патшаның ұлы Менгутемір қыпшақ патшалығының тағына отырды», – деп атап өтеді [12, 358 б.].

Бұл деректерде Алтын Орда, Жошы ұлысы атауы мүлде қолданылмайды, керісінше, бір ғана термин – Қыпшақ мемлекеті және Қыпшақ ханы деген атау айтылып тұр. Сондай-ақ мәліметті берушілердің бәрі дерлік өз еңбектерінде ХІІІ ғасырдағы тарихи жағдайларды сипаттап қана қоймай, өздері Алтын Ордаға келген кездегі көргендерін де айтып өтеді. Оған «қазіргі кездегі Қыпшақ мемлекетінің билеушісі Өзбек хан» деген дерек дәлел бола алады [12,  279 б.]. Деректің мәліметтеріндегі тарихи оқиғалар ХІІІ ғасыр мен ХІV ғасырдың I жартысындағы кезеңге сәйкес келеді. Олай  болса, ХІV ғасырдың басында-ақ Дешті Қыпшақтағы моңғолдық этникалық элементтер толығымен және түпкілікті түрде қыпшақтанып болған. Мұндай  үрдісті әл-Омаридың мынадай дерегінен көруге болады: «Ежелде бұл мемлекет қыпшақтар елі болатын, бірақ оларды татарлар басып алған соң, қыпшақтар оларға бағынышты болды. Бұдан кейін олар (татарлар) (қыпшақтармен) араласып, туыстасты және жер олардың (татарлардың) табиғи және нәсілдік белгілерінен үстем түсті; моңғолдар (және татарлар) қыпшақтар жеріне қоныстанғандықтан, олармен некеге тұрып, олардың (қыпшақтардың) жерінде өмір сүріп қалғандықтан, өздері де олармен бір рудан шыққандай, тура  қыпшақ болып кетті» [12, 235 б.]. Осылайша, Жошы ұлысы негізінде қалыптасқан Алтын орданың шын мәнінде қыпшақ мемлекеті болғанын, ал оның билеушілері ретінде келген Шыңғыс ұрпақтарының XIV ғасырда-ақ қыпшақтанып кеткенін көреміз.

Деректерде айтылғандай, «Қыпшақ даласының су мен ауасын ерекше ұнатқан» Жошы мен оның ұрпақтарының тағдыры бүгінгі қазақ жерімен бірге астасып кетті. Жошы ұрпақтары болып саналатын қазақ хандарынан бастап, кешегі Алаштың көсемі Әлихандар – ұлтымыздың мақтанышы ғана емес, елдігіміздің символы іспетттес. Сондықтан тағдыры құпияға толы Жошы ханның өмірі кешегі жауынгер бабаларымыздың өр тұлғасы мен рухының көрінісі ретінде халқызымдың жадында жатталған күйі қала берері сөзсіз.   

Ұлықталуы

Жошы хан кесенесі – Жезқазғаннан Солтүстік-Шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш. Ұлытау өңірінде ұлықталған Жошы хан кесенесінде де «Жошы хан жерленген бе, жоқ па?» деген сауал ашық күйінде қалып отыр.

Жошы хан кесенесіне археологиялық зерттеу жүргізген Әлкей Марғұлан қазба жұмыстары кезінде кесене ішінен екі қабірді тапқан. Олардың бірінен табылған шегеленген табыттан үстіңгі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Әрі қолсыз жерленген. Көне аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы қойылған» деген мәліметтер айтылады.

Жошы хан кесенесі

Зерттеуші З. Қинаятұлы: «Әкесінің көзі тірісінде Жошы ханға мазар тұрғызылуы мүмкін емес», – дей келе, тіптен атасынан 19-20 жыл кейін дүние салған кіші держава билеушісі Баты ханның өзі қайда жерленгені қазірге дейін белгісіз екенін айтады. Екіншіден, мазардан 1946 жылы
 Ә. Марғұлан тапқан сүйек 70-72 жас шамасындағы ер адамға тән. Ал Жошы 46 жасында о дүниелік болған. Үшіншіден, мазардың жер асты және жер үсті архитектуралық конструкциясы, қолданған құрылыс материалы ХV-ХVІ ғасырларға жатады. Сондықтан В. Бартольд: «Мазарды Жошының мұсылманданған хан ұрпақтарының бейітсіз қалған хан бабасына (Жошыға) арнап кейінірек тұрғызған болуы әбден мүмкін», – деген пікір білдірген
 [4, 180-181 б.].

Жошы хан бейнесі халық ауыз әдебиеті үлгілерінде де көрініс тапқан.   Жошы өліміне қатысты халқымыздың жадында аңыз бен «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты тарихи күй сақталған. Халық жадында хатталған бұл әпсанада Шыңғыс хан сүйікті ұлы Жошының қазасын естірткен адамның көмейіне қорғасын құю туралы бұйрық берген деседі. Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресіне» сүйенсек, барлық ұлдары мен қыздарының ішіндегі ең сүйікті перзенті – Жошының қайғылы қазасын ханға Ұлы жыршы ғана астарлы жырмен жеткізген екен.

«Тенгиз баштын булғанды ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын джығылды, ким турғузур, а ханым?» – деген Ұлы жыршыға, Шыңғыс хан:

«Тенгиз баштын булғанса тондурур олум Джошы дур,

Терек тубтан джығылса, турғузур олум Джошы дур», – деп жауап қайырған екен.

Ұлы жыршы сөздерін қайталап айтқанда көздерінен жас парлап аға беріпті. Осы сәтте Шыңғыс хан:

«Козунг йашын чокуртур конглунг голды балгаймы?» 

«Джиринг конгуль бкуртур Джучи ольди болгаймы?» – дегенде Ұлы жыршы:

«Сойлемекке эрким йоқ сен сойлединг, а ханым»!

«Оз йарлыгынг озге джаб айу ойлединг, а ханым!» – деп жауап қайырғанда, әлемді уысында ұстаған қаһарлы билеуші:

«Кулун алган куландай кулунумдин айрылдым»,

«Айрылышкан акаудай эр олумдин айырылдым», – деп теңселіп кеткен екен деседі [9, 203 б.].

ХІІІ ғасырдың I жартысында қыпшақ (түрік) тілінде айтылған бұл өлең жолдарының қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасынан аса көп айырмашылығы жоқ екенін тіл мамандары тұрмақ, қазақ тілін жетік білетін әрбір адам аңғарады. Бұл төрт жолдың қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасы былайша айтылады:

«Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, уа ханым?!

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, уа ханым?!

Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлыс – Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!» [13, 236 б.]. Ел аузында сақталған аңыздағы, Әбілғазы баһадүр ханның еңбегінде тек Ұлы жыршы деген атпен белгілі тұлғаны Рашид ад-Диннің еңбегінде аты аталатын Кетбұға қолбасшымен байланыстыру орын алған. «Жылнамалар жинағында» Кетбұғаның 1253 жылғы құрылтайда Хулагудің Иранға аттанған әскерінің алдыңғы тобының қолбасшысы болып тағайындалғандығы, оның Иран, Ирак, Сириядағы жаулап алушылықтары, ақыры 1260 жылы 3 қыркүйекте қыпшақтық мәмлүктердің қолынан қазатапқандығы егжей-тегжейлі жазылған. Орта ғасырлық деректерде аты нақты кездесетін бұл тұлғаның, яғни Кетбұғаның күйшілігі, оның Жошы өлімін Шыңғысханға күймен естіртуі жөніндегі аңызды ең алғаш ел аузынан А. Мелков жазып қалдырған [14, 169-170 б.]. Бірақ ол аңызда күйшінің аты Кетбұға емес, Кер-бұға деп берілген. Сондықтан осы арада, Жошы өлімін Шыңғыс ханға естірткен – «найман күйшісі, биі, моңғол әскерінің қолбасшысы Кетбұға ма, әлде Кер-бұға ма? Әлде Кер-бұға – күйші, Кетбұға – моңғол әскерінің қолбасшысы ма?» деген сұрақ та туады. Дегенмен «Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясындағы» мәліметті келтіре кетелік. Онда Кетбұға туралы мынадай жолдар бар: «Кетбұға (шамамен 1150-1225) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан щыққан. 14 ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады.

…Халық өлеңдері мен аңыз-әңгімелерде де Кетбұға – ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да бар»[15], – деген анықтама берілген. 

Атап өтетін бір маңызды мәселе, ХІІІ ғасырда қыпшақ тілі, жеңіске жеткен моңғолдармен бірге монғол тілінің келуіне қарамастан, тұрмыстық деңгейдегі, рухани өмірдегі, әдебиет саласындағы өз позициясын жоғалтпайды, тіпті жоғарғы деңгейдегі мемлекетаралық қатынастардың, елшілік қарым-қатынастардың құралы ретінде моңғол тілімен қатар қолданылып, ХІV ғасырдың өзінде оны бірте-бірте қолданыстан ығыстырып шығарады. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Дешті Қыпшақтың ұлы жыршысы Кетбұғаның Жошы өлімін Шыңғыс ханға астарлап естіртуі дәстүрлі өлең түрінде айтылып, қыпшақ (түрік) тілінде баяндалғаны, бұдан басқа түркі тілінде жазылған шығармалардың Алтын Орда аймағында пайда болуы мен кең таралуы қазіргі Алтын Орда деп жүрген мемлекеттің шын мәнінде түркі мемлекеті болғандығын көрсетеді.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. – Т.1.: Моңғолдың құпия шежіресі / көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық тарнскрипциясын, ғылыми-мағыналық аудармасы мен түсіндірмелерін, көрсеткіштерін жасаған: Н. Базылхан.  – Алматы, 2006. – 400 б.
  2. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соб., соч., – Т.1. – М.: Наука, 1963. –763 с.
  3. Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана.
     – Алматы, 1995. – 296 c. 
  4. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан  – Алматы, 2014.
     – 360 б.
  5. Гумилев Л.Н. От Руси до Россий. Очерки этнической истории. – М., 2001. – 320 с.
  6. Трепавлов В.В. Степные империи Евразии. Монголы и татары. – М., 2018. – 368 с.
  7. Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского
     О.И. Смирновой, ред. А.А. Семенова. – М. – Л., 1952. – Т.I. Кн. 2. – 316 с.
  8. Әбілғазы Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 208 б.
  9. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М. – Л., 1941. – 308 с.
  10. Бартольд В.В. Очерк истории Семиречь / Отв. редактор А.Н. Бернштам. – Фрунзе, 1943. – 104 с.
  11. Лувсанданзан. Алтын шежіре / моңғол тілінен аударған А. Мауқарұлы.  – Алматы, 1998. – 224 б.
  12. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды.
     В. Тизенгаузена. – Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884.
     –  563 с.
  13. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – Т.2.
     – Алматы, 2010. – 640 с.
  14. Мелков А. Материалы по киргизской этнографии // Труды общества изучения киргизского края. Вып. ІІІ. – Оренбург, 1922. – 190 с.
  15. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 2003. – 719 б.

Автор:Ноғайбаева М.С., т.ғ.к.