Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

БЕЙБАРЫС СУЛТАН


Бейбарыс (шамамен 1217/18–1277) -әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дін Бейбарыс I әл-Бұндуқтари әс-Салих, мәмлүктер (түркі және кавказ текті тұтқындар, ислам дінін қабылдап, сарай әскерінде қызмет еткен мысырлық әскердің негізгі қаймағы) арасынан шығып, Мысырды билеген (12601277) түркі тектес сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері.

Өмірбаяны

Бейбарыстың Сирия мен Мысырдағы саяси ғұмыры туралы деректер жеткілікті болғанмен, оның балалық шағы мен туып өскен ортасы туралы мәліметтер өте аз. Дегенмен, Бейбарыс туралы деректерді оның замандастары мен ортағасырлық араб авторларының еңбектерінен, әсіресе, Мұхаммед бин Әли Ибрагим бин Шаддад әл Халәбидің (1286 ж.ө.) «Сира аз-захир Бейбарс» (“Захир Бейбарыстың ғұмырнамасы”) және Мохи аддин Абдолла бин Абд аз-Захир бин Нишвана әл-Хазами әл-Масридің (1292 ж.ө.) «Ар-рауда аз-захир фи сира ал-малик аз-Захир» (“әл-мәлік аз-Захирдің ғұмырнамасының көрнекті бағы”) атты еңбектерінен табуға болады [1, 726 б.].

Ибн Шаддад та, Мохи ад-дин Абд аз-Захир сияқты Бейбарыстың жанындағы жақын адамдардың бірі болды. Сұлтанның жеке жазары болған дәл осы кісі сұлтанның алтынордалық билеуші Берке ханға жолдауын жазды. Ал Абд аз-Захир сарай жазушысы болды, оның қолымен сұлтанның қатаң бақылауымен Бейбарыстың ғұмырнамасы жазылды. Өз өмірбаянының балалық шағы мен құлдық (мәмлүк) кезеңі туралы мәліметтерді тарихта қалдырғысы келмеген сұлтан талабынан асып кете алмағандықтан автор өз еңбегінде осындай кейбір маңызды мәселелерді айналып өтті.

Дегенмен, Абд аз-Захир өз кітабының кіріспесінде аталмыш мәселеге бір ғана жол арнап жазды: «Бұл сұлтан, Мәлик аз-Захир Рукн ад-дин Әбу-л Фаттах Бейбарс бин Абдулла ас-Салихи ан-Неджми, түріктің «барлы» тайпасынан, Сириядан құдыретті сұлтан Салих Неджметдин Айюбпен бірге келу бақытына ие болды» [2].

Ал-Макризи де өзінің «Ас-сулук» атты еңбегінде: «Бейбарыс түрік. Оны Мәлик ас-Салих Наджметдин Айюб сатып алды» деп жазды. XIV ғасырдағы мысырлық автор әл-Айни «Икду ал-джуман фи тарихахл аз-заман» (“Уақыт тұрғындарының інжу әшекейі”) атты шығармасында Бейбарыстың «мин Бурджоглы кабилятун мин тюрк» атты сөзіне сүйене отырып, сұлтанды «бурдж» тайпасынан шыққан дейді. Әл-Идриси «бурдж» тайпасы Қара теңіздің солтүстігін жайлап жатыр деп жазды [1, 726 б.].

ХІ-ХІІ ғасырлардағы орыс жылнамаларында половецтердің (қыпшақтардың) қатарында «буршевич» ұрпақтарының болғандығын жазады. Қазақ зерттеушілері «бурдж» тайпа атауын қазіргі қазақ халқының құрамындағы «беріш» тайпасымен байланыстырады. Тарихи деректерді талдау сол заманда беріш руының Қырым өңірінде тұрғанын растайды (қазіргі заманда беріш көбінесе Атырау облысында қоныстанған) [3].

Бір қызығы, беріш тайпасының таңбасы жебеге ұқсайды – . Бастапқыда Каспийдің солтүстігін мекендеген иран тілдес парна тайпасының аршак әулетінің таңбасымен өте ұқсас [4, 34б.]. Аршак әулеті (б.з.д. 250 – б.з. 227 жж.) Парфия, Армения, Әзірбайжан, Иберия мен Кавказ Албаниясын билеген әулет екендігі белгілі. 

Түркі қағанаты құлағаннан кейінгі дәстүрлі мекендегі ұзаққа созылған саяси оқиғалардың нәтижесінде жеке мемлекеттік құрылымдарды құруға ұмтылған түрлі түркі этникалық топтары қыпшақ болып, қайта топтаса бастады. Б. Көмековтың айтқанындай «Дешті-Қыпшақтағы этникалық байланыстардың тереңдеуі мен дамуы аймақтағы этномәдени белгілердің бірыңғайлыққа ұшырап, қыпшақтардың қалыптасуына әсер етті. Біртұтас этникалық аймақ, шаруашылық тәсіл, қоғамдық қатынастар мен ортақ тіл қыпшақтардың басқа этникалық топтармен араласуына әсер етті. Қыпшақтардың саяси салмағының артуынан көптеген басқа этникалық топтар мен тайпалар өздерін «қыпшақтармыз» деп атап, осы этнонимді қабылдады» [5, 45 б.]. Міне, сондықтан да беріштердің ирантілдес аршак билеуші әулетімен бір таңбалас болуына кездейсоқтық деп қарамай, тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Бейбарыстың әкесі – Жамақ, ал анасы Әйнек хорезмдік, бербендік қыпшақ. Кейбір Мысыр тарихын зерттеушілердің айтуы бойынша, ол бала кезінде Дешті-Қыпшақ даласынан сатылып алынып, айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданған. Бастапқыда, Бейбарыс Димашықта 800 дирхемге бір саудагерге сатылмақшы болады. Бірақ, ол Бейбарыстың көзінен кемістік тауып, оны сатып алудан бас тартады. Бұдан соң оны әмір Айдакин әл-Бундукдари сатып алады да дәстүр бойынша жаңа мәмлүк Бейбарыс әл-Бундукдари деп аталады. Кейін Бейбарыс, сұлтан лауазымын иеленгенде бұрынғы қожайыны әл-Бундукдариді Димашық билеушісі етіп тағайындайды [6, 102 б.].

Көшпенді тұрмыстың күшеюі, көрші мемлекеттермен соғыстар осы кезеңде түркілердің отырықшылар мекендейтін аймаққа жаппай қоныс аударуына себеп болды. Көшпендiлер Орталық Азияның отырықшы халықтары территорияларын жаулап алу қарсаңында өз аймақтарында түрлi этникалық сапырылыстарға түстi. Олар мал жайылымдары мен өрiстерiне қажеттiлiктердiң өсуi салдарынан өзара жауласуға душар болып, әлсiздерi жеңiлiс тауып, өз иелiктерiн жеңiмпаз қарсыластарына беруге мәжбүр болды да, табын-табын малдарына жаңа жайылымдар iздеп, салыстырмалы бос жатқан жерлерге жөңкiлдi. Сондай-ақ көшпендiлермен арадағы сауданың дамуына байланысты маңызы өскен оңтүстiктегi қалаларға ие болуға бәсекелестiкте түркi көшпендiлерiнiң осы аймаққа келiп орналасуына себеп болды.

Шаруашылық қажеттiлiк итермелеген түркiлер осылайша, салыстырмалы бос жатқан отырықшылар аймағын мал жайылымы ретiнде пайдалануға мәжбүр болды.

ХІ ғасырдың соңында көшпендiлердiң көшу территориясының шектелуi мен көшу шекарасы айқын анықталды. Осындай жағдайда олар оңтүстiктегi салыстырмалы бос жерлерге жөңкiлдi. Бұл жерлердiң бұрынғы иеленушiлерi оны түркiлерге оп-оңай бере салған жоқ. Дегенмен, көшпендiлер бұл қақтығыстарды өздерiнiң саяси мақсаттарының пайдасына шешті. Тарихи деректердi саралау түркiлердiң өз территорияларын тастап шығып, салыстырмалы бос жерлерге жөңкiлуiне олардың мал жайылымдарына қажеттiлiктiң өсуi, Орталық Азияда орын алған саяси оқиғалармен қатар отырықшы халықтармен сауда-экономикалық байланыстарына ұмтылушылықтың да себеп болғанын көрсетедi. Х ғасырдағы оғыздардың Мауреннахр, Хорезм, Хорасан, Джурджанға шабуылының негiзгi мақсаты мал жайылымы мен тұтқындарды қолға түсiрiп, соғыс табыстарына ие болу ғана емес, оңтүстiктегi көршiлерiмен сауда қарым-қатынастарына ұмтылу болды. Б. Көмековтың айтуынша ”қимақ тайпаларының саманилер мемлекетiнiң солтүстiгiндегi отырықшы аудандарға жылжуы олармен сауда қарым-қатынастардың қажеттiлiгiнен туындады” [5,121б.].

Түркілерден шыққан тарихи тұлғалардың өз отанынан жырақтағы аймақтарда, әсіресе, мұсылман елдерінде саяси мансапқа қол жеткізу жолдары әр түрлі болды. Бірінші топқа өзара қырқыстар мен соғыстар нәтижесінде тұтқынға түсіп, құл ретінде жергілікті билеушілердің қызметіне кіріп, кейін әскери мансапқа қол жеткізгендер енсе, екінші топқа жалдамалы сарбаз ретінде өз еркімен қызметке кіріп, жоғарғы мансапқа жеткендер жатады.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Бейбарыс сұлтанның тағдырының шалғай жерде қалыптасуына тарихи отанындағы өзара қырқыстар мен соғыстарға тікелей қатысты болды. Осы кезде түркі қағанаттарында мемлекеттік дәрежеде болған дәстүрлі сенім де өзінің идеологиялық күш қуатынан айырыла бастаған болатын.

Осы кезеңдегі түркі қоғамындағы идеологиялық дағдарыстар жайлы Н. Нұртазина өз еңбегінде «дәстүр солып, мағынасын жоғалтып, тіпті сол табиғи дін, мифология баяғысынан айырылып, өңін айналдырып, ішінен тоқырады, зайырланды. Өтпелі кезеңде түркілер өзара толассыз қырқыс үстінде, тіпті тәңіршілдіктің аз да болса рухынан, этикасынан айырылған дөрекі тайпалар еді, дәлірек айтсақ, затшылдық рухы, дүниеқоңыздық бойларын жеңген тобырға айнала бастаған. Айналысқандары – шабуыл, барымта, өз қандастарын тұтқындап, Хорезм мен Мауереннахрдың базарларына апарып сатты» деп жазады [7, 52 б.].

Ортағасырлық араб деректеріне қарағанда түркілер бұл кезде моральдық дағдарысты да бастан кешкен сияқты. Мысалы, осындай деректердің бірінде қарлықтар жайлы: «қабырғаларына билеушілерінің суреттері салынған ғибадатханалары бар. Қарлықтар бұзылған, зинақорлыққа тиым салмайды. Құмар ойындарының қызығына түскенде әйелдерін, тіпті, балаларын тігіп кете береді» дейді [8,96 б.]. Л.Н. Гумилев та діни идеологияның дағдарысы жайлы «халықтың пассионарлық қуатының төмендеуі этникалық жүйенің соңғы фазасы – ыдырауға жетелейді. Халықтың жауынгерлік рухы әлсіреп, соғысқысы келмеді. Тыныштықты қалады. Хан төңірегіне топтасқан адамдардан гөрі оған разы емес көңіл күйдегі адамдар саны өсті. Халық көңіл көтеруге икем болды. Көшпенділер арасында ұрлық, соғыста жаны үшін қарсылас тарапқа тұтқынға беріле салу етек алды» деп жазады [9, 266 б.]

Тіпті, Күлтегін жазбаларында «Сен түркі халқы барлық елдерді кезіп жүре бердің. Бір өліп, бір тіріліп қаңғыдыңдар» деп түркілердің көрші елдерге босып, жалдамалы сарбазға айналуы анық келтірілген.

Саяси тоқыраумен қатар рухани дағдарысты бастан кешірген түркі тайпалары енді өз еріктерімен, кейде соғыс тұтқындары ретінде көрші мемлекеттерге құл ретінде жұмысқа жегілді. Түркі даласындағы саяси аласапырандардың нәтижесінде басқа елдерге әкетілген түркі құлдары мен күңдерінің сандары өте көп болды. Ислам елдерінде түркілердің еркектерін әскери қызметтерге пайдаланса, әйелдерді үй қызметшісі ретінде ұстады. «Түркі қыздары әдемі, нәзік, ақ жүзді. Олардың көздері қысық, бірақ сүйкімді. Көбісі орта бойлы. Бойшаңдары аз. Олар баланы көп табады. Балалары әдемі әрі шабандоз болады. Олар ұқыпты, асты жақсы дайындайды. Бірақ ысырапшыл әрі сенімсіз» деп жазылды ортағасырлық деректерде [8,96 б.].

Дегенмен, түркi құлдары, өздерiнiң табиғи жауынгерлiк қасиеттерiнiң арқасында құлдарға тән төменгi қызметтерден гөрi, әскери iстерде табысқа жеттi. Осы себептен де бастапқыда төменгi қызметтердi атқарған түркi, уақыт өте келе әскери iске араласып, айтарлықтай мемлекеттік мансаптарға қол жеткiздi.

Низам ал-Мүлiк түркi құлының саманилер сарайындағы әскери мансабын былайша баяндайды: “Алғашқы бiр жыл бойы құл (ғұлам) қызметiн атқарады. Бұл кезде ол зендани матасынан (Бұқарадағы қоныстың атымен аталатын) киiм киедi. Бiр жыл өткен соң хаджиб, шатыр бастығының (висак) келiсiмiмен жай тоқым мен түркi аты берiледi. Үшiншi жылы ол айрықша белбеу (қарашор) алды. Ал, бесiншi жылы жақсырақ ертоқым, жұлдыздармен әшекейленген жүген, қымбатырақ киiм және шоқпар алды. Алтыншы жылы шеру киiмiн, жетiншi жылы “висак баши” шенiн, висак башының лайықтылық белгiсi күмiспен әшекейленген қара киiз қалпақ және гянджа киiмiн алды. Бiртiндеп ол “хайльбашы” (отряд бастығы) және “хаджиб” атағына қол жеткiздi’’ [8,97 б.]. Осындай билiк баспалдағымен ал-Му’тасим халиф пен ал-Висак кезiнде Самарада сарай күзетi командирi болған түркi тектес Айтақ ал-Хазари өз қызметiн аспаз көмекшiсi болып бастады.

Әл-Омаридің жазуынша қыпшақ даласынан қашып келген түркілер өздерінің арлылығымен, батырлығымен, сымбаттылығымен және тектілігімен ерекшеленеді. Халифат әскерiнде көптеген түркi тектес қолбасшылар ғұламдар кезеңiнде қызмет атқарды. Олардың атын атар болсақ: Афшин Аға Бұха, оның ұлы-Мұса, Васиф, кiшi Бұха, Салық, Ибн Васиф, Мұхаммед ибн Бұха, Байқбек, Минкаджавр ал-Ферғани, Зерек, т.б. [8,97 б.]. Біртіндеп жоғары әскери мансапқа қол жеткiзген түркiлер кейде халифтың қолындағы зайырлы билiктi тартып алуға тырысты. ІХ ғасырдың өзiнде-ақ Бағдадта аббасилердiң билiгiн сарайдың түркi ұландары шектедi. Әлсіздік танытқан халифтер кей жағдайда олардың қолындағы ойыншыққа айналды. “Мустайн таққа отырғанда (862 ж.) шонжарлар жұлдызшыларды шақырып алып сұрады: “Айтыңдаршы! Бұл халиф қанша уақыт өмiр сүредi және қанша уақыт тақта отырады?”. Сонда сол жерде тұрған бiр қушыкеш: “Мен жұлдызшылардан да жақсы болжай аламын, түркiлер қанша уақыт қаласа сонша уақыт билейдi” дедi [5, 97б.]. Осы мәлiметтерден-ақ ғұлам-түркiлердiң халифаттағы маңызын сезiнуге болады.

Бейбарыспен тағдырлас тағы бір түркі ғұламы Мұхаммед ибн Абу Садж Афшин 866879 жж. Азербайжан мен Армениядағы халиф билеушiсi болды. Ол кейiн өзiн халифаттан тәуелсiз билеушiмiн деп жариялады. Кейiн оның туысы Юсуф билiктi тартып алып антихалифтық күрестi жалғастырды. 919 ж. Ардебиль қақпасында кескiлескен шайқас болып саджилер жеңiлiске ұшырады. Саджилер халифаттан тәуелсiз өз алтын, күмiс ақшаларын шығарды [5,97 б.]. Дәл осындай жолмен құрылған мемлекет Саманилерде әскери қызмет атқарып, кейiн Ғазна қаласының атымен өз мемлекеттерiн құрып түркi құлы Сабуктегiн негiзiн қалаған ғазнауйлер мемлекетi едi.

Еңбегі

Осылайша, Бейбарыстың жеке ғұмыры мен саяси іс-әрекеті оның туған жері – Алтайдан Қара теңізге дейін созылып жатқан Ұлы Даладағы сол замандағы саяси-әлеуметтік ақуалмен тығыз байланысты болды. Бейбарыстың ғұмыры туралы деректер мен ортағасырлық авторлардың тақырыпқа қатысты мәліметтерін салыстыра отырып талдағанда да сырт көзге тасы өрге домалағандай болып көрінетін тұлғаның осындай дәрежеге қол жеткізуі әсте оңай болмағандығын байқаймыз. Бейбарыс та өзінің қанға сіңген жауынгерлік қабылетінің арқасында басқа билеушілердің көзіне түсе бастайды. Әу бастан-ақ ол қарапайым құл емес, жауынгер ретінде өзін таныта бастайды.

Бейбарыс өте епті, пысық бозбала болып өсті. 1246 жылы феодалдық қырқыстар кезінде сұлтан ас-Салих оның осы қасиеттерін бірден байқап, басқа мәмлүктермен қоса сұлтаннан тартып алып, өзінің жеке ұланындағы бір топқа сардар етіп тағайындады. Бірақ, Салих қайтыс болған соң оның ұлы Тұран шах пен мұрагері Айбек мәмлүктерге сенімдерін азайта бастады.

Осы кезде Бейбарыс мәмлүктерден құтылуды көздеген Тұран шахқа қарсы қастандық ұйымдастырғандардың қатарында болып, оны өлтіруге қатысты. Жаңа сұлтан Му’иаз әд-Дин Айбек (12501257) таққа отырысымен, қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Осыған байланысты Бейбарыс біраз уақыт бой тасалап, Сирияға кетуге мәжбүр болды. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Бейбарыс Каирге қайта оралды.

Таққа отырған жаңа сұлтан (12591260) Музаффар Сайф әд-Дин Құтыз Бейбарысқа Бағдатты алғаннан кейін (1258) Сирия мен Мысырды бағындыруға ұмтылған, Иранды билеген моңғол-түркілік Хулагу әулеті әскерлеріне қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста Бейбарыс өзінің ержүректілігімен айрықша көзге түсті. Хулагу әскерлерінің одан кейінгі шабуылдары еш нәтиже бермеді. Бейбарыстың жеңісіне іштарлық жасаған Құтыз сұлтан әмірлерге мол сый-сияпат жасап, оны елеусіз қалдырды. Осындай әділетсіздікке көне алмаған Бейбарыс басқа әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтыз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Бейбарысты Мысырдың сұлтаны деп жариялап, 1260 жылдың соңында Бейбарыс салтанатты түрде Каирге кіреді. Бейбарыстың ресми аты-жөніне «Рукн ад-Дин» («Діннің тірегі») титулы қоса берілді. Бұл титул Бейбарысқа крестшілерге қарсы табысты соғыстары үшін беріледі [6, 105 б.].

Өкімет басына келісімен Бейбарыс өзінің бар күш-қажырын крест жорығына қарсы шабуылдарға дайындалуға жұмсады. 1265 жылдан бастап крестшілер бекінген қамалдарды бірінен соң бірін ала бастады. 1267 ж. Кіші Армения патшалығына, 1275 ж. Кіші Азия селжүктеріне қарсы жорықтар жасады. Бейбарыс Мысырды билеп тұрған кез исламның алғашқы жылдарында мұсылман иеліктері халифаттың әлсіреуімен қайта уыстан шыға бастаған кезең еді. Еуропадан ұйымдастырылған сегізінші крест жорығы 1270 жылы басталды. Бейбарыс бұл крест жорығының бетін қайтарғанмен қоймай, бұрын олар жаулап алған аймақтарды қайта босатты. Ол 1265 ж. Сафадты, 1268 ж. Антиохияны, 1271 жылы Хисын Әл-Аккрадты, 1267 ж. Армян Киликиясын жау қолынан азат етті. Крест жорықтары мен селжүктердің ықпалын әлсіреткен соң, Иран мен Ирак жерінде үстемдік құрған ильхандар мемлекетін билеуші Шыңғысханның ұрпағы Хулагу әулетіне қарсы Алтын Ордамен одақ жасасты.

Хулагу келгенге дейiн Иранды жаулап алған моңғол-түркiлер бастапқыда Жошы ұлысымен тығыз қарым- қатынаста болды. Басып алынған жерлер жалпы Шыңғысхан әулетіне ортақ игiлiк ретiнде пайдаланылды. Жошы ханзадалары мен нойондары Иранды жаулап алуға қатысты [8,134 б.]. Хулагудың Иранды жаулап алуынан соң Жошы ұлдарына Ирандағы құқығының қандай да бiр бөлiгi егiндiк жер, қалалар қалды. Берке мен Хулагудың арасындағы жанжалға Жошы ұлдарының құқығының аяққа басылуы мен халифтың өлiмi себеп емес, сылтау болды. Осыған қарамастан Иран мен Алтын Орда арасында экономикалық, саяси мәдени, құбылыстар пәрмендi түрде бiр-бiрiне өте ұқсас түрде дамыды. Қыпшақ даласы орта ғасырлық тарихи шығармаларда Қыпшақбашы деп те аталады. “Тарихи Олжайтуда” 1336 ж. Сұлтание қаласына Қыпшақбашы ұлысы патшасы Өзбек оғылдан елшi келдi деп жазады [8, 135 б.]. Есенбұқа оғыл Өзбекке Темiрхан Жошы ұлысының патшалығына лайық емес, Қыпшақбашы билiгi Маңқыдуға берiледi деп хабар жiбердi. Бұл деректерден Алтын Орда мен Ильхан ұлысы арасында белсендi саяси қатынастардың орнағанын бақылау қиын емес.

Хулагу Бағдадты алып, аббасилер мемлекетін құлатқан соң, басты мұсылман қарсыласы Мысырмен соғысып жатқанда Жошы ұрпақтарымен арада қақтығыс орнады. Оның басты себебi моңғол аттыларының қыстауы болған Азербайжан жайлаулары едi. Хулагуға дейiн бұл жер Алтын Ордаға тиiстi болды. Сонымен бiрге Берке өзiнiң Хулагуге көрсеткен әскери көмегi үшiн Каспий маңы  қыстаулары мен қалаларын берудi талап еттi. 1262 ж. Берке ұлысы исламды қабылдауымен Мысыр мен Алтын Орда дипломатиялық қарым-қатынас жасай бастады, елшiлiктер алмасты. Жошылар үшiн Дербент өткелi сауда жолы болды. Дегенмен, Хулагу қайтыс болған соң, оның ұлы Олжайту кезiнде Жошы ұлысымен жағдай қайта жақсарды [8,138б].

Жалпы, Бейбарыстың Алтын Ордамен ынтымақта болуының этникалық себептері де бар сияқты. Өйткені, Алтын Орда бұрынғы Бейбарыстың атажұрты–Дешті-Қыпшақтың орнында пайда болған мемлекет еді. Алтын орда ханы Берке мен ильхан мемлекетінің билеушісі Хулагу арасында жер таласы етек алғанда мәмлүктер Беркені қолдайды. Берке өз әскеріне «егер әскерді Алтын Ордаға қайтару мүмкін болмаса, онда мәмлүктік Мысырға өтіңдер» дейді. Мысыр мен Алтын Орда арасында Бейбарыстан бергі уақыт ішінде ХV ғ. дейін достық қатынас орнады. Каир мен Сарай арасында осы 200 жыл ішінде елуге жуық елшіліктер барып-келіп қайтты. Кейін Тоқтамыс тұсында Мысыр, Османия, Алтын Орда арасындағы қайта өршіген одақтастық байланысын бір кезде Бейбарыс сұлтан бастап беріп еді. Ол Алтын Орданың исламды қабылдауын жақтады.

Бейбарыс сұлтан дәрежесіне қол жеткізе салысымен алтынордалық хан Беркемен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Әмин әл-Холидің жазуынша, Бейбарыс сұлтан кезінде Дешті Қыпшаққа 8 дипломатиялық елшілік барып қайтқан [1, 728 б.]. Бұл одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталды. Бұл саяси байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуын тек саяси себептермен байланыстыру әділетсіздік болар еді. Мысыр елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата-бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман-тілегі де жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін “Қыпшақ Мысыры” атандырған мәмлүк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де қашан мәмлүк-қыпшақ әулетінен күш кеткенше “Алтын Орда” атанған Қыпшақ елінен, өздерінің ата-мекенінен қол үзбеуге ұмтылады.

Араб жылнамаларында Сейіт Мұхаммед сұлтанның ұлының сүндет тойына Берке ханның елшілерінің де қатысқандығы туралы жазады: «Сұлтан (Бейбарыс) осы ұлық күннің куәгері болуға оның сарайында қонақ болып отырған Берке падишах пен оның уәзірі Яфаның елшісін де шақырды. Олар бұл шақыруды қуана қарсы алып, (тойға) қарай шықты» [1, 735 б.].

Мысыр сұлтаны болып, Алтын Ордадан келген қоныс аударушыларға үлкен қолдау көрсетті. Әл-Омари: «Патшалар олардан (мысыр сұлтандары түрік мәмлүктерден шыққан) шығып, өз туыстарына бүйрегі бұрып, көбеюіне мұрындық болды, Мысырға келген оларды жан-жақты қолдады. Оның жерінің (Мысырдың) шонжарлары мен әскербасылары, билер мен мемлекет қаймағы осылардан шықты. [1, 732б.]. Мысырға келген түркілерге Бейбарыс Каир қамалы Баб әл-Лүк қақпасына жақын бағалы жерден жер телімдерін берді. [1, 733 б.].

Беркенің жіберген елшілігіне жауап ретінде ол Алтын Ордаға әмір Сейфетдин Құшарбек пен заңгер Меджеддин бастаған ресми елшілік жібереді. Бейбарыс ресми хатпен қоса «өзінің қазы Тәжаддин растап қол қойған шежіресін» қоса жібереді [1, 736 б.]. Осылайша Бейбарыс Беркені дінсіздерге қарсы күреске шақырумен қатар, өзінің де шыққан тегінің алтынордалықтармен тамырлас екендігін білдіреді.

Мысыр мәмлүктерi тілмәш ретінде қыпшақ тiлiн бiлетiн Дештi-Қыпшақтан қашып келген мамандар ұстады. Сол дәуiрдегi Мысырдың мәмлүк билеушiлерiнiң түркi тiлiн бiлмеулерi оларды осы әрекетке итермелегенi анық [8,140 б.].

Сұлтан Бейбарыс хижри 676 жылы мұхаррам айының 28-күні, миләди 1277 жылдың 2-мамыры күні қайтыс болды. Ол билік басында 17 жылдай болды. Ол қайтыс болған соң орнына ұлы Насыраддин отырды. Алайда, Бейбарыстың балалары билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады. Билікке жетуге тырысқан мәмлүк әміршілері оның ұлдарын өлтіріп, ақырында қыпшақтан шыққан келесі әмірші Сейфуддин Қалауын билікке келді. Бейбарыс 1277 ж. шілденің 1-інде Димашық қаласында қайтыс болып, аз-Заһариа кітапханасына күмбезінің астына жерленді. Оның сүйегі Димашықтағы Баб-уль-Барид зиратына қойылды [10].

Оның билік еткен тұсында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері дамыды. Замандастарының айтуынша сұлтан ат ойындарын, аңға шығуды, сайыстарды жақсы көретін. Сұлтан өзінің қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған.

Билік тізгінін мықтап қолға алған Бейбарыс әр қаланы күшейтіп, әрбір қалада тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Сұлтан тұсында мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Мәмлүктерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпестер ағылып келе бастады. Барлық өзендерге көпір және әрбір қалаға бір мешіттен салынды. Каналдар мен бөгеттерді жөндетеді [11].

Елдің ішкі саясатында Бейбарыс сұлтан аса көреген саясат ұстанды. Мұсылман мемлекетінің тұғырын нықтап, өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Бейбарыстың дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Ішкі саясатта ішкі көтерілістер мен бүліктерді басу арқылы елдің іргесін мықтап бекітті. Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді.

Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Суннит жолын ұстанатын төрт мәзһаб қазыларынан төрт қазы тағайындады. Әл-Азһар мешітін қалпына келтіріп, түбегейлі өзгертіп, мешіт-медресеге, шартараптан шәкірттер ағылатын іргелі оқу ордасына айналдырды. Мысыр мен Димашықта көптеген медреселер салдырды. Соның ішінде Каирдегі «Заһири медресесінің» ғимараты жақсы сақталған. Медреселерде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді [10].

Мысырдан өзге Мәдинадағы Пайғамбардың мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделіп, жаңартылды. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйін құрды.

Бейбарыс ислам діні мен мұсылмандардың белсенді қорғаушысы болды. 1260 ж. Каирде салтанатты жағдайда саяси биліктен ада, тек рухани мекеме ретінде аббас халифаты қайта қалпына келтіріледі. Бағдаттан қашып келген аббас әулетінің бір мұрагерін халиф тағына отырғызып, Каирды халифаттың рухани астанасына айналдырды.

Бейбарыстың ислам тарихындағы маңызы да оның ислам әлемін крестшілер жорықтарынан қорғап қалуымен өлшенеді. Ол өзінің санаулы ғұмырын исламның христиан әлемімен шектесетін қиыр шетін крестшілерден қорғаумен өткізді. Моңғол шапқыншыларына қарсы Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтас болды. Нәтижесінде Берке хан Ислам дінін қабылдап, Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыс күшейді. Ирак пен Иран жерін жаулап алған Хулагу мен оның ұрпақтарына қарсы одақтасты [11].

Бейбарыс сұлтан ислам жауларына қарсы қуатты әскер, теңіз флотын құрып, қару-жарақпен жабдықтады. Бейбарыс өз билігі кезінде қорған салып, қару-жарақты көбейтіп, кемелер жасатады. Тұрақты әскер құрылады. Ол алғашқы рет артиллерияны соғыс шебінде қолданысқа ендірді. 1260 жылғы Айн-Джалут шайқасында моңғол әскеріне қарсы зеңбіректен отты доптарды қарша боратты. Мәмлүк әскерінде «мидфа» деп аталатын темір зеңбіректер, ататын доптар, оқ-дәрімен атылатын зымырандары болды. Кейін бұл артиллерия Еуропада пайда болып, 1314 ж. испан королі Фердинанд бұл жаңалықты Гибралтарды қоршағанда пайдаланды. Ал, ағылшындар болса дәл осы технологияны жүзжылдық соғыс кезінде 1346 ж. Крест шайқасында француздарға қарсы пайдаланды [12].

Ұлықталуы

Қазіргі таңда елімізде Бейбарыс сұлтан атына ауыл, мектеп, мәдени ошақтар есімі берілген. Қазақтың зиялы қауымы Бейбарыс сұлтан туралы хабардар болғанмен, былайғы жұртшылық алғаш рет даңқты бабамызды 1989 ж. КСРО-ның «Совэкспортфильм» киностудиясы мен Мысырдың «Эль Аламия» студиясы бірігіп шығарған «Сұлтан Бейбарс»  көркем телефильмі арқылы таныды. Фильмді Мориса Симашконың «Емшан» шығармасының желісі бойынша режиссер Болат Мансуров түсірді. Басты ролді Н. Жантөрин сомдады.

2007 ж. еліміз Сирия астанасы Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіруді қолға алып, қаржы бөлді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, мешітті реставрациялау жобасының қазіргі жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 4,5 миллионын Қазақстан үкіметі кезінде бөлді. Мысыр болса, қоса қаржыландыру мақсатында 100 миллион египеттік фунт (шамамен 5,6 миллион доллар) аударған.

ЭКСПО-2017 көрмесіне орай еліміздің астанасындағы ұлттық музейде «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» деп аталатын көрме ашылды. Мысыр мен Сирияға билік жүргізген мәмлүк сұлтаны Бейбарыстың өмірі мен сол дәуірдің тарихын көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрмеде Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын ислам өнері музейі жинағынан тың жәдігердің 22 данасы қойылды.

Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс қорының басшысы С. Исқақов Мысыр, Иордания Корольдігіне, Шам, Палестина, Ливан және Иерусалим секілді қыпшақ мәмлүктердің иелігінде болған жерлерге “Бабалар ізімен” тарихи-ғылыми экспедициясын ұйымдастырып, тарихи жерлерді зерттеп, жергілікті тарихшылармен кездесті.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

1.Сайфетдинова Э.Г. Личность султана Бейбарса и его роль в развитии взаимоотношений мамлюкского Египта с Золотой Ордой по арабским источникам // Золотоордынское обозрение. Т. 5. № 4.  2017. С. 726-735.

2. Әлібекұлы А. Бейбарыс бейнесі халық қиялы мен тарихи жазбаларда // Қазақ әдебиеті. 2013.  7 қараша.

3. Әміржанұлы А. Бейбарыс сұлтан // Қазақ батырлары. 2000.  № 10 (27).

4. Жеңіс Ж.Ж. Көне ирандық тайпаларының таңбалары // Қазақтану. – 2009.  № 7. Желтоқсан. 1824 б.

5.Кумеков Б.Е. Государство кимаков  ІХ-ХІ вв. по арабским источникам. -Алматы: Гылым, 1987. -121 с.

6.Бейбарыс: Арабтың халық романы (орыс тілінен аударған С. Абдрахманов). Астана, Елорда. 2000. 325 б.

7. Нұртазина Н. Қазақ мәдениеті және ислам (тарихи-мәдениеттанулық зерттеу). –Алматы: Өнер. 2002. –208 б.

8. Жеңіс Ж.Ж. Ежелгі және ортағасырлардағы Иран мен Тұран. –Алматы: Алтын шаңырақ. 2016 ж. 238 б.

9.Гумилев Л.Н. Тысячилетие вокруг Каспия. –М.: ООО Издательство АСТ, 2000. – 439 с.

10. Құл-Мұхаммед М. Бейбарыс сұлтан  // Жас Алаш. 2000. №12. 16 қыркүйек.

11. Кекілбайұлы Ә. Бейбарыс. Тұла бойы тұнған жұмбақ тұлға // Егемен Қазақстан. 1999.   8 қазан.

12. Первым, кто применил артиллерию на поле боя, был султан Бейбарс. URL: https://smkz.kz/pervym-kto-primenil-artilleriyu-na-pole-boya-byl-sultan-bejbars/.