Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ОРЫС (ҰРЫС) ХАН


Орыс (Ұрыс) хан (1361-1377–1374-1375) – Алтын Орданың билеушісі, қазақ хандары әулетінің атасы.

Өмірбаяны

Орыс хан қазақ хандары әулетінің негізін салушы және Ақ Орданың даңқты билеушісі ретінде белгілі. Орыс хан араб-мұсылман деректерінде Мухаммед атымен белгілі. Ортағасырлық деректерде «(7)76 (12.VI.1374–1.VI.1375» жылдары бұл хандықты (Ақ Орда – авт.) Урус атты адам бастады. Айбек ханды тақтан тайдырған сол еді. Оның аты Мухаммед, ал Урусь лақап аты болар» деген мәліметтер сақталған [1, б. 407].

Орыс ханның есімі әдебиеттерде әртүрлі жазылып келеді. Ұрыс хан немесе Орыс хан деген атпен белгілі болды. Зерттеуші Т. Султанов ханның лақап есімінің Орыс деген атпен белгілі болуын «Орус» этнонимикасының фонетикалық түрі деп түсіндіреді [2, б. 139]. Зерттеуші З. Қинаятұлы да оны Орыс хан деп жазады және бұл лақап атаудың шығуын ханның түр түсінің орысқа ұқсауымен, яғни сары шашты, сары түсті болуымен байланыстырады. 

Орыс ханның туған жылы белгісіз.Осы мәселеге арнайы тоқталған З. Қинаятұлы «Әкесі Шымтай орда тағын билеп тұрған 1345-1361 жж. оған «Сарай билігін қолға алу» жайлы ақыл-кеңес бере бастағанына қарағанда, ағасы Мүбәрәк қожаның тәуелсіз саясатын қолдаушы, жалғастырушы ретінде еліне танылғанын ескерсек, ол әкесінің көзі тірісінде Ақ Ордадағы саяси тұлға ретінде қалыптасқанын көре аламыз. Моңғолдардың ата дәстүрі бойынша қол бастау 25-30 жастан, ел бастау 40 жас шамасынан басталады. Моңғол жұртында «Дөч Хүрсэн эр, дөрөв дарсан ат» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл «Қырыққа толған ер елдің жүгін, төрт тісті атан үйдің жүгін көтерер» деген мағына береді. Шыңғысхан 44 жасында дүйім моңғолдың, Жошы 44 жасында Жошы ұлысының хан тағына көтерілсе, бұл әулеттен шыққан төрт ұлы қағанның барлығы да қырықтан асқан шағында қаған тағына отырғаны белгілі. Қанша батыр болса да 25-30 жасқа толаған ер қол бастамаған. Орыс ханның ұлдары (Тоқтақия, Құтылық Бұға) 1374-1375 жж. Тоқтамысқа қарсы жорықта қол бастап шықты. Осыларға қарағанда Орыс хан 1361 жылы 40-45 жас шамасында таққа отырып, 50-55 жас шамасында (1377-1378) дүниеден өткен болуы мүмкін бе деп пайымдауға мүмкіндік бар. Олай болғанда 1323-1325 жылдар шамасында дүниеге келуі мүмкін» [3, б. 242] деген пікір білдірген.

Орыс ханның өмірбаянындағы тағы бір маңызды мәселе – ханның шығу тегіне қатысты. Орыс ханның шығу тегін анықтау арқылы біз қазақ хандарының шежіресіне қатысты даулы мәселеге нүкте қоя аламыз. Зерттеуші Б.Б. Кәрібаев қазақ хандарының шығу тегі мәселесіне қатысты: «Бұл сұраққа дұрыс жауап тапқанымызда біз, ХІІІ-ХV ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы мемлекеттілік, саяси, билеуші әулеттер тарихының мәселелерін, ең бастысы Қазақ хандығындағы билеуші әулеттің шығу тегі мен ол әулеттің ХV ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстан аумағындағы тарихынан хабардар боламыз. Сондай-ақ Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек хандардың не себепті жаңа этникалық сипаттағы мемлекетті қалыптастыруға күш салып, күрескенін түсіне аламыз. Міне, сол себепті де, тарихшылар үшін Қазақ хандығының құрылуы тарихын зерттеуде хандықтың негізін қалап, оны билеген әулеттің шығу тегін анықтаудың маңызы ерекше» деп атап көрсеткен болатын [4, б. 364].

М.Қ. Әбусейітова «Қазіргі кезде қазақ хандары әулетінің шығуы жөнінде екі түрлі пікір бар. Зерттеушілердің бір тобы оларды Орда Еженнен таралады деп есептейді», – дей келе, «қазақ хандары Жошының он үшінші ұлы Тұқай Темірдің ұрпақтары», – деген өзінің пікірін ұсынады [5, б. 38]. Ал белгілі тарихшы З. Қинаятұлы болса, «Қазақ мемлекетінің бастауында Орыс хан, оның ұрпақтары тұрғандығы ғылымда мойындалған шындық. … Орыс хан қазақ хандарының атасы деп танылады. Орыс ханның ата тегі жайлы тарихи әдебиетте екі жақты пікір бар, – деп жазады да, әр пікірге негіз болған жазба деректер мен әр пікірді жақтайтын бірнеше тарихшыларды атап өтеді [3, б. 227-229].

Қазақ хандары Тұқай Темірден тараған деген пікірді Ш. Уәлиханов, Ш. Құдайбердіұлы, Құбанғали Халид, В.П. Юдин, М.Қ. Әбусейітова жақтайды. Ал ордаежендік бағытты ұстанатындарға В.В. Вельяминов-Зернов, Стэнли-Лэн-Пуль, М. Тынышпаев, М.Г. Сафаргалиев, А.Ю. Якубовский, П.П. Иванов, К.И. Петров, Б.А. Ахмедов, Г.А. Федоров-Давыдов, К.Э. Босфорт, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, З. Қинаятұлы, Б.Б. Кәрібаев жатады. Қазақ хандары Тұқай Темірден таралады деген пікірді жақтаушылар Әбілғазының дерегіне сүйенеді. «Ұрыс шыққан әулет, Әбілғазының айтуынша, Жошының кіші ұлдарынан тарайды, олардың аталары Тоқай Темір», – деп 1856-1857 жылдары Ш. Уәлиханов жазса [6, б. 162], Ш. Құдайбердіұлы «Жошының төртінші баласы – Тоқай Темір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр – Абылай ханның арғы атасы осы еді», – деп көрсеткен [7, б. 51].

Орыс ханды тікелей Орда Еженнен тарататын мәліметтерді Рашид ад-дин, Муин ад-дин Натанзи, Гаффари мен Хайдар Разидың шығармаларынан кездестіреміз [8, б.  66-71; 9, б. 129-131; б. 210-211; б. 214-215].

М. Тынышпаев қазақ хандарының соның ішінде Орыс ханның Орда Еженнен тарайтындығын қазақ дәстүрі бойынша шежіредегі аталардың буынын санау арқылы көрсетіп, сондай ақ, «тіпті қазақтарда, оның ішінде Шыңғыс ұрпақтарында белгісіз бір Ежен хан жөнінде естелік қалған (кейбір төрелер оны өздерінің түп атасы деп санайды), ал Тұқай Темір оларға мүлде беймәлім» [10, б. 170] деп дәлелдейді.

Зерттеуші Т.И. Сұлтанов Тұқай Темір мен Орда Ежен ұрпақтарының ұлыстарының аумағын анықтай келе, «Орыс хан – Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпағы деген қорытынды жасаймыз», – деген тұжырымға келген [2, б. 143-144].

Қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен таралған деген пікірді З. Қинаятұлы монғол тіліндегі дерек мәліметіне сүйеніп дәлелдейді. Ол Орыс ханның шығу тегі Орда Еженнен бастау алады деген пікірді қостайтынын білдіре келе, оны «тек араб, парсы тарихи шежірелері ғана емес, Моңғолдың төл тарихи шежірелерінің бірі «Чингис хааны язгуур торлийн цадигууд» (Шыңғыс ханның ата шежіресі) де растайды. Шежіренің (цадиг) №5 кестесінде Жошы әулетінің Ақ Ордалық хандар кестесін Шыңғыс хан – Жошы – Ордана – Кали (Кули) – Буян (Баян) – Сасыбұқа – Абисан (Эрзен) – Шымтай – Орыс хан деп, Орыс ханды Орда Еженнің тоғызыншы ұрпағы деп таниды», – деген болатын [3, б. 228-230].

Зерттеуші Б.Б. Кәрібаев қазақ хандарының, соның ішінде Ұрыс ханның шығу тегін ордаежендік деген пікірді қолдай келе, Орыс ханның ата тегін Тұқай Темірден тарататын ортағасырлық жазба деректерді, соның ішінде шайбанилык  ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған, авторы белгісіз, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінің субъективтілігін анықтаған.

Зерттеуші «қазақ хандарының шығу тегін бұрмалап көрсету Мауереннахрдағы шибан әулетінен басталып, Хорезмдегі шибан әулетіне де кең таралады. Жалпы, Шибан әулеті өкілдерінің Тұқай Темір ұрпақтарына қарап, «Біз сендерден артықпыз» деуі – олардың Мауереннахр мен Хорезмнен басқа Шығыс Дешті Қыпшақта да билік жүргізуге ұмтылғандығын, ал қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билік етуге оларға қарағанда құқын төмен екендігін көрсетеді. Осылайша, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегіндегі шежірелік материалдарға сыни көзқараспен қарау – қазақ хандарының арғы атасын – Жошының кенже ұлы Тұқай Темірден таралады деген мәліметін қате, әдейі бұрмаланған деуге негіз береді. Соған байланысты осы қате, әдейі бұрмаланған мәліметке сүйеніп пікір айтқан зерттеушілердің де тұжырымдарын бұрыс деп есептейміз» деген қорытынды жасайды [4, б. 380].

Осылайша, Орыс ханның шығу тегінің ордаежендік екендігін қолдай отырып, Орыс хан әулетінен тарайтын қазақ хандарының да шежіресін айқындай аламыз.

Еңбегі

Орыс ханның өмірі мен қызметі жалпы Ақ Орда тарихымен, оның ішінде Ақ Орда мемлекетінің ХІV-ХV ғасырдағы саяси тарихымен, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Алтын Ордаға тәуелсіз хандардың өз билігін нығайту жолындағы күресімен, кейініректе – Ақ Орда хандарының ыдырап бара жатқан Алтын Ордадағы қырқысқа араласуымен, содан соң Орта Азия билеушісі Әмір Темірдің агрессиясына тойтарыс берумен тікелей байланысты [11, б. 103]. 

Тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда Шығыс Дешті Қыпшақ деп аталған Қазақстанның далалық бөлігі Ақ Орда мемлекетінің аумағын құрады. 

Нақ осы аумақта жергілікті этникалық негіздегі Ақ Орда, одан кейін Әбілхайыр хандығы сияқты мемлекеттер құрылып, өмір сүрді. Ақ Орда мемлекетінде  Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтары билік құрды. Олардың Сарай тағында отырған Алтын Орда хандарына бағыныштылығы сөз жүзінде ғана сақталған. Рашид ад-Дин бұл туралы Ақ Орда билеушілері өздерін Батый хан ұрпақтарының вассалдарымыз деп сөз жүзінде ғана санағандарымен, іс жүзінде «өз ұлысының тәуелсіз патшалары» болғандығын атап көрсеткен [8, б. 66].

Рашид ад-Диннің жазуынша Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және ол қайтыс болғаннан кейін де, Жошының мұрагері ретінде оның екінші ұлы Бату болғанына қарамастан, үлкен бедел мен құрметке ие болған. Тіпті Менгу-қағанның жарлықтарында Орданың аты алдымен қойылатын. Олар (Орда Ежен ұрпақтарының) өз патшалары мен билеушілері ретінде Бату мұрагерлерін санайтын дәстүрлеріне [9, б. 41-42] қарамастан іс жүзінде өз ұлыстарының тәуелсіз билеушілері болып табылған. Бұл жағдайды археологиялық ескерткіштер де дәлелдей түседі. Арада біраз уақыт өткенде Ақ Орда билеушілері Сығанақ қаласында өз атттарынан теңге де шығара бастаған [12, б. 160-163].

Ақ Орда мемлекетінің пайда болуы Батый тұсында Жошы ұлысының оң және сол қанатқа бөлінуімен байланысты болды. Алтын Орда мемлекетінің оң қанаты Батуға, сол қанаты Орда Еженге берілген. Орда Ежен інілері Удур, Тука-Тимур, Шингкур, Сингкуммен мемлекетің шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жерлерді иеленген [9, б. 41-42]. Сондай-ақ сол қанатқа Жошының бесінші ұлы Шибанның да ұлысы кірген [13, б. 62].

ХІV ғасырдың 50-60-шы жылдарынан бастап Ақ Орда аумағын, яғни Шығыс Дешті Қыпшақты мекендеген тайпалар көбінесе «өзбектер» деген атаумен белгілі бола бастайды. Тарихи зерттеулерде ХІV-ХV ғасырлардағы «өзбек» атауы этноним ретінде емес, негізінен Шығыс Дешті Қыпшақтың жергілікті түркі және түркіленген моңғол тайпаларының жалпы, саяси жиынтық атауы ретінде қолданылғаны мойындалған. Сондықтан ХІV-ХV ғасырдың алғашқы жартысындағы Дешті Қыпшақ халқының негізін қалаған ру-тайпалар «92 баулы өзбек тайпалары» ретінде белгілі. Бұл 92 санын құраған ру-тайпалардың нақты тізімі бірнеше ортағасырлық деректерде сақталып қалған. Міне, осы дерек мәліметтерін жан-жақты талдап, ғылыми айналымға енгізген зерттеуші Т.И. Султанов 92 өзбек тайпаларының нақты тізімін беріп, оларды бірнеше белгілеріне сәйкес талдайды [14, б. 26-51]. Бұл ру-тайпалардың 20-сы, яғни жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ, қаңлы, маңғыт, табын, тама, рамадан, үйсін, телеу, кердері, шеркес, керей, оймауыт, қырқ, керейіт қазақ халқының ру-тайпалық құрамында кездеседі.

ХV ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси бірлестіктері – ХV ғасырдың алғашқы жартысындағы көптеген ұсақ ұлыстар мен Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығының Орта және Кіші жүзі іс жүзінде біртектес этникалық құрамнан тұрған. Олардың этникалық негізін әртүрлі пропорциядағы бір-бірінен мәдени-тұрмыстық, тілдік, шаруашылықтық тұрғыдан ешбір айырмашылықтары жоқ, бірдей түркі және түркіленген тайпалар құраған [15, б. 232].

Ортағасырлық деректерде де осы аталған мемлекеттер мен құрылымдарда Жошы ұрпақтарының билік құрған бұтақтарына бағынған бір ру-тайпадан шыққан әмірлер мен бектердің есімдері жиі аталады. Әсіресе, деректерде де қыпшақ, найман, қоңырат, қарлұқ, үйсін, керей, маңғыт сияқты ірі тайпалардың атаулары жиі кездеседі [16, б. 96-98, 143-144, 146].

Орыс хан тұсында Ақ Орда Алтын ордадан бөлініп, жеке мемлекетке айналды. Жалпы Алтын Орда тарихындағы 20 жылға созылған «дүрбелең жылдары» саяси дағдарыс күшейе түсті. Алтын Ордадағы сеператистік қозғалыстар жалпы Жәнібек хан тұсында-ақ байқала бастағанын атап өтуге тиіспіз. Ортағасырлық парсы тарихшысы Муин-ад-дин Натанзи Ақ Орда ханы Сасы Бұқаның 30 жыл билік құрған кезеңінде Алтын Орда хандарына бағыну жолы мен құрылтайға қатысудан бірде-бір рет бас тартпағанын жазады [9, б. 129]. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен де беделі Өзбек ханмен бірдей дәрежеге жеткеніне қарамастан, бағынушылық жолынан бас тартпаған [9, б. 129]. Ал, оның ұлы Мүбәрәк қожаның дербестікке ұмтылған әрекеттері сәтсіз аяқталғаны белгілі. Мүбәрәк қожа Сайын хан (Батый) ұрпақтарына бағынудан бас тартқанымен, оның бүлігі халық ішінен қолдау таба алмаған [9, б. 129]. Ал, Жәнібек, Бердібек, Келдібек хандар тұсында билік құрған Шымтай «дүрбелең жылдары» Алтын Орда тағын иеленуден бас тартқан [9, б. 129].

Ақ Ордадағы Шымтай ханның 17 жыл билік құрған кезінде Алтын Орданың батыс иеліктерінде басталған шиеленістер Ақ Орданың Сарайдан бөлінуіне ықпал етті. «Ескендір анонимі» бойынша Ақ Орда билеушісі Шымтай өзінің билігінің соңғы жылдарында бұрынғы Орда Ежен ұлысын тәуелсіз түрде жеке өзі басқарды. Ал, Шымтайдың ұлы Орыс хан тұсында Ақ Орда тәуелсіз елге айналды.

Орыс әкесі Шымтай хан өлгесін 1361 ж. Ақ Орданың тағына отырды. Әкесінің көзі тірісінде-ақ орданың саяси өміріне араласа бастаған еді. Ақ Орда тарихында да орын алған саяси тұрақсыздық кезеңінде Ақ Орда әлсіреп, Сырдария бойындағы бас қалаларынан айырылған болаты. Муин ад-Дин Натанзидың хабарлауы бойынша хижраның 751-765 (1351-1364) Алтын Ордада Орда Ежен әулетінен тараған 8 хан өлтірілді. Бүліншілік орда билігіне 1361 ж. Орыс ханның келуі арқасында бірер уақыт тыныштық тапты. Ол ең алдымен Ақ Ордадағы ішкі алауыздықтарды тиды.

Ақ Ордадағы бүліншілік жылдары шығыс Дешті Қыпшақ аумағында да жергілікті тайпа басшылары – әмірлердің биліктері нығая түскен еді. Мәселен, белгілі зерттеуші В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыснаме» еңбегіндегі мәліметтерді талдай келе, Өзбек хан тұсындағы белгілі әмір қыйат Исатайдың ұлы Жыр Құтлы Шығыс Дешті Қыпшақта біраз уақыт билік құрғанын анықтайды. Автор Өтеміс қажының бұл турасындағы мәліметтерін келесі бір дерек Қадырғали Жалайыридың мәліметтерімен нақтылай түседі. Бұл дерек бойынша Жыр Құтлының біраз уақыт билікті иеленіп, кейін Орыс ханның қолынан қаза тапқаны туралы айтылады. Сондықтан В.П. Юдин ХІV ғасырда бір уақыт Шығыс Дешті Қыпшақтағы билік тайпа билерінің қолында болған деген тұжырым жасайды [17, б. 61]. Біз кейінгі оқиғалардың бұдан әрі дамуын бақылай отырып, зерттеуші пікірінің нақтылығына көз жеткізе түсеміз.

Мәселен, Тоқтамыс хан өзіне қолдау көрсеткен Шығыс Дешті Қыпшақ ру-тайпалары шырын, барын, арғын, қыпшақтарға арқа сүйеп, Шымтай ханнан кейін Ақ Ордадағы билікті иеленген Орыс ханға қарсы шығады. Мұның бір себебі Орыс хан билікті қолына алысымен өзіне бағынудан бас тартқан билеушілер мен әмірлерді жазаға ұшыратқаны белгілі. Солардың ішінде Маңғышлақ өлкесінің билеушісі Тайходжа оғлан да бар еді. Ал, оның ұлы Тоқтамыс әкесінің өлімінен кейін жеке басына төнген қауіптен қашып, Әмір Темірден пана тапқаны белгілі. Әмір Темірдің қолдауына сүйенген Тоқтамыс Орыс ханға қарсы күресінде Өтеміс қажының сөзімен айтсақ «Тоқтамыс-оғланның ата-бабасынан бері келе жатқан ежелгі елі – шырын, барын, арғын, қыпшақтарға» сүйенген [18, б. 192-193]. Бұдан әрі дерек авторы аталған ру-тайпа басшылары Тоқтамысқа кісі салып, өздерін Орыс ханның қысымшылығынан құтқаруды сұрағандарын атап көрсетеді [18, б. 192-193]. Бұл мәліметтер бізге осы кезеңде Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси билікке ықпалдарын жүргізіп отырған ру-тайпа өкілдерінің ұстанған саясатын анықтауға көмектеседі. Бұл ру-тайпа басшылары саяси билікте өз іштерінде бір-біріне қарсы болды. Сондықтан олар белгілі бір Жошы ұрпақтарының билікке келуіне ықпал жасай отырып, өзара күресті. Сондықтан осы кезеңдегі билеушілердің күші мен беделі оларды қолдаған ру-тайпалардың күші мен беделіне тікелей тәуелді болды. Мәселен, Тоқтамысты қолдаған тайпалардың жайлауға дер кезінде көшпей артта қалып, келіскен сәт келгенде, ханнан бөліне көшкенде, оларды жазалау үшін Орыс хан өзіне қарасты тайпа басшыларына кісі жіберіп, жиналуды сұрайды. Бірақ олардың көпшілігі көші-қон аумақтарының алыстығын, ал жайлауда хан ордасына жақын орналасқандары осы кездегі аттардың семіздігінен жорыққа жарамсыздығын сылтауратып, бас тартады [18, б. 193-194]. Бұл мысалдар бізге осы кезеңдегі Шығыс дешті Қыпшақ тайпаларының саяси өмірдегі беделдерінің зор болғандығын көрсетеді. Олар өздерінің артықшылықтарына сүйене отырып, Жошы ұрпақтарының саясатына ықпал жасаған.

Көріп отырғанымыздай Орыс хан өз билігін инығайту жолында ең алдымен жеке дара билікке ұмтыла бастаған кейбір Жошы ұрпақтары мен олпар арқа сүйеген ру-тайпа көсемдерінің сепаратистік пиғылдарын тиды.

Мұсылман шежірелерінде Орыс хан батыл мінезді, қажыр-қайратты билеуші ретінде сипатталады. Ол Алтын Орда төңірегінде қалыптасқан келеңсіз жағдайды пайдаланып әуелі Ақ Орданы күшейтіп, сонан соң Сыр, Еділ бойындағы қалаларды өзіне бағындыруды көздеді. Осы мақсатпен 1367 ж. дала көшпенділерінің игі жақсыларының басын қосып, ұлы құрылтай шақырып, Алтын Ордаға қарсы жорық мәселесін күн тәртібіне қойды. Ақ Орда ақсүйектерінің көпшілігі Орыс ханның стратегиясын қолдады.

Құрылтайға қатысушылардың қолдауына ие болған Орыс хан 1361-1368 жж. әуелі Сыр бойындағы қалаларды, соның ішінде Ақ Орданың орталығы Сығанақты қол астына қайтаруға күш салды. Сығанақта Орыс ханның атына ақша соғылды. 1368 ж. Еділ жорығына аттанады. 1372 жылға дейін Солтүстік Арал маңын, Маңғыстау және Батыс Қазақстан жерін өзіне қаратты. 1374-1375 жж. Сарайшық, Қажы-Тархан (Астрахан), Сарай, әл-Махруса мен Сарай әл-Жадидті басып алып Алтын Ордаға өз билігін орнатты. 1377-1378 жж. Сарайда Орыс ханның атына бірнеше рет ақша соғылды.

 Ақ Орданың даңқы асып тұрған осы жылдары Тайқожа ұлы Тоқтамыс Мауераннахрға қашып барып Әмір Темірдің қолдауына ие болуымен Ақ Орда билеушісінің жаңа саяси қарсыласы пайда болды.

Әмір Темір Орталық Азияда өз билігін нығайту үшін Алтын Ордадағы саяси жағдайды бақылап отырды және солтүстік көршісінің күшеюін өзінің ұлы державалық мақсатына қауіп ретінде көрді. Оны әсіресе Орыс ханның күшеюі уайымдатты. Әмір темір Тоқтамысты қолдауының себебі Ақ Орда мен Алтын Орда тағында өз ықпалынан шықпайтын қуыршық билеуші арқылы өз билігін күшейтуге ұмытылды.

Ортағасырлық деректерде «Тоқтамыстың Самарқандға келгенін білген Темір өз істерін тастап, оның келуін жоғары бағалады. Темір оған құрмет пен сый-сияпат көрсетуде мүмкін болғанның бәрін жасауға күш салды, патшаға лайық тартулармен той өткізді. Оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын және сансыз көп алтындарды және қымбат әшекей бұйымдарды, қару-жарақ және маталарды, аттарды және түйелерді, шатырлар мен қостарды, барабандар мен жалауларды, жасақтар мен әскерлерді, жалпы қаламмен жазып бітпейтін сый-сияпат берді. Оған деген құрметінің белгісінде оны өз ұлы деп атағаны» туралы айтылады [9, б. 131].

Әмір Темір Тоқтамысқа қолдау көрсетіп қана қоймай, оған Орыс ханның иелігіне кіретін Отырар және Сауран аймақтарын бөліп беріп, алдын ала «сый» ретінде ұсынып қойды.

Сауранның билеушісі Орыс ханның ұлы Құтлық-Бұқа еді. Бірінші шайқаста Темір берген әскер басында тұрып жеңіліс табады. Бұл жағдай Темірдің Тоқтамысқа деген қатынасын бұзбады, тіпті тағы бірнеше айдан соң Мәуереннахр билеушісі берген әскерді басқарып Тоқтамыс Сығанақ шекараларына келеді. Бұл жолы ол Орыс ханның ұлы Тоқтақияның қарсылығына тап болады. Тоқтамыс тағы жа жеңіліп қана қоймай, жараланып, Сырдариядан жүзіп өтіп құтылды.

Бұдан кейінгі оқиғалар туралы М. Г. Сафаргалиев былай деп жазады: «Орыс ханның өзі Тоқтамысқа қарсы әскер жинады. Орыс ханның қалың қолмен дайындалып жатқанын Тоқтамыс жағына өтіп кеткен, кезінде Орыс ханның сарайында бас әмір болған Балтықшының ұлы Едіге қарсы жаққа хабарлап үлгереді. Деректерге сүйенсек, Орыс хан Темірге: «Тоқтамыс менің баламды өлтірді және сенің аймағыңа кетті. Менің жауымды маған ұстап бер, егер де көнбесең, онда соғысатын жерді айт» деген талап қояды. Алайда Әмір Темір Тоқтамыстың жақтасы және досы болып қала берді. «Ол менің мемлекетімнен өзіне баспана тапты, -деп жауап жазды Темір, – мен оны ұстап бермеймін, ал соғысты айтсаң мен оған дайынмын».

Темір мен Орыс хан арасындағы ашық соғыс 1377 ж. қыста басталды. Мемлекет билеушілері басқарған екі жақ әскерлері Сығанақ қабырғаларында кездесті, алайда кенеттен өзгерген ауа-райынан екі тарап соғыса алмай тарап кетеді» [19, б. 400-401].

1377 ж. көктемде Темір тағы Орыс ханға қарсы жорыққа аттанды, алайда үлкен шайқас болмады, өйткені Орыс хан қайтыс болған еді. Орыс ханның қайтыс болуына байланысты да бірнеше пікір қалыптасқан. Ортағасырлық авторлар Муин ад-дин Натанзи, Гаффари және Хайдар Разидің хабарлауынша хан ақ өліммен қайтыс болған [9, б. 131, 211, 214]. Ал, Өтеміс қажының хабарлауынша Орыс хан Тоқтамыс ханға ілесіп Орыс ханнан бөлініп көшкен шырын, барын, арғын, қыпшақ және т.б. елдердің қашқан адамдарын қуған ұрыста қаза болған [18, б. 194-195]. Аталған дерек мәліметтерін талдай келе зерттеуші З. Қинаятұлы: «егер 1376-1377 жж. Ақ орда билеушілерімен Мауераннахрлықтар арасында болған Сауран, Сығанақ шайқасына Орыс хан тікелей қатыспағанын ескерсек, ал 1379 ж. Қараталда Темір-Мәлік хан және Тоқтамыс қолының арасында болған ақтық шайқас кезінде Орыс хан бұл пәниде болмағанына мән берер болсақ «Орыс хан соғыста өлді» делінетін пікір қолдауға тұрмайды. Басқадай көптеген авторлар Орыс хан «қаза тапты» демейді, «өлді»,- деп жазады. Біз жоғарыдағы жайларды ескере келіп алаштың қаһарман ханы Орыс хан «Алланың ажалынан өтті»,- делінетін дәйек орынды деп танимыз» деген пікірі білдіреді [3, б. 243-244].

З. Қинаятұлы Орыс ханның дүниеден өткен жері туралы басқа зерттешілердің пікірлерді талдай келе көрсетілген жер атауларының Орыс хан ұлдарының Темір-Тоқтамыс қолымен жүргізген соғыстарының (1376-1377) тарихи географиясымен сай келмейтіндігін атап өтіп, Қадырғали Жалайырдың Орыс хан: «Солтүстік жақта Қыштам деген жерде дүние салды» деген хабарын орынды санайды [3, б. 244]. Одан әрі зерттеуші «Орыс хан қолы 1377 жылдың күзінде Сауранға жетіп, Темір-Тоқтамыс қолынан 7 фарсақ арақашықтыққа келіп орналасады. Әрқайсысы соғысуға бел буып дайын тұрған. Бірақ үш айға созылған нөсер, қарлы боран, сүйек қарыған аяз соғысуға мүмкіндік бермейді. Муин ад-дин Натанзидің: «Қатты суық болып Орыс хан аяқ астынан кері қайтты»,- дегеніне қарағанда Орыс хан осында науқас алды ма деген» қорытынды жасайды [3, б. 244].

Сығанақ шайқасында жеңіліске ұшырап шегінген Темір-Мәліктің ізіне түскен Темір-Тоқтамыс қолы 13 күн-түн жүріп Балқаштың Жирен қамысындағы Орыс хан қосынына жеткенде Орыс хан дүниеден өтіп, оның орнын ұлы Тоқтақия басқаны белгілі болады. Бұл уақыт мерзімі жағынан 1377 жылдың қысы немесе 1378 жылдың ерте көктеміне сай келеді.

З. Қинаятұлы М.Г. Сафаргалиевтің хижраның 779 (1377-1378) жылы Орыс ханның атына ақша соғылған деректерге қарап Орыс хан жоғарыдағы оқиғадан сәл кейінірек дүниеден өтті ме деген пікірлеріне де күмәнмен қарайды. Ол: «Орыс ханның атына соғылған ақшалардың датасына қарап оның қайтқан уақытын айқындау мүмкін емес. Өйткені әке орнын басқан Орыс ханның ұлдары кейін хан әкесіне арнап ақша соқтыруы әбден мүмкін» [3, б. 244] деген пікір білдірген.

Орыс хан мен оның ұлы Тоқтахия кезінде Тоқтамыс Дешті Қыпшақтағы билікті иелене алмады. Тоқтахия екі ай билік құрып, мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін, билікті Орыс ханның екінші ұлы Темір-Мәлік иеленеді. Осы кезде әмір Темірдің қолдауына сүйенген Тоқтамыс Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке қол жеткізеді [9, б. 150-151]. Бұдан әрі ол бүкіл Алтын Орда аумағын жаулап алғаны белгілі.

Орыс хан тарих беттерінде Ақ Орда мемлекетінің тарихында жарқын із қалдырған билеуші ғана емес, жалпы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында ерекше орны бар тұлға ретінде қала бермек.

Ұлықталуы

Орыс хан қазақ тарихында өзіндік ерекше орны бар тұлға. Барлық зерттеушілер мен шежірешілердің еңбектерінде қазақ хандарының арғы атасы ретінде аталады. Орыс хан ортағасырлық деректерде мұсылман билеушісіне тән жағымды қасиеттердің бәрін иеленген тұлға ретінде суреттелген. Ол өз мемлекетінің аумағында мешіт, медреселер мен қатар басқа құрылыстар салдырған, елде тәртіп орнатып, жаугершілік кезінде әскердің алдыңғы сапын бастаған батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші кейпінде ел есінде қалған.

Муи’зз ал-ансаб дерегі бойынша Орыс ханның кіндігінен жеті қыз, сегіз ұл болған). Оның сегіз ұлының аты төмендегідей: 1) Тоқтақия, 2) Сайд-али (Сейт-әлі), 3) Сайил-Ахмет (Сейіт-Ахмет), 4) Тоқта-Булад (Тоқта-Болат), 5) Тугулук-Булад (Тоғылық Болат), 6) Күтілу-Бука (Құтылық-Бұқа), 7) Тимур-Малик (Темір-Мәлік), 8) Құйыршық.

Орыс хан әулетінен әйгілі үш шаңырақ тарайды.

1) Тоқтақия шаңырағы. Бұл шаңырақтан Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей хан мен оның ұрпақтары тарайды.

2) Темір-Мәлік шаңырағы. Одан Алтын Орданың соңғы хан ұрпақтары (Темір-Құтылық, Шәдібек, Фулад хан, Тимур сұлтан,  Мухаммед сұлтан қатарлы) тарайды.

3) Құйыршық хан шаңырағынан Барақ хан тарайды. Барақ ұлы Әз-Жәнібектен Кенесары Қасымұлына дейінгі барша қазақ хандары осы шаңырақтың түлектері [3, б. 245].

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. В.Тизенгаузена. – Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884. –  563 с.
  2. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. – 276 с.
  3. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (тарихи-сараптамалық зерттеу). – Астана: Елорда, 2004. – 344 б.
  4. Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. – Алматы, 2014. – 520 б.
  5. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХVІ века. – Алматы, 1985. – 104 с.
  6. Валиханов Ч.Ч. Таңдамалы. 2-басылым. – Т.ІІ. – Алма-Ата, 1985. – 260 б.
  7. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы, 1991. – 80 б.
  8. Рашид ад-Дин. Сборник летописей / Пер. с перс. Ю.П. Верховского / Ред. И.П. Петрушевского. – М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1960. – Т.2. – 253 с.
  9. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941. –308 с.
  10. Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. – Алма-Ата: «Қазақ университеті», 1993. – 224 с.
  11. Қазақстан тарихы  көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы, 2010. – Т.2. – 638 б.
  12. Савельев П.С. Монеты Джучидов, Джагатаидов, джелаиридов и другие, обращавшиеся в Золотой Орде в эпоху Тохтамыша. Вып. 1. – СПб., 1857. – 190 с.
  13. Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. – М., 1973. – 180 с.
  14. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в ХVХVІІ вв. – М., 1982. – 160 с.
  15. Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІV – начале ХVІ веков. (Вопросы политической и социально-экономической истории.). – Алма-Ата, 1977. – 288 с. 
  16. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) /сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.
  17. Утемиш-хаджи. Чингиз-наме / Факсимиле, пер., транскрипция, текстологические примечания, исследование В.П.Юдина, комментарии и указатели М.X. Абусеитовой. – Алма-Ата: Гылым, 1992. – 296 с 
  18. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Т.1.: Өтеміс қажы. Шыңғыс наме / факсимиле, транскрипциясы, мәтіннамалық ескертулер, зерттеу мақалалар В.П. Юдиндікі. –  Алматы, 2005. – 400 б.
  19. Сафаргалиев М.Г.,  Распад Золотой Орды // На стыке континентов и цивилизаций (из опыта образования и распада империй XXV вв.). – М., 1996. – 768 с.

Автор:Ноғайбаева М.С., т.ғ.к.