Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖӘНІБЕК ХАН


Жәнібек хан (XV ғ. басы – екінші жартысында өмір сүрген – Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі, хандықтың құрылуын соңына дейін жеткізген және Керей ханнан кейінгі қазақтың екінші ханы.

Өмірбаяны

Қазақ халқының тарихи санасында есімі аса құрметпен айтылатын хандардың бірі — Жәнібек хан. Қазақ еліне көршілес  жатқан елдердің тарихшылары  кейінгі ортағасырлардың алғашқы кезеңінде  ол туралы үзік-үзік, үстіртін немесе қысқаша ғана  деректерді берсе, қазақ халқының  ауыз әдебиетінде оның тарихи бейнесі Әз-Жәнібек деген атпен есіммен бес ғасырдан астам уақыт бойы сақталынып келеді.

       Тарихта халық жадында ұмытылмас тұлға боп қалған хандар, патшалар, сұлтандар онша көп емес. Олардын билігі тұсында ел өмірінде, мемлекет тарихында болған ірі күрделі өзгерістер мен дамулар тек қана билеушінің кемеңгерлігімен, ақылдылығымен, көрегенділігімен және тағы да баска ерекше қасиеттерімен байланыстырылады. Сөйтіп олар ел аузында ең жақсы билеушіге айналып, одан кейінгі кезеңдерде өмір сүрген билеушілер сонымен ғана салыстырылады, тенестіріледі. Мысалы, ортағасырлык дерек мәліметтерінде ең күшті, женімпаз, әділетті деген билеушілер Ескендір Зұлқарнайынға, Жәмшіге, Ануширванға теңелген. Ал қазақ  халқы болса өзінің төл әдебиетінде ең күшті, ең ақылды хандарын бір сөзбен немесе сөз тіркесімен қоса айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Мысалы, «Әз Жәнібек», «Әз Тәуке», «Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркестерінің ел есінде бірнеше ғасырлар бойы ұмытылмай, бүгінгі күндерге дейін жетуі осының айғағы болса керек.

Жәнібек ханның қазақ тарихындағы алар орны жөнінде сөз айтар болсак, ең алдымен, оның шөбере туысы Керей ханмен бірлесіп, XVI ғасыр ортасында Қазақстан аумағында ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеті –  Қазақ хандығының негізін қалаушы ретіндегі рөлі есімізге оралады. Міне, Жәнібек хан туралы калың көпшіліктің білетіні осы ғана. Осыны ескере отырып, біз, осы еңбегімізде Жәнібек хан жайында жазылған  барлық жазба дерек  мәліметтері мен ел есіндегі тарихи аңыз – әңгімелерді тарихи материал ретінде қолдана отыра, сондай-ақ соңғы жылдардағы отандық тарихнаманың қол жеткізген жетістіктеріне сүйеніп, онын қазақ тарихындағы атқарған рөлі мен алатын орнын ашып көрсетуге тырысамыз.

Тарихи деректерде Жәнібек ханның есімі әртүрлі жағдайларға байланысты Керей ханға қарағанда жиі кездеседі. 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансаб» еңбегі мен ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» оның есімі хандар шежіресіне байланысты кездессе, «Тарих-и Рашиди», «Фатх-наме», «Шайбани-наме» секілді тарихи шығармаларда Қазақ хандығын құрушылардың бірі ретінде жиі айтылады [1, 63;  2, 42; 3, 110-305-306; 4, 56-57; 5, 99]. Ал Әбілғазы, Қадырғали Жалайри, Гаффари, Хайдар Разидің еңбектерінде Жәнібек хан есімі Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрған әулеттің өкілі ретінде ұшырасады [6, 19; 7, 114; 8, 212; 9; 218].

       Жәнібек ханның шығу тегі мен ата-бабаларына келсек, ол Керей ханның шөберелес туысы болғандықтан, олардың Орда Еженнен Орыс ханға дейінгі бабалары ортақ болып келеді. Сол себепті де біз бұл жерде Жошыдан Орыс ханға дейінгі Жәнібек ханның ата-бабаларын қайталап жатпай, бірден Орыс ханнан тарайтын аталарына тоқталамыз. Бұл туралы бұған дейін айтылып өткендей, «Муизз ал-ансаб» пен  мәліметтері осы шығармаға тәуелді «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» айтылады. Т.И. Сұлтановтың дәлелдеуі бойынша «Муизз ал-ансабтың» Париждегі ұлттық кітапханада тұрған қолжазбасынан алынып, «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» атты жинақтың екінші томына енгізілген Шыңғыс хан ұрпақтарына қатысты мәліметтерде біршама қателіктер жіберіліп, «Шыңғыс хан әулетіндегі бірнеше ондаған ханзадалар сиқырлы таяқтың әсеріне ұшырағандай, оғландарға айналып кеткен» [11, 109-117]. Соған байланысты ол шығарманың Орыс хан ұрпақтарына қатысты мәліметтерін деректану ғылымының талаптарына сай орыс тіліне аударды. Біз Жәнібек ханның ата-бабасы жөнінде қарастырғанымызда Т.И. Сұлтанов аудармасын пайдаланғанымызды ескертіп өтеміз. Ол аудармада Жәнібек ханның ата-бабалары жайлы былайша беріледі: «Орыс ханның бірінші ұлы – Тоқтақия. Ол билік құрған… Орыс ханның сегізінші ұлы – Құйыршық. Оның Пайанде-сұлтан, Рукйиа деген екі қызы және Барақ атты бір ұлы болды. Барақ билік құрған. Барақта төрт бала: Саадат-бек деген қызы және Әбу Саид, Мир Қасым, Мир Саид деген үш ұлы болған» [11, 120-121]. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Әбу Саид Барақ ханның үш ұлының кішісі және Жәнібек хан деген қосымша есіммен берілсе, Қадырғали Жалайыр ол туралы Барақтың ұлы «кіші Жәнібек хан», – деп дәлірек түсіндіреді [2, 42; 7, 114; 6, 119]. Осылайша, деректердегі Жәнібек хан туралы айтылатын шежірелік мәліметтерде оның шын есімі – Әбу Саид, ал лақаб есімі – Жәнібек екендігін білеміз. Ал Қазақ хандығының құрылуы барысын баяндайтын мәліметтердің бәрінде оның есімі Керей ханның есімімен бірге Жәнібек хан деп кездеседі.

       Жәнібек ханның есімі дерек мәліметтерінде – Әбусағит[6,119], келесі бір деректе – Бу-Сайд[2,42], ал тағы дерек мәліметінде – Абу Саид деп жазылады [11, 63]. Түрлі дерек мәліметтерінде әртүрлі жазылғанымен, оның қазақша түрде – Әбусейт(Әбусайд) екендігі ешқандай дау тудырмайды. Әбілғазы «оның лақабы – Жәнібек хан» деп жазса[6,119], Қадырғали Жалайыр  одан әрі нақтылай түсіп, еңбегінде Барақ хан туралы айта келе, «Оның ұлы Кіші Жәнібек хан деп атанған» деп нақтылап береді[7,114].

   Бізге Әбу Саидтің не себепті Жәнібек атанғаны белгісіз, ол жөнінде ешбір дерек айтпайды. Ал оның не себепті «кіші Жәнібек» атанғанын дерек мәліметтері айтпаса да, оны анықтауға болады. Т.И. Сұлтановтың пікірінше, Жошы Ұлысы мен Орта Азия тарихында бір уақытта хан титулы бірнеше сұлтандар болып, олар жөнінде жақсы хабардар болған дерек авторлары хандарды ажырату үшін өз мәліметтерінде «Ұлұғ хан» (Үлкен хан) және «Кішіг хан» (кіші хан) деген атауларды қолданған[10, 148]. Біздің ойымызша, «ұлұғ» және «кішіг» хандар жөніндегі мұндай түсіндірме дұрыс айтылған. Бұл түсіндірменің Алтын Ордада ХV ғасырдың бірінші жартысында хан болған Ұлығ Мұхаммед хан мен Кішік Мұхаммед хандарға қатысты айылып тұрғаны белгілі. Бұл екі ханның Алтын Орданың саяси тарихында терең із қалдырып, жазба дерек мәліметтеріне есімдері сол дәуірдің өзінде-ақ енген болатын. Ал Қазақ хандығындағы Барақтың ұлы Әбу Саидты «кіші Жәнібек» десе, онда «үлкен» немесе «ұлығ» Жәнібек деген кім болған? ХІV-ХVІ ғғ. ортағасырлық мұсылман деректерінде Жәнібек есімді хан да, сұлтан да көптеп кездеседі, бірақта олардың ешқайсысы Ұлығ Жәнібек деп аталмайды.

Мұны анықтау үшін дерек мәліметтеріне тереңірек назар салу керек сияқты. «Муизз ал-ансабта» Әбу Саид – Барақ ханның үш ұлының үлкені деп көрсетіледі, бірақта оның лақаб есімі жөнінде ештеме айтылмайды. Соған қарағанда, Жәнібек хан деген лақаб есім оған ресми түрде хандықты иеленгеннен кейін берілген. Ал ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» Әбу Саид – Барақ ханның үш ұлының кішісі, яғни үшіншісі деп беріледі. Сондай-ақ онда Әбу Саидтың лақаб есімі – Жәнібек хан екендігі қоса айтылады, бірақ «кіші» деген сөз кездеспейді. Әбілғазы дерегінде де дәл сондай. Жәнібек ханның «кіші Жәнібек хан» екендігі алғаш рет ХVІІ ғасырдың алғашқы жылдары жазылған Қадырғали Жалайыр еңбегінде бірінші рет кездеседі [7, 114]. «Шежірелер жинағы» «Оның (Барақ ханды айтып отыр – Б.К.) ұлы Кіші Жәнібек хан атанған» – деген мәліметті бізге дейін жетпеген жазба дерек мәліметтерінің бірінен немесе ауыз әдебиетінің материалдарынан алған деуге болады.

       Осыған байланысты біз Жәнібек хан өмір сүрген кезеңде, яғни ХV ғасырда Жошы Ұлысы аумағының әртүрлі бөліктерінде өмір сүріп, билікте болған  Жәнібек хан есімді тұлғаларға тоқталып өтелік. Сонда ғана біз, Барақұлы Жәнібек ханның «кіші Жәнібек» деп аталуының себебін түсінгендей боламыз.  XV-XVI ғасырларда Жошы мен Шағатай Ұлыстары аумағында билікте болған Жәнібектер  бірнешеу.

1) 1477-1478 жылдары азғантай ғана уақыт Қырымда хан болған Хажыкерей ұрпағы – Жәнібек хан [12, 199-200]. Бұл Жәнібек ханның билігі өте қысқа болғандықтан, кейбір деректер мен зерттеулерде ол жөнінде айтыла да бермейді. 1474-1477 жылдары Қырым хандығында Хажыкерейдің ұлдары арасында таққа таластар жүріп, жеңіліске ұшыраған Меңлікерей хан түрік сұлтанының көмегімен тақты бауырынан қайырып алады. Ал 1477 жылы оны Үлкен Орда ханы Ахмед хан жеңіліске ұшыратып, Қырымға Хажыкерей ұрпағы Жәнібекті немесе Жәнібеккерейді отырғызады. Бір жылдан кейін Меңлікерей Жәнібек ханнан тақты қайтарып алады, ал Жәнібек хан болса Мәскеу княздығына қашуға мәжбүр болады. Билікке қайта келген Меңлікерей ІІІ Иванмен бұрынғы одақтастық туралы шартын қайта бекітіп, қосымша қаулылармен толықтырады. Онда Ресейге қашып барған бауырларына жасына қарай материалдық жағынан қамтамасыз ету және оларды Ресейден шығармау жөнінде айтылған болатын [13, 141-142]. Қаулыға сәйкес  қырымдық Жәнібек хан өмірінің соңына дейін Ресейде қалып, сонда Ковно қаласында қайтыс болады.

2) Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары билік құрған Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан. Астрахан хандығының тарихына арналған монографияның авторы И.В. Зайцевтың көрсетуі бойынша Махмуд ханның ұлы, Абд ал-Керімнің  бауыры Жәнібек Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленіп, 1521 жылдың 15 тамызына дейін билік жүргізген [14, 73-87].

3) Келесі хан лауазымын иеленген Жәнібек есімді тұлғаға – ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалаятын басқарған, шибанилық Жәнібек хан жатады. Ол – Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы [15, 356-357]. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Жәнібек ханның немересі атақты Абдаллах хан Мауереннахрды біріктіру жолында күрес жүргізеді.

4) Хан лауазымын иеленген Жәнібектерден басқа хандар шежіресінде сұлтан титулыменен де бірнеше Жәнібек кездеседі. Олар: Тұқай Темірдің ұрпағы, Қара Кесектің немересі, Жетібектің ұлы – Жәнібек [2, 40]. Шибанилық Бахтияр сұлтанның шөбересі, Әлике сұлтанның немересі, Тұрымның ұлы – Жәнібек [2, 35]. Бұл Жәнібек есімді тұлғалардың хан лауазымын иеленбеуіне байланысты біз, оларды қарастырмаймыз.

Енді жоғарыда есімдері аталған Жәнібек хан есімді тұлғалардың билік құрған жылдарын Барақ ұлы Жәнібек ханмен салыстырсақ, онымен бір мезгілде хан титулын иеленген тұлғаға – Қырымда азғантай ғана уақыт билікте болған Қажыкерей ұрпағы Жәнібек хан жатады. Ал Астрахан мен Андижандағы Жәнібек хандар ХVІ ғасырда билікте болғандықтан, олар біз қарастырып отырған Жәнібек ханға қарағанда «Ұлұғ Жәнібек хан» бола алмайды. Қырымдағы Жәнібек ханға келсек, оның саяси рөлі Жошы ұлысы түгілі, Қырымның өзінде онша болмаған. Сондықтан да ол да «Ұлығ Жәнібек хан» атануға лайықты емес. Олай болса біз, Барақ ханның ұлы Жәнібектің «кіші Жәнібек хан» атану себебін басқа жағдайлардан іздестіруіміз қажет.

Біздің ойымызша, Жәнібек ханның «кіші» деп Қадырғали Жалайыр еңбегінде айтылуының екі себебі болған. Бірінші себепке мынадай жағдайды жатқызамыз. Қадырғали Жалайырда Қырымдағы да, Астрахандағы да Жәнібек хандар жөнінде ештеңе айтылмайды, ал Алтын Орда ханы, Өзбек ханның ұлы Жәнібек туралы былайша баяндалады: «Өзбек хан неше жылдар Еділ бойында патшалық қылды. Оның ұлы Жәнібек хан болып Өзбек ханның орнына отырды. Неше жылдар бойы ол да патшалық құрды. Екеуінің патшалық қылғаны елу жылға жетті. Жәнібек апат болған соң әрқайсысы әр тарапқа тарады» [7, 113-114].  Осы Алтын Орда ханы Жәнібекпен салыстырғанда қазақ ханы Жәнібекті дерек авторы – «кіші Жәнібек хан» деп атаған. Ал екінші себепке мынадай жағдайды жатқызамыз. «Муизз ал-ансабта» Барақ ханның үш ұлының үлкені Әбу Саид деп берілсе де, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде», керісінше, Әбу Саид – Барақтың үшінші ұлы деп айтылады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» деректерін пайдаланған ХVІ-ХVІІ ғасырлардың авторлары Жәнібек ханды Барақтың кіші ұлы деп түсініп, оны өз шығармаларында «Кіші Жәнібек хан» деп жазған деп есептейміз.

        Жәнібек хан  – Ақ Орданың соңғы ханы, 1428 жылы қаза тапқан атақты Барақ ханның Мір-Сайд, Мір-Қасым атты ұлдарынан кейінгі үшінші немесе кіші ұлы. Барақ хан туралы ортағасырлық деректерде мәліметтер көп кездеседі.

Барақ – Қойыршақ ханның жалғыз ұлы. Барақтан басқа Қойыршақтың Пайанде-сұлтан және Рукйиа атты екі қызы болған. Қадырғали Жалайыр Барақ хан туралы «оның өзі алып тұлғалы, ірі, нағыз ер, батыр еді. Тез арада әр тараптағы ұлыстарды өзіне бағындырды», – деп баяндайды [7, 114]. Барақ хан – Алтын Орданың ХV ғасырдың 20-шы жылдарының бірінші жартысындағы саяси өмірінде із қалдырған және тақ үшін талас-тартыстарда жеңіске жетіп, бірнеше жыл Алтын Орданы билеген адам. Абд ар-Раззак Самарканди еңбегінде оның есімі алғаш рет 1419 жылғы оқиғаларға қатысты кездеседі [16, 196]. Жалпы алғанда, Барақ хан туралы арнайы зерттеулер болмаса да, белгілі зерттеушілер өз еңбектерінде оған тоқталып өткен. М.Г. Сафаргалиев өзінің еңбегінде оның Ұлұғ Мұхаммед ханмен, Хұдайдатпен күресін қарастырып өтсе, Т.И. Сұлтанов ол туралы өз зерттеуінде кеңірек тоқталады [17, 449-452; 18, 204-212]. Біз бұл авторлардың Жәнібек ханның әкесі – Барақ хан жөніндегі зерттеулеріндегі тұжырымдарын қайталап жатпай, тек оның өмірінің басты-басты кезеңдерін атап өтеміз.

Барақ ханның қай жылы дүниеге келгені белгісіз, 1419 жылы Ұлығбектің тікелей көмегімен Шығыс Дешті Қыпшақтың билігін иеленеді; 1422 жылы қарсыласы Хұдайдат ханды, Ұлұғ Мұхаммед ханды жеңіп Алтын Орда тағына ие болады; 1422-1426 жылдары Барақ Алтын Орданың ханы; 1426 жылы Ұлұғ Мұхаммед ханнан жеңіліс тауып, Шығыс Дешті Қыпшаққа қайта оралады; 1427 жылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен жерлер үшін Ұлығбекпен соғысып жеңіске жетеді; 1428 жылы ол Кіші Мұхаммед ханның, Ғази мырза мен Наурыз мырзаның біріккен әскеріне қарсы шайқаста қаза табады.

1428 жылы Барақ хан қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің билігі уақытша бірнеше он жылға тоқтатылады. Сөйтіп, Барақ ханның қайтыс болуымен ортағасырлық Қазақстан тарихындағы Ақ Орда атты мемлекет те өмір сүруін тоқтатып, тарихтың еншісіне қалады.

       Жәнібек хан – Орыс ханның сегізінші ұлы Қойыршақтың немересі, Барақ ханның ұлы. Жәнібек ханның атасы жазба деректерде – Койричак оғлан, Коюрчак, Курчук, Нузи-оғлан, Каруджак, Құйыршық, Құйыршақ, Койриджак деген есімдермен жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі академиялық басылымда бұл есім – Қойыршақ деп жазылғандықтан, біз де осы нұсқаны қолданамыз [19, 157 – 159].

Қойыршақ туралы мәліметтер Шыңғыс хан ұрпақтарының шежіресінен басқа темірлік тарихшы Шараф ад-дин Йездидің «Зафар-наме» еңбегінде айтылады. 1395 жылы сәуірде Темір Терек өзені бойындағы шешуші шайқаста Тоқтамыс ханды жеңіліске ұшыратады да, түпкілікті талқандау үшін соңына түседі. Қойыршаққа қатысты онда мынадай мәлімет баяндалады: «Ол Еділ өзені арқылы өтетін Туратур өткеліне жетіп, жанындағы Орыс ханның ұлы Қойыршақ-оғланға өз тобынан өзбек баһадүрлерін қосты да, алтын жіптен тігілген халат пен алтын белдік кигізіп, ханға лайықты заттар береді. Оған Еділ өзенінен өтіп, Жошы Ұлысының билігін өз қолына алуды тапсырады. Жошы ұрпағының сұлтаны бұйрыққа сай өзеннің арғы бетіне өтіп, шашырап кеткен әскерін жинастыруға кірісті» [20, 178]. Осы деректі өз зерттеулерінде келтірген Т.И. Сұлтанов Қойыршақтың қашан және қандай жағдайда Темір Ордасына барғандығы, оның Жошы Ұлысындағы билігі қалай болғандығы деректерде айтылмайды дей келе, Махмуд бен Уәлидің мәліметіне сүйеніп, Алтын Орда аумағынан Темірдің қайтуымен оның отырғызған адамы өлтірілді», – деген деректі келтіреді [10, 146-147]. Қойыршақтың Темір астанасына қашан барғанын нақты білмесек те, қандай жағдайға байланысты барғанын білу онша қиынға соқпайды. Тоқтамыс хан Темірдің көмегімен Ақ Орда тағын иеленгеннен кейін, өзіне қарсы келгендердің көзін құртып, ал билігін мойындағандарға рахымшылық жасаған. Ал Тоқтамыс хан Алтын Ордаға ие болып, Темірмен қайшылықты бастағанда, оның қарсыластары Темір жағында болатынын анықтау еш қиындық туғызбайды. Қойыршақтың Темірдің жанында жүруін біз, оның Тоқтамыс ханға қарсы жүргізген күресінің бір түрі деп түсінеміз.

Жәнібек ханның атасы Қойыршақ аз уақыт болса да Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрып, онда ордаежендік әулеттің билігі мен ықпалын сақтап алады. Сөйтіп оның есімі Жошы ұлысында хан болғандардың қатарында айтылады [8, 212;  9,214].  Хайдар Разидың дерегіне  карағанда, Жәнібек ханның атасы Қойыршақ хан билікте  ұзақ отырмаған[9, 214].

Ал Жәнібек ханның үшінші атасы – Орыс хан туралы жазба дерек материалдары  жеткілікті, ол 1361-1378 жылдары Ақ Ордада, сондай-ақ аз уақыт болса да  Алтын Ордада хан болған.

Ал Орыс ханнан Шыңғыс ханға дейінгі хандар шежіресінің  деректері мен оларға негізделген зерттеулерде жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ хандарының шығу тегін екі түрлі түсіндіреді. Шибанилық деректер тобына жататын  және авторы белгісіз  «Тауарихи гузида-ий нусрат нама» еңбегі мен осы шығарма деректері негіз болып, XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған  Әбілғазының «Түрік шежіресінде» қазақ хандарының Шыңғыс ханнан Орыс ханға дейінгі аталар тізбегі  былайша беріледі: «Шыңғыс хан — Жошы хан — Тоқайтемір — Өзтемір — Хожа-Бадық (Бадағұл) — Орыс хан»[2,34-42; 6,119]. Ал Рашид ад-дин бойынша Дешті Қыпшақ аумағындағы Орда ежен ұлысы билеушілерінің тегі « Шыңғыс хан – Жошы хан – Орда ежен – Сартақтай – Қоныша – Баян – Саты Бұқа» деп баяндалады да [21,64-67], одан әрі  Натанзидың «Ескендірдің Анонимі» бойынша «Сасы бұқа – Ерзен хан – Шымтай және Орыс хан» деп жалғасады[22, 129-131]. Орыс ханның арғы атасының  бірінші деректе Саты бұқа, екінші деректе Сасы бұқа деп жазылуын деректі көшірушілердің жіберген қатесі деп есептейміз. Одан басқа Жәнібек хан аталарының шежіресі Шыңғыс ханнан Жәнібек ханға дейін айна қатесіз беріледі.

Бірінші деректе Жәнібек хан – Шыңғыс ханның ең кенже ұлы Тұкай Темірден таратылса, екіншісінде ең үлкен ұл – Орда Ежен ұрпағы деп көрсетілген. Осы деректерге сүйенген тарихшы мамандар бұған дейін айтып өткеніміздей, қазақ хандарының шығу тегін екі түрлі түсіндіріп, бір тобы – тұқайтемірлік нұсқаны, ал, екінші тобы – ордаежендік нұсқаны қолдайды. Біз соңғы нұсқаны қолдайтынымызды бірнеше жұмыстарымызда дәлелдеп көрсеткенбіз. Шибанилық деректерде Шыңғыс ханнан Орыс ханға дейін алты ата көрсетілсе, екінші дерек мәліметтерінде он буын айтылады. Жай ғана есепке жүгінсек, Шыңғыс ханның дүниеге келген жылы мен Орыс ханның қайтыс болған жылы аралығында – 225 жыл бар екен. Шыңғыс ханнан Орыс ханға дейінгі аталардың бәрі дерлік шежірелік дерек мәліметтерінде  тек үлкен ұлдар болып саналғандықтан, сондай-ақ олардың ерте үйленетінін ескере келе, осы аралықта он ата буынның болуын заңдылық деп санаймыз. Сондай-ақ ордаежендік нұсқа бойынша Шыңғыс ханнан Орыс ханға дейінгі әр атаның арасы – 22,5 жылды құраса, тұқайтемірлік нұсқада әр ата аралығы – 37,5 жыл болып тұр. Осы салыстырудың өзі тұқайтемірлік нұсқаның ақиқаттан ауылы  алыс екенін көрсетсе керек.   

Жоғарыда келтірілген шежірелік мәліметтерден  көріп отырғанымыздай, бірінші нұсқадағы   Шыңғыс хан, Жошы хан, Тұқайтемірден басқа,  Өзтемір, Бадағұл атты  Жәнібек ханның аталары Дешті Қыпшақ тарихындағы онша белгілі емес  тұлғалар. Ал екінші нұсқа бойынша Жәнібек ханның аталары әулетінен хандық билік үзілмеген және ХШ-ХV ғасырлар аралығында  Дешті Қыпшақтың саяси тарихында өз орны бар тарихи тұлғалар. Олардың әрқайсысы өз заманында  Ордаежен ұлысын, одан кейін Ақ Орда сияқты мемлекеттің саяси тізгінін ұстаған. Ата-баба жолын жалғастырған Жәнібек хан да XV ғасырдың ортасынан бастап Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекеттің, ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің негізін қалап, оны билеушілердің бірі болады. Орайы келгенде айта кетелік, XIX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өмір сүрген Қазақ хандығының билеушілерінің  бәрі Жәнібек ханның ұрпақтары болып саналады.

Керей хан жөнінде қарастырғанымызда біз, Жәнібек хан екеуінің шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген деп тұжырым білдіргенбіз.

Жәнібек ханның қай жылы дүниеге келгенін жазба деректер айтпаса да, оны жанама деректер арқылы мөлшерлеп айтуға болады. «Муизз ал-ансабта» Жәнібектің Барақ ханның баласы деп көрсетілуіне қарағанда, оны 1410-1420 жылдардың аралығында дүниеге келген деуге болады. Сондай-ақ оның тоғыз ұлының үшінші не төртіншісі  Қасым сұлтан 1512 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуы бойынша «алпыстан асып, жетпіске таяп қалған» [3, 308]. Бұл жасты 66-68 деп есептесек, онда Жәнібектің ұлы Қасым 1444-1446 жылдары дүниеге келген болып шығады. Қасымның алдында Жәнібектің Иренші, Махмұд, Әдік атты ағаларының болғандығын ескере келе, біз Қасым дүниеге келгенде әкесі Жәнібек 25-30 жастар шамасында болған дейміз.

XV ғасырдың 50-60-шы жылдары Жәнібек сұлтан шөбере туысы Керей сұлтан  екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі жас жағынан ең үлкені болып саналды.  Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ, сол себепті анық бір пікірлер айту өте қиын. Соңғы жылдары бізге белгілі болған тарихи аңыз мәліметтеріне қарап, Жәнібек хан әкесі Барақ хан қайтыс болғаннан соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңірінде  өмір сүріп, ұлыс басқарғаны белгілі[23, 7-9].  Аңыз дерегін жазба дерек мәліметі де қолдайды. Қадырғали Жалайыры ол жөнінде: «… Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі», — деп жазады[7,114].  Ақ Орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасыр соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, экономикалық, діни-мәдени орталық болып, Дештінің мал бағушы  тайпалары үшін ежелден бері қысқы жайылымдар мен қыстаулар ретінде Дешті Қыпшақпен біртұтас шаруашылық, экономикалық, мәдени, этникалық, рухани  кеңістікті құрағаны белгілі.  Мауереннахрдағы билеуші әулеттер де Сыр бойын өз уысында ұстап отыру үшін үнемі күрес жүргізіп отырады. Дерек мәліметтеріне  қарасақ, Барақ ханнан кейін Сыр өңірінің саяси билігі  Мауреннахрға өтеді, ал 1446 жылдан кейін, яғни Әбілқайыр ханның тұсында бұл аумақ қайтадан  Дештіге қосылады.

1446-1457 жылдар аралығында Әбілқайыр ханның жүргізген ішкі саясаты жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, сұлтандарға, тіпті ханның айналасындағы туыс сұлтандарға «қысымшылық» болып көрінеді. Дешті Қыпшақта толық жеңіске жеткен Әбілқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексіз билікке ие болады да, мемлекетті басқаруда моңғолдық дәстүрді қолдана бастайды. Жергілікті ру-тайпалар үшін ХY ғасырда мұндай жағдай ежелгі дәстүрді бұзу еді. Мысалы, XV ғасыр басында Жетісудағы тайпалар Есен-Бұға ханды қолдаса, оның билігінің күшеюіне байланысты, одан бөлініп, әрбір әмір өз бетінше өз ұлыстарында билік жүргізеді. XV ғасырдын 70-ші жылдарында Едігенің ұрпағы Мұса бидің Мұхаммед Шайбаниға айтқан мынадай сөзі осыны дәлелдейді. Ол «көне замандардан күні бүгінге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекетте маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің ежелгі дәстүрімізге мойынсұнса, біз оны хан етеміз, ал егер көнбесе, онда өзі білер», — деген екен[5,104]. Әбілқайыр хан да 1428 жылы билікке келіп, хан тағын иеленгенде  Дешті Қыпшақ әмірлерінің көпшілік колдауына ие болған еді. Ал оның билігінің XV ғасырдың 40-шы жылдарында  күшеюі, соған сай жүргізген ішкі саясаты «ежелгі дәстүрге» қайшы келіп, жергілікті тайпалардың наразылығын туғызады. Наразылықтың бір көрінісіне 1457 жылғы жаз айындағы Әбілкайыр ханның әскер жыю туралы жарлығының толық орындалмауы жатады.

«Қысымшылықты»  Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар да көреді. Сыр өңіріндегі қалаларды шибанилық сұлтандардың иеленуі, керуен жолдарына бақылау орнату, ең жақсы қыстауларды алу және тағы басқа әрекеттері Әбілкайыр ханды екі сұлтанға жау етеді. Өз халқының мүддесінен шыкпаған  және сол халықтың колдауына сүйенбеген билеушінің билігі ұзаққа бармайтыны белгілі. XV ғасырдың 50-ші жылдарында Әбілқайыр ханның күйі осыған сәйкес келеді. Мұны Казақ хаңдығын құрушылар – Керей мен Жәнібек сұлтандар түсіне білген.

Қазақ хандығын құру жолында екі ханның аткарған істерін бөле-жара айту мүмкін емес. Аз ғана дерек мәліметтері хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды үнемі бірге айтады. Біз бұған дейінгі Керей хан туралы жазылған бөлімде хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайталап жатпай, тікелей Жәнібек ханның атқарған рөлі туралы ойымызды білдірелік. Қазақ хандығының құрылу кезеңін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңге Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі және хандық құрып, 1461/14622 жылға дейінгі, яғни  Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралык жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толык, дербес хандык емес еді. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы «қорғаны» рөлін аткарды. Хандықтың халқы «өзбек-қазақ» этнонимімен аталынып, Әбілқайыр ханға наразы ру-тайпалар  есебінен хандықтың халқы өсе түседі. І458 жылдан 1462 жылға дейін Қазақ хандығының  арқасында  Есенбұға ханның билігіне Жүніс хан да, басқа біреу де қауіп төндіре алмайды.

Қазақ хандығының  мемлекеттілік тұрғыдан нығая түсуі  келесі сатыларда  одан әрі жалғасады. Есен-Бұға ханның қайтыс болғаннан кейін  оның орнына ұлы Досмұхаммедтің келеді. Оның 7 жылға созылған билігі тұсында деректерде жазылғандай, кешегі достар жауға айналады, ал жаулар жалған достар болып шығады. Мұның бәріне ешбір принципсіз жүргізілген Досмұхаммед ханның  саясаты себеп болады. Жетісудағы Қазақ хандығы да  осы кезеңде өзінің ішкі-сыртқы саясатын айқындап, бірте-бірте дербестене бастайды. Ал 1469 жылы моғол билігіне Жүніс ханның келуімен қазақ мемлекетінің құрылу тарихында жаңа кезең басталады. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүніс пен қазақ  билеушілері арасыңда жақсы қарым-қатынастар орнайды[15,353].

Хандықтың құрылу тарихындағы соңғы  сатыға  1469-1470/1471 жылдар жатады. Егер де алғашқы кезеңдердегі  жылдарда  Керей мен Жәнібек хандар бірге айтылса, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі деректерде жалғыз айтыла бастайды. М. Елеуовтың жариялаған тарихи деректеріне қарағанда Керей хан он жылдай билік кұрып, Хантауда жерленген[23,6-7]. Керейден соң хандыққа Жәнібектің келуі ата дәстүріне сай жүзеге асады. Дәстүр бойынша хандық билік Х-ХШ  ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы  қыпшақ қоғамында  әкеден балаға емес, әкеден ініге не немере туыска беріліп отырған. Жергілікті тайпалардың бұл дәстүрі XV ғасырда да өз жалғасын табады. Фазлаллах ибн Рузбехан өз еңбегінде «Қазақ ұлысында да сұлтандар хандық билікке ұмтылыс жасады. Бірнеше уақыт бойы бұл дәрежеге бірнеше адам ие болды, ақыры кезек Бұрындық ханға тиді» [24, 96], – деп жазуына қарағанда,  Бұрындық ханға дейін билікте болған бірнеше адамдар –  Керей мен Жәнібек хандар. Ал «Тарих-и Кипчакхани» енбегінің авторы Әбілқайыр ханның өлімінен кейін Шығыс Дешті Қыпшақта болған оқиғаларды баяндау барысында 1469-1470 жылдары Жәнібекті қазақ ханы   деп  нақты көрсетеді[25, 393].

Сондай-ақ,  1469-1470/1471 жылдары Әбілқайыр ханның ұлдарына қарсы, жалпы шибанилық әулеттің билігіне қарсы бірнеше қарсыластар бірігіп  күрес жүргізеді. «Фатх нама», «Шайбани нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахйар»  деректеріндегі мәліметтерде Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибанилық әулетке қарсыластардың тізімдері беріледі. Олар: Сібір хандығынан – Қажы Мұхаммед ханның ұлы  Ибақ хан, Кирай Арабтың ұлы Буреке сұлтан, маңғыттардан – Аббас бек, Мұса би, Жаңбыршы бек, ал қазақтардан Барақ ұлы Жәнібек хан болатын[4,56-57; 5,99; 15,362].  Жоғарыдағы келтірген мәліметтер Керей ханнан соң билікке  Жәнібектің хан болғандығын  дәлелдеп көрсетеді,  бірақ оның қай жылы хандық тағына  келгенінен хабар бермейді. Осы жерде бізге тағы да ауыз әдебиетінің материалдары көмекке келеді. М.Елеуов келтірген аңыздағы «Керей он жылдай хан болды» деген мәліметіне қарап, Жәнібек хан хандық билікке шамамен 1465/1466 жылдары отырған деген тұжырымға келеміз.

Бұған дейін айтқанымыздай, Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ханнан 1457 жылы бөлініп, келесі жылы көктемде Керейді хан етіп көтерсе және Керей он шақты жыл хан болса, онда Жәнібек ханның билікке келуі шамамен 1465/1466 жылдарға сәйкес келеді. Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидың «Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады»[3, 110],- деген мәліметінің негізінде сол тұстағы, яғни XVI ғасырдың 40-шы жылдарындағы қазақ сұлтандарының арғы атасы Жәнібек ханның билікке келген кезін меңзеп тұруы мүмкін.

Жәнібек ханның билігі шамамен он шақты жылға созылады. Осы кезеңде Қазақ хандығында және Қазақ хандығының қатысуымен болған оқиғаларға назар салып, соларға талдаулар жасайық.

   Жәнібек ханның билігі тұсында  жаңадан құрылған хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілқайыр ханның  Қазақ хандығына жасаған жорығы сәтсіз аякталып,  ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді.  Олардағы үлкен келіспеушіліктерге байланысты жұрттың көпшілігі қазақтарға көшіп кетеді. Сөйтіп қазақтардың саны екі жүз мыңға жетеді[3,110].

       Екінші маңызды оқиғаға – Дешті Қыпшақта шибанилык әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны қарсыластар  күшпен жояды. Жойғандардың ішінде жоғарыда айтып өкеніміздей, Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы  да болды. Оған дейін Жәнібек ханның тапсырмасымен  Керей ханның ұлы Бұрындық сұлтан шибанилық сұлтандарға қарсы табысты жорық ұйымдастырады[25, 393]. Жәнібек ханның Қазақ хандығын құрудағы тарихи рөлін осы жерден көреміз.

Кезінде Керей ханның айтқан «алла тағала сәтін салған күні батыска — Түркістанға жол жүруіміз керек»,- деген өсиетін жүзеге асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез -1470/1471 жылдар болатын, яғни  Қазақ хандығының толык, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған жылдары. Осылайша, Жәнібек хан 1457-1470/1471 жылдар аралығында өткен Қазақ хандығының құрылуы процесінің алғашқы кезеңінде Керей ханмен бірге «көшпелі өзбектерден» бөлінуді бастап, хандықтың уығын  бірге қадасса, Керей ханнан кейін хандықтың құрылу процесіне өзі басшылық жасайды да, оны ақырына дейін жеткізеді.

Енді Жәнібек ханның өміріне байланысты кейбір қате пікірлер мен тұжырымдарға тоқтала кетелік. Қате пікірге – Жәнібек ханның Астраханда, Қырымда хан болып, Мәскеу патшалығына кетіп, сол жақта  қайтыс болуы туралы пікір жатады.

М. Тынышпаев Гаммердің Жәнібек хан жөніндегі қате тұжырымын негізге ала отыра, оны одан әрі жалғастырады[26, 128].  Онда «1477 жылы Жәнібек хан Алтын Орда ханы Ахмет хан атынан  Қырымда  хандық  етеді, 1480 жыл шамасында Ресейге, ұлы князь Ш Иван Васильевичке келеді, сонда Ковно каласында дүние салды» деген пікірге М. Тынышпаев  «Алтын Орда ханы Ахмет ықпалы күшті туысы әрі ұлыс ханы Жәнібек ханды жанында ұстағысы келмеді, сөйтіп оны Ахмет Қырымға жіберу арқылы ондағы бағынбай жүрген Меңлікерейден құтылуды максат етті» деген дәлелдемесімен    толықтырады[26, 128].

Біздің ойымызша,  М. Тынышпаев осы жерде бірнеше мәселеге дерек мәліметтерінің жетіспеушілігінен қателіктерге бой алдырған дейміз.

       Біріншіден, XV ғасырдың 70-ші жылдары  Алтын Ордаға Қырым хандығы да, Жәнібек хан билеген Қазақ хандығы да тәуелді емес, олар әрқайсысы жеке дербес хандықтар болатын. Екіншіден, көрсетілген жылдарда Қырым хандығы мен Алтын Орда хандығы арасында талас-тартыс жүріп жатты. Екі жақтың біреуінің уакытша жеңіске жетуі екіншісін толық және түпкілікті жеңіске жеткізбеді. Сондықтан да Қырымда алтынордалық Ахмет ханның қазақтың Жәнібек ханын билікке отырғызуы мүмкін емес жағдай, үшіншіден, Жәнібек ханның жасы XV ғасырдың 70-жылдарында алпыстан асып, жетпіске таяп қалған болатын. Сондықтан да ондай жасы келген адамды Дешті Қыпшақтан Қырымға хан етіп жіберу қисынға келмейді. Міне, осындай жағдайларды ескермегендіктен, Жәнібек ханға байланысты қате пікірлер туындаған.

Қазақ ханы Жәнібек ханға қатысты жоғарыдағыдай қателіктерге ұрынбау үшін және ойымыз түсінікті болуы үшін 1477 жылы Қырымда хан болған Жәнібек кім деген сұраққа жауап берелік. Алдымен сол кездегі Қырым хандығы туралы бір-екі ауыз сөз.

XV ғасырдың 40-шы жылдары Қырымда билікке келген тұқайтемірлік Қажыкерей хан жаңа хандықтың және жаңа әулеттің негізін калайды. 1466 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, талас-тартыстан соң көп ұлдарының бірі — Меңлікерей билікті иеленіп, хан болады. Ол өз кезегінде бірнеше рет биліктен айырылады және қайта келеді.  Қайта келген Меңлікерей хан Қырымда XVI ғасырдың алғашқы жылдарына  дейін билік етеді. Ол 1502 жылы Алтын Ордаға соңғы рет соққы беріп, оны біржолата тарихтың көшінде қалдырады.

XV ғасырдың 70-ші жылдары  Қырым Мәскеумен одақтас болып, алтынордалық Ахмет хан мен король Казимирдің одағына қарсы тұрады. Дәл осы тұста Түрік сұлтандары да Қырымда өз ықпалын өсірген болатын. Осындай жағдай Қажыкерей ұлдарына бірнеше бағытты: түріктік, алтынордалық, мәскеулік бағдарларды ұстануға мәжбүр етеді. Қырымның билеуші әулеті ішінде осыншама бағыттарды  ұстанушылар арасында өзара күрес өрбиді. Меңлікерейдің бірнеше рет биліктен айырылуы осыдан туындаған. 1474 жылы Меңлікерейден билікті туған ағасы Хайдар хан тартып алады. 1475 жылы Меңлікерей түріктерге өтеді де, солардың көмегімен билікке қайта келеді. Ал 1477 жылы алтынордалық Ахмет хан Қырым түбегін қайта бағындырады да, Қырымның билеуші топтары арасында алтынордалық бағытты ұстайтын адамды билікке отырғызады.  Ол адам – Жәнібек хан болатын. Ол билікте 1477-1478 жылдары ғана отырады[12, 455]. Дерек мәліметтерінде оны: Жәнібек-Керей деп, Жан-Керей деп жазады. Жанкерей – Меңлікерейдің әкесі Қажы Керей ханның туған ағасы[11,61]. Жошы Ұлысының тарихы туралы зерттеу жүргізіп, көзі тірісінде сол еңбегін жариялай алмаған тарихшы, этнограф Г. Е. Грумм-Гржимайло (1860-1936) осы кездегі оқиғаларды былайша түсіндіреді: «…Ахмет хан Қырымды алып, онда билеуші етіп Жәнібек Герейді отырғызды… бірақ бір жылдан соң Қырымдағы жағдай қалпына келтіріледі: Жәнібек Ресейге қашты, Меңлікерей билікке қайта келді. Ресеймен арадағы одақтастық қалпына келтірілді және қосымша қаулымен толықтырылды». Қаулыда III Иван Ресейге  қашып барған Меңлікерей туыстарын ешқайда шығармау және барлығын жасына, Қырымдағы жағдайына сай материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету айтылған[13, 142].

      Жоғарыда айтып өткен шолулардан байқағанымыз, 1477 жылы Қырымда хан болып, бір жылдан соң Ресейге қашқан және сонда қайтыс болған Жәнібек хан, ол— қазақтың Жәнібек ханы емес, Қырымдағы хан әулетінің өкілі. Астраханда билікте болған Жәнібек хан да есімі ұқсас болғанымен, қазақтың Жәнібек ханына ешқандай қатысы жоқ.  Ал қазақтың Жәнібек ханы болса, XIII ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды.

       Енді бір-екі ауыз сөз, Жәнібек ханның «Әз Жәнібек» деп аталуы жөнінде болмақ.

     «Әз Жәнібек» атауын алғаш рет ауыз әдебиетінің материалдарына сүйеніп Ш.Құдайбердіұлы 1911 жылы жарық көрген еңбегінде айналымға енгізеді. Ол Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайырдан бөліну себебін Ақжол бидің өлімімен байланыстырып,  хан үкіміне «Әз Жәнібек хан өкпелеп кетті», – десе, осы тарихи әңгіменің өлең түріндегі нұсқасын былайша жырлайды:

«Қазақтың Әз-Жәнібек ханы болған,

Билеген сыртын ноғай заңы болған.

Арғынның арғы атасы Дайыр қожа,

Дейтұғын бір әділ би тағы болған.

Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген,

«Ақжол» деп оң тізеден орын берген.

Қобыланды қара қыпшақ батыр еді,

Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген.

Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді,

Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді.

Қысқасы Қобыландыны өлтірем деп,

Жар салып Әз-Жәнібек халқын жиды.

Жалынған үш кісінің құнын ал деп

Алмаған «бізге керек емес мал» деп.

Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны,

«Мұны өлтірсең қалған ел бұзылар» деп.

Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен,

Қыпшақты шауып, жаншып қатты өштескен.

Шудағы Шағатайдың нәсілінен,

Қараймыз Мұғыл Темір ханға дескен» [27, 22-23, 74].

Осылайша, Ш.Құдайбердіұлының еңбегінен соң Жәнібек хан «Әз Жәнібек» деп атала бастайды. Ал кейінгі авторлар оны ешбір тексерусіз, талдаусыз өз еңбектерінде қолданады. Тіпті 1943 жылғы  жарық көрген  академиялық басылымда  қазақ билеушісі Жәнібек хан – «әз Жәнібек» деп  жазылады[28,147].

Дерек мәліметтеріне жүгінсек, Алтын Ордада хан болған Өзбек хан ұлы Жәнібек ханға берілген баға қана оның «әз» деген титулмен аталуына лайықты сияқты. Натанзи  оған былайша баға береді: «…Оның әділдігін Ануширванның (Аты аңызға айналған Әділетті Хұсрау Ануширван, I  Хұсрау 531-578 жж. сасанилық әулеттің өкілі – Б.К. ) әділдігімен теңейді.  Ол бүкіл Өзбек ұлысын мұсылман етті, бұтханалардың бәрін жойды, көптеген мешіттер мен медресе салдырды. Ол бүкіл назарын мұсылмандардың жағдайын жақсартуға арнады. Әртүрлі өңірлер мен  тараптардан өте көп білімді және ғалым адамдар оның сарайына ұмтылатын.  Оның кезінде Дештілік әмірлердің ұлдары білімге бет бұрып, ғылым жолына түсті, олардың әрқайсысы өз уақытының  дара тұлғасына айналды, сөйтіп олардың ақыл-ойының жемісі әлі күнге дейін жиналыстар мен басқосуларда ауыздан ауызға таралып отырады…»[22,128]. Міне, осындай саясатынан кейін Жәнібек хан ғалымдар арасында әділ, қайырымды деген атаққа ие болып, «әзиз» атанады.

Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады[2,42]. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары  XV ғасырдын соңы мен XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығының күшею кезеңінде  үлкен рөл атқарғаны белгілі.  XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар – осы Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді. Жалпы алғанда, XIX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өмір сүрген қазақ мемлекеттілігінің билігінде Жәнібек ханның ұрпақтары тұрды. Біз олар туралы осы еңбектің келесі бөлімдерінде арнайы қарастырамыз.

Осылайша,  Жәнібек хан туралы жоғарыда айтылған ойларымызды қорыта келе,  мынадай қорытындылар жасаймыз.

Біріншіден, Жәнібек хан  –  Шыңғыс хан заманынан бері Дешті Қыпшақ аумағында билік құрған текті әулеттің өкілі болып келеді. Оның ата-бабаларының бәрі дерлік Ордаежен Ұлысында, Ақ Ордада, Алтын Ордада хан болған тарихи тұлғалар.

Екіншіден, Жәнібек хан  – туысы Керей ханмен бірге XVI ғасыр ортасында Дешті Қыпшақ аумағында үзіліп қалған әулет билігін жаңа сапада, ұлттық сипатта қалпына келтіреді және оның құрылу үдерісін аяғына дейін жеткізеді.

Үшіншіден, Жәнібек ханның ұрпақтары Қазақ мемлекеттілігін XIX ғасырдың басына дейін жеткізеді. Осылайша, кейінгі орта ғасырдағы хандардын өмірі мен тарихы ел, халық тарихымен тікелей байланысты болғандыктан, жеке тарихи тұлғалардын тарихын білу аркылы, біз өз тарихымызды терең біле түсеміз және ұлы адамдар өмірі әрқашанда үлгі, өнеге болады демекпіз.

Еңбегі

Жәнібек хан туысы Керей ханмен біргеXV ғ. ортасында Әбілқайыр хандығында қалыптасқан  саяси жағдайларды қолайлы пайдала отырып, қоластындағы ұлысымен  одан бөлінеді де, Әбілқайыр ханның қарсыласы Моғолстан жаққа көшеді. Сол кездегі Моғолстан билеушісі шағатайлық  Есенбұға хан туған ағасы Жүніс ханмен  тақ үшін күресіп жатқан болатын. Сол себепті де Есенбұға хан   Керей мен Жәнібек хандарды  өзіне одақтас ретінде қабылдап, Моғолстанның батысындағы Жетісу өңірінің  Шу өзені мен Қозыбасы жайлауы аралығын береді. Осы маңда Қазақ хандығының негізі қаланады. Алғашқы хан Керей болса, Жәнібек хандықтағы екінші тұлға болады. Жәнібек хан 1465–1466 жылы Керей хан қайтыс болғаннан тақты иеленеді. Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейінгі шағатайлық билеушілермен қарым-қатынасқа, Әбілқайыр ханның өлімінен кейінгі Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы үшін шибанилық сұлтандарға қарсы күресіне басшылық жасайды. Жәнібек ханның билігі тұсында Қазақ хандығының билігі Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде орнап, шибанилық әулет өкілдері бұл аумақтан қуылады. Тарихта Жәнібек хан Қазақ хандығының құрылуы барысына басынан аяғына дейін басшылық жасаған және осы үрдісті соңына дейін жеткізген тарихи тұлға ретінде қалды.

Ұлықталуы   

Жәнібек ханның есімі Керей хан есімімен тарихи аңыздарда, жазба дерек мәліметтерінде қатар айтылады. Көркем әдебиетте жазушы  І.Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы романы «Алмас қылышта» Жәнібек  ханның әдеби бейнесін сомдады. Халық ауыз әдебиетінде Жәнібек хан есімі «әз-Жәнібек» деп аталады. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын үкімет деңгейінде мерекелеу барысында Керей мен Жәнібек хандарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа еліміздің қалаларында көшелер атауы берілді. Керей мен Жәнібек хандарға орнатылған ескерткіш бар

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

  1. Муиз ал ансаб. //Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941(Одан әрі – СМИЗО)
  2. Таварих-и гузида-йи нусрат-наме.//Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.(Одан әрі – МИКХ).
  3. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы, 2003. -616 б.
  4. Фатх – наме. МИКХ.
  5. Шайбани-наме.//МИКХ.
  6. Әбілғазы. Түрік шежіресі.- Алматы: Ана тілі, 1991. -208 бет.(Халық қазынасы)
  7. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы / Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов. – Алматы, 1997. –128 б.
  8. Из «Списков устроителя мира» Гаффари.// СМИЗО. – II т.
  9. Из «Истории» Хайдера Рази. // СМИЗО. – II т.
  10. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. –276 с.
  11. СМИЗО. – II т.
  12. Лэн-Пуль Стэнли. Мусульманские династии. Мына жинақта: Абуль-Гази-Багадур-хан.Родословное древо тюрков. Иоакинф. История первых четырех ханов дома Чингизова. Лэн-Пуль Стэнли Мусульманские династии. Москва-Ташкент-Бишкек, 1996.-544 с.
  13. Грумм-Гржимайло Г. С. Джучиды. Золотая Орда. Мына кітапта: «Арабески» Истории. Книга 1. Русский взгляд. М., 1994.
  14. Зайцев И.В. Астраханское ханство. – М., 2004. – 303 с.
  15. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар. //МИКХ.
  16. Из «Места восхода двух счастливых звезд и места слияния двух морей» Абд-ар-Раззака Самарканди // СМИЗО. – Т.II. – С. 190-201.
  17. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. // В кн.: На стыке континентов и цивилизации… (из опыта образования и распада империй   Х-ХVІ вв.) – М., 1996. – С. 277-526.
  18. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государство и народы Евразийских степей. Древность и сердневековье. Второе издание, исправленное и дополненное. – СПб., 2004. –368 с.
  19. Қазақ ССР  тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – Т.ІІ. – Алматы, 1983. – 440 б.
  20. Из «Книги побед» Шереф ад-дина Йезди. // СМИЗО. – Т.II.
  21. Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского         Ю.П. Верховского, примеч. И.П. Петрушевского. – М.-Л., 1960. – Т.2. –248 с.
  22. Из «Анонима Искандера». // СМИЗО. – Т.II.
  23. Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 1996.
  24. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара. (Записки Бухарского гостя) /Перевод, предисловие и примечания Р.П.Джалиловой. Под ред. А.К. Арендса. – М., 1976. – 196 с.
  25. Тарих-и Кипчаки. //МИКХ.
  26. Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Баигалиев Б. – Алма-Ата, «Қазақ университеті», 1993, 224 стр.
  27. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы, 1991. – 80 б.
  28. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней – 3-е изд., переработ. – Алматы, 2011. – 670 с.

Автор:Кәрібаев Б.Б., т.ғ.д