Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ


Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) – ақын, күйші, композитор, Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жж. аралығында халық-азаттық көтерілісін ұйымдастырушыларының бірі. Оның жалынды жырларында көтерілісшілердің талап-тілектері мен халық мұңы бейнеленді. Қазақ халқының азаттығын аңсаған біртуар тұлға.

Өмірбаяны

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Батыс Қазақстан облысына қарасты қазіргі Жәнібек ауданында, Нарын құмында дүниеге келген. Әрине батырдың туған жылымен қатар, оның туған жеріне қатысты зерттеушілер арасында нақтылық жоқ екендігін ескеру қажет. Бірқатар зерттеушілер 1803 жылы дүниеге келді десе, ендігі бірі 1804 жылы дүниеге келген дегенді ұстанады. Бірегей ғалымдар Е. Бекмаханов, М. Қозыбаев батырды 1803 жылы дүниеге келген деп есептейді. Белгілі тарихшы И. Кенжалиев өзінің еңбегінде «Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы бұрынғы халық «Ішкі тарап» деп, отаршылар кейін «Ішкі, Бөкей ордасы» деп атаған, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында Бекетай құмында дүниеге келген» деп нақты тұжырымдайды [1, 42 б.]. Елімізге танымал зерттеушілердің мұндай пікір ұстануы заңдылық. Өйткені Жәңгір хан 1836 жылдың 7 мамырында Махамбетті Күшік Жапаровты өлтірді деп айыптап, Орынбор шекара комиссиясына рапорт берген болатын. Осы іске байланысты құрылған комиссияға, істі жүргізуші тергеушіге Махамбет Өтемісұлы: «Менің атым Мұхамет Өтемісұлы, жасым 33-те, дінім мұсылман, татарша сауаттымын, орысшада аздап оқып, жаза аламын» деп жауап берген [2, 138-п]. Батырдың бұл жауабы 1836 жылдың қараша-желтоқсан айларының аралығында алынған. Демек Махамбет Өтемісұлының 1803 жылы дүниеге келген деген пікір орынды. Ал 1804 жылы дүниеге келді деген пікірді ұстанушылар да өз пікірлерін архив құжаттары арқылы дәлелдеуге тырысады. 1841 жылдың 7 наурызында алынған тергеу барысында батыр өзінің жасы 37-де екендігін атап өтеді. Сол себепті зерттеушілер Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы дүниеге келді деп санайды. Біздің пікірімізше мұны Махамбет Өтемісұлы 1841 жылы жасы толық 38-ге толмағандықтан көрсеткен. Сол себепті де 1803 жылы дүниеге келген деп санауға толық негіз бар. Ал туған жеріне қатысты Нарын құмының Жасқұс жерінде дүниеге келген деген пікір тарихнамада қалыптасқан. Белгілі тарихшы И. Кенжалиев, ғалым Қ. Сыдиқов пен Ә. Сарай Махамбет Өтемісұлының Жасқұс емес, Нарын құмының Бекетай деген жерінде дүниеге келген деген пікірді ұстанады. Ал Бөкей сұлтан 1801 жылы Ішкі Ордаға қоныс аударған тұста, Махамбеттің әкесі Өтеміс Бекетай деген жерге жақын орналасқандығын ескерсек, бұл пікірдің растығына көз жеткізуге болады.

Тарихи деректерге мән берсек Махамбет Өтемісұлы жастайынан Ұлы Далаға аты мәшһүр болған ақындар мен жыраулардың шығармаларына қанық болып өскен. Бұл батырдың жастайынан білімге құштарлығы жоғары болғандығын көрсетеді. Заманына сай мұсылманша сауатын ашып, орыс тілімен қатар, татар әрі араб тілдерін меңгерген. В.Ф. Шахматов өзінің «Внутреняя Орда и восстание Исатая Тайманова» деген еңбегінде мұндай тілдерді меңгеру сол замандағы Орда тұрғындары арасында сирек кездескендігін және Махамбет Өтемісұлының бұл тілдерге қай жерде оқығандығы белгісіз деп санайды [3, с. 246]. Әкесі Өтеміс аймағындағы ықпалды билердің бірі саналған. Ал атасы Құлмәлі де өз заманының ерекше тұлғасы болған. Байұлының ішіндегі Беріш руынан. Махамбет өзінің жырларында:

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік, – деген мәліметтерді береді. Осыған қарап Өтемістен он ұрпақ тараған деп топшылауға болады. Осы он ұлының Бекмұхамбет, Қожахмет, Сүлеймен, Қасен, Есмайыл, Досмайыл, Ыбырайым атты ұлдары наразылық орын алған жылдары Махамбеттің жанынан табылып, азаттық қозғалысының белді қатысушыларына айналған [4, 131-п].

Махамбет Өтемісұлы шыққан отбасы ел ішінде жоғары беделге ие болған әрі ел басқару ісінен жеткілікті хабары бар адамдардан тұрған. Оған дәлел әкесі Өтеміс старшина болып ел басқарса, мұндай қызмет Махамбетпен бір туған Тоқтамыс, Бекмұхамбетке де бұйырған. Тарихи деректер мен кейінгі зерттеу жұмыстары Өтеміс және оның балаларына тән ортақ қасиет шындыққа тура қарай алатын әділ жандар болғандығын растайды. Ол турасында Әнес Сарай өз еңбегінде «Өтеміс Беріштің 19 биінің бірі, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, орақ ауызды шешен, би болған» деген мәліметтерді келтіреді. Сөзсіз үнемі халық мұңы мен мүддесін жоғары қойған жандар өз заманының билеуші топтарына ұнамасы анық. Міне осындай сипаттан теке-тірестер туындап, ру басы Сүйінішқали мен Өтеміс арасындағы қарым-қатынастарда салқындық пайда болады. 1816 жылы сұлтан өз адамдарымен Махамбеттің әкесі Өтемістің ауылын шапқан болатын. Сұлтанға қарсы арызданғанымен одан еш нәтиже шықпайды. Керісінше осындай арыздану барысында Өтемістің өзіне қарсы айыптар тағылып, Махамбеттің әкесі Орынборда қамауға алынады және 1817 жылдың 2 қарашасында қамауда қайтыс болған [5, 30 б.]. Демек Махамбет Өтемісұлы жастайынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесін көріп өседі. Әрине тегінің батыр болғанына қарамастан әкесінен айрылған балаға батырға лайықты тәрбие бере алған анасының да қарапайым болмағанына көз жеткіземіз. Махамбет Өтемісұлының анасы Қосуан алаша руынан шыққан және ел арасында кеңінен таралған әңгімелерге қарағанда өжет адамдар қатарына жатқан. Сонымен қатар елдің қамын ойлаған Махамбеттің бірнеше тілді еркін меңгергендігіне қарағанда аналары балаларының білім алуына да жеткілікті мән берген. Әрине бұл ретте Махамбет Өтемісұлының халыққа жақын болып өсіп, қалыптасуында Исатай Тайманұлының да алар орны бөлек болған. Мысалы Жәңгір ханға арналған бір жырында:

Арыстан еді-ау Исатай,

Нетесің тақсыр табалап,

Бауырында паналап, – деп келетін жыр жолдары сөзіміздің дәлелі болып табылады. Жалпы тек Махамбет қана емес, Өтемістің барлық балалары Исатай Тайманұлының жақсылығын жастайынан көрген сыңайлы. Өйткені азаттық қозғалысы жылдары Өтемістен тараған ұрпақтың бірқатары Исатайды қолдап, азаттық қозғалысының белсенді қатысушыларына айналған.

1829 жылы Махамбет Өтемісұлы Ішкі Ордаға заңсыз өтті деген айыппен Калмыков бекінісіне бір жылдай қамауға алынады. Алайда жаппай індет тараған тұста ол жерден қашып шығып, кейіннен әскери губернатор граф Сухтеленнің шешімімен ақталады [6, 222-п.].

Бірқатар тарихи зерттеу жұмыстарында 1824-1828 жылдары Махамбет Өтемісұлы Орынборда оқып жатқан Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның тәрбиешісі ретінде осы аталған қалада өмір сүрді деген мәліметтер кездеседі. Алайда осы мәселе төңірегінде бірнеше өзінің іргелі еңбектерін жазған И. Кенжалиев «Исатай-Махамбет» атты еңбегінде Махамбет Өтемісұлының Неплюев кадет корпусында оқитын Зұлқарнайдың жанында қай жылдары болғандығы белгісіз екендігін атап өтеді де «Біз Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архивінен Жәңгір ханның Орынбор соғыс губернаторына жазған 1833 жылғы 9 марттағы хатын таптық. Онда хан өзінің 9 жасар баласы Зұлқарнайды Орынбордағы Неплюев әскери училищесіне қабылдауын өтінген. Бұл өтініші орындалып, осы жылы 14 майда Орал казак әскерінің атаманы оқушыларды Орал қаласына әкетуге шақырған. Міне, осы уақытта Зұлқарнаймен бірге Махамбет те Орынборғa келген болуы керек» деп топшылайды [7, 126-127 б.]. Зерттеушілердің пікірінше осы қалада болған жылдары Махамбет Өтемісұлы орыс және өзге де тілдерді меңгеруіне мүмкіндіктер туындаған деп санайды. Дегенмен тарихи оқиғалар желісіне мән берсек, Махамбет Өтемісұлы Зұлқарнайдың жанында ұзақ мерзімде бола алмаған сыңайлы. Өйткені кейінгі 1834 жылдары Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордасындағы саяси шиеленістерге белсенді атсалысып, тіпті осы жылы старшын болып тағайындалады. Бұл сөзсіз Жәңгір хан тарапынан жасалған саяси амал болуы мүмкін. Өйткені Жәңгір хан Исатай бастаған азаттық қозғалысының басты дем берушісі деп таныған Махамбетке шен беру арқылы оның саяси көзқарастарын өзгертуді көздеген сыңайлы. Алайда бұл амал еш нәтиже бермеген деп санаймыз.

Махамбет Өтемісұлының есімі көп жағдайда 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Жәңгір хан мен патша үкіметінің отарлық саясатына деген наразылық Махамбет Өтемісұлының саяси көзқарастары мен ұстанымдарының қалыптасуына әсер етті. Дегенмен батыр осы тарихи оқиғаларға дейін қазақ үшін игі істердің ұйытқысы бола білген Жәңгір ханның жақыны саналған. Тіпті Орынбор қаласындағы Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайдың жанында болғанына қарамастан уақыт өте, наразы халықтың жағына шығып, азаттық қозғалысын ұйымдастырушыларының біріне айналды.

Махамбет Өтемісұлының өмір тарихын 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы азаттық қозғалыстың алар орны тым бөлек. Өйткені ол осы азаттық қозғалысты ұйымдастырушыларының бірі болған. Махамбет Өтемісұлы ұйымдастырушыларының бірі болған халық-азаттық қозғалыс өзінің сипаты бойынша патшаның отарлық саясатына қарсы бағытталды. Көтерілістің басты қозғаушы күшін – патшаның және Жәңгір ханның саясатынан езгіге ұшыраған шаруалар құрады. Әрине көтеріліс барысында жалпы Жәңгір ханның ел билеу ерекшелігіне көңілі толмаған әрі халықтың мүддесін жоғары қойған старшындар және ел арасына танылып үлгерген билер де қатысты.

Көтерілістің алғашқы қақтығыстары 1836 жылдың 24 наурызында Қарауылқожа Бабажанов пен Исатай Тайманұлы арасындағы қақтығыстан басталған. Алғашында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Жәңгір ханмен соғысу арқылы емес, мәміле арқылы мәселені шешуге талпынған. Өйткені 1836 жылдың маусым айында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы өздерінің мұңы бір серіктерімен Жәңгір ханға өз уәждерін жеткізуге аттанған. Алайда Жәңгір хан оларды кейін қайтара алып, өздері наразы топтың мәселесін шешу емес, керісінше болмай қоймайтын қақтығысқа дайындық жұмыстарына кіріскен. Рас Жәңгір хан да алғашында мәмілеге келуді көздеген сыңайлы. Өйткені Исатай мен Махамбетке жолдаған бір хатында: «Ақылыңыз бен жүрегіңізді біле тұра, сізге деген сенімімді жоғалтқым келмейді, бірақ дәлірек білу үшін, жеке келіссөз жүргізу мақсатында сізге тез маған келуіңізді талап етемін» деген мәліметтер береді. Алайда бұл келіссөздер тығырыққа тіреліп, іс жүзінде жүзеге аспай қалады. Оған ханның жақтастары әсер етуі әбден мүмкін. Нәтижесінде 1836 жылдың 17 наурызында Жәңір хан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын бүлікші ретінде ұстауға билер мен старшындарға бұйрық береді.

1836 жылдың қараша айында Махамбет Өтемісұлын қалың бұқараға «қылмыскер» ретінде көрсетудің тағы бір әрекеті жасалады. Бұл әрекетті Қарауылқожа ұйымдастырады. Оның айтуынша 1828 жылы Махамбет Хиуадан заңсыз тауар тасыған және осы әрекеті үшін ұсталғанда еді [8, 9-п.]. Әрине бұл Махамбеттің «қылмысын» ауырлату әрекеті болған.

1836 жылы 7 мамырда Жәңгір хан Бөкей Ордалық Күшік Жапаровты өлтірді деген айып тағып, Махамбеттің үстінен Орынбор шекара комиссиясына шағымданған. Шағым рапорт түрінде жолданып, рапорт генерал-губернатор В.А. Перовскийге беріледі. Нәтижесінде қойшы Күшік Жапаровтың өлімін тергеуге қатысты арнайы комиссиясы құрылған. 1836 жылы 8 қараша мен 10 желтоқсандағы тергеу барысында Махамбет Өтемісұлы тергеушілерге өзі турасында: «Менің атым Мұхамет Өтемісұлы, жасым 33-те, дінім-мұсылман, татарша сауаттымын, орысшада аздап оқып, жаза аламын» деген құнды мәліметтер береді [9,138-п].

Күшік Жаппаровтың өліміне қатысты 1836 жылдың 10 желтоқсанында Исатайдың ұлы Жақиядан жауап алынған болатын. Нәтижесінде Күшік Жапаровтың өліміне Махамбеттің де Исатайдың да қатысы жоқ деп шешім шығаруы сөз жоқ Жәңгір ханның жоспарына қарама-қайшы болды. Әрине осы екі азаматтың кісі өлімі бойынша айыпталып, қамауға алынуы көтерілістің барысына үлкен өзгерістер әкелуі тиіс болды. Алайда олардың кінәсіздігі Жәңгір ханды тыныштандырмады. Нәтижесінде ол Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийге хат жазып, хатта Исатай мен Махамбет тарапынан қысымшылық көріп отырғандығы және Күшік Жапаровтың өлімі солардың мойнында екендігі баса айтылады. Сонымен қатар В.А. Перовскийді сендіру үшін Қарауыл қожа мен Балқы бидің Исатай мен Махамбетке қатысты жазған шағымдары қоса жіберіледі. Жәңгір хан үшін Исатай мен Махамбетті тұтқындаудың маңыздылығы генерал-майор Генстің Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийге жазған хатынан да байқауға болады. Ол хатта: «Комиссияның жазбаларында көрсетілгендей, старшын И. Тайманов Ішкі орда жеріндегі қашқындарды іздестіру жұмыстарына үлкен көмек көрсетті. Оны өзіңіз де білесіз. Бірақ Жәңгір хан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын тұтқындауды барынша өтініп сұрайды. Өйткені осы екі азаматты Ішкі ордадағы ішкі мәселелерді жүргізуде өз зияндарын тигізуде деп есептейді» деген мәліметтер сақталған.

1937 жыл көтеріліс тарихында аса шарықтаған кезеңі болып табылады. Дәл осы жылы көтерілісшілер Жәңгір ханның жақтастарына ғана емес, ханның тікелей өзіне қарсы бар күшін жұмылдыра білді. Көтерілісшілер саны да дәл осы кезеңде бірнеше есеге артып, 1837-жылдың 4 маусымында Балқы Құдайбергеновтың ауылын шауып, шайқас барысында Балқының адамдарын талқандайды.

1837 жылдың 16 қыркүйек айында Махамбет Өтемісұлы көтерілісшілермен бірге халықты қанаумен аты шыққан Қарауылқожа Бабажановтың ауылын шауып, ауылдың 550 жылқысын, 95 түйесін алып, кедейлерге үлестіреді. Ертеңінде тұтқындалған 50 адамның 30-ын босатып жібереді. Сонымен қатар Махамбет Өтемісұлы Жәңгір ханның туыстары Шөкі Нұралиев, Тәуке Бөкейханов, Жанбөбек Бегалиевтердің ауылдарына да қысымшылық көрсетеді. Сонымен қатар Қуаныш, Айданәлі деген сұлтандарды тұтқындап, өз қамауларында ұстауға қатысады. Қысымшылықтан бөлек Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер жоғарыда аты аталған сұлтандарды да қолға түсіру үшін арнайы жасақтар жібереді. Сұлтандарды үрей билеп, олар Глинянск форпостына барып тығылуға мәжбүр болады.

1937 жылдың қараша айында Исатай мен Махамбет хан ордасына шабуыл ұйымдастырып, Ордаға аттанған. Исатай мен Махамбет бастаған екі мыңнан астам көтерілісшілер хан сарайын қоршауға алған кезде Жәңгір ханның оларға төтеп беретіндей әскер күші аз болды. Көтерілісшілердің аз уақытта хан әскерін жеңіп кетеріне сенімді болған Жәңгір хан Исатайды мәмілеге келуге шақырып, талаптарын орындауға уақыт беруін сұраған. Ал, көтерілісшілер болса Балқы би мен Қарауылқожаны хан төңірегінен аластауды және билікті ру старшындарына беруді талап еткен болатын. Бұл Жәңгір хан тарапынан уақыт оздырудың амалы ғана болған еді. Өйткені осы уақыт аралығында Орынбордан подполковник Геке бастаған казак-орыс әскери күші көмекке келіп жетеді. Осылайша Исатайға қарсы тұра алатын халге жетті. 700 казак-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазы мен көтерілісшілер арасында шайқас орын алып, 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жер шайқас алаңына айналды. Подполковник Геке зеңбірекпен атуға бұйрық берісімен, көтерілісшілер арасында қорқыныш билеп, көтерілісшілердің жеңілуіне тікелей себепші болды. Алпыс жігіттен айырылған, мықты қаруланған жазалаушылардың күшіне шыдай алмаған көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетті. Күші басым жаудың қолына түспес үшін Исатай аз ғана топ жігіттерімен шегінуге мәжбүр болды [10, 150-152 б.].

1838 жылы 12 шілдедегі наразы топ жасақтары мен полковник Геке бастаған қарулы күштер арасындағы Ақбұлақ шайқасының Махамбет Өтемісұлының өмір тарихында орны бөлек оқиға. Зеңбіректерден жауған снарядтар көтерілісшілер қатарын бірден сиретіп, үрей туғызды. Оқты қардай боратқан патша әскерлеріне Махамбет Өтемісұлы бастаған жасақ қарсы тұра алмай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген көтерілісшілерге сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының жасақтары тыңнан тап берді. Махамбет сарбаздарды рухтандырып, ұрыс даласында сұлтанның жасақтарына тойтарыс беріп шегіндірді. Осы кезде көтерілісшілердің тыл жағынан казак-орыс жүздіктері қимыл жасап, оларды қоршауға ала бастады. Өзінен басым күшке төтеп бере алмаған көтерілісшілер кейін шегінуге мәжбүр болып, ал азаттық қозғалыс жетекшісі Исатай осы шайқаста қаза табады. Әрине Исатай Тайманов қаза болғаннан кейін күрес біршама бәсеңдеді. Көтеріліс жанышталғанымен оның белсенді ұйымдастырушысы әрі идеологы бола білген Махамбет Өтемісұлын қуғындау саясаты тоқтамады.

Исатай Тайманұлының Ақбұлақ өзені бойындағы жеңілісінен кейін Махамбет Өтемісұлы Қайыпқали сұлтанмен бірге Хиуа жеріне өтіп кетеді. 1839 жылдың қаңтарына дейінгі оның өміріне қатысты мәліметтер өте аз. Осы жылдың қаңтар айында Каспий маңында көшіп-қонып жүрген қазақтардың басшысы сұлтан Асфендиар Сегалинге Махамбет Өтемісұлының хаты тапсырылады. Бұл хат осы жерлердегі қазақ руларындағы старшындарға арналған. Асфендиар Сегалин аталмыш хатты Шекаралық Комиссия төрағасына жеткізеді. Хатта Махамбет Өтемісұлы өз жақтастарына өзінің амандығын айта келе, Хиуадан сәтті оралғандығын айтады және елге қайтып келу қауіптілігі жоғары болғандықтан оның мүмкін емес екендігін жеткізген. Хаттың біз үшін маңызды тұстарының бірі Махамбет Өтемісұлының Хиуа ханы Алақұлмен байланыс орнатуы. Махамбет Өтемісұлы қазақтар орыс патшалығынан қысымшылық көрген жағдайда Хиуа жағына көшуге Алақұл ханнан рұқсат алады. Бұл сөзсіз Махамбет Алақұл ханмен жақсы қарым-қатынас орнатқандығы және батырдың мәмілегерлік қасиетінің басты көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар хаттың қазақ старшындарына жолдануы сөзсіз Махамбет Өемісұлының әлі де болса елдегі саяси ахуалды өз назарында ұстағандығын білдіреді. Махамбет Өтемісұлы өз хатында Хиуа ханы Алақұлдың қолдауы және Қайыпқали сұлтанның әскери жасақтарды құрғандығын жеткізген болатын. Осыған қарағанда батыр әлі де болса патшалық Ресейдің отарлық саясатының қол шоқпары болып отырған билеушілерге қарсы көтеріліс жасау ойынан айнымаған.

1839 жылдың қазан айында Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордасына келеді. Ол турасында Жәңгір хан 1940 жылы желтоқсан айында берген есебінде айтқан болатын. Жәңгір хан Әділ Бөкейханов сұлтанға батырды іздеп тауып, тұтқындауға бұйрық бергенімен, нәтиже шықпаған. 1840 жылдың желтоқсан айында Махамбет Өтемісұлы өзінің жақтастарымен бірігіп, беріш руының старшыны Ақтай Мұнаевтың 35 жылқысын барымталайды және Орал асып, Сарыкөл елді-мекеніне қоныс аударады. 1840 жылдың шілдесінде Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтар генерал-майор Жемчужниковтың жасағына шабуыл жасайды. Генералдың жол көрсетушісі Б. Бердалиевтің айтуынша шабуылдаған қазақтар саны екі жүздей адам болған. Бұл көтеріліс рухының әлі де болса сөнбегендігін көрсетеді. 1841 жылдың қаңтар айында әскери генерал-губернатор Орал жасақтарының атаманына Махамбет Өтемісұлын тұтқындауға бұйрық беріледі. Мұндай мағынадағы бұйрық Баймұхамбет Айшуақовқа да беріледі. Ол өз кезегінде осы бұйрықты орындауды Асфендиар Сегалинге тапсырғанымен ол өзінің нәтижесін бермеген болатын. Осы жылдың 4 наурызында Мұртаза Өзбекқалиев Махамбет Өтемісұлының теңіз жағалауындағы ауылдарда жасырынып жүргендігін жеткізгеннен кейін, Орал әскери жасағының Голунов, Ведерников және Хохлов сынды жасақ басшылары батырды қолға түсіріп, Орынбордағы әскери-далалық сотқа тапсырады. Нәтижесінде 1841 жылдың 17 наурызында Махамбет Өтемісұлы Орынбор түрмесіне жіберіледі. Осы жерде «Махамбет Өтемісұлының жасы 37-де екендігі және шашы мен сақал-мұрты қара, бет-әлпеті таза, қараторы, көздері сарғыш-сұр деген мәліметтер» беріледі. Ал 31 наурызда Махамбет Өтемісұлының ісі Орынбор әскери сотына жіберіледі. Зерттеуші А. Рязанов дәл Махамбет Өтемісұлы өмірінің соңы мен өлімін дәл осы Орынбор жерінен іздеу керек санайды [11, с. 99-100]. Алайда кейінгі тарихи оқиғалар көрсеткендей Махамбет Өтемісұлының өмірі осы жерден аяқталмады. Атап айтқанда 1841 жылдың 24 маусымында Махамбет Өтемісұлы сұлтан А. Жантөриннің қарамағындағы Кіші жүздің жеріне, қазіргі Ақтөбе жеріне жер аударылады [12, 7-10 п.п.]. Бұл ретте Махамбет Өтемісұлының Хиуа жағында, кейінірек Кіші жүз жерінде жүргенде бірқатар экспедиция мүшелеріне көмек көрсеткендігі ескерілсе керек. Қалаға немесе Бөкей Ордасына баруына тыйым салынады.

1841-1843 жылдар аралығын Махамбет Өтемісұлы осы аймақта өткізген. Осы жылдары қарулас достары мен өткен күндерге деген сағынышын білдіретін өлеңдері мен күйлерін дүниеге әкеледі. 1845 жылы Махамбет Өтемісұлы Орынбор қаласына келеді. Мұндағы мақсаты Орынбор шекаралық комиссиясынан он жасар ұлы Нұрсұлтанды оқуға алу туралы өтініш білдіру болған. Кез-келген қазақ өз баласын оқытуға тілек білдіргенде міндетті түрде оның шығу тегі мен қоғамдағы орны турасында жергілікті басшы не сұлтаннан анықтама алдыру тәртібі болған. Міне 9 ақпан Махамбет Өтемісұлының талап-тілектері бойынша сұлтанға сұраныс жіберілгенде, оның азаттық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі екендігі анықталып, тез арада тұрғылықты жеріне қайту бұйырылған. Жалпы Махамбет Өтемісұлы туралы сұлтан Айшуақов жақсы пікір айтпаған. Мысалы Махамбет өз ұлын оқуға орналастыру барысында сұлтан Айшуақов теріс пікір білдіре отырып, оның Бөкей Ордасында өмір сүру үшін, қоғам үшін қауіпті екендігін білдіреді. Сонымен қатар 1845 жылы 12 мамырда сұлтан тағы хат жолдап, осы жолы Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордасының байы Тұнғаншиннің жылқыларын ұрлады деп айыпталады. Сондай-ақ Бөкей Ордасында қылмыс жасап қашқандар, Махамбет Өтемісұлының жанынан пана табуда екендігін жеткізеді.

1845 жылдың 3 тамызында алаша руының старшындар мен билері Махамбетті Ішкі Орда жерінен түбегейлі қуып, ол үнемі көтеріліске шақыратындығын жеткізген қоғамдық шешімі шығарылады. Оған он екі старшын мен билер қол қойған. Бұл шешім Махамбеттің кейінгі тағдырына қатты әсер еткен. Өйткені сол жылдың 7 қыркүйегінде шекаралық комиссия Махамбет Өтемісұлын ұстауға бұйрық беріп, оны орындауды сұлтан Баймағамбет өз мойнына алған. 1846 жылдың қазан айында Айшуақов Махамбетті ұстау үшін Ықылас Төлеев, Жанберген Боздақов, Төрежан Тұрұмов, Мұса Нұралин, Жүсіп Өтеулиев бастаған 20 адамды аттандырады. Махамбет қоныс тепкен жерге келгенде Төрежан Тұрұмов оған сұлтанның ұрланған жылқыларды қайтару туралы бұйрығымен таныстыруға келдім деп алдап, үйге кіреді. Осы сәтте Ықылас Төлеев пен Мұса Нұралиндер кіріп, жылқыларды қайтаруды талап ету арқылы жағдайды қасақана ушықтырады. Өзінің кінәсіз екендігін дәлелдегісі келген Махамбет Өтемісұлына жабылып, нәтижесінде Жүсіп Өтеулин батырдың басын шауып алады. Осы тұста Махамбет Өтемісұлының 8 жылқысы мен 4 түйесін қолды етіп, батырдың басы мен інісін сұлтанға жеткізеді. Істің мән-жайын шекаралық комиссияға түсіндірген Баймағамбет сұлтан Махамбет Өтемісұлын кінәлі етіп, өзі қаруды бірінші болып кезенгендігі және Төрежан Тұрұмов бастаған адамдарды өлтіруге талпынған деп жеткізеді. Әрине Махамбеттің өлімін анықтау мақсатында Редкин бастаған тергеу тобы құрылғанымен, ол айтарлықтай нәтиже бермеген [3, с. 250-252]. Махамбет Өтемісұлының басына 500 сом берілетіндігін ескерсек, бұл оқиғалар желісі батырды тұтқындау емес, әуелден өлтіру ниетінен туындағаны белгілі болады. Нәтижесінде Махамбет Өтемісұлының 1846 жылы 20 қазан айында Қараой өңірінде арнайы жасақтың қолынан қаза табуы ұзаққа созылған Бөкей Ордасындағы азаттық қозғалысын түйіндеді.

Еңбегі

Отан тарихының ең бір күрделі кезеңіне тұспа-тұс келген Махамбет Өтемісұлының өмірі де және қоғамдық қызметінің де шиеленісті тұстары басым. Бүгінгі тарихнамада Махамбет Өтемісұлының тарихи бейнесін ашатын ғылыми-зерттеу жұмыстар да баршылық. Зерттеуші ғалымдардың ортақ тұжырымына сай Махамбет Өтемісұлы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының отарлық саясатқа қарсы азаттық қозғалысының жарқын өкілі болып табылады. Махамбет Өтемісұлының тарихи бейнесі – қазақ халқының күрескерлік қасиетінің әрі Отан мен ұлтты сүюдің үлгісіне айналды. Батыр осы тұстағы патша үкіметінің отарлық саясатын өзінің өлеңдерімен жеткізіп, халықтың мұң-мұқтажын өз жырларына арқау етті. Ақындығымен қатар, батыр бабалар жолын жалғаған шебер күйші де болған. Махамбет Өтемісұлы өз шығармаларын түрлі жанрларда жазып, азаттық идеясы мен мемлекетшілдік, ұлт бірлігі мен елдік мәселелерін тереңінен насихаттады. 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы азаттық қозғалыстың басталуының себептері де Махамбет Өтемісұлының халық мүддесін жоғары қойған тарихи тұлға болғандығын дәлелдейді. Махамбет Өтемісұлы ұйымдастырушыларының бірі болған көтеріліс негізінен патша үкіметінің отарлық саясаты нәтижесінде пайда болған жер тапшылығынан туындаған. Мысалы көтеріліс пайда болған Бөкей Ордасында 30-шы жылдары 80 мыңға жуық адам болса, соның 20 мыңға жуық отбасы жер тапшылығынан зардап шеккен. Оның басты себебі патша шенеуніктері мен оның жақтастары шұрайлы жерлерді тартып алуында еді. Бір қызығы сол тартып алынған жерлерді қайтадан қарапайым қазақтарға жалға беріп, оған қоса қазақтардан түрлі алым-салықтар жинау дағдыға айналды. Байқағанымыз бұл қарапайым халықты ашық тонауды білдірді. Жалпы алғанда Бөкей Ордасындағы жер тапшылығы әсіресе қарапайым халық үшін ауыр тиді. Олардың барлығының бірдей жер сатып алып немесе жалға алып пайдалануға шамалары жетпеді. Сол тұста хан сарайы Бөкей Ордасында тұрғындардың 6-7 мың жанұя немесе тұрғындардың 1/4 бөлігін жерсіз деп есептеген [13, с.135]. Алайда тарихи шындық бұл көрсеткіштен де жоғары болған. Жалпы 1834 жылғы мәліметке сай Бөкей ордасында 16500 шаңырақ тіркелген. Олардың 3600 беріш руының отбасы болса, 2000 отбасы шеркештер, байбақты руынан 1980 отбасы, алаша руының отбасылар саны 1700 құраған. Сонымен қатар ұсақ өзге де ру отбасылар тіркелген. Шамамен алған сол жылғы мәліметті сараласақ Бөкей ордасында 109300 адам өмір сүрген. Тағы бір атап өтетін жайт жер тең дәрежеде бөлінбеді. 273 мың десятина жер қазақ феодалдары мен сол кезде аты шыққан Юсупов пен Безбородко сынды орыс помешиктерінің жеке иелігіне беріліп кетті. Жәңгір ханның өзі 400 мың десятина жерді өзіне алса, оның туысы Қарауылқожа Бабажанов 700 мың десятина жерге иелік етіп, осы жерлерді жалға алған қазақтардан алым-салық жинап отырды. Қарауылқожа Бабажанов турасында тарихшылар және қарапайым оқырмандар арасында әлі де болса түсініспеушілік бар. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының көтеріліс тарихын жазғанда Қарауылқожаны Жәңгір ханның қайын атасы ретінде сипаттайды және жер иеленудегі оның артықшылықтарға ие болуының себептерін де осы туысқандық факторымен байланыстырып жатады. Алайда көтеріліс қарсаңында және барысында Қарауылқожа Жәңгір ханның қайын атасы болмаған. Ол туралы тарихшы Көшім Есмағамбетов: «Зерттеушілер 30 жылдарға қатысты оқиғаларға байланысты Қарауылды Жәңгірдің қайын атасы деп көрсетеді, ол шындыққа келмейді. Жәңгір Қарауыл қожаның төртінші қызы Салихаға 1844 жылы үйленеді» деген мәліметтер келтіреді [14, с. 106]. Демек, көтеріліс басталғанда Жәңгір хан мен Қарауылқожа Бабажанов арасында ешқандай туыстық қарым-қатынас болмаған. Осы жылдары Кіші жүз қазақтарының дұрыс әрі таршылықсыз өмір сүру мүмкіндіктері барынша тығырыққа тірелді. Өйткені олардың мекен еткен жерлерін орыс ауылдары мен станицалары қоршап тұрды. Ал шекараны асып өткені үшін қазақтар оларға ақы төлеуге міндеттенді. Мысалы қазақтар шекарадан өткендері үшін отбасыға он сом, әр мал басына және шөп тиелген арба үшін он сомнан төлеуге мәжбүр болған. Демек, бұл мал шаруашылығының тығырыққа тірелуін білдірсе керек. Міне халықты қинаған мұндай отарлық саясат Махамбеттің наразы топтардың қатарына қосылуына түрткі болды. Бұл фактор сөзсіз Махамбет Өтемісұлының өз халқының қамын жеген адал перзенті болғандығының көрсеткіші. 1823 жылы хандық таққа тағайындалған Жәңгір хан Ішкі Ордадағы жер саясатын дұрыс жүзеге асыра алмаған деп топшылауға негіз бар. Жәңгір ханның жер саясатын жүргізу ерекшеліктеріне қатысты тарихшы М. Қойгелдиев «Жәңгір хан жер мәселесінде өзін прогресшіл пиғылдағы реформатор ретінде емес, бүкіл демократиялық Ресейді өзіне қарсы қойған крепостниктік тәртіптің өкілі ретінде танытты» деп пікір білдіре отырып, оның жер бөлу саясатында қарапайым халықтың мүддесі ескерілмегендігін айтады. 1827 жылдың 2 тамыздағы Ф.И. Энгельдің мына жазбасы көңіл аударарлық. Ол жазбада «Бөкей Ордасының ханы мен сұлтандары маған жерден таршылық көруде екендіктерін жеткізді. Себебі оларға деп бөлінген шөбі шүйгін, суы мол ең үздік жайылыс көздерін жеке тұлғалар немесе Орал казактары иеленіп алған. Оған қоса олар үкіметтің Жайық беттегі қазақтарға қыс кезінде Нарын құмдарына өтіп, мал жаюға берген рұқсатының Бөкей Ордасына нұқсан келтіріп отырғандығын көрсетті. Қазақ даласының түкпірінен келген ауылдар Орда ішінде бүлік туғызып, онсыз да халық санының өсуіне байланысты туындап отырған жер жетіспеушілігін өршітеді екен» деген жолдар кездеседі. Демек осы келтірген тарихи жайттардан байқағанымыз Жәңгір хан жүргізген жер саясаты қарапайым халық мүддесінен шыға қоймаған. Бөкей Ордасының жеріне деген орыс помешиктері мен татар жер иеленушілерінің қызығушылығы, казак әскери жасақтарының да қысымшылығы болғанымен шұрайлы жер көбіне хан және оның жақындары арасында талан-таражға түсті. Нәтижесінде шұрайлы жерлер беріліп кетіп, қарапайым халық оларға мұқтаждыққа түсті. Бұл әлеуметтік шиеленістің күшейіп, парақорлықтың да етек жаюына алып келді. Елде ұрлық-қарлық көбейіп, тұрақсыздық байқалды. Мұның барлығы Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының халық азаттық қозғалысының орын алуына түрткі болды.

Бөкей Ордасында қарапайым халықтың белсенді түрде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қосылуға ниет білдіруі де қос тұлғаның да көздегені халықтың мүддесі екендігін білдіреді. Ол турасында Аманкелді Шамғонов өзінің еңбегінде «Исатай мен Махамбет 1836-жылдың жазында өз төңірегіне патша өкіметіне және үстем тапқа наразы шаруаларды топтастыра береді. Байлар мен билерден зорлық көрген шаруалар бір-бірлеп, тіпті тобымен кейде ауыл болып, көтерілісшілерге қосыла бастайды. Қарауылқожа мен Балқы, Төлеген Тыныштықов пен Шомбалдың, Айғана мен Қарабөкен сияқты озбыр билер және байлардың қарауындағы шаруаларға қоса бүкіл Самар даласындағы ауылдардан, Жайық бойынан көптеген адамдар келеді. Мысалы, би Айғананың қарауынан 39 адам, би Төлеген Тыныштықовтан 30 адам, Ағым Айболатов деген би старшинадан 24 адам, Қарабөкен бидің қарауынан 14 адам, старшина әрі ірі бай болған Жұмағазы Баяровтан 15 адам қашып, көтерілісшілерге барып қосылады. Нарын құмынан Исатайға 10 ауыл, Төлеген Серекенов 30 үйлі ауылымен келіп қосылады» деп көрсетеді. Аз уақыттың ішінде көтерілісшілер саны артып олар 700-800 адамды құраған. Көтерілісшілер санының бірден артуы әрине Бөкей Ордасындағы түйіткілді мәселелердің шешілмеуі десек, екіншіден, көтеріліс жетекшілерінің бірі әрі жалынды жыршысы Махамбет өлеңдерінің өзектілігі және батырдың қоғамдағы орны мен беделі көп әсер етті. Өйткені Махамбет Өтемісұлы турасында жазған авторлардың бірде-бірі олар жайлы теріс пікір білдірмеген. Мысалы Е.П. Ковалевский өз еңбегінде аз ғана уақыт Махамбет Өтемісовпен өткізген әңгіме барысында ол Махамбетті ақылды әрі шешен ретінде сипаттайды. «Ол өз сөзін Құранның сөздерімен дәлелдеп, Бұқара мен Самарқанд медреселеріндегідей емес, өз түсінігі мен терең ойы арқылы жеткізді» деп жазады [15, с.82]. Міне осындай ақылды әрі шешен адамның соңынан наразы топ сенімді түрде ерді. Жиналған наразы топ алғашында Қарауылқожа мен оның жақтастарының ауылдарына шабуылдар ұйымдастыру арқылы Жәңгір ханның орыс үкіметінен көмек сұрауына мәжбүрледі.

Махамбет Өтемісұлы тек батыр, ақын ғана емес, еларалық жоралғылардан терең хабары бар мәмілегер де болды. Махамбет Өтемісұлының мәмілегерлік қыры жоғарыда атап өткен Хиуа ханы Алақұлмен тығыз байланыстар орнатумен қатар, патша шенеуніктерімен жүргізген келісімдерден де анық көрінеді. Мысалы көтеріліс аяқталғаннан кейін Исатай Тайманұлының отбасы сұлтан Баймағамбетте тұтқында болған. Міне осы кезде Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлының тапсырмасымен шекті руымен қатар, осы жылдары өз наразылығын білдіріп жатқан Есет Көтібарұлымен байланыстар орнатады. Мұндағы мақсат қазақтарда бар орыс тұтқындар босату арқылы Исатайдың отбасына ауыстыру еді. Осы бағытта Махамбет Өтемісұлы патша үкіметінің офицері Аитовпен келісім жүргізіп, орыс тұтқындарын азат ету арқылы Исатайдың отбасын тұтқыннан босатады [3, с. 244-245]. Тіпті орыс шенеуніктері қазақ даласына келгенде өздерінің амандығы үшін Махамбетпен байланыс ортануға мәжбүр болған. Бұл сөзсіз Махамбет Өтемісұлының қазақ даласындағы беделінің жоғары болғандығын білдіреді. Сондықтан да болар Махамбет Өтемісұлы 1841 жылы сұлтан Өзбекқалиев бастаған жасақ тарапынан тұтқындалғанда Орынбор әскери соты оны ақтаған болатын. Міне осы кезде Махамбетті қолдап, ақтауға тырысқан да патша шенеуніктері болған. Нәтижесінде Махамбет Өтемісұлы босатылады және Ішкі Орда жеріне өткен жағдайда қатаң түрде жазаланатын болады деп ескертіледі. Егер де азаттық қозғалысын ұйымдастырушыларды патша үкіметі қатаң түрде жазалайтындығын ескерсек, Махамбет Өтемісұлы үшін бұл қатаңдық қолданылмаған. Бір қызығы Махамбеттің босатылуы туралы үкім Жәңгір ханнан жасырылып шығарылған, тіпті Махамбет босатылып кеткен соң да Жәңгір хан шекаралық комиссияға хат жолдап, Махамбетті босату аймақтағы тыныштық үшін аса қауіпті екендігін жеткізген.

Махамбет Өтемісұлы азаттық қозғалысын ұйымдастырушы ғана емес, тіл мамандарын таңғалдырған керемет ақын адам болған. Оның жалынды өлеңдерінде көтерілістің барлық талап-тілектері бейнеленді.

Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім, – деп келетін жыр жолдары азаттық идеясын толық бейнелеп тұр. Махамбет Өтемісұлы жырларының бір ерекшелігі ақынның жоғары шенді тұлғалардың лауазымына қарамастан шындықты бетке басып, тартынбастан жырлауы десек қате болмас. Батырдың жырлары халықты еркіндікке үгіттеп, бабадан қалған мұраны сақтап қалу идеясының таралуына жол ашты.

Махамбет Өтемісұлы күйші ретінде де танымал. Батырдың ел арасында «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Өкініш», «Жорық», «Ақжелең», «Ілме ақжелеңі» және тағы да басқа да шығармалары кеңінен танымал.

Е.П. Ковалевский 1843 жылы жазған өзінің «Странствователь по суше и морям» атты еңбегінде Махамбет Өтемісұлын халық азаттық көтерілістің «жаны мен Исатайға бағыт беруші» деп баға берген [15, с.47]. Өз кезегінде Махамбет Өтемісұлы қазақ халқының есінде халық азаттық қозғалысының белді ұйымдастырушысы ретінде қалады. Манаш Қозыбаев өзінің «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде «Исатай, Махамбет бастаған 1836-37 жж. ұлт-азаттық қозғалысы қазақ халқы тарихының келелі бір кезеңі… Хан үкіметінің, оның қазыналық функциясының күшеюі чиновниктік озбырлықты туғызды. Бюрократиялық аппарат елді сүліктей сорды. Міне, осы кезде аса көрнекті қалың елдің ортасында қайнап шыққан ел қайраткері Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов халық көтерілісін басқарды» деп әділ бағасын берген.

Ұлықталуы

Отандық тарихнамада кең көлемде зерттеліп, көшбасшылары жеткілікті ұлықталған мәселелердің бірі – қазақ халқының азаттық көтерілістер тарихы болып табылары анық. Әрине большевиктік тәртіп пен коммунистік идеология үстемдік еткен Кеңестік жылдарда өз дәрежесінде зерттеліп, ұлықталмағанымен еліміздің егемендік алуы – аталған бағыттағы зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне жағдай жасап, оның тарихи маңызына қатысты оң пікірлер тұжырымдалды. Махамбет Өтемісұлы және оның азаттық жолындағы күрескерлік бейнесі Кеңестік жылдарда бірнеше зерттеу жұмыстарына арқау болып, кейіннен ел тәуелсіздігі жылдарында да насихаты күшейген мәселелердің қатарына жатады. Мысалы Махамбет Өтемісұлының тарихи бейнесі турасында В.Ф. Шахматов, А.Ф. Рязанов, А.Якунин сынды тарихшылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары жарық көріп, патшалық Ресейдің отарлық саясаты салдарынан орын алған Бөкей Ордасы қазақтарының азаттық қозғалыстарының тарихы турасында бірегей пікірлер қалыптастырылды. Ал Отандық тарихнамада И. Кенжалиев, М.Қ. Қозыбаев, К.Л. Есмағамбетов, М.Қ. Қойгелдиев, А.Шамғонов, С.М. Гиззатов және тағы да басқа да зерттеушілер еңбектерінде тарихи шындық еш бұрмалаусыз жазылып, батыр бабамыздың бейнесі ұрпақтар санасында елдік пен ерліктің символы ретінде қалыптасты. Әлі де болса Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы, күрескерлік қасиеті мен мемлекетшілдік идеяларын бүгінгі таңдағы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мәселесі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте атап өтетін жайт Махамбет Өтемісұлының бейнесі тек тарихшылар ғана емес, тіл мамандарының да зерттеу нысанына айналып отыр. Аталмыш бағытта тіл саласы зерттеушілерінің Махамбеттің жырларын талдауына негізделген бірқатар жұмыстардың да жақыр көргендігін айтуымызға болады.

Махамбет Өтемісұлы тек қана азаттық қозғалысын ұйымдастырушы ғана емес, өткір тілді ақын, шебер күйші болғандығын атап өттік. Тәуелсіздік жылдарында батыр бабамыздың мол мұрасын кеңінен насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мұндай игі істердің бастамасы кеңестік жылдардың өзінде-ақ басталып, Махамбет Өтемісұлының өлеңдер жинағы 1951 жылы жарық көрсе, 1982 жылы батырдың күйлері «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрген болатын. Сөзсіз 1991 жылдан кейін осы бағыттағы жұмыстар белсенді жүрді. Мәдени мұра аясында жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағына Махамбет Өтемісұлының жырлары енді. Сонымен қатар Махамбет Өтемісұлының «Жалған дүние: Өлеңдер», «Жорық жырлары», Махамбет Өтемісұлының шығармаларының төрт томдық академиялық жинағы, «Өлеңдері мен күйлері», «Жыр-жебе» және де Қ. Ахмедияров құрастырған «Махамбеттің күйлері» деп аталатын жинақтар жарық көрді. Мәдени мұра аясында жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағына Махамбет Өтемісұлының жырлары енді.

Сөзсіз Махамбет Өтемісұлының тарихи бейнесін ұлықтау ісінде ғылыми орталықтар мен ұйымдастырылған ғылыми экспедициялардың берері мол. Бізге белгілісі мұндай ғылыми эскпедицияларды ұйымдастыру ел егемендігіне дейін басталған. 1958 жылдың жазында Қ. Жұмалиев пен Т. Жароков Оралға келіп, жергілікті газеттердің біріне Махамбеттің жерленген жерін көрсететін адамды іздестіріп жатқандығын білдіретін хабарландыру жариялайды. Махамбетті жерлеуге қатысқан Бектұрған есімді адамның немересі Құрақ Бектұрғанов хабарландыру бойынша Махамбеттің жерленген жерін көрсеткен. Бұл үлкен ғылыми экспедицияға арқау болып, 1966 жылы Атырау жеріндегі Индер ауданы Қараой елді-мекеніне антрополог-ғалым Н. Шаяхметов келіп, 9 шілде күні қазба жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде бас сүйегі денесінен ажыратылған Махамбет Өтемісұлының денесін қазып алып, батыр бабамыздың бейнесін жасап шыққан болатын. Әрине кейінгі ғылыми экспедицялар мұндай маңызды ғылыми жаңалықтарды ашпаса да, ұрпақ тәрбиесі алдындағы атқарып жатқан істері көп. Мысалы 2013 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Жоғары оқу орындарындағы мұндай орталықтардың ұрпақ тәрбиесінде берері мол. Орталықтың мақсатына сай ғылыми-зерттеу жұмыстарына студенттерді белсенді тарту ұрпақтар сабақтастығына жол ашары даусыз. Сонымен қатар орталықтың «Махамбет дауысы» мерзімді басылымның үш тілде жарық көруі де батыр бабамызды ұлықтау ісіндегі жеткен жетістіктер қатарына жатады. Осы аталмыш жоғары оқу орны осы жылы «Бабалар тарихына тағзым» атты ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырған. Батыр бабамыздың 200-жылдық мерейтойы барысында Қызылқоға, Жылыой аудандарына «Махамбет – жорық жолдарында» атты ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылған еді. Махамбет жырларының тарихи картасын жасау, батырдың жеке заттары мен түрлі тарихи жәдігерлерді іздестіру сынды маңызды мақсаты бар мұндай экспедициялардың берері мол деп санаймыз.

2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы оқушылар сарайына батырдың есімі берілген. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі түрлі игі шараларға мұрындық болды. «Махамбеттің ерлік жолдарымен» атты кинофильм түсірушілер экспедициясы құрылды. Сонымен қатар «Ел деп атқа қонған ерлерім» атты ғылыми-практикалық конференциясымен қатар, батырдың өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді пайдаланған жылжымалы көрме ұйымдастырылған болатын. Алматы қаласында «Атадан туған аруақты ер» атты республикалық көрме өтті. Бір қызығы ғылыми конференциялармен қатар батырдың 200-жылдық мерейтойы барысында «Дауылпаз ақын» атты оқырмандар конференциясы да ұйымдастырылған. Мерейтойы қарсаңында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Индер ауданы әкімшілігі, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Махамбет Өтемісұлы – күрескер ақын және сазгер» атты ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын.

2017 жылы батыр бабамыздың ұлы істерін насихаттау, тың жаңалықтар ашуды көздеп, түрлі ғалымдардың басын қосқан «Қарой-Шейітсай-Қарой» автоэкспедициясы ұйымдастырылды. «Қарой-Шейітсай-Қарой» экспедициясының мақсаты – батыр бабалар рухын жаңғырту, солар бастаған азаттық көтеріліс туралы тың дереккөздерін жинау болып табылады.

Бүгінгі күні батыр бабаларымызды ұлықтаудың бір жолы ескерткіш орнату. Ескерткіш ұрпақтар санасында батыр бейнесінің, оның ұлт алдындағы ұлы істерін үнемі еске салып тұрары анық. Махамбет Өтемісұлына арнап тұрғызылған ескерткіштер еліміздің ірі қалалары мен өзінің туған Атырау қалаларында бой көтерген. Мұндай маңызды құрылыстарды тұрғызу ісі күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Мысалы 2018 жылы Махамбет ауданында батырға арналған ескерткіш тұрғызылса, 2019 жылдың қыркүйегінде батыр Махамбет Өтемісұлының алып ескерткіші Орал қаласында бой көтерді. Батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлы атындағы көшелер республикамыздың көптеген қалаларында бар.

Бүгінгі таңда қоғамдық сана мен ұлттық идеологияны қалыптастырушы негізгі бір құрал кино және деректі фильмдер болып табылады. Аталмыш бағытта «Қазақфильм» 2003 жылы түсірген «Махамбет» және Алматы каналының «Махамбет Өтемісұлы» атты деректі фильмдері бар. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де болса белсенді жүргізудің қажеттілігі сезіледі.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Кенжалиев И. Махамбет. – Орал, 2003. – 201 б.
  2. ҚР ОМА. 4 қор, 1- тізім, 4197-іс
  3. Шахматов В.Ф. Внутреняя орда и восстание Исатая Тайманова. – Алма-Ата, 1946. – 255 с.
  4. ҚР ОММ 4 қор, 1 тізбе, 196 іс
  5. Кенжалиев И. Махамбет. – Орал, 2003. – 201 б.
  6. ҚР ОМА 4 қор, 1- тізім, 2039-іс, Т 1.
  7. Кенжалиев И. Исатай-Махамбет. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 192 б.
  8. ҚР ОМА 4-қор: 1- тізім, 1965-іс
  9. ҚР ОМА 4-қор, 1- тізім, 4197-іс
  10. Шамғонов А.Ш. Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілістің соңғы кезеңі // Отан тарихы. – №3 (83). – Алматы, 2018.
  11. Рязанов А.Ф. Восстание Исатая Тайманова (1836-1838). – Ташкент, 1927. – 103 с.
  12. ҚР ОММ, 4 қор, 1 тізбе, 2006 іс
  13. Небольсин П.И. Очерки Волжского низовья. – Санкт-Петербург, 1852. – 297 с.
  14. Есмағамбетов К.Л. Азат рухтың күрескері. – Алматы: Өркениет, 2003. – 106 б.
  15. Ковалевский Е. П. Странствователь по суше и морям. Ч. 1. СПб., 1843

Автор: Қаипбаева А.Т., т.ғ.к.