Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

БІРЖАН САЛ ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ


Біржан Сал Қожағұлұлы (1834-1897) күміс көмей әнші,

композитор, ақындығы мен серілігі жарасқан тұлға.

Өмірбаяны

Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы қазіргі Ақмола (Көкшетау) облысы маңайындағы Сексенкөлдің бірі Жекей көлінің жағасында дүниеге келген. Біржан сал Орта жүздің Керей тайпасы Ақсары руынан шыққан. Біржанның ескі ата-қонысы Обаған деген жерде болған. Атасы Қожағұл немересі Біржанды жастайынан бауырына басқандықтан ерке өседі. Ата мен әже тәрбиесін көріп, қиналмай өскен Біржан өсе келе кез келген ортада «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» деп жар салған екен. Біржан салдың өмір сүрген заманы ХІХ ғасырдың екінші жартысы, бұл кезең орыс отаршылдығының саяси және рухани отарлау процесінің шарықтау шағы еді. Бұл дәуірде ақын өскен қазақ ауылы бір жағынан атам заманғы көшпелі, патриархалды салтты сақтап келсе, екінші жағынан Ресей империясының қоластына қарап, оның тіршілік, өнер саласындағы ерекшеліктерді қабылдай бастағанды. Атасы Қожағұл сол өңірдегі дәулеті асқан кісілердің бірі болып, Біржан тұрмыс таршылығын көрмей жетеді. Таршылық көрмей өскен талантты Біржан жас шағынан бастап домбырамен ән салуға, өлең сөз қиыстыруға бейімдігін байқатады. Өсе келе ел-жер аралап, ел еркесіне айналған серілер өміріне қызығып, салдық, серілік құрған. Біржан сал 1897 жылы қазіргі Ақмола облысы Біржан сал ауданында қайтыс болған.

Еңбегі

Біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. Оның әндері нәзік сезім мен сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса («Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», т.б.), әлеуметтік мән-мазмұнымен де («Жанбота», «Адасқақ», «Көлбай – Жанбай», «Шідер», т.б.) құнды. Біржан салдың Сара Тастанбекқызымен, яғни атақты Сара ақынмен айтысы (1895 ж.) оны дарынды, суырып-салма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей сынды тұлғалар әсер еткен. Біржан салдың шығармаларында ел мәселесі, қоғам, достық пен махаббат, адам тағдырындағы небір қым-қуыт тауқымет мәселелері терең көрсетілген. Аталған шығармаларда жастықтың от жалыны да; серілік, салдықтың салты да; сұлулық атаулыға ынтықтық та; қиянат пен зорлыққа, əділетсіздікке қарсы туған ашу-ыза, ащы уыт та; өмірдің баянсыздығын біліп, торығу, қайғы – барлығы дерлік қамтылған. Біржан салдың қоғам жайлы ондағы адамдар туралы ой-тұжырымдарын берілген үзінділер арқылы пайымдауға болады.

Ұлықталуы

Біржан салдың өнері мен қоғамдағы қызметіне, беделін тарихи тұрғыдан бағалай отырып оның өмірі туралы кино (2009 ж.) түсірілді. Бұл кино Біржан салдың рөлін сомдаған танымал актер Досхан Жолжақсыновтың режиссерлық ең үлкен шығармашылық жұмысы болды. Ол «Біржан сал» фильмінде бас кейіпкер Біржан салдың рөлін оның тарихтағы бейнесіне сүйене отырып жасады және соның негізінде туындының көркемдік дәрежесін жоғарғы деңгейге шығарды. Фильм поэтика-лирикалық драма жанрында түсірілген. Біржанның есімін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Оның есімі мен тамаша шығармалары халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, ұлттың асыл қазынасына айналды. Сонымен қатар, оның есімі өнер және мәдениет орталықтарына, тіпті аудан орталықтарына берілген. Ақмола облысында Біржан сал ауданы, Көкшетау қаласында ақын атында музыкалық колледж бар және республикамыздың барлық үлкен қалаларында көше атаулары берілген.