Шоқан (Мұхаммед Ханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов
(1835 жылғы қараша – 1865 жылдың 10 сәуірі) – көрнекті этнограф және географ, саяхатшы, фольклорист және ағартушы-демократ
Өмірбаяны
Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қарашада Аманқарағай ауданының Құсмұрын ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Күнтимес ауылы) аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың (1811–1895) отбасында дүниеге келді. Оған Мұхаммед Ханафия деп мұсылманша азан шақырып ат қояды. Кейіннен ол анасы – Зейнеп Шорманованың еркелетіп қойған «Шоқан» деген есімімен бүкіл әлемге танымал болды. Оның балалық шағы сайын даланың көркем жері – Құсмұрын мен Сырымбетте өтті.
Ш. Уәлихановтың ата-бабалары бұрынғы сұлтандар әулеті – Шыңғысханның ұрпақтарына жатады. Оның үлкен атасы Абылай (Әбілмансұр) Қазақ Ордасының Орта жүз ханы болған. Абылай ханның (1711-2781) үлкен ұлы, Шоқанның атасы – Уәли де (1781—1819) Орта жүздің соңғы ханы болды.
Шоқанның әкесі Шыңғыс хан Уәлидің кіші әйелі – Айғанымнан туады, ол күйеуі қайтыс болғаннан кейін хан әулетінің басшысы болды. Өз заманының ақылды, көреген және білімді әйелі ұлына керемет тәрбие, білім берді: Шыңғыс толық орта білім беретін Омбыдағы Сібір казак әскери училищесін бітірді. Шыңғыс шығыстық сауаттылығымен қатар, орыс тілін жақсы меңгерген алғашқы қазақтардың бірі болды [1.11].
Шыңғыс Уәлиханов алты мәрте Аман-Қарағай (Құсмұрын) ауданының сұлтаны лауазымына сайланып, жиырма жыл қызмет атқарды. 1835 жылы Аманқарағай аудандық бұйрығы жойылғаннан кейін, Шыңғыс Уәлиханов 1824 жылы Александр I-нің Уәли ханның Ресей билігін мойындаған еңбегін ескере отырып берген пәрменімен Сырымбеттегі отбасылық иелігіне көшеді. Онда ол өзінің жаңа тағайындауын күтеді. 1854 жылы Омбыда Сібір қазақтарын басқару облыстық кеңесінде кеңесші лауазымына қабылданады. Академик Әлкей Марғұлан Шоқанның ата-анасы Құсмұрында болғанына қарамастан, оның балалық шағы көбіне Көкшетау ауданындағы Сырымбетте, әжесінің үйінде өткенін жазады [2,14].
Бас штаб офицері А.К. Гейнс бұл үйді былай сипаттайды: «Шыңғыс қыстауы (Ш. Уәлихановтың әкесі) ажйлаудан 10 шақырымдағы қашықтықта жатыр. Қарағайлы орманы бар екі әдемі тау оның үйін жасырып тұрады; жартасты жалғыз жолмен төмен түскенде ортан қолды шаруалар салған үйге ұқсайтын бірнеше үйлерді көрдік, үйлер ортасында мешіт орналасқан. Шыңғыс әйелімен бірге тұратын үй де ортада, сәулеті шаруа үйіне жақын…» [3].
Шоқанның рухани дамуына әжесі Айғанымның ықпалы үлкен болды. Ол оның құлағына қазақтың ескі аңыздарын, салт-дәстүрлерін, астарлы әңгімелерін, даналық сөздерін сіңірді. Шоқанның өмірбаянын жазушылардың айтуынша, ол Құсмұрында медреседе үш жылдай мұсылманша оқып, арап жазуымен сауатын ашқан, ортағасырлық шығыс әдебиетімен танысқан. Бұл сабақтар жаз айларында Сырымбетте де жалғасын тапқан сияқты.
Бала кезінен Шоқанның білімге деген құштарлығы байқалған, үлкендердің тарих, дәстүр жайлы айтқан әңгімелерін үлкен ықыласпен тыңдайды. Оған дала билерінің мәжілісіне қатысуға және ақындардың әндерін тыңдауға рұқсат ететін. Шоқанның бала кезіндегі әуестіктерінің бірі – сурет өнері, табиғаттан суретін салу болды. Ол бұл өнерді ұзақ уақыт Құсмұрын бекінісінде, Уәлихановтар отбасында өмір сүрген орыс топограф-суретшілері мен геодезисттерден үйренді [4,19]. Бастапқыда ол тушь пен қарындашты қолданды, кейінірек акварельдермен бояй бастады. Осылайша, Шоқанның туындылары жергілікті тұрғынымен салынған қазақ даласының алғашқы бейнелері болды. Сурет салу оның байқампаздығын арттырды, сонымен бірге оның эстетикалық талғампаздығын қалыптастырып, ұқыптылығын шыңдады, Құсмұрында естіген қазақ халық эпостарындағы оқиғаларды қағаз бетіне бейнелеуге көмектесті.
Кейін ол күнделіктеріне айналасында көргендерін бейнелеуді әдетіне айналдырады және оны өмір бойы сақтайды. Шоқан Уәлиханов жинаған көлемді материалдардың ішінде оның қарындашпен, сиямен сызған эскиздері маңызды орын алады, онда оның көрген жерлерінің флорасы мен фаунасы, Қырғызстан мен Шығыс Түркістан тұрғындарының түрлері және олардың кәсіптері бейнеленген. Альбомдарында ол этнографиялық нысандар мен жанрлық сюжеттерді, жоспарларды, схемалар мен бағыттарды сызды. Олар күнделік жазбаларына ұқыпсыздау, ретсіз салынса да, бірақ дәл түсіріліп отырған. Шоқанның дүниетанымының қалыптасуына үйіне жиі келетін жер аударылған декабристердің рөлі зор болды. Олар әуесқой баланың ғылымға, әдебиетке және өнерге, сондай-ақ батыстық демократиялық құндылықтарға деген шынайы қызығушылығын оятты.
Жалпы, Сырымбеттегі отбасылық үйді Ресей құрылысшылары салған. Бас штаб офицері, зерттеуші А.Гейнс ситтағандай, «орташа ауқатты помещиктің талғамына сай» орталық үйдің сәулеті ұстамды болған – орган, айна, құмыралар, ілулі шамдар, жұқа, бірақ жалпақ аграмантпен жиектелген жібек перделер, қытай құмыралары, шам, диван және т.б. [5,13]. Отбасы Сырымбетте қыс қыстап, жазда жайлауға кететін, алдымен Сырымбеттен алыс Есілдің жоғарғы ағысын жайлап, ақырындап ығысып Саумалкөл, Күйгенкөл, Ақжар, Көкшетау бекінісінің маңын жайлайды.
Осылайша Шоқанның балалық шағы Арқада, ел арасында өтті, оның рухани қатпарлары ерте айқындалып, ерте есейеді, кейде ересек адам сияқты ойлады. Жас Шоқан құс салып, саятшылық құруды қатты ұнатты. Шоқан жастайынан-ақ халық поэзиясына, фольклорына үлкен сүйіспеншілік танытты. Балалық шағында ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» дала поэмаларының бірнеше нұсқаларын көшірген. 12 жасында далалық салт-дәстүрлердің білгірі ретінде танымал бола бастады. Омбыға аттанар алдында Шоқан оқуға дайын бала болды.
Шоқанның рухани тұлғасының қарқынды қалыптасуына 12 жасында жіберілген Омбы кадет корпусындағы оқуы ерекше әсер етті. Ол кезде Омбы кадет корпусы Батыс Сібірдегі ең жақсы оқу орындарының бірі болып саналды. Жас курсант оқуға деген ынтасымен, қатал тәртіпке бағынуымен алғашқы оқу жылдарынан бастап ерекшеленді. Оқу кезінде ол болашақ көрнекті орыс ғалымы және қоғам қайраткері Г.Н.Потанинмен дос болды. Шоқан әскери және жалпы білім беретін пәндерді үлкен қызығушылықпен оқыды. Мұнда ол шығыс тілдері саласындағы білімдерін едәуір тереңдетті. Оқуда көп құрдастарының алды болды. Ол жайлы досы және курстасы Г.Потанин: «… Шоқан тез дамып, жолдастарынан әлдеқайда озып кетті …» деп еске алады [6,91].
Шоқан көрнекті орыс және шетелдік ақын-жазушылар А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.В. Гогольдің, С.Диккенстің және т.б. шығармаларын қызығып оқыды. Кадетте ол шығыстанушы Н.Ф. Костылецкий, тарихшы П.В. Гонсевский, Сібір және Қазақстан халықтарының тарихын зерттеуші Н.М.Ядринцев, көрнекті географ Г.Н. Потанин, Н.Ф Анненский, т.б. зиялы қауыммен жақын араласты.
1853 жылы 18 жасында Шоқан кадет корпусын әскер кавалериясында корнет ретінде оқуын тәмамдаған соң, Сібір казак армиясының 6-шы атқыштар полкінің офицері болып тағайындалды. Шоқан ресми түрде 6-шы кавалериялық полкте болғанымен, іс жүзінде ол Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қызмет етті, бір жылдан кейін ол Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарын басқарған генерал Густав Гасфорттың көмекшісі болды. Кейін, аумақтың Бас дирекциясы тарапынан Ш. Уәлихановқа арнайы тапсырма офицері лауазымы тағайындалды. Шоқан бұл кезде тағдыр тәлкегімен Сібірге айдалған Ресейдің алдыңғы қатарлы зиялы адамдарымен танысты. Солардың ішінде 1854 жылы Омбы бекінісінде айдауда жүрген орыстың кемеңгер жазушысы Федор Достоевскиймен жақын араласты.
Сол кезде Патша үкіметі Ұлы жүз қазақтарын, яғни Қоқан хандығының саяси ықпалында тұрған Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қазақтарын Ресей империясына бейбіт түрде қосуды жоспарлады. Бұл жоспарды орындау бірнеше офицерлерге К. Гутковский, М. Хоментовский, М. Перемышельский және жергілікті тұрғындардың тілі мен мәдениетін жақсы білетін Ш. Уәлихановқа жүктелді. Осылайша, Шоқан 1854-1857 жж. Ұлы жүздің қазақтары мен қырғыздардың Бұғы, Сарыбағыш және Тұзды ру-тайпаларын Ресейге қосу мәселесін шешуге белсене араласады. Сонымен бірге ол осы халықтардың рухани мәдениетін қарқынды зерттей бастайды.
1855 жылы Шоқан генерал Г.Гасфорттың Орталық Қазақстанға, Жетісуға және Тарбағатайға жасаған үлкен сапарына қатысады. Бұл сапар Ш.Уәлихановтың қазақ халқының тарихын және тұрмыс-тіршілігін терең зерттеу жұмысының бастамасы болды. Сол жылы полковник М.Хоментовскийдің басшылығымен ұйымдастырылған ірі әскери-ғылыми экспедицияға қатысты. Шоқан Ыстық көл бассейнінде қырғыздар арасында екі айдай жүрді. Онда ол Бұгы мен Сарыбағыш қырғыз руларын татуластыру мәселесін шешті, сонымен қырғыздардың салт-дәстүрін және тілін зерттеуге қажетті әртүрлі құнды ақпараттар жинады, Ыстықкөлдің топографиялық түсіріліміне қатысты, нәтижесінде картадағы көлдің жағалары мен нысандар шегі нақытыланып өзгертілді және орнитологиялық, энтомологиялық коллекциялар жинақталды, гербарий жасалды, Жеті өзен мен Ыстық көлдің флорасы мен фаунасын зерттелді. Іссапардың нәтижелері бойынша жас Корнет жоғары деңгейде марпатталып, 1856 жылы лейтенант шені берілді.
1856 жылдың тамыз айының басында Ш. Уәлиханов Құлжаға жіберілді. Жол бойында ол Батыс Қытайдың бірқатар шекара бекеттерінде болды. Шоқанға Сыртқы істер министрлігінің нұсқауы берілген: «… Құлжадағы консулмен барлық консультацияларда әрекет ет …». «Біздің басты мақсатымыз – Қытаймен мәселені тату шешуге қол жеткізу және жақын арада үзілген сауда қатынастарын қалпына келтіру … Егер қытайлықтар талап етсе, Қытаймен шекарамыз туралы келіссөздер жүргізіңіз.» Осылайша Ш. Уәлиханов шекаралық даулы мәселелерді шешуге және Қытаймен қалыпты сауда қатынастарын орнатуға байланысты күрделі дипломатиялық миссияны орындауға мәжбүр болды. Ол бұл маңызды тапсырманы ойдағыдай орындады. Құлжада қытайлықтармен жүргізген бірнеше кездесулерден кейін екі ел сауда қатынастарын орнатып, мемлекет арасындағы достық байланысты қалпына келтіре алды. А.К. Гейнстің айтуынша, Ш. Уәлихановтың Құлжаға сапары «Тарбағатай келісімі Құлжа мен Шәуешекте консулдықтың ашылуына» негіз болды. Уәлиханов шамамен үш айдай Құлжа өлкесінде жүріп, күздің басталуына таман Омбыға оралды [7].
1857 жылы Ш. Уәлиханов қайтадан Алатау қырғыздарына сапар шегеді, бұл жолы Қашқардағы толқуларға байланысты Қытайдың Батысындағы Ресейге қарайтын шекарасындағы жағдай барысын бақылау үшін жіберіледі. Бұл сапар шын мәнінде қазақстандық ғалымды әйгілі Қашғар экспедициясына жіберер алдындағы сынақ болатын. Миссия барысында жас зерттеуші алдымен қырғыздың атақты «Манас» эпосына назар аударады. Шоқан үш сапарының нәтижесін «Ыстықкөлге саяхат күнделігі», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы» және «Қырғыздар туралы жазбалар» атты талантты жазылған эсселерінде көрсетті.
Шоқан 1856 жылдың қысын Батыс Сібірдің облыстық мұрағатында өткізеді, онда ол қырғыздарға қатысты шығыс деректерін қарастырады. 1857 жылы 27 ақпанда Ш. Уәлиханов орыс ғалымы П.Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынысымен Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады. Бұл жас қазақ ғалымы еңбектерінің академиялық ортада жоғары бағаланғанының көрнісі болды.
1858-1859 жылдары Шоқан даңқын шығарған көпке ең белгілі саяхты – Қашғар экспедициясын жасайды. Марко Поло мен Иезуит Гоестан кейін Қашқарға келген батыл саяхатшы Шоқан болды. Еуропа үшін беймәлім, жұмбақ өңірдің географиясын, тарихын, саяси құрылымын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін зерттей отырып, Ш.Уәлиханов Шығыс Түркістанның ғылыми зерттеулеріне тың сүре салды. Бұл сапар өте қауіпті болды, өйткені осы аймақтағы автохтонды халықтардың қытай билігіне қарсы бірнеше жылдар бойы жалғасып келе жатқан ұлт-азаттық көтерілістері әлі де толастамаған еді. Елде бейберекет тіршілікті реттейтін, тұрақтандыратын күшті билік болмады, жергілікті халықтың шетелдіктерге деген күдігі күшейген кез болды.
Қашғар саяхатының ғылыми маңызы ғана болған жоқ, сонымен бірге Ресейге Шығыс Түркістанның қазіргі жағдайы туралы құнды мәліметтер жинап, сол кездегі аймақта болған толқулардың себептерін түсіндіруі керек болды. Болашақта экспедиция алған материалдардың негізінде Орталық Азия елдеріне қатысты ортақ саяси бағытты әзірлеу жоспары тұрды. Геосаяси тұрғыдан алғанда Үндістанға иелік етекен және сол аймақта өзінің ықпалын күшейткісі келген Ұлыбританияның саяси және экономикалық экспанциясын шектеу мүмкіндігі қарастырылды. Сондықтан, экспедиция империяның екі негізгі басқармасымен: Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаменті мен Ресей Қарулы Күштерінің Бас штабы жоспарлаған-тын. Сауда керуенімен ұйымдастырылған бұл экпедицияның негізгі мақсаты – барлау материалдарын жинау болды деп болжанады.
Шоқан Қашқарда шамамен алты ай жүрді (1858 жылдың 1 қазанынан 1859 жылдың наурыз айының ортасына дейін). Осы уақыт аралығында ол қала өмірімен танысып, Алты қаланы (Алтышардың құрамына Қашқар, Ақсу, Үш-Тұрфан, Янысар, Жаркенд және Хотан қалалары кірді) жақын білді. Қашқардан басқа, Шоқан Жаркенд қаласын аралай алды, бірақ шиеленіскен саяси жағдайға байланысты Хотанға бара алмады. Ш. Уәлиханов одан бір жыл бұрын Қашғарға келген неміс географы және Ost-India британдық компаниясының қызметкері, Александр Гумбольдттың шәкірті Адольф Шлагинтвейттің не үшін басы кесіліп өлтірілген себептерін анықтады.
Сол кезеңде Қашқарда қандай жағдай болғаны туралы Ш. Уәлихановтың «Проучик Уәлихановтың Қашқарға сапары туралы есебінен» білуге болады, онда: «… поручик Уәлиханов Қашқарда 5 ай тұрды, айналасындағы қалаларды аралап, көп нәрсені зерттеді және байқады. Шығыс Түркістанның барлық алты қаласында барлығы 15000 қытай әскері бар. Жергілікті тұрғындар әскери қызмет атқармайды. Жауынгерлер садақтармен және оқтармен қаруланған, аз бөлігінде ғана мылтық бар; Артиллерия мүлдем жоқ. Бұл адамдар апиын мен темекі шегеді және елеулі қарсылық көрсетуге әлсіз, әрі қауқарсыз. Көтерілістер кезінде қытайлар дереу сазды бекіністеріне жасырынып, сырттан бір көмек келмейінше шықпайды. Керуендер қазір де жиі шабуылға ұшырайды, ал қытай әскерлерінен көмек сұрасаң: «Күресу жаман!» деп жауап айтады және орындарынан қозғалмайды. Әскер үшін барлық жерде азық-түлік, жабдықтар жеткіліксіз.
Жергілікті тұрғындардың қытайларға деген ымыраға келмейтін өшпенділігі негізсіз емес: қытай шенеуніктері халықты жиі тонайды және қорлайды, тауарларын себепсіз тартып алады; кез-келген қытайлық көшеде аттынан түсіп қарсы алмаған Қашқарлықты ұрып-соғуға құқылы санайды. Жалпы, Шығыс Түркістанның жағдайы өте аянышты, оның үстіне, әртүрлі топтардың өзара жан-жалдығынан адамдардың бірігіп, басқыншылыққа қарсу күресуге шарасыз хәлде»[8].
Қашғар сапары кезінде Шоқан бірқатар сирек шығыс қолжазбаларын сатып алды, нумизматикалық коллекциясын, гербарий, тау жыныстарының коллекциясын жасады, әртүрлі жәдігерлер: ежелгі хаттар, қолданбалы және халықтық сәндік өнер үлгілерін, көркем керамика және т.б. жинады. 1859 жылы 11 наурызда ол кайтар сараға шығып, сол жылдың 12 сәуірінде Верный бекінісіне (қазіргі Алматы) оралды. Қашғарға сапары бас-аяғы он ай және он төрт күнге созылды. Мұнда ол бір жарым ай демалып, кейін Омбыға оралып, жиналған материалдарды өңдеуге кіріседі.
Санкт-Петербургте Шоқанның есебін шыдамсыздықпен күтті, саяхат есебі аяқталғанша біршама уақыт алды, өйткені әр жағдайды барынша толық, әрі жадысынан суреттеу керек болды. Шоқан Ресей астанасы Санкт-Петербургке 1859 жылдың аяғында келді, онда ол ғылыми зерттеулер жұмыстары үшін қалдырылды. Оны Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне қызметке алды. Осылайша, ол әскери қызметтен сыртқы саясат жүйесіне ауысты, бірақ әскери кавалериясында орны сақталды. Бұл туралы император Александр II қол қойған бұйрықта көрсетіледі. Патша пәрменімен саяхатшы ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, оның шенін штабс-ротмистр дәрежесіне көтеріліп, орденмен және ақшалай сыйлықпен марапатталады.
П.Семенов-Тянь-Шанский Шоқанның Санкт-Петербург университетінде оның ықпалымен дәріс тыңдай жүріп, еуропалық тілдерден француз және неміс тілдерін біршама жақсы меңгергенін еске алады [9].
Ғалым Ш.Уәлихановтың Санкт-Петербургте өткен жылдары өмірбаянындағы жарқын кезеңі болды. Онда сүйікті жұмысымен айналысты, ғалымдармен тығыз достық қарым-қатынас болды. Жас саяхатшы әлемдік ғылымның жетістігін мұқият қадағалап жүрген алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының ортасында өзінің ерекше талантымен, білімімен танылды. Ол бірнеше мекемелерде – Бас штабтың Әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаментінде, Орыс географиялық қоғамында жұмыс жасады және университеттерде дәрістер тыңдап, өзі де Азия департаментінде Орта Азияға баратын ғалымдар үшін түркі тілдерінен дәріс берді. Әскери-ғылыми комитет тапсырмасымен Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын құрастыруға қатысты. Оның редакциясымен: «Балқаш көлі мен Алатау жотасы арасындағы кеңістіктің картасы», «Іле аумағының батыс бөлігін қалпына келтіру», «Құлжа қаласының жоспары», «Қытай империясының Батыс территориясының картасы» т.б карталар дайындалды. Ол әр түрлі тілдердегі ежелгі карталарды мұқият зерттеді. Осының бәрі Ш.Уәлихановты қазақтың алғашқы топографы және картографы деп жаңа қырынан тануға негіз береді.
Империя астанасының ылғалды, қолайсыз ауа-райы, ұзақ уақытты қиын сапарлар Шоқан Уәлихановтың денсаулығына кері әсерін тигізді, дәрігерлердің кеңесі бойынша ол туған жеріне оралуға мәжбүр болды. Орыстың белгілі жазушысы, журналист М.Н. Ивлев Шоқан Шыңғысұлының Петербургтен туған жеріне кенеттен кетуін былай суреттейді: – «1861 жылдың мамыр айының аяғында Ресей империясы астанасы Санкт-Петербургтен Орталық Азияға экипаж аттанады. Бұл жерде орыс офицерінің мундирінде азиялық келбеті бар, ауыр науқас жігіт болды. Бұл Құсмұрын ауданының аға сұлтаны және «Әлемді дүр сілкіндірген» айбынды Шыңғыс ханның ұрпақтарының бірі – орыс армиясының штабс-ротмистрі Шоқан Уәлиханов еді. Жиырма бес жасында алғашқы болып Қашқарға ең қауіпті саяхат жасап, аман-есен оралған, Әлемге жұмбақ Қашқарияны ашқан Ресейдегі ең танымал ғалым және саяхатшы болды. Астанадағы Бас штаб ғимаратында ол Азияны картаға түсірген қызықты жұмысын қалдырып барады, Ф.М. Достоевский, А.Н.Майков, Я.П.Полонский, А.Н. Плещеев, В.В.Крестовский, П.П.Семенов-Тян-Шанский, А.Н.Бекетов, Е.П.Ковалевский сияқты жазушы, ақын, ғалым достары мен таныстарымен қоштасып барады… »[10].
Әкесінің үйінде аз күн күтініп, елдің жайына қаныққан Шоқан қазақ халқын орыс шенеуніктері мен жағымпаз жергілікті билердің озбырлығынан қорғауды ойға алып, 1862 жылы Атбасар уезінің аға сұлтандығына сайлауға түсіп, кандидатурасын ұсынады. Омбы шенеуніктері сайлауда жеңіске жеткен сұлтанның кандитурасын мақұлдамайды. Аға сұлтандардың сайлауға қатысу әрекеті туралы ол Ф.М. Достоевскийге 1862 жылы 15 қазанда жазған хатында баяндайды:
– «Құрметті дос, Федор Михайлович. Мен қалай да отандастарымның мүдделерін шенеуніктердің алдында көтеріп, оларды бай қырғыздардың деспотизмінен қорғау үшін сұлтан болу керек деп ойладым. Сонымен бірге, мен жерлестеріме білімді сұлтан еліне қаншалықты пайдалы екенін көрсетуді ойға алдым… Осы мақсатпен мен Атбасар ауданының аға сұлтандығына сайлануға келістім, бірақ сайлау құйтырқы шенеулік ойынсыз өтпеді. Бұған облыстық, ауылдық мырзалар түгел қарсы болды. Сіз мұның себебін түсінесіз. Облыстық мырзалар аға сұлтаннан алған бірнеше мыңды жоғалтып алар еді, ауылдықтар егер мен сұлтан болсам, жер кезіп кетер еді… Айта кету керек, мен жақта орыс шенеуліктерінен тек Гутковский мырза қана болды, ол сол уақытта губернатор қызметін атқарып, сайлау өткізіп жатты. Шенеулік байлардың мақтанқұмарлығы мен мансапқұмарлығын қоздырып, Уәлиханов сұлтан болса, онда бәрі жаман болады деген қоқыныш ұялатқан, олар теңдік ұғымдарын ұстанады деп қорқады…; олар мені Құдайға сенбейтін және Мұхаммедтің жауы етіп өсек таратқан. Мұндай нәрселер жартылай сауатты және әдет-ғұрыптарына бекем тұрғындарға әсер ететіні түсінікті, ал ондай орыс майорларынан (қырғыздар барлық орыс шенеуніктерін солай атаған) шыққан кезде, тіпті шарасыз қалады екенсің…».
Осылайша, екі партия құрылды: біреуі, төрт волостынан тұратын, жартылай жабайы, Қоқан шекарасында көшіп-қонып жүрген бағаналықтар. Бұл жабайы жамағат басы тегіс қырылмаған, бес уақыт дәреті жоқ адамның сұлтаны болғанын қаламайды екен; оның үстіне бұл бағаналықтарда егер мен сұлтан болсам, барлық қырғыздарды жаппай әскерге, ал балаларын орыс мектебіне жібереді екенмін деген қорқыныш жайлапты. Оларды соған сендіріпті. Мені қолдайтын бір партия үш болыстың бұрынғы жосынмен жүретін сұлтандары. Сайлау басталады, содан бір түн бұрын қарсы партия жақ губернатордың хатшысы, Бавариялық неміске барыпты… Мен Мені көпшілік дауыспен сайлауда жеңіске жеттім. Менде 25, ал менің қарсыласым бағаналықта (Ерден сұлтан) 14 дауыс.
Заң бойынша Аға сұлтанды: біріншіден, дәрежесі бар немесе ауданда 9 жыл қызмет еткен сұлтандар мен қырғыздар сайлайды; екіншіден, сұлтан көпшілік дауыспен бекітіледі; үшіншіден, аға сұлтан бірінші кезекте сұлтандардан сайланады. Менің қарсыласым – қарапайым қырғыз, бұл сондай маңызды емес, бірақ ол сауатсыз және үстінен бірнеше рет іс қозғалған адам… Губернатор «Уәлиханов мырзаға, үміт үзбеңіз» деп қояды, заң мен жағымда болса, мен қалайша үмміттенбеймін деп ойладым. Бірақ қарсыласымның ұнжырғасы түспейді, ол бәрін ақшамен шешуге болатындығын тәжірибесінен біледі, өткен қыста Омбыға 3 мың рубль апарып, екі тұтқынды босатып алды. Оған хатшы көмектесіпті, сол хатшы қазір оған айтады екен: «ақша жинаңыз және Омбыға адамдарыңызды жіберіңіз, хан боласыз». Омбыға ақша жеткізіледі. Мен көптеген айыптау мақалаларын оқығанмен, бірақ бұл жолы оңбағандар ұялатын шығар деп ойладым, өйткені мен жай адам емеспін ғой. Намыс шайқалды. Кенет мен Гутковскийден «Бағаналықтардың сапары сәтсіз болмапты, генерал-губернатор сізді ешқандай растағысы келмейді» деген хабар алдым…» [11].
1863 жылы Ш. Уәлиханов «Қырғыз даласы және қырғыз туралы» іргелі тарихи-этнографиялық зерттеу монографиясын жазуды нақты жоспарлайды. Ол орыс және әлемдік ғылымға қазақ халқының өзіндік ауыз әдебиетке бай рухани мұрасын таныстыратын және Еуропа жұртшылығының көшпелі халықтар туралы «қатыгездер ордасы, берекесіз жабайылар» деген жаңсақ түсінігін жоққа шығаратын обективті еңбек ұсынғысы келді. Бірақ, қазақ қоғамындағы жемқор шенеуліктердің озбырлығы мен үстемдігін, қара бұқараның қиын жағдайын көрген ғалым тыныш әрі жемісті жұмыс жасай алмады.
1862-1864 жылдары қазақ қоғамының өміріне белсене араласып, қазақ ақсүйектері мен озбыр шенеуніктерге қарсы белсенді күрес жүргізді, қара халықтың мүдделерін қорғауға және жағдайын жақсартуға септігін тигізер ағарту, әкімшілік және сот реформаларының жобаларын жасады. Ол денсаулығын күннен күнге әлсіреткен өкпе ауруына қарамастан, осындай ауыр жұмыстарды атқарды.
Көп ұзамай Ш.Уәлиханов Омск қаласына аттанды, ол жерде аймақтық үкіметтің заң комиссиясының жұмысына қатысып, қазақ сот реформасы мәселелерімен айналысады. 1864 жылдың көктемінде Шоқан генерал М.Г. Черняевтың (1828–1898) Оңтүстік Қазақстанды Ресей құрамына қосу үшін жасаған соңғы әскери экспедициясына қатысады. Уәлиханов жергілікті тұрғындармен келіссөздер жүргізу үшін арнайы жіберіледі. Алайда, тарихшылардың айтуы бойынша, генерал Черняевтің Әулиеата бекінісін (қазіргі Тараз қаласы) алғаннан кейін жергілікті халыққа қатыгездік жасауы, алдыңғы қатарлы офицерлер тобынның, соның ішінде Шоқанның наразылығын тудырады. 1864 жылы шілдеде сол топпен бірге Шоқан Верный қаласына қайтады. Академик А.Марғұлан офицерлердің бұл әрекетін сібірліктердің арасында етек алған «сібір автономиясы» идеясымен байланыстырады.
Омбыда сепаратистік пиғылдар күшейе бастады, осы жағдайға байланысты Шоқан Омбыға оралмауға шешім қабылдады. Кейбір шоқантанушы ғалымдар оның Верныйда қалуын Ресеймен шекаралас жатқан Синь-Цзянь аймағындағы жағдайды бақылап отыруға арнайы тапсырма алғандықтан деп түсіндіреді. Қалай болғанда да, ол Верныйдан Албан руы қазақтарының аға сұлтаны – Тезек Нұралиннің (1820-1879) ауылында барып, сонда сұлтанның немере қарындасы Айсараға үйленеді. Мұрағаттық құжаттар, соның ішінде Шоқанның Алатау округін және Ұлы жүз қазақтарының басқарған генерал Г. Колпаковскиймен жазысқан хаттарында Батыс Қытайдағы дүнген көтерілісінің барысы, Шығыс Түркістанның жергілікті тұрғындары арасындағы толқулар туралы, Жетісу қазақтарының жайы жайлы баяндауларынан және Қытай шекарасына жақын Ресей мен Синь-Цзянь арасындағы байланыстырушы көпір болған Алтын-Емелде агенттік желі құрып, оны өзі «агенттік» деп атағанына қарағанда Шоқан патша әкімшілігінің арнайы тапсырмаларын орындап отырған дегенге келеді. Соңғы зерттеулерде оның Үрімжідегі дүнгендердің көтерілісіне байланысты Зачуй отрядынан кетіп қалуы мүмкін екені айтылады. Қалай болғанда да, ол қайтыс болуынан бірнеше ай бұрын Бас штаб пен Азиялық департаментінің қызметінде болңаны анық. Сондай-ақ, М.Г. Черняев Шоқанды қоқандықтар ісіндегі жетістігі үшін ротмистр шеніне ұсынды деген ақпарат бар.
Орыс армиясының Штаб-ротмистрі және қазақ сұлтаны Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазіргі Алматы облысының Алтын-Емел асуындағы Тезек ауылында 1865 жылы 10 сәуірде, отыз жасында қайтыс болды. Ресми мәлімет бойынша, асқынған дерттен денсаулығы түзей алмады, Тезек ауылынан әке-шешесіне жіберген соңғы хатында: «Шаршадым, ешқандай күшім жоқ, қуарып біттім, құр сүлдерім ғана қалды, жарық дүниені енді көрмеспін? Мен енді қымбатты туыстарыммен, достарымен енді көрісе алмаймын, оған шара жоқ. Бұл менің соңғы хатым. Қош болыңыздар, бәріңді құштым» – деп жазады.
Орыстың белгілі жазушысы және ойшылы Ф. Достоевский Шоқан туралы былай деп жазады: «Оның есімі Қырғыз-қайсақ пен Қара-Қырғыз тарихында ешқашан ұмытылмайды, екі халықтың жадында мәңгі сақталады». Ал, публицист, жазушы және қоғам қайраткері, Сібір мен Орта Азияны зерттеуші ғалым Н.М. Ядринцев Ш.Ш. Уәлихановтың қазасына: «Өткен күзде Іле ауданында Батыс Қытайдың Қашғар қаласына барған батыл саяхатшы, қырғыз сұлтаны Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қайтыс болды… Біз есімін құрметтеуден басқа лайықты қошемет таба алмаймыз. Буряттардың екінші Доржи Банзаровты күткені секілді, Қырғыздардың да екінші Уәлихановты күтуін қалай қаламайсың? Әрине, жатжұрттықтардың арасында еуропалық өркениет пен азаматтыққа өз ішінен шыққан саңлақтардан артық ешкім жол сілтей алмасы анық. Сондықтан, біз әрқашан білімді жатжұрттықтардың шығуын қалаймыз, ал оларға тиген ауыр қазаны тағдырдың әділетсіздігі деп білеміз» деп тебіренеді [13].
Шоқанның сызбаларын, эскиздерін зерделей отырып, әскери топографтың қолымен сызылған экспедиция маршруттарынан оның қаншалықты шебер, талантты болғаны аңғарылады. Оның топографиялық жұмыстарының негізінде бұрындары болжамды түрде сызылған Орта Азия карталары сол уақытта дәл құрылды. Географтардың айтуынша, Шоқан өзінің күнделіктерінің бірінде салған Орталық Азия картасы ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Бұл Қашқар мен оған көршілес аймақтардың алғашқы сенімді картасы болды. Саяхатшы-ғалымның тағы бір қыры – бірнеше тілдерді білуі. Шоқан –шығыс тілдерінен басқа бірнеше еуропалық тілдерді де меңгерген алғашқы қазақ полиглоты. Ол кезде Сұлтанның балалары дәстүр бойынша бірнеше шығыс тілдерді игеру, яғни «жеті жұрттың тілін білу» керек болған. Мұрағат материалдарынан белгілі болғандай, ол шығыс тілдеріндегі грамматикалық сауатын үнемі жетілдіріп отырған, арабша, парсы және ортағасырлық койне тіл – шағатай диалектісін білген. Құлжада жүргенде ұйғыр тілін жетілдіріп, кейін ол тілді жетік меңгерді деген мәлімет бар [14].
Шоқан ғылымдағы алғашқы қадамынан бастап қазақтардың толық тарихын зерттеуге арнаған және дүниежүзілік шығыстанудағы шығыс елдері жайлы жаңсақ пікірлер мен қателіктерді көрсетуге, түзеуге тырысқан, оның бұл жолдағы ізденістері оны Орталық Азия мен Шығыс Түркістанды, басқа да шығыс халықтарын жан-жақты зерттеуге итермеледі. Осының бәрі, сайып келгенде, «Қырғыз даласы мен қырғыз туралы» үлкен тарихи-этнографиялық іргелі зерттеудің нәтижесі болуы керек еді, ол монографияның мазмқнын егжей-тегжейлі жасажоспарлады. Осылайша, Шоқан өзіндік ауыз әдебиеті бар қазақ халқының рухани байлығын ашықтайтын, Еуропа жұртшылығының көшпелі халықтары туралы «қатыгездер, берекесіз жабайылар» деген жаңсақ түсініктерін жоққа шығаратын, орыс және әлемдік ғылымға жаңа бір объективті жұмыс ұсынғысы келді [15]. Ол ұдайы өз халқының және Орта Азия халықтарының өмірін бақылап, олардың артта қалу себептері мен әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту жолдарын іздестірді. Американдық профессор Э.Олуордтың Ш. Уәлихановты қазақ даласының бай мұрасын жинақтау ісінің негізін салушы деп бағалауы орынды.
Ш. Уәлихановтың Ұлы жүз қазақтарының тарихи-мәдени өмірін зерттеген еңбектерінің мағыздылығы ерекше. ХІХ ғасырдың ортасына дейін XVIII ғасыр саяхатшыларының жазбалары негізінде ғылымда Ұлы жүз бен қырғыздар басқа қазақтардан ерекшеленетін өз алдына бір ұлт деген қате пікірі басым болды. 1855-1859 жылдары Шоқан далалық зерттеулері материалдары негізінде, нақты мысалдармен бұл пікірдің дұрыс еместігін дәлелдеді. «Жоңғар очерктері» еңбегінде ол мынадай маңызды ғылыми тұжырым жасады: «Мен буруттар мен үйсіндерге [қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтары] этногафиялық жазбаларымды аяқтай отырып, бұл екеуі мүлде басқа халықтар, бір-бірімен шатастырмау керек екенін ескеру қажет деп санаймын … Тіпті Гумбольдт пен Рихтер … буруттар Ұлы жүз қайсақ ордасының негізін құрайды деп санады және бұл орданы Кіші және Орта жүзден ажыратып қарау керек деп ойлады. Бұл ғылымның құрметті кроифлерінің тарапынан кеткен үлкен қателік. Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары бір халық, олар қытайлар «буруттар», орыстар «жабайытастылар» немесе «қара» деп атаған қырғыздардан біршама ерекшеленеді. Бұл екі халықтың тілі, шығу тегі және әдет-ғұрпы бойынша ерекшеленеді… »[16]. Осылайша, Шоқан ғылымда алғаш рет 1925 жылға дейін шығыстану ғылымында қолданылмаған қазақ халқының тарихи атауын қолданды.
Бүгінгі шоқантанушы зерттеуші-ғалымдар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Әбусейітова мен тарих ғылымдарының докторы Жарас Ермекбайдың «Чокан Валиханов: исследования и домыслы» мақаласында «… Шоқан Уәлихановтың қысқа өмірінде кітаптардағы, мақалалардағы, газет-журналдардағы пікірталас тақырыбына айналған көптеген «ақтаңдақтар» қалды. Өмірбаянын жазушылар мен библиографтар арасында туған күні мен дүниеге келген жері, Парижге сапары, полковник Черняевпен келіспеушіліктері және оның Сұлтан Тезек ауылына кетуі, жастай қайтыс болу себептері туралы даулар әлі де толасар емес. Ш. Уәлиханов өмірінің кей тұстары тіпті жұмбақталып, мифке айналды. Шоқанның туған күні мен кіндік қаны тамған жеріне қатысты П.П. Семенов Тянь-Шанскийдің, Г.Н. Потаниннің, Х. Айдаровтың және т.б. өз пікірлері бар, олар ғалымның туған жылын 1837 жыл санайды, бұл әрине, ресми жарияланған 1835 жылмен сәйкес келмейді. Шоқан Уәлихановтың туған жері туралы мәселе өлкетанушылар мен тарихшылардың арасындағы пікірталас әлі де шешілмей келеді. Бұл мәселе негізінен ғалымның мерейтойына байланысты облыстық және республикалық газеттер беттерінде талықыланады» [17].
Алтын-Емелде Шоқан басына саз кірпішпен шағын күмбез тұрғызалады. Кейін, 1881 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.Кауфманның бұйрығымен сәулетші П.Зенковтың жобасы бойынша мәрмәр плитка орнатылды, онда: «Мұнда 1865 жылы қаза тапқан штаб-ротмистрі Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мәйіті жерленген. Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфманның өтініші бойынша Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегін ескере отырып, бұл ескерткіш тасты генерал-лейтенант Колпаковский 1881 жылы қойдырды» деп жазылған. Мазар басындағы мәрмәр плита 1989 жылы көшірмесімен ауыстырылып, түпнұсқасы «Алтын Емел» мемориалдық музейіне тапсырылды, оны Музей эскпозициясынан көруге болады.
Уақыт өте келе мазар күмбезі мен қабырғалары құлап, 1945 жылы зират қайта ашылады. 1958 жылы ол жерге қызғылт граниттен бес метрлік обелиск тұрғызылады. Ол жайлы Дінмұхамед Қонаев естелігінде былай деп жазады: «Панфиловтан (Жаркент қаласының 1942-1991 жж. атауы) келе жатып Шоқан Уәлихановтың зиратына соқтық. Оны қарап шыққан соң Алтын Емел шатқалында жерленген Шоқан бейітінің басына ескерткіш орнату керек деп шештік. Қысқа мерзімде жоба әзір болды. Ескерткіш тұрғызуға 240 рубль бөлінді. Ескерткіш 1958 жылы тұрғызылды» [18]. Ескерткіш саяхатты бейнелейтін жер шарының тәжімен бейнеленген. Алдыңғы жағында Уәлихановтың қола горольефі орналасқан. Мәрмәр тақтайшаның етегінде естелік эпитафиясы бар. Ескерткіш – жергілікті халық және көптеген туристер келетін танымал орын.
Еңбегі
Ш. Уәлиханов артына үлкен ғылыми және әдеби мұра қалдырды. Өзінің қысқа, бірақ жарқын ғұмырында ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған бірқатар еңбектер жазды, сонымен қатар қоғамдық-саяси тақырыптағы едәуір еңбектердің авторы болды. Ол энциклопедиялық ой-өрісі дамыған, заманауи ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша қарастыра білген ірі ғалым. 1854 жылы ол Орталық Қазақстандағы бірқатар сәулет ескерткіштерін зерттеп, Жетісуда Ұлы жүз қазақтарының аңыздары мен дәстүрлерін жазды. Әр экспедицияларында сайын даланың ежелгі қалаларын зерттейді, көне монеталардың коллекцияларын жинақтайды, жартастағы суреттердің, балбал тастардың және Жошы хан, Домбауыл, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, т.б. сәулет ескерткіштерінің кескіндерін салады.
Шоқан зерттеулердің барлығында қазақ халқының тарихы мен этнографиясы туралы тың материалдар ұсынады, құнды мәліметтер береді, сондай-ақ қазақ даласындағы қоғамдық-саяси қатынастар туралы ойларын қорытады. Оларды мысалы, «Абылай», «Ежелгі қырғыздардың қару-жарақтары және олардың әскери қарулары», «Шуну-батыр», «Көшпелілер туралы», «Қырғыздар арасындағы шаманизмнің іздері», «Даладағы ислам туралы», «Сот реформасы туралы ескерту» сияқты және т.б. мақалалары мен зерттеулерінен көруге болады.
Шоқан Шығыс халықтарының салт-дәстүріне, әдебиетіне және тарихына қатты қызығушылық танытты. Ғылыми сапарларында, экспедицияларында ел ішіндегі халық әндері мен эпостарын теріп жазды, аңыздар мен әңгімелер жинақтады. Оның ғылыми экспедицияларының маңызды нәтижесі – ғалымға және көпшілік қауымға жарты миллион жолды құрайтын қырғыз ауыз әдебиетінің ең үлкен ескерткіші – «Манас» жырын алғаш ұсынуы еді. Ол эпостың жеке тарауларын жазып, кейіннен орыс тіліне аударған алғашқы зерттеушісі болды. Сапарларында, экспедицияларда жинаған материалдарды ол отандық шығыстану ғылымының алтын қорына енген «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады.
Шоқанның еуропалықтар үшін жабық ел болған Қашқарияға жасырын сапары, ол аймақтың экономикалық және саяси құрылымын зерттеуі, оның тарихы мен этнографиясы туралы жинаған көптеген материалдары Ресей ғылымының жетістіктерін жаңа биіктерге көтеруге мүмкіндік берді. Осы экспедицияның нәтижелері бойынша ол «Алтышардың жағдайы немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының алты Шығыс қаласы (Кіші Бқхара)» баяндамасын жазады. Шоқанның Шығыс Түркістанға арналған Саяхат күнделіктері, ғылыми еңбектері Ресей мен Еуропаның ресми орта өкілдері, ғылыми қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланды, шет тілдерге аударылып, бірнеше Еуропа елдерінде жарық көрді. Ш. Уалихановтың еңбектері Батыс Еуропа ғалымдарының, әсіресе, ағылшын, неміс, француз шығыстанушыларының, географтарының және жаңа заман тарихшыларының қызығушылығын оятты. Ш. Уәлихановтың зерттеулері Орыс географиялық қоғамының жаршыларында, сондай-ақ, Берлинде (1862), Лондонда (1865 ж.) жарық көрді және 19 томдық Элиз Реклюдың Француз географиясы кітабының 6-7-ші томдарына (1878-1879) енді (La Nouvelle geografie universalelle).
Ұлықталуы
Қазақстанның әр қалаларында, елді мекендерінде Ш. Уәлихановтың құрметіне аталған көшелер бар. Алматы, Көкшетау, Семей, Павлодар, Омск (РФ) қалаларында ескерткіштері қойылған, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тарих және этнология институты, Көкшетау қаласындағы мемлекеттік университет, Щучинск қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадет корпусы Ш.Ш. Уәлиханов атында. Ғалым атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, басқа да ЖОО жыл сайын «Шоқанов оқулары» өтіп тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында мемориалдық музейі ашылып, Уәлиханов атындағы «Сырымбет» сарайы қайта жаңғыртылды. 1985 жылы 20 қыркүйекте Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында Ш. Уәлихановтың 150 жылдығына орай «Алтын Емел» мұражайы мен мемориалдық кешені құрылды. Музей жанындағы төбеде орыс суретшілері Юлий Рукавишников (мүсінші) пен Николай Миловидов (сәулетші) қолынан шыққан Ш. Уәлихановтың зәулім ескерткіші тұр. Өткен ғасырдың 50-70 жж. және 80-жылдардың ортасында академик Ә. Марғұланның ғылыми жетекшілігімен Ш. Уәлиханов еңбектерінің жинағы жарық көрді.
ҚР ҰҒА ғалымдарға әлеуметтік және географиялық ғылымдар саласындағы көрнекті жетістіктер үшін Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық тағайындайды, сондай-ақ бейнелеу мен сәулет өнері саласында да жетістіктер үшін мемлекеттік сыйлық бекітілген. Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі шың ғалымның құрметіне аталған. Ш. Уәлихановтың мұраларын зерттеуде тарихшылар, шығыстанушылар, этнографтар, жазушылар, журналистер, өлкетанушылар және т.б. белгілі зиялы қауым үлкен еңбек сіңірді. Қазақтың тұңғыш ғалымы жайлы белгілі жазушы С.Мұқанов «Ақан жұлдыз» трилогиясын, С. Марков «Жоғарыға шығу» романын, публицист Ирина Стрелкова – «Шоқан Уәлиханов» деректі кітабын (БТӨ сериясы), жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында Шоқанның қырғыз даласындағы экспедициясы бойынша жүріп өтіп, «Шоқанның ізімен» кітабын жазды. Ал, 2014 жылы Шоқанның Қашқарға сапарының 150 жылдығы қарсаңында Қазақ Географиялық Қоғамы арнайы экспедиция ұйымдастырды. Ол жайлы экспедицияға қатысушы Исмаилжан Иминовтың «Ұлы Шоқанның керуен жолында» және «Алтышар бойындағы саяхаты» атты кітабында баяндалды.
Уәлихановқа арналған көркем және деректі фильмдер: «Оның уақыты келеді» («Қазақфильм», 1957, режиссер – М. Бегалин, басты рөле – Нұрмұхан Жантөрин), «Шоқан Уәлиханов» көп сериялық көркем телефильмі («Қазақфильм», 1985 ж., Режиссері – Ә. Әшімов, басты рөлде – С. Әшімов); «Мундир киген адам» деректі фильмі (2006, режиссері – И. Гонопольский) түсірілді. 1985 жылы Ш. Уәлихановтың туғанына 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.
Әдебиеттер мен деректер тізімі:
1 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Т. І. – Алма-Ата: КСЭ, 1984. – С. 11
2 Сонда, – С. 14
3 Гейнс А.К. Путешествие по киргизским степям // Чокан Валиханов в воспоминаниях современников. – Алма-Ата, 1964. – С.136
4 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Т. І. – Алма-Ата: КСЭ, 1984. – С.19
5 Сонда, – С.13
6 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Т. І. – Алма-Ата: КСЭ, 1984. – С. 91
7 Ч.Ч.Валиханов, режим доступа https://infosphere.top/вики/Ч.Валиханов/
8 Выписка из отчета о путешествии в Кашгар поручика Ч.Валиханова // Собрание сочинений в пяти томах. – Т. ІІІ. – Алма-Ата: КСЭ, 1984. – С. 219–222.
9 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. –Т.5. – АлмаАта: КСЭ, 1985. – С. 241-242
10 Ивлев М.Н. «Путешествия степного царевича» // ЦентрАзия. Режим доступа:
https://centrasia.org/newsA.php?s t=1292241120
11 Письма Ч. Валиханова // Собрание сочинений в пяти томах. –Т.5. – С.151-152.
12 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Т.І. – Алма-Ата: КСЭ, 1984. – С.79
13 Валиханов Ч. Ч. Соб. соч.в пяти томах. Алма-Ата, 1985, т. 5. стр. 276–279.
14 Иминов И. Валиханов: миссия в Кашгаре. 155 лет знаменитой научной экспедиции // Журнал «Мәдени мұра», №4. 2019. – С.186-189.
15 Масанов Э., Выдающийся ученый казахского народа Ч.Валиханов // Вопросы общей этнографии и антропологии. – С. 62.
16 Там же, – С. 64.
17 Ермекбай Ж.А., Абусеитова М.К. «Чокан Валиханов: исследования и домыслы // Сборник докладов международной научно-практической конференции «История Казахстана: инновационные концепции и периодизация как приоритет научного познания». 2- книга. – Алматы: «Елтаным», 2013. – С. 22–30.
18 Азаров А. Мемориал Шокана Уалиханова www.azattyq.org/a/memorial-chokana-
valikhanova/27691206.html (23.04. 2016 г); Д. Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» естелік-эссесі/ Ауд. және ред. Серiк Әбдiрайымұлы. – Алматы: Дәуiр, Ынтымақ, 1992. – 445 б.
Авторы: Айтмұхамбетова Б.А., академик Қ.И.
Сәтбаевтыңмемориалдық мұражайының директоры