Кенесары Қасымұлы (1837-1847) – көрнекті мемлекет қайраткері, жалпы қазақ ханы (1841-1847 жж.). Ақсүйек, Жошы ханның ұрпағы. Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күрестің жетекшілік етіп, Қоқан хандығына қарсы соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақ халқы мен ресейлік әскери тұлғалар арасында үлкен беделге ие болды.
Өмірбаяны
1837 жылы Кенесары Қасымұлының басшылығымен Ресей империясына қарсы ірі ұлт азаттық қозғалыс басталды. Көтеріліске қатысушылардың дені жергілікті халық, сонымен бірге олардың арасында орыс, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түркімен халықтарының өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары басшылық қызметтерді атқарды. Осылайша, Кенесарының жеке хатшысы бұрынғы орыс солдаты, Наурызбай сұлтанның адъютанты – орыс Николай Губин, татар Әлім Ягудин әскери кеңестің мүшесі, өзбек Сайдақ-қожа Оспанов ханның дипломатиялық қызметін басқарды. Олардың барлығы Кенесары әскеріне өздерінің мол тәжірибелерімен бөлісіп, соғысты ұйымдастырудың маңызды элементін көрсетті [1].
1836 жылдың көктемінде Ташкентте Кенесарының жақын туыстары Саржан, Есенгелді және Әлжан сұлтандарды жауыздықпен өлтірілгеннен кейін, Кенесары сұлтан белсенді іс-әрекетке көшті. Бұл туралы 1836 жылдың 4-желтоқсандағы Ақмола уездік бұйрығының мазмұнын Омбы облыстық басшысына жеткізді: «Ресей жәнеТашкент саудагерлері өткен күзде Петропавловск қаласында керуендерімен өтіп жүргенде, көктемде Ташкенттің бұрынғы билеушісінің бұйрығынан кейін, Ташкент қаласында сатқын сұлтан Саржан Қасымовты, оның ағасы Есенгелдіні және 1835 ж. Қарекеңгір пикетіне шабуылымен, бірнеше казактарды өлтіруімен белгілі болған үлкен ұлы Әлжанды өлім арқылы жазаланғандықтары туралы бірауыздан пікір білдірді» [2]. Содан кейін Қасым сұлтан өз ұлдарын өлтіргені үшін Ташкент билеушісіне кек қайтарып, оның 40 елшісін өлтіреді. Бұл туралы 1836 жылғы 23 желтоқсандағы Ақмола уездік мүшесі Қосыбай Бабықов бидің Омбы облыстық басшысының атына жасаған құпия хабарламасынан көруге болады: «Сонымен, кеш батқанда барлық келіссөздерді ертеңгі күнге қалдырып, қонақтар үшін арнайы киіз үйлер тігілді және лайықты ас берілді. Ташкенттіктер сұлтан Қасым Абылаевтың жылы қабылдауын көріп, өздері үшін жағымсыз ештеңе күтпегендіктен, қараңғы түскенде терең ұйқыға кетті. Абылаевпен алдын ала жасақталған және ташкенттіктерден алыс емес үй-жайда жасырынған 400 қаруланған қырғыз түннің бір уағында белгі берілген мезетте қонақтарына тұтқиылдан шабуыл жасап, 3 адамнан басқасын, оның ішінде Исмамбеттен басқасынан барлығын өлтірген» [3].
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау тауларының баурайында Қасым сұлтанның отбасында дүниеге келген. Абылай ханның немересі. Көтеріліс басшысы жастайынан аттың құлағында ойнайтын, мергендікті үйреніп, тамаша аңшы ретінде де танылған, әділдікті жақтаушы, қажымас қайрат пен ерлік, батылдық, көрнекті ұйымдастырушылық, қолбасшылық талантымен ерекшеленді. ХІХ ғасырдың ортасындағы ресейлік зерттеушілердің бірі Л. Мейер Кенесарыны «нағыз батыр» деп ерекше атап көрсеткен. Ол дінге аса құлай берілмегендігімен ерекшеленген. [4].
Сұлтан өзінің даңқты атасы Абылайдың ісін жалғастырушы ретінде тарих сахнасынан орын алды. Көтеріліс басшысы туралы жаңа заманның атақты зерттеушісі Н. Коншин да оң сипаттама берген: «Біз тек Кенесарының бейнесінен ғана барлық қазақтардың саяси бірлігі туралы қазақтың армандаған нағыз ұлттық батырын көре аламыз. Ол тайпаларға, тіпті ордаларға бөлген емес. Ол өте батыл, орасан күшке ие және өте шебер саясаткер болды» [5].
Еңбегі
Көтеріліс барлық үш жүзді қамтыды. XIX ғасырдың 20-30-шы жылдары отарлық билік пен жергілікті халықтың қарым-қатынасы шиеленісе түскені белгілі. Кіші және Орта жүздерде хандық биліктің жойылуы сұлтандар, билер мен батырлар тарапынан наразылық тудырды. Жаңа әскери бекіністерді салу үшін қазақ халқынан жерді жаппай тартып алу басталды. Егер бұрын қыр халқы Ресей империясына салық төлемесе, енді бірыңғай ясак, жеке отбасына салынатын салық және міндетті жол салығы енгізілді. Патша отрядтары «әскери іздеу» деген сылтаумен қазақ ауылдарына қайта-қайта шабуыл жасады. Олар көшпенділер үшін зор қасірет пен көптеген апаттар әкелді. Әрине, патшалықтың мұндай әрекеттері ел арасында наразылық тудырды. Сондықтан көтерілістің басты мақсаты, патшалықтың тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару, сыртқы округтарды және енгізілген салықтарды жою. Көтерілістің басты қозғаушы күші қарапайым шаруалар, сондай-ақ старшиналар, билер, батырлар, сұлтандар болды. Олар: Ағыбай, Иман (Амангелді Имановтың атасы), Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан, Байтабын, Бұқарбай және т.б. Көтерілісті Баянауыл сыртқы округінен Тайжан мен Сейтен Азнабаевтар сияқты ірі мал иелері, сұлтанның жақын қолдаушылары ретінде көтерілісшілерге белсене көмектесті.
Кенесары патша үкіметінің саясатын қолдаған сұлтандар мен билердің ауылдарына да шабуыл жасай бастады. Сонымен бірге, оның шекара бекіністеріне және патшаның жазалау отрядтарына қарсы шабуыл жасау оқиғалары да жиі болды. Осылайша, 1937 жылдың аяғында Ақтау бекінісі аймағына Кенесары хорунжуй Рытов басқарған отрядтты толық талқандады. Отряд құрамында 6 урядник және 48 Сібір казагы болды. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенімен бірге жүрді. Мұны Ақтау әскери старшинасының коменданты қызметін атқарушы В. Симоновтың Омбы облысының басқарушысы полковник Талызиннің атына жолданған баянхатынан көруге болады: «Бұл оқиға туралы сіздің жоғары мәртебеліңізге жеткізе отырып, осындай болмайтын олжаға қол жеткізу үшін хорунже Рытов 4 урядник, 22 казак және бір фельдшерден өзімнің айрылғандығымды бар өкінішпен баяндауға бел будым» [6].
Кенесары 1838 жылдың көктемінде Ақтау бекінісі мен Ақмола бекінісін жою, Омбыдағы тұтқынға алынған барлық адамдарды босату туралы талаптарын хатқа жазып, өз өкілдерін Батыс Сібірдің генерал-губернаторына жіберді. Бірақ патша ханның елшілерімен қоса, осы делегацияның барлық мүшелерін жазалауға бұйрық берді. Қызметке жарамдыларын әскерге жіберіп, ал жарамсыздарын Шығыс Сібірге жіберді. Биліктің осындай зорлық әрекеттерінен кейін Кенесары сұлтан шабуылдарын тіптен күшейтіп, әскери старшина Симоновтың отрядтарына қатты соққы жасайды. Нәтижесінде отрядтың қару-жарағы мен оқ-дәрілеріне ие болады. 1838 жылдың көктемінде Кенесары жасақтары Қоңыр құлжа Құдаймендіұлы ауылдарына шабуыл жасап, шамамен 12 мың бас жылқы айдап әкетеді. Ақмола маңынан бекініс тұрғындарының 2,5 мыңнан астам малын олжалайды. Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Көкшетау округіндегі қайтыс болған Уәли ханның туысқандарының ауылдарына шабуыл жасайды. Кенесарының белсенді әскери қимылдары 1838 жылдың жазында басталды, Ақмола бекінісінің маңын алты күндей қоршауға алып, өртеп жіберді. [7] Ақмола бекінісі үшін ауыр шайқас жүрді.

Омбы тарихи-өлкетану мұражайында сақталған Кенесары ханның мылтығы.
А.Н. Озерованың суреті.
Бекініс айналасына терең ор қазылып, бекініс жақсы қорғалды. Оның барлық кіреберістері мықты бекітілді. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы жасақтары мен әскери старшина Карбышев бастаған орыс әскерлері қорғады. Кенесары 1838 жылдың 7 тамызында таң азанмен шабуылын бастады. Оның жауынгерлері жандырғыш жебелері бар садақтарымен бекіністі атқылады. Бекініс маңында өрт басталды. Кенесарының даңқы шыққан батыры Басығара бастаған жасақ бекініске басып кірді. Осы шайқаста батыр ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман және Наурызбай батырларының жасақтары да кірді [8].

1838 жылдың жазында Ақмола бекінісіне шабуыл жасау кезінде қаза тапқан Кенесары ханның 255 жауынгері мен жасауылдарының құрметіне орнатылған құлпытас тақтасы. Нұр-сұлтан қ., «Жастар» ш.а., Қараөткел мұсылман зираты.
Көтеріліс басшылығының Сібір әкімшілігімен қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылмады. Патша үкіметінің көтерілісті тоқтату туралы үзілді-кесілді талабы Кенесарыға ұнамады. Сондықтан ол Торғай мен Ырғыз аймағына ауысуға мәжбүр болды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы бастаған жасақтар көтерілісшілерге қосылды. Бұл оқиғаны Орынбордың әскери губернаторы В.А. Перовскийдің әскери министр А.И. Чернышевке 1839-жылдың 9-мамырында жолдаған хабарламасынан көруге болады: «Кенесары ауылдарын Сырдарияның бойындағы Ақсақал-Барбиғажіберді, ал өзі Орынбор ведомствосының қырғызы көтерілісшісі батыр Жоламанмен бірігіп, қарамағында көптеген шоғырға ие болып, бейбіт қырғыздарға және шепке шабуыл жасау қаупін төндіруде; бұл тонаушылар Жаңа шептің орталығына шамамен 200 шақырым жақындады деп болжануда» [9].
Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаков арасында Кенесары ханмен күресудің оңтайлы жолдарын іздеуге қатысты келіспеушіліктер пайда болды. Біріншісі қақтығыстарды тек бейбіт келіссөздермен шешу жолын қаласа, екіншісі – әскери жолмен шешуді жөн санады. 1840 жылдың басында жанашырлық танытқан Орынбор губернаторы Кенесарыға рақымшылық жасап, тұтқында болған оның барлық туыстарын қайтарып, уақытша бітімге келді.
1840 жылдың жазында Ташкент билеушілері Қасым сұлтан мен оның отбасын өлтірді. Мұны 1840 жылдың 16 шілдесінде Орынбор казак әскерінің әскери старшинасы Лебедевтің Орынбор жеке корпусы штабының басшысына жолдаған баянхатынан көруге болады: «белгілі сұлтан Қасым Абылаев Ташкентке жақындағанынан хабар келді, көшбегіден оқ-дәрімен, қорғасынмен және қару-жарақпен жолданған сыйлықтарына толы болды, содан кейін сыйлықтарды бөлісу уақытына жетіп келген алты мың адам жіберілді, осында Қасым және оның отбасы шауып өлтірілді, ал Кенесары Хиуаға қашты, оның ізімен 600 ташкенттік аттанды» [10]. Содан кейін, ханның Қоқанмен 1836 жылдың қайғылы оқиғасынан, яғни оның бауырлары опасыздықпен өлтірілген кезден бері қарым-қатынасы одан әрі шиеленісе түсті.
Патша шенеуніктері Кенесарының Қытайға барып, «90 мың адамнан тұратын әскер сұрағандығы» туралы мәліметтер алды [11]. Әлбетте, бұл бұрынғы дипломатиялық дәстүрлерге құрмет көрсету болса керек, оның атасы Абылай да Орта Азия мемлекеттерін жаулап алу үшін олардан бірнеше рет әскер сұраған еді, бірақ ол қытайлықтардан әскери көмектің болмайтындығын алдын ала білген.
Қазақтың үш жүзінің өкілдері 1841 жылдың қыркүйегінде Кенесары Қасымұлын хан етіп сайлады және Қазақ хандығы уақытша қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл хабарды өкінішпен қарсы алды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісті ойдағыдай жүргізу үшін, өзі басқарған бірыңғай орталықтандырылған мемлекет құрды. Оның жанында жоғары кеңесші орган ретінде, адал батырлардан, билерден, сұлтандардан және жақын туыстарынан құрылған Кеңес жұмыс істеді, бірақ ақтық шешімді әрқашан өзі шығарды. Кенесары хандықты басқаруда сот, шаруашылық, дипломатиялық, салық және әскери мәселелерімен айналысатын сенімді өкілі – жасауыл арқылы жүзеге асырды. Жасауылдар орталық биліктің нұсқауларының орындалуын, жайылымдардың бөлінуін, қол астындағы халықтың жағдайын зерделеп қадағалады. Ханның табысты қызметінің нәтижесі ретінде оның иелігіндегі адамдар арасында өзара тартыстар мен барымта тоқтатылды. Ол билердің билігін біршама шектеді. Маңызды сот істерін өзі шешті.
Кенесары салық жинауды ретке келтіріп, малшылар үшін – зекет, егіншілер үшін ұшыр салығын енгізді. Патша жасақтарымен соғысты жалғастыру қаржылық қаражаттың бір орталыққа шоғырлануын қажет етті. Сондықтан қосымша салық түрлері енгізілді. Киім, қару-жарақ және ат әбзелдеріне салық салынды. Ол әр ауылға және ерекше жағдайларда салық енгізді, ал төлеуден бас тартқандарды қатаң жазалады. Салық жинау үшін оның қарындасы Бопай ханшаның басшылығымен арнайы жасақ құрылды. Салық алу кезінде 40 басқа дейінгі табын иелері салықтан босатылды, 40-тан 100 басқа дейінгі табыннан тек бір ғана бас алынды, одан әрі әр түрлі малдың әрбір 40 басынан бір-бірден алым алынып, сараланған тәсіл қолданылды.
Егіншілер жиналған егіннің оннан бір бөлігін салыққа төледі. Көтерілісшілерге арналған нанды патша үкіметі де жиі тәркілеп отырды. Көтерілісшілерге нанды алып келген саудагерлер жазалаушы отрядтар тарапынан қатаң жазаға тартылды. Сондықтан Кенесары қазақтардың егіншілікке көшуін қолдады.
Біраз уақыт ханның адамдары Орта Азиядан Ресейге бара жатқан, әсіресе, ханның жақсы қарым-қатынастары қалыптаспаған патша үкіметі мен Қоқанға деген артық ықыластығымен ерекшеленген керуендерді тонаумен айналысқан. Мысалы, бұл жеке Сібір корпусының командирі князь П.Д. Горчаковтың әскери министр генерал-адъютант князь А.И. Чернышевке 1846 жылғы 10 желтоқсандағы жазған баянхатынан көруге болады: «Сібір қырғыздарының шекаралық басшысы лауазымындағы 3 желтоқсаннан № 2550 баянхатымен, Ташкенттен Семейге бара жатқан 235 түйесі бар керуенді, Шу өзенінің маңында Кенесарының бауыры Наурызбай Қасымовтың басшылығымен қылмысты топқуып жетіп тонаған» [12].
Кейіннен Кенесары көпес керуендерінен алынатын баж салығы айтарлықтай табыс әкелетіндігіне көз жеткізген соң, оларды тонауды тоқтатты. Есесіне, ол керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, керуен басын жеке өзі қабылдады. Сонымен қатар, белгіленген салықтарды төлеуден жалтарған адамдарға қосымша салық салды. Ол түскен қаржыға Орта Азия базарларынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер сатып алды.
Кенесары жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінген, 20 мың адамнан тұратын жауынгерлік қабілеті бар атты әскер құрды. Ол ерекше көзге түскен және батыл жауынгерлерге «жүзбасы» мен «мыңбасы» атақтарын берді. Кенесары «мерген-басы» (атқыштардың басшысы) бастаған мерген атқыштардан арнайы жасағын құрды және хан тұрақты орыс әскерінің үлгісі бойынша өз әскерлеріне арнайы ерекшелік белгілерін енгізді [13].
Кенесарының әскерлері дала соғысы жағдайына бейімделді. Ол әскерлерді жедел хабардар ету жүйесін құрды. Хан алғаш рет бұрынғы орыс жауынгерлері мен башқұрттар қатысқан әскери іске дайындықты енгізді. Өз әскерінде ол қатаң тәртіпті орнатты. Осылайша, хан опасыздық пен күзетінде ұйықтап қалғандығы үшін өлім жазасымен жазалады, ал әскери тәртіп бұзушыларды бастарына «чики» (сызат) салған. Қару арнайы қару палатасында – «кунак-хана» (қонақ-ханада) сақталды, атыс қарулары көрші мемлекеттерден сатып алынды немесе ұрыста тартып алынатын. Қазақтар оқ-дәріні Бұхарадан сатып алды. Кенесары әскерінде зеңбіректер жасау жолға қойылды.
Кенесарының барлаушылары көпес пен молда кейіпінде қарсыластарының жерлерінде өздерінің қызметтерін шебер жүргізді. Сондықтан көтерілісшілер патша әскерлерінің қозғалыс жоспарын алдын ала біліп отырды. Оның әскерінде үздіксіз азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етіп отырған және әскери қалашықтарды бөлумен айналысқан тыл қызметі жұмыс істеген. Кенесарының сарбаздары «Абылай» ұранымен жауға шапты, осы ұран ханның жауынгерлерін жігерлендіріп, шабыттандырды.
Үш жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы күреске белсенді қатысуы патшалықты қатты үрейлетті, сондықтан көтерілісшілерге қарсы шешуші соққы беру туралы шешім қабылданды. 1842 жылы Орынбор губернаторы лауазымында Горчаковты Обручевтің алмастыруы, Кенесарының жаңа Орынбор генерал-губернаторымен қарым-қатынасының нашарлауына алып келді, бейбітшілік бұзылды. 1842 жылы Сібір әскери бөлімшесінің Сотников жасағы Кенесарының ауылын тонап, шабуыл жасады. Қарақшылар көптеген ірі қара малдарын айдап әкетіп, 10 адамды тұтқынға алды, олардың ішінде ханның әйелі Күнімжан да болды. Кейіннен казак отрядтары шабуылына ханды қолдайтын басқа да ауылдар ұшырады.
Ресей императоры көтерілісті басу мәселесін ерекше бақылауға алды. Сонымен, 1843 жылдың 27 маусымында ол қазақ ханына қарсы ірі жорықты ұйымдастыру туралы өкім шығарды және алдағы жеке отбасына салынатын салық есебінен оның басын алуға 3 мың рубль сыйақысы тағайындалды.
Осылайша, көтерілісшілерге қарсы 300 адамы бар әскери старшина Лебедевтің жасағы жіберілді. 1843 жылдың тамызында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы бастаған екінші топ жасақталды. Бір уақытта Омбыдан, Петропавлскіден және Қарқаралыдан әскери отрядтар шықты. Патша жасақтарын жергілікті жерді нашар білулері мен қыр халқының әскери ұрыстарды жүргізуінің ерекше тактикасы оларды айтарлықтай шаршатты. Қазақтар арасынан шыққан жолсеріктер көпшілік ұнатқан халық батырын патшалықтың ұстап алуында мүдделі болған жоқ.
1843 жылдың соңында саны 3,5 мың адамнан тұратын Кенесарының жасағы Кіші жүздің орта бөлігінің билеуші сұлтаны Арыслан Жантөреұлының ауылдарына шабуыл жасайды. Ол 5,5 мың жылқысынан, 3,5 мың – түйесінен, 970 – сиырынан және шамамен 7 мың – ұсақ малынан айырылып өте ауқымды материалдық зиян шекті. Ал айдап әкетілген малды ұрыспен қайтарып алу әрекеттері сәтті болмады.
1843 жылғы әскери жорыққа қатысушылар 1844 жылдың 11 сәуіріндегі Орынбор корпусының бұйрығымен марапатталды. Шамасы, бұл шаралармен Кіші жүз қазақтарының көтерілісшілермен бірігуін алдын алу үшін, патшалық қыр халқының арасында алауыздық тудыруға ұмтылды. Марапатталғандардың арасында осы этно-аумақтық бірлестіктің аса ықпалды сұлтандары, билері, старшиналары болды: «Император-патша менің бүкіл жаңа берілген ұсынысым бойынша 1843 жылы экспедиция кезінде болған көтерілісші қырғыздардың сұлтаны Кенесары Қасымовқа қарсы жүргізген жұмыстары үшін әскери шендерге, ерен еңбегі мен еңбектері үшін марапаттарды бірге маған сеніп тапсырылғаныңыздықұптаймын….Орынбор қырғыздарының орталық бөлігін билеуші сұлтандарға Арслан Жантөринге – әскери старшын шенін; жүзбасыларға: жасауыл шеніндегі сұлтандарға– Мұхамедғали Тәкин менҚазы Сарымовқа. Зауряд хорунжимге: Зяналы Канаевқа, Кустайке Исбуловқа, Сарлынбай Алчинбаевқа – старшиндер: Қондұкер Акбаевқа –хорунжий шенін; султан Өтепғали Сұғалинге – мойынға тағу үшін «ынталылығы үшін» жазуымен жазылған алтын медаль Аннендық лента. Шалғайдан басқарғанҚұнақЖансанбаевқа, жергілікті басшы зауряд-хорунжий Сәлей Аққулчановқа, билер: Әлмұхамед Бұлғұнбаевқа, Саласақ Раковқа, Сұбақ Айжановқа, Айтенбет Шүкүрғалинге, қожа Самай Хан Ходжынға, старшындар: Бейсалы Айтуғановқа, қожа: зауряд хорунжий Тілмұхамедке Нормұхамедовқа –мойынға тағу үшін «ынталылығы үшін» жазуымен жазылған күміс медаль Аннендық лента; Накун Нормухахамедовке, жергілікті басшы: Бекбатыр Қалғамабанға, Баяділ Кейкинге, Мұхамедияр Качаровқа; билер: Рыбан Едігинге, Абіл Әлекбаевқа, Мұғайтман Байгөбековқа, Устар Накенеевке, Бектұрсун Аллаяровқа, Құрманғазы Байқошқаровқа, СеркебайҚаркиновке, Қунус Бұсұрмановқа, Байтөбет Уразалинге, Чавлыбай Нарбутинге, Исы Байбағышевке, султан Насруллинге –зауряд хорунжий шенін; Тюрябек Бекетовқа, Баймухамед Маскаровқа, Қаракулу Кулекеневке, Туртубаю Касбурину – мата бешпетмақтау қағазымен бірге; қырғыздар: Аскер Тюлекенге, Джанбарак Бұздаковқа, Чұлбарсы Тарыевқа, Бегимбет Тұрсуновқа, Тюляк Айздярыковқа, Тяуку Джазыкбаевқа, Худабай Айтукаровқа, Ак-Джиганучулак Джазгильдинге, Асау Бардалинге, Күйлібай Итеневке, Мамбет Бачановқа – мақтау парақтар алтын жалатылған кафтанға арналған мата…». Барлығы 49 адам марапатталған [14].
Өлкені жақсы білетін Кенесары одан әрі шабуылға көшеді. 1844 жылы шілде айының 20-нан 21-не қараған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғары ағысында сұлтан А. Жантөреұлының жасағының тас талқанын шығарды. Соңғы шайқаста патшалыққа адал берілген 44 сұлтан, сондай-ақ көптеген қарапайым дала тұрғындары қаза тапты, Дуниковскийдің отрядтары жақын жерде болғанымен, шайқасқа түсіп, сұлтан А. Жантөреұлына көмек көрсетуге бел байламады [15].
Жеңіспен жігерленген Кенесарының негізгі күштері 1844 жылдың тамыз айының ортасында Екатерина станицасына шабуыл жасады, форштадты, яғни станица жанындағы ауылдарды өртеп, 40 адамды тұтқынға алды және көптеген малды айдап әкетті. Осыған қоса шабуылшылар әскери олжалары мылтықтар мен тапаншалар, қылыштар және найзалары тартып алды. Жіберілген жазалаушы отрядтары Кенесарының ауылына жету қолдарынан келмеді. Үкімет топтарын қорқыныш пен үрей жайлады.
Патша үкіметі Кенесарымен ұзаққа созылған соғысқа елеулі күштері мен қаражатын жұмсады. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы ханға Долгов пен Герн офицерлері бастаған екі елшілікті жіберуді қажет деп есептеді. Олар жасырын түрде барлау жұмыстарын атқара отырып, сонымен қатар, Кенесарыны Ресейге бағынуға көндіруге тиіс еді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің нақты орналасқан жерін анықтауды көздеді, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында жаңа екі әскери бекініс салу үшін орын таңдауды жоспарлады. Патша үкіметі осындай шаралармен көтеріліс орталығына толық бақылау жасауға шешім қабылдады. 1845 жылдың көктемінде Долгов пен Герннің елшіліктері бірінен соң бірі хан ордасына келді. Кенесарыға әйелі Күнімжанды қайтарды.
Келіссөздер барысында Кенесары ханға саналы түрде орындалуы мүмкін емес талаптар қойылды. Біріншіден, Орынбор ведомствосының барлық қазақтары Ресей империясының бодандары ретінде 1 рубль 50 тиын көлемінде алымдар төлеуге тиіс болды. Екіншіден, ханға Орынбор қазақтарынан зекет салығын жинауға тыйым салынды. Үшіншіден, Кенесарыға қылмыстық істер мен ауыр қылмыстарды және 50 рубльден жоғары талап-арыздарды қарастырмау ұйғарылды. Төртіншіден, ханға орыс, татар және башқұрт қашқындарын өзінде жасырмауға қатаң нұсқау берілді. Олардың барлығы Ресейге қайтарылуы керек еді. Бесіншіден, Кенесарыға Ресейдің «жаулары» деп саналған мемлекеттермен және тұлғалармен сыртқы қарым-қатынасқа түспеуі міндеттелді. Алтыншыдан, Кенесарыға хан титулін алуға лайықты құқығы жоқтығы туралы ескерту жасалынды. Ақырында, көтеріліс басшысына Қарақұмның шөлді жерінде көшуге ұсыныс берілді.
Патшалықтың осы талаптарының бірде-бірін дербес әрі бүлікшіл ханның орындай алмайтыны анық болатын. Сондықтан келіссөздер тығырыққа тірелді. Дипломатиялық миссия негізгі мақсатына жеткен жоқ. Патша үкіметі өкілдері кеткен соң, Кенесары хан әскери кеңес шақырып, Жетісу аумағына қоныс аударуға шешім қабылдады. Ол алдын ала Ұлы жүздің сұлтаны Рүстем Абылайұлы тарапынан қоныс аударуға келісім алды.
Бұл мәселе бойынша 1845 жылдың 6 қазанында Бас штабтың поручигі Герн Орынбор жеке корпусының командирі инфантерия генералы В.А. Обручевке жазған хатында былай дейді: «Кенесарының ауылдарына келіп, мен орыс үкіметіне сенімсіздіктің соңғы қалдығын тарату және бодандық қабылдау үшін тек қана әйелінің қайтарылуын күтіп отырған мойынсұнғыш қазақтың орнына, бізден барлық тұтқындарды және, ақырында, әйелін қайтарып алғаннан кейін, орыстардан тек қана айқын алшақтықты ұстануды ойлаған бүлікші қарақшыны таптым. Барлық уәделердің біреуін де орындамай, батыл түсіндірулерден барынша жалтаруға тырысты» [16].
Біраз уақыттан кейінірек сол жерлерде патша үкіметі Кенесарының солтүстік бағыттағы жолын жабатын Ырғыз өзенінде – Орал, Торғай өзенінде – Орынбор бекіністерін салды.
Кенесары мен Қоқан хандығының өзара қарым-қатынасының шиеленісуі қазақ сұлтанының жеке бас себептерінен де туындады. 1836 жылы оның ағасы Саржанның және басқа да туыстарын Қоқан билеушілерінің сатқындықпен өлтіруі, 1840 жылы оның әкесі Қасымның отбасымен бірге опасыздықпен өлтірілуі ханның отарлық езгіге қарсы ұстанымын күшейтті. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте және Қоқан хандығына қатысты хан өзі қаза болғанға дейін теріс ұстанымды ұстанды.
Қоқан мемлекетімен әскери қақтығыс басталып, ол Жанқожа Нұрмұхамедұлы батырдың көмегіне сүйенеді. 1845 жылдың күзінде хан Қоқанның Жаңақорған, Жөлек және Созақ бекіністерін басып алды. Ақмешіт қоршауын алу әрекеті сәтсіз болды. 1846 жылы Кенесары әскері Қоқанның Мерке бекінісін алды. Қоқандықтардың қазақтарға қарсы шапқыншылықтары мен бүліктері уақытша тоқтатылды. Осылайша, Кенесары хан Қоқан мемлекеті тарапынан тағы бір қауіпті жауға тап болды.
Патша үкіметі Арал мен Сырдария бассейні ауданында бірнеше бекіністер салу арқылы Кенесары ханды Орынбор өлкесінен ығыстырып шығаруға тырысты. Екі жағынан қоршауға алынған Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу аумағына көшіруге мәжбүр болды. Пашалықпен сұрауға алынған көтеріліске қатысушы тұтқындар ханның жағдайы туралы осындай мәлімет берді: «Кенесары ауылдарымен Қытайдың ішкі аумағына бет алып, Іленің бойымен жоғары қарай жылжыды. Ұйған-Тас жерінде тоқтап, сұлтан Құдайменді Саржановты, Чукмар Бақтыбаев биді және Судак Қожаны, 9 жылқыдан тұратын сыйлықпен, Қытай үкіметінен оның жерлерінде көшуге рұқсат сұралу үшін жіберді. Жіберілген елшілер бір айдан соң екі қытай шенеунігімен және бір аудармашымен оралған. Қытай шенеуніктері Кенесарыға – оның Қытай қамқорлығына қабылдана алмайтындығын, қай жерден келді сол жерге өтініш білдіріп, ақ патшаның мейірімін сұрау қажеттігін жария етті. Себебі, Қытай үкіметі ақ патшаның алдында не сөзбен, не іспен кінәлі болғысы келмейтіндігін жеткізді. Кенесары Қытай аудармашысының пікірін тыңдап алып, Іленің бойымен кері төмен қарай көшті. Осы өзеннің сағасының маңында, Қара-Қамау шатқалында Ұлы Орданың Жалайыр таймасының егінші руларын кездестіріп, көшін олармен көршілес орналастырды. Егіншілерді көрді. Хан олардың азық-түлігін пайдаланып, өте қиын жағдай болғандықтан өзінің жақтаушыларына, күн көрудің жалғыз әрі дұрыс жолы ретінде, дәл осылай егіншілікпен айналысуды ұсынды…» [17].
Сібір билігі болса, Жетісу жеріне Омбыдан офицер Вишневскийдің басқаруымен артиллериясы бар ауқымды әскери күш жіберді. Ескеретін жәйт, кейінірек бұл отрядтар болашақ Жетісу казак әскерінің негізін құрады [18].
Азық-түліктің жетіспеуі Кенесарыны егіншілікке көшуге мәжбүр етті. Патша үкіметінің басым күшінің қасымынан Кенесары Іле өзенінің оң жағалауына көшіп, одан әрі Алатау тауының етегіне қоныс аударды. Патша жасақтары Кіші және Орта жүздер тарапынан көмек көрсету жолдарына бөгет қойды. Ұлы жүздің атақты батырлары Қараншы, Байсейіт, Тайшыбек Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің біршама азайған қатарын күшейтті. Шапырашты руының өкілдері ханға ерекше қолдау көрсетті.
1846 жылдың желтоқсанында ханға Ұлы жүздің кейбір ауылдары мен Қоқаннан қоныс аударған 20 мың қазақ қосылды. Бұл туралы 1846 жылдың 15 желтоқсанында жасауыл Нюхалов генерал-майор Вишневскийге жолдаған өзінің баянхатында жазды: «КенесарығаҰлы жүздің шымыр, жаныс, сары үйсін және сыйқым руларының көптеген қырғыздары, яғни Ташкент бодандығында болған 20 мыңға дейін түтін қосылды. Олар Шудың бойымен Ақ-Бұғы шатқалының дөңдерінен, Күнгей деп аталатын Алтава (Алтай) тауларының батыс бөлігін және Ізкөл көлінің жағасына жайғасты» [19].
К. Қасымұлы Қытайда пана табуға талпыныс жасады, бірақ Ресей империясымен қарым-қатынастарын нашарлатпауға ниеттенген Қытай тарапының өкілдері үзілді-кесілді бас тартумен жауап берді. Сонымен қатар, оларға қазақтар арасында аса зор ықпалы бар қуатты әрі жаугершіл хан қажет емес еді. Дәл осы уақытта Қытай жағы қазақтармен діні бір ұйғырлар мен дүнгендердің көтерілістеріне қатты алаңдаулы болды.
Көтерілісшілер осы кезде Қоқан ықпалында болған қырғыздардың жеріне жақындады. Хан солтүстік-қырғыз рубасыларының – манаптарының өзіне бағынуын талап етті, бұл шаралар патшалықпен және Қоқанмен күресу үшін күштерді біріктіру қажеттілігінен туындады. Ол өзінің қырғыздарға деген үндеуінде былай деп жазған: «Менің осында келуімнің мақсаты қан төгіп, дұшпандық жасау емес, қазақ пен қырғыздың күшін бір-біріне қосып, оларды Қоқаннан азат ету және жалпы алғанда қоқандықтардың езгісінен босату» [20].
Тәуке хан дәуіріне дейін қырғыздар қазақ хандарының ықпалында және ұзақ қантөгісті қазақ-жоңғар және қазақ-қалмақ соғыстары кезінде қазақтардың жағында болған. Бірақ қырғыздарда Шыңғысханның ұрпақтарына бағынудың қалыптасқан дәстүрі болған жоқ. Әрине, ханға бағыну және тәуелсіздікті жоғалту қырғыз ақсүйектерінің жоспарында болған жоқ, сонымен қатар олар Абылай ханның олардың аумағына жасаған бірқатар әскери жорықтарын ұмыта алмады. Қырғыздар Сібір әкімшілігі тарапынан айтарлықтай қолдауды сезінді. Мәселен, Вишневский оларды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауына ашық түрде шақырып отырды. Алатау қырғыздары Қоқан тарапының қолдауын пайдаланды. Ормон, Жантай және Жаңғараш манаптары Сарыбағыш, Бұғы, Саяқ, Солто, Черик сияқты ірі тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Ықпалды Ормон манапты барлық қырғыздар билеушісі етіп сайлап, осы құрылтайда халықтың ақсүйектері жалпы қазақ ханының талаптарын орындаудан ашық түрде бас тартты.
Қырғыздарға жіберілген Кенесары ханның екі мыңдық жасағы толықтай талқандалып, бір мыңы жойылған болса, екінші жартысы жалаңаш, атсыз және қару-жарақсыз оралды, жауынгерлердің енді бір бөлігі тұтқынға алынды. Бұл қырғыздар тарапынан бұрын соңды болмаған бас көтеруі және ханды ашық қорлаудың көрінісі еді. Есесіне қырғыздар тарабы тұтқындар үшін үлкен көлемде төлем талап етті. Кенесары қырғыздар тарабының талаптарын қанағаттандыра алмады. Олардың тарабынан Калигулов манап бастаған бітімшілер келді. Қарсыласушылар арасында бейбітшілік бітім жасалып, тұтқындарын бір-біріне қайтарып, екі тарап та бір-бірімен бейбітшілік пен достықта өмір сүруге міндеттелді. Бірақ, көп ұзамай, қырғыздар ханның қолдаушысы – қазақ батыры Сауырыққа қырғыз батыры Жаманқараның өлімі үшін кек алу ниетімен ұйымдастырылған шабуыл жасап, бейбітшілік бітімін бұзды. Қазақтардан 700-ге жуық жылқы айдап әкетіп, Саурық батырды тұтқынға алып, оны опасыздықпен өлтірді. Сондықтан, 1847 жылдың көктемінде Кенесары 10 000 әскерімен Қырғыз жеріне басып кірді [19, 113-п және113 а.б.].
Қырғыздармен қақтығыстар Ыстықкөл көлінің таулы аңғарларында және Шу өзенінің жоғары сағасында болды. Қырғыз манабы, сол кез үшін қалың қол, саны 100 мың адамнан тұратын үлкен әскер жинай алды [21].
Қазақтар бейтаныс таулы аймақ шатқалдарында, тұйықталған шеңбер тұзағында қалып қойды. Соңғы шайқастың қарсаңында шақырылған әскери кеңесте Кенесары ханның серіктестері бір жерде ханға қоршауды бұзып оған тұзақтан шығуға мүмкіндік берді, бірақ хан батырларын қалдырып, қашып құтылуды қорқақтық санап, батыл түрде бас тартты.
Көтерілісшілердің ордасынан Рүстем сұлтанның жасақтарының және Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай кетіп қалғанынан кейін жағдай айтарлықтай нашарлады. Тоқмақ маңында Кенесарының соңғы теңсіз шайқасында 30 қазақ сұлтанымен және азғантай жауынгерлерімен бірге тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын бөлігі ғана тұзақты бұзып, қашып құтыла алды.
1847 жылы 13 сәуірде Таминск болысының басқарушысы Ақмола округы бұйрығына жолдаған өзінің баянхатында қырғыздардың Кенесары Қасымовтың және оның ізбасарларын тұтқынға алуы туралы былай деп жазған: «Менің жіберген адамдарым, Кенесары туралы, қырғыздар арасынан Кенесары ақпан айында немесе наурыз айының басында жиырма мыңдық жасағымен қырғыздарға басып кіргенін, олардың болысын шапқандығын, бірақ шайқас барысында оның, бауыры Наурызбайдың, жиендері Құдайменде мен Ержанның тұтқынға түсіп, оның жасағын күйретіп тастағандығы туралы естіген. Оның жанында көшіп жүрген төлеңгіттері бұны естігін соң, барлықтары жан-жаққа кашқан-мыс» [22].
Өз құрылтайында манаптар ханды, сұлтандар мен қазақ жауынгерлерін өлтіруге шешім қабылдады. Кенесары қайтыс болар алдында оларға Қоқан мен Ресеймен соғысқа қарсы ортақ күш біріктіруге тағы да өтініш білдірді, бірақ қырғыздар өзінің мәртебелі тұтқынына құлақ аспай, оны қатал жазалады. Кенесарымен бірге оның ағасы Наурызбай Қасымұлы да қаза тапты. Осыған байланысты 1847 жылдың 27 сәуірінде өзінің құпия баянхатында генерал-майор Вишневский жеке Сібір корпусының командирі инфантерия генералы князь Горчаковқа ханның айналасынан шығуға және одан кейін оның қаза табуы туралы мәлімдеген: «Кенесары күштердің айтарлықтай басым түсуін көре тұра, екі қаруға ие болған өзінің барлық «шайка» (қылмысты тобын) біріктіріп, бір орында тоқтап тұрды. Жүзбасы Абакумов отрядының бақылауында болған, өзінің сарбаздарын жіберуге мүмкіндігіне ие болмаған үйсіндерден Кенесары көмек күтіп ұзақ уақыт бойы шайқасын жалғастырды. Ақыр соңында, Арман би түн ортасында өзінің барлық күштерімен Кенесарыға шабуыл жасап, оны толықтай талқандады. Есесіне, оның өзі, бауыры, екі ұлы және 15-тей сұлтаны тұтқынға алынып, ауыр азап өлімімен жазаланды. Чижи биі Кенесарының басын шауып, оның ауылдарын тонап, халқын жан-жаққа тарқатып жіберді» [23].
Сұлтанның басы Омбыға Батыс Сібірдің генерал-губернаторы П.Д. Горчаковқа жіберілді. Кенесары мен оның ізбасарларын талқандауға қатысқан барлық қырғыз манаптарын, қазақ сұлтандары мен старшиналарын патша үкіметі жомарттықпен марапаттады [24].
1-қосымша. Көтеріліс басшысы Кенесарыға қарсы істе ерекше еңбегі үшін марапатқа ие болған билер мен қырғыздардың тізімі [24, 253-б.және а.б.]:
№ | Марапат нақты кімге берілді | Алтын және күміс медальдері | Ескертулер |
Жабайытас рулары: | |||
Билерге: | |||
1 | Арман Нияз-Беков манапқа | Георгиевский лентасындағы алтын медаль | |
2 | Оның ұлы Үмбет Әліге | Георгиевский лентасындағы алтын медаль | |
3 | Джанкарче Истходжин манапқа | Маған шет елдер істері канцлерімен жөнелтілңп, менің жоғары өкімдігіме берілгін үш медальдің санынан Анненский лентасындағы алтын медаль | Ұлы жүздің сұлтаны Рүстем Әбілпейізовке адалдығы мен ынтасы үшін берілген Александровский лентасындағы алтын медальдің орнына |
4 | Колчи Ишембековқа | Анненский лентасындағы алтын медаль | |
5 | Манап Жантай Атакинге | Георгиевский лентасындағы алтын медаль | |
6 | Кожубекке | Анненский лентасындағы алтын медаль | |
Қырғыздарға | |||
7 | Джалантум Истехожинге | Георгиевский лентасындағы күміс медаль | |
8 | Калакул Алибековке | Георгиевский лентасындағы күміс медаль | |
9 | Чале Тогульбаевқа | Георгиевский лентасындағы күміс медаль | |
10 | Байбат Болысовқа | Александровский лентасындағы күміс медаль | |
11 | Токтар Конуровқа | Анненский лентасындағы күміс медаль | |
12 | Алике Салибековқа | Анненский лентасындағы күміс медаль |
Инфантерия генералы Горчаков
Дұрыс: штаб бастығы, генерал-майор Жемчужников»
Жазаланған қазақ жауынгерлерінің бас сүйектері бірнеше арбамен Қоқан билеушісіне жіберілді, олар бірнеше күнге Ташкент базарында биік бағандарға ілініп қойылды. Ханды қолдаушылардың бірі, ақын Нысанбай сүйікті ханының өлімін осылайша сипаттаған:
Рухните гордые скалы отвесные!
Нет Кенесары, посланника неба-
Слышиться плачь и тишь надгробный,
Степь потеряла лучшего сына [25].
Қаншама уақыт өтті, ұмытпаймыз батырды,
Кенесары азат еді, бірақ дарға асылды.
Оның рухы, азаттық үшін күресі мен жолы,
Еркіндіктің негізі, тәуелсіздігі мен жеңісі болды [27].
За годом год хромали годы, прошло их много с той поры,
Как вольный сын степной свободы, казнен Батыр Кенесары.
Но дух его бунтарской воли, его борьбы кровавый след,
Был маяком киргизской воли, до дней свободы, дней побед [27].

Кеңесары ханға орнатылған ескерткіш Нұр-Сұлтан қ.
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы XIX века. – Алма-Ата, 1947. – С. 193-194
2. ҚР ОМА. И-338-қ. 57-іс. 2-3 пп,
3. ҚР ОМА. И-338-қ. 284-іс. 1-4 пп.
5. Коншин Н. Труды по казахской этнографии. – Павлодар, 2005. – т.7. – С.83
6. ҚР ОМА. И-338-қ. 1-т. 66-іс. 178-180 пп.
7. Алпысбаева Г. А. Астана. В новое и новейшее время. – Астана, 2008. – С.69
9. РГВИА. (РМӘТМ) Қ. 846. Т. 16. І. 1161. П. 7-8.
10. ҚР ОМА. И–4-қ. 1-т. 1993-іс. 1-п.
11. ГАОрО.(ООМА) Қ. 6. Т. 10. Т. 4976. П. 71-72.
12. РГВИА. (РМӘТМ) Қ. 483. Т. 1. І. 19. П. 101.
13. Кан Г.В. История Казахстана. Пособие для студентов. – Алматы, 2004. – С. 34
16. ҚР ОМА. Қ. И–4. Тіз. 1. Іс. 4381. П. 66-71а.б.
19. ҚР ОМА. Қ. И-347. Тіз. 1. Іс. 2902. П. 206 және арғы б.
21. Омбы облысының тарихи архивы, қ.2., тіз.1, іс.224, п.24
22. ҚР ОМА. Қ. И-374. Тіз. 1. Іс. 1770. П. 5 және арғы б.
23. РМӘТА (РГВИА). Қ. 483. Тіз. 1. Іс. 20. П. 219-220а.б.
24. РМӘТА (РГВИА). Қ. 483. Іс 21. П. 253 және арғы б.
25. Из книги Касымбаева Ж.К. Последний поход хана Кенесары и его гибель. – Алматы, 2002. – с. 142
28. ҚР ОМА. Қ. И-374. Тіз. 1. Іс. 2920. П. 43-44.
32. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата, 1985. – Т.5. – С.151-152.