Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АБАЙ (ИБРАГИМ) ҚҰНАНБАЕВ


Абай (Ибрагим) Құнанбаев(29 шілде (10 тамыз) 1845 – 23 маусым (6 шілде) 1904)– қазақтың ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, әлем әдебиетінің классигі, аудармашы, сазгер, ойшыл, қоғам қайраткері, ағартушы.

Өмірбаяны

Ру билеушісі, Қарқаралы округінің аға сұлтаны және ірі байы Құнанбай Өскембаевтың ұлы Ибрагим (Ибраһим – шығу тегі араб сөзі, библиядағы Авраам пайғамбардың атынан туындаған) 29 шілде (ескі санау стилі бойынша 10 тамыз) 1845 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының Семей маңына жақын Шыңғыс тауының арасында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы) дүниеге келген. Абай есімі (қазақша «байқау»,» абайлау» деген мағынада) кейіннен әжесі Зере атап кеткеннен кейін қалыптасты. Атасы – Өскембай, арғы атасы – Ырғызбай – өз руы ішінде үстемдік жүргізген адамдар және Орта Жүздің Арғын тайпасы, Тобықты руының ішінде  Олжайдан шыққан ру басылары мен билері. Болашақ ақынның анасы Ұлжан да сол Арғын тайпасының қаракесек руынан шыққан.

Ерте балалық шағында Абай ауыл молдасы Ғабитханнан үйде дәріс алды. Он жасқа келгенде Семей қаласындағы Ахмет-Риза молда медресесінде оқуын жалғастырды, бұл жерде 1855–1859 жылдары шығыс тілдері (араб, парсы, түрік) мен әдебиеттен терең білім алды. Медресенің үшінші жылында Абай бір мезетте орысша «приходская школға» түсіп, оқи бастайды, алайда ол оқуы бар-жоғы үш айға созылады. Дәл осы Семейде Абай ең алғаш өлеңдер жазып көрді. Ұлы 13 жасқа толған кезде, әкесі Құнанбай Абайды туған ауылына шақырып алып, би ретінде сот істері шешімдеріне араластырған. Абай 20 жыл бойы өз білімділігі мен туыстар арасында және жылдар бойғы дана шешімдерімен рулар арасындағы дау-жанжалдарды шешуде құрметке ие болды. Қоңыр-Көкше болысына 1875 жылы болыс болып сайланады және бұл қызметті 1878 жылға дейін атқарады. 

Ұзақ жылдар бойы өз білімін жетілдіргеннен кейін, өмірлік тәжірибе мен өмірлік күш-қуаты кемеліне келген кезде, қырық жасқа қарай ақын ретінде әдеби шығармашылыққа қайта кірісіп кетті. Қазақ ақыны және ойшылының дүниетанымына, бірінші кезекте, гуманистік философия мен шығыс поэзиясы (Ибн Сина, Әлішер Навои, Низами және т. б.), еуропалық әдебиет, әсіресе, орыс классикасы, сондай-ақ Семей қаласында саяси жер аударылғандар – Н. Долгополов, Е. Михаэлис, С. Гросс, А.Леонтьевпен қарым-қатынас арқылы Ресей империясының революциялық-демократиялық ойы әсер етті.

Алайда Абай би ретіндегі өз қызметін жалғастыра берді. Абай 1885 жылы мамыр айында Семей облысы Шар өзенінің Қарамола деген жерінде өткен билердің төтенше съезіне қатысады, осы съезде Ресей империясы жағдайында қазақтардың әдеттегі құқықтары бойынша 93 бапты қамтитын «Қарамола Ережесі» («Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін») қабылданады.

Абайдың үш әйелі болған – Ділдә, Әйгерим және Еркежан; 10 баласы: 7 ұлы мен 3 қызы болған. Ділдәдан –Ақылбай, Әкімбай, Әбідрахман, Мағауия, Гүлбадан және Райхан; Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекаил, Изкаил, Кенже деген балалар сүйеді. Сүйікті ұлы Мағауияның ұзақ аурудан мерзімінен бұрын қайтыс болғаны Абайдың денсаулығына зор нұқсан келтірді, өйткені талантты ақын оған үлкен үміт артқан еді. Сүйікті ұлының 1904 жылы 6 шілдедегі (ескі стиль бойынша 23 маусымда) өлімінен кейін, тура 40 күн өткен соң, ұлы ақын өмірден өтті. Ол Шыңғыс тауларының етегіндегі туған алқабы Жидебайда жерленді. 

Еңбегі

Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және алғашқы классигі, өлеңге жаңа өлшемдер мен рифмалар, яғни алты жолды ұйқас, сегіз жолды ұйқас және т.б. енгізген ірі ақын болып табылады. Абайдың әдеби мұрасына 170-ке жуық өлең, классикалық шығыс әдебиетінің сюжеттік негізінде және дәстүрінде жазылған»Ескендір», «Әзім туралы ертегі», «Масғұт» (1887) поэмалары, «Қара сөздері», еуропалық және орыс классиктерінің 56 аударма өлеңдері (Гете, Байрон, Крылов, Пушкин, Лермонтов және т.б.) кіреді.

Абай поэзиясы лирикалық әрі әлеуметтік ақиқатты, ХІХ ғ. қазақ қоғамының өзекті мәселелерін шынайы түрде көрсете отырып, – әйелдердің құқықсыз жағдайы, шенге бас ұрушылық пен парақорлық, туыс-тайпа арасындағы алауыздық, діни ишандардың зұлымдығы, надандық және т.б. жырлады. Әлеуметтік циклге мына өлеңдерін жатқызуға болады: «Күлембайға» (1888), «Болысболдым, мінекей», (1889), «Мәз болады болысың» (1889) және т. б.

А. Құнанбаевтың лирикалық шығармалары өзінің нәзіктігімен, рухани ұмтылысымен, ақындық шеберлігімен ерекше құнды. Оның жыл мерзімдері туралы жазылған «Жазғытұры» (1890), «Жаз» (1886), «Күз» (1889), «Қыс» (1888) өлеңдері қазақ поэзиясы үшін жаңа жанр лебі – пейзаждық лириканы енгізіп, елге өте танымал болды. Абай сонымен қоса, қазақ поэзиясына сатиралық, философиялық эссе оралымдарын енгізе отырып, поэзия, ғылым, халыққа білім беру, махаббат, достық және т. б. туралы өлеңдеріндегі жаңа бейнелерді сомдаған жаңашыл ақын болды.

Абай Құнанбаевтың ұрпақтары оның көлемді прозалық шығармасын – «Қара сөздерін», яғни адамгершілік-этикалық тақырыптарға жазылған және оның өмірлік тәжірибесін бейнелейтін 45 айқын және философиялық ой-пікірлерін лайықты бағалады. Ол әлемнің неміс, француз, қытай, моңғол, тәжік, татар және т.б. көптеген тілдеріне аударылған.

Абай мұралары 20 музыкалық шығармаларды қамтиды, оның ішінде «Ceriз aяқ», «Ceн мeнi нeтeсің», «Қop болды жаным» әндері бар. Әсіресе, оның сөзіне жазылған «Көзімнің қарасы» әні бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне ие болды.

Қазақ халқының рухани жаңғыруын, оның өркендеуі мен дамуын еуропалық және орыс мәдениетіне тартуды армандаған Абай Құнанбаев шығармаларының философиясы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өкілдері − Ә. Бөкейхановта,                      А. Байтұрсыновта және т.б. қазақ ұлттық идеологиясының қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Ұлықталуы 

Абай туралы ең көрнекті шығарма – «Абай» және «Абай жолы» («Путь Абая») атты             М. Әуезовтің 1940 жылдардың екінші жартысында жазған (Ленин сыйлығын алды, 1959 ж.) екі томдық роман-эпопеясы.

Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы 1940 жылы Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай Семей қаласында ашылды. Жидебай ауылында 1945 жылы Ұлы Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Мұражай-үйі ашылды (Семей қаласынан 180 шақырым жерде, Абай ауданында орналасқан).

Ақынға ескерткіш алғаш рет 1960 жылы Қазақ ССР-нің бұрынғы астанасы Алматыда орнатылған (мүсінші Х.И. Наурызбаев, сәулетші И.И. Белоцерковский). Қазіргі таңда тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Қытайда, Иранда, Мысырда Абайдың құрметіне 20 ескерткіш қойылған.

Абай туралы естелік ретінде Қазақстанның әдебиет саласында Мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Абайдың құрметіне республика аумағындағы қала, әкімшілік орталықтар, көшелер, театрлар, кітапханалар және басқа да нысандар аталған – Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Абайдың 150 жылдығы 1995 жылы ЮНЕСКО қамқорлығымен өтті. Әлемдік қоғамдастық ақын және ұлы ойшылдың 175 жылдығын 2020 жылы атап өтеді. 

Құрастырушы: Абдулина А.Т.

Абай Құнанбаевтың өмір жолынанфотогалерея

Абайдың генеологиялық түп-тамыры. Автор: Aktasalga. Сайт материалы: http://aktasalga.blogspot.com/.

Абайдың білімі және рухани көздері. Автор: Aktasalga. Сайт материалы: http://aktasalga.blogspot.com/.

Абайдың тірі кезіндегі жалғыз суреті. Суретші Лобановский П.Д. 1887 ж. Карандаш (Суреттің астында мынандай сөз жазылған: «Семей уезі Шыңғыс болысының құрметті киргизі Ибрагим Құнанбаев. Жасы 45-те. Облыстық статистикалық комитеттің мүшелігінде тұрған»). Қол жетімді режим: https://alashainasy.kz/userdata/editions/pdf/357aaea02e5fd7568fd718511f65092f.pdf.

Абай отбасы мүшелерімен – зайыбы Еркежан, ұлдары Тұрағұл мен Мағауия, немерелері – Пәкизат, Әбубәкір және оның әйелі  Камалия. Семей қ-сы. 1903 ж. Қолжетімді режим: https://lenta.inform.kz/kz/abaydyn-oz-kolymen-semeydegi-muzeyge-tapsyrgan-zhadigerleri-zhayly-ne-bilemiz_a3555074.

Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатының түпнұсқасы. Араб графикасы. 1896 ж. Мұсақан Балтакайұлының жеке қорынан. Семей қаласындағы Абай музейі. Қол жеткізу тәртібі: https://lenta.inform.kz/kz/abaydyn-oz-kolymen-semeydegi-muzeyge-tapsyrgan-zhadigerleri-zhayly-ne-bilemiz_a3555074.

Н.Анастасьевтың «Абай. Самғаудың қиындығы » кітабы, «Тамаша адамдар өмірі» сериясынан Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – саясаткерге, философ-гуманистке, үкіметтің ауыр кезеңдерін абыроймен өткізген адамға» деген сыйлы жазуымен. Қол жеткізу тәртібі: http://presidentlibrary.kz/ru/news/literaturnoe-nasledie-abaya-gordost-kazahskogo-naroda

Абайдың әжесі Зереге ескерткіш. Калбатау ауылы, Жарма ауданы, Шығыс Қазақстан обл. Мүсінші Татаев Е.  Л.Поломошнованың фотосы. 2016. Қол жеткізу тәртібі: https://rudnyi-altai.kz/pamyatnik-babushke-zere/.

1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Толық шығармалар жинағы» бірінші басылымының көшірмесі. Авторы: Сүлейменов. Қайнаркөзі: А.Сүлейменов Абайдың бірінші кітабы. 17.08.2018. – Қол жеткізу тәртібі: https://e-history.kz/ru/publications/view/4378.