Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ


Жамбыл Жабаев (28 ақпан 1846 – 22 маусым 195.) –  КСРО және қазақ халық ақыны, жырау, жыршы.

Өмірбаяны

Жамбылдың туған топырағы Жамбыл тауының етегі. Ел аузындағы естеліктерде Қоқан хандығының (1845–1858) Жетісу еліне көрсеткен қыспағынан көшіп келе жатқан көшпенді-қазақ көшінде дүниеге келген нәрестеге таудың атымен Жамбыл деп ат қойыпты. Жамбыл ата-анасымен Жетісу өңірінде (қазіргі Алматы облысы) тұрды. Жамбылды әкесі сауатын ашу үшін ауыл молдасына береді. Анасы Ұлдан мен ағасы Қанадиннің әсем дауысты әншілігіне, ақындығына тартып Жамбыл да 12 жасында ел арасындағы аңыздарға, мақал-мәтелдерге, есті әңгімелерге қанығып, домбыраны шебер шертіп, жыр-дастандандар айта бастайды.

 Он бес жасар Жамбыл атақты қазақ ақыны Сүйінбайдың (1815–1898) ауылына арнайы барып кездеседі. Ақындық, жыршылық қабілетін таныған Сүйінбай Жамбылға батасын беріп, өзіне шәкірт тұтады. Жас ақын ұстазының тәлімімен жырларын жаттап, жыршылық, ақындық өнерге біржола ден қояды.  Жамбыл қырғыз ақындарымен де жақын болады. Атақты қырғыз ақыны Тоқтағұл Сібірге айдаудан қашып жүрген жылдары Жамбылға амандаса келгенде, өнерін қадір тұтатын ақын Тоқтағұлға жыр арнайды. Жадысы ерекше ақын «Манас» жырының мыңдағани жолын, әзербайжан эпосы «Көроғлыны» жатқа айтатын.

Романовтар әулетінің 300-жылдығына орай  1913 жылы өткен ақындар айтысына қатысқан Жамбыл мақтаулы патша әулеті мен жергілікті шенеуліктерді қатты сынға алғаны, ал 1916 жылы өзінің жырларымен көтерілісшілерді жігерліндіргені үшін түрмеге қамалды. 

   Жамбылдың өлеңдері халық арасында кеңес заманы кезінде кеңінен тарады. Жамбыл Кеңестік Қазақстанның дүниеге келуіне арнап «Қазақстан тойына» атты өлең шығарады (1924 ж.).1936 ж. 17-23 мамырда  Мәскеуде өткен қазақ өнерінің алғашқы он күндігінде өнер көрсетеді. Ақын «Октябрь ән-ұраны» (1936 ж.), «Ленин мен Сталин» (1936 ж.) сияқты советтік патриотизмге толы шығармалар жазады. Мәскеуге кетер алдында Жамбыл «Правда» газетінде «Менің Отаным» («Моя Родина») өлеңін жариялайды. Сол кезден бастап Қазақстан халық ақыны бүкілодақтық, артынша әлемдік деңгейде даңққа бөленеді. ҰОС жылдары ақын өзінің жалынды патриоттық жырларымен халықты отан қорғауға шақырып, жігерлендіріп отырады. Жамбыл 1945 ж. жазда 100-ге қараған шағында дүние салды. Өзінің тұрған үйінің қасындағы баққа жерленеді. 1946 ж.  бұл жерде Жамбыл кесенесі тұрғызылды  (сәулетшісі И.И. Белоцерковский, эскизі Қазақстан халық суретшісі Ә.Қастеевтікі).

Еңбегі

          Артында мол шығармашылық мұра қалдырған Ж. Жабаевтың Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Патшалық және кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының куәгері ретінде ақын өз заманын шынайы жырлады. Жамбыл әндері қазақ ауылдарының жаңа өмірін сипаттады. Жамбылдың шығармашылық қызметінің жетпіс бес жылдығын атап жатқан күндері қазақ халық ақыны дүние жүзінің көптеген озат қайраткерлерінен құттықтау телеграммалар алып жатты: Көрнекті француз жазушысы, Нобел сыйлығының лауреаты Р. Роллан «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адамзаттың жаршысы Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын» деп телеграмма жолдады. Дат жазушысы М.А. Нексе де қазақ жыршысына деген ыстық ықыласын білдірді. Ол: «Сіз ең бақытты адамсыз. Сіздің қызғылықты әрі бай көшпелі өмір салтынан бастап жоғары деңгейдегі кеңестік мәдениетке дейінгі өмірді өткерген жүрегіңіз осы бір мәңгі жас, азат және бақытты елде мәңгі жасай берсін».

Ақынның шығармашылығы поэтикалық және әлеуметтік тақырып жағынан сан алуандығымен отандастарына ғана емес, одан тыс жерлердегі оқырмандарды да тәнті етті. 1938 ж. ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.  Сол жылы 19 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен ақын «Ленин» орденімен, келесі жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Замандастары ұлы ақынға адамзат баласының бауырластығы мен достығының өзгеге ұқсамайтын жаршысы болғандығы үшін құрмет көрсетті.

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында қарт ақын қайта қалам алып, соғыс шебіндегі Отан қорғаушыларға бірқатар уытты өлеңдерін арнайды. Ақынның «Ленинградтық  өренім!» арнауы – соғыс жылдарындағы советтік поэзиясындағы үздік жырлардың бірі болды. 1941 ж. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі ақын шығармашылығын жоғары бағалап, екінші дәрежелі Сталиндік сыйлықпен марапаттайды. Жамбылдың жырлары халықтың патриоттық сезімін оятып, жігерлендіріп отырды. Оның бірқатары орыс және басқа да тілдерге аударылып жатты. «Қазақстанның ұлы ақыны Жамбыл өлеңдері –  совет поэзиясындағы керемет құбылыс, Совет елінің мызғымас халықтар достығының, ұлттық саясатының жарқын дәлелі» -деп жазылды ақынның  100-жылдық мерейтойына байланысты.

Ұлықталуы

Жамбыл шығармаларыі КСРО халықтарының тілдеріне аударылған, ал оның есімі әлемге белгілі болды. 1946 ж. ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның 100 жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Ақынның соңғы жылдары тұрған үйінде 1947 ж әдеби-мемориалдық музей ашылған.

Жамбыл туралы 1952 ж. көркем фильм, 1996 ж. «Жамбылдың жастық шағы»  фильмі түсірілді. 2016 ж. ақпанда «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Жамбыл» атты 4 сериялы тарихи драманы көрермендер назарына ұсынды.

Бүгінде елімізде Жамбыл атында мекептер, колледждер, кітапханалар мен мәдениет үйлері жұмыс істеп тұр. Жамбылдың есімі бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік филармониясына, Өскемендегі драма театрына берілген. Жас қаламгерлерге, ақындарға арналған Халықаралық Жамбыл сыйлығы тағайындалған. Жамбыл атымен Ижевск, Нижний Новгород, Новосибирск, Иркутск, Хабаровск, Киеве, Ужгород және т.б. қалаларда көше атауы берілген.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Белград, Санкт-Петербург қалаларында Жамбылдың мүсіндік ескерткіштері қойылған.