Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХАЙРЕТДИН БОЛҒАНБАЙ


Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай (18941937) – көрнекті публицист, қоғам қайраткері, жазушы, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі.

Өмірбаяны 

Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай 1894 жылы Ақмола облысы, Ақмола уезінде (кейін – Нұра, одан соң – Қорғалжын ауданы) туып, 1937 жылы 21 қарашада Ташкентте жазықсыз атылған тұлға. Ол – журналист, қоғам қайраткері, әдебиетші, даңқты Алаш қайраткері /1/. Хайретдиннің әкесі Әбіш (Әбдірахман) көзі ашық діндар, қажы болған. Сондықтан баласын ауыл мектебінен кейін Орынбордағы Хусаиния  медресесіне оқуға берген. Х.Болғанбай осында оқып жүріп, «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған. Жас шәкіртті ұлт, білім, елді ағарту тақырыбы толғандырған.

Хайретдин Орынборда «Хусаиния» медресесінің шәкірт болып жүріп (6 сыныбын бітірген) Сыр өңірінің (бұрынғы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Шиелі болысы, 7-ауыл) танымал зиялысы Қалжан Қоңыратбайұлының шақыртумен келіп, оның кіші бауырлары, кейінгі танымал әдебиетші-ғалымдар 1905 жылғы Әуелбек пен 1907 жылғы Әлібек Қоңыратбаевтарды оқытады (соңғысы 1937 жылы атылған). Х.Болғанбай өз мамандығын әр кезде «мұғалім және газет қызметкері» деп көрсеткен. Әлбетте, осы тұста біз мынаны ескеруіміз керек: ХХ ғасыр басында көп зиялы өз бетінше маманданған. Осы жағдайды Ахмет, Міржақып ғұмырбаянынан көреміз.

Ресей империясы Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласқанда, 1916 жылы Х.Болғанбай қазақ солдаттарына қамқор топтың ортасында Минскіде болған. 1917 жылғы төңкерістер кезеңінде  Хайретдин Ташкентте (Түркістан) М.Шоқай, С.Қожановтармен бірлесіп «Бірлік туы» газетін шығарысқан. Ол аталған басылымның 7-14-нөмірлеріне редакторлық еткен. Х.Болғанбай Екінші жалпы қазақ съезіне (Орынбор, 1917) Түркістан мен Сырдария уездері атынан делегат болып қатынасқан.

Хайретдин 1917 жылы 27 қарашадан 1918 жылы 11 ақпанға дейін өмір сүрген Түркістан автономиясын (Қоқанда жарияланған) құрысуға атсалысты. Бұл автономия большевиктер тарапынан күшпен талқандалғанын ол ашық һәм ашына жазды. Х.Болғанбай 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш комитетін құруға да көмек көрсетті. 1920 жылы ол басында «Ұшқын» газетінің, кейіннен аты «Еңбек туы» боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды  (А.Байтұрсынұлымен бірге).

1919 жылы Түркістанда (Ташкент) жұмысшылардың ағарту одағының мүшесі, 1918-1920 жылдары (әр мезгілде) Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, 1921-1922 жылдары ТүрОАҚ (ТурЦИК)-тің сайлау ісі жөніндегі мүшесі болған.

Х.Болғанбай 1920 жылы  желтоқсанда  А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, С.Садуақасұлы, Ж.Аймауытұлы секілді қайраткерлермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. 1921 жылы Х.Болғанбай бірнеше серігімен Алаш Орда атынан Бұқарада большевизмге қарсы қозғалыспен келіссөздер жүргізген. Ресми мәліметтерде 1924 жылға дейін қайраткердің немен айналысқаны көрсетілмеген. Х.Болғанбай 1924-1928 жылы Петропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мектебінің мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімі меңгерушісі қызметін атқарды. Хайретдин ресми құжаттарында «1922-1924 жылдары отбасы жағдайына байланысты жұмыс істей алмадым» деп жазыпты.

ҰҚК (КГБ) мәліметіне қарағанда, ол бұл жылдары Ақмола халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. Сонда бұл екі түрлі мәліметті қалай түсінеміз? Әдетте Алаш зиялылары ұлттық істерге қатысты ғұмырбаян беттерін ресми биліктен жасырған. Біздің білетініміз: 1922-1924 жылдары ашаршылықтан халықты құтқарамыз деп түрлі шара ұйымдастыған Ж.Аймауытұлының, М.Дулатұлының әрекетін әсіре большевиктер бұрмалап көрсетіп, «қылмыстық іске» бұйдаламақ болған. Хайретдин «жасыруында» осындай сыр бар сияқты…

Х.Болғанбай 1924-1928 жылдары Петропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мектебінің (совпартшкола) мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады. Сол Қызылжарда жүргенде 1928 жылы «контрреволюциялық ұйымға кірді» деген жалған айыппен ұсталып, тергеу үшін Алматы абақтысына айдалады. Бұл кезде Алматы түрмесінде «кеңес өкіметіне қарсы топ» деген саяси айыппен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, тағы басқа ірі тұлғалар отырған еді. Біз Х.Болғанбайдың тарихи қызметі дегенде, оның бірінші және екінші жалпықазақ съезіне Түркістан мен Сырдария уездерінен делегат болып қатысқанын, кеңес тұсында Ақтөбеде өткен өлкелік конференцияға Сырдария уезінен арнайы жіберілгенін, Өлкелік кеңестер съезі жұмысына өкіл ретінде белсене араласқанын айтпай өте алмаймыз. Сол кездің өзінде жаңа қоныстанған жерінен үлкен сенімге ие болуы, халық қалаулысына айналуы – қайраткердің ерекше қасиеті дер едік.

Хайретдиннің халықаралық дәрежедегі және бір саяси қайраткерлігін ұмытпағанымыз жөн. Ізденіс кезеңінде Х.Болғанбай Д.Әділұлы, М.Әуезов, тағы басқа азаматтармен бірге Бұхара-Самарқанттағы басмашылармен қазақтың болашағына қатысты келіссөздер де жүргізген. Қазір біз басмашылардың баскесер емес, өз өлкесінің азаттығы үшін күрескерлер болғанын айтып, жаза бастадық. Х.Болғанбайдың осы бағыттағы саяси сауаттылығын, табандылығын З.У.Тоған «Естеліктерінде» /6/ ерекше жазыпты. Біз бір нәрсені ұмытпауымыз керек: ХХ ғасырдың бас ширегінде елдікті сақтау жолындағы барлық күрес, жөн-жоба, бағыт – өз тарихымыз әрі ізденісіміз. 1930 жылы 4 көкекте ОГПУ коллегиясы қайраткерді бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Ол Архангельск пен Сыктывкарда айдауда болып, 1934 жылы Алматыға оралды. ОГПУ оған бас қалада тұруға рұқсат бермей, сол кезде Келес ауданына қарайтын Қапланбек зооветтехникумында ұстаздық қызмет етуге – Сарыағашқа жіберді. Осында 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, 21 қарашада Ташкентте атылды. Кеңес өкіметі Х.Болғанбайды 1958 жылы 27 ақпанда ақтады.

Хайретдиннің жұбайы – Рахима Әкбарқызы Болғанбаева (1903-1986). Ол кісі – Ақмолаға келіп іскерлігімен танылған, қазақ Былқымбайдың Тәуірбала есімді қызын алған Халфин Уәли атты татар көпесінің немересі. Бір қызығы, қазаққа жиен Рахиманың әкесі Әкбар да Алаш жұртынан қыз алған. Енді мынаны байыптаңыз: Рахиманың шешесі – Мәзтура. Мәзтура атақты Шоқан Уәлихановтың тете қарындасы Бәдіғұл Шыңғысқызынан туған. Рахима Әкбарқызы ұзақ жасаса да, Хайретдиннің халықпен рухани қауышқанын көре алмады. Естелік айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл иманды, таза кейуана пәни дүниедегі соңғы күніне дейін намаз оқып, ораза ұстап, мешітке барып тұрған.  Хайретдин бірінші айдаудан келгенде, қамығыңқырап: «Бекер отбасын құрдым. Сендердің обалдарыңа қалдым-ау!»- депті. Сонда көпті көрген, текті басымен қиын жылдары балалары үшін қара жұмыстың бәрін атқарған Рахима ерінің қайғысына түсіністікпен қарап: «Сын шығар. Бәріміз бәріне шыдаймыз!»- деп басу айтқан екен…

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Жаңғырық» («Эхо») атты этнографиялық зерттеу кітабында /7, 175/ бір десте қазақтың ұлттық киіміне қатысты фотосуреттер ұсынылған. Осының ішінде 13-14-тегі ерекше киім киген Рахиманың суреті бар (жанында бір туысымен). Бұл суретті Өзекеңе Рахима берді ме, жоқ әлде қайраткер өзі іздеп тапты ма – ол жағын зерттей түсу қажет. Хайретдиннің жары Алматыда 23 жылдай кенжесі Мұраттың қолында тұрған. Бақилық болғанда, сүйегі Кеңсайға жерленген.

Хайретдин мен Рахима төрт перзент сүйген. Олар: Ерік, Гүлнар, Серік, Мұрат (жастай шетінеген Асхат, Гүлзи атты екі перзенті Астанада Кенесары батырларының қорымы маңына жерленген). Х.Ә.Болғанбай айдауда жүргенде, Рахима орыс декабристерінің әйелдері секілді, бала-шағасымен артынан іздеп барған. Өкініштісі, Серік есімді баласы Сыктывкарда ауырып шетінеген. Сол жерде Мұрат есімді ұлы туған.

Ерік Хайретдинұлы 1925 жылы, Гүлнар Хайретдинқызы 1927 жылы, Мұрат Хайретдинұлы 1932 жылы өмірге келген.

Х.Болғанбай өмірі мен шығармашылығын тану үшін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі оқиғаларды сараптау қажет.

1918-1920 жылдар Ресейдегi түркі халықтарының зиялылары үшiн күреске толы жылдар болды. Ел тағдыры талқыға түскен бұл күрестiң жуан ортасында ақын-жазушылар да жүрдi. Сонымен қабат осы кезде ресейлiк түрiк қайраткерлерiнiң ақылдасқан кезi жиiледi. Осы орайда З.У.Тоған былай дейдi: «1917 жылы қазан айының соңы мен қарашаның басында Торғай комиссары Ә.Бөкейханның үйiне қазақ халқының ұлы өкiлдерi: қаламгер А.Байтұрсын, Бөкей ордасындағы Шыңғыс тұқымының қадiрлi ақсақалы Шахингерей Сұлтан Бөкейханов, Ташкенттен М.Шоқай, Ойылдан Жаһанша Досмұхамедов және мен – жиналдық. Пiкiрлестiк. 1918 жылы 18 қаңтарда Орынборды большевиктер алды. Комиссар Ә.Бөкейхан, басқа да қазақ өкiлдерi амалсыз Шығыс Қазақстанға Семейге қарай кеттi. Бiз 15 мамырда Қостанайда жазушы Ғабдулла Гисметидiң әкесiнiң үйiнде кездесетiн болып келiстiк. …Қазақтар екi күн бұрын келiптi. Былай уағдаластық: қазақтар, яғни Алаш Орда Құлжа мен Шәуешек арқылы шетелмен байланыс орнатады, бiз өкiлiмiздi Жапонияға жiберемiз. Ташкент пен Ферғанадағы қарсы тұру қозғалыстарының негiзiн анықтадық. Сайдгерей Мағаз Алашорда газетiне (сiрә, «Сарыарқа» – Д.Қ.) Башқұрт қозғалысы туралы мақала және өлең жазды. 1918 жылы 18-21 шiлдеде Башқұрт өкiметi мен Алаш Орда 12 бап бойынша келiсiмге  қол қойды. 1918 жылы желтоқсанда Ермоловкадағы (Орынбор маңы) башқұрт қосынына Алаш Орда атынан Ғ.Бiрiмжанов, М.Әуезов және тағы бiрнеше қазақ келдi. Олар «Егер Колчак және одақтастар ұлт үкiметтерi мен әскерлерiне қарсы қатаң шара қолданса, совет үкiметiмен келiсу қажеттiгiн» айтты. 1919 жылы ақпанда, Құлған ауылы маңында соғыс қызған шақта, екi қазақ өкiлi келдi. Аттарын ұмыттым. Бiреуi ақын Мағжан-аудеймiн. 1918 жылы желтоқсанда ол бiзде болған-ды. Башқұрттар күресi туралы «Орал» атты поэма жазған-ды (мұндай поэмасы бiзге белгiсiз, «Орал тауы» атты өлеңiн 1913 жылы, «Орал» атты өлеңiн 1922 жылы жариялаған – Д.Қ.). Қазақтар А.Байтұрсынның хатын әкелiптi. Онда совет жағына тек Батыс Қазақстан үкiметi ғана өте алатыны, ал Шығыс Қазақстан Колчак генералы Беловқа амалсыз бас иетiнi айтылыпты. Бiз 18 ақпанда советке өтемiз дедiк. Алдын-ала қазақтармен ортақ позицияны шешiп алдық. 1919 жылы желтоқсанда Шығыс Қазақстанда Алаш Орда үкiметi құлады. Наурызда (1920) Мiрәзiм Қадiрбаев пен Мұхтар Әуезов Башқұртстанға келдi. Мұхтар 1918 жылғы кездесуiмiздегiден гөрi бұл жолы өзiн уайымшыл етiп көрсеттi. Табиғатынан баяу, беймарал М.Әуезов Түркiстандағы қарсылық қозғалысын шын ниетiмен қолдады» /6; 148, 160, 169, 189, 198, 242/. Әлбетте, бұл деректердi теңiздiң тамшысымен салыстыруға болады. Ауыр жылдардың әрбiр күнi мен жағдайға байланысты туған әрбiр шешiмi зиялылардан iзденiс пен шарқ ұруды талап еттi. Сондықтан ол уақыттың әр сәтi – тарих Һәм тағылым. Ал, бұл тарихтың астарында әдебиет үшiн бағалы көңiл-күй, сезiм бар. Осыған бiр мысал келтiрейiк: 1920 жыл. Большевиктер билiгi орнаған тұс. Зиялылардың көбi амалсыз совет жағына шыққан. Бiр отарбада Ахмет Байтұрсынұлы мен Зәки (Ахметзәки) Уәлиди Тоған кетiп барады. Бiрi – қазақ, екiншiсi – башқұрт. Ахмет әлде де болса совет жағында жүрiп халқына пайда келтiрмек, ал Зәки «советтен башқұрт жағдайында түк шықпайды» деп басмашыларға бармақ. Ендi осы сәттi З.У.Тоған қалай баяндайды, соған назар аударалық: «Бiз – А.Байтұрсын, бiрсыпыра қазақтар, башқұрт зиялылары және менiң қарауыл жiгiттерiм – пойызбен Саратов бағытына шықтық. 30 маусымда Бөкей Ордасының шекарасында бiздi бiр қазақ жiгiтi екi атпен күтiп алуы тиiс болатын. Пойыздағы сарбаздарға мен қайда баратынымды тiс жарып айтпадым. Уақыт таянғанда олармен қоштастым. Пойыз iшiнде былай шыға, А.Байтұрсынұлы бәрiмiз үнсiз жыладық. Отанымызды ендi бәлкiм көрмеймiз бе деп қамықтық. Осы жолы «егер жоспарымыз жүзеге аспаса, шетелге кетемiз» деп уағдаластық» /6, 259/.

Бiзге жетiп отырған Мұстафа Шоқай мұрасынан басмашылар жөнiнде төмендегiдей тұжырымды оқимыз: «Басмашы» аталып жүргендер – көтерiлiсшiлер мен Түркiстанда орыс диктатурасына қарсы күресушiлер, Түркiстанды құтқару жолында қан төгiп, жан пида етушiлер». «Жас Түркiстан» журналында жарияланған ендi бiр материалында осы қайраткер: «Сұлтанбек Қожанұлы, Рақым Анғамұлы, Қадырғалиұлы, Қасымұлы, Мәнен Разым, Бату, Смағұл Садуақасұлы және басқа да ондаған, жүздеген «көне коммунистер» Мәскеу саясатының Түркiстандағы өткiр қарсыласына айналып отыр. Шын мәнiнде бұл да «басмашылықтың» басқа түрдегi бiр көрiнiсi»,- деп жазады /8, 247/. Бұл анықтамалар Түркiстан тағдырына тiкелей қатысы бар қайраткерлердiң қаламынан туғандықтан, «басмашы» проблемасының бiраз шындығын ашады деп ойлаймыз. Сонымен бiрге осы мәселеге байланысты жайлар алаш зиялылары тарихының бiр үзiгiн сипаттайды. Өйткенi Сiбiр, Едiл-Орал һәм шетел келiссөздерiнiң белгiлi жағдайларға сәйкес нәтиже бермеуi, Орынбордағы саясаттың мұзқабақтануы оқығандардың бетiн Түркiстанға (Ташкент) бұрғызды. З.У.Тоған, М.Шоқай естелiктерiнен мәлiм болғандай, зиялылар тiптi 20-жылдары басмашыларға үмiт артқан. Дегенмен негiзгi үмiт – Т.Рысқұлұлы идеясы болатын. Мұстафа былай деп жазады: «1919 жылы Ташкентте шақырылған мұсылман коммунистерi ұйымдарының құрылтайында Тұрар Рысқұл бастаған Түркiстан коммунистерi де Өзбек, Қазақ, Қырғыз, Түркiмен, Татар, Башқұрт деп бөлiнудi доғарып, олардың бәрiн бiр ғана кеңестiк республикасы етiп құру жөнiнде қаулы қабылдағаны да осы бiрлiктiң қадiр-қасиетiн терең сезiнудiң нақты көрiнiсi едi» /6, 279/. Және бiр мақаласында ол осы басқосудағы Т.Рысқұлұлы еңбегiн «мұның өзi Ресей қоластындағы түрiктер арасына түрiк бiрлiгiн батыл көтерiп шыққан тұңғыш ұмтылыс едi» деп /6, 468/ бағалайды. Рас, 20-жылдары «түрiкшiл», «сепаратист» ретiнде қатты соққыға ұрынған Тұрар «кеңесшiл» болуға тырысты: саяси амал қолданып «адастым» дедi, алаш зиялыларын сынады. Шетте жүрген Мұстафа оның бұл «қылығын» сын тезiне салды. Сөйте тұра ол: «Большевиктiк пердесiнiң әр жағынан түркiстандық рухы көрiнiп тұратын Тұрар Рысқұлов», -деп жазды /6, 216/.

З.У.Тоған 1920 жылғы Баку съезiнен соң, түрiк халықтарының ахуалы туралы В.Ленин мен И.Сталинге хат жазыпты /6, 268-269/. Мұнда ол кеңестiк Ресейдiң Шығыс саясаты халықтар арасына iрiткi салады, жасанды таптық жiктелiстi өршiтiп, өте ауыр қиындыққа апарып соғады дейдi. Сөйтiп, башқұрт қайраткерi түрiк зиялылары үшiн террордың басталғаны меңзеп, кеңеске қарсы ашық күреске шығатынын хабарлайды. Бұл арқылы Зәки Ферғана, Бұқарадағы басмашыларға баратынын мәлiмдедi. 20-жылдар оқиғасын баяндайтын естелiгiнде ол: «Басмашыларға ұлттық мiндетердi түсiндiру үшiн дәйектi мәслихат жүргiзу қажет болды»,-деп жазады. Ал осы жұмысқа өзбек, башқұрт,  қазақ, татар зиялылары қатар жұмылыпты. Бұқарада жүрген тұтқын түрiк офицерлерiне (басшысы Әли-Рыза-бей) әскери оқу орнын ашу, жасақ құру тапсырылыпты. «1921 жылы ақпанда бiзге (басмашыларға – Д.Қ.) түркiмен адвокаты Какаджан Бердиев, Алаш Орда өкiлдерi Хайретдин Болғанбаев, Мұхтар Әуезов, Дiнше (Әдiлұлы – Д.Қ. ) және тағы екi азамат келдi», -дейдi З.У.Тоған /6, 288-289/.

Сөйтiп, қиын-қыстау кезеңде кеңеске қарсы көтерiлiс байрағы құламаған жерде 1921 жылы 2 тамызда, Түркiстан Ұлттық Федерациясының  (ТҰФ) бiрiккен комитетi құрылады. Оны құруға Ататүрiктiң сенiмдi өкiлi Түрiктiң Ұлы Ұлттық мәжiлiсiнiң депутаты Исмаил-бей Субхи Сайсаллыоглу, Алаш Орда өкiлi Дiнше Әдiлұлы, Ауған елшiсi Абдрасул-хан және басқа да өзбек, қырғыз, башқұрт зиялылары атсалысады. Бұл – большевизм түрiк халықтары ықпалдастығын ыдыратуға бiрыңғай бет бұрып, Т.Рысқұловтың Түркiстан Кеңестiк Республикасын құру туралы идеясына бұғау салған уақытта туған бiрлiк жолындағы iзденiс едi.

Түрiк халықтарының азаттық жолындағы сансыз күресiнiң бiр айғағы болып табылатын басмашылар қозғалысына (1918-1923 жылдар) қазақ азаматтары да қатысты. Д.Әдiлұлы, т.б. белгiлi қазақ зиялыларының осы қозғалысқа үн қосты. Қазақ тарихының басмашылар көтерiлiсiмен байланысы,  сөз жоқ, осы деректермен ғана шектелмесе керек. Сондай-ақ осы мәселенi зерделеу үстiнде мынаны айтқымыз келедi: жоғарыда көрсеткенiмiздей, қазақтың басмашылар қозғалысына иек артуы – оған құлай сенгенiнiң яки мұны бiрден-бiр жол деп есептегеннiң дәлелi емес, күрестiң бiр жолы деп ойлағанының дәлелi. Сонымен бiрге басмашылар күресi – большевизм тұсындағы түрiк бiрлiгiн дамыту мен түрiк халықтарын сақтауға жұмылудың айғағы.

Большевизмге қарсы тұру һәм басмашылық қозғалысы әдебиетте де көрiнiс тапты. 

Басмашылар қозғалысы басталар жылы Ташкенттегi «Бiрлiк туы» газетiне жарияланған өлеңiнiң атын «Не жаздым, құдай?» деп қойған Бейiмбет Майлыұлы:

Қозғамай жасын,

Қаңғырды басым.

Ендi қайда барамын?

Көбейдi пәле,

Құдай-ау, бүгiн наламын.

Қайткенде жаным қалады,

Тыныштық, рахаттабады?-

деп қайғырады /9/.

20-жылдардағы ел басына түскен тауқыметтi шынайы жазған жазушының бiрi – қазақ әдебетiнiң классигi Жүсiпбек Аймауытұлы. Мысалы ол «Даладағы наурыз» /10/, «Жаңабайдың жанындағы трагедие» /11/ атты әңгiмелерiнде көп нәрсенi айтқысы келедi, бiрақ айта алмайды. Себебi түсiнiктi. Әңгiмедегi автор бос қалдырған тұс оның мәнiн айқындағандай. Бiр үзiндi келтiрейiк: «…егер көп аштармен бiрiксе…етер едi. Оны Жаңабай бiлмедi.  Әлеумет заңына ол бағынады». Бұл тарау (бөлiм)  бойы жазушы осылай кете бередi. Бұл – тiлдi кесуге таянғанды көрсеткен нышан едi. Бiрақ қаламгер ары ол қауiптi сезсе де, шындықта аттап кете алмайды. Мұны бiз оның «Елес» әңгiмесiнен аңғарамыз. Шығармада кейiпкер –  жазушы түсiне Ар өз заманының адамы бейнесiнде елес болып енедi. Ол қаламгерден «ашаршылықты, оның ауыртпалығын, өлiмiн, шығынын, қайғысын, зардабын …әдебиет айнасына түсiрушi болды ма?» деп те сұрайды. Жазушы болса, жауап таппай «мiңгiрлейдi». Елес: «Жазасың ба?»-деп алтыатарын тақайды. Қаламгер: «Ша…м…ам… келмейдi ғой», – дейдi. Елес: «Ендеше, жазғаныңды қоясың ба?»-деп қаруын кезегенде, жазушы: «Қояйын…» – деп қорқа жауап қайырады. Бiрақ… абырой болғанда бұл – түс екен.

20-жылдары қазақ әдебиетiндегi шындық iздеу сарынын Қошке Кемеңгерұлының «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын» әңгiмелерiнен, Жүсiпбек Аймауытұлының «Ақбiлек» романынан көремiз.

Башқұрт полктарының, Алаш милициясының, Өзбек, Түркiмен һәм түрiк (жалпы түрiк) басмашыларының қозғалысы – Ресейдегi большевизмге қарсы ортақ күрестiң бiр қолдың саласындай тарамдары едi.

1922-1923 жылдары большевиктiк Ресей бар күшiн бұрынғы империяның шығысына қарай төктi. Мұндағы қарсылық қозғалыстары саябырси бастады. Күресушiлердi жансыздармен өкшелей iздестiрiп, тұтқиылдан соққы беруi қозғалыс бiрлiгiн қожыратты. Осындай жағдайда алғаш көтерiлiс көсемдерi тозаққа түстi. Басшысыз қалған сарбаздар Шығысқа қарай жылжи бердi… Сөйтiп  түрiк  халқын  азат  етемiз  деген  қозғалыс  1923  жылы объективтi жағдайлармен есептесiп және Түркiстан Ұлттық Федерациясы бiрiккен комитетiнiң шешiмiн ескерiп, амалсыз шетел асты. Түркi халықтарының тағдыры талқыға түскен кезеңде жұмыс істеген «Шағатай бәсi» ұйымы Түркiстан руханиятына игі ықпал етті. А.Фитрат пен аталған ұйымның iзденiсi бiраз адамға ой салды, бiраз жанды қателiктен құтқарды.

20-жылдардағы Түркiстанның рухани дамуындағы үлкен белес – «Талап» атты қазақ-қырғыз мәдениетiн көркейтушiлер қауымыныңдүниеге келуi едi. Бұл ұйым 1922 жылы 4 желтоқсанда Ташкентте ресми жұмысқа кiрiстi. Қауымның төрағасы – Халел Досмұхамедұлы, басқарма мүшелерi: А.Е.Шмидт, И.Тоқтабайұлы, М.Есболұлы, М.Тынышбайұлы, М.Әуезұлы, Қ.Тыныстанұлы. Бұдан басқа ұйым жұмысына қатынасқандар: Ә.Диваев, М.Жұмабайұлы, Н.Архангельский, К.Жәленұлы /12, 39/. Х.Болғанбай осындай жаңа ағартушылық қозғалыстың ішінде жүрді.

20-жылдардың басында «Ақ жол» (Ташкент) газетiнде жарияланған материалдарға қарағанда, «Талаптың» көздеген мақсаты тек қағаз жүзiнде қалмаған. Ол қаншама мәдени шаралар өткiзген. Соның iшiнде Түркiстан орталығы Ташкентте А.Байтұрсынұлы мерейтойын өткiзiп, баспасөз бетiнде Ахмет тұлғасына сабақтастырып, ғылым мен бiлiмдi насихаттауы, Ыбырай мен Абайға қатысты шығармашылық кештер мен ежелгi Тұран тарихы мен түрiк-моңғол дәуiрiне байланысты дәрiстер ұйымдастыруы, оқулық пен танымдық кiтаптарды зиялыларға тапсырыс берiп жаздыртып бастыртуы – руханият тарихы орайындағы айрықша факт деп есептеймiз /12, 42/. Бағдары беймәлiм большевизм тұсында осыншама iстiң атқарылуын – бұрынғы елшiл рухтың жоғалмағандығымен, Алаш ағартушылығының қуатымен түсiндiре аламыз.

Жоғарыдағы деректердің бәрі Түркістанның рухани-мәдени мәселесіне Алаш оқығандарының сырт қарамағанын көрсетеді. Осы тағылымды оқиғалардың жуан ортасында қайраткер-қаламгер Хайретдин Болғанбай да жүрді. Оның «Бірлік туынан» бастап, Түркістандағы айрықша оқиғалардың бәріне атсалысуы – осы сөзімізді дәлелдесе керек.

Қаламгер Алаш идеясы мен Түркістан бірлігін бөлек қарамады. «Алаш автономиясы» атты мақаласында: «Алаш автономиясы – неше миллион Алаш ұранды қазақ-қырғыз халқының ұлұғ арманы. Алаш аман болса, мұның көгеріп жарыққа шығуына күмән жоқ. Осы күні бостандық, теңдікке ұмтылған барлық жұрттарға қарсы шауып жатқан мынау қара күштің ғұмыры көктемдегі қысқа түндей шоп-шолақ. Алаштың бұл ұлық тілеуі болса, көктегі күн сөнбестей ұзақ» деп жазды /13/. Тағы бір еңбегінде Хайретдин былай деп жазады: «5-13 декабірде Орынборда болып өткен жалпықазақ сиезі Алаш ұранды қазақ-қырғызды бірге қосып Алаш автономиясын ағылан қылуды кеңескенде Түркістан қазақ-қырғыздары туралы қаншама сөз болды. Сиез ойдағы, қырдағы Алаш балаларын бір тудың астына жиюға ұмтылғанда олардың Түркістанда бөлініп қалу ықтималы мәселені көп ауырлыққа жіберді. … Түркістандағы қазақ-қырғыз Алаш автономиясына қосылмай кетеді деп кім ойлар?» /14/. Міне, осындай ойы арқылы қаламгер қиын кезеңде ұлтты шашыратпай аман алып қалудың жолын меңзегені байқалады.

Еңбегі

Х.Ә.Болғанбайдың еңбектері қоғамдық-саяси, мәдени мәселелерге арналған. «Медресе Хасениеде қазақ балалары», «Ашық хат. Ғабдолла Шоқаевқа», «Тумас бұрын үйлендіру», «Жер жалдау», «Әдеби борышымыз», «Әдебиет кеші», «И.Гаспринскийдің жылы» сияқты алғашқы мақалаларынан бастап, күрес жылдарындағы «Түркістан өлкесі», «Иман күші», «Қоқан съезі һәм қазақ-қырғыз», «Тұла бойлары қан сасиды», «Өзгерістің бір тәулігі», «Феврал өзгерісі», «Совет үкіметі һәм Күншығыс» атты талдау еңбектеріне дейін қайраткер қаламының қуаты, батылдығы, шыншылдығы көрінеді. Қаламгер «Алтын көл», «Өмірдің қысқа ертегісі», «Диірмен» секілді көркем шығармалар да жазған. Газеттерде «Бортаң», «Кәрітай» псевдонимдерін пайдаланған /2/. Х.Болғанбайдың тазалығын сипаттаған Мағжан ақынның мынандай өлең жолдары бар:

Бортаң бала,

Бүгін қара –

Кәрітай.

Бір кемі жоқ,

Бір теңі жоқ –

Болғанбай /3/.

1934 жылы И.Гаспринский туралы мақаласы түрік тіліндегі жинақта басылған. Х.Болғанбайдың есімі мен еңбегі Түркияда өмір сүрген башқұрт зиялысы З.У.Тоған кітаптарына ілтипатпен айтылады.

Хайретдин Болғанбай Алаш қайраткері, түркі халықтарының бостандығы үшін күрескен тұлға, қаламы қуатты қаламгер ретінде тарихымыздан лайықты орнын алады. Хайретдин Болғанбай – расында, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы санатындағы қайраткер, қаламгер тұлға. Оның мына бір ойының өзі кезең келбетін нақты көрсетеді: «Сорлы Түркістан! Сен кеше «Бостандық болды, теңдік күні туды» деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіңе алдың ғой. Жоқ, босқа алданғасын! Шеттен келген бұл бумен үлкен теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын. Сырттан – Русиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды». Мұны – Алаш тұжырымдамасы десек те жарасады. Тағы бір еңбегінен үзінді келтірейік: «Ұлт ісі ұлтпен көгереді. Ұлт ісі жүре көркейеді. Соның үшін бұл іске қалың ұлттың өзі еңбек қылуға тиіс һәм оны бір күнде орындалып бітеді демей, аз болса да тоқтатпастан жүргізе беру керек».

Хайретдин Болғанбайдың бұл пікірі көп сұраққа жауап таппай қиналған кезеңдерде, мәселені шешудің орайын келтіре алмай, азды саз ете білмей, кемді толықтыра түспей жатқан жолайырық шақта құнын жоймас аталы сөз болып ұғынылады.

«Әр істі өзінің кісісінен күту!» дейді Хайретдин. Бұл – өркениетті қоғамның «әркім өз орнын тауып, елге пайдалы жұмыс істеуі қажет» деген ұстанымының Абай сөзімен («сен де бір кірпіш дүниенің…») айтылған ұраны һәм жаңғырығы. Жалпы Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай – сан қырлы қайраткер тұлға.

Бірінші, Х.Ә.Болғанбай – қазақ мемлекеттігінің дәстүрін жалғастырған Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Бұл жөнінде деректі “Қазақ” газетінен (1913-1918), “Бірлік туы”, “Сарыарқа” газеттерінен (1917-1919) ұшырастырамыз. Сондай-ақ Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай мақалаларында, естеліктерінде, жазбаларында Х.Болғанбаев еңбегі, қасиеті ілтипатпен аталады.

Екінші, Х.Ә.Болғанбай – халықаралық деңгейдегі қайраткер. Ол белгілі себеппен Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясына қатысты істерге атсалысқан. Осындай ерекше ісі большевизмге қарсы тұрған Орталық Азия халықтарының күресіне белсене қатысуынан да көрінеді. Бұл туралы башқұрт зиялысы, эмигрант Зәки Уәлиди Тоған мен эмигрант Мұстафа Шоқай естеліктерінде жазады. Алғашқы Түркістан автономиясы түрік халқына ортақ болатын.

Үшінші, Х.Болғанбай – ұлттық журналистика мен баспасөздің іргетасын қалаушылардың бірі. Ол – “Қазақ” газетінің тұрақты авторы. Сонымен қатар Хайретдин біраз уақыт түркістандық ұлт газеті – “Бірлік туының” редакторы болған және осы басылымды үздіксіз шығарысқан. Х.Болғанбаевтың бұл еңбегіне сол газеттердің өзі дәлел.

Төртінші, Х.Болғанбай – ұлттық ағарту ісіне де өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ол Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқушыларға сабақ беріп, оқу-білім саласын ұйымдастырып А.Байтұрсынұлы бастаған ағарту ісін дамытты. Бұл жөнінде замандастары газет-журнал бетінде жазды.

Бесінші, Х.Болғанбай – туған жерінің жанашыры. Ол кеңес өкіметі тұсында Қазақстан территориясын айқындау ісіне көп үлес қосқан, осы мәселемен тікелей айналысқан мамандарға кеңес берген. Ақмола облысын Сібір төңкеріс комитетінен (Омбы) алып, Қазақстанға қосуда, Қорғалжын ауданын айқындауда және сол жергілікті жер балаларын оқытып, көзін ашуда оның еңбегі орасан.

Алаш тұлғасы, даңқты азамат Хайретдин Болғанбайдың шығармашылығы мен тұлғасы – ұлттық тарихымыздың бір бөлшегі.

Ұлтты дамыту, өркендету жолында аянбай тер төккен, тіпті жанын құрбан еткен Хайретдин Болғанбайдай дара тұлғаны тану мен таныту – бүгінгі замандастарымызға да, ұрпақтарымызға да парыз.

Ұлықталуы

Ғылыми-мәдени қауым Х.Ә.Болғанбайдың атын алғаш Алаш зиялылары ақталған соң, 90-жылдары ести бастады. Д.Қамзабекұлы мен А.Шәріп 1993 жылы 11 ақпанда «Ана тілі» газетіне «Мұстафа көтерген «Бірлік туы» атты топтама жариялап /4/, соның ішіне Хайретдиннің «Тұла бойлары қан сасиды» атты мақаласын енгізді. Бұл еңбектің мазмұны мен мұраты, стилі отандық журналистер мен тарихшыларды елең еткізді. 1995 жылы «Жұлдыз» журналында өлкетанушы ақсақал Қ. Нұрмағамбетовтің «Қайретдин аға халықтың қамқоры еді» атты естелік мақаласы жарық көрді /5/. Бұл материал Х.Ә.Болғанбайдың қайраткерлік еңбегі мен мұрасын іздеуге зор ықпал етті. Қайраткердің «Шығармалары. Тағылымы» атты кітабы 2005 жылы, «Иман күші» атты кітабы 2009 жылы жарық көрді. Х.Ә.Болғанбай туралы БАҚ-та әр жылдары Н.Сапуанов, Т.Боранғалиұлы, С.Ақтаев, Д.Асауов, Т.Ысқақов сынды қаламгерлер /15/, сондай-ақ туған жиендері Жамбыл мен Достық Кәмеловтер /16/ жазды.

Х.Болғанбай құрметіне елордадағы және Ақмола облысы Қорғалжын ауданы орталығындағы көше аты берілген.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Болғанбаев Х. Шығармалары. Тағылымы. – Астана: Парасат әлемі, 2005.- 256 б.
  2. Болғанбай Х. Иман күші. – Алматы: Арыс, 2009.- 288 б.
  3. Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989.- 448 б.
  4. Мұстафа көтерген “Бірлік туы” // «Ана тілі», 11.02.1993. 
  5. Нұрмағамбетов Қ. Қайретдин аға халықтың қамқоры еді // Жұлдыз, №11-12, 1995.
  6. Тоган Заки Валиди. Воспоминания: борьба народов Туркестана и других вост. мусульман-тюрков за нац. бытие и сохранение культуры. Москва: Московская типография №12, 1997.- 650 с.
  7. Джанибеков У. Эхо… – Алматы: Онер, 1990.- 304 с.
  8. Шоқай М. Екі томдық шығармалары. 1-т. Алматы: Қайнар, 1998.- 512 б.
  9. Майлыұлы Б. Не жаздым, құдай?// Бiрлiк туы, 1918 жыл, 30 наурыз
  10.  Аймауытұлы Ж. Даладағы Наурыз // «Қызыл Қазақстан», N6, 1922.
  11. Қызылбас (Аймауытұлы Ж.). Жаңабайдың жанындағы трагедие // «Жас қазақ», N7, 8, 9, 10, 1924.
  12. Қамзабекұлы Д. Руханият. Алматы: Білім, 1997.- 272 б.
  13. «Бірлік туы», 1918 жыл, 7 наурыз
  14. «Қазақ», 1917 жыл, 31 желтоқсан
  15. Сапуанов Н. Қаламгер Х. Болғанбаев (дипломдық жұмыс, 1994); Боранғалиұлы Т. Шаңырақтың сынып түскен уығы // «Егемен Қазақстан», 7.12.1999; Ақтаев С. Х.Болғанбаев кім болған? // «Ақиқат», №12, 2003;  Асауов Д. Халықшыл Хайретдин // «Егемен Қазақстан», 2.05.2013; Ысқақов Т. Ерді сыйлар ер қайда? // «Егемен Қазақстан», 22.07.2019
  16. Камелов Ж. Навечно в памяти людской // Нива, №5, 2012.- 109-119 с.; Камелов Д. Его именем названа улица // Apgazeta. kz, 18.12.2014; Камелов Д. Алихан и Хайретдин // Индустриальная Караганда, 12.03.2016. 

Авторы:Қамзабекұлы Д., филол.ғ.д.