Сәкен Сейфуллин (15 қазан 1894 ж.– 25 сәуір 1938 ж.) – ХХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі соцреализмнің негізін қалаушы, ақын және жазушы, мемлекет қайраткері, Большевиктер коммунистік партиясының мүшесі (БКП). Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы. Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы. ХХ ғ. Қазақстандағы мәдени құрылыстың негізін қалаушылардың бірі.
Өмірбаяны
Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Ақмола уезінің (қазіргі Қарағанды облысы) көшпелі ауылында дүниеге келген.
Оның өмірінің басты арқауы білім алу және зияткерлік өсу болды. 1905–1908 жж. аралығында Спасск мыс балқыту зауыты жанындағы орыс-қазақ мектебінде оқыды. Одан кейін Ақмола бастауыш приход мектебінде және үш сыныптық қалалық училищеде білім алды. 1912 жылы оның білімге деген құштарлығы күшейіп, Сәкен мұсылман медресесі оқушыларын орыс тіліне үйретеді. 1913 жылы 21 тамызда Сейфуллин Омбы мұғалімдер семинариясында оқуды бастап, осы жерде қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевпен танысады.
Ақын өзінің педагогикалық қызметін бастаған Медресе
Сәкен Сейфуллин 1913-1916 жж. аралығында оқыған Омбы мұғалімдер семинариясы.
«Айқап» журналының қарашадағы санында (№ 21, 1913 ж.) өзінің алғашқы мақаласын жариялады.
1914 жылдан бастап Сейфуллин ұлттық бірегейлікті құрастыруға және қазақ мәдениетінің символдық мұрасын жаңғыртуға бағытталған мәдени құрылыс саласында белсенді қызмет етуді бастайды. Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш «Бірлік» ағартушылық қоғамы жетекшілерінің бірі болады. Оның бұл істегі серіктері Жанайдар Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Әбілқайыр Досов және Шәймерден Әлжанов болды.
1914 жылы оның «Өткен күндер» өлеңдер жинағы жарық көрді, онда ақын әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі және жаңа кезеңдегі өзгерістерді лирикалық тұрғыдан ойластырады.
1916 жылы мүліктерді санаққа алу комиссиясында Ақмола уезінің 12 болысында жұмыс істеді. Сол кезде ол 1916 жылғы қайғылы оқиғаларға арналған «Толқу» өлеңін жазады.
1916 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап Сәкен Сейфуллин Бұғылы мектебін құруға қатысады, онда ол «жалпыға білім беру» идеясын іске асыра отырып, тағы бір жыл жұмыс істейді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық интеллигенциясы қызметінің ерекшелігі алдыңғы XIX ғасырда өткен зиялылардан айырмашылығы, оларға халық бұқарасын жаңа үлгідегі біліммен неғұрлым кең көлемде қамту үшін жағдай жасауға мүмкіндік берген билік ресурстарына қол жетімділіктері болып табылды.
С. Сейфуллин 1917 жылдың 9 наурызынан бастап Ақмолада белсенді саяси қызметін бастайды, онда Ақпан төңкерісіне арнаған «Біз асығыс жиналдық» атты құттықтау өлең жазады. Осы сәттен бастап оның өлеңдерінде жас ақынды күтілген өзгерістер рухтандырған саяси сарындар анық байқалады. 1917 жылдың сәуір айында ол «Жас қазақ» атты қоғамдық-саяси және мәдени қоғам құрады, 1917 жылдың шілде айында Сейфуллин «Тіршілік» газетін шығаруға қатысады.
1917–1918 жылдары Сейфуллин Ақмола қаласында Жұмысшы және шаруа депутаттары кеңесін құруға белсене қатысып, оның президиум мүшесі және ағарту комиссары болып сайланды. Ол «Жас қазақ» жастар ұйымын басқарды және оның мүшелерінің өтініші бойынша алғашқы революциялық қазақ әні – «қазақ жастарының Марсельезасын» жазды.
«Жалпыға мәдениетті» таратуды жалғастыра отырып, ол Ақмолада қазақ-орыс мектебінде сабақ берді.
Қазан төңкерісінен кейін С. Сейфуллин қазақ кеңес әдебиетінің алғашқы туындысы болып табылған «Кел жігіттер!» өлеңін жазды, осы кезден бастап қазақ әдебиетін соцреализм жанрына қосу басталды. 1917 жылы 27 желтоқсанда Ақмолада кеңестік өкімет орнағаннан кейін Сейфуллин Ақмола Совдеп президиумының мүшесі болып сайланды және халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Ақпан айында ол РКП(б)-ға қабылданды. 1918 жылдың 1 мамырында С. Сейфуллиннің жаңа биліктің елдегі «жеңіс шеруін» жырлаған «Бақыт жолында» пьесасы бойынша спектакльдің тұсаукесері өтті.
Алайда, алдағы оқиғалар жаңа тәртіптің табыстарымен жігерлену ерте болғанын көрсетті. 1918 жылы 4 маусымда Ақмолада ақгвардияшылар төңкерісі болып, Сейфуллин тұтқындалды және 1919 жылы 5 қаңтарда Ақмола түрмесінен Петропавлға жіберілді. Атаман Анненковтың «азап вагонына» отырғызылып онда 47 тәулік (24 қаңтар–12 наурыз) өткізді. Қырық градустық аязда оларды Петропавлға, одан әрі 47 тәулік бойы Омбы қаласына апарды, мұнда тұтқындар қамаудың барлық ауыртпалықтарын, айлар бойы суық «азап вагонында» ұстаған атаман Анненков ақгвардияшылдарының азабын кейін жазушы «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасында жазды. «Азап вагонында» Сейфуллиннің көптеген жолдастары бейнеттерге шыдамай қаза тапты.
Бірақ Сейфуллин түрмеде де өлең жазуды жалғастырды. 1919 жылы наурызда оған тұтқыннан қашудың сәті түсті. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі алыс ауылдарда жасырына жүріп ол Жетісуға ұзақ саяхат жасады, мұнда да көптеген өмір сынақтарынан өтеді. Алайда, ақынның асқақ рухы сынған жоқ, болашаққа деген жалындаған сенімі сол суық күндерде де Сейфуллинді жылыта білді. Мойынқұм құмдары арқылы ақын туған өлкесіне қайта оралып, революциялық күреске қайта кіріседі.
Ақмолаға келгеннен кейін кеңестік режимді қалпына келтіру ісіне белсенді түрде кірісті. Ол көшіп жүрген қазақ ауылдарына большевиктердің декреттерін түсіндіріп қана қоймай, қазақ халқының мүддесін белсенді түрде қорғаған. Мысалы, Сейфуллин орыс шаруаларының малы жоғалған немесе ұрланған жағдайда оны көрші қазақ ауылының есебінен, олардың кінәлі-кінәсіздігіне қарамастан дереу толықтырып беруді талап еткен Дала генерал-губернаторы Шмидттің бұрынғы шешімінің күшін жоюға қол жеткізді. Ақын қалалық кедей қазақтарға қала сыртынан жер учаскелері мен шабындық жер алуға белсенді көмектесті, олар бұған дейін мұндай мүмкіндікке ие бола алмаған еді. Сейфуллин жерлестерін сайлау жүйесімен таныстырды. Бұл тұрғыда кейбір сорақылықтар да бар болатын: қазақтар барлық салықтар мен басқа да міндетті алымдарды шаруалармен және қалалықтармен тең төлесе де, сайлау құқығы шектеулі немесе қатаң белгіленген жерлерде тұрақты және ресми тіркеулерінің болмауына байланысты дауыс беру құқығынан толығымен айырылған еді. Сейфуллин өз беделі мен сауатын, жинақталған саяси күрес тәжірибесін пайдалана отырып кеңестік билік орындарын қазақтандыру және оларды сайлау органдарына тарту саясатын бірінші бастады.
Омбыда ол колчак түрмесінен қашып кете алды (3 сәуір) және шілде айына қарай туған ауылына жетті. Екі айдан кейін ол қайтадан Әулиеатаға қашуға мәжбүр болды.
1920 жылы 7 мамырда ол Ақмоланы Қызыл Армия алғаннан кейін қайта оралып, Революциялық комитеттің әкімшілік бөлімі меңгерушісінің көмекшісі болып тағайындалды. Осы съезде Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғаны жөнінде жарияланды. Сондай-ақ Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының тарихи Декларациясы қабылданды. Беделді қайраткерлердің бірі ретінде С. Сейфуллин үкімет құрамына және ҚазОАК Президиумына сайланды. Ол алғашқы мемлекеттік декреттерді әзірлеуге белсене қатысты. Атап айтқанда, 1921 жылы ол Ақмола және Семей облыстарын автономиялық республика құрамына қосу жөніндегі Үкіметтік комиссияның құрамында болды. Сібір большевиктері бұл облыстарды Қазақстан құрамына беруден бас тартты. Бірақ С. Сейфуллиннің және оның серіктестерінің табандылығы, білімділігі, дәлелдері ресейлік әріптестерін әділдік пен ақылға келіп тыңдауға мәжбүр етті. Қазақстанға қазақтың байырғы өз жерлерін қайтару басталды. 1924 жылы ол Жетісу және Сырдария облыстарының Қазақстанға қосылу процесіне де қатысты. Соңғы екі облыс КАССР-ға қосылғаннан кейін оның халқының саны 4,8-ден 6,5 миллион адамға дейін өсті.
Кеңестер съезінде 26 шілдеде Сейфуллин атқару комитетінің мүшесі болып сайланды және халық депутаттары Кеңесінің Ақмола Атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, ал 12 қазанда Қырғыз АССР Орталық Атқарушы Комитеті президиумының мүшесі болып сайланды.
Қараша айында Кеңестердің VIII съезіне қатысып, В.И. Лениннің ГОЭЛРО жоспары туралы баяндамасын тыңдады. 1921 жылы Ақмола және Семей облыстарын Қырғыз АССР-не қосу жөніндегі төтенше комиссияның мүшесі болды.
1922 жылы 13 маусымда республика халық ағарту комиссарының орынбасары және республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалды. Ал 1922 жылдың желтоқсанында РСФСР Қырғыз (Қазақ) АССР ІІІ съезінің шешімі бойынша республиканың Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланды (яғни Қазақстан үкіметін басқарды).
Белсенді қоғамдық-саяси қызметіне қарамастан, Сейфуллин ақын болып қалып, өлең жазуын жалғастырды. 1922 жылы оның «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Қызыл сұңқар» драмасы жарық көрді, олардың бейнелі символикасы жаңа қазақ әдебиетінің эстетикасына, атап айтқанда, оның әлеуметтік-саяси арнасына үлкен әсер етті.
1922 жылдың 23–30 желтоқсанында Сәкен Сейфуллин РКФСР Кеңестерінің Х съезіне және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын құруды жариялаған КСРО кеңестерінің Бүкілодақтық Құрылтай съезіне қатысты, оны ОАК мүшесі ретінде сайлады, ал 1923 жылдың сәуірінде ол РКП(б) XII съезінің делегаты болды.
Өзінің басшылық қызметтерінде Сейфуллин социалистік ұлттарды қалыптастыру ісіне қызмет етуді жалғастырды. Дәл осы кезеңде «формасы бойынша ұлттық, мазмұны бойынша социалистік мәдениеттерді» қалыптастырудың белсенді процесі басталды. 22 қарашада Қырғыз (Қазақ) орталық атқарушы комитетінің төралқасы РКП(б) XII съезінің шешімі негізінде қазақ тілінде іс жүргізу туралы қаулы қабылдады. Сонымен қатар, Сейфуллин «Қызыл Қазақстан» («Красный Казахстан») журналында өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романының бөлімдерін және «Ленин» өлеңін жариялай отырып, шығармашылықпен айналысуды жалғастырды.
В.И. Ленин қайтыс болғаннан кейін Сейфуллин Мәскеуге аттанып, жерлеуге барған қазақ делегациясын басқарды, осы сапардан кейін «Известия» газетінде оның «В.И. Ленин және оянудағы Шығыс» мақаласы жарық көрді. 1924 жыл Сәкен Сейфуллиннің өміріндегі өзгермелі кезең болды. Ленин қайтыс болғаннан кейін большевиктер арасында билік үшін күрес шиеленісті. Сонымен қатар символдық капитал үшін күрес қазақ зиялылары арасында да өршіді. 1924 жылдың қараша айында Сейфуллинді Казақстанның Халком төрағалығынан шеттетеді, оның «Бақыт жолында», «Асау тұлпар» және «Қызыл сұңқар» шығармалары сынға ұшырайды. «Темірқазық» және «Шолпан» журналдары, «Ақ жол» газетінде оның өлеңдер жинағы партияның идеологиялық желісімен сыналады. Осы кезден бастап мансабында төмендеу басталады. Оның ақталу әрекеті футурологиялық сипаттары бар эпикалық соцреализм жанрында орындалған «Советстан» поэмасы болып табылды.
1925 жылдың басында Сейфуллин Сталинге «қырғыз большевиктерінің арасындағы бөлініс» туралы ескерткен хат жазады. Ол Кеңес билігіне қарсы колчактықтармен бірге соғысқан бұрынғы алашордшылардың партияға тек 20-шы жылдан кейін ғана кіріп және енді төңкерістің бас кезінде өздеріне жағымсыз пікірлерде болған бұрынғы сыннан өткен большевиктерді кешіре алмауда екендіктерін, олардың партиядағы ықпалдарының өсуі идеологиялық мағынада қарама-қайшы саясат жүргізіп коммунистердің оңшыл және солшыл бағыттарға бөлінуіне әкелгенін көрсетті. Ол хатында кейбір оңшылдардың арыздарын келтірді, оның пікірінше олар кейбір алашордалықтардың «түзу жолдан» ауытқығандарын көрсетеді. Оңшылдар мен солшылдар арасындағы пікірталастардың басты тақырыптарының бірі қазақ даласындағы таптарға бөлінушілік болып табылды. Алашордалықтар «біртұтас ұлттық мәдениет» контекстіндегі классикалық антагонизмді жоққа шығара отырып, этникалық мобилизация риторикасын пайдалана, қазақ қоғамында оның жоқтығын атады. Бұрынғы алашордалықтарды сынап жазу арқылы, Сәкен Сейфуллин жоғарғы биліктен қолдау алудан үміттенді. Айта кету керек, Қырғызстан мен Қазақстандағы жағдай алаңдатқан компартияның жалғыз адал мүшесі ол ғана емес еді. Одан бір жыл бұрын Тұрар Рысқұлов та Сталинге хат жолдап, Сұлтанбек Қожанов пен «Бірлік туы» газетін ұлтшылдық көзқараста деп айыптаған болатын.
Мәдени құрылыспен айналыса отырып және соцреализм дәстүріндегі шығармашылық интеллигенцияның көзқарастарын қалыптастыра отырып, Сейфуллин өз серіктестерінің қолдауымен революция ісіне берілген Қазақстан жазушыларын біріктіретін ұйым құруды шешеді. Осылайша 1925 жылы өз қатарына алашордалықтарды қабылдамаған пролетар жазушыларының қазақ қауымдастығы пайда болады. Әртүрлі баспа беттерінде шығармашылық қатардағы қарсыласулар жөнінде қызу пікірталастар туындайды. Мысалы, Мағжан Жұмабаев пролетар жазушылары мен Сейфулинді «таптық поэзия» өкілдері деп атады.
Алайда, Сәкен Сейфуллин өз ұстанымдарын жалғастыра берді. 1927 жылы «Жыл құсы» жинағы жарық көрді, ол сол тұста Қазақстан Пролетар-шаруа жазушыларының ұйымы болып өзгертілген пролетар қауымдастығында тұрған авторлардың шығармаларын ғана біріктірді.
«Сейфуллиннің ортасы». 1930 ж. фотосуретте ақын өз жақтастарының ортасында.
1922 жылы Сәкен Сейфуллин «Айша» повесін жазды. Қазақ әдебиеті үшін дәстүрлі әйел теңсіздігі тақырыбын қозғай отырып, жазушы кейіпкердің бейнесін жаңаша бейнеледі. Айша өзінің батылдығымен, мінез-құлқымен және күрестегі табандылығымен ерекшеленеді, ол әлеуметтік әділетсіздіктің мінсіз құрбаны емес, күрескер һәм жеңімпаз. Дәстүрлі және модельдік қақтығыстағы әйел бостандығы мен эмансипация тақырыбы бір ғасыр бұрын жазылса да бүгінгі күні де өзекті болып отыр.
Сейфуллиннің «Жер қазғандар» повесінде қазақ прозасында алғаш рет жұмысшы табы тақырыбы көтерілді. 30-шы жылдары Сейфуллиннің қазақ прозасындағы алғашқы шытырман оқиғалы «Бандыны қуған Хамит» атты шығармасы жазылды. Сейфуллиннің «Жемістер» повесі өзінің динамикасы мен еліктіргіштігі арқылы киносценарийге жақын.
20–30 жылдары қазақ әдебиетінің дамуы қиын жағдайларда жүрді. Бір жағынан, Кеңестік билік пен КОКП оның ішкі саясатымен қазақ және басқа да ұлттық әдебиеттің ұлттық ерекшелігін жоюға, бірыңғай әлеуметтік бағдарлануға тырысты. Екінші жағынан, дәл осы әлеуметтік жаулап алу қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қуатты серпін берді.
ХХІ ғасырда, тәуелсіздік кезеңі мен өткен дәуірдің көптеген құндылықтарын қайта бағалау жағдайында Сәкен Сейфуллиннің бейнесі бірмәнді емес. «Социалистан», «Альбатрос», «Советстан» сияқты публицистикалық және үгіт-насихат поэзиясының үлгілері, Ленин туралы, революция туралы, жұмысшы табы туралы өлеңдері қазіргі кезде ақын шығармашылығының шыңы болып табылмайды. Бірақ кез келген көрнекті адам (әсіресе, ақын және қоғам қайраткері) уақыт айнасында көлемді және бірмәнді емес көрінеді. Ақынның қайғы-қасіреті – ол аштық пен қуғын-сүргін жылдарында миллиондаған қазақты құрбан еткен жаңа құрылысты шын жүректен жырлаушы болды. Ақыр соңында «Қызыл ат» поэмасында революциялық идеялардың шындығын барын сала қорғаған ақынды осы құрылыстың өзі көзін жойған еді. Оның трагедиясы – ол коммунизм идеалына және өз халқының жарқын болашағына сенген жалынды большевик, арман қуған ақын болды, бірақ ол «жарқын болашақ» тоталитарлық режим жағдайында ешқашан болмайтынын білмеген еді.
1926 жылы мамыр айында Сейфуллин БКП(б) Қазөлкеком партия тарихы комиссиясының меңгерушісі болып тағайындалды.
1926 жылдың желтоқсанында Гүлбарам Батырбековаға үйленді.
Сәкен Сейфуллин көп қырлы ақынның үлгісі болды. Оның «Өткен күндер» алғашқы жинағының өзінде идиллиялық пейзаждық лирика, патриоттық лейтмотив, нәзік махаббат өлеңдері және ағартушылық дидактикасы бар өлеңдер көрініс берді. Жаңа әдебиеттің өсиеттеріне сүйене отырып, жас ақын өзіне ұлы Абайды ұстаз санады. Ол өлең құрастыру өнеріне, махаббат поэтикасын жазуды Абайдан үйренген. «Ұмытылмас шақ», «Біз қоштасқан жер», «Сүйіктіме» және басқа да бірқатар өлеңдері Абайдың лирикалық өлеңдері әсерімен жазылған. Абайдағы әйелге деген романтикалық және сезімдік қарым-қатынас Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі жанкешті, қызба лирикалық кейіпкеріне келеді. Барлық сезімдер сазы, ойдың бағыты, оларды айтудың лирикалық әдістері, «толқудың поэтикасы» сүйікті өлеңі ақынның махаббатқа деген үндеуімен және өзінің әлем және әйел образымен оқырмандармен бөлісуге ұмтылған. Ең бастысы, ол арман, сүйікті бейнесін жанама түрде қайта жасау болды.
«Сүйіктіме», «Жазғы түнде» өлеңдерінде ақын түнгі жаз көрінісін түн тыныштығына сүңгіген талдар сыбдырымен биік таулардан ағатын өзендерді, ғашықтардың сыбырласуын шебер бейнелейді. Осы тыныштықтың аясында «жер сұлулығы мен жерде жоқ сұлулық қосылатын» сүйікті қыз бейнесі пайда болады. Сұлудың бет-бейнесі қазақ және жалпы шығыс поэзиясы үшін дәстүрлі. Бұлбұл мен раушан, хор қыздары, асыл тастармен салыстыру дәстүрлі. Бұл поэтикалық тәсілдердің толық канондық жиынтығында жанды сезім – шынайы және жауапты сезім бүлкілдейді.
Ақын батылдықпен ақ мойын мен мүсінді, нұрлы көзқарасты, көз айқындығын, денені де, ақ иықты да, «жалын құшқан» жүректі де бейнелейді. «Ұмытылмас», «Махаббатым менің болма қатал» шығармаларындағы лирикалық кейіпкер мойындаулары Абайдың атақты «Көзімнің қарасы» өлеңіндегі махаббат жолдарын еске түсіреді. Олар да ақын Сәкендегі сияқты «қымбат сөздер інжуін» тапқан болатын.
1927 жылы Сейфуллин Қызылорда халық ағарту институтының ректоры болып тағайындалды. 1928 жылдың мамыр айынан бастап Ташкент Қазақ педагогикалық институтының дәріс оқушысы, қазақ жастары әдеби бірлестігінің жетекшісі, Қазақ ағарту институтының жетекшісі. Ташкент жоғары педагогикалық институтының ректоры лауазымында болған кезде ол көрнекті ғалымдар М. Тынышпаев, С. Асфендияров, С. Малов, В. Бартольд және т.б. араласады. Сонымен қатар, ол қазақ халқының фольклорлық шығармаларын жинақтауды жалғастырды. Атап айтқанда, «Ежелгі қазақ әдебиетінің үлгілері», «Ләйлі мен Мәжнүн» және т.б. жинақтарды басып шығарды. А. Байтұрсыновқа қарағанда, Сейфуллин латын әліпбиінің жақтаушысы болды. 1929 жылы «бесжылдықтағы, атап айтқанда, латын әліпбиі бойынша мәдениеттің алға жылжуын қалай ойлайсыз?», деген сауалға ол: «латын әліпбиінің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеді» деп сенімді жауап берді.
1929 жылдың тамыз айынан бастап ол Қазақ педагогикалық институтының Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті. Халықтың ауызша шығармалары мен әдебиеті үлгілерін жинауды жалғастыра отырып 1932 жылы Қазақ әдебиеті тарихының бірінші бөлімін ЖОО студенттеріне арналған оқулық ретінде шығарады. 1931 жылы оның «Біздің тұрмыс» сатиралық романынан үзінділер жарияланады.
1934 жылдың басында Сәкен Сейфуллин қазақ зиялыларының басқа өкілдерімен бірге Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей бастады. Сол кезде институт қабырғасында Ұлттық мәдени құрылыс саласындағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіру және үйлестіру, ғылыми зерттеулер нәтижелерін жалпылау және бірыңғай базаға жинақтау, Қазақ АССР мәдени саясатының іргетасын құру жұмыстары жүрді. Қазіргі уақытта Институт Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты болып қайта құрылды. Сәкен Сейфуллин бастауымен институт құрылымында: тарихи-археологиялық; әдебиет және фольклор; лингвистика (қазақ, ұйғыр және дүнген тілдерін үйрену бойынша), бейнелеу өнері; музыка және хореография; театр және кино секторлары құрыла бастады. Институтта басқа да белгілі ғалымдар еңбек етті: көрнекті қазақ шығыстанушы және мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров; қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы, педагог, профессор Құдайберген Жұбанов; ағартушы Қоңырқожа Қожықов; ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов; түрколог Смет Кеңесбаев; қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ филологиясының зерттеушісі Сәрсен Аманжолов. Осы кезеңде қазақ тіл білімі мен әдебиеттану мәселелері бойынша алғашқы жалпылама еңбектер жасалды, олардың басында Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов және Құдайберген Жұбанов тұрды.
1934 жылы 12 маусымда КСРО жазушыларының бірінші съезінің ашылуынан үш ай бұрын Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы жазушыларының бірінші съезі өтті (сол кезде Ресей Федерациясының құрамында), ол барлық сенімді әдебиетшілерді Қазақстанның кеңестік жазушылары одағына біріктірді. Одақтың негізін қалаушы ретінде кіріспе сөзді Сәкен Сейфуллин айтты. Бірінші төраға болып Ілияс Жансүгіров сайланды. 1934 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Сейфуллин кеңес жазушыларының Бірінші Бүкілодақтық съезінің жұмысына қатысты. 1934 жылы қыркүйекте ол Қазақ коммунистік журналистика институтының профессоры болды.
Сәкен Сейфуллиннің әйелі мен баласы
Сейфуллин Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Белгілі орыс жазушысы Галина Серебрякова Мәскеудегі Сәкен Сейфуллинмен кездесуден кейін 1936 жылы былай деп жазды: «Сол кезде қырық жастан сәл ғана асқан Сәкен Сейфуллин мені өзінің батыл, әдемі көркімен таң қалдырды. Ұзын бойлы және сымбатты еді. Оның қара торы жүзі өз әлпетін жиі өзгертіп тұратын. Әсіресе, ұшқындаған ақылды қара көзі есте қалды, ол тік қарайтын, адал және батыл қарайтын, ежелгі парсы фрескаларындағы батыл жауынгерлерге ұқсайтын. 1936 жылы қазақ жазушыларының бірі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Сакен Сейфуллин 1936 ж.
1937 жылдың 24 қыркүйегінде оны тұтқындады, ал 1938 жылдың 25 ақпанында РКФСР ҚК 58–2, 58–7, 58–8, 58–11 баптары бойынша оны айыптап ең жоғарғы жаза берілді. 1938 жылы 25 сәуірде 16 сағат 40 минутта Алматы қаласында НКВД түрмелерінің бірінде «халық жауы» ретінде атылды. 1957 жылдың 21 наурызында ол қылмыстық құрамының болмауына байланысты КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасымен ақталды.
Еңбегі
Ағарту халкомының орынбасары жауапты қызметтерінде және КАССР Халкомкеңесінің төрағасы болып жұмыс істей жүріп Сәкен Сейфуллин өзінің жан-жақты қызметін жалғастырды. Ол Қазақстан Жазушылар одағын құрды, республиканың әдеби өміріне қатысты: «Әдебиет майданы» атты әдеби газетті, «Еңбекші қазақ» партиялық газетін редакциялады, сыни және теориялық әдеби мақалалар жазды.
Көп жағдайда Сәкен Сейфуллиннің қызметі арқасында қазақ халқына оның «қазақ» деген атауы оралды. Дәл сол кезде Қазақстан өз уақытын халықаралық уақыт стандартына ауыстырды. Өйткені осы уақытқа дейін қазақ даласында дәстүрлі мәдениет бойынша циклдік уақыт есебі жұмысын жалғастырған еді. Қазақстан аумағын халықаралық стандарттардың ақпараттық ықпалының құқықтық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне енгізе отырып, уақыт желілікке айналды және әлемдік стандартқа сәйкестендірілді. Қазақстанда осы ықпалды алғаш әкелушілердің бірі С. Сейфуллин болды.
Сәкен Сейфуллин шахматта жақсы ойнады, бұл ойынның түрі патша заманының өзінде ауылдық жерлерде кең тараған еді. Мемлекеттік қызметтен бос уақытында ол «шахмат ойындарының әуесқойлары қоғамына» барып тұрды. 1920 жылы Мәскеуде өткен VIII съезд Кеңесінің Мәдени бағдарламасы аясында Сейфуллин болашақ әлем чемпионы А. Алехинмен бір мезгілде ойын сеансына қатысты. Сол кезде ол барлық ойыншыларды жеңіп, тек Сейфуллинмен ойнап тең түсті. 1925 жылы Орынборда Сейфуллиннің бастамасымен қазақ жерлерін біріктіру құрметіне шахмат турнирі ұйымдастырылды.
С. Сейфуллиннің тікелей қолдауының арқасында А. Затаевичтің 1000 әні жарық көрді. Совнарком төрағасы кабинетінде А. Затаевич үкімет басшысының өзі орындаған Абылайхан маршын нотаға жазды.
Сәкен Сейфуллин өңір халқының діни мәселелеріне мұқият қарап, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының қалауымен қызметкерлердің жалақысын сақтай отырып мұсылмандарға Құрбан айт мен Оразаның мерекелерінде демалыс күндерін беруге рұқсат етті. С. Сейфуллин әлемдік мәдениет қазынасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына қаражат жинауды ұйымдастырушы болды.
С. Сейфуллиннің кітап көрмесі. Жеке кабинеті 1964 ж.
Ұлықталуы
Сәкен Сейфуллин өткен ғасырдың қазақ зиялыларының жарқын өкілі ретінде халқымыздың тарихи жадында қалады. Белгілі қазақ жазушысы С. Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» пьесасын жазды, ал оның әріптесі Ғ. Мүсірепов «Кездеспей кеткен бір бейне» повесін шығарды. Жазушының құрметіне Омбыда, Алматыда және Нұр-Сұлтанда даңғылдар мен көше атаулары берілді, еліміздің астанасында ескерткіш орнатылды. Нұр-сұлтанда С.Сейфуллин атындағы музей жұмыс істейді, ал елордалық Қазақ агротехникалық университеті оның есімімен аталады. Оның құрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіледі. 2005 жылы пошта маркасы да шығарылды. Республиканың бірқатар мектептері Сәкен Сейфуллин атымен аталады.
Сәкен Сейфуллинің музейі. Нұр-Сұлтан қаласы
Әдебиеттер мен дерекөздер тізімі:
- Джуанышбеков Нурболат Сакен Сейфуллин: Очерк жизни и творчества. – Алматы: Ғылым, 2000. – 48 с.
- Казахстан. Национальная энциклопедия. Т. 4. / Гл. ред. Б. Аяган. – Алматы: Главная редакция: «Қазақ энциклопедиясы», 2006. – 560 с.
- Кирабаев С. Сәкен Сейфуллин. – Алма-Ата, 1964; Кәкiшев Т. Қызыл сұңқар. – Алма-Ата, 1968.
- Сатпаева Ш.К., Адибаев Х.А. Казахская литература. – А., 1993. – С. 140–147; Джуанышбеков Н. Сакен Сейфуллин. Очерк жизни и творчества. – Алматы, 2000.
- Сочинения С.Сейфуллина: Тернистый путь. – Алма-Ата, 1964. Стихотворения и поэмы. – М., 1959; Повести и рассказы. – Алма-Ата, 1959.
Автор: Абылхожин Ж.Б., д.и.н.