Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы (26 желтоқсан 1894 – 8 ақпан 1938) – Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат. Түркі халықтарының бірлігі мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрес жүргізген біртуар тұлға. Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың сырттан ауып келген еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы келелі ой-пікір білдірген теоретик пен ойшыл. Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңірген елші.
Өмірбаяны
Т. Рысқұлов 1894 ж. 26 желтоқсанда Жетісу облысы (қазіргі Алматы облысы) Верный уезінің Шығыс Талғар болысында жылқышы Рысқұл Жылқайдарұлының отбасында дүниеге келеді [1]. Рысқұл – кедей болса да, өр мінезді, бай-болыстарға кеудесін бастырмаған тұлға. Нақақ жалаға ұшыраған ол 1904 ж. 20 желтоқсанда Шығыс Талғар болысын атып өлтіреді. Жандармерия Рысқұлдың туыстарын, оның ішінде 10 жасар Тұрарды да, Талғардан Бесағашқа, сосын Боралдайға зорлап қоныс аударады. Жалғыз ұлы Тұрардың тағдырына алаңдаған Рысқұл 30 желтоқсанда полицияға берілуге мәжбүр болып, Верный түрмесіне қамалады. Рысқұл түрме әкімшілігіне шағымданып, ұлын қасына алдыртады да, Тұрар әкесімен бірге Верный түрмесінде бір жарым жыл өмір сүреді. Түрме ауласын сыпыру, тауықтарын бағу, түрме бастығы Приходьконың балаларын ат арбамен гимназияға тасу сияқты міндеттерді атқарады. 1906 ж. 28 шілдеде Рысқұл Қапал-Аягөз-Семей арқылы Сібірге жаяу айдалады [2]. Рысқұлдың өмірі, патша әкімшілігімен қақтығысы М. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», Т. Нұртазиннің, Ш. Мұртазаның шығармаларында суреттелген.
Жастайынан жергілікті қазақ байлары мен келімсек орыс кулактарының қорлығын көрген Тұрар тез есейді. Ұлттық және әлеуметтік езгіге қарсы күрес оның өмірлік ұстанымына айналды.
1907 ж. Тұрарды туыстары Әулиеата уезінің Меркі ауылына алып кетіп, орыс-түздік мектебінде оқытады. Нағашы атасы байлардың үстеме несиелеріне борышкер болып, қуғынға ұшыраған кезде Тұрар да зәбір көреді. Олар атасының сиырларын тартып алып, 30 шақырым жердегі базарға дейін Тұрарға жаяу айдатады. Жол бойы қамшымен ұрып-соғады. Тұрар біраз уақыт тергеуші А.П. Семашконың хат-хабар таратушысы болып жалданып жұмыс істейді [3].
Меркідегі ұстаздарының Тұрарға ықыласы ерекше болды. Оқуын бітірген соң олар Тұрардың қолына хат ұстатып, Пішпекке жібереді. Тұрар 1914 ж. күзде Пішпек ауылшаруашылығы училищесін бағбан мамандығы бойынша бітіреді [4]. Білімін жетілдіру үшін Самара қаласындағы бірінші дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне емтихан тапсырады, бірақ 250 талапкер ішінде Түркістаннан келген жалғыз қазақ баласы болғандығына қарамай комиссия оны оқуға қабылдаудан бас тартады. Тұрар 1915 ж. Түлкібастағы туыстарын паналайды. Бұл тұста Жетісу темір жолының Арыс-Әулиеата бөлігі салынып жатқан болатын. 1915 ж. темір жолдың Түлкібас бөлімшесінде Петербург институтының түлегі, инженер М. Тынышбаев басшылық жұмыстарда жүрген еді. Атақты Рысқұлдың талантты баласы Тұрардың Түлкібаста жүргендігін естіген М. Тынышбаев оны өзіне шақыртып алады. М. Тынышбаев Тұрардың ақыл-ойына, біліміне көңілі толып, қаржы беріп, оқуға аттандырады. Тұрар Мұхамеджан ағасының жақсылығын жадында сақтап, кейінгі жылдарда өзіне де, ұлы Ескендірге де көмектесіп тұрды [5].
Ташкентте Тұрар Мұғалімдер институтына оқуға түсуге талпынады. Түркістан өлкесіндегі училищелердің жұмысын бақылайтын инспектор Соловьевке арызданғанымен ештеңе шығара алмайды. Ресей империясының Халық ағарту министріне хат жазады. Ташкент маңындағы Красноводск ауылшаруашылық тәжірибе станциясында бір жылдай бағбан болып жалданып жұмыс істейді. Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясында сырттай оқып, 2-ші разрядты ерікті тыңдаушы куәлігін алады [6].
1916 ж. Тұрар көтеріліске шыққан халық жағында болды [7]. Көтеріліс кезінде Тұрар Ташкенттен Меркіге келеді. Көтерілістің өршіген тұсында Тұрарды жергілікті полиция тұтқындайды, бірақ кінәсін дәлелдей алмай, амалсыз босатуға мәжбүр болады. Патша полициясы Тұрардан саясатпен шұғылданбайтындығы туралы қолхат алады.
Ташкентке оралған Т. Рысқұлов 1916 ж. қыркүйекте Ташкент Мұғалімдер институтының директорынан қабылдау емтихандарын тапсыруға рұқсат алып, оқуға түседі [8]. Оқи жүріп, бағбандық жұмысын жалғастырады. Қаражат қыспағынан құтыла алмаған Тұрар 1916 ж. қазан айында институт директорына мынадай хат жазады: «Его Превосходительству Господину Директору Ташкентского учительского института от воспитанника Турара Рыскулова. Прошение. Желая обзавестись, в виду наступающей зимы, одеждой, как-то: калошами, одеялом, нижним бельем, а также учебными пособиями, но, не имея сколько-нибудь денег для приобретения таковых, честь имею просить Вась исходатайствовать, сколько можно, мне денежного пособия, так как у меня нет ни родителей, какого-нибудь значительного лица, от которых можно было бы ожидать помощи. 1916 г. 19 октября. Т. Рыскулов» [9]. Институт директоры жағдайын түсініп, Тұрарға 70 рубль бөлдіреді. Хаттың мазмұнынан Тұрардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының қаншалықты ауыр болғандығы айқын көрініп тұр.
Т. Рысқұлов Ресей империясын үш ғасыр билеген Романовтар әулетін тақтан тайдырған Ақпан революциясы хабарын Ташкентте жүріп естиді. 1917 ж. көктемде Меркіге келген Т. Рысқұлов үлкен жиынның үстінен түседі. Меркі жанындағы жотада қаруланған мыңға жуық орыс мұжықтары, екінші жотада қарусыз 5-6 мың қазақ тұр екен. Ал, село жанында Уақытша үкімет әкімшілігі мен халықтың бетке ұстарлары жиналған. Т. Рысқұлов қаруланған орыстармен сөйлессе, олар 1916 жылғы көтерілісте қазақтар малымызды ұрлап, егінімізді өртеді, сол үшін қазақтардан жарты миллион рубль контрибуция талап етеміз дейді, бермесе қару қолданбақ екен. Т. Рысқұлов орыс мұжықтарын көтерілістен кейін қырғынға ұшыраған қазақтардың малдарын иемденіп, «шығындарын» еселеп қайтарып алғандарын, сондықтан да олардың бұл талаптарының заңсыз екенін айтып айыптайды. Ал, қазақтарға ешқандай контрибуция төлемеуді, жергілікті басқармасының қазақ көшпелілерінен контрибуция өндіріп алу туралы әрекетінің заңсыз екендігін мәлімдейді. Ызаланған орыс кулактары Т. Рысқұловты айырмен түйреп өлтірмек болады. Меркі полициясы Т. Рысқұловты тұтқындап, басқармаға жеткізеді. Орыс пен қазақ арасында делдалдықта жүріп, пайда табуға тырысқан Қ. Әділбеков деген кісі Т. Рысқұловты Меркіден қумақ болады. Бұл туралы Қ. Сарымолдаев былай деп жазды: «Карабай Адильбеков являлся даже сторонником и инициатором уплаты казахами Меркинским крестьянам неправильной контрибуций, самовольно обложенной крестьянами, в сумме 500 000 руб. и не уплаченной только благодаря вмешательству Турара Рыскулова, вернувшегося из выселения после революции 1917 года» [10].
Т. Рысқұловтың Меркіге келіп қызу саяси істермен шұғылданып жатқанын естіген бала күнгі достары мен сауатты жастар Әулиеата, Пішпек, Талас, Шу, Қордай аудандарынан Меркіге ағыла бастайды. Т. Рысқұловтың жанына бірте-бірте Сыдық Абланов, Ысқақ Әсімов, орыс мұғалімі Андреев, Кененбай Бармақов, Мақсұт Жылысбаев, Кәрімбай Қошмамбетов, Мамыров, Жүзбай Мыңғыбаев, ағайынды Нұршановтар, Қабылбек Сарымолдаев, қырғыз Тұрдалы Тоқбаев, жалпы саны 30-дан аса қазақ, қырғыз және демократиялық көңіл-күйдегі орыс жастары жиналады. Т. Рысқұлов саяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде көшпелі халықтың саяси құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатымен «Бұқара» атты ұйымын құрады. Кейінгі жылдары өзгерген саяси ахуалдың ықпалымен ұйымның аты «Қазақ жастарының революциялық одағы» болған еді деп көрсеткен, ал 1925 ж. өзінің «Революция и коренное население Туркестана» атты жинағында ұйымның жарғысы мен бағдарламасын берген, 1930 ж. осы жинақтан алынған мәліметтер С.М. Диманштейн құрастырған жинаққа енген [11].
Т. Рысқұлов 1917 ж. жазда Ташкентке оралып, саяси процестерге белсене араласады. Ташкентте 1917 ж. 2-5 тамызда Түркістан өлкесін мекендеген қазақ пен қырғыз халықтарының алғашқы жалпы жиналысы болып өтті. Қазақ-қырғыз жиналысына Түркістан өлкесіне жақсы танымал көптеген ұлт қайраткерлері, атап айтқанда: М. Тынышбаев (төраға), М. Шоқай, барлығы 84 кісі қатынасқан [12]. Сырдария облысында ұйымдастырылатын қазақ-қырғыз кеңесіне мүшелікке Т. Рысқұлов, С. Өтегенов, Ә. Көтібаров, Е. Қасымов, И. Тоқтыбаев, С. Қожанов сайланды. Қазақ пен қырғыздың іс-әрекетін үйлестіру мақсатында Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз орталық кеңесі құрылады. Кеңестің төрағалық міндеті Е. Қасымовқа, ал хатшылықты жүргізу Т. Рысқұловқа тапсырылып, кеңестің құрметті төрағасы ретінде М. Шоқай тағайындалды [13].
1917 ж. 30 тамызда Ташкентте қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылып, оның хатшысы болып Т. Рысқұлов сайланады. Артынан қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі мен орыс шаруа депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі өзара бірігіп, Қазақ және орыс шаруа депутаттары кеңесінің Түркістан өлкелік атқару комитетін ұйымдастырады. Біріккен атқару комитетінің 6 мүшесі еуропалықтар болса, ал басқа 6 орынға мұсылман өкілдері сайланды. Қыркүйектің басында өткен біріккен комитет мәжілісінде М. Шоқай төраға болып сайланады [14].
1917 ж. қыркүйек айынан бастап бүкіл Ресейде де, Түркістан өлкесінде де большевиктер мен солшыл эсерлер күш ала бастайды. Т. Рысқұлов Ресейде болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырады. Қарашада Түркістан большевиктері мен солшыл эсерлері қарулы күшпен билікті тартып алады. Қараша айында Түркістанда екі үкімет пайда болады, бірі – Ташкенттегі орыс большевиктері мен солшыл эсерлері билеген кеңес үкіметі, екіншісі – Қоқан қаласындағы мұсылмандар үкіметі. Т. Рысқұлов Ташкент кеңесімен араласпайды, Қоқанға баратын қаржысы болмайды.
1918 ж. қаңтарда Құрылтай жиналысының қуып таратылуы, ал ақпан айында Түркістан автономиясының қиратылуы Түркістан қайраткерлерін қиын саяси жағдайда қалдырды.
1914 жылдан бері жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың қиындықтарына байланысты Түркістан өлкесінде азық-түлік тапшылығы қатты сезіле бастаған болатын. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен оны қарудың күшімен басу кезінде көшпелі қазақтардың шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ал, 1917 жылғы қос бірдей революциялық дүрбелеңнің кесірінен азық-түлік мәселесінде апатты жағдай қалыптасты. Әсіресе, аса ауыр жағдай Әулиеата уезінде орын алады. Әулиеата уезіндегі саяси-әлеуметтік процестерге өзінің тікелей араласуы қажеттігін түсінген Т. Рысқұлов 1918 ж. көктемде институттағы оқуын уақытша тоқтатып, Әулиеатаға аттанады [15].
Т. Рысқұлов «Бұқара» ұйымы мүшелерін Әулиеатаға шақырып, саяси жағдайды талқылайды. Ол кезде Әулиеатадағы билік еуропалық большевиктер мен солшыл эсерлердің қолында болатын, олардың арасында мұсылмандар жоқ еді. Т. Рысқұлов қазақ жігіттеріне саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған кеңес үкіметіне кіру керектігін, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу үшін басқа жолдың жоқтығын түсіндіреді. Осы күндері Т. Рысқұлов та, «Бұқара» ұйымының біраз мүшелері большевиктер партиясына мүшелікке өтеді. Т. Рысқұлов кейінгі жылдардағы жазбаларында партия қатарына «1917 жылы қыркүйекте өттім» деп көрсетеді, бірақ бұл саясат үшін айтылған сөз еді, өйткені азамат соғысынан кейін партия қатарына кімнің қай уақытта өткендігі үлкен рөл атқара бастаған. Сондықтан да, Т. Рысқұлов өзінің революцияға дейінгі партиялық стажын дәлелдеу үшін осылай көрсетуге мәжбүр болған. Ал, 1919 жылы күзде Түркістан кеңестерінің VIII съезінің делегаты ретінде толтырған анкетасында Т. Рысқұлов партияға 1918 жылдың басында өткенін айтады [16].
Т. Рысқұлов бастаған қазақ қайраткерлері тез күш ала бастайды. Әулиеата уезінің мұсылмандары да, большевиктері мен эсерлері де Т. Рысқұловты беделді саяси тұлға ретінде мойындайды. Уездің аштан қырыла бастаған көшпелі қазақ халқына көмектесу үшін Т. Рысқұлов биліктегі орыс революционерлермен келіссөздер жүргізеді. 1918 ж. 21 сәуірде Т. Рысқұлов Әулиеата қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырады. Съезде ашаршылықпен және жұқпалы аурулармен күрес, қазақ-орыс қарым-қатынасы, уездік кеңес құрамына қазақтар арасынан депутаттар сайлау туралы мәселелер талқыланады. Т. Рысқұлов қазақ съезінің шешіміне сәйкес Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі болып қабылданады. Уездік кеңестің ұлттық құрамының жергілікті халықтың пайдасына қарай өзгеруіне күш салады. 1918 ж. жазда Т. Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады.
1918 ж. сұрапыл ашаршылық Әулиеата уезін ғана емес, Түркістан өлкесін де тұтастай шарпыған еді. Ресейдің мақта өсіретін отар аймағына айналған Түркістанда астық аз егілетін, ал азамат соғысы жағдайында Ресейден тасылатын астық тоқтады да, халық қатты қырыла бастады. Орыс большевиктері мен солшыл эсерлерінен жасақталған Түркістан үкіметі өлкедегі бар астықты монополиялап, тек қаладағы орыс жұртшылығы мен солдаттарды ғана асырауға кірісті де, мұсылман халқын азық-түлік қорына жолатпады. Көшпелі қазақтың малы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бастады. Қолына қару ұстаған кез келген кезбе қорғансыз қазақты аяусыз тонауға кірісті. Өлкелік билік бұл қырғынға көз жұма қарап, ашықтан-ашық қолдау білдіріп отырды. Бұл қырғынды тоқтатудың жалғыз жолы – өлкелік билікке бару керек екенін Т. Рысқұлов жақсы түсінеді. 1918 ж. күзде Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің VI съезінде Т. Рысқұлов ТАКСР ОАК мүшесі болып сайланып, республиканың Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалады [17].
Т. Рысқұлов 1918 жылы 28 қарашада комиссарлық қызметтен бас тартып, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрады [18]. Ол кезде Т. Рысқұлов небәрі 24 жаста болатын, жастығына қарамастан қысқа уақыт ішінде үкімет құрамында үлкен бедел жинап, Түркістанға танымал қайраткерге айналады. Т. Рысқұловтың ұйымдастырушылық талантының арқасында орыс большевиктері мұсылман жұртшылығы ортасындағы сұрапыл ашаршылықты мойындап, азық-түлік пен ақша бөлуге мәжбүр болады. Аштықпен күрес комиссиясының республикалық, облыстық, уездік, болыстық және қалалық бөлімшелері ашылып, бүкіл республикада 1200-дей қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйлері, жұқпалы ауруларға арналған емханалар ашылады. Т. Рысқұловтың шақыруымен Түркістан өлкесінің 11 000 отаншыл жастары комиссия бөлімшелеріне тартылды. Бес-алты айға созылған арпалыстан кейін 1919 жылдың көктеміне қарай Түркістанда ашаршылықтың беті қайтты [19]. Төніп тұрған ажал тырнағынан статистикалық деректердің мәліметінше тура 1 000 000 адам құтқарылды [20]. Аштықпен күрес дегеніміз, ең алдымен ұлттың тұқымын сақтау жолындағы арпалыс болатын.
1919 ж. көктемде Т. Рысқұлов Түркістанда 1917 жылдың күзінен бері үстемдік етіп отырған еуропалық большевиктерді ауыздықтау жоспарын ұсынады, ол жоспарды іске асырудың тетігі – мұсылман коммунистерінің жеке саяси ұйымын құру болатын. Мұсылман қайраткерлері республиканың саяси билігін өз қолдарына алмай өлкенің экономикасы, елдің әлеуметтік жағдайы түзелмесі айқын еді. Түркістанның саяси билігін келімсектерден тартып алуды жоспарлаған Т. Рысқұлов аштық кезінде комиссияларда қызмет атқарған 11 000 отаншыл жастарды партия қатарына өтуге үгіттеп, мемлекеттік қызметке шақырады. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көпшілігі басқару ісінде тәжірибесіз жастар болатын, ал большевиктермен істесуден бас тартқан аға буын өкілдері мен олардың ықпалында болған сауатты жастар Т. Рысқұловтың шақыруына үн қатпай, саяси жағдайдың өзгеруінен үміттенумен болды. Расында да 1919 ж. көктемде Деникин армиясы Ресейдің оңтүстік аймақтарын, Колчак армиясы Орал мен Еділді, бүкіл Сібірді, қазақ даласының жартысын уысында ұстап тұр еді. Түркістанның Закаспий облысы түгелімен, Жетісу облысының солтүстігі ақтар қолында тұрды, Ферғанада қаруланған халық жасақтары мен қызыл гвардия арасында қанды қырғын болып жатты. Саяси жағдайдың қиындығына қарамастан Т. Рысқұлов Ресейдің орталық аймақтарын өз қолдарында берік ұстап тұрған большевиктердің азамат соғысында жеңіп шығатындығын айқын сезді де, большевиктермен жұмыс жасау тактикасын одан әрі жалғастырды.
Т. Рысқұлов 1919 ж. сәуірде ТКП ішінен жеке Мұсылман бюросын құрады. Т. Рысқұлов Мұсбюроны Түркістанды билеп отырған еуропалық большевиктермен тайталаса алатын ұйымға айналдырып, Түркістан мұсылмандарының жеке саяси партиясы дәрежесіне дейін көтереді. Монархиялық билік құлағаннан кейін Ресей мұсылмандары ашық және жасырын жағдайда көптеген саяси партиялар мен бірлестіктер құрған болатын, бірақ солардың ішінде нақты жұмыс істегені және саясатқа ықпалы болғаны Т. Рысқұлов ұйымдастырған Мұсбюросы болды. Мұсбюро бір жылдай өмір сүрді. Мұсбюро егеменді Түркі республикасын, Мұсылман армиясын құру бағытында күрес жүргізді [21]. Мұсбюро Түркістанның саяси өмірінде зор рөл атқарды. Мұсбюро 1917-1919 жж. Түркістанның саяси өмірі мен мемлекеттік басқару жүйесінде орнығып қалған шовинистік дәстүрлердің ірге тасына соққы берді, шовинистердің аса ірі өкілдерін Түркістаннан кетуге мәжбүр етті. Мұсбюро Түркістанның жергілікті халықтарынан мемлекет, партия, кеңес қайраткерлерін, сондай-ақ, ғылыми-шығармашылық интеллигенцияны, шаруашылық басшылары мен әскери мамандарды даярлап шығаратын орталық болды. Мұсбюроның белсенді қызметінің арқасында Түркістанда сауатсыздықты жою, мәдени-ағарту мекемелерін құру, жергілікті тілде баспа мен мерзімді басылымдар ұйымдастыру ісі табыспен жүргізілді. Мұсбюро қираған өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, әсіресе оның негізгі саласы – мақта шаруашылығын қалпына келтіру ісінде, мал шаруашылығын, егіншілікті ұйымдастыруда орасан зор жұмыстар атқарды.
РК(б)П ОК Түркістандағы саяси оқиғаларға қырағы бақылау жасап отырды. Орталық Т. Рысқұлов басқарған Мұсбюроның ұлт мәселесі бойынша ұстанған саясатынан қатты қауіптенеді. Негізгі халқы ислам дінін тұтынып отырған Түркістан өлкесінің тізгінінен айырылып қалудан сескенеді. Осылайша, Түркістанның өз ішіндегі саяси күресте жеңіп шыққан Т. Рысқұлов бастаған мұсылман коммунистері келесі кедергіге, РК(б)П ОК-нің Мәскеуден Түркістанға арнайы жіберген эмиссарлық органы – Түріккомиссияға килікті. Түріккомиссия 1919 ж. 8 қазанда В.И. Ленин қол қойған қаулыға сәйкес құрылып, оның құрамына: Ш.З. Элиава, М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ф.И. Голощекин және Я.Э. Рудзутак сынды мүшелер кірді. Түріккомиссияға жүктелген міндеттердің ең бастысы – Түркістанға коммунизм принциптерін енгізу болатын. 1919 ж. 4 қарашада Түріккомиссия (М.В. Фрунзеден басқа мүшелері) Ташкентке келеді де, Түркістанның саяси өміріне белсене араласа бастайды. Түріккомиссия Түркістан майданының қолдауына сүйене отырып республикадағы саяси-мемлекеттік билікті өз қолына алуға тырысты.
1920 ж. 21 қаңтарда Т. Рысқұлов ТАКСР ОАК төрағасы болып сайланды [22]. Т. Рысқұлов – Түрікатком тарихында төраға болған жергілікті халықтың тұңғыш өкілі. Түрікатком төрағасы қызметінде 1920 жылдың 19 шілдесіне дейін қызмет атқарды. Т. Рысқұлов Түрікаткомды Түркістанның тарихи-объективті жағдайын басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды. Комиссариаттардың қызметі Түркістанның жергілікті халықтарының тұрмыс ерекшеліктері мен салт-дәстүріне сәйкестендіріп қайта құрылды. Республикасының заң актілері мен заңдық күші бар қаулыларын әзірлеуге және оларды қабылдауға, орасан зор көлемдегі әкімшілік-ұйымдастырушылық және бюджеттік сипаттағы практикалық мәселелерді шешуге, конституциялық және жеке заңдардың сақталуы мен орындалуын қадағалауға, үкімет мекемелері мен түрліше комиссариаттардың қызметін біріктіріп, бір ізге салуға басшылық жасады. Патша үкіметінің отарлық саясатының зардаптарын жоюға күш салды, орыс мұжықтары мен орыс-казактары тартып алған көшпелі қазақтардың ата қоныс жерлерін иелеріне қайтаруға қол жеткізді. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдени шараларға көп көңіл бөліп, бұл салалардағы мекемелердің қалыптасып, тұрақты да жемісті жұмыс істеуіне қолғабыс жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің босқындарына көмек көрсетті.
Т. Рысқұловтың Түрікатком төрағасы қызметінде атқарған қызметінің ең бастысы және маңыздысы – Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресі болды. Түркістанды түрік тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл саясатты іске асыру үшін Т. Рысқұловқа Түріккомиссиямен, Түркістан майданы Революциялық-әскери кеңесімен және РК(б)П ОК-мен күресуге тура келді. Т. Рысқұловтың есімі – Тұтас Түркістан идеясының баламасы іспеттес. Академик М. Қозыбаев осыдан 25 жыл бұрын: «…оның тек советтік шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысының көсемдерінің бірі екендігі сөзсіз. Т. Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сун-Ят-Сен, Д. Неру, Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер екені күмән тудырмайды» [23, 239-б.], – деп баға берген болатын.
РК(б)П ОК ұлт саясатына наразы болған Т. Рысқұлов 1920 ж. Түркістанның егемендігі мәселесімен Мәскеуге барып, В.И. Ленинмен қызу саяси тартыстар жүргізеді, сол үшін артынан қатты қуғындалды. Т. Рысқұловпен бірге Мұсылман бюросының барлық қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшыратылды. Мәскеуде Т. Рысқұлов пен А. Байтұрсынов бірігіп ұлт мәселесі бойынша В.И. Ленинге көлемді хат тапсырады [24]. Сондай-ақ, А. Байтұрсынов, М. Сұлтанғалиев және түркі халықтарының оншақты қайраткерлерімен бірге жалпытүркілік мәселелер талқыланған құпия кеңесін ұйымдастырады [25].
Түркістан Республикасының егемендігі мен Тұтас Түркістан идеясын көтергені үшін қуғындалған Т. Рысқұловты РК(б)П ОК 1920 жылы жазда Түркістаннан кетуге мәжбүр етті [26]. Т. Рысқұлов 1920 ж. қыркүйекте Бакуде өткен Шығыс халықтарының І съезіне қатысады [27]. Съезде ұлт және отар мәселесі бойынша негізгі баяндаманы РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі М. Павлович жасады. 1920 ж. 5 қыркүйекте Т. Рысқұлов М. Павловичтің баяндамасын талқылауға байланысты сөз сөйлейді. Съездің фракциялық мәжілістерінде Т. Рысқұлов РК(б)П-нің ұлт саясатын айыптап, саяси пікірталастар ұйымдастырады. Т. Рысқұлов съезге келген Кавказ, Түркістан, Сібір, Монғолия, Тибет, Персия және Үндістан делегацияларын ұйымдастырып, Ресейдің Шығыс халықтарына қатысты жүргізіп отырған саясатын қатаң сынға алады. Аталған делегациялардың 23 мүшесінің қолын қойдыртып В.И. Ленинге хат жолдайды [28].
1920 ж. 14 қазанда РК(б)П ОК Саяси Бюросы «БОАК мүшесі Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, «Түріккомиссияның барлық мүшелерінің пікірі алынғанға дейін Рысқұловты Ұлт істері жөніндегі халкоматы Коллегиясының құрамына енгізу туралы шешім кейінге қалдырылсын» деген қаулы шығарып, оны аталған халкомат құрамына жауапты жұмысқа жіберді [29]. Бірақ оған И.В. Сталин қарсы болып, Т. Рысқұловқа жұмыс бермей, Мәскеуден алыс ұстау үшін 1921 ж. 6-қаңтарда Әзербайжан ХКК төрағасы Н. Наримановқа хат жазып, Т. Рысқұловты орталықпен байланыс үшін кеңес беру құқығы бар комиссариаттың өкілетті өкілі етіп Бакуге жібереді. И. Сталин: «Оған көмек көрсетуді сұраймын. Егер оны партиялық съезге Әзербайжан делегаттарының бірі ретінде өткізсе, жұмыс үшін пайдалы болар еді. Одан басқа, ол Іс-әрекет кеңесінің мүшесі және оның бұл мекемедегі жұмысы да пайдалы болған болар еді» [30], – деп Т. Рысқұловтың алдағы жұмысын айқындап берді. Т. Рысқұловтың РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Әзербайжан Республикасындағы өкілетті өкілі қызметін 1921 жылдың қаңтар-сәуір айларында ғана атқаруға мүмкіндігі болады. Өйткені, Бакуге кетер алдында Мәскеуде Т. Рысқұловтың жұбайы мен үш айлық баласы Ескендір жұқпалы ауру жұқтырып, отбасын Түркістанға әкеліп орналастырады. Т. Рысқұловтың өзі де науқастанады. Бакуде Т. Рысқұлов қосымша өкпе ауруын жұқтырып алады. Қатты науқастанып жүргеніне қарамастан Т. Рысқұлов 1921 ж. ақпанда Әзірбайжан Компартиясының ІІІ съезіне, наурызда Мәскеуде өткен РК(б)П Х съезіне, сондай-ақ, Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесіне қатынасып, ұлт мәселесі бойынша баяндамалар жасайды. ІІ кеңесте РК(б)П ОК-ның түркі халықтарына қатысты жүргізіп отырған саясатын «қызыл империализм» деп айыптайды [31].
1921 ж. сәуірде науқасы асқынған Т. Рысқұлов қымызбен емделу үшін Бакуден Ташкентке қайтуға мәжбүр болады. Түркістанға келіп 1921 жылдың қыркүйек айына дейін емделген Т. Рысқұлов толық жазылмаса да Москваға келеді. Т. Рысқұлов 1920 жылдың күзінен бері комиссариат коллегиясының мүшесі болатын. Бірақ Мәскеуде қайта науқастанған Т. Рысқұловтың денсаулығы комиссариаттағы қызметке жарамайды. Денсаулығына байланысты Т. Рысқұловтың РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының орталық аппаратында 1922 жылдың 11 сәуір – 15 мамыр, 17 шілде – 27 қыркүйек күндері ғана тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндігі болады. Науқасынан айыққан Т. Рысқұлов тек 1922 ж. шілде айының ортасынан бастап қызметке тұрақты кіріседі [32]. Т. Рысқұлов 1922 ж. жазда Мәскеу Шығыстану институтын тексеруден өткізіп, 1922-1923 оқу жылында Мәскеу Шығыстану институтына студенттер қабылдайтын Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы болды [33]. Т. Рысқұлов Шығыс халықтарының Орталық баспасын ұйымдастырады және баспаның алғашқы бас редакторы болды. Баспаны құру туралы құжаттардың барлығын өзі даярлайды [34]. Кейін ол баспадан қазақтың небір майталмандарының кітаптары шығады. Ол баспада ұзақ жылдар бойы Ә. Бөкейханов жұмыс істеді. Т. Рысқұлов Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университеті жанынан Жұмысшы факультетін аштыртады, осы оқу орнында өзі де дәріс оқиды [35]. Сондай-ақ, Т. Рысқұлов Мәскеудің орталығынан Шығыс еңбекшілерінің үйін аштыртып, оны Мәскеуге келген қазақ зиялыларының тұрақты жиналатын орталығына айналдырды [36]. Т. Рысқұлов 1922 ж. 16 тамызда РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Ұлттар кеңесінің мәжілісінде ашық дауыс беру жолымен комиссардың үшінші орынбасары болып сайланады. Дауыс берген 16 адамның барлығы тек Т. Рысқұловты ғана бірауыздан жақтап шыққан. Осыған қарамай, Саяси бюроның 1922 жылдың 24-тамызында өткен мәжілісінде халком И.В. Сталиннің жанындағы комиссариаттың кіші коллегиясын ұйымдастырып, Г.И. Бройдоны бірінші орынбасар, Т. Рысқұловты екінші орынбасар етіп бекіту туралы шешім қабылдады [37]. Т. Рысқұловқа комиссариаттың саяси және мәдени ағартушылық жұмыстарымен қатар, РКФСР-дегі жоғарғы оқу орындарымен жұмыс жүргізу тапсырылды [38].
1922 жылдың көктемінде қирап бара жатқан Түркістандағы халық шаруашылығын қалпына келтіру мен асқынған “басмашылықты” тоқтату үшін Т. Рысқұловты Түркістанға қайта жіберу мәселесі көтеріле бастады. И.В. Сталин 1922 жылы 14 мамырда Г.К. Орджоникидзеге жолдаған хатында: «…Түркістандық коммунистерді еркелете берудің қажеті жоқ, олар ондай құрметке лайық емес, соңғы екі жыл олардың барлығы жиылып жалғыз Рысқұловқа татымайтындығын айқын көрсетті, мен оның (Түркістанға) қайта оралуына қарсы емеспін» [39, 252-б.], – деп, Т. Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасына ерекше баға береді. 1922 ж. 18 мамырда өткен Саяси бюроның мәжілісінде И. Сталин «Түркістан-бұхар істері туралы» баяндама жасайды. Осыған орай қабылданған 9 пунктте: «Рысқұловтың науқасына байланысты оның Түркістанға қайтуы қабылданбасын», – деген шешім қабылданды [40]. Көп ұзамай, РК(б)П ОК-ның Ұйымдастыру Бюросы 1922 ж. қыркүйекте Түркістанның қираған шаруашылығын қалпына келтіру үшін Т. Рысқұловты Түркістанға қайтарып, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы етіп тағайындау туралы шешім шығарады. Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің 1922 ж. 8 қазандағы №442 қаулысына сәйкес Т. Рысқұлов ТАКСР Халкомкеңесінің төрағасы қызметіне кіріседі [41]. Бұл кезде Т. Рысқұлов небәрі 28 жаста еді.
Әдебиеттер және деректер тізімі:
3. ӨРОМА. Р-86-қ., 1-т., 1525-іс, 6-п.
4. ҚырРОМА. 69-қ., 1-т., 2-іс.
6. ӨРОМА. Р-86-қ., 1-т., 1525-іс, 7-п.
8. ӨРОМА. Р-86-қ., 1-т., 1525-іс, 79-п.
9. ӨРОМА. Р-366-қ., 1-т., 29-іс, 12-п.
14. Туркестанский курьер. – 1917. – 6 сентября. – № 199.
15. ӨРОМА. Р-366-қ.,1-т., 29-іс, 16-п.
16. ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 37-іс, 147–148-п.
17. ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 7-іс, 3-п.
18. ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 171-іс, 118–120-п.
21. Қоңыратбаев О.М. Мұсылман Бюросының құрылуы және оның 1919 жылғы көктем-жаз айларындағы қызметі (Коныратбаев О.М. Создания Мусульманского Бюро и его деятельность весной и летом 1919 года // Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» – 2018. – № 1 (13) (Январь-март). – URL: http://edu.e-history.kz/ru/publications.
22. Известия ТурЦИКа (Ташкент). – 1920. – 27 января. – № 18.
23. Қозыбаев М.Қ. Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар // Тұлғалар тұғыры / Құраст. І. Қозыбаев. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 540-б. (229–244-б.).
24. РӘСТМА. 5-қ., 3-т., 3-іс, 23-26-а.п.
25. Қоңыратбаев О.М. Түркі халықтарына ортақ түйткілді мәселелерді талқылаған құпия кеңес (Мәскеу, 1920 жыл). // ІV халықаралық «Фараби оқулары» (Қазақстан, Алматы. 2017 жыл, 4-12 сәуір). «Қазақстанның жаңа жаһандық жаңғыруы: «Алаш» және «Мәңгілік ел» идеялары»атты Халықаралық ғылыми-теориялық және әдістемелік конференция материалдары (6 сәуір, 2017 жыл) = ІV международные фарабиевские чтения. Материалы международной научно-теоретической и методической конференции «Казахстан в новой глобальной реальности: идеи «Алаш» и «Мәңгілік Ел. 6 апреля 2017 г. – Алматы: әл-Фараби ат. ҚазҰУ, 2017. – 108-114-б.
26. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұлов және Тұтас Түркістан идеясы // «Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы: тәуелсіздікке бастар жол» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Абай атындағы ҚазҰПУ, 17 маусым, 2011 жыл = «История национально-освободительных движений: путь к независимости». Материалы республиканской научно-теоретической конференции. – Алматы: КазНПУ имени Абая, 2011. – 33–41-б.
27. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұлов Шығыс халықтарының І съезінде (Баку қаласы, 1920 жыл, қыркүйек) // ҚР ҰҒА құрметті академигі, т.ғ.д., профессор Талас Омарбековтың 70 жылдығына арналған «Қазақ тарихына жаңа көзқарас» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары = Материалы международной научно-теоретической конференции «Новые взгляды на историю Казахстана», посвященной 70-летию Почетного академика НАН РК, д.и.н., профессора Таласа Омарбекова. КазНУ им. аль-Фараби, г. Алматы, 1 июня 2018 года. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Алматы қаласы, 2018 жыл, 1 маусым. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 249–254-б.
28. РӘСТМА. 61-қ., 1-т., 10-іс, 7-п.
29. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 115-іс, 3-п.
30. РӘСТМА. 558-қ., 1-т., 5564-іс, 1-2-п.
31. РӘСТМА. 583-қ., 1-т., 8-іс, 65–68-п.
32. РФМА. 1318-қ., 1-т., 16-іс, 121–137-п.
33. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұлов және Мәскеу Шығыстану институты // Қоғам және дәуір. – 2012. – № 1. – 67–73-б.
34. РФМА. 1318-қ., 1-т., 17-іс, 134-п.
35. РФМА. 1318-қ., 1-т., 17-іс, 138-а.п.
36. РФМА. 1318-қ., 1-т., 17-іс, 178-п.
37. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 309-іс, 4,11-п.
38. РФМА. 1318-қ., 1-т., 9-іс, 70-71-п.
39. Большевистское руководство. Переписка. 1912–1927. Сборник документов / Составители: А.В. Квашонкин, О.В. Хлевнюк, Л.П. Кошелева, Л.А. Роговая. – М.: РОССПЭН, 1996. – 423 с.
40. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 293-іс, 3,9-10-п.
41. Туркестанская правда (Ташкент). – 1922. – 4 ноября. – № 90 (246). – С. 1.
42. Первая экономическая конференция Средне-Азиатских Республик – Туркестана, Бухары, и Хорезма. 5-9 марта 1923 г. Стенографический отчет. – Ташкент, 1923.
43. Туркестанская правда. – 1923. – 27 марта. – № 64 (355). – С. 2–6.
44. ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 369-іс, 162-п.
45. ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 417-іс, 99-п.
46. Рыскулов Т. Наши студенты в Германии // Туркестанская правда. – 1923. – № 257. – 2 декабря.
47. ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 369-іс, 59-п.
48. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 408-іс, 3-п.
49. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 414-іс, 7-п.
50. Рыскулов Т. Восстание в Средней Азии и Казахстане. В 2-х частях. – Кзыл-Орда: 1927. – 124 с.
51. Рыскулов Т. Революция и коренное население Туркестана (Сборник главнейших статей, докладов, речей и тезисов). Часть 1. – Ташкент: Узгосиздат, 1925. – 218 с.
52. РӘСТМА. ИККИ-495-қ., 65а-т., 11021-іс, 1–8-п.
53. Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан, 1996. – 464 б. (С. 284.).
54. Шілдебай С. Тұрар Рысқұлов және Қазақстан // Абай атындағы ҚазҰПУ хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. – 2011. – № 2 (29). – 119–125-б.
55. ҚРПА, 141-қ.,1-т., 486-іс, 111-п.; 1039-іс, 174-п.
56. РӘСТМА. 17-қ., 67-т., 327-іс, 145–146-п.
57. ҚРПА, 141-қ., 1-т., 492-іс, 106-а.п.
58. ҚРПА, 141-қ., 1-т., 486-іс, 147-п.
59. РӘСТМА. 17-қ., 3-т., 562-іс, 7-п.
60. ҚРПА, 141-қ., 1-т., 487-іс, 1–3-п.
61. Қазбек М., Маймақов Ғ. Құпия кеңестер. – Алматы: Санат, 1999. – 336 б.
62. Турар Рыскулов – Заместитель Председателя Совета Народных Комиссаров РСФСР. Председатель Комитета Содействия по постройке Туркестано-Сибирской железной дороги. / М. Алиев, У. Абдирман, И. Шуваев, С. Сарсекеев, К. Шайсултанов. – Алматы: 2007. – 312 с.
63. Қазақ қалай аштыққа ұшырады: қасіретті жылдар хаттары. – Алматы, 1991. – 152–205 бб.
64. ЦК РКП (б) – ВКП (б) и национальный вопрос. Книга 1. 1918-1933 гг. / Составители Л.С. Гатагова, Л.П. Кошелева, Л.А. Роговая. – М.: РОССПЭН, 2005. – 784 с.
65. Хаустов В., Самуэльсон Л. Сталин, НКВД и репрессии 1936-1938 гг. – М.: РОССПЭН, 2009. – С. 143.
66. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің күндерегі. Биохроникалық зерттеу. 1 том (1894-1919 жж.). – Тараз: «Формат-Принт» баспасы, 2014. – 107 б.
67. Қоңыратбаев О.М. Қазақтың тарлан ұлдары – Әлихан мен Тұрар (Қысылтаяң заманда бір-біріне тірек болған тұлғалар). // Қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, Алаш партиясы мен «Алашорда» автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Еуразияның түркі және мұсылман халықтарының саяси көшбасшылары: тұлғалар, идеялар, тағдырлар. ХХ ғасырдың басы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Алматы, Абай атындағы ҚазҰУ, 2016 жыл, 30 қыркүйек. – Алматы, 2016. – 154–158 бб.
68. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұлов және Орталық Азия студенттері // Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығына арналған «Жас ғалым – 2017» атты VІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының еңбектері. Қазақстан, Тараз, 2017 жыл, 30 наурыз = Труды VI Международной научно-практической конференции молодых ученых, студентов и школьников «Жас ғалым – 2017», посвященной 50-летию Таразского государственного педагогического института. Казахстан, Тараз, 30 марта, 2017 года. – Тараз қаласы: ТарМПИ баспасы, 2017. – 19–25 бб.
Авторлар: О.М. Қоңыратбаев, С.Қ. Шілдебай,
тарих ғылымдарының кандидаттары