Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ


Қаныш (Ғабдулғани) Имантайұлы Сәтбаев(12 сәуір 1899 – 31қаңтар 1964)

Көрнекті геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР ҒА ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, КСРО ҒА академигі 

Өмірбаяны

Қ.И. Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде (31 наурыз) Семей губерниясы Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі ҚР Павлодар облысының Баянауыл ауданы) орта жүз арғын руының қаржас (Сүйіндік) деген еліне жататын Имантай би Сәтбаевтың отбасында дүниеге келген. Сәби туған кезде оған Ғабдолғани деген есім беріпті, бірақ анасы Әлима оны еркелетіп Ғаныш, Қаныш деп атаған. Кейін бәрі баланы Қаныш деп атап кеткен екен. Кезінде ҚазКСР ҒА академигі Қ.Жұмалиев Қаныш Имантайұлы туралы бейнелі түрде былай деген еді: «Ол бала күнінен тау бөктерін тамашалап, шатқалдардағы тау ағындарына құлақ түріп, жазғытұрымғы қымыз іспетті шөптер мен гүлдердің иісі сіңген ауамен тыныстап өсті. Қазақстанның қатал да нәзік, тәкаппар да мейірімді табиғаты бауырына алып, қанатын қатайтты» [1].

Ол анасынан ерте айырылып, жастайынан білімге құштар болды.  Қаныш алдымен араб тілінде оқытатын ауыл мектебінде білім алып, кейін Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ гимназиясында оқиды. Оның сыныптастарының арасында кейін қуғын-сүргінге ұшыраған атақты қазақ драматургы, прозашы және ақын Ж. Аймауытов болды. Одан кейін оның өмірінде немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы А.З. Сәтбаев (1937 жылы ол атылады) басқарған Семей мұғалімдер семинариясындағы кезең басталады. Семей қаласында Қаныш Сәтбаев А. Байтұрсынов, М.Дулатовпен, демократ ақын С.Торайғыровпен кездескен, ал М. М. Әуезов және Ә. Марғұланмен бірге оқыған. Семинарияда атақты ағайынды-өлкетанушы Белослюдовтар, ерлі-зайыпты ағартушылар – Назипа және Нұрғали Құлжановтар сабақ берді.

           Жас талаптың денсаулығы сыр бергендіктен, диплом алу үшін емтиханды мерзімінен бұрын тапсырады. 1920-1921 жылдары Сәтбаев туған өлкесіне оралып, асқынған туберкулез дертінен қымыз ішіп емделеді. Осы кездерде ол  Шәрипа Омаровға үйленіп, ол некеден Ханиса атты қызды болады. Болашақта Ханиса Қанышқызы медицина ғылымдарының докторы, С.Н. Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің құрметті профессоры, Қазақ ССР ғылымға еңбек сіңірген қайраткері.

1921 жылы Сібір технологиялық институтының студенті, кейін тұңғыш қазақ математика профессоры А. Ермековтің арқасында жас Қаныш томскілік геология профессоры, болашақ академик М.А. Усовпен кездеседі. Бұл кездесудің Қаныш тағдырындағы мәні зор.

           «Сәтбаевтың 1921 жылдың ортасында Баянауылда қымыздан шипа іздеп келген Томск технологиялық институтының профессоры М.А. Усовпен кездесуі оның тағдырында шешуші рөл атқарды. Оның геология жайлы әңгімелерінің 22 жасар жігітті қызықтырғаны соншалық, Сәтбаев 1921 жылы халық судьясы лауазымын тастап, Томск технологиялық институтына түседі» деп жазады Томск қаласындағы Қ.Сәтбаевтың студенттік жылдары туралы кітаптың авторы И.Т. Лозовский [2].  

Сібір технологиялық институтының студенті болған ол өзінің өмірлік мұратына айналған жолға біржола түседі. Соғыс кезінде күйреген қала өмірі енді ғана өз арнасына түсе бастаған еді. Азық-түлік, отын, киім жетіспейтін. Әсіресе студенттердің жағдайы ауыр болды. Осындай қиын уақытта Қаныш М. Усовтан зор қамқорлық көреді. Ұстаз бен шәкірт арасында әке мен ұлдың туыстық қарым-қатынасындай жылылық орнайды. Қаныш Томскіде ауыр науқастанып қалғанда, Усов жұбайымен оны өз үйлеріне көшіп келуге көндіреді. Осы кезде, Томскіде Қаныш өзінің екінші жұбайы, технологиялық институттың тау-кен факультетін  алдағы кезде өзімен бірге бітіретін Таисиямен танысыды.«Егерде Қаныш Ұлытаудың ұлан-байтақ даласында тоқтамай жас бүркіттей самғаса, бұған себепкер болған оның жұбайы Таисия Алексеевна еді. Бұл махабаттың, достықтың, рухани жақындықтың, ортақ мақсатқа тынымсыз ұмтылыстың белгісі еді. Ол әйелі, досы және одақтасы болды..» деп жазады кейнінен белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Салықов. Бұл некеден екі қыз туды. Мейіз Қанышқызы ата-анасының артын қуып, геолог мамандығын таңдап, осы салада ғылым докторы атанды. Өкінішке орай, екінші қыз – Марияш, 12 жасында өмірден озды.

1926 жылы Қ.И. Сәтбаев Томск технологиялық институтын табысты аяқтап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы ретінде халық шаруашылығы Орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі.  Қаныш әлемдегі ең ірі мыс кен орны Қарсақпайда екендігін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын  сол жерде өткізеді.  Мұнда ол «Атбасцветмет» трестінің геология бөлімін басқарды. Оның құрамына Қарағанды көмір бассейні, Успенский мыс руднигі, Спасск мыс балқыту зауытын қамтыған Спасск комбинаты мен  салынып жатқан Қарсақпай мыс балқыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары, Жезқазған мыс кеніштері мен Қорғасын кен орнынан тұратын Қарсақпай комбинаты кіретін.

Жас маманға Жезқазған-Ұлытау ауданында пайдалы қазбалар қорларын жоспарлы түрде анықтау бойынша алғашқы стационарлық геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу сынды маңызды міндет жүктелді.

Жергілікті табиғат жағдайына келер болсақ, ұзақ аптап айларында даланың күйіп кететіні соншалық, күзде ол қатал ғана емес, жансыз сияқты көрінетін… Сәтбаев өзінің келешек жұмыс орнын алғаш осылай көрген еді. Атбасар тресінің КСРО ХШЖК Орталық мұрағатында сақталған мұрағаттық құжаттарында сол кездегі Жезқазғанның сыртқы дүниемен байланысы туралы баяндалады: «…Мұнда жолдар мүлдем жоқ. Сенімді байланыс – жергілікті халықтың қолында бар түйелер ғана» [3]. Сол уақыттың шынайы жағдайын елестету үшін жазушы және Қаныш Сәтбаев өмірбаянын зерттеуші М.Сәрсекеевтің кітабынан келесі үзінділерді келтірсек жеткілікті: «… жақын темір жол стансасына дейін төрт жүз отыз шақырым, су жоқ, айнала жансыз дала, халық саны аз және жаппай сауатсыз. Орталық қалалардың жалдамалы жұмысшыларына үміт арту керек пе? Жоқ, олар Қарсақпайда ары кетсе бірнеше ай ғана шыдап тұрар. Бұл өңірдің тіршілігін, зауыт тәртіптерін шын мәнісінде түсінгенде кезде-ақ безіп кетеді (…). Мыс балқыту үшін көп отын қажет. Оны қайдан алуға болады? Бәлкім, Қарағанды көмірін сенімді отын базасы ретінде атарсыз? Бірақ оған дейін жеті жүз шақырымнан астам…»[4].

Ұлы ғалымның өмірбаяны үлгі етерлік мысалдарға бай. Азаматтық адамгершілік пен ғылыми адалдық, діттеген мақсаттарға жетудегі қажыр-қайрат пен табандылық, ғылыми зерттеулердегі бірегейлігі, айналасындағыларға мейірімді қарым-қатынасы сияқты сипаттар үлкен өмірге аяқ басқан жастар үшін тамаша үлгі бола алады.

Бұл туралы КСРО Ғылым академиясының академигі Д.И. Щербаков былай деп жазды: «Қ.И. Сәтбаев дұрыс жолды таңдау және белгіленген мақсаттан айнымау қабілеттеріне ие еді.  Қазақстанның шексіз даласында дүниеге келген ол сол қатаң табиғаттың өмір сүру мен жеңіс үшін күрес дағдыларына үйрететін қасиеттерін бойына сіңіре білді. Ол өзінің туған өлкесіне сүйе білді, оны жасаған геологиялық үдерістердің қуатына тәнті болып, жер қойнауының шексіз байлығына сенді» [5].

Отызыншы жылдары қазақ даласында жаппай аштық басталғанын тарихтан білеміз. Көптеген ауылдар қаңырап бос қалды. «Қаныш Имантайұлы туған елінің басына түскен ғаламат жұтқа бей-жай қарай алмады – ол бұрғылауға жеткендердің баршасын құтқарып, оларға уақыт түзелгенше қолдау көрсету керек деп есептеді.

Сол жылдары оның бөліміндегі жұмысшылар саны мыңға жетті. Әпкесінің ауылына кездейсоқ келген Қ.Сәтбаев киіз үйлерден аштықтан көз жұмған адамдарды көреді. Олардың бірінде ол шалажансар балаларға тап болады, олардың арасында өзінің жиентері де бар болатын. Ол барлығын алып кетуге бел буады. Осы кезде ол өзінің жұбайымен он тоғыз жас  Сәтбаевтарды қамқорлығына алады. Солардың бірі Кемал Ақышев кейін белгілі археолог, ғылым докторы болып, Алматы маңында жүргізілген қазба жұмыстарында «Алтын адамды» тапқан [6].

1932 жылы Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» атты алғашқы ғылыми монографиясын жариялайды. Осы уақытта Жезқазған кендерінде ағылшын мамандары мен ХКК жанындағы Геологиялық комитет қызметкерлері айтқандай 60 мың тонна емес, 2 млн. тоннадан астам мыс бар екендігі анықталады. Бұл Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми болжамының дәлелі болды. 1934 жылы КСРО ҒА сессиясында Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған-Ұлытау ауданының мыс, көмір, темір, марганец кендері және басқа да пайдалы қазбалары» атты баяндама жасап, онда Жезқазған кен орнының және бүкіл ауданның бай перспективаларын жан-жақты негіздейді. В.А. Обручев бастаған Мәскеу ғалымдары жас ғалымның сөзсіз жеңісіне көз жеткізді.

1934 жылы желтоқсан айында Қ.И. Сәтбаев Үлкен Жезқазған комбинатын салу идеясын қолдаған Серго Орджоникидзенің қабылдауында болады. 1936 жылдың 25 наурызында  ауыр өнеркәсіп халық комитетінің төрағасы Серго Орджоникидзе Жезқазған мыс балқыту комбинатын салу бойынша дайындық жұмыстарының басталуы туралы бұйрыққа қол қояды.

Алайда С. Орджоникидзенің мезгілсіз қазасынан кейін 1937 жылдың басында жобалық жұмыстар тоқтап қалады. «Тек 1938 жылдың басында ғана мыс саласының басқарушы штабы түбегейлі қайта құрылып, Қ.И. Сәтбаев Жаңа ауыр өнеркәсіптің жаңа наркомы Л.М.Кагановичке шақырылады да, 1938 жылдың 10 ақпанында Жезқазған үшін тарихи мәнге ие КСРО НКТП бойынша №50 бұйрық дүниеге келді. Онда жоғары өндірістік қуатты жаңа Үлкен Жезқазған комбинатын жобалауға шұғыл кірісу қажеттігі туралы айтылды [7].

Өзінің еңбек жолын қарапайым инженер-геолог ретінде бастаған жас Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның минералдық ресурстарын игеру перспективасына күмән келтіргендердің баршасымен күрес жолына түседі. Жезқазған мыс кен орнының болашағы жоқ деген түбегейлі пікірге қарамастан, осы кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру қажеттілігін дәлелдеу, оларды өзі басқару және сайып келгенде кен орнын тау-кен алыбы болған әлемдік уникумдар қатарына шығару үшін қандай азаматтық жігер, қандай айнымас сенім мен күшке ие болу керек еді.

Мұны Қ.И. Сәтбаевтың 1939 жылғы 31 қаңтардағы БКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Лазар Моисеевич Қагановичке жолдаған хаты растайды: «Ардақты Лазарь Моисеевич! Кеше Наркомтяжпромның ірілендірілгені туралы радио арқылы хабарлама алдық. Жалпы мемлекеттік тұрғыдан алғанда, бұл партия мен Үкіметтің қажеттілікке байланысты қабылдаған шарасы болғанмен, Сіздің түсті металл өнеркәсібі басшылығынан кетуіңіз біздің Жезқазғанның келешек тағдырына деген алаңдаушылығымызды тудырады. (…) Түсті өнеркәсіп Наркоматының жаңа басшылары Жезқазғанның елдегі ең сенімді әрі өзекті мыс базасы ретіндегі маңызын түсіне алар ма екен… Сізге адал геолог Сәтбаев» [8].

Өзінің көп салалы қызметінде Қаныш Имантайұлы тек геологиялық барлау жұмыстарымен ғана шектелген жоқ, ол геология ғылымының барлық салалары бойынша ауқымды әрі жан-жақты жұмыстармен айналысты.

Өндірістің толассыз мәселелерін шешумен қатар Қаныш Имантайұлы өз еңбегінің нәтижелерін жариялауға да уақыт табатын. Жалпы Қ.И. Сәтбаевтың жарияланған еңбектерінің 130-дан астамы Жезқазған мәселесіне арналыпты. Ғылыми зерттеулерден бөлек Қ. Сәтбаев Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы ретінде танымал болды. Оның ғалым және ұйымдастырушы ретіндегі таланты КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалын басқарған кезде ашылды.

Алматыға көшіп келген соң Қ.Сәтбаевтың ондаған ғылыми еңбегі, 1942 жылы екі монографиясы жарық көрді. Олардың алғашқысы – «Қазақстан мен Кеңес Одағының мыс құмдары». Бұл еңбекті жазу үшін материалдарды ол Жезқазған қаласында жұмыс істеген жылдары жинаған болатын. Жұмыс көпті көрген жер қойнауын барлаушының көпжылдық бақылауларының қорытындысы ретінде жазылды.

Еңбектің практикалық құндылығы оның мыс кендерін жедел барлау және анықтау бойынша геолог-іздеушілерге арналған жалпылама қорытындылары және ұсынымдарымен негізделеді. Бұл мыс тапшылығы орнаған жылдарда әсіресе маңызды болды. «Қазақстанда қара металлургияның дамыту мүмкіндіктері туралы» деп аталатын екінші монографиясында автор республиканың барлық темір рудасы кен орындарының геологиялық сипаттамасын беріп, олардың ішінде металлургия өнеркәсібінің шикізат базасы бола алатын келешегі барларын көрсетеді.

Соғыс қарсаңында Сәтбаевтың «Жезқазған аумағының кен орындары» деген көлемді еңбегін аяқтайды. Оның алғашқы беттері сонау 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп», «Народное хозяйство Казахстана» журналдарында және басқа да басылымдарда жарық көрген болатын. Он бес жылдың ішінде бұл зерттеу ірі монографияға ұласты. 1942 жылы осы еңбегі үшін Қаныш Имантайұлы Мемлекеттік (Сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Шын мәнінде, бұл соғыстың ауыр күндерінде елге арзан мысты орасан зор мөлшерде өндірген Үлкен Жезқазған үшін берілген марапат еді. Бұл уақытта Сәтбаев – қырықтан астам жарияланған ғылыми еңбектің авторы. Олардың кейбірі диссертацияға татитын. Сондықтан 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия жұмыс жиынтығы бойынша Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді.

Соғыс уақытының қиын жағдайларында КСРО Ғылым академиясы Төралқасының түгелдей дерлік құрамы Қазақстанға көшірілді. «1941 жылдың ортасында КСРО Ғылым академиясы қызметкерлерінің балалары ғана емес, сонымен қатар көптеген академиктер отбасыларымен Қазақ КСР-інің Бурабай шипажайына, ал кейбір институттар, соның ішінде КСРО ҒА тарих, экономика, география институты — республиканың астанасы Алматы қаласына қоныс ауыстырды.

 Осылайша, кеңес ғылымының тамаша ақыл иелері Алатау етегіндегі қалада шоғырланды. Олар бір күнге немесе бір аптаға келген жоқ,олардың жылдар бойы осында жұмыс істеуіне тура келді. Солардың қатарында: металлургтер А.А. Байков және И.П. Бардин, геолог В.А. Обручев, кеншілер Л.Д. Шевяков және А.А. Скочинский, химик Э.В. Брицке, агрономдар Д.И. Прянишников және Н.В. Цицин, транспортшылар В.Н. образов, топырақтанушы Л.И. Прасолов, тарихшылар А.М. Понкратова және Н.М. Дружинин.

Қ.И. Сәтбаев эвакуацияланған ғалымдарға көңіл бөліп, қамқорлық көрсетті. Олар соғыс салдарынан туған шаңырағынан алыстап, қалыпты өмірінен ажыраған еді. Бұл қарт адамдардың күйкі тұрмыс-тіршілік жайлы уайымға салынбауына тиімді жағдай жасау керек еді. Тұрғын үй Алматыда тапшы, бос пәтер ешкімде жоқ, бірақ, егер филиалдың әрбір қызметкері баспанасынан орын берсе, сырттан келген маманға бір қуыс не бөлме табылар еді… Ал академиктерге барынша жағдай жасалды. Республика Үкіметі оларға Медеу шатқалындағы ең жақсы демалыс үйін баспана етіп бөлді» [9].

Қ.И. Сәтбаев өзінің қызу еңбегін елді фашизмнен қорғау жолындағы жұмысты ұйымдастыруға бағыттады. Қаныш Имантайұлының басшылығымен өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қазақстанда Жезді марганец рудаларының кен орны ашылып, іске қосылды.  Бұл кен орны Ұлы Отан соғысы жылдарында украиндық Никополь мен Грузиядағы Чиатур кен орнының уақытша қолдан шығып қалуына қарамастан, Кеңес Одағына броньды болат шығаруды жалғастыруға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында КСРО марганец кенінің 70,9% осы кен орнында алынды.

Дарынды ұйымдастырушы ретінде ол ғылымның жекелеген бағыттарын ілгерілетушілерді іріктей алды, олардың әрқайсысы кейін өзінің еңбектерімен және жаңалықтарымен Қазақстан ғылымын даңққа бөледі. Соғыстың қиын жылдарында Қ.И.Сәтбаев бірқатар ғылыми-зерттеу институттарын ашты, әскери қорғаныс тапсырыстарының ағымдағы өндірістік және басқа да өндірістік міндеттерін шешу және ғылыми зерттеулер жүргізу істеріне қоныс аударған ғалымдарды тартты.

Нұр-Сұлтанда өткен Қ.И. Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Рухани жаңғыру: тұлға мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашу сәтінде ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор С. Оздоев: «Қ.И. Сәтбаев өзінің пайдалы қазбалар геологиясы бойынша тамаша білімінің арқасында соғыстың алғашқы ауыр жылдарында броньді қалқан балқытуды маргенец рудасымен қамтамасыз ету арқылы металлургия зауыттарының кідірістері мен тоқтап қалуы мәселелерін шешті» деді [10]. 1943 жылдың күзінде Қ.И. Сәтбаев ғылымды дамытуға қосқан үлесі мен ірі ғылыми жетістіктері үшін КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Осы жылдары ол қазақстандық Магнитканы, Балқаш пен Атасу тау-кен комбинатын жобалау мен салу барысына ерекше назар аударды.

     1946 жылдың маусым айында Қ.И. Сәтбаев ұзақ уақыт бойғы дайындықтан кейін ашылған Қазақстан ҒА-ның тұңғыш Президенті болып сайланды. Сонау 1944 ж. Қ.И. Сәтбаевтың басшылығымен академияны құру бойынша Үкімет комиссиясы құрылып, оған КСРО ҒА Президенті С.И. Вавиловтың басшылығымен КСРО ҒА академиктерінен 11 адам кірген болатын. Академия құрылған кезде мұнда 18 ҒЗИ, 8 сектор, 7 тәжірибелік станция, 3 ботаникалық бақ болды. Қызметкерлердің жалпы саны 1400 адам, оның ішінде 57 ғылым докторы және 184 ғылым кандидаты болды.  

     Қ.И. Сәтбаев ғылымды басқару және Қазақстанның индустриялық дамуына қамқорлық жасау тұрғысында орасан зор ұйымдастырушылық қызметті өнеркәсіптік кешендерге тәжірибелік көмек көрсетумен ұштастыра білді. Ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химия-металлургия, тау-кен металлургия, ихтиология және балық шаруашылығы, эксперименттік биология, экономика, философия және құқық, әдебиет және өнер, тіл білімі сияқты жаңа академиялық институттар ашылды.

     Энциклопедиялық білімінің болуы оған үлкен ғылымның осы орталықтарын құруға тікелей араласуына мүмкіндік берді. Соғыстан кейінгі жылдары институтта геологиялық ғылымның металлогения, палеонтология, стратиграфия, геотектоника, минералогия, геохимия, геофизика, гидрогеология сынды барлық бағыттары қарқынды дами бастады. Бұл бағыттардың дамуы  Р. А. Борукаев, Н. Г. Кассин, А. К. Каюпов, И. И. Бок, И. П. Новохатский, Д. Н. Казанли, Г. ц.Медоев, Г. Н. Щерба, П. Я. Авров, П.Т. Тәжібаева, Г. Б. Жилинский, В. Ф. Беспалов, Н. К. Ившин, Г. Ф. Ляпичев, И. Ф. Никитин, С. М. Бандалетов С. А. Кенесарин, М. В. Тащинин, В. В. Галицкий, У. М. Ахметсафин, В. К. Монич, А. А. Абдуллин, Е. Д. Тапалов, В. М. Шужанов, Л. А. Мирошниченко, Пилифосов В. М., В. Н. Любецкий, М. С. Быкова және басқа көрнекті ғалым-геологтармен тығыз байланысты.

      Академик Қ.И. Сәтбаев қызығушылығының аясы өте кең болды және жаратылыстану ғылымдары шеңберінен шығып кетті. Ол қазақ тарихының, әдебиеттің, мәдениеттің, этнографияның, музыка мен фольклордың үлкен білгірі еді, Орталық Қазақстан аумағындағы археологиялық ізденістер, педагогика мен әдебиет бойынша еңбектері баршаға белгілі.

           Ол М. О. Әуезовтің «Абай жолы» романының маңызын бірінші болып бағалап, фольклор жинаушы А. Затаевичке 25 халық әнін берді, театр, өнер, мәдениет, жастарды тәрбиелеу бойынша көптеген жұмыстарды жазып қалдырды.

Сапар шеккенде еш нәрсе зерделі ғалымның назарынан тыс қалмайтын. Жергілікті тұрғындардан Алтын шоқы шыңында араб жазуы бар тас бар екенін ести сала, Қаныш Имантайұлы оны өз көзімен көруге барады. Бұл атақты Темірдің (Темірланның) бұйрығы бойынша оның қырғыз даласына жорығы туралы жазылған ескерткіш тақта болып шықты. Олжаға Эрмитаждың директоры академик Орбели қызығушылық танытып, 1936 жылы оны Ленинградқа әкетеді. Кейіннен жазба оқылып, мерзімі 1391 жыл деп анықталды. Бұл Темірдің Дешті Қыпшақ қаласына Алтын Орданың ханына қарсы жорығының тағы бір дәлелі болды» [11].

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы сөз етті. Содан сәл ертерек «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде ол Ұлытау «қазақ халқының алтын бесігі, қазақстандықтардың қастерлі тарихының куәсі» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы сондай-ақ Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханның тарихи рөлін ерекше атап өтті. Қ. Сәтпаевтың осы мәселеге байланысты Қазақстанның Халық шаруашылығы журналында жарық көрген «Жезқазған ауданындағы тарихқа дейінгі ескерткіштер» (1941 ж. №1) атты мақаласы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймағанын атап өткен жөн. Онда ғалым былай деп жазды: «Қазақ» ұлысының оңтүстікте Ұлы Моғол империясын, ал батыста – Алтын Орданың құрған түркі-татар тайпаларының қалдығынан XV ғасырдың алғашқы жартысында пайда болғаны белгілі».

Ұлытау тауларынан қазақ халқын құрайтын барлық негізгі тайпалардың аумақтары тарағандығы оның қазақтардың ежелгі саяси орталығы ретіндегі маңызын айқындайтын көрсеткіш болып табылады. Ұлытау қазақтарының ежелгі саяси орталығының болуы осы аудандағы материалдық мәдениет ескерткіштерімен де расталады. Кеңгір өзенінде, Басқағыл тауынан оңтүстікке қарай, Жезқазған қаласынан 65 км қашықтықта, беті жылтыратылған, пішіні мен көлемі жағынан «Алтынорданың стиліне» жақын күйдірілген төртбұрышты кірпіштен салынған үш ескі қорым (кесенесі) сақталған. Халық аңызы бұлардың Алашахан, Шыңғыс ханның ұлы Жошы мен Домбауыл есімді сарай сазгерінің молалары екендігін айтады[12]. Осылайша, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, индустриялық Қазақстан мен тұтастай отандық ғылымның қалыптасуына ғана емес, сонымен бірге тарих саласының дамуына да өз үлесін қосты. Айта кететін жәйт,  Шәмшия Қанышқызы Сәтбаева белгілі  әдебиет зерттеуші, филологиялық ғылыми докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының — корреспондент мүшесі, Ұлттық Ғылым Академиясының Ш. Ш.Уәлиханов  атындағы сыйл. лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер.

Академик Қ.И.Сәтбаев ұлы да қарапайым адам болды. Табиғат оған сұңғақтық пен сұлулық сыйлады, мейірбан, зиялы, шешен адам еді. Ол көптің ішінде ерекше көзге түсетін, оны байқамау және ұмыту мүмкін емес-тін. Мысалы, 1947 жылы кеңес парламентарийлері құрамында Англияға барған кезде, У. Черчилльдің ресми қабылдауында ұлыбританиялық экс-премьер-министр одан: «Қазақтардың барлығы Сіз секілді алып тұлғалы ма?» деп сұрағанда, Қ.Сәтбаев: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, менің халқым менен әлдеқайда биік!..» деп жауап берген екен [13].

Қ.И. Сәтбаев ең алдымен геологиялық ғылым саласындағы ірі ғалым болды және солай болып қала береді. Ол Қазақстанда металлогения мектебін құрып, өзі басқарды. 1958 жылы академик Қ. И. Сәтбаев бастаған қазақстандық геолог-ғалымдар тобы әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдессіз Орталық Қазақстанның болжамдық металлогениялық карталары мен әдіснамалық негізін әзірлегені үшін Ленин сыйлығына ие болды. Бұл жұмыс қазақстандық ғалымдар мен Қ.И. Сәтпаев мектебінің рөлін дүние жүзіне танытты.

           Академик Қ.И. Сәтбаев Қазақстанның халықаралық байланыстарының қалыптасуы мен дамуына, қазақ ғалымдарының Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан ғалымдарымен ынтымақтастығын нығайтуға және тереңдетуге көп күш-қуат жұмсады. Бұл саладағы Қ.И. Сәтбаевтың еңбегі КСРО ҒА Төралқасының мүшесі болып сайлануымен жоғары бағаланды. Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасы шын мәнінде орасан зор. Ол металлогения, минералогия, геохимия, пайдалы қазбалар, стратиграфия, тектоника, география, экономика және басқа да ғылымдар саласындағы 600 жарияланымнан тұрады. Бірақ оның ғылыми шығармашылығындағы басты бағыт пайдалы қазбалардың металлогения проблемалары болды.           

Қ.И. Сәтбаев КСРО-да геология ғылымының дамуына және Қазақстанда ғылымның қалыптасуына зор үлес қосты. Қазақстан Ғылым Академиясын басқарған кезде оның құрамында көптеген бейінді ғылыми-зерттеу институттары табысты жұмыс істеді. Ол 1946 жылы КСРО ҒА академигі болып сайланды. «Академик Қ.И. Сәтбаев Тәжікстан ғылымының дамуына да елеулі үлес қосты. 1951 жылы Тәжікстан ға бірінші ұйымдастыру сессиясында ол Тәжік КСР ҒА құрметті мүшесі болып сайланды.

Қ.И. Сәтбаев Тәжікстанның Геология және сейсмология институттарының ғылыми қызметіне қатысты мәселелерді талқылау үшін Тәжікстанға келді. Ол сондай-ақ Қазақстан геологиялық ғылымдар институтының ғылыми-зерттеу қызметімен танысу үшін осы институттардың ғалымдарын Қазақстанға бірнеше рет шақырған болатын. Кейінгі жылдары Тәжікстаннан келген бірқатар ғалымдар Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады.

         Академик Қ.И. Сәтбаевтың 100 жылдығына орай Тәжікстан Республикасы ҒА Геология институтында 1999 жылдың наурыз айында өткен мерейтойлық конференция Екі елдің геологтары достастығының жарқын мысалы болып табылады. Онда тәжікстанның жетекші ғалымдары ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде баяндама жасады. Осылайша, академик Қ. Сәтбаев ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы болды. Ол Қазақстанның геологиялық ғылымы мен минералдық-шикізат базасының қалыптасуында ғана емес, сонымен қатар Орта Азияның басқа да өңірлерінің қалыптасуында терең із қалдырды деуге болады» [14].

           Қаныш Сәтбаев адамдардың талантын танып, жастарды дұрыс жолға бағыттай білді. Ол сонымен қатар, бірқатар жастарды ғылымға әкеліп, тәрбиеледі. Ол дайындаған ғылыми кадрлар кейіннен ірі ғалым болып қалыптасып, Қазақстан ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосқаны белгілі. Осындай адамдардың бірі – ғалым-энергетик Ш.Ш. Шөкин. 1943 жылы Шапық Шөкіұлы Сәтбаевтың талабы бойынша «Қазсельхозэлектро» трестінен КСРО Қазфан энергетика секторының меңгерушісі болып ауыстырылды. Кейіннен Шөкин қазақстандық энергетикалық ғылымның негізін қалаушы болды.

           Шөкиннен басқа Қаныш Сәтбаев академик Ә. Марғұланды ғылымға алып келді.  Әлкей Хаканұлы кейіннен ірі ғалым-археолог және қазақстандық археологиялық ғылымның негізін қалаушы болды. Сәтбаев геолог Ш.Е. Есеновтың талантын бағалап, кейіннен оны Қазақ КСР Геология министрі қызметіне тағайындауға ықпал етті.  Қаныш Сәтбаев сондай-ақ Е.А. Букетовты да ғылымға алып келіп, оны 1960 жылы Қазақ ССР ҒА химия-металлургия институтының директоры етіп тағайындады. Кейін Евней Арстанович химия ғылымында бірқатар ірі жаңалықтардың авторы және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жас инженерлік және техникалық кадрларды даярлауға байланысты мәселелерге ерекше назар аударды.  Ол әрқашан жастар үшін қамқор тәлімгер және мейірбан ұстаз болды.

Барлық атақты адамдар сияқты оның өмірінде де жеңістер мен жеңілістер болды. 1946 жылдың аяғында Ғылым академиясы мен оның басшысы Сәтбаевтың үстінде «қара бұлт үйіріле» басталды. Кейінгі жылдары Академияның биологиялық бейіндегі ғылыми мекемелерінде көптеген комиссиялар мен тексерістер орын алды.

             1951 жылы ол ұлтшыл, партияға кірген кезінде әлеуметтік шығу тегін жасырды, ұлтшылдарға қамқорлық көрсетті және 1917 жылы «Алаш-Орда» үкіметінде үгітші болғанын жасырды деп айыпталып, өмірінде ауыр күндерді басынан өткерді.  Осыдан кейін Қазақстан КП ОК бюросы 1951 жылдың 23 қарашасындағы өз шешімімен оны Президент қызметінен және Қазақ КСР Ғылым академиясы Төралқасының мүшелігінен алып тастады. Осыдан кейін Сәтбаев ҚазКСР ҒА Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметінен босатылуы мүмкін еді. Оның басшылық жасау стиліне сын айтыла бастады. Наразы тұлғалар жоғары жаққа шағым жазды, соның салдарынан институтқа түрлі комиссиялар мен тексерулерге келе бастады.

Сәтбаевтың жеке өзі жақсы білгендіктен, ең бастысы оның кәсібилігі мен еңбекқорлығын бағалағандықтан, қиын кезеңдерде КСРО ҒА толық мүшесіне Мәскеу қолдау көрсетеді. КСРО ҒА Президенті А.Н. Несмеянов оны КСРО Ғылым Академиясының Орал бөлімшесінің басшысы етіп бекітуді немесе КСРО ҒА Геологиялық-географиялық бөлімшесі төрағасының орынбасары лауазымын алуды ұсынды. Сәтбаев өз республикасына қажет екенін алға тартып, ұсыныстан бас тартады. Ол үйіне 1952 жылдың сәуірінде оралады. Қаныш Имантайұлы КСРО ҒА-ның қолдауының арқасында институт директоры лауазымын сақтап қалып, Орталық Қазақстанның болжамды металлогениялық картасын құру бойынша өз қызметін жалғастырады. Ал 7 жылдан кейін Орталық Қазақстанның металлогениясы бойынша басты ғылыми еңбегі Ленин сыйлығына ұсынылды. Сыйлыққа тек өзі ғана ұсынылатынын хабарлаған кезде ол бұдан үзілді-кесілді бас тартып, металлогениялық болжамды картаны әзірлеуге авторлар ұжымы қатысқанын мәлімдейді.

Қаныш Сәтбаев тұла бойымен интернационалист болды, адамды ұлтына қарап қолдау не көтеру оның ойына да келмейтін. Марапатталған 8 адамның арасында украин Новохатский, еврей Жилинский, осетин Медоев болды… 1954 жылы Қазақстан Компартиясы ОК басшылығы ауысқаннан кейін 1951 жылы Сәтбаевты айыптауға байланысты іс қайта қаралып, ғалым кінәсіз деп танылды. 1955 жылдың маусым айында Қаныш Имантайұлы қайта Қазақ КСР ҒА президенті болып сайланды. 1956 жылы ол Қазақстан КП ОК мүшесі болып сайланды.

Қазақстан аумағы арқылы Ертіс, Есіл, Орал, Сырдария және басқалары бар 2174 өзен ағып өтетіні белгілі. Алайда, өзендердің тек 5,5 пайызы ғана Орталық Қазақстанның үлесіне тиетін. Ғалым Ертіс-Қарағанды каналының құрылысын белсенді түрде қолдап, Кеңес Одағының түрлі инстанцияларында каналды жобалау ісін жандандыруға жан-жақты ықпал етті.

1959 жылдың жазында Қ. Сәтбаев КСРО Мемжоспар төрағасы А.Н. Қосыгиннің алдында канал салу қажеттілігін негіздеп, оның құрылысын жеті жылдық жоспарға қосуға қол жеткізеді.  Бүгінде бұл құрылыс Қ. Сәтбаев атындағы канал ретінде белгілі. Қ.И. Сәтбаев Маңғышлақ түбегінің табиғи ресурстарын кешенді зерделеуді, көмір, мұнай, газ, қара металлургия кендерінің жаңа кен орындарын зерттеуді жеке өзі басқарды.

          1937 жылы үш ағасының атылып кетуі, 1951-1952 жж.ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны кезінде Қазақстан Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылып, қуғанға ұшырауы сынды қысқа өміріндегі қайғылы оқиғалар Қаныш Имантайұлының денсаулығына әсер етпей қоймады. Академик Қ.И. Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу ауруханасында қайтыс болды. Ол небары алпыс бес жаста еді.

           Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп айтылады, ақындар оның есімін жырға қосты. Оның қайғылы қазасы бүкіл қазақ жерін күңірентті. Тек қазақ қана емес, бауырлас халықтар да қазақстандықтардың қайғысын бөлісті. Сол қайғылы күндері Алматыға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келіп жатқан телеграммалар легі көп болды. Мәскеу және Ленинград, Киев және Баку, Ереван және Тбилиси, Ташкент және Таллин, Рига және Вильнюс, Свердловск, Фрунзе, Новосібір, Владивосток, Жезқазған, Қаражал, Рудный – барлығы да ғалымның беймезгіл қазасына күйінді. Тек белгілі ғалымдар ғана емес, сонымен қатар қарапайым колхозшылар да, шопандар да, жұмысшылар да, инженерлер де аза тұтты.

Дарынды, біртуар тұлғалар секілді Сәтбаевтың өмір жолы жеңіл болған жоқ. Соның бәріне төтеп беру үшін ғұламалық пен қайсарлықтан бөлек, азаматтық ерлік те қажет болды. Қазақ халқының даңқты перзенті Қаныш Сәтбаевтің тұлғасында өмірін ғылым мен адамдарға арнаған тамаша ғалым мен ғажап адамның үздік қасиеттері жинақталды. Сірә, оның өмірі туралы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтан артық ешкім жеткізе алмас: «Ғылым мен қоғамның дамуындағы «Сәтбаев кезеңі» бізден алыстаған сайын оның көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, азамат және өз елінің патриоты ретіндегі тұлғасының ұлылығы, Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі зорая береді. Оның есімі халқымыздың жадында мәңгі қалады, тарихта алтын әріптермен мәңгі сақталады»[16].

Еңбегі

Кез келген мемлекеттің тарихы ұлы адамдардың іс-әрекеттері арқылы қашанда жарқын әрі әсерлі көрініс береді. Оның үстіне, тарихтың өзі көбіне сол адамдармен теңестіріледі. Еліміздің тұңғыш кәсіби тау-кен инженер-геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті, академик Қ.И. Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі отандық ғылым мен ғылыми ой тарихында маңызды орын алады. Ол қиын және күрделі кезеңде республиканы индустрияландыру жолында орасан зор еңбек етті. Қаныш Сәтбаев қазақтың тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері болып табылады.

Академик Қ. И. Сәтбаев – феномен ғалым, ғылым мен ғылыми қызметтің ірі ұйымдастырушы, республикалық геологиялық қызметтің негізін қалаушы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Оның көп қырлы қызметінің іске асуының көрсеткіші – тек Үлкен Жезқазған мен Жезді ғана емес, сонымен қатар Орталық Қазақстанның, республиканың шығысы мен оңтүстігіндегі ірі тау-кен металлургиялық кешендері.

Ол Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауын барлағаны үшін 1940 ж. Ленин орденімен марапатталды. 1942 жылы оған геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. «Жезқазған ауданының кен орындары» ғылыми еңбегі үшін сол жылы екінші дәрежелі Сталин сыйлығы берілді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев және академик  Қ.И. Сәтбаев өмірбаянының көптеген зерттеушілері Ұлы Отан соғысы жылдарында Орал танк зауыттарында броньды болат балқытуды ұлғайту үшін Жезді кен орнында марганец кенін өндіру мен тасымалдауды ұйымдастырудағы ғалымның зор рөлін бірнеше рет және егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Сондай-ақ, Қаныш Имантавич Сәтбаев 1942 жылдың желтоқсан айындағы «Казахстанская правда» газетінің беттерінде жарияланған «Майдангер-қазақстандықтарға жазған хатында» фашистерді тиген 10 оқтың әрбір 9-шысы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылғандығын айтады. 

Тыл ресурстарын жұмылдырғаны үшін 1945 жылы Қ.И. Сәтбаев екінші Ленин орденімен және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. 1943 ж. – КСРО ҒА корреспондент мүшесі болып сайланды. 1944 ж. – ҚазКСР ҚК Президенті оған «ҚазКСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы берілді. 1945 ж. Қ. Сәтбаев екінші Ленин орденімен және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Қазақстан ҒА тың және тыңайған жерлерді игеруге жұмылдыру үшін 1957 ж. Қ. Сәтбаев үшінші Ленин орденімен марапатталды. Сәтбаев бастаған қазақстандық ғалымдар тобына Орталық Қазақстанның кешенді металлогеникалық болжамдық карталарын құрғаны және әдістемені әзірлегені үшін 1958 ж. Ленин сыйлығы берілді. 1963 жылы Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға және пайдалы қазбаларды зерттеуге сіңірген еңбегі үшін Төртінші Ленин орденімен марапатталды. Қ.И. Сәтбаев Қазақстан ғылымының ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар ХХ ғасырдағы Қазақстанның индустриялық дамуына баға жетпес үлес қосқан саясаткер және қоғамның бейресми көшбасшысы болды.

  Осы орайда  Біріккен Корольдіктің Премьер-министрі Энтони Иденнің ұлы ғалым туралы айтқан мына сөздерін айтып кеткен жөн: «Ұлыбританияның көптеген халықтарының арасында Кеңес Одағы үшін Қаныш Сәтбаевтай  атақты ғалым болған емес. Ғажайып құбылыс». Бұндай  бағалаумен келіспеу қисынсыз сияқты.

Ұлықталуы

Қазақ ұлттық техникалық университетіне, Астананы сумен қамтамасыз ететін Ертіс-Қарағанды каналына Қ.И. Сәтбаев аты берілген. Ұлы ғалымға арналған ескерткіштер Қарағанды, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Сәтбаев, Степногорск қалаларында тұрғызылған, республиканың елді мекендерінде көптеген мүсіндер салынған, ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне арналған мұражайлар бар. Оның есімімен ондаған мектептер, көшелер, Алматыдағы Геологиялық ғылымдар институты, Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинаты, кіші планета және «Сәтбаев» жаңа минералы, Іле Алатауының тау шыңы, гүлдер сорты аталды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1987 жылғы 14 тамыздағы «Академик Қ. И. Сәтбаевты мәңгі есте қалдыру жөніндегі қосымша шаралар туралы» № 380 Қаулысын орындау мақсатында Алматыда академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы құрылды.

Қ.И. Сәтбаевтың 100 жылдығына орай Мемлекет басшысының бастамасымен көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.И. Сәтбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру бойынша іс-шаралар өткізілді, Алматы қаласында Қ.И. Сәтбаевтың ескерткіші орнатылды. ЮНЕСКО шешімімен 1999 жыл Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жылы болып жарияланды. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жетістіктері үшін ҚР ҰҒА атындағы сыйлығы бекітілді. Жыл сайын 12 сәуір – ғалымның туған күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Сәтбаев қалаларында және т.б. ғылыми форумдар, көрмелер, Сәтбаев оқулары өткізіледі.

Әдебиеттер мен дереккөздер тізімі:

1 Академик К.И.Сатпаев., сборник, посвященный памяти выдающегося советского ученого. –  Алма-Ата, 1965. – С.239.

2 Лозовский И.Т., Сипайлов Г.А. Студенческие годы К.Сатпаева в Томске. – Томск: ТПУ, 2019. – С.4.

3 Сарсекеев М. Қазақтың Қанышы.Феномен. – Астана, 2018. – 445 б.

4 Там же. – 449 б.

5 Академик К.И.Сатпаев: Из писем и заметок. – Алматы: Атамура, 1998. – С.143

6  К. Сатпаев – человек, который видел будущее [Электронный ресурс] //  Режим доступа:www.gylymordasy.kz/2016/04/25/kanysh-satpaev-chelovek-kotoryj-  videlbudushhee/.

7  Сарсекеев М. Қазақтың Қанышы.Феномен. – Астана, 2018. – 485-487 бб.

8 Академик К.И.Сатпаев: Из писем и заметок. – Алматы: Атамура, 1998. – – С.11.

8 Сатпаев К.И. Материалы к библиографии ученых Казахстана. – Алматы: Ғылым, 2002. –  С. 45-46.

9 Сарсекеев М. Қазақтың Қанышы.Феномен. – Астана, 2018. – 559-561бб.

10 Материалы международной научно-практической конференции «Духовная модернизация: наследие личности». –  Астана, 2018.

11 Академик К.И. Сатпаев: сб., посвященный памяти выдающегося ученого /АН Казахской  ССР. – Алма-Ата, 1965. – С.76.

12 Сатпаев К.И.Избранные статьи. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1989. – С.84-85.

13 Каныш Сатпаев: «Мой народ выше меня» // Казахстанская правда. 2014. -24 января

14Материалы международной  конференции Духовная модернизация: наследие личности». – Астана, 2018.

15 Биография К. Сатпаева [Электронный ресурс] // Режим дотупа:http://encyclopaedia.bid.

16 Из выступления Президента РК Н.А. Назарбаева в день 100-летия К.И. Сатпаева 12- апреля 1999 г.

Авторы: Айтмұхамбетова Б.А., академик Қ.И.

Сәтбаевтыңмемориалдық мұражайының директоры