Садуақасұлы Смағұл(1900-1933) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы.
Өмірбаяны
Садуақасұлы Смағұл – аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1900 жылы Ақмола облысы, Шарлақ уезі, Қарой болысының (қазір Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы) Жарқын ауылында дүниеге келді. Он жасқа дейін ол әкесі Садуақас молданың тәрбиесінде болып, хат таниды. Он бір жасынан ауыл мектебінде оқиды. Осыдан соң 1912-1915 жылдары Полтавкадағы орыс-қырғыз училищесінде білімін толықтырады. Кейінгі 1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылық училищесінде, политехника институтының кооперация курсында, ауылшаруашылық институтының кооперация факультетінде оқиды. Сонымен бірге қысқаша курстарда дәріс беріп, Ақмола облыстық Жер-су басқармасында (Омбы) қазақ бөлімі оқу ісінің меңгерушісі болады. Ол саяси күреске 1916 жылдан бастап араласады.
Смағұл Садуақасұлының мұрасы 90-жылдарға дейін арнайы зерттелінген емес. Әрине, бұған тоталитарлық жүйе ықпал етіп, төңкерістен кейінгі әдебиет тарихын зерттеген ғалымдар Смағұл есімін үстіріт айтып өтуге мәжбүр болды. Әдебиет сыншысы, жазушы және публицист ретінде оны А. Байтұрсынұлы /1/, Т. Шонанұлы /2/, Б. Кенжебайұлы /3/ жоғары бағалады. Сондай-ақ Смағұлдың көзі тірісінде және ол қайтыс болғаннан кейін “ұлтшыл-байшыл әдебиетші” деген көзқарасты ұстанған Ғ. Тоғжанов, С. Мұқанов, Е. Бекенов, Ә. Байділдин, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Ә. Тәжібаев т.б. қаламгерлердің есімдерін атап өткен де жөн /4/
С. Садуақасұлы қазақ зиялылары жаппай тұтқындалған 1929 жылдың, тегіс атылған 1937 жылдың қанқасап науқанына ілікпеді. Алғашқы науқан басталған кезде ол саясаттан шеттетіліп, Қазақстаннан тысқары жерге (Мәскеуге) кетсе, 30-жылдардың қуғын-сүргіні кезінде ол өмірден оқған болатын.
Ағылшын советологы Роберт Конквест зерттеуіне қарағанда, 30-жылдардың басында Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті (ОГПУ-НКВД) жанынан жасырын түрде ерекше сектор ашылған. Аталмыш құрылым сталиндік саясатқа қарсы болғандарды, ұлттың өзін-өзі басқару мен тәуелсіздікке бағыт ұстанушыларды түлі амалдар арқылы қудалау мен жоюмен шұғылданған /5/. Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде сақталған 1929 жылғы «Голощекин жолдасқа, Кеңес үкіметіне қастандық жасамақ ниеттегі топты залалсыздандыру» атты істе де С. Садуақасұлын «әшкерелеген» сөздер жеткілікті /6/. Әйткенмен қапыда қайтыс болғандықтан, оны НКВД-ның «үштігі» соттаған жоқ, оған РКФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-бап, 10-тармағындағы айып тағылған жоқ. Сөйте тұра жеке басқа табынушылық зардабы жойылғаннан кейін де С.Садуақасұлы туралы әділ сөз тарихшылар тарапынан да, әдебиетшілер жағынан да жазылып айтылмай, тек профессор Б. Кенжебайұлы «Жазушы, сыншы Смағұлды ұмытпайық», – деп жазды. Ғалымның «Өтелмеген парыз» атты мақаласы шығысымен, Қазақстан КП Орталық Комитеті авторды, оның мақаласын жариялаған «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторымен қоса бірнеше қызметкерін «Партия саясатына қарсы болған адамды қайта көтерді» деп айыптап, әуре-сарсаңға салды /7/.
Тарихшылардан Г. Дахшлейгер /8/, В. Осипов /9/ аталған тұлғаның елеулі еңбектерін барынша теріс түсіндірді. Бұл тарихи зарттеулердің таптаурын идеологияға байланғанын көрсетеді.
Тәуелсіздік қарсаңында және баспасөз азаттығының таңында қоғам қайраткерінің қызметі мен өмірбаянын жаңа деректерін толықтырған Б. Қойшыбаев /10/, Б. Дәрімбет /11/, М. Қойгелдиев /12/, Н. Сансызбаев /13/, Д. Қамзабекұлы /14/ болды. С.Садуақасұлының көптомдықтарын 1993 жылы Б. Дәрімбет /15/, 2003 және 2013 жылы Д. Қамзабекұлы /16/ жарыққа шығарды. Соңғы автордың «Смағұл Садуақасұлы» атты зерттеу кітабы екі рет толықтырылып шығарылды. Д. Қамзабекұлы, Р.С. Елмырзаева осы тұлғаның еңбектерінен кандидаттық диссертация қорғады.
Смағұл Садуақасұлы 1916 жылы Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде түсісімен /17/, көрген-түйгендерін қағазға түсіре бастады. Оның жазушылық қаламының ұшталуына Омбыдағы қазақ жастары құрған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының «Балапан» қолжазба журналындағы жұмысы септігін тигізді. Ұйымның басты мақсаты: «қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін дамыту, патриотизмді дамыту мен ұлттық танымдылыұты күшейту» болып табылды /18/. Бүгінге бірде-бір данасы жетпеген бұл журналда, Смағұлдың жазуынша: «Жас алаштардың көркем шығармалары басылып тұрған» /19/. Төңкерістен кейін 1918 жылы «Бірлік» мүшелері шала бүлініп, бағытынан адаса бастағанда, С.Садуақасұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Г. Досымбекқызы сынды өрімдей азаматтар күллі қазақ жастарына сауын айтып, көбісінің басын қосып, «Жас азамат» атты ұйым құрады /20/. Бұл ұйымның «алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі” /21/ еді. С.Садуақасұлы алашшыл жастардың үні – «Жас азамат» газетіне атсалысады. 1919 жылы Омбыдағы «Центросибирь» аталынатын Батыс Сібір кооперативтер бірлестігі одағына нұсқаушы болып қызметке тұрғанда /22/, осы шаруашылық ұйымының органы – «Трудовая Сибирь» журналына орыс тілінде мақала, зерттеулер жазады, 1920 жылы Сібір РКСМ-ы бюросының қазақ-татар секциясына жұмысқа алынып /23/, қазақ тілінде шығатын «Еңбекшіл жастар» (Омбы) атты апталық газетке редакторлық етеді /24/. Сол 1920 жылы Омбыда шығатын “Кедей сөзі” газетінің жауапты шығарушысы болады /25/. Қазақ Автономиясын жариялаған жалпы қазақ кеңестерінің І съезі (1920, 4-12 қазан) күндері «Ұшқын» (бүгінгі “Егемен Қазақстан”) газетінің «ғылым һәм шаруашылық бөлімін басқарады” /26/. «Ұшқын» съезден кейін «Еңбек туы» деген атпен шыға бастағанда, С. Садуақасұлы бұл газетке де жауапты шығарушы болады /27/. 1922 жылы жастардың «Өртең» атты газетін шығаруға белсене араласады /28/.
1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енеді /29/. 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының (бүгінгі «Ақиқат» журналы) жауапты шығарушысы болады /30/. 1925-1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газетіне (бүгінгі “Егемен Қазақстан) редакторлық етеді /31/. Жоғарыда аталған мерзімді басылымдардағы жауапты қызметтері, сондай-ақ өзінің азаматтық қасиеттері Смағұл Садуақасұлын 20-жылдардың өзінде-ақ көсемсөзші, сыншы-әдебиетші, жазушы ретінде танытты.
С. Садуақасұлының Халық ағарту комиссары міндетін 1925-1927 жылдар аралығында атқаруы оны ұлттық мәдениет ісі мен жазушы, ағартушыларға бағыт-бағдар беру жұмысын ұйымдастырушы ретінде шыңдады. Бұл уақыттағы қайраткер-қаламгердің тұңғыш мемлекеттік ұлт театрын ашуға мұрындық болуы /32/, қазақтың ән-күйін хаттауға жәрдемдесуі /33/, Абайдың, Сұлтанмахмұттың жазғандарын тірнектеп жинауға мамандарды жұмылдыруы /34/ мәдениет, әдебиет тарихындағы оның тұлғалық орнын айрықшалай түседі.
Смағұл Садуақасұлы қаламынан туған шығармалардың басылымы хронологиялық жағынан 1916 жыл мен 1928 жылдың арасын қамтиды. Қаламгер ретінде ол «Сәрсенбек» атты роман, «Күміс қоңырау» секілді бірнеше повесть, таңдаулы әңгімелер мен әдеби-сын еңбектер, танымдық материалдар жазды. Біршама аудамалары да бар.
Өніп-өскен отбасына келсек, әкесі Садуақас қазірет 1872 жылы туған. Өлкетанушы, діндар Жақия қажының айтуынша, ол кісі Уфадағы «Медресе Ғалияны» тәмамдаған. Елде молдалық құрып, арабша балалардың тілін сындырған. Өзі еңселі, қарулы кісі болыпты. Жарқынның көнекөз қарттары былайша шежіре таратады: Смағұлдың әкесі – Садуақас, атасы – Тұрабай, бабасы – Әлім. Әлім – Жусаннан, Жусан – Жантемірден, Жантемір – Жиенқұлдан, Жиенқұл – Құтбақтан, Құтбақ – Бабыстан, Бабыс – Малай Керейден өрбиді. Садуақас Тұрабайұлы наһахтан 1937 жылы кеңестік саясаттың құрбаны боп кете барды. Бар жазығы Орталық пен Голощекиннің геноцидтіне қарсы тұрған Смағұлдың әкесі болғандығы еді.
Анасының аты – Мәжікен. Ол кісі, баласының (Смағұлдың) жазған дерегі бойынша, 1879 жылы туған. 1933 жылы жалғыз ұлы Смағұлдың ауыр қазасынан кейін бейбақ ана қатты қайғырып, күні-түні жылап, қос жанарынан айырылыпты. 1937 жылы күйеуі Садауқас жазықсыздан-жазықсыз айдалғаннан кейін Мәжікен ана көп кешікпей құсадан қайтады. Емшектес бауырларына келсек, тірі қалғаны – қарындасы Орынбасар ғана. Мәжікен ананың көтерген он сегіз құрсағынан аман қалғандар – Смағұл мен Орынбасар. 1918 жылы «Центросибирь» кооперация бірлестігіне қабылданарда Смағұл: “Екі қарындасым (бірі 18-де, екіншісі 3-те) және бір інім (5-те) бар», – деп жазыпты (жоғарыда көрсетілген дерек көзі). Мұның мәнісін Рақымжан Аронұлы: «Садуақас молдада екі-ақ перзент болды. Менің әкелерім Өтебай мен Аронның (мен Өтебайдың кіндігінен жаралсам да, қызылшақа күнімнен Аронның қолында өскенмін) әкесі Әлім – Садуақастың әкесі Тұрабаймен емшектес бауыр. Жусан бабамыздан тараған ұрпақ тамыры тереңде болғанымен, бұтағын кең жая алмады. Сол себепті әр отау өз алдына түтін түтетсе де, араласып-құраласып жататын. Кейде біріміз екіншіміздің үйінде тәрбиелендік. Смағұл ағатайымның «5 жасар інісі» дегені – менмін, «18 жасары» – бір апамыз болуы керек, ал «3 жасар» дегені – Орынбасар», – деп түсіндірген.
Садуақастың тірі қалды деген қызы Орынбасардың өзі өмірден өгейлік көріп, 1990 жылы Омбы облысы, Любин ауданының Капустино деревнясында тұратын Аронұлы Рақымжанның қолында қайтыс болған. Смағұл ұшқан ұяның трагедиясы, міне, осындай. Бұл – тарих. Исі алаштың кеңес билігі тұсындағы шынайы тарихының бір ұшқыны.
Болашақ қайраткер арабша хат танып, ислам діні негіздерін оқумен қабат дүнияуи білімдерден де нәр алады. Садуақасұлы Уақап (Ғабас Тоғжановтың кенже інісі, 1994 жылы қайтты) ақсақалдың айтуына қарағанда, Смағұлға алғаш білім берген білімпаз діндар Әбіл Қуаныш ұлы сол өңірдегі ірі-ірі Садуақас Тоғжанұлы, Шәмел Бөртебайұлы сынды байлардың көмегімен татар, орыс мұғалімдерін алдырыпты. Шамасы, бұл жәдит мектебі болса керек.
Ауыл мектебін Смағұл 1912 жылы тәмамдайды. Мұнан кейін Жарқыннан шамамен 50-60 шақырым жердегі орыс поселкесі Полтавкадағы 2 класты (3 жылдық оқу) орыс-қырғыз (қазақ) училищесіне түседі. Училищеде үш жыл оқыған соң «одан әрі оқуын созуға әкесі кедей болғандықтан пұл таба алмай» (“Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 5 мамыр), толық курсты меңгергені жөнінен емтихан тапсыруға тура келеді. Нәтижесі: “Тәртібі – 5; Құдай Заңы – мұсылман болғандықтан босатылған; Орыс тілі – 5; Арифметика – 5; Жағрапия – 5; Геометрия – 5; Тарих – 5; Жаратылыстану – 5; Сурет һәм сызу – 5” /35/.
Жалпы тарихымызда орыс-қырғыз мектептерінің орны ерекші. Мысалы, Алаш зиялыларының көбі – осы мектептің түлектері. Кейін Смағұл естеліктерінде: «1913 жылы Полтавкада оқып жүргенде қолыма «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі тиді. Газет маңдайындағы киіз үйдің әдемі бедерін көргенде, халықтың жүрегін баурайтын терең сөздерді оқығанда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді» деп жазады.
«Халық мұғалімі» дәрежесін 1915 жылы алып, кейінгі (80-жылдар) Көкшетау облысы, Ленинград ауданы, «Қызыл ту» кеңшары жерінде орналасқан Сиыршы ауылындағы орыс-қазақ мектебіне ұстаз болып орналасады (аудандық «Қызыл ту» газеті, 1967 жыл, 28 қыркүйек. Шәкірті С. Мәліковтың дерегі. Үлкен тілші-ғалым Ғ. Мұсабаев та – Смағұлдың шәкірті). Зерттеуші Қ. Р. Кемеңгер Омбы облыстық мемлекеттік архиві дерегіне сүйене отырып, Смағұлдың 1915 жылы тамыз айында алғаш өз ауылы Жарқынға мұғалім болып барғанын, қыркүйекте училищенің өзінде және мектептерде қосымша дәріс тыңдап жүргенін жазады /36/. Қосымша факт: С.Садуақасұлы әлгі училищеде Омар Сансызбайұлы, Жақия Әубәкірұлы, Мәжитдин Дүйсебекұлы, Біләл Әдібекұлы, Өсербай Сәбиұлы секілді жастармен бірге оқыған. Осындағы Өсербай – нағашыларының қолында өскен Қошке Кемеңгерұлының туған бауыры.
«Бір жыл ұстаздық еткен соң, әрі қарай оқуымды жалғастырмақ ниетте училищенің агрономия бөліміне түстім», – дейді Смағұл «Центросибирь» бірлестігі басқармасына жазған өтінішінде /37/.
«1916 жылы Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне кіруге экзамен берсе де, стипендия тимей (ол кезде стипендияны тек мекеме-орындар ғана өз есебінен берген – Д. Қ.), қайтпақшы болған соң, оқып жүрген жолдастары пұл жиып беріп оқиды” /38/. Газет ақпарында айтылған жолдастары кімдер еді? Бұған да жауапты архивтен таптық. Смағұл Садуақасұлы училищеге түскен жылы онда қазақ балаларынан Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Ахмет Әбдірахманұлы, Сүлембек Бижанұлы, Мұхтар Саматұлы секілді шәкірттер оқитын /39/. Ал, онымен бір уақытта түскендер: Жүніс Бабатайұлы, Асфандияр Шорманұлы, Бірмұхамед Айбасұлы. Осы азаматтардың бәрі де кейін, 1918-19 жылдары алаш ұранды ағаларына тілеуқор болып, ұлттың жоғын жоқтаған жас алашшылдардың «Жас азамат» ұйымында топтасады. Осы тұста мына деректі айта кеткен жөн. Смағұлдың оқуы үшін Омбы шәкірттері жинаған қаражаттың жалпы сомасы 125 рубль болған көрінеді. Бұл сол кез үшін аз ақша емес. Бірақ жолдастарының осы қайырымдылығы кейін Смағұлдың елшіл, бауырмал болып өсуіне ықпал етті.
«Мен үшінші класта оқып жүргенде (бітіруге бір жыл қалғанда), Омбыға тоқтаған әскер нөпірі училищенің оқу үйін өздеріне тартып алды да, дәрісімізді еріксіз үзді», – деп жазады Смағұл /40/. Училищеде оқу үзілді деп, ол қарап жатпаған. 1918 жылдың басында (бұл оқуының үзілген кезі) қатарынан екі курстың толық дәрісін тыңдаған. Біріншісі – Омбы политехникалық институты жанында ашылған кооператив курсы, екінші – Омбыда жеке-дара ашылған кооператив курсы (соңғысында 25 қаңтар мен 10 сәуір аралығында оқыпты) /41/.
«1918 жылдың жазында Ақмола облыстық Жер-су басқармасы (Земская управа) ұйымдастырған қысқа мерзімді 2 айлық қазақ оқытушыларын дайындайтын курста кооперация қисыны мен табиғаттанудан сабақ бердім. Жас алашшылардың «Жас азамат» ұйымының Орталық Комитетінің мүшесімін. Оның жұмысына бұған дейін де, қазір де шамам келгенше ат салысып жүрмін. Қазір (02.12.1918 ж.– Д.Қ.) Ақмола облыстық Жер-су Басқармасы жанындағы қазақ бөлімінің оқу ісі бойынша меңгерушісі қызметін атқарудамын. Сонымен бірге осы мекеменің құзырындағы 2 жылдық оқытушылар әзірлейтін курста жаратылыстану мен физика пәндерінен дәріс оқитын мұғаліммін. Омбы ауылшаруашылығы институтының кооперация факультетінде оқимын»,– деп мәлімдеп, Сібірдегі ірі бірлестік басшыларына құжаттарын көрсетіпті Смағұл /42/.
С. Садуақасұлы туралы бұл құнды дерек осы кезге дейін құпия болып келген көп нәрсенің басын ашады. Түйін болған жұмбақтың шешетін жібін ұстатады.
Ілгеріде Смағұл 1918 жылы 2 желтоқсанда «Центросибирь» бірлестігі басшылығы атына жазған өтініш-хатындв былай дейді: «Қазақ ұлтының мәдениеті мен экономикасының дамуына бір жағынан техникалық және басқа да шаруашылық сипаттағы әдістердің әлі күнге дейін ендірілмеуі қолбайлау болып отырса, екінші жағынан негізгі қаланып жатқан нәрсені әдейі құбыжықтай етіп көрсету, шаруашылықтың жаңа түрінен қасақана шошындыру әрекеттері бұл істі шідерлеп тұр. Міне, мәселенің осы жағына назарларыңызды аударсаңыздар екен. Шамамның келгенінше, жиған, тоқыған білімімнің жеткенінше мен бар ғұмырымды туған ұлтыма қызмет етуге арнауды көздедім» /43/.
С. Садуақасұлы 1918 жылы 14 желтоқсанда «Центросибирь» бірлестігі (Омбы қаласы) басқармасының саудадан басқа істермен шұғылданатын (неторговый) бөліміне «шет ұлттар арасында кооперация жұмысын жүргізуші стажер-нұсқаушы» есебінде қызметке алынады. Сөйтіп, кооперацияның әліпбиін үйренген жігіт енді алған білімін іс-тәжірибе жүзінде шыңдайды. Бұл қызметте жүріп С.Садуақасұлы қазақ арасындағы ұйым дүкендерінің жандануына себепші болып, мал баққан қандастарына мал өнімін құнттау мен еңбегінің есеп-қисабын қалай білуді үйреткені де – тарихи шындық. Мұны оның «Жас азамат» газеті мен бірлестіктің үні – «Трудовая Сибирь» журналына жарияланған мақалалары дәлелдейді.
С. Садуақасұлы «Центросибирь» бірлестігінде 1920 жылдың 6 мамырына дейін қызмет жасап, «қазақ еліндегі кооперация құру мәселесіндегі басқарма әкімшілігінің көзқарасымен ымыраға келе алмайтындығын айтып және әрі қарай жалғастыруды ұлтының келешегі үшін негізсіз деп тауып» өз еркімен жұмыстан босайды /44/. Смағұлдың арызы тіркелген құжатта оның ендігі қызметі Сібір төңкерісшіл Жастар Одағы комитетінде (РКСМ) екені көрсетілген.
С. Садуақасұлы Мәскеу қаласында 1920 жылы 12-18 қыркүйекте өткен Күншығыс ұлттары жастарының бірінші конференциясына өкіл болып барып, осында 9 кісіден тұратын кіндік бюросына мүше болып сайланады /45/.
Барша Күншығыстың жаңа саяси қайраткерлері таныған Смағұл Қазақстанның өкімет басшылары назарынан да тыс қалмады. Оны 1920 жылы қыркүйек айының аяғында Орынборға арнайы шақыртты. С.Садуақасұлы Аймақтық жастар комитетінің хатшысы болып тағайындалады /46/. Жастардың ұйымдық істері жөнінен бір кісідей тәжірибе жинақтаған Смағұл 1920 жылы қазан-қараша айларында Орынбор қаласында ашылған қазақ жастары курсінде ұйымдық, іскерлік, шаруашылық мәселелері бойынша дәріс оқиды /47/.
Орынборда 1920 жылы 4 қазанда жалпы қазақ кеңестерінің бірінші съезіне (өз тұсындағы атауы «жалпы қазақ сауеттерінің бірінші тобы») С. Садуақасұлы делегат болып қатысып, қазақтың жас коммунистері атынан сөз сөйлейді /48/. Сол жылдың қараша айында С. Садуақасұлы жаңа құрылған Қазақтың Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынды. Бұл кезде ол бар болғаны 20-ақ жаста еді.
1920 жылы 2 желтоқсандағы Қазақ мемлекеттік баспасы жанынан қазақ тілінде оқулықтар даярлап, көркем әдебиеттерді сұрыптайтын редакциялық алқаға А.Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы, Х. Болғанбай, Ж. Аймауытұлы сынды білімпаз азаматтардың қатарында С. Садуақасұлы да кірді /49/. Саясат айдынына көтерілген жас қайраткер бұл жылдары бойындағы бар күш-жігерін балаң Қазақ Автономиясының буынын бекітіп, қабырғасын қатайтуға жұмсады. Бұл кезде Сейітқали Меңдешұлы басқарған Автономия қазақ жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін тер төкті.
Қазақ жері жөніндегі істер негізінен үш бағытта жүрді: 1) Сібірревкомның құзырындағы Ақмола, Семей гүбернелерін Қазақстанға қосу; 2) Орал, Астрахан (Бөкей) аймағындағы қазақ пен орысқа қарап кеткен жерлерді қайтарту; 3) Түркістан Автономиясына кірген Жетісу, Сырдария губернелерін ондағы қазақ басшыларымен келісе отырып, Қазақстанға қосу. С. Садуақасұлы аталған үш бағытта да жұмыс жасады. Қаламгер ретінде «ұлттық ұйысу» зәрулігіне арнап мақалалар жазды.
С. Меңдешұлы бастаған елшілер 1921 жылы мамыр айының басында Омбыға – Сібір төңкеріс комитеті басшыларына аттанды. Ал, «Қазақтың кіндік үкіметінің (КирЦИК) орынбасары Смағұл жолдас Садуақасұлы Семей губернесін баурап алып, Қазақстанға қосу үшін бірнеше кісімен 20-сыншы майда Семейге келді» /50/.
С. Садуақасұлы 4 маусымда Семей гүбернесінің жиылысын шақырады. Өз ұсынысымен «отаршылдық (колонизаторлық) іс-әрекеті үшін» гүберналық атқару комитеті тұқым-тұқиянымен тарқатып, оның орнына гүберналық төңкеріс комитеті (губревком) құрады. Өкімет бұйрығымен өзі сол губревкомның төрағасы болып тағайындалады. Ол гүбернияның шаруашылық мәселесі бойынша, ел басқаратын азаматтар (кадр) жөнінде бірқатар жұмыс жасайды /51/. Қазақ азаматтары ел басқару қызметіне ілінеді.
«ІІ сиезден ІІІ сиезге (1922 жыл, 6-13 қазан – Д.Қ.) шейін С. Садуақасұлы аймақтық партия комитетінің өкілі болып, гүберналарға жіберілген. ІІІ сиездің алдында кооперация ісімен Бөкейге барған. ІІІ съезден кейін Жер-су комиссариатының алқасында біраз болып, одан кейін Госпланға шыққан» /52/. Расында, 20-жылдардағы аштық зардабымен күресу мақсатында ҚазОАК қайраткерді 1922 жылы төтенше өкіл ретінде Қостанай гүбернесіне жібереді. Ол тағы да батыл қадамға барып, гүберне басшылығының қазақ ұлтына жасап жатқан теріс әрекетін жөнге салып, Торғай уездік комитетін таратады. Оның орынына төңкеріс комитетін құруға шешім шығарады. Бұрмалаушылықтар туралы «Қызыл Қазақстан» журналына «Қостанай-Торғай» атты жолжазба жариялайды.
«Известия» газетіне басылған С. Садуақасұлының мұнақыбында: «Ол 1923 жылы Қазақстан Госпланының төрағасы қызметін атқарды», – делінген. 1924 жылғы 14 наурыздағы «Советская степь» газетінің хабарлауына қарағанда, С. Садуақасұлы Қазақ Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының (Госплан) төралқасына еніп, аудандау секциясына (секция районирования, яғни қазақ жерін нақтылаумен, әкімшілік-территориялық айырылымдарды анықтаумен айналысатын бөлім) жетекшілік етеді. Соңғы аталған газет 29 наурыз күнгі санында: «Аудандау секциясы Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ Республикасына қосылатынына сеніп, аудандаудың жаңа жобасын ұсынып отыр. Жоба бойынша Қазақстан үш облысқа бөлінбек: Шығыс Қазақстан, Орталығы – Омбы, Батыс Қазақстан, орталығы – Орынбор, Оңтүстік Қазақстан орталығы – Ташкент. Өлке кіндігі әзірше Орынборда бола тұрмақ», – деп жазады. С. Садуақасұлы «Қазақ жерін аудандау барысында туған көкейкесті мәселелер» (Основные проблемы, возникшие при районировании Киргизии) атты зерттеу мақаласында: «Біздің алдымызда өте жауапты іс тұр. Аудандаған жеріміз ғасырдан-ғасырларға жетуі керек. Біз патшалық-отаршылдық жүйе орнатып кеткен базисті күл-талқан етуіміз керек. Ал жаңадан орнығар базис Қазақ елінің өндіргіш күштерін жетілдіретіндей, мәдениетін дамытатындай болуы керек», – деп /53/, мәселеге ұлттың келешегі тұрғысынан қарайды.
Еңбегі
Жиырмасынша жылдары Қазақ республикасы өкіметі басшылығында батыл да сындарлы пікір-пайымымен көрінген С. Садуақасұлының есімі ел арасында аса ілтипатпен аталынғандығын бізге жетіп отырған дерек-айғақтар дәлелдейді. 1923 жылы 11 ақпанда Орынборда болып өткен ұлт қадірлісі А. Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойында баяндама жасау С. Садуақасұлына тапсырылуы жайдан-жай емес.
1923 жылы әйгілі ахметтану шарасынан кейін С. Садуақасұлы партклубта (сірә, Орынбордағы Свердлов атындағы клуб) «Қазақ поэзиясы» атты дәріс оқыған. Мұнда ол тағы да ағартушы-тілшіні орынды ұлықтаған. Саяси тұрғыдан бұған қарсы дау айтқандарға Смағұл: «А.Байтұрсынұлы бекер-ақ біздің кезеңімізде өмір сүріп отыр. Егер ол дүниеден озып кеткенде, оған ескерткіш қояр едік» деп уәж айтқан /54/.
Смағұл өміріндегі ерекше де есте қаларлық жыл – осы 1923 жыл еді. Осы жылы ол Елизавета (Зейнеп) Әлиханқызы Бөкейхановаға үйленеді. Елизавета-Зейнеппен Смағұл Омбыдағы жылдарында таныс-тын. Үйлену рәсімі Елизавета) нағашылары тұратын Омбы шаһарында және Смағұлдың кіндік кескен жері Жарқын ауылында сәуір айында болғанға ұқсайды.
Елизавета Әлиханқызы Садуақасова (1903 жылы 25 сәуірде Омбыда туған) 1927 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетін, 1931 жылы аспирантурасын бітіріп, кейін медицина ғылымдарының докторы атағымен КСРО ДҒА Денсаулық сақтау институтының ғалым-хатшы, бөлім меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі. Осы салада жазған 7 кітабы, жүздеген мақалалары ғылым әлеміне жақсы таныс. Ол кісі 1971 жылы 22 маусымда дүние салды.
С. Садуақасұлы Госпланда қызметте жүріп, 1923 жылы 11 сәуірде И. Сталин атына «Мәскеуде оқуын жалғастырғысы келетінін» айтып өтініш хат жазады. Бұлай сұрану, әрине, партиялық тәртіп еді. Қазақ облыстық комитетіне 1923 жылы 5 мамырда Молотов қол қойған сұрау хат келеді. Мұнда С. Садуақасұлы Мәскеуге алуға РКП (б) ОК қарсы еместігі, реті келсе оны Шығыс баспасы кеңесінің (Күншығыс баспасы) қазақ секциясына оқулық пен әдебиет аудару ісіне тартуға болатыны айтылған. Бірақ бұған осы жылы 29 мамырда РКП (б) Қазақ облыстық комитеті «С.Садуақсұлын ауыстыратын маман жоқ» деп жауап беріп, қарсы болады.
С. Садуақасұлы 1925 жылы қаңтардың басында «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты шығарушысы болып тағайындалды (20-жылдар баспасөздерінде дәстүр бойынша, газет соңында кім шығарғандығы екі тілде жазылған. Айталық, қазақша – «жауапты шығарушы Смағұл Садуақасұлы», орысша – «редактор Смагул Садвокасов». Осы басылымға ол 1925 жылдың 8 қаңтарынан 1926 жылдың ақпан айының 20-ларына дейін редакторлық етті (Смағұл мемлекет мәселесімен Орталыққа, немесе ел ішіне кеткенде, орынбасары газет соңына «уақытша жауапты шығарушы Бейімбет Майлыұлы» деп қол қойған) С.Садуақасұлы басқарған жылдары «Еңбекші қазақтың” деңгейі өсті. Бұл ретте «Еңбекші қазақ» қағаз жүзінде партия мен үкіметтің үні болса да, іс жүзінде А. Байтұрсынұлы мен Ә. Бөкейханұлы шығарған «Қазақ» газетімен рухтас боп қалғандығы ақиқат.
Архив қойнауынан табылған «Қызыл Қазақстан» журналының (бүгінгі «Ақиқат» журналы) сарғайған тігінділерінен /55/ С. Садуақасұлының осы басылымға да 1924 жылдың қараша айы мен 1925 жылдың шілдесі аралығында редакторлық еткені мәлім болып отыр. 1924 жылдың соңында қазақ зиялыларының рухани бірлігінің, ой-сана білігінің жемісі – «Алқа» көркем шығармашылық ұйымының айқындамасының дүниеге келді. Ә. Бөкейхан, М. Жұмабайұлы ұйытқы болған осы шығармашылық бірлестікке Смағұл да атсалысты.
Қазақ Автономиялы республикасы 1925 жылы 15-19 сәуір арасында болып өткен Кеңестерінің V съезі С. Садуақасұлын Халық ағарту комиссары етіп бекітті. Қайраткер Халық ағарту комиссары қызметін 1927 жылдың жазына дейін атқарып, талай игі істерге ұйытқы болды. Бұл қызметте ол 1920 жылдан басталған оқулық, танымдық, ғылыми кітаптар жазу, аудару, жариялау жағын ұлғайтты. Театр өнерін халыққа насихаттау ниетінде өзі редакторлық еткен «Еңбекші қазақ» газетінде көптеген мақалалар, сахналық қойылымдарға сын жариялады, сауықшы-әртістерге оқулық іспеттес «Ұлт театры туралы» атты кітап (1926 жылы) жазды.
Қазақстан Кеңестерінің ІІ съезінен кейін көп ұзамай республикадағы саяси ахуал қатты өзгерді. Орталық мұнда бірінші хатшылыққа жіберген Филипп Голощекин қазақ еліне өзінің «кіші Октябрінің» идеологтарын іздеп, өкімет басындағыларды саралаумен болды. Кешікпей С. Садуақасұлы, Ж. Мыңбайұлы, С. Қожанұлы оның сын нысанасына ілікті.
«Республика шикізатты өңдеп, бұйым етіп шығаратын зауыт, фабрика салуды қолға алуы керек», «Қазақстанға кіші октябрь керек емес!» деп ойын бүкпесіз айтқан С.Садуақасұлына Ф. Голощекин айнала ор қазып, ақыры 1927 жылы 6 наурызда Халық ағарту комиссары лауазымынан босатты. С. Садуақасұлы қайраткер ретіндегі соңғы тегеурінін 1927 жылы 15-23 қарашада өткен Өлкелік партия комитетінің VI конференциясында көрсетеді. Әділдік іздеген азамат бұл жиынға өлкелік комитеттен сұрап әрең барған болатын. Осы конференцияда С. Садуақасұлының «Мен Голощекин жолдастың сөзіне қосыла алмаймын» деуі – қайраткердің қайыспас қайсарлығына дәлел. Жалпы 1926 жылдың ортасынан Голощекиннің дем беруімен жиылыс мінберінен, баспасөзден С. Садуақасұлының «қате істері» айтылып жазыла бастады. Сөйтіп, қайраткердің кеңес өкіметі тұсындағы сегіз жылдық саяси қайраткерлік ісі әкімшілдік-әміршілдік жолмен тоқтатылды.
Смағұлдың ендігі қызмет орны Қазақстанда болмай шықты. ВКП (б)-ның Орта Азия бюросы мен Өзбекстан коммунистік париясының құзырындағы Ташкенттен әлі көше қоймаған, кезінде өзі ашқан Қазақ педагогика институтына ректор болып орналасты. Ректорлық қызметте ұзақ болған жоқ, 1928 жылы «Большевик» журналының 1-санына шыққан «Ұлттар мен ұлт өкілдері туралы” («О национальностях и националах») атты Орталықты, Одақты шулатқан мақаласынан соң жұмыстан босатылды. Бұл 1928 жылдың ақпан-наурызы еді.
«Большевик» журналында С.Садуақасұлының 9 беттік мақаласы мен осы еңбек мазмұнының әрбір түйінді ойын терістеген Коста Таболовтың «Ұлттық демократия бағытына қарсылық (Садуақасұлы жолдасқа жауап)» атты 14 беттік мақаласы қатар жарық көреді. Бұл үкіметтің дәстүрлі айла-шарғысы болатын.
С. Садуақасұлы ректорлық қызметтен алынған соң, 1928 жылы наурыз айында Мәскеу қаласына кетті. Мұнда қайын атасы Әлихан Бөкейханұлы, әйелі Елизавета, 3 жасар ұлы Ескендір тұратын. Қайраткер 1 маусымнан бастап Шығыстану институтына ғылыми қызметкер болып орналасады. Білігі мен білімі бір кісіге жетерліктей болса да уақытты босқа өлтіріп алмау ниетінде ол сол жылдың тамыз-қыркүйегі шамасында Мәскеу транспорт инженерлері институтының жасанды құрылыс (искусственное сооружение) мамандығына оқуға түсіп, оны 1932 жылы 1 маусымда бітіреді /56/. Институтқа кіргеннен кейін еліне келіп, қарындасы Орынбасарды оқыту үшін Мәскеуге әкеледі. Оны қаланың бір мектебіне орналастырады. Институтты бітірген соң ол Мәскеу-Донбасс темір жолы құрылысында участок басшысының орынбасары (инженер-құрылысшы) болып жұмыс істеген. Осы қызметте денсаулығы мықты, сап-сау жігіт жылдан астам уақыт өтер-өтпесте жұмбақ ауру тауып, 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында көз жұмған. Қала салтына сәйкес, оның мәйітімен қоштасу шарасы 19 желтоқсанда Мәскеу көлік құрылысшылары клубында өтіпті. Қаралы жиыннан соң қайраткер денесі өртелінген (кремацияланған).
Әдебиеттер және деректер тізімі:
- Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989.-283-бет.
- Шонанұлы Т. Қазақстанда ғылым-білім, баспа жұмысы // «Қызыл Қазақстан», 1925, № 3-4-5, 39-бет.
- Кенжебайұлы Б. Өтелмеген парыз // «Қазақ әдебиеті», 1957, 25 қаңтар
- Тоғжанұлы Ғ. Әдебиет және сын мәселелері. Қызылорда, 1929, 139-б.; Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Қызылорда, 1932.-14-15 б.; Бекенұлы Е. Ұлт қозғалысы және ұлтшылдық әдебиет. Қызылорда 1935. – 14-15-б.; Байділдаұлы Ә. Мәскеудегі қазақ шәкірттеріне жасаған баяндама // «Жаңа әдебиет», 1929, №9; Тоғжанұлы Ғ, Жансүгірұлы І. Қазақтың театр өнері туралы. Қызылорда, 1933, 5-б.
- Конквест Р. Большой террор. 1-том, Рига: Ракстниекс, 1991. – с. 61-63.
- Қазақстан ҰҚК архиві, №78754-іс, 3-7-томдар.
- Бердібаев Р. Имандылық (еске алу) // «Қазақ әдебиеті», 1991, 15 наурыз.
- Дахшлейгер Г. Социально-экономические преобразования в ауле и деревне Казахстана (1921-1929 гг.) Алматы, 1965.- 536 с.
- Осипов В. Полномочный орган ЦК РКП (б) в Казахстане (1922-1924 гг.). Алматы, 1979.- 320 с.; Осипов В. Всматриваясь в 20-30-е годы. Алматы, 1991.- 180 с.
- Қойшыбаев Б. Қайраткер Садуақасов // «Қазақ әдебиеті», 1988, 2 қыркүйек; Қойшыбаев Б. Тұңғыштар тұғырынан орын алған // «Социалистік Қазақстан», 1989, 28 наурыз.
- Дәрімбетов Б. Ағып өткен бір жұлдыз // «Жалын», 1990, № 3.
- Қойгелдиев М. Садуақастың Смағұлы // «Ана тілі», 1991, 18,25 шілде.
- Сансызбаев Н. Смағұл Садуақасов // «Ақиқат», 1991, № 4.
- Қамзабекұлы Д. Алаштың ұлы – Смағұл // «Жұлдыз», 1993, № 4.
- Садуақасұлы С. Таңдамалы. 2-т. (құрастырған Б.Дәрімбет). Алматы: Біріккен қазақ-монғол «Атхан» кәсіпорны, 1993.
- Садуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы (құрастырған Д.Қамзабекұлы). Алматы: Алаш, 2003; Садуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы (құрастырған Д.Қамзабекұлы). Астана: Нұра-Астана, 2013.
- Омбы облыстық мемлекет архиві (ООМА), 65-қор, 57-іс, 7-бума, 23-24-б.
- Садуақасұлы С. Жастарға – жаңа жол. Орынбор, 1921.
- Садвокасов С. Киргизская литература: историко-критический очерк // Трудовая Сибирь, 1919, № 1.
- «Бірлік туы» газеті, 1918 жыл, 9,18 сәуір.
- «Жас азамат» газеті, 1918 жыл, 30 шілде.
- ООМА, 151-қор, 299-іс, 27-бума, 288-б.
- ООМА, 151-қор, 1-тізім,624-іс, 5-6-б.
- Некролог (С. Садвокасов) // газ. «Известия», 1933, 18 декабрь
- Бұл да сонда.
- «Ұшқын» газеті, 1920 жыл, 15 қазан.
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 5 мамыр.
- Қазақстан Республикасының жаңаша тарихының мемлекеттік орталық архиві (ҚРЖТМОА), 142-қор, 1-тізім, 55-іс, 40-46-б.
- ҚРЖТМОА, 142-қор, 1-тізім, 139-іс, 39,45-б.
- «Қызыл Қазақстан» журналы, 1924, №11 – 1925, № 7
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 8 қаңтар – 1926, 20 ақпан
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 26-29 қазан
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 1926, 27 мамыр
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 1926, 7 қазан
- ООМА. 65-қор, 57-іс, 7-бума, 23-24-б.
- Кемеңгер Қ.Р. Омбыда оқыған қазақтар. Астана, 2007.- 48-49 б.
- ООМА. 151-қор, 1-тізім, 299-іс, 289-б.
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 5 мамыр. Газет бұл санында оқу-ағарту комиссары С.Садуақасұлының қысқаша өмірбаянын жариялаған
- ООМА. 65-қор, 1-тізім, 36-іс, 65 және 96-б.
- ООМА. 151-қор, 1-тізім, 299-іс, 289-б.
- Аталған дерек көзі, 384-б.
- Аталған дерек көзі, 289-б.
- ООМА. 151-қор, 1-тізім, 299-іс, 27-бума, 289-б.
- ООМА. 151-қор, 1-тізім, 624-іс, 5-6-б.
- “Жизнь национальностей” газеті (кейін журнал болған), 1920 жыл, 17 қазан
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 5 мамыр.
- Садуақасұлы С. Жастарға – жаңа жол. 1921, 2-б.
- “Ұшқын” газеті, 1920 жыл, 7 қазан.
- Қазақстан мемлекеттік орталық архиві. 929-қор, 1-тізім, 20-г-іс 9, 14, 22-б.
- “Қазақ тілі” газеті, 1921 жыл, 15 маусым.
- Гүбернелік “Қазақ тілі” және “Степная правда” газеттерінің 1921 жылғы мамыр-маусым-шілде айларындағы саны.
- “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 5 мамыр
- “Советская Киргизия” журналы, № 2-3, 1923 жыл.
- Россия и Центральная Азия: 1905-1925 гг. сборник документов (составитель Д. Аманжолова). Қарағанды, 2005.- 376-с.
- “Қызыл Қазақстан” журналы, 1924 жыл, № 11,12; 1925 жыл, № 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7.
- МИИТ архиві. 1901-1936 жыл аралығында бітіргендер реті. 10-тізім, 2-іс, 1-бума.
- Қамзабекұлы Д. Ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлы не үшін Астанаға жерленбек? // Айқын, 6.01.2011; Қамзабекұлы Д. Смағұл Садуақасұлы: аңыздан – ақиқатқа // Тіл, № 2-3, 2011.- Б. 38-41; Қамзабекұлы Д. Ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлы // Корпорация, № 3, 1-15.02.2011.