Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

САБЫР РАХЫМОВ


Сабыр Омарұлы Рахымов (12 қантар 1902–26 наурыз 1945) — Кеңес Одағының Батыры, 37-ші атқыштар дивизиясының командирі, соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 «Қызыл Ту», Богдан Хмельницкий ордендері, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рахимов Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған.  

Өмірбаяны

Сабыр 1902 ж 12 ақпанда Шымкент облысы, Қазығұрт тауы баурайындағы Көкебел ауылында Омар Мәмбетқұловтың отбасында дүниеге келген. Әкесі қайтыс болған соң, нағашыларын паналап 1909 ж Ташкент қаласына көшіп келеді, 7 жастағы ес біліп қалған Сабыр, ауыл молдасынан оқыған ескіше сауаттылығын өзбекше жалғастырады. 1920 жылы Тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасады. 1921 ж. Өзбек ағарту институтының дайындық курсына қабылданады. 1922 ж. тамыз айында жолдамамен бүкіл Кавказға белгілі атты әскер мектебіне оқуға түседі, осы кезден бастап С. Рахымовтың өмірі мен қызметі Кеңес армиясымен тығыз байланысты. 1925 ж. 7 тамызда Әзірбайжан атты әскер мектебін бітіріп, Самарқанд қаласындағы 19-таулы атты әскер дивизиясының полкына жолдама алады. 1925-1930 жж. дейін Орта Азиядағы шабуылдарға қатысады. Соғыс басталғанда Р. Рақышов танк дивизиясының мотополкы командирінің орынбасары, 1941 ж. қыркүйекте полк командирі атанады. С. Рахымов басқарған бұл полк Ростов қаласына Қызыл армия бөлімдерінен бірінші болып кіреді. 1942 ж. 10 ақпанында подполковник болып, алты айдан кейін маршал С.М. Буденный полковник атағын берген соң, ол 37 атқыштар дивизиясының командирі болып Дон, Кубань, Кавказ аймақтарында соғысады. 1943 ж жазда Бас басқарма С. Рахымовты әскери академияға оқуға жібереді. Оқуды аяқтаған соң С. Рахымов өзінің дивизиясына келіп, бірінші және екінші Белорусь майдандарымен бірлесе отырып, Барановичтан Беловостокқа дейін барады. 1945 ж. 26 наурыз қаланы алуға шабуылға шыққан күні снарядтың жарықшағы тиіп, қайғылы қазаға ұшырайды.

Еңбегі

С. Рахымов 1931 ж Тәжікстандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1943 ж Кавказда өткен шайқастарда С. Рахымов басқарған 37-гвардиялық дивизия жаудың 8000 солдаты мен офицерін жер жастандырып, көптеген әскери техникаларын жояды. Краснодар қаласын жаудан босатуда 37 дивизияның ерекше ерлігі үшін және С. Рахымовтың қолбасшылық дарынын бағалаған Жоғарғы бас басқарма оған генерал-майор шенін беріп, ІІ-дәрежелі Суворов орденімен марапаттайды.

1943 ж мамырда С. Рахымов басқарған 37-гвардиялық дивизиясына Өзбекстанның үкімет делегациясы барып құрмет көрсетеді. Делегация құрамында Ташкент филармониясының әншісі Роза Бағланова да болған. С. Рахымовқа швейцариялық «Мозер» фирмасының алтын сағаты тапсырылады (сағат қазір Өзбекстан мем. мұражайында сақтаулы инв.№ 590). 1944 ж. көктемде Бобруйск операциясында өте қиын жағдай қалыптасады. «Ал генерал С. Рахымовтың фантазиясында шек жоқ», – деп еске алады армия генералы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры П.П. Батов, – «Ол барлық жауынгерлер мен офицерлерді шаңғыға тұрғызды, имек ағаштарды аяқтарына таңып байлап алған әскерлер тез жүрді. Сонымен қатар ол зеңбіректерді де шаңғыға отырғызды. Аяқ астынан біздің көп әскер мен зеңбіректердің жау күтпеген жерден пайда болып, шабуылдауы жеңістің кепілі болды». С. Рахымовтың тағы бір тактикасы – ол атты әскер офицері болғандықтан, шабуылдаушы  батальон командирлерімен бірге болып, шабуылға шығатын. Күтпеген жерден тактикалық әскери айла ойлап тауып, офицерлерді сендіріп, жауынгерлерді жігерлендірген.

Ұлықталуы

1945 ж. 26 наурыз күні қаза тапқан соң сүйегі Ташкент қаласындағы бауырластар зиратына қойылды. 1965 ж. 9 мамыр күні С. Рахымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ташкент қаласындағы бір ауданға, метроға, мектепке есімі берілді. Қаланың орталығына мүсіні тұрғызылды. «Генерал С.Рахымов» атты көркем фильм түсірілді. 1990 ж. оның қазақ екені дәлелденгеннен кейін Қазақстанда да кең көлемде ұлықталуы басталды. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы кадеттер мектебіне аты беріліп, мүсіні орнатылды, бір көшеге аты берілді. Көкібелде де мектеп, көше аттары берілді. Кітаптар, деректі фильмдер шығарылды. 2000 жылдан бастап С. Рахымовтың барлық объектілерден есімі алынып, аты өше бастайды. Ескеркіші алынып, Бабыр саябағына қойылды. 2018 ж. 8 мамырында президент Ш.Мирзиеевтың бұйрығымен батырдың үлкен ескерткіші бұрынғы орнына қайтадан қойылды.