Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ОҢДАСЫНОВ НҰРТАС ДӘНДІБАЙҰЛЫ


Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы (26 қазан 1904 – 1 қараша 1989) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1938-1951 жж. – Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің, Министрлер кеңесінің төрағасы, 1954-1955 жж. – Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, 1955-1962 жж. – Гурьев (қазіргі Атырау) облысының басшысы. Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 

Өмірбаяны

Әлемдегі әрбір халықтың жүріп өткен жолы, ерте заманнан бүгінге дейінгі өзіндік тарихы бар. Қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріппен жазылған, лайықты орынды иеленген ірі-ірі тұлғалар бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ХХ ғасырдағы белгілі тұлғалар жөнінде былай деген болатын: «Егер жиырмасыншы ғасырдың тарихына зер салатын болсақ, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялыларының аса көрнекті қайраткерлері тарихқа тұлға ретінде танылған болатын. Сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдері кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялалары бағалауы тиіс. ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды» [1, 156-б.]. Сол  дәуірдегі қазақ зиялылары – Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүсіпов, Мұхтар Әуезовтерден тәлім-тәрбие алған және олардың кеңестік кезіндегі жалғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді.

Өзі жазып қалдырған өмірбаянында көрсетілгендей, Нұртас Оңдасынов 1904 жылғы 26 қазанда Түркістан жеріндегі Үшқайық  ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Туған анасы Жұмагүл оның 3-4 жасында қайтыс болып, екінші анасы Дәрігүлдің қолында тәрбиеленеді. Ол өте жақсы адам болған екен, сондықтан Нұртас туған анасы мен өгей анасының айырмашылығын білмей өседі. Оны бір күні анасы қолынан жетектеп, ауыл молдасына алып барып: «Мынау біздің кенжеміз… Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі. Оған құран оқуын үйретіңіз», – деп өтініш жасайды. Бұл жағдай оның өмірінің алғашқы күрделі жағдайы ретінде жадында сақталады, өйткені сол алған білімі кейін зейнеткерлікке шыққан кезінде араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақты көмегін тигізеді. Бірнеше жыл өтісімен бірінші дүниежүзлік соғыс басталып кетіп, оған 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына сәйкес жұмысқа жарайтын қазақ азаматтарының майданға қара жұмысқа алынуы ауылдың ауыр хал-жағдайын нашарлатып жіберді [2, 22-б.]. Оның үстіне 1917 жылы қатты қуаңшылық болып, ауылдың халқы мен малын асырап келген егістіктер, шабындықтар мен жайылымдар шөлге айналды. Осындай жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Нұртастың әкесі де бірнеше балаларымен, немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Жаппай ашаршылықтан тірі қалған адамдар жан-жаққа босып кетті. Нұртас та Ташкент қаласына басқалармен бірге көшіп барады.

Н. Оңдасыновтың жазбасы бойынша, оның балдаурен кезеңі қуанарлық жағдайда болмады. Балалық шағы жас кеңес үкіметінің құрылып жатқан тұсында, қоғамның бір формациядан екінші формацияға өтіп, халық ештеңені түсініп-біліп жатпаған өтпелі кезеңде өтті. Ақыр соңында солақай басшылықтың салдарынан халық аштыққа келіп ұрынды, ел күнкөріс, бір үзім нан үшін басы ауған жаққа босып кетті. «Кедей-шаруа үйінде дүниеге келген мен де сондай қиындықтың ортасында болдым. Жас шағымда әкем де, анам да, өгей анам Дәрігүл де қайтыс болды… Бірақ қанша аш-жалаңаш қалсам да мен ешкімге алақан жаймадым. Өз еңбегіме, өзіме сендім. Ауылда егін ектік, мал бақтық, кейіннен Ташкент ауып, өзбектерге жалданып, не керек, өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Осындай тәрбиеден шыққандықтан ба, әлде, қанағатшылдығым ба, білмеймін кейіннен қаншама лауазымды жұмыс істесем де, мүмкіндігімді пайдаланып қалайын деп, дүние-мүлік, қымбат заттар жинауға құмарланбадым», – дейді Нұрекең сол естелігінде [2, 46-б.].

Ол Ташкентте алдымен жүн зауытына, содан кейін Ташкент темір жолының қыш зауытына қатардағы жұмысшы болып орналасады. Сөйтіп жүргенінде оған Ташкентте жетім балаларға арналған мектептер ашылыпты деген хабар жетеді. Нұртас 1920 жылдың тамыз айында солардың бірі №14 мектеп-интернатқа барып, оқуға түседі. Кейін белгілі болғандай, бұл интернаттар Ғани Мұратбаев бастаған сол кездегі зиялы жастардың күшімен ұйымдастырылған екен. Сол интернаттың түлектері орыс тілінен тұңғыш сабақты Ғани Мұратбаевтың өзінен алады. Нұртас 1921 жылдың сәуір айында Ғани Мұратбаев ұйымдастырған комсомол ұйымына мүшелікке қабылданады.

Ғани Мұратбаев ашқан интернаттар жетім балалар үшін жасалған үлкен қамқорлық болатын, өйткені онда мемлекет өзі оқытады, өзі тамақтандырады, өзі киіндіреді. Ал олардың жататын жері кеше ғана көшеде қайыр сұрап, вокзалда ұйықтап жүрген балалар үшін нағызы жұмақ сияқты болатын.

Мектеп-интернатты тамамдағаннан кейін 1923-1927 жылдар аралығында Нұртас Ташкент Орман шаруашылығы техникумында білім алған. 1927-1930 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қалаларында Су шаруашылығы мекемесінің қызметкері болды. Жас кезінен алғыр, зерек жас жігіт 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетіне қарасты Ирригация институтында оқиды. Ал 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында орынбасар, кейінірек басшылық қызмет атқарған. Ол қызмет бабымен өрлеп, 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне төраға болып тағайындалады. Онда Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының II съезіне делегат болып сайланады. Сөйтіп, сол облыста алты ай қызмет жасап жүрген уақытында іскерлігі мен жаңашылдығын, талантын таныған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н. А. Скворцов 1938 жылдың шілде айында оны Үкімет төрағалығына (Совнарком) тағайындауға ұсынады.

Нәтижесінде, 1938 жылғы шілде айында Нұртас Оңдасынов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшелігіне өтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ КСР Үкіметінің (Халық Комиссарлар Кеңесінің, кейін Министрлер Кеңесінің) төрағасы болып тағайындалады. Бұл қызметті ол 1951 жылдың қазан айына дейін атқарады. 1951-1953 жылдар аралығында Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары Партия мектебінің тыңдаушысы болады. 1954 жылғы наурыз айында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының (Төралқасының) төрағасы болып сайланады.

Бұл қызметтен қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, кейінгі жеті жыл (1955-1962) өмірін Гурьевте (Атырауда) өткізеді. Онда екі жыл Халық депутаттары Облыстық Кеңесінің төрағасы, бес жыл Қазақстан КП Облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шығады. Сөйтіп, Нұрекеңнің 25 жылдай өмірі кеңестік-партия қызметінде өтеді. 25 жыл (1938-1963) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 18 жыл (1940-1958) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесі палатасы төрағасының орынбасары (1946-1950), КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы (Төралқасы) төрағасының орынбасары (1954-1958) болып қызмет атқарады. Ол осы аталған қызметтерді атқара жүріп, 26 жыл (1938-1964) Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің және 14 жыл (1938-1951) оның бюро мүшесі, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының XVIII, XXII, XXIII съездері мен оның  XVIII конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланады. Осы жылдары үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталады [2, 23-24-бб.].

Енді Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен еңбек жолының негізгі тұстарын толығырақ баяндауға көшейік. 

Нұрекеңнің естелігінде жазылғандай, қариялардың айтуына қарағанда, оның бабалары Сырдария, Қаратауға Жиделі-Байсыннан көшіп келген екен. Бірақ, оның айтуынша, қарттар қай заманда, қалай, неге қоныс аударды, оның себептерін ашуға онша бара бермейтін. Онысы олардың тарихты жете білмегендіктерінен болар. Ал оның үлкен атасы Дәндібай – ұрпағымен бақытқа бөленіп, ұзақ өмір сүрген кісі екен. Анасы Жұмагүл сол атасының сүйікті келіндерінің бірі болған. Жұмагүлдің бірінші күйеуі қайтыс болып, Мәрия, Бәтима деген екі қызымен және Қозыбай деген ұлымен жесір қалады. Кейіннен қазақтың әмеңгерлік салтына сәйкес қайын ағасы, яғни Нұртастың әкесімен қосылып, онымен тату-тәтті тұрады (Түсініктеме. Зерттеушілердің жазуынша, Нұртастың туған әкесі – Оңдасын, ал Дәндібай – атасы) [2, 26-б.].

 Күндердің күнінде анасы жалғыз ұлы Қозыбайдан айырылып, сары уайымға батады. Құдайдан оның орнын толтыратын ұл сұрайды. Бірақ ұлдың орнына Әлима, Сәлима деген әпкелері өмірге келеді. Анасы арманына жете алмай, қатты қиналады. Сөйтіп қиналып жүргенде оның тілегі қабыл болып, екі қыздан кейін Оңдасынның үшінші перзенті Нұртас өмірге келеді. Ата-анасы бұл қуанышына ағайын-туыстарын түгелдей шақырып, олардың барлығы тілектерін білдіріп, Құдайдың берген ұлы ғой, оның сенімді елшісі болғай деп нәрестеге «Нұрмұхаммед» деп азан шақыртып, ат қояды. Кейін сол аттың «Нұр» деген түбірін қалдырып, өмірі тастай берік болсын деген ниетпен «Нұртас» атап кеткен екен. Кейін осылай болып құжатқа жазылып кетеді.

Нұртастың анасының адамгершілігі зор, сонымен қатар он саусағынан өнері тамған шебер болған. Тон, киім-кешекті пішіп, үй мүлкін, жиһазын жасау, кілем тоқудын асқан шеберлігін көзі көрген абысын-ажындары ұзақ уақыт аңыз етіп айтып отырады екен. Сол өнерінің арқасында анасы ауылдастарына аса құрметті, сыйлы болған. Жоғарыда айтылғандай, дүниеден өткен Жұмагүлдің жетім қалған ұрпағын өгей анасы – Дәрігүл тәрбиесіне алады. Туған ананың орны басқа болғанымен, Нұртас Дәрігүл шешесінен ешқандай өгейшілік сезбейді, өйткені ол жаратылысынан мейірімі мол адам еді және өмірінің соңына дейін сол қасиетінен айнымай кетіпті. «Алғашқы күннен бастап өз анамыздай жылы құшағына алып, аялы алақанының ыстық табын аянған емес бізден. Әр кез асыл ананың аруағынан айнала отырып еске аламын», – дейді Нұрекең екінші анасы туралы [2, 27-б.].

Сол анасының ұйғаруымен жеті-сегіз жасқа келген шағында Нұрекең ауыл молдасының мектебіне беріледі. Ол сол мектепте арабша әліпбиді меңгеріп, құран сүрелерін жаттайды. Бұған қоса, ол ауылдағы хат танитын немере ағасы Әділбектен жазу мен кітап оқуға үйренеді. Сөйтіп, бір-екі жылдың ішінде оның сауаты ашылып, жазуға айтарлықтай үйреніп, кітапты суылдатып оқу дәрежесіне жетеді. Соның арқасында ол бала кезінен-ақ «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Көрұғлы», «Дариға», «Ләйлі-Мәжнүн» және т.б. қиссаларды көпшілік алдында дауыстап оқып, ауыл адамдарын қарық қылып, үлкендердің батасын алатын. Оның сол кездегі алған білімі кейіннен Ахмет Байтұрсыновтың жасаған қазақ  емлесін игеруге септігін тигізді. Сонымен бірге жарты ғасырдан кейін Нұрекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін сол білімі оған  «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» пен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздікті» жазып шығуына негіз болды.

Әкесі Оңдасынның отбасы  көп жанды, кедей тұрмысты болған. Нұртастың есі кіргеннен кейін көріп білгені – бір қазаннан он төрт адам ас ішетін. Кедей шаруаға сонша жанды асырау оңайға түспейді. Адамға лайықты күн көру үшін алдымен ынтымақ керек. Осыны  жақсы түсінген отбасы мүшелері ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындайтын. Оңдасынның үйі сондай ауызбірліктің жарасымды үлгісі болатын.

Нұртастың үлкен ағасы Дүйсен Ташкент жақта жаздай мақта шабығында жалданып, күздей күріш орағында, қыстай мал бордақылау жұмысынды болатын. Ол тапқан табысын әкесіне әкеліп беретін. Кіші ағасы Көбелек жастайынан байлардың малын бағып өсті. Ал әкесі Оңдасын асқан момын, өте мейірбан жан еді, сондықтан болар, ол үй билігін балаларына ерте беріп қойған көрінеді.

Үй шаруасын есепке жүйрік, шаруақор, ұйымдастыру жұмысына шебер Нұртастың ортаншы ағасы Исабек басқарды. Әкесі өзінің, барлық балаларының тапқан табысын жиып-теріп сол Исабекке беретін. Анасы Дәрігүл де әйелдерге тән үй тіршілігін басқаруды Исабектің үйіндегі келініне тапсыратын.

Оңдасын ақсақал жеке меншігінде суармалы егістігі болмаса да, диханшылыққа берілген, оны ізденіп істейтін. Бірақ, жеке жер алып диханшылық жасауға өз күші жетпеген, сондықтан Өтенбай деген кісінің қосын ұстаған. Ол жайылымға бидай, арпа, жүгері, тары егетін. Егер жердің ылғалдығы жеткілікті болса, жүгері мол өнім беретін болған. Сондықтан кедей шаруалар оны көбірек егуге тырысқан. Орта Азияда жүгеріні «кедейлер асы» деп те атаған. Ұқыпты әйелдер жүгеріден бірталай дәмді тағамдар жасай білген. Жүгерінің ұнына бидайдың ұнын қосып, оны түйіп жүгері көже әзірлейтін. Сөйтіп, Нұрекеңнің жазуынша, Н.С. Хрущев бізге жүгері егуді «үйреткенге» дейін-ақ Оңтүстік қазақтары жүгеріден 16 түрлі тағам жасауды білген. Оңдасынның диқаншылығының ең қызығы – басқалар кәсіп етпеген сары мақта егу. Ол мақтаны үлкен қазанның формасындай бір көлемді шұқырға егетін. Сол аймақта қыста түскен қар көбіне аз болатын, сонда да желдің күшімен шұқыр көктемге дейін қарға толатын. Қалың қардың суы басқа жаққа шықпайтын, түгелдей сол шұқырға сіңетін. Осы әдіс онда мақта өсіріп, одан мол өнім алуға мүмкіндік беретін. Сол шұқыр кейінгі кезге дейін «Оңдасынның шұқыры» деп аталып кетіпті Нұртастың жазуынша, оның әкесі бақша дақылдарын да аса шебер өсіретін. Оның қауын, қарбыз, асқабақтары өте дәмді болатын. Ауылдастары оның мән-сырын сұрап, тәжірибе алмасып жататын. Әкесінің бақшасының жақсы болуы күтіп-бағынуының нәтижесі деп түсінген дұрыс болар [2, 35-38-бб.].

Ауылдағы науқандық жұмыстар бітісімен Оңдасынның ұлдары ауылдағы науқандық жұмыстар бітісімен Ташкент жаққа барып, өзбектерге жалданып жұмыс істейді. Ол жақта қара күзге дейін күн жылы, мақта теріле береді. Қыс бойы сол жақта жұмыс істеп, жан сақтап, олар көктемде ауылға қайтып оралатын. Бірақ, Нұртас соңғы рет 1919 жылдың көктемінде ауылға қайтпай, Ташкентте қалып қояды. Сол жылы Ташкенттің қасындағы Келес кірпіш  зауытына жұмысқа кіреді. Сонда жұмыс істей жүріп, жетім балалар үшін Ғани Мұратбаев деген адам мектеп-интернат ашып жатыр деген хабар естиді. Үлкен ағасының: «Ауылға қайтамыз. Ауылда бір дүйім ағайын-туғандарың отырғанда жетім балалар үйіне барған деген не сұмдық!» – дегеніне қарамастан екі-үш баланы ертіп, қашып кетеді.  

Жетімханаға Нұртасты бір топ балалармен бірге ұстап, үгіттеп алдап барғандар     Ғ. Мұратбаев, Ә. Ақбаев, С. Сапарбеков. Интернатта сабақ берген ұстаздары – Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүнісов. Нұртас Оңдасыновпен бірге оқыған жас балалар – Райымбек Ахметов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанұлы, Жүсіпбек Арыстанов, Бектас Шынарбаев, Бапаш Кеншімбаев, Бейсембай Қасқыров және т.б. Ұстаздардың бірі Сәдуақас Оспанов интернатта тәрбиеленген балаларға Абай өлеңдерін жаттата берген. Содан Н.Оңдасынов пен Б.Кенжебаевтардың таңдайына сіңген Абай рухы ұлтшылдық болып, олардың маңдайына пешене болып жазылған. С. Оспанов кезінде Алашорда құрамында болған адам. Ол кейін Семей өңірінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүргенде қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен [3, 31-32-бб.].

Нұртас оқыған №14 мектеп-интернат үкіметтік құрылыммен жұмыс істеген. Кейін сол үкіметтік құрылым Ташкент қаласындағы орта, жоғары оқу орындарына үлгі ретінде таратылған. Дәл осы мектепте Нұртаспен бірге тәрбие алған Бектас Шынарбаев деген ақсақалдан жазушы Құлбек Ергөбек сұхбат алған екен. Сонда қарт адам жастық шағын есіне алып, интернаттағы бір қызықты оқиғаны баяндапты. Олар жас кезінде осы интернатта білім алумен қатар кейде жиналып, өз араларынан басқарма сайлайды екен. Сондағы бір жиналыста: Нұртас Оңдасынов – Совнарком төрағасы, Бейсембай               Кенжебаев – оқу наркомы, Бектас Шынарбаев – жасылдар наркомы, Жамалбек Шалабаев  тазалық наркомы болып, өздерінше рөлдерді сомдайды екен. Балалардың тілегіне періште «әумин» деп жіберді ме, Алланың қолдауына жетті ме, әйтеуір кейін Нұртас Оңдасынов  Совнаркомның төрағасы болып 13 жыл істеді. Бейсембай Кенжебаев қазақ әдебиетін түркологияға жалғаған белгілі оқымысты болған. Бектас Шынарбаев – ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Жамалбек Шалабаев  – отынмен қамту министрі, Сонарком төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған [4, 49-52-бб.].

Нұртас Оңдасынов мектеп-интернатта тәрбие алған ұстазы Ғани Мұратбаев туралы былай дейді: «Жас шамасының қатарлас болғанына қарамастан, небәрі он сегіздегі мұғалім – Ғани Мұратбаевты балалар үйінде тәрбиеленушілер «Ғани аға» деп атайтын.            Ғани үлкенді үлкен, кішіні кіші деп силай білетін тамаша тәрбиешілік қасиеттерімен шәкірттерінің орасан зор құрметіне бөленді. Менің оған деген ықыласым елден бөлек еді. Алғашқы көрген бойдан-ақ Ғани ағай маған ерекше әсер қалдырды, содан былай оны жақын бауырымдай жақын тартып кеттім» [5, 2-б.].

Комсомол жұмысымен айналыса жүріп, Ғани интернат оқушыларына орыс тілінен дәріс беретін. Кейін Ғани Мұратбаев Түркістан комсомолы Орталық комитетінің хатшысы болып сайланған соң да Нұртас оқитын интернатпен тығыз байланыста болды. Оның енгізген ізгі дәстүрлерін ізбасарлары дамытты. Нұртас Оңдасынов өз естелігінде: «Біздер сияқты жастар үшін, білімге енді ғана қолы жеткен көшпелі елдің қарадомалақ ұлдары үшін Ғани ерекше тұлға еді. Алдымызда сондай абзал ағаның болғанына бұл күнде қуанамын. Себебі біздер сол кісіге қарап өссек, соның жолын қусақ деген асқақ арман бізді алға жетеледі дейді [6].

Жалпы, Нұртас Оңдасыновтың өмір жолында және қиын сәттерде оның алдынан қазақ зиялылары жолықты, тәрбие берді, бағыт көрсетті. Соның арқасында ол ел қамын ойлаған азаматтардан дәріс алып, болашағына сенді. Бірқатар жетістіктерге жете бастады. Нұртас Ташкенттегі №14 мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін 1922-1927 жылдары Ташкент орман шаруашылығы техникумында білім алған. Техникумға оқуға қабылдануына оған Халық ағарту Халық комиссары Сұлтанбек Қожанов қол ұшын береді. 1925 жылы астана Орынбордан Қызылордаға ауысқан кезде техникум студенті                 Н. Оңдасыновты жазғы демалысқа С. Қожанов Қызылордаға шақырып, қаладағы жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейіне уақытша жұмысқа тұрғызады, сөйтіп  жаз бойы ол ақша-қаражат табады. Тағы бір кездескен кезінде С. Қожанов Нұртасқа Нәзір Төреқұловтың басшылығымен 1922 жылы басылып шыққан Абайдың 1- томдығын, сосын өзінің алғы сөзімен 1923 жылы шыққан Мағжан Жұмабаевтың бір томдық шығармалар жинағын беріпті. Оған «осы екі ақынды көбірек оқы, үлгі алуға тұрарлық» депті. Кейін бір сәті түскенде ол  С. Қожанов  арқылы Н. Төреқұловпен танысады.  Нәзір ағасы оған «халық мұрасын жинауға атсалыс, ескілікті жыр-дастандарды көп оқы, тілін меңгер» деп ақыл береді. Соңғы жылдары зейнеткерлікке шығып, Мәскеуге келген кезде сол Нәзір ағасының ақылы есіне түсіп, қазақтың қара сөзімен, тіл қазынасымен көбірек айналасуға бет бұрған. «Сөздік-словарьға» ден қоюыма да Нәзір ағаның сөзі қамшы болды» деп ол кейін есіне алады [3, 44-45-бб.]. 

Нұртас Оңдасынов Ташкент орман шауашылығы техникумын бітірген жас маман ретінде 1927 жылғы 23 қазанда алғаш рет еңбек жолын Қызылорда қаласында орналасқан Қызылорда-Қазалы су шаруашылығы округінде статист ретінде бастаған. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған оның өз қолымен жазған өтініші бар. Ол сол Су шаруашылығы басшысының атына жазған өтінішінде статист ретінде жұмысқа қабылдауды сұраған [7].

Осы Қызылорда су шаруашылығында толтырған құжаттарында оның 1925 жылғы 23 сәуірден бастап партия мүшелігіне кандидат екені жазылыпты. Сол кездің өзінде-ақ Нұртас Дәндібайұлының қоғамдық жұмыстан хабары бар болатын, өйткені ол 1925 жылғы 9 желтоқсанда Ташкент қаласында өткен партия мүшелері мен мүшелікке кандидаттардың жиналысына қатысқан. Ал одан бұрын комсомол қатарында белсенділік танытып үлгерген. Ол қатысқан партия жиналысында су шаруашылығы саласында коммунистік партияның бастауыш ұйымын құру мәселесі талқыланған. Сондағы хаттамада және сөз сөйлегендердің тізімінде оның аты-жөні көрсетілген. Бұл құжат та сол Қызылорда облыстық архивінде сақталған [8]. 

Нұртас Оңдасынов Қызылорда өңірінде бастаған алғашқы еңбек жолында 1927 жылғы қазан мен 1928 жылғы мамыр айлары аралығында жеті ай жұмыс істеген. Оның өмір жолы мен қызметіне қатысты мәліметтер Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған. Мәселен, 1927 жылғы қарашада Қазақ Су шаруашылығы құрамында №42 партия ұйымы бөлімшесінің жиналысы өткізілген. Жиналыста партия мүшелігіне кандидаттардың орнын жылжытып, оларды мүшелікке ұсыну бойынша бюро хаттамасын бекіту туралы және ағымдағы мәселелер қаралған. Осы жиналысқа төрағалық ету үшін    Н.Д. Оңдасынов ұсынылған. Жиналыста бірқатар мәселелер талқыланған. 1927 жылғы               5 желтоқсанда Қызылорда су шаруашылығының жанынан құрылған партия ұйымы мүшелерінің жиналысы өткізіліп, оған Н.Д. Оңдасынов төрағалық еткен. Осы партия ұйымының тағы бір кезекті отырысы сол жылғы 11 желтоқсанда өткен. Бұл жолы № 14 хаттама толтырылып, оған атқарушы бюро мүшелерінің қатарында Нұртас Оңдасынов болған. Аталған жиналыста ол сөз кезегін алып, нақты екі мәселе  көтерген [9].                  Н.Д. Оңдасынов 1927 жылғы 11 желтоқсанда кандидаттықтан нақты партия мүшелігіне өту туралы өтініш берген. Бірақ оның құжаттары партия ұйымының селқостығынан тиісті мекемелерге жетпей қалған. Кейін бұл мәселе қайта қаралып, кемшіліктің орны толтырылып, ол партия қатарына бұрынғы өтінішінде көрсетілген күні бойынша тіркелген. Сол құжаттарда оның өмір жолы мен еңбектегі нақты жетістіктері қысқаша баяндалған [3, 59-б.].

Нұртас Оңдасынов жас маман ретінде еңбек жолының келесі кезеңін жалғастыру мақсатында 1928 жылы Әулие-Ата (қазіргі Тараз) қаласына қоныс аударып келеді. Жамбыл өңірі Қазақстанның су шаруашылығындағы ерекше бір аймақ болатын. Осы өңірдегі Талас су көздерін іздестіру мекемесінде ол кіші техник ретінде қызмет атқарып, елдің қамы үшін бірталай істер тындырады. Нұртас осы жерде бес ай мерзім істеген соң қызмет жағдайымен Оңтүстік Қазақстандағы Шымкент су шаруашылығы мекемесіне жұмысын ауыстырады [3, 64-б.].

Осы өңірге Ташкент орман шаруашылығы техникумын бітіріп келген жас маман ретінде басқа әріптестерімен бірге талай іс-сапарларға шығып, елді мекендерге су құбырлары мен суландыру жүйелерін жобалауға қатысады. Сөйтіп, ол туған жердің гүлденіп дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін шамалы болса да жақсартуға өзіндік үлесін қосты. Солай болғанымен, жас маман әлі де білгенінен білмегені көп екенінін сезіп, өзінің келешегі үшін жоғары білім алу керек екендігін түсініп, 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университеті құрамындағы Ирригация институтына оқуға түседі. Нұртас Оңдасынов 1930-1934 жылдары оқыған Ирригация институты өзінің бастауын Түркістан мемлекеттік университетінің техникалық факультетінен алады. Кейін ол құрылымдық өзгерістерге ұшырап, Ташкент ауыл шаруашылығы ирригациясы және ауыл шаруашылық механизациясы институты болып аталады (қазіргі Ташкент ирригация және мелиорация институты) [3, 73-б.]. 

Н.Д. Оңдасынов Ирригация институтының үш курсын бітіргеннен кейін Орта Азия университетіндегі Жұмысшылар факультетінің оқытушысы болып істейді. 1934 жылдың қазан айында ол Қазақстанға жіберіледі. Мұнда ол 1936 жылға дейін алдымен Қазақстан орман шаруашылығы тресі бастығының орынбасары, одан соң бастығы болып қызмет атқарады. Осы мекемеден оның Қазақстандағы жоғары лауазымды қызметінің еңбек жолы жалғасады. Осы жылдары ол өзінің іскерлігімен және алғыр көзқарасымен ерекшелене  түседі. Мәселен, Н. Д. Оңдасынов 1935 жылы Алматыда өткен Бірінші агротехникалық съезде жасаған баяндамасында «жердің құнарлығын қорғап тұратын алқаптардың жағдайларына байланысты сын көтермейтін» тұстарын атап көрсеткен. Соның нәтижесінде оның жасаған баяндамасы республика шаруашылығы алдында тұрған бірталай  күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі. Ол өз баяндамасында орман шаруашылығын дамыту үшін жергілікті климат жағдайларын ескеру қажеттігін де айтқан [3, 78-б.].

1935 жылы Орман шаруашылығы тресінің басшысы Н. Д. Оңдасынов республикадағы барлық өңірлік басқармаларға Қазақ КСР-інің 15 жылдық мерекесіне орай орман шаруашылығының жетістіктерін көрсету мақсатында арнайы көрмеге қойылатын ағаш түрлерінен түсірілген, су қоймалары мен орман шаруашылығына қатысты құрылыс нысандарының фото-суреттері, түрлі ағаштан жасалған заттай бұйымдар және тағы басқа дүниелер мен материалдарды дайындау қажеттігін тапсырған.  Н.Д. Оңдасынов басқарған Орман шаруашылығы тресінің қарамағындағы шаруашылық басқармалары: Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанайда орналасқан. Сол уақыттың өзінде облыс орман шаруашылығы басқармаларына қарасты питомниктер жұмыс істеген. Мәселен, Батыс Қазақстанда – 6, Ақтөбеде – 3, Солтүстік Қазақстанда – 10, Оңтүстік Қазақстанда – 5, Шығыс Қазақстанда – 4, Алматы облысында – 4, Қостанайда – 1 питомник болған. Облыстарда орман шаруашылығының барлығы жеті басқармасы жұмыс істеп, оларға      Н.Д. Оңдасынов басшылық еткен. Бұл басқармалардың атқарған жұмысы, ондағы техникалар мен құралдардың инвентарлық көрсеткіші түгелдей есепке алынып, 1936 жылдың соңында Қазақ Орман шаруашылығы басқармасының басшысы                            Н.Д. Оңдасыновтың атына есепті баяндамалар ретінде жолданған. Осындай жұмыстардың  архивте сақталған материалдарына қарағанда халықтың мүддесі мен елдің келешегі үшін Нұрекеңнің тарапынан бірқатар тиімді шаралар ұйымдастырылғанына көзіміз жетіп отыр [10].

Нұртас Оңдасынов 1938 жылғы ақпан-шілде айлары аралығында еңбекшілер депутаттары Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Оны бұл қызметке сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің басшысы Л. И. Мирзоян ұсынған болатын. Нұрекеңнің естелігінде жазуы бойынша,                Л.И. Мирзоян басқарған жылдары елімізде тыныштық орнап, асыра сілтеушілік әшкереленіп, көптеген облыстар мен аудандарда партиялық-кеңестік басшылық жаңартылады. Сонымен бірге адамдардың бойына болашаққа деген сенімділік орнайды. Өкінішке орай, көп ұзамай Мирзоянға Қазақстанда халыққа интернационалдық тәрбе беру жұмысы қанағаттанарлықсыз халде деген жоқ жерден ойлап табылған жала тағылып, ол хатшылықтан түсіріліп, саяи қуғын-сүргіннің құрбаны болып кетеді.

Семейге атқару комитетінің басшысы болып барасың деген ұсынысқа                     Н.Д. Оңдасынов қарсылық білдіріп, ондай үлкен қызметті атқаруға тәжірибесінің аз екендігін алға тартып көреді. Бірақ бұл сылтауымен келіспей, оны Жоғарғы Кеңестің сессиясында бекітіп, 1938 жылдың басында үлкен сенім білдіріп Семейге жібереді.

Н.Д. Оңдасынов жоғарыда аталған қызметке сайланысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге қызу кірісіп кетеді. Мәселен, Нұртас Дәндібайұлы облыстық атқару комитетінің төрағасы ретінде 1938 жылғы 13 ақпанда барлық аудан басшыларынан өткен 1937 жылдың есебін сұратып, олардың кешіктіріліп жатқанын атап көрсеткен. Осыған байланысты бұл мәселе облыстық атқару комитетінің отырысында қаралып, арнайы қаулы шығару арқылы әрбір аудан мен оның колхоздарының кірісі, жалпы жағдайы туралы есеп беруін талап еткен тапсырма берілген [11]. Шығыс Қазақстандағы кенді Алтай алтын өндірісіне байланысты мәселені  Н.Д. Оңдасыновтың қатысуымен облыстық партия комитетінің 1938 жылғы  21 ақпандағы бюро отырысында қараған. Нәтижесінде осы саладағы күрделі мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырма беріліп, жұмысшыларды жаңа құралдармен қамтамасыз ету, алтын кеніштеріне барлау жүргізу қажет екені белгіленген. Сонымен қатар, 1938 жылдың екінші тоқсанында алтын кеніштеріндегі еңбек ету тәртібін бір ыңғайға келтіріп, онда жұмыс істейтін жұмысшылаармен келісім-шарттар жасалуы тиіс болған. Архив деректерінде көрсетілгендей, Н.Д. Оңдасынов 1938 жылғы 14 наурызда облыстық атқару комитетінің отырысын өткізіп, қол астында жұмыс істейтін бүкіл 18 бөлімнің басшыларын жинап, оларға нақты тапсырмалар берген. Осы отырыста бөлім басшыларына әр саласы бойынша тиісті міндет қойылып, қаланың үйлері мен көшелеріне, мәдени орындарға мән беріп, олардың жағдайын қадағалау, жақсарту, қаланы жасылдандырып, абаттандыру мәселесі қаралған [12].

Облысқа қатысты тағы бір маңызды шешім, ол Ертіс өзенінен өтетін көпір құрылысына байланысты қабылданып, оның сызбасы бекітілген. Құрылыс қаражатының көлемі – 5759130 сом болып белгіленген. 

Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1938 жылғы 13 сәуірдегі отырысында «Ұлттық мектептерді қайта құру туралы» мәселе қаралған. Онда облыстың неміс, татар, балқар, шешен тұрғындары үшін кеңестік қарапайым үлгідегі мектептер құрып, онда қазақ немесе орыс тілінде оқыту ұсынылып, сонымен қатар ана тілдерін сақтау үшін өз тілдерін оқытуға да рұқсат етілген. Облыста 1938 жылғы 1 Мамыр мерекесі қарсаңында  халықты етпен, сүтпен және маймен қамтамасыз ету үшін іс-шаралар ұйымдастырылған. Оны іске асыруға тиісті қаулы қабылданып, құжатқа облыс басшылары Н. Железов пен Н. Оңдасынов қол қойған. Осыған байланысты тонналаған азық-түлікті елді мекендер мен қалаларға жеткізу арнайы бөлім басшыларына жүктелген.

Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Железов пен облыстық атқару комитетінің төорағасы Н. Оңдасынов 1938 жылғы 8 наурызда халық ақыны Жамбылдың 75 жастық мерейтойын өткізу туралы шешім шығарған. Ақынның мерейтойы негізінен Семей қаласында аталып өтеді деп белгілеп, сол шараны халыққа насихаттап жеткізу үшін газет редакцияларына, аудан басшыларына арнайы нұсқау беріліп, оларға ауылдарда, аудан орталықтарында  салтанатты кештер өткізу жүктелген. [3, 91-б.].

Сөйтіп, Шығыс Қазақстан (Семей) облысының жоғары  өкілді органын санаулы ай ғана басқарғанымен, Нұртас Оңдасынов осы өлкедегі ауқымды мемлекеттік іс-шараларды ұйымдастырудың басы-қасында жүріп, өзін білікті және қабілеті күшті басшы ретінде таныта білді.

Н. Д. Оңдасынов 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады. Осы облыстың атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарғанына жарты жыл ғана уақыт өткен шақта оны бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцов шақырып алып,  сізді Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына ұсынамыз, қарсылық білдіріп жүрмеңіз дейді. Нұрекеңнің профессор Ғ. Сағымбаевпен әңгімесінде айтқанындай, оған алғашқы кезде жоғары лауазымды қызметте жүктелген міндеттерді атқару оңай болмайды. Оның үстіне кейбір республикалық мекеме басшылары оның тәжірибесінің аздығын пайдаланып, кейбір тапсырмаларын орындағылары келмей, Орталық комиеттің хатшылары мен бөлім басшыларына барып, үстінен шағым жасап жүреді. Сондай қиын сәттерде Н.А. Скворцовтың қолдауының арқасында оның шешімдері орындалатын болды. Нәтижесінде бір-екі жыл ішінде ол басқаратын Министрлер кеңесінің беделі артып, нағыз шаруашылық басқару штабына айналады. Сол кезде Н. Д. Оңдасыновтың қол астында нарком болған Сайлаубай Қайнарбаев, Қазтай Едігенов, Атымтай Қисанов және басқалар: «Нұрекеңдей үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен танбайтын адам еді. Біз оны төраға демей, хозяйн дейтін едік», – деп естеріне алатын. Осыған ұқсас пікірді Дінмұхаммед Қонаевтың да аузынан естуші едік дейді Ғ.Сағымбаев [13, 122-123-бб.].

Н.Д. Оңдасынов республика үкіметінің басшысы болған соң, көп ұзамай Мәскеудегі Орталық үкімет Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы мәселе қарайтын болады. Үкімет отырысын КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.М. Молотов басқарады. Сол отырыста ол алғаш рет И. В. Сталинмен кездескенін есіне түсіріп, былай дейді: «Атағы жер жарған, бұрын көрмеген көсемді осы жиынға келеді деп ойламаған мен қысылып, біраз уақыт тоқтап қалсам керек. Оны байқаған Молотов үзіліс жариялап мені Сталинге қарама-қарсы отырғызып, Қазақстан үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі деп таныстырды, Сталин: «Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав артынан өзің айтарсың» деп шығып кетті». Осы оқиғаны естігенде Н. Д. Оңдасыновты қорқақ, дұрыстап мәселе қоя алмады деп, сыртынан мысқылдап күлгендер де болды. Ел билеуге енді ғана араласқан, бар жоғы 34 жастағы адамға, қаһары мен айбаты бет қаратпай тұрған «ұлы көсем алдында сасқалақтап қалғанын «қорқақ» деп айтқан артық болар [13, 126-127-бб.].

Н. Д. Оңдасыновты 1938 жылы Кремльде И.В. Сталинмен Қазақстан үкіметінің  басшысы, өзі жас, бірақ мал шаруашылығын жақсы біледі деп таныстырған                       В.М. Молотовтың сөзі шындыққа айналып, үшінші бесжылдық тұсында республиканың осы саласы біршама биікке көтерілді. Қазақстан үкіметі мал шаруашылығына жаңа жүйе енгізді. Әрбір шаруашылыққа жер жағдайларына, материалдық мүмкіндіктеріне қарай мал фермаларын ұйымдастыруды міндеттеді. Оларды екі жылға салықтан, ет, сүт тапсыру міндетінен босатты. Соның арқасында халықтың тұрмысы біршама көтерілді. Үш жылдың ішінде мал фермаларының саны 22 мыңнан асып түсті. Колхоздарға мемлекет тарапынан қарызға қаражат беріліп, ол жаңа техника алуға және мал санын көбейтуге жұмсалды. Сонымен бірге, әртүрлі дәнді дақылдар – бидай,  күріш, күнбағыс, картоп егетін егістік көлемі ұлғайды. Қазақстанның осындай жетістіктерге жету құрметіне орай                          Н. Д. Оңдасынов өзінің алғашқы үлкен наградасы – Ленин орденімен марапатталды [3, 111-б.].

Зерттеуші ғалым Қ. Еңсеновтың жазуынша, Н.Д. Оңдасынов республика үкіметін басқарған жылдар Қазақстан республикасының өрлеу кезеңіне айналды. Оның тікелей басшылығымен өлкеде қара металлургия өнеркәсібі, мұнай және көмір өндірістері қарқынды дамыды. Көптеген зауыт, фабрика, мал фермалары іске қосылды. Қызылорда күрішті, Шымкент мақталы, Жамбыл мен Талдықорған қантқызылшалы, Алматы жеміс-жидекті, Семей малды, Атырау мұнайлы өлкеге айналды. Республиканың оңтүстігін теріскейге, Ресейге тура қосатын Мойынты-Шу, сондай-ақ Қандыағаш-Гурьев темір жолдары тартылды. Қазақстан КСРО-да Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шыққан ірі мал шаруашылығы мен астық базасына айналды. Нұртас Оңдасынов республиканың атқарушы билігін қолына ұстап тұрған кезде әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Ауылшаруашылық құрылымдары аяғынан нық тұрды. Мал басы өсіп, оның өнімділігі артты. Кейін Қазақстан соғыс жылдарында майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды [3, 106-107-бб.].

Н.Д. Оңдасыновтың республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне дәлел бола алатын бірталай құжаттар архивтер мен кітапханаларда сақталған. Мәселен, 1939 жылғы 29 мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцов пен Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов Мойынты-Шу темір жолының құрылысы туралы» арнайы ұсыныс хатты КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М. Молотовтың атына жолдаған. Онда Қазақстан аумағында Орта Азия мен Ресейдің арасын байланыстыратын темір жолдың маңызы бар және оны салудың аса қажеттілігі айтылған. Сол уакқытта Қазақстаннан шыққан поезд Семей-Новосибирск-Омбы-Челябинск қалалары арқылы Ресейге жеті-сегіз тәулік жүретін. Осы жолда жүруді  бір тәулікке дейін қысқарту үшін Ақмола арқылы Алматыға дейінгі аралықтағы жолды қосатын Мойынты-Шу темір жолын салу керек болған. Сол себепті    В. М. Молотовтан осы темір жол жобасын бекітуді сұраған [14].

Н.А. Скворцов пен Н.Д.Оңдасынов 1940 жылғы 27 қаңтарда БК(б)П Орталық комитетінің Бас хатшысы  И. В. Сталин мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. М. Молотовтың атына жолдаған хатта Ембі мұнай кен орнын одан әрі дамыту туралы мәселе көтерген. Сол құжатта көрсетілгендей, кен орнында жұмыс істеп жатқан треске 1940 жылға белгіленген мұнай өндірісінің көлемі 1100 мың тоннаны құрап, 1939 жылмен салыстырғанда 143 пайызға асып түскен. Бұған қоса, Күлсары мен Сағыз жаңа кен орындарында мұнай өндіруді 33 пайызға артық орындау белгіленген. Осындай ауқымды жоспардың орындалуын тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаражат көлемін кем дегенде екі есеге арттыру қажет екендігі көрсетілген. Осы айтылғанды ескере отырып, Ембі кен орнын жедел дамыту жөнінде шұғыл шаралар қолданып, осы өңірде өндірілетін мұнайдың көлемін 1940 жылы – 1100 мың тоннаға жеткізіп, келесі жылдары мұнда әлдеқайда көп өнім алуға болатынын дәлелдеп көрсеткен  [15, 74-75 бб.].

Н.А. Скворцов пен Н.Д. Оңдасынов 1940 жылғы 28 тамызда И. В. Сталин мен     В.М. Молотовқа жолдаған келесі хатта Атасу мен Қарсақбай кен орындарына өндірістік барлау жүргізу және Қазақ металлургия комбинатын салу туралы ұсыныс жасайды. БК(б)П XVIII съезінің материалдарында үшінші бесжылдықта Атасу мен Қарсақбай кен орындарына өндірістік барлау жүргізуді аяқтап, Қарсақбай-Қарағанды металлургия комбинатын салу көзделген болатын. Енді бұл шешімнің орындалуын КСРО Қара металлургия Халық комиссариатының қамтамасыз етуі қажет деп жазылған бұл хатта. Қазақстанда металлургия комбинатының салынуы ел экономикасы үшін өте маңызды екендігін ескере отырып, жоғарыда аталған комиссариатты осы кәсіпорынды іске қосу жөніндегі жұмыстарды қарқынды жүргізіп, 1942 жылдан кешіктірмей аяқтауға міндеттеген дұрыс болар еді деп айтылған [15, 86-87 бб.].

Н.Д. Оңдасыновтың іскерлігі мен жоғары жауапкершілігі, сабырлығы мен байсалдылығы әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында байқалды. Ол Үкімет басшысы ретінде Казақстан Компартиясы Орталық комтетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцовпен бірге радио мен баспасөз беттерінде бірлік пен татулықты ту етіп, халықты сүйікті Отанымызды жан аямай қорғауға шақырды. Бұдан кейін барлық өндіріс орындары мен мекемелерде, ауылдар мен кенттерде митингілер өткізіліп, халықтың күш-жігерін майдан мүддесіне, жауды жеңу мақсатына жұмылдырылды. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан елдегі төтенше жағдайға байланысты істі жедел ұйымдастыру бюросы құрылды. Бюро жұмысын Н.Д. Оңдасыновтың өзі қадағалап, оған басшылық жасады. Республикадан атқыштар және атты әскер бригадалары жасақталды. Алматы, Жамбыл,  Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған азаматтардан 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Бұған қоса, алғашқы үш ай ішінде 238, 310, 314, 357 және  391-атқыштар дивизиясы құрылып, Нұртас Оңдасынов олардың алдында сөз сөйлеп, майданға шығарып салды.

Республикада шаруашылықты соғыс жағдайына байланысты бейімдеп қайта құру басталды. Орталық және облыстық мемлекеттік органдар жанынан жұмыс күшін бөлу жөніндегі бюро, эвакуацияланған халықты шаруашылыққа орналастыру, әскери тапсырыстар мен эвакуацияланған жабдықты құрастыру жөніндегі бөлімдер ұйымдастырылды. 1941 жылғы шілденің ортасынан  Қазақстанға қоныс аударған адамдардың саны 386 мыңға жетті. Халықпен бірге 142 зауыт, фабрикалар да келді. Көшіп келгендердің үштен бірі қалаларға, ірі өнеркәсіп орталықтарына жайғасты. Республикаға 149 жетім балалар үйі көшіп келді. Осының бәрін жайғастыру міндеті Қазақстан үкіметінен бастап, жергілікті атқару комитеттеріне жүктелді [3, 125-127 бб.]. 

Қырғын соғыстың жан қайыстырар қиындықтарына қарамастан, Қазақстанда сол жылдары көптеген өнеркәсіптік және мәдени объектілер салынғаны, жоғары оқу орындары ашылғаны белгілі. Солардың іске қосылуына Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың барынша бастамашылық еткенін ешкім теріске шығарған емес. Бәрін санамалап жатпай-ақ, қазіргі «Испат-Кармет» металлургия комбинатының іргетасын қалаған Қазақ металлургия зауытының 1942 жылы басталған құрылысын алайық. Сол құрылысты қай жерде салу керектігі, зауыттың болашақ кадрларын даярлау, тіпті сол жердегі бұрынғы Самарқан ауылын Теміртау қаласы деп атау жөніндегі істердің барлығына үкімет басшысы белсене араласқаны баршаға мәлім.

Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан ең қиын кезеңнің өзінде республикада ауыр өнеркәсіптің негізі қаланды. Бұл жөнінде Нұртас Оңдасынов өзінің естелігінде былай деп жазады: «Соғысқа дейін Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібі жоқтың қасы болды. Ал, республиканың халық шаруашылығына қажетті металды алыстан тасымалдап, қамтамасыз ету қиынға түсті. Сондықтан республика Үкіметі Қарағанды темір сынықтарын қайта қорытып, болат шығаратын зауыт салу жөнінде БК(б)П Орталық Комитетінің алдына арнайы мәселе қойды. Одан қолдау табылды… Зауыттың салынуы соғыстың қиын уақытына тура келді. Осындай жағдайда Мәскеуден, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінен көмек сұрадық. Көмектің мәнісі әскер қатарына шақырылуға тиісті екі мың жігітті зауытқа арнап қалдыру еді. Бұл өте қиын шаруа. Бірақ, басқадай амал жоқ. Орталық Комитет қазақстандықтардың тілегін қабыл алып, рұқсат етті. Сөйтіп, екі мың жігітті Магнитогорск мен Новокузнецкінің металлургия зауыттарына оқуға жібердік… Теміртауды дамыту жөнінде министр И. Ф. Тевосянға бірнеше рет баруға тура келді. Ол Теміртаудың дамуына көп көмектесті… Министрге келесі бір барғанымда Самарқан поселкесінің ұлғайғанын және оны қала дәрежесіне көшіретінімізді айттым. Әңгіме үстінде И.В.Тевосян менен: «Сол қалаларыңның аты қалай болды? Самарқан деген қала Өзбекстанда да бар емес пе?» деп сұрап қалғаны… Мына құжаттарға шартты түрде болса да қаланың атын жазу керек деді. Сөйтті де «металл» деген сөздің қазақшасын сұрады. Мен: «темір» деп жауап бердім. Тевосян «темір» деген сөзді бір-екі рет қайталап алды да, міне жаңа қаланың атын осылайша атауымыз керек деп, өзі қуанып кетті. Ал менің ойыма, ол темір болғанда жай темір емес, бүкіл қазақ игілігіне айналғалы отырған тау-тау темірлер ғой деген пікір келіп қалды. Сөйттім де «Теміртау» деп атасақ қалай болады дедім және ол сөздің мағынасын түсіндірдім. Тевосян одан сайын қуана құптады». «Сөйтіп, Теміртаудың «темірі» Тевосяндікі, «тауы» менікі болып, жаңа қаланың аты қойылды» деп жазады Нұрекең өз естелігінде [2, 90-91 бб.].

Нұртас Оңдасынов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі ретінде ең алдымен мәдениет мәселелеріне жауап беретін. Осыған орай, Н.Д. Оңдасыновтың қолдауымен, дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты ашылады, Қазақ опера және балет театрының құрылысы аяқталады, Ғылым Академиясы ғимаратының іргетасы қаланады. Ол театр, кино өнеріне, баспасөзге күнделікті көңіл бөледі [2, 5-6 бб.]. 

Мәселен, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы негізінде Алматы көркем фильмдер киностудиясы құрылды. 1944 жылғы 25 қаңтарда оның атауы Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер киностудисы болып өзгертілді. Үкімет төрағасы соғыс жылдарында Алматыға эвакуциямен көшіп келген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларын жаңа орынға орналастырып, оларға мемлекеттік тапсырыс бойынша он шақты көркем және деректі фильдер түсіруге қажетті жағдай жасауды ұйымдастырады. Бұған қоса, майдан шебіне қазақ өнерпаздарынан құрылған концерттік бригадалар жіберуге тапсырма береді. Соғыстың бар ауыртпалығын көтерген халыққа серпіліс беру мақсатында 1943 жылдың 11 желтоқсанында Алматыда халық ақындарының айтысын өткізуді қолдап, онда озып шыққан ақындарға жүлде ретінде тиісті силықтар тағайындауды бұйырған.                         Н. Д. Оңдасынов соғыс кезінде қазақ тілінде шыққан М. Әуезовтың «Абай» романыңың бірінші томын Сталиндік силыққа ұсынған [15, 9-б.].

Н. Д. Оңдасынов үкімет басшысы қызметінде болған кезінде әртүрлі салаға білікті мамандар тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бір ғана мысал. Ол 1942 жылы іссапарларының бірінде Лениногорск түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхаммед Қонаевпен кездесіп, оны өзіне орынбасарлыққа шақырып, тоғыз жол бойы тізе қосып нәтижелі жұмыс істейді. Екінші – ғылым саласына қатысты. Нұрекең Қазақ Ғылым академиясын құруға бастамашылық жасап, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауды ұсынады. Сонымен бірге ол Қ.Сәтбаевты 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына да белсене атсалысады. Үшінші мысал – қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевқа байланысты. Н.Д. Оңдасынов 1943 жылы Қостанай облысына іссапарға барған кезінде ауаткомның атбағары болып жүрген, саздан әртүрлі жануарлардың мүсіндерін жасай алатын бозбаланы көріп, оны оқуға шақырады. Бір жылдан кейін Хакімжанды Алматыға алдыртып, оның тиісті білім алып, білікті маман болып шығуына мүмкіндік жасайды. [2, 6-7 бб.].

Зерттеушілердің пікірінше, Н. Д. Оңдасынов – Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңдерде де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Бұл Қазақстанда басталған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, Мойынты-Шу темір жолы және т.б. ұлы құрылыстардың бастау алған жауапты кезеңдер еді. 

Н.Д. Оңдасынов 1954 жылғы наурыз айында Мәскеудегі Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының (Төралқасының) төрағасы болып сайланады. Ол осы қызметті атқарған уақытта көптеген маңызды заңдарға қол қойған. Н.Д. Оңдасынов 1954 жылы басқарған осы жоғары өкілді мемлекеттің органның атқарған жұмыстары жөнінде Орталық мемлекеттік архивте сақталған қорытынды есепте мынадай мәліметтер көрсетілген: еңбек мәселесі бойынша Төралқаның қабылдау бөліміне – 765 өтініш, материалдық көмек жөнінде – 2441, пәтер туралы – 625, зейнетақы – 482, салық – 162, колхоз өндірісі –  144, паспорт және прописка – 389, басқа мәселелер бойынша – 1627 өтініш түскен, барлығы  6635 арызды құраған. Осы аталған  6635 өтініштің 2158-іне қанағаттанарлық жауап қайтарылған, 1094-іне анықталсын деген тапсырма берілген, 235-і шара қолдануға келмейтіндіктен кері қайтарылған, 154-қадағалауда тұрған, 3003-і мекемелерге қарауға жіберілген [16].

Жоғарыда аталған көрсеткіштерді саралайтын болсақ, Н.Д. Оңдасынов басқарған шамалы уақыттың өзінде республика Жоғарғы Кеңесі тарапынан бірқатар нәтижелі істер тындырылғанын байқаймыз. Өкінішке орай, Нұртас Дәндібайұлы сол қызметте бар болғаны бір-ақ жыл істеп, өз өтініші бойынша 1955 жылғы мамырда Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалық қызметіне баруға мәжбүр болады. Алайда республика үкіметін 13 жыл басқарған тәжірибелі басшы қызметтен төмендетілдім деп мұңайған жоқ. Ол әрқашан халықтың арасында болып, қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын көріп, күрделі мәселелерді шеше  білді.

Алдымен Гурьев облысында Халық депуттары кеңесінің атқару комитетін басқарып, ал 1957-1962 жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқара отырып, Н.Д. Оңдасынов Атырау мен Маңғытау өніріне етене сіңіп кетті. Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашұлының жазуынша, ол облыс экономикасын жан-жақты өркендетіп қана қоймай, облыстық партия комитетінің жұмысына жергілікті кадрларды тарту мәселесіне көп көңіл бөлді. Бұрын тіпті облыс түгіл, аудандарға басшы кадрларды сырттан әкелетін. Нұрекең келісімен бәрін өзгертті. Жергілікті кадрлар тұрақтанып, жаппай өсті. Сонымен бірге, Н.Д. Оңдасынов өлкенің мұнайшыларына да қамқоршы бола білді, олардың пікірлеріне мән беріп, үнемі қолдап отырды. Нұрекеңнің тәрбиесінен өткен адамдардың біразы Қазақстанның басқару органдарында тиянықты қызмет атқарып, өз істерін көрсете білді. Солардың қатарында  М. Есенов, З. Қамалиденов, С. Өтебаев, Ж. Досмұхамбетов, О. Көшеков, Ғ. Сағымбаев,  Ж. Таңқыбаев және т.б. – республикаға еңбегі сіңген, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері. Нұртас Оңдасынов 58 жасқа жетпей зейнеткерлікке шықты. Оның қызметтен шеттетілуі Гурьев (Атырау) облысының партия-кеңес активіне де, өзіне де үлкен соққы болды. Атырау халқы қимас сезіммен Нұрекеңмен қоштасты [17].

Нұртас Дәндібайұлы 1962 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеу қаласына көшіп барып, онда 1989 жылға дейін ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысады. 1989 жылы қайтыс болғаннан кейін ол туған жері Түркістанға әкелініп жерленеді.

Еңбегі

Ұзақ жылдары Үкіметті  басқарып, республиканың экономикасын, ғылымы мен білімін дамытуға көп еңбек сіңірді.  Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1938 жылдың жазында бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалады. Осы қызметті Н.Д. Оңдасыновтан ұзақ атқарған жалғыз қайраткер Байкен Әшімов ағамыз ғана. Бірақ Байекеңнің үкімет басқарған жылдары социализмнің шыңына жеткен кезеңі, содан кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал Нұрекең үкімет басқарған жылдар – жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қынадай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, жанталасып өмір сүрген, мыңдаған перзенттер қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойдырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру қажет болған жылдар еді. Оның үстіне, Н.Д. Оңдасынов үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік қасіретін шегіп, буыны бекімей жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, қиындықтарды еңсере жүріп, Ташкентте білім алу, республиканың орман шаруашылығында тынымсыз еңбек ету, Шығыс Қазақстан облысына басшылық еткен санаулы айлар – бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді [2, 4-5 бб.].

Дегенмен, жалпы алғанда, Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Ол Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар педагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңырағын көтеріп, уығын өз қолымен қадады. Бұдан басқа Қарағанды металлургиясын, Мойынты – Шу темір жолын, теріскейге темір жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академиясын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді.

Нұртас Оңдасынов кеңестік кезеңіндегі И.В. Сталиннің заманында, Саяси бюроның басшылығымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылары Н.А. Скворцовпен және Ж. Шаяхметовпен бірге істеген адам. Ол Жұмабай Шаяхметовпен бірге И.В. Сталиннің қабылдауында болған, жоғары деңгейдегі жиналыстарға қатысқан. Саяси бюро мүшелерінің көбінің қабылдауында болып, Қазақстанға қатысты мәселелерді шешкен. Солардың ішіндегі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы, өзінің тікелей бастығы В.М. Молотовпен, оның орынбасарлары А.И. Микоянмен, А.Н. Косыгинмен, Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің басшысы К. Н. Байбаковпен жиі кездескен. Олардың басшылық биік қабілетін, жұмыс істеудегі әдіс-амалын көрген [18, 228-б.].

  Бірақ, И. В. Сталиннен кейінгі кезеңде оның осынау қайраткерлігі Н.С. Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Нәтижесінде, 1962 жылы Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге Н.С. Хрущев құпия тапсырма берген. Өйткені екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңғыстау мұнайын игереміз деген де, Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл империя басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп айтқандар да бар. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен босап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады. Нұрекең 1962 жылы зейнеткерлікке шығып, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысты. Арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер жазды. Бұған қоса, КОКП Орталық комитетінің марксизм-ленинизм институты жанындағы ардагер коммунистер Тарихи-әдеби бірлестігінің бюро мүшесі және оның Қазақ секциясының басшысы қызметтерін атқарды.

Ұлықталуы

Екі рет Еңбек Қызыл Ту, үш рет Ленин орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол 1938 жылдан 1963 жылға дейін (25 жыл) – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1940 жылдан 1958 жылға дейін (18 жыл) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 26 жыл (1938-1964) Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның бюро мүшесі, Кеңес Одағы Компартиясының XVIII, XXII, XXIII съездері мен оның XVIII конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) СОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы бірқатар мектептер мен көшелерге, Алматы қаласындағы бір көшеге Оңдасыновтың есімі берілген. Еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Нұртас Оңдасынов өзінің өнегелі өмір жолымен Ұлы даланың ұлы тұлғалары тарихында өшпестей із қалдырып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында, Алматы: Атамұра, 2003, – 156-б.

2. Оңдасынов Н. Ой-толғаныстар мен естеліктер. Құрастырып, баспаға әзірлеген            Г. Оразалиева. – Астана; Елорда, 264 б.

3. Еңсенов Қ.А. Нұртас Оңдасынов. Монография. – Шымкент. «Азиат» баспа үйі, 2017. 408 б.

4. Ергебөк Қ. Түркістан жинағы (Алтыншы кітап). – Түркістан: «Тұран» баспаханасы. 2015. – 49-52 бб.

5. Оңдасынов Н. Ғаниден ғибрат. // «Ленишіл жас» газеті, 29 қазан, 1986. – 2-б.

6. ҚР Орталық мемлекеттік архиві. 2330-қор, 1-тізімдеме, 18-іс, 5-6-пп.

7. Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 40-қор, 1л-тізімдеме, 15-іс, 13-14-пп.

8. Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 28-қор, 2-тізімдеме, 5-іс, 36-п.

9. Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 28-қор, 2-тізімдеме, 2-іс, 10, 43-45-пп.

10. ҚР Орталық мемлекеттік архиві.74-қор, 49-тізімдеме, 68-іс, 6-8-пп.

11. Шығыс Қазақстан облысының Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы архиві  (ШҚО ҚЗТҚО). 15-қор, 1-тізімдеме,  102-іс, 190-191-пп.

12. Шығыс Қазақстан облысының Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы архиві  (ШҚО ҚЗТҚО). 409-қор, 1-тізімдеме,  513-іс, 8-п.

13. Оңдасынов Н. Өмірбаяндық деректер. Ой-толғаныстар. Мақалалар мен естеліктер. Құрастырған Оразалықызы Г. Алматы: Білім, 2012. – 320 б.

14. ҚР Орталық мемлекеттік архиві.1137-қор, 3-тізімдеме, 61-іс, 142-п.

15. Нуртас Ундасынов. Сборник документов и материалов. Алматы: АО «Абди Компани», 2014. – 968 с.

16. ҚР Орталық мемлекеттік архиві.1109-қор, 3-тізімдеме, 348-іс, 14-22-п.

17. Сағидолла Құбашұлы. Өз заманының ұлы тұлғасы. Жазып алған Гүлсім Оразалықызы («Жас Алаш», 27 қазан 1994 жыл).

18. Қирабаев С. Өмір тағылымдары. Естеліктр. – Алматы: «Білім», 2006, – 480 б.

Авторы: Әмінов М., т.ғ.к.