Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (12 қаңтар 1912 – 22 тамыз 1993) – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Қазақ КСР ҒА академигі (1952 ж.), техника ғылымдарының докторы (1969 ж.), үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1972, 1976, 1982 жж.).
1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген, қазіргі Алматы қаласы. 1993 жылы 22 тамызда қайтыс болып, Алматы қаласында жерленген.
Өмірбаяны
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген, қазіргі Алматы қаласы.
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (кейбір құжаттарда Ахмедұлы деп көрсетіледі. (Мүмкін, төлқұжатында солай жазылған болар. – Б.А.) [1, 10 б.].
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының үшінші томында (2005 ж.) оның туған жері Алматы қаласы деп көрсетілген. 1993 жылы 22 тамызда қайтыс болып, Алматы қаласында жерленген [2, 36-37 б.].
Д.А. Қонаевтың ата-бабалары Верный (Алматы) бекінісіне жақын жердегі Күрті және Іле өзендерінің жағасын қоныстанып, дәстүрлі қазақ қолөнерімен айналысқан.
Д.А. Қонаев өмірбаяндық кітабында былай деп жазады: «Әрбір адам өзінің шежіресін білуі тиіс. Сонау алысқа бармай-ақ, менің ата-бабаларым Ұлы жүздің ұрпағы Бәйдібектен басталады деп айта аламын. Даналығы және әділдігімен танымал болған Қараша бидің ұлы Бәйдібектің өзі жауынгерлік айбынымен белгілі, халық қорғаушысы бола білген. … Біздің ата-бабаларымыз оның ұлынан (Жалмамбеттен) тараған – Ысты» [3, 13 б.].
Кітап авторы өзі жазғандай, Д.А. Қонаевтың арғы атасы ағайындарымен араздасып, қоныс аударып, «Тобықты руының жеріне көшті». Нәтижесінде, ол екінші ұлы Қонайды Тобықтының қызына үйлендіреді. Қонайдан ұлы Жұмабай мен қызы Бұлантай туады. Кейін Қонай өзінің жақындарымен Жетісуға қайта оралады.
Д.А. Қонаевтың атасы – Жұмабай туған өлкесінде арабша ұстаздық еткен сауатты адам болған. Ол 1904 жылы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барған. 1886 жылы оның ұлы Меңліахмед дүниеге келді (мәтінде осылай – Б.А.). Он төрт жасар Меңліахмед көпес Ысқақ Ғабдол-Уәлиевтің қарамағында қызмет етті, ал 1917 жылғы төңкерістен кейін Алматы облысының ауылшаруашылық және сауда ұйымдарында жұмыс істеді.
Анасы, Зәуре Байырқызы, Шелек (Чилик) ауылының кедей шаруа отбасынан шыққан. Ол 1973 жылы қайтыс болды. Д.А. Қонаевтың нағашы ағасы – Ахметжан Байырұлы Шымболатов, комсомол және партия қызметкері болған, 1938 жылы репрессияға ұшырады. Дәл осы А.Б. Шымболатов Д.А. Қонаевтың тұлғалық қалыптасуына үлкен әсер етті.
Д.А. Қонаевтың әкесі – Меңліахмед 1976 жылы, тоқсан жасқа үш ай жетпеген кезінде қайтыс болды.
Д.А. Қонаев бастауыш білімді Н.Г. Чернышевский атындағы № 19 мектепте алды.
Д.А. Қонаев, әкесі Меңліахмед Жұмабайұлы және анасы Зәуре Байырқызы.
Личность. Воспоминания о Д.А. Кунаеве/ Авторы составители: Абраимулы С., Горяйнов А. – Алматы, 2007. – С. 80.
Белгілі биші Шара Жиенқұлова кейін былай деп еске алады: «Мен шағын қала Верныйдағы Чернышевский атындағы № 19 мектепте оқыған кезімде ашық мінезді, ұзын бойлы, ақылды бала Дима бізбен бірге оқыды (мәтінде осылай – Б.А.). Ол өте әдепті және сыпайы еді. Сол Дима бүгінгі күні – халқының ардақты ұлдарының бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдас» [1, 17 б.].
Ол төртінші сыныпты бітіргеннен кейін № 14 мектепте оқыды.
Д.А. Қонаев өзін қанаттандырған, еріксіз еліктірген тұлға 1906 жылы Петербург қатынас жолдары институтын бітірген көрнекті қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаев болғанын жазады.
1931 жылы Д.А. Қонаев Мәскеу түсті металдар және алтын институтына оқуға түсті. Мәскеуде ол мәдениет орталықтарына, театрларға жиі баратын.
Сонымен қатар, Д.А. Қонаев жазғандай, «Мәскеудегі оқу республика мен ел өміріндегі ауыр кезең – мәжбүрлі ұжымдастыру кезеңімен сәйкес келді. Халықтың аса ауыр жағдайы туралы мәліметтер бізге, мәскеулік студенттерге де жетті. … Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы ата-анама демалысқа келген кезімде, қайғы-қасіреттің ауқымы туралы жорамалдай алдым. Мұнда Балтабай, Маловодное ауылдарында көптеген адамдар аштықтан қаза тапқан» [3, 26 б.].
Қазақ жерлестер ұйымы «Колизей» театрындағы жиналысқа Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Кохианиді (мәтінде осылай, ал дұрысы Кахиани – Б.А.) шақырады. Қатысушылар өлкелік комитет хатшысы берген ақпаратты «аса сыңаржақ және расталмаған» деп есептеді. Жиында сөз алған студент Оразәлі Жандосов (Ораз Жандосовтың ағасы – Б.А.) өзі куә болған аштықтың – бүкілхалықтық апаттың қорқынышты көрінісін айрықша баса айтты.
Түсті металдар министрлігінің тау-кен факультеті 2-тобының оқу екпінділері.
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды (Естелік-эссе).
– Алматы, «Санат», 1994. –жапсырманың 8-ші беті.
Жетістіктері
Д.А. Қонаев 1936 жылдың шілдесінде институт бітіргеннен кейін Қоңырат-Балқаш құрылысына жұмысқа жіберілді. Бұл оның еңбек жолының бастамасы болды.
Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істей жүріп, Д.А. Қонаев республиканың Орталық Қазақстандағы мыс өнеркәсібінің, одан кейін Кенді Алтайдағы қорғасын-мырыш өнеркәсібінің қалыптасуына белсене қатысты. Жас инженер өзін сауатты және білікті маман ретінде көрсете білді. Мысалы, 1937 жылғы 5 ақпанда «Балхашский рабочий» газеті: «… Тау-кен цехының қазақтары арасындағы техникалық оқуды инженер Қонаев жүргізеді. Қонаев жолдас сабаққа тыңғылықты әзірлікпен келеді, қарапайым тілмен түсіндіреді. … Инженер Қонаевтың жұмыс тәжірибесінен өнеге алу керек» деп хабарлады. Жас инженер атқарған игі жұмыстарды «Балқаш жұмысшысы» газеті де атап өтті» [3, 40 б.].
Д.А. Қонаев көрсеткендей, сол кездері көптеген басшылар, өндірістің нағыз ұйымдастырушылары репрессияға ұшырады. Кеніштің директоры бола тұра Д.А. Қонаев КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Н.А. Булганиннің, ал кейін Г.М. Маленковтің қабылдауында болды. Осы жерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.А. Скворцовпен таныстығы басталды.
Дәл осы ірі құрылыстарда Д.А. Қонаевтың тұлғалық қалыптасуы басталған болатын. Мұнда ол істі ұйымдастыруды үйреніп, жаңалықтармен танысып, инженерлік істің біліктілігін ұғынды. Кезекті есеп берулерге дайындала отырып, ол ақылды да тәжірибелі кәсіпқой мамандармен істес екендігін жақсы түсінді. Сондай-ақ, ол кейінірек, елдегі жағдай, қоғамдағы билеп-төстеу, күдіктенушілік және теріс әрекеттер «бізді қатал тәртіпке үйретті» деп атап өткен болатын. Сол кезеңді Д.А. Қонаев әділетті түрде сипаттай білді: «…Ахуал қауіп-қатерлі, үрейлі болды. Бірақ қорқыныштан емес, ар-ождан үшін жұмыс істедік. …Жұмысты бүлдірсең – үстелге партбилет, әрі қарайғы тағдырың бұлыңғыр» [3, 42-43 б.].
1939 жылы Д.А. Қонаев КОКП мүшелігіне қабылданды, ал қыркүйекте Риддер кен басқармасының директоры болып тағайындалды. Көп ұзамай Зухра Шәріпқызы Ялымовамен үйлену тойы өтті.
1940-1942 жылдары Д.А. Қонаев Лениногорда елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін Кеңес Одағындағы қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарының бірін басқарды.
Д.А. Қонаев өз қолымен бірнеше өмірбаяндық еңбектер жазды. Жалпы олар кейбір оқиғаларды айтпағанда бірдей болып саналады. Мысалы, бір жерде ол былай деп жазады: «1912 жылы Алма-Ата қаласында дүниеге келдім» (Өмірбаян – Б.А.) [4], алайда кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағында «туған жері» деген бағанда «Верный қ.» деп көрсетеді.
Ол оппозиция қатарында болмаған.
1949 жылғы 1 наурызда Қазақстанның КП(б) ОК мүшелігінің кандидаттығына IV съезде сайланса, 1951 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Компартиясының ОК мүшесі болды. 1951 жылдан 1987 жылға дейін Қазақстан Компартиясының ОК мүшелігіне, Бюро мүшелігіне сайланған.
1956 жылдың 25 ақпанынан бастап КОКП ОК мүшелігіне (ХХ съезд), 1966 жылдың 8 сәуірінен КОКП ОК Саяси бюро мүшелігіне кандидат (ХХІІІ съезд), ал 1971 жылдың 9 сәуірінде, ол КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі болып сайланды (ХХIV съезд) [4]. Кеңес мемлекетінде Саяси Бюро мүшелері биліктің ең жоғары рангасының өкілдері болып саналды. Д.А. Қонаев ыдырай бастаған Кеңес Одағының Коммунистік партиясының құрамынан шығарылған 1987 жылдың маусымына дейін КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі болды.
Д.А. Қонаев КОКП ОК мүшесі және КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі бола отырып, КСРО партиялық иерархиясының шыңында тұрды. Ол Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, бүкіл Кеңес мемлекетіндегі аса маңызды және тарихи шешімдерді қабылдауға тікелей қатысты.
Д.А. Қонаев 1955 жылдың 10 наурызынан бастап 1986 жылға дейін бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, сондай-ақ 1950 жылдың 12 наурызынан 1987 жылға дейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Риддер кенішінде (1939 ж. желтоқсан) директор болып қызмет атқарған кезде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа берілген мінездемеде, «жақсы ұйымдастырушылық жұмысы және өндірістік жоспарды орындағанына байланысты Үкіметтің озат еңбегі үшін медалімен марапатталды, өсіп келе жатқан бұл жолдас БКП(б) тарихының Қысқа курсын оқиды, тәртіпті, саяси сауатты, идеологиялық (мәтінде осылай – Б.А.) шыдамды, тау-кен ісін жақсы біледі» – деп көрсетілген [4].
1939 жылдың 25 тамызында Қазақстан КП(б) Қарағанды обкомының бюро отырысында Қоңырат кен басқармасының директоры болып бекітілді. Қазақстанның КП(б) ОК бюросының 1940 жылғы 26 сәуірдегі отырысында Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың қол қоюымен Риддер кенішінің директоры болып бекітілді [4]. Бір жылдан кейін, 1941 жылғы 12 сәуірде Д.А. Қонаев Лениногор тау-кен басқармасының директоры болып тағайындалды.
1942 жылы Ұлы Отан соғысы өршіп тұрған кезде Д.А. Қонаев республиканың Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Ж.Ш. Шаяхметов, Н.Д. Оңдасынов, Ж.А. Тәшенев сияқты ірі қайраткерлермен тығыз байланыста болды. Ол осы қызметінде өнеркәсіп жұмысына жетекшілік етті және жолдарды, елді мекендерді және қалаларды дамыту ісіне көп үлес қосты. Д.А. Қонаев осы жылдары КСРО басшылары – И.В. Сталин, Н.С. Хрущев және Л.И. Брежневпен тікелей жұмыс істеді.
1952 жылдың сәуірінде Д.А. Қонаев партия органдарының ұсынысы бойынша (Ж.Ш. Шаяхметов) Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болды.
Ғылым мен мәдениеттің үздік өкілдері сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған 1950-ші жылдар Қазақстан зиялылары үшін өте ауыр кезең болып саналды. Академик Қ.И. Сәтбаев, М.П. Русаков, А.Қ. Жұбанов, көрнекті жазушы М.О. Әуезов негізсіз қудаланды. Тарихшылар Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, жазушылар Ю. Домбровский, Қ. Мұхаметханов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Өзі сол оқиғаның куәгері болған Д.А. Қонаев былай деп жазды: «Қатыгез қуғын-сүргін саясаты фольклорды, қазақ әдебиетінің тарихын, революцияға дейінгі Қазақстан тарихын зерттеуде феодалдық өткенді дәріптеу, ұлтшылдық, жаппай қаралау мен жала жабу айыптары тағылған газет науқанымен қабаттаса жүргізілді» [3, 80-82 б.]. Д.А. Қонаев Қазақстан Компартиясы ОК хатшылары Ж. Шаяхметов пен М. Сужиковты ұлттық интеллигенцияның үздік өкілдеріне қатысты ірі қателіктерге жол берді деп санайды. «Жағдайдың соншалықты төзгісіз болғандығы сондай – Әуезов, Жұбанов және басқалары республикадан жырақ кетті» – деп жазды Д.А. Қонаев» [3, 81 б.]. Д.А. Қонаевтың өзі жазғанындай, ғылым мен әдебиет өкілдерін қудалаудан қорғауға барынша ұмтылды. Бұл жайында қазақстандық тарихи әдебиетте жан-жақты жүйелеп баяндалған [5, 15 б.; 6].
Д.А. Қонаевтың басшылығымен Ғылым академиясының материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа кадрларды тарту, ғылымның өндіріспен байланысын күшейту шаралары жүргізілді. Д.А. Қонаевтың ғылыми еңбектері кен орындарын ашық тәсілмен игерудің теориясы мен тәжірибесіндегі жаңалық болып табылды. Бұл зерттеулер тау-кен өнеркәсібінде өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға ықпал етті. Д.А. Қонаев Тың жерлерді игеру ісіне де тікелей қатысты.
1955 жылы 31 наурызда Д.А. Қонаев республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалады, ал 1960 жылы қаңтарда бірауыздан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып сайланды.
Алайда, 1962 жылдың желтоқсанында Қазақстан аумағының бір бөлігін көршілес Өзбекстанға беру мәселесінде Кеңес мемлекетінің басшысы Н.С. Хрущевпен келіспеушіліктер нәтижесінде Д.А. Қонаев республика басшысы қызметінен алынып, Министрлер Кеңесін қайта басқарды [7, 236-237 б.]. Бұл ақпарат Д.А. Қонаевтың естелігінен алынған.
Н.С. Хрущевтің ойластырылмай жасаған іс-әрекеттері нәтижесінде Қазақстанда Тың өлкесі ұйымдастырылды, сондай-ақ мақта егетін аудандарды құру жоспарланды [3, 155 б.]. Мақта егуші аудандарды Өзбекстанға беру мәселесін Қазақстан КП Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы И.А. Юсупов көтерді. Алайда, қалыптасқан шегара өзгерісі туралы мәселенің түп-тамыры бұдан да ертерек кезде басталған болатын.
1962 жылы Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтіп жатқан кезде Н.С. Хрущев кенеттен Д.А. Қонаевқа И.А. Юсуповтың идеяларын қолдау туралы ұсыныс жасайды. Д.А. Қонаев Н.С. Хрущевке бірден тікелей жауап қайтарады: «Мен бұл іс-шараның мақсатқа сәйкестілігін өз халқыма дәлелдей алмаймын. Біріншіден, Тың жерлерді игеруде біздің көбірек бай тәжірибеміз бар, екіншіден, Ашыққан даланы игеруден бастадық. … Оңтүстік Қазақстан – республиканың байырғы халқы ең тығыз қоныстанған бөлігі. Біз отпен ойнаймыз: республикалар арасындағы қарым-қатынас ушығуы мүмкін! Өкінішке орай! Хрущевке менің дәлелдерім мүлдем ұнамады». Н.С. Хрущевтің қайталап айтқан ұсынысына Д.А. Қонаев былайша жауап берді: «Егер КОКП ОК Президиумы беруді ұйғарса, онда орындайтын боламыз, бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсымын» [3, 156-157 б.].
Н.С. Хрущев қызметінен алынып, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшылығына Л.И. Брежнев тағайындалғасын Д.А. Қонаев 1964 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып қайта сайланды. 1966 жылы 23 маусымда КОКП Жарғысының §45 сәйкес Қазақстан Компартиясы ОК Төралқасы Қазақстан КП ОК Бюросы болып қайта құрылды [4]. Сол кезеңде Д.А. Қонаевқа, екі совхоз бен 500 мың қойды қоспағанда, бұл айтылған аумақты қайтарып алудың сәті түсті.
Д.А. Қонаев кеңестік мемлекетті дамытуда көптеген өзекті шешімдерді қабылдауға белсенді қатысып, КСРО басшылығында жоғары беделге ие бола білді.
Л.И. Брежнев Қазақстанға Ленин орденін табыстауда. 1980 ж.
Д.А. Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 48 б.
Д.А. Қонаев республиканы басқарған кезде экономика, білім беру, мәдениет саласында үлкен өзгерістер болды. Статистикалық мәліметтер бойынша, 1955-1985 жылдар аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есеге, ауылшаруашылығы 6,2 есеге, құрылыс – 8 есеге өсті. Жаңа жолдар салынып, республикада электрлендіру аяқталды.
Жаңа қалалар мен елді мекендер салынды. Астанамыз Алма-Ата (қазіргі Алматы – Б.А.) КСРО-ның ең әдемі қалаларының біріне айналып көркейді. Қазақстанның ғылыми және зияткерлік әлеуеті айтарлықтай өсті.
1971 жылы 26 ақпандағы Компартия Орталық Комитетінің I Пленумында Д.А. Қонаев Қазақстан КП ОК Бюросының Бірінші хатшысы және мүшесі болып қайта сайланды. 1970-ші жылдары Д.А. Қонаев белгілі жазушы І. Есенберлин мен ақын О. Сүлейменовты («Аз и Я») бассыздық пен саяси қуғынға ұшыраудан қорғай алды. Республика басшысының қолдауы арқасында олар кейін оқырман аудиториясы арасында кеңінен танымал, сондай-ақ мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармаларды жарыққа шығарды.
1979 жылы облыс орталығы Целиноград қаласында Неміс автономиясын құру әрекетінен туындаған толқулар болғанда, Д.А. Қонаев бұл ауыр жағдайды асқындырмай шеше білді [5].
Қазақстанда Неміс автономиясын құру туралы материалдарды мұрағаттардан табу мүмкін емес. Мақаланың авторы 1986 жылы кандидаттық диссертация кезінде Целиноград мұрағатынан осы жөнінде арнайы сұрастырған болатын. Белгілі бір ақпарат көздері қол жеткізуге қиын құқық қорғау органдарының мұрағаттарында және МҚК-де болуы мүмкін. Сондықтан да осы оқиғаларға тікелей қатысқан адамдардың естеліктері мен бағалаулары пайдаланылды.
Мысалы, генерал-полковник Н.М. Голушко өзінің «В спецслужбах трех государств» атты кітабында былайша еске алады: «Сол кезде 2-бөлімнің бастығы болған мені 1979 жылдың мамырында, КСРО МҚК төрағасының көмекшісі Павел Павлович Лаптев шақырды және Қазақстан аумағында Неміс автономиясын құру туралы мәселені ОК саяси бюросында қарастыру үшін материал дайындау туралы Андроповтың тапсырмасын хабарлады (мәтінде осылай – Б.А.). Үш күн бойы біз Лаптевпен бірге елдегі кеңестік немістердің жағдайы туралы КОКП ОК-ға жазбахат дайындадық, онда соғыс жылдарында депортацияланған кеңестік немістердің құқықтарын қалпына келтіруді түпкілікті шешуде уақыты жеткен шара ретінде Неміс автономиясын құру қажеттілігі негізделді… Астанасы Ерейментау қаласы болатын Көкшетау, Қарағанды, Павлодар және Целиноград облыстарының бірнеше аудандарының аумағы енгізілетін, Неміс автономиялы облысын құру жөнінде МҚК-нің ұсынысы жасалды.
Саяси бюро жазбасына біз осы аудандардағы тығыз орналасқан неміс қоныстары көрсетілген географиялық картаны қоса тіркедік.
Неміс халқы үшін ұлттық автономияны қалпына келтірудің мақсаттылығы КСРО МҚК басшылығы, ең алдымен Андропов және сол кезде менің тікелей жетекшім болған 5-ші басқарманың бастығы Бобков тарапынан белсенді қолдау тапты.
1979 жылдың 31 мамырында «Неміс автономиялық облысын құру туралы» КОКП ОК Саяси бюросының қаулысы қабылданды.
…Қазақстанда бұл бағытта дайындық жұмысы жүргізіле бастады, болашақ автономиялық облыстың партиялық және атқарушы билік құрылымы қалыптастырылды. Жаңа автономды құрылымда партияның облыстық комитетін ұлты неміс, республикаға белгілі партиялық және шаруашылық жетекшісі А. Браун басқаруы тиіс болды [8, 78-79 б.].
Бұдан әрі автор баяндағандай, Бобков (мәтінде осылай – Б.А.) Қонаевқа қоңырау шалып, Неміс автономиясына қатысты барлық материалдарды көрсетуді сұрады.
Қонаев ОК жазбаларын және Неміс автономды облысын құру жөніндегі басқа да құжаттарды мұқият қарап шығып, қосымша тіркелген географиялық картаға ерекше назар аударды. «Неміс автономиясы үшін әкімшілік шегараларды кім салды? Көкшетау облысының Уәлиханов ауданы оның аумағының құрамына кірмеуі тиіс, мұнда қазақтар қасиет тұтатын – Шоқан Уәлихановтың бейіті орналасқан!».
(Шоқан Уәлиханов Көкшетау жерінде ержетіп-өсті, ал бейіті Алматы облысының Шанханай ауылында орналасқан – Б.А.).
…Қонаев автоқаламды алып, сол бойда географиялық картадан Уәлиханов ауданын алып тастап, белгіленген неміс облысының шегарасын өзгертті [8, 80 б.].
Генерал Н. Голушко әрі қарай былай деп жазады: «1979 жылы 16 және 19 маусымда Целиноград қаласында барлығы үшін күтпеген жерден… Қазақстанда Неміс автономиясының құрылуына қарсы қазақ халқының, соғыс және еңбек ардагерлерінің, студент жастардың халықты дүрліктірген көптеген митингілері болып өтті. «Қазақ жерінде немістер үшін автономия жоқ» деген негізгі ұран айтылды [8, 81 б.].
Бұл митингілер мемлекеттік қызметшілер мен партия комитеттері үшін мүлдем күтпеген жағдай болып, күшті әсер етті.
Армия генералы Ф. Бобков өзінің «Власть и КГБ» кітабында да осы оқиғалар туралы өз пікірлерімен бөліседі. Қазақстандық зерттеуші А. Какен өзінің кітабында оқиғаның басталуын былай сипаттайды: Алматыға келген мәскеулік өкілдерге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі М.И. Исиналиев кенеттен қарсылық білдірді. Ол Қазақстанда автономия құру арқылы немістердің мәселесі шешілмейтіндігін және осы жерде тұрып келе жатқан байырғы тұрғындардың есебінен біреулердің мүдделерін шешуге болмайтынын мәлімдеді [6, 111 б.].
Қазақстандық зерттеуші А. Какен 1979 жылғы оқиғаларды сипаттауда үлкен жұмыс атқарды. Ол куәгер ретінде қатысушылардың өздерін де, сондай-ақ облыстың арнайы қызметінің бұрынғы офицерлері мен партия басшыларын (Н. Морозов, А. Браун, Т. Ошағанов және т.б.) жинады. Сондай-ақ оларға қатысты мол құжаттық материал жиналды.
Осы кітапта Д.А. Қонаев туралы сюжеттер келтірілген.
Мұқият ойластырылмаған әрекет іле-шала найзағай ілескен жасындай болды. Қонаев немістердің онсыз да қатал тағдырына қысым жасалатынын және оларға бұрынғы автономиясын қайтару әділетті болатындығын білді. Бірақ сол кездегі Еділ аймағындағы партияның облыстық комитеттерінің көптеген бірінші хатшылары бұл туралы тыңдағылары да келмеді [6, 113 б.].
Мәскеулік биліктің Д.А. Қонаевқа қысымы бұдан әрі жалғаса берді. Сонымен бірге, автономияның құрылуын Кеңес Одағының басшысы Л.И. Брежнев те талап ете бастады.
Анықталғандай, автономияны нақ осы Қазақстанда құру қажеттілігі туралы хаттың өзі 1978 жылдың тамыз айында жоғарыға жіберілген болатын және оған КОКП ОК ықпалды қызметкерлер тобы, КСРО Үкіметі, МҚК және прокуратура басшылары қол қойған болатын [6, 117 б.].
1979 жылғы 31 мамырда Қазақстанда Неміс автономиясын құру жөнінде КОКП ОК Саяси Бюросының қаулысына (№ 153 XI отырыс хаттамасы) қол қойылды.
Осы мәселе бойынша, Целиноградқа Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы А. Коркин басқарған топ ұшып кетті.
Шамасы, автономияны құру жоспары туралы ақпарат жайындағы қауесет төменге тараған болар. Өңір тұрғындары биліктің жоспарын біліп қойды. Алматыдан делегацияның келуі, Мәскеудің ерекше назары 1979 жылғы жазда Целиноград оқиғаларын барынша тездетті.
Қолда бар ақпаратқа қарағанда Д.А. Қонаев Неміс автономиясын құруға барынша бөгет жасаған. Бұл мәселе ашық талқыланбады. Алайда ол бұл жұмысты барынша шебер жүргізе отырып, Ю.В. Андропов бастаған МҚК-ның тәжірибелі басшыларынан басым түсе білді. Осылайша, Д.А. Қонаев өзінің автономия құрылуын қаламайтынын білдірмеді, бірақ Мәскеу акциясын болдырмау үшін қолынан келгенінің бәрін жасады.
Мәскеулік өкілдер митингілерге шыққан мыңдаған адамдық топты көріп, бұрынғы ойларынан бас тартуға мәжбүр болды. Целиноград облыстық комитетінің Бірінші хатшысы Н. Морозовтың айтқанындай, партия аппараты Д.А. Қонаев жағында болған. Целиноград және басқа да елді мекендердің тұрғындары бірнеше күн бойы митингілерге шықты. Олар В.И. Ленин атындағы Орталық алаңға, сонымен қатар, өзге де әкімшілік ғимараттарға жиналды. Куәгерлердің көрсеткеніндей митингіге шыққандардың ұйымшылдығы, транспаранттары мен ұрандарының алдын-ала дайындалғандығы байқалған [6, 186-187, 273, 283-284 және басқа беттер].
Мұндай шерулер Ерейментау мен Атбасарда да болып өтті, осындай толқулар басқа да елді мекендерде жалғасын тапты. Бірақ та жергілікті билік өкілдері жағдайды ушықтырмай шеше білді.
Митингілерге қатысушылар кеңестік болмысқа тән емес жағдайда іс жүзінде жазалауға ұшырамады.
Д.А. Қонаевқа күрделі жағдайларға қарамастан Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап қалудың сәті түсті және шиеленісті реттей білді.
Алайда КОКП ОК 1987 жылы 1 маусымдағы қаулысында бұл оқиға жағымсыз жағдайда еске алынды: «1979 жылы Целиноград қаласында болып өткен ұлтшылдық іс-әрекетке Қазақстан Компартиясы ОК тарапынан өткір саяси баға берілмеді»; 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде сипаттады, ал Қазақстан басшысы ретіндегі Д.А. Қонаевтың қызметіне жағымсыз баға берілді [9].
1989 жылы «Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы лауазымындағы алғашқы істерінің ішінде Нұрсұлтан Назарбаев әділдікті қалпына келтіру және осы қаулының күшін жоюға қол жеткізу мақсатын қойды» [10, 92 б.]. Н.Ә. Назарбаевтың, қоғам өкілдерінің ашық сөз сөйлеуі нәтижесінде КОКП ОК Саяси бюросы 1990 жылы № 6 «КОКП ОК хабарламаларында» жарияланған» «еңбекшілерді интернационалдық және патриоттық тәрбиелеу жөніндегі Қазақ республикалық партия ұйымының жұмысы туралы «КОКП ОК қаулысы туралы» өзінің арнайы қаулысында «1986 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында қоғамдық тәртіп бұзушылықты қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағалау қате болып табылады» деп мойындады [10, 93 б.].
Сол сияқты, 1979 жылғы Целиноградтағы оқиғаға қатысушыларға құрмет көрсетіліп және олардың естеліктері жарияланды.
Амантай Какеннің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдаған Целиноград оқиғасы туралы хатына ҰҚК Департаментінің бастығы Е. Исақұлов 17.10.1997 ж. № ОА – 96 хатында былайша жауап берді:
«Құрметті Амантай Ғазизұлы!
Сіздің өтінішіңізді ҚР ҰҚК Ақмола облысы Департаменті қарастырды. Сізге қажетті материалдар (мәтінде осылай – Б.А.) расында да 1980 жылы мұрағатқа тапсырылған, ал 1990 жылы КСРО МҚК бұрынғы басшылығының № 008 нұсқауы бойынша басқа істердің қатарында жойылған» [6]. Мәтінде жазылғандай, материалдар, актілер және басқа да құжаттар болған, бірақ КСРО МҚК басшылығының нұсқауы бойынша жойылғандықтан, мұрағат қорында сақталмаған.
Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Д.А. Қонаев қиындықтарға тап болды. Бұл аталған съезде республика басшысының атына жергілікті партияның беделді өкілдері тарапынан жағымсыз сын айтылды [11, 89-90 б.].
Д.А. Қонаев партия ұйымдары басшылығында болған кезіңде саяси қайраткер ретінде де танымал болған еді. Ол КОКП-да жоғары саяси лауазымдарды иеленді, қатарынан 4 съезде КОКП ОК Саяси Бюросының мүшелігіне сайланды. Жалпы алғанда Д.А. Қонаев Саяси Бюро құрамында 21 жыл болған. Көп жылдар бойы, үшінші мен он бірінші шақырылымдар аралығы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланды, 1960 жылдан 1987 жылдар аралығында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды. Д.А. Қонаевтың өзі айтқандай, «Сталиннен Горбачевке дейін», КСРО-ның көптеген көшбасшыларымен бірге жұмыс істеуге тура келді. Ол Кеңес Одағының дамуы мен күйреуін қатар көрді.
Осы жылдары Д.А. Қонаевтың есімі Кеңес мемлекеті мен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының беделді көшбасшыларының бірі ретінде шетелде де танымал болады. Қазақ диаспорасы оның атын құрметтеді; КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі ретінде Д.А. Қонаевтың портреті мәдениет сарайларының, мектептердің, жоғары оқу орындарының және кеңес мемлекеті мен социалистік лагер елдерінің әскери бөлімдерінің қабырғаларын безендірді.
1970-1980 жылдар аралығында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды; елді мекендер электрлендірілді, тұрғын үйлер абаттандырылды. Жаңа емханалар мен ауруханалар ашылды; орта және жоғары оқу орындарының желісі кеңейді.
Бірақ КСРО-дағы «кеңестік социализмнің» қызметі әлеуметтік әділдіктің көптеген мәселелерін шешпеді: елде негізгі азық-түлік түрлері жетіспеді, сапалы киім тапшы болды. Алыпсатарлық өркендей түсті, жастар батыс елдерінің сәнді киімдеріне қызықты; адамдар пәтер алу үшін жылдап кезектерде тұрды.
КОКП монополиялық билігі кезінде балама партиялар мен қозғалыстардың қызметіне рұқсат етілмеді; экономикалық қатынастар саласында нарықты дамытуға тыйым салынды. Азаматтардың шетелге, негізінен, дамыған елдерге көшіп кетуі жиіледі.
1979 жылы Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағына енгізілді, алайда Д.А. Қонаев әскердің басып кіруі туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан білді.
Д.А. Қонаев барлық сынақтар кезінде адал және өте қарапайым адам ретінде қала алды. Кеңестік жүйеде тәрбиеленген ол, коммунистік партия насихаттаған идеяларға адалдығын сақтай білді.
1985 жылдың наурызында КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланған М.С. Горбачев қайта құру және жаңғырту бағытын жариялады. Л.И. Брежневтің тұсындағы жоғары дәрежелі басшылық корпусы КСРО жаңа басшысының көңілінен шықпады.
КОКП ОК Бас хатшысының басшылықты ауыстыру туралы шешімінің қатарында Д.А. Қонаев та болды.
Мәскеуде хабарламай жасырын әрекет ету арқылы, Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Д.А. Қонаевты қайта сайлау туралы ресми Пленум өткізуге шешім қабылданды.
1986 жылы 16 желтоқсанда өткізілген Қазақстан Компартиясы ОК Пленумы небәрі 17 минутқа созылды. Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында сөз сөйлеген Г.П. Разумовский қатысушыларды КОКП ОК Саяси Бюросының Д.А. Қонаевты «зейнеткерлікке шығуына байланысты» қызметінен босату туралы қаулысымен қысқаша таныстырып, Ульянов облыстық партия ұйымының басшысы Г.В. Колбинді директивті түрде сайлауды ұсынды [4].
Д.А. Қонаевты Бірінші хатшы қызметінен босату процедурасының өзі және республика халқымен мүлдем таныс емес партиялық функционерді демонстрациялық тағайындау елде наразылық толқынын туғызды. Жастар, ең алдымен, Алматы, Қарағанды, Көкшетау қалаларының студент жастары көшеге шығып, Мәскеу шешімін мақұлдамайтындарын ашық білдірді.
Әсіресе, Алматыдағы ірі толқуларда, жастар үлкен топ болып, Орталық алаңға жиналып жатты.
Адамдардың жылдар бойғы үнсіз келісіміне үйренген билік бұған қарсы әскери бөлімдер мен милиция отрядтарын пайдалануды шешті. Зауыттарда металл заттармен қаруланған «жұмысшылар жасағы» жедел құрыла бастады.
Халықтың Мәскеу шешімімен келіспеу фактісінің өзі ширек ғасыр бойы республиканы басқарған Д.А. Қонаевтың беделін мойындаудың белгісі болып саналды.
Кейінірек бұл оқиғаларды Д.А. Қонаев былай сипаттайды: «17 желтоқсанда сағат 11 шамасында ҚКП ОК (мәтінде осылай – Б.А.) екінші хатшысы Мирошхин маған қоңырау шалып, ОК-ке келуді сұрады. Менің: «Немен байланысты? Мен зейнетке шықтым ғой!» деген сұрағыма, ол: «Алаңға жастар тобы жиналды. Олар өткендегі ОК Пленумының шешімін түсіндіруді талап етеді. Жиналғандардың алдында сөз сөйлеп және істің мәнін түсіндірсеңіз жақсы болар еді» – деп жауап берді. «Жақсы, – дедім де: Колбин келісе ме екен?» – деп сұрадым… Колбин Мәскеумен келіссөз жүргізе бастады, Мирошхин трубканы Колбинге берді, ол ОК-ке келіп, жастар алдында сөз сөйлеуді сұрады. Мен келісім бердім.
Біршама уақыт өткеннен кейін Колбин ОК бюросының барлық мүшелерін жинап, мені шақырды да: «Сіз боссыз, демалыңыз. Біз өзіміз шаралар қабылдап, тәртіп орнатамыз, – деді.
Кейін өзінің көптеген сөздерінде Колбин мені алаңдағы жиналғандардың алдында сөз сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартқан деп айыптады. Ол мені қаралап, ашықтан-ашық жалған сөйледі және осы арқылы ОК барлық мүшелерін, республиканың барлық коммунистері мен еңбекшілерін адастырды» [12, 291-293 б.].
Биліктің олақ іс-әрекеттері, дағдылы үлгідегі әдістері, адамдарды қарапайым сыйламаушылық қоғамды қантөгіс пен терең күйзеліске алып келді. Қақтығыс кезінде ешбір кінәсі жоқ адамдар қаза тапты.
Д.А. Қонаев былай деп жазады: «Мен елді 25 жыл басқардым. Осы уақыт ішінде жылына кем дегенде бір қателік жібермеу қиын жағдай. Сонда мен 25 жыл ішінде 25 қателік жібергенмін. Сондықтан мен Қазақстанды аралаған сапарларымда еңбекші халықтың жағдайымен танысып қана қоймай, ішімнен олардан және Жаратушыдан жіберілген қателіктерім үшін кешірім сұрайтынмын. Өйткені, бұл туралы халықтың көзінше айтасыз ба немесе газетке жазасыз ба? Егер осылай істесем, онда әлдеқашан елді басқара алмас едім. Сондай тәртіп болатын» [1, 60 б.]. 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары туралы мұрағаттық материалдар толық зерттелген жоқ.
Өзінің зиялылығы және қарапайым қасиетімен Д.А. Қонаев Қазақстан халқының арасында ғана емес, бүкіл Одақ алдында үлкен беделге ие бола білді. Онымен мақтанатын және жақсы көретін.
КСРО құрамындағы ірі республика басшыларының бірі ретінде Д.А. Қонаев шетелде де кеңінен танымал болды. Үндістанның көрнекті мемлекет қайраткері Джавахарлал Неру Д.А. Қонаевты былайша бағалады: «Ақкөңіл әрі мейірімді халықтың ұлы болудан асқан бақыт жоқ. Бұл – қазақ халқы. Оның өткенін қастерлейтін және жарқын болашағы үшін шынайы қызмет ететін адал ұлы бар халық та бақытты. Бұл халықтың ұлы перзенті – Дінмұхамед Қонаев. Бізді ұқсас ететін екі қасиет бар. Біріншісі – біздің қарапайымдылығымыз, ал екіншісі – Алматы өзінің жасыл түсті сәнімен маған біздің Кашмирдің егізі болып көрінеді. Ғажайып ұқсастық!» [1, 190 б.].
Қазақстанда Д.А. Қонаевтың қолдауымен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына көп еңбек еткен басқарушылардың, мамандардың тұтас буыны өсіп жетілді. Солардың бірі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Тұңғыш Президент – Елбасы тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, жаңа астананы салушы.
Д.А. Қонаевтың өмірі жеңіл болмады. Ол билік шыңына жеткеннен кейін, қисынсыз тұжырыммен қызметтен босатылды [4]. Біраз уақыт бойы оның есімі баспа беттерінде қаралап жазылды. Алайда ол барлық сыннан лайықты өте білді [13, 146 б.; 14, 10-13 б.; 15, 11-12 б.; 16, 26-27 б.; 17, 98-109 б.].
Д.А. Қонаев өмірінде көпті көргендіктен, билікте басқару қызметінен жақсы хабардар болды. Ол сталиндік дәуірді бастан кешірді, социализмнің түрлі кезеңдерінде ел дамуына өзінің үлесін қосты. Сондай-ақ ол Кеңестік жүйенің, өзі берік сенген коммунистік идеологиялық құндылықтың қирауының куәгері болды. Д.А. Қонаев сонымен бірге, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына куә болып, жетістігіне шын қуана білді.
Ел дамуына қосқан үлесі үшін ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ол сегіз рет Ленин орденімен, басқа да наградалармен, соның ішінде шетелдік наградалармен де марапатталды.
Д.А. Қонаев Қазақстан халқының есінде тек мемлекеттік қайраткер ретінде ғана емес, ғылымды дамытудағы ірі ұйымдастырушы, инженер-металлург ретінде де сақталды.
Естелік
Д.А. Қонаев 1993 жылы 22 тамызда Алакөл жағасында миокард инфарктісінен қайтыс болды.
Д.А. Қонаев есімі халық арасында зор құрметке ие. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен оның есімі көше, мектеп, кәсіпорын атауларына беріліп, мәңгіге сақталды. Оның есімімен аталған университет бар.
Алматы қаласында көзінің тірісінде Д.А. Қонаевқа Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ретінде ескерткіш орнатылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1994 жылғы 24 ақпандағы (№ 1577) Қаулысына сәйкес Д.А. Қонаевтың Қазақстан жұртшылығы алдындағы ерекше еңбегін құрметтеу және оны мәңгі есте сақтау мақсатында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Тау-кен институтына, Шығыс Қазақстан облысындағы «Лениногор полиметалл комбинаты» акционерлік қоғамына Д.А. Қонаевтың есімі берілді; сондай-ақ Алматы қаласындағы Карл Маркс көшесі Д.А. Қонаев көшесі етіп қайта өзгертілді, Алматы қаласында Д.А. Қонаевтың мұражай-үйі ұйымдастырылып, ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Осы Қаулы негізінде Жер туралы ғылым саласындағы жас ғалымдарға жыл сайын берілетін академик Д.А. Қонаев атындағы сыйақы ұйымдастырылды.
Әдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 256 б.
2. Қазақстан. Т.6 Қ-Н: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының», Бас редакциясы, 2004. – 696 бет.
3. Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды (Естелік-эссе) (Ауд. С. Әбдірайымұлы). – Алматы: «Санат», 1994. – 512 бет.
4. Қазақстан Республикасы Президенті Архиві. – 708-қ., – 131-т., – 234-іс.
5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 бет, суретті, карталы.
6. Какен А. Кремлевский колоброд, или Как немцам создавали автономию. Документальное повествование. – Астана: Фолиант, 2013. – 352 с.
7. Қонаев Д. Өттi дәурен осылай: Естелiк-эссе / Қонаев, Дiнмұхамед; Ауд. және ред. Серiк Әбдiрайымұлы. – Алматы: Дәуiр, Ынтымақ, 1992. – 445 б.
8. Голушко Н.М. В спецслужбах трех государств. – М.: «Редакция» «Историческая газета», 2009. – 896 с.
9. Центральный Комитет КПСС принял постановление «О работе Казахской республиканской партийной организации по интернациональному и патриотическому воспитанию трудящихся» / Казахстанская правда. – № 165 (19.591). – 1987. – 16 июля.
10. Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян. – Астана: Деловой Мир Астана, 2016. – 306 бет.
11. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 5-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 688 бет, суретті, карталы.
12. XVI съезд Коммунистической партии Казахстана. 6-8 февраля 1986 года: Стенографический отчет. – Алма-Ата: Казахстан, 1986. – 396 с.
13. Сағдиев М.Р. Биік арман айғағы: Өмірбаян хикаяттары. – Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 236 б.
14. Тілегенов Б. Әдебиет – менің Отаным! (Естелік жазбалар) // Жұлдыз. – 1998. – № 7. – Б. 10-13.
15. Исиналиев М. Штрихи к портретам: научное издание / Исиналиев М. – Алматы: Санат, 1999. – 239 с.
17. Кенжебаев С.Д. Политические портреты первых. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2015. – 480 с.
Авторы: Б.Ғ.Аяған, т.ғ.д., профессор
Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметіне байланысты фотогалерея
Көпес Ғабдулвалиевтің сауда үйі. Верный қаласы
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 20 б.
Түсті металдар министрлігінің тау-кен факультеті 2-тобының оқу екпінділері
Ақиқаттан аттауға болмайды (Естелік-эссе). – Алматы, 1994 ж. –жапсырманың 8-ші беті.
ҚР Президенті архиві Қ. 708. Т. 131. С.Б. № 234.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. –31 б.
Д.А. Қонаев – Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы. 1955 ж.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. –36 б.
Д.А. Қонаев, әкесі Меңліахмед Жұмабайұлы және шешесі Зәуре Байырқызы
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 156 б.
Д.А. Қонаев және Л.И. Брежнев, 1978 ж.
Л.И. Брежневтің Қазақстанға Ленин орденін тапсыру сәті. 1980 ж.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 48 б.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 3 б.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 3 б.
Д.А. Қонаев бюсті, Алматы қаласы
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 244 б.
Кеңсайдағы Д.А. Қонаевтың құлпытасы
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Фотоальбом. –Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 247 б.