Тәшенев Жұмабек Ахметұлы (20 наурыз 1915 – 18 қараша 1986) – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
Жұмабек Тәшенев Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл (Бабатай) ауылында дүниеге келген. Жұмабектің әкесі – Жақсыбаев Тәшен мен анасыГүлсім орта дәулетті адамдар болған.
Шымкент қаласында жерленген.
Өмірбаяны
Жұмабек Тәшенев Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл (Бабатай) ауылында дүниеге келген. Жұмабектің әкесі – Жақсыбаев Тәшен және анасы Гүлсім орта дәулетті адамдар болған. Тегін жазуда әртүрлі пікірлер кездеседі. Кейбір құжаттарда «Тәшенев» болса, халық арасында және ақпарат құралдарында «Тәшенов» болып жазылады. Шымкент қаласында жерленген.
Жұмабек Ахметұлы – қазақ тарихындағы шоқтығы биік мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның қазіргі астанасы Нұр-Сұлтан қаласына жақын жердегі Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде туған жері Бабатай стансасы деп көрсетіледі [1, 309 б.]. Ж.А. Тәшеневтің арғы ата-бабалары да осы өңірді ежелден қоныс қылған. Орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Әкесі Жақсыбаев Тәшен мен шешесі Гүлсім шағын шаруашылық иелері еді. 1917-1924 жылдары әкесі іргелес орналасқан Мартыновка поселкісінде әртүрлі жұмыстар атқарып, 1931 жылы аурудан қайтыс болады. Тәшен мен Гүлсімнің Қасым (жастай шетінеген), Қасен, Манап, Жұмабек, Бидан (Бибінұр), Сақыш (Сақыпжамал) есімді балалары болған. Танакөл ауылында (№ 7 ауыл) 1915 жылғы 20 наурызда дүниеге келгенін «Жұмабек Ташенов» монографиясының авторлары Сейітқали Дүйсен және Қанат Еңсенов анықтады [2, 22 б.]. Бабатай кентіне тақау жатқан Танакөл ауылы 1930-жылдардағы колхоздарды біріктіру және ірілендіру кезінде мүлде таратылады.
Қазақ жерлерін Ресей империясының құрамына қосу кезінде 1832 жылы Ақмола приказының негізі қаланды. Аталған қалада орыс-казактар мен шенеуніктерден басқа жергілікті тұрғындар – қазақтар, сонымен бірге, татарлар, башқұрттар т.б. қоныстандырылды. Қазақ өлкесі тұрғындарының туған жері мен уақытына қатысты тиянақсыздықтар құжаттандыру жұмысының төмендігінен және тұрғындардың туу туралы куәліктер алуға құлықсыздығынан болып отырды. Өйткені тұрғындар үкімет тарапынан ресми есепке тіркелсе мемлекетке төлейтін салық түрі көбейетін болған.
Келесі мәселе – Жұмабектің неге Ахметұлы болып жазылуы туралы. Тәшеневтердің жақын туысы Дәметкен жеңгейдің айтуынша, қазақтардың ежелгі туыстық дәстүрі бойынша Жұмабек пен Манапты Тәшеннің кіші інісі Ахметке балалары етіп асырауға берген. Сол себепті Жұмабек пен Манап Ахметұлы деп жазылған. Қазақ қоғамында туыстық байланыстар желісі үзілмес үшін балаларын аға-інісі немесе қарындасына бала етіп асырауға беру оқиғалары бұрыңғы уақыттан қазірге дейін жалғасын тауып отыр. Кейде жақын туыстар қиын жағдайға душар болып, баласыз қалғанда беретін болған.
Тәшеневтер отбасын жете зерттеушілердің бірі Кәрішал Асан-ата (Асанов) осындай оқиға Қонаевтар жанұясында да кездескенін айтады [3, 10-11 б.]. Мәселен, Жұмабек Тәшеневтің замандасы, республиканы ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған інісі Асқар Меңліахмет тегінде жазылған.
Біз Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік мұрағаттарындағы құжаттарды зерттедік. Осы мұрағаттар қорларында шаруашылық және әлеуметтік мәселелер бойынша партия комитеттерінің, республикалық, жергілікті органдардың қабылдаған шешімдері негізінде Ж.А. Тәшеневтің мемлекеттік қызметі кезеңдерін терең білуге мүмкіндік беретін құжаттар сақталған [4, 5, 6].
Ж.А. Тәшеневтің өмірбаяны туралы неғұрлым нақты деректер Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында сақталып, жинақталған. Жеке өмірбаяндық мәліметтер көрсетілген материалдар және партия комитеттерінің қызметкерлерді жауапты лауазымдарға бекіту немесе ауыстыру туралы шешімдері маңызды да сенімді дереккөздер болып саналады. Кадрлардың жеке іс қағаздары, өмірбаяндары әр адамның өз қолымен толтырылғандықтан құнды саналады (құжаттар мен фотосуреттер көшірмелері қосымша берілген).
Жұмабек Тәшенев еңбекке жастайынан араласты. 1936 жылы 26 қарашада Вишнев аудандық Жер комитетінің өкілі Школьныйдың қолы қойылып, мөрі басылған құжатта (есімі, әкесінің аты өшіріліп қалған) Жұмабек әкесі Тәшенмен бірге «Қуаңшылықпен күрес» колхозының малын баққаны туралы жазылған.
XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Тәшеневтер отбасындағы ауыр жағдай жас Жұмабекті мойытпай шыңдай түсті. Осы кезеңде өлкеде Кеңес өкіметін жақтаушылар мен қарсыластары арасында бітіспес саяси күрес жүргенін ескерген жөн. Сонымен бірге көне заманнан бері ұлттық дәстүрге негізделген зиялы өмір де қалыптасты. Өткен замандардағы жарқын оқиғалар, Қазақ мемлекеттігінің «алтын ғасыры», ел қорғаған даңқты батырлары жайлы аңыз-әңгімелер әр отбасыда әкеден балаға беріліп отырды. Қазақтар ата-бабалар даңқын өздерінің ауызша тарихы ретінде қабылдап, «жасампаз және әділ марксизм-ленинизм ілімін» мысқылмен және сенімсіздікпен қабылдады. Өлкеде «коммунистік қоғам» құрудың утопиялығын дәлелдегендей ұжымдастыру саясаты мен қоғамның белсенді мүшелерін жою әрекеті жүріп жатты [7]. Адамдардың аштан қырылуы, қоныс аударуы, халықтың жаппай наразылығы, басқаша ойлайтындарды саяси қуғындау жас Жұмабектің көз алдында өтіп, оның қоғам туралы көзқарасына, жан дүниесіне әсер етті. Адам болмысының заңдылығын терең танып-білу оның өмірлік тәжірибесін молайтып, берік мінез-құлқын қалыптастырды. Осылайша өмір мектебінен өткен ол 1928 жылы комсомол жастарының қатарына қабылданды.
Жұмабек Ахметұлы өзінің өмірбаянында 1928-1940 жылдары комсомол мүшесі болғанын көрсетеді. Кеңестік заманда комсомол ұйымы партияның қолқанаты саналатын. Комсомол мүшесі партия қандай жұмысқа жіберсе сонда баруға міндетті болды. Жас Жұмабек Ақмоладағы жастар ұйымының жұмысына қатысып, қала жастары арасындағы қоғамдық-саяси жұмыстарды жүргізуде ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.
1928-1932 жылдары шаруа жастары мектебінде білім алуы, Ғаяз Абдуллин, Мәлік Тәукенов сияқты зиялылармен араласуы, алдыңғы қатарлы қазақ және орыс әдебиетімен танысуы оның дүниетанымын кеңейтті. Ол 1933 жылы ағасы Манаптың ақылымен Ақмола құрылыс техникумына оқуға түседі. Талапты жасты партия басшылығы техникумдағы оқуын аяқтатпай 1934-1938 жылдары Красноармейский, Ақмола, Вишнев, Нұра аудандарына жауапты қызметтерге жібереді. Арнаулы орта білім алған, екі тілде оқып, жаза білетін, іскерлік қабілеті бар қазақ жастары ол кезде кеңес-партия жұмысына ауадай қажет болатын.
Жұмабек Ахметұлы техникумдағы оқуын үзіп, 1934 жылы Ақмола аудандық атқару комитетінде 4 ай қызмет атқарып, сол жылдың қазан айында Көкшетау облысының (ол кезде Қарағанды облысы – Б.А.) жаңадан шаңырақ көтерген Красноармияаудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады [8].
1934 жылы Ж.А. Тәшенев Вишнев (Аршалы) аудандық комитетіне жұмысқа қабылданды. 1938 жылы жазда Ж.А. Тәшенев партия органдары нұсқауымен Қарағандыдан Солтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық тамақтандыру бөлімін басқаруға жіберіледі. Сөйтіп 23 жастағы өткір де, іскер жігіт облыстағы тұтас бір саланың басқару тұтқасына ие болады. Осылайша Ж.А. Тәшеневтің солтүстік өңірдегі 14 жылға созылған еңбек жолы басталады. Ол 1940 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданады. 1934-1944 жылдары Ақмола мен Қарағанды облыстарында шаруашылық және кеңес органдарында қызметтер атқарды.
Жұмабек Ахметұлы 1938-1952 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңес, партия органдарында қызмет етті. 1938 жылы 31 шілдеде облыстық партия комитетінің шешімімен облыстық сауда басқармасына қарасты қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы жұмыста жүргенде Петропавл қаласында ауданаралық көтерме сауда жәрмеңкесін ұйымдастыруға жетекшілік етеді. Бірақ жас Жұмабектің Петропавл қаласындағы қызметі тағы да ұзаққа бармайды. Партия басшылығы оны қайтадан өзіне үйреншікті ауылшаруашылық саласына жібереді.
1939 жылы 27 тамызда Бейнетқор (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы – Б.А.) ауданына жер бөлімінің бастығы етіп тағайындалады. Бұл қызметті ол 1942 жылдың тамызына дейін атқарады. Орта білімі болу қажеттігін түсінген ол, негізгі жұмысын атқара жүріп, өздігінен дайындалып, осы аудандағы орыс мектебін сырттай оқып бітіреді. 1941 жылы Жұмабек Ахметұлы осы ауданда қызмет істеп жүрген өзі сияқты жас маман Бәтес атты бойжеткенмен танысады. Жұмабек Ахметұлының зайыбы Бәтес Ыдырысқызы Тәшенева (1922-2005 жж.) (тұрмысқа дейінгі фамилиясы Әлімбаева) Ақмола облысының Ақкөл ауданының тумасы еді. Жұмабек Ахметұлымен танысып, 1941 жылы екеуі отбасын құрады. Осы Бейнетқор ауданында тұңғыш баласы Саян 1942 жылы өмірге келеді [9, 102-105 п.].
Ж.А. Тәшеневке берілген партиялық мінездемеде «Тәшенев жолдас саяси жағынан жетілген, техникалық білімі сауатты, ауылшаруашылығындағы басшылық жұмысты біледі, тәжірибе жүзінде өзін белсенді, талапты және өсетін қызметкер» деп көрсетеді [10, 16 п.]. Қазақстан Компартиясы (большевиктер) Обкомы бюросы бекіткен және обкомның кадр мәселесі бойынша хатшысы Строганов қол қойған «Мінездемеде»: «Басқа партияларға мүше болған емес, оппозицияларға және антипартиялық топтарға қатыспаған, саяси сенімді және тәртіпті» деп сипатталған [10, 17 п.].
Қазақстан К(б)П ОК Бюросы Ж.А. Тәшеневті 1941 жылы 10 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Кеңес аудандық жер бөлімінің меңгерушілігіне бекітті. Бекітудің мұндай ұзаққа созылуы құрылымдық қайта құруларға немесе соғыс жағдайына байланысты болуы мүмкін.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев.
Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты Қ. 212., Т. 10., С.Б. № 960.
1944 жылы ақпанда ол Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысының мал шаруашылығы бойынша орынбасары қызметіне ұсынылып, өзін тәртіпті және белсенді, партия ұйымы мен халық арасында беделді қызметкер ретінде көрсетті.
1944-1947 жылдары Ж.А. Тәшенев облыстық атқару комитеттерінің түрлі құрылымдарында еңбек етіп, кейін облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып сайланды. Бұл жас маманның қызметтік өсуіне өте жақсы мүмкіндік болды. 1947 жылы 22 наурызда Ж.Ш. Шаяхметовтың қолы қойылған Қазақстан Компартиясы ОК бюросының шешімімен Солтүстік Қазақстан облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып бекітіліп, оның кандидатурасы Б(б)П ОК-нің қарауына ұсынылды [10, 29 п.]. Бұл мәліметтер «Кадрларды есепке алу жеке парағында» да көрсетілген. Бірақ бұл Жеке парағында автор өзінің 1947 жылы Солтүстік Қазақстан обкомы, 1952 жылы Ақтөбе обкомы мүшесі болып, ал 1951 жылы Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі болып сайланғанын көрсетеді.
1949 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталды. Осы жылы Ж.А. Тәшенев облыстық Атқару комитеті төрағасы болып сайланып, бұл қызметінде 1952 жылға дейін болады.
1951 жылы Ж.А. Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Кадрларды есепке алу Жеке парағында, ол осы кезеңге дейін «шетелдерге шықпаған» деп көрсетілген.
1952 жылы Ж.А. Тәшеневті КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді, оның толық курсын сырттай оқып, 1955 жылы аяқтайды. 1955 жылы 12 сәуірде Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А. Қонаев пен республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеневтің бір мезгілде Қазақстан Компартиясы ОК Бюро мүшелері болып сайлануы назар аударарлық оқиға [10, 11-12 п.].
Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 1938-1952 жылдар аралығындағы Солтүстік Қазақстан облысының партиялық-кеңестік органдарындағы адал және табысты еңбегі республика басшылығы тарапынан лайықты бағасын алды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түрлі шаруашылық, кеңес және партия қызметтеріндегі еңбектерінің нәтижесінде тәжірибе жинақтап, ысылған азаматқа республика басшылығы 1952 жылы оған ең үлкен облыстың бірін басқаруды сеніп тапсырады. Жұмабек Ахметұлы Ақтөбе облысының 12-ші басшысы болды [11]. Металлургия мен мұнай-химия өндірісі дамыған, жер аумағы үлкен, ауылдық жерде халқы сирек қоныстанған, жол қатынасы қиын осы облысты басқаруды ол 37 жасында қолына алады.
Еңбегі
Партиялық және атқарушы органдарда қызметте жүріп соғыс кезінде республикаға көшірілген зауыттардың жұмысын қалыптастыру, соғыстан оралған майдангерлер мен олардың отбасыларын орналастыруда орасан зор еңбек етті. Партия комитеттеріндегі жұмысы Коммунистік партияның қызметінің «асүйдегі сырларын» білуге үйретті. Кеңес өкіметі органдарының құрылымы мен жұмыс істеу механизмдерімен танысуы, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін жете тануы оған батыл да шұғыл әрекет етуге мүмкіндіктер берді. КОКП қызметін «таза пиғылда» елестеткен көптеген партия қызметкерлері кейін «партия көсемдерінің» шынайы өмірімен таныса келе өздерінің көзқарастарын өзгерткені белгілі. Жұмабек Тәшенев те «кеңес көсемдерінің» күйреуін ауыр қабылдағанымен, шыдамдылықпен төзе біліп, өзіндік пікір, өмірлік терең сенім қалыптастыра білді. Мүмкін, ол сол кезде-ақ қоғам үшін жалаң ұрандар емес, адам өмірінің құндылығын бағалап, олар үшін қалыпты жағдай жасау керектігінің маңызды екенін түсінген болар.
1954 жылы Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Н.С. Хрущевтің волюнтаристік шешіміне қарсылық білдіргені үшін Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Ж.Ш. Шаяхметов қызметінен босатылады. «Орталықтың», дұрысын айтқанда, мәскеулік номенклатураның таусылмайтын бассыздығы, партия басшыларын бейберекет ауыстыру, әрине, жергілікті партия және кеңес органдары басшылары тарапынан наразылық пен қарсылық туғызды. Мәселен, 1954-1955 жылдары Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы «белоруссиялық партизан» П.К. Пономаренко болса, оны «днепропетровтық» Л.И. Брежнев алмастырды [12, 87 б.; 13]. Л.И. Брежневті ауыстырған И.Д. Яковлевтің орнына ешкімге белгісіз Н.И. Беляев тағайындалды. Д.А. Қонаевты Алматыда туып-өсіп, Оңтүстік Қазақстан Өлкелік комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарған, алайда жергілікті қызметкерлердің сеніміне ие бола алмаған И.А. Юсупов ауыстырды [14, 95 б.].
1955 жылы сәуірде Ж.А. Тәшеневті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы етіп сайлайды. Міне, осылайша Ақтөбедегі қызметінен кейін 1955-1960 жылдары Жұмабек Ахметұлы 5 жыл республика парламентін басқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, қазіргі саяси тілмен айтқанда, сол кездегі республиканың саяси және көпұлттық құрамына сай құрылған бір палаталы парламенті болды. Оның құрамына конституциялық сайлау нормасы бойынша 27 мың адамнан бір депутат 4 жылдық мерзімге жалпыға бірдей, төте және тең сайлау құқы бойынша жасырын дауыс беру жолымен сайланды. Сол кездегі тәртіп бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының тең жартысына жуығы – жұмысшылар мен шаруалар, ал қалған жартысы ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің, халық ағарту, денсаулық сақтау және партия, кеңес қызметкерлерінің өкілдері болатын [15].
Басшының сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамаларынан уақыт өте келе партия органдарының жұмысын көбірек сын көзбен бағалағаның көруге болады. Сталинизм құрбандарын ақтау жөніндегі Комиссияға басшылық ету оған тікелей тапсырылып, ол репрессия құрбандарының адал есімдерін қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Ж.А. Тәшенев халықты орналастыру мәселесін шешуде де белсенді болды. Комиссия төрағасы ретінде Ж.А. Тәшенев сотталғандарды ақтау ісінде ғана емес, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасыларын, ата-аналары лагерьлерде қаза тапқан балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде де көп жұмыстар атқарды. Мәселен, осындай отбасыларға арнап салынған үйлерден Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха және басқалар пәтер алды. Оның тікелей атсалысуымен Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың және басқа да сталиндік қуғын-сүргіннің темір құрсауына түскен тұлғалардың шығармалары қайта басылып, жарыққа шықты.
Ж.А. Тәшенев республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы ретінде 1955 жылы 14 қазанда Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы И.Д. Яковлевке Қытай Халық Республикасынан келген оралмандардың тұрмыс жағдайын көтеруге көмектесуді өтініп хат жолдады. Репатриантар құрамы интернационалды болды. Этникалық қазақтардан басқа, оның қатарында ұйғыр, татар және басқа ұлттардың өкілдері болатын. Ол 1955 жылы Алматы қаласына Қытайдан келіп қоныстанған 100 отбасының үйсіз және жұмыссыз жүргенін көрсетіп, Орталық Комитет пен үкімет тарапынан арнайы комиссия құруды және оралмандардың мәселесін шешуді сұраған болатын. Ол жоғары қызметте жүрсе де, Отанына оралған адамдарды ауыр жағдайда қалдырмауға тырысқандығын байқаймыз. Осы тұжырымдардың бәрі мұрағат құжаттары арқылы дәлелденген. Бір бөлігі С. Дүйсен мен Қ. Еңсеновтың «Жұмабек Тәшенев» монографиясында берілген [2, 102-105 б.]. Авторлар осы еңбекте берілген құжаттарды жан-жақты талдаған.
Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангерлерге ерекше қамқорлықпен қараған. Куәгерлердің естеліктеріне қарағанда Ж.А. Тәшенев Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Соғыстан оралғандарға қамқорлық көрсетті. Майдангер-батыр, кейін генерал және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетовке де көмектескен [16, 320-321 б.].
1956 жылы Ж.А. Тәшенев КСРО Жоғарғы Кеңесіне және КОКП ОК мүшелігіне кандидат болып сайланды.
1959 жылы сол кездегі шағын Теміртау қаласында жұмысшылардың үлкен толқуы болды. Теміртау оқиғасының нәтижесі КОКП ОК Төралқасында арнайы мәселе ретінде талқыланды. Төралқада Қарағанды облыстық партия комитетінің Бірінші хатшысы П.Н. Исаев партия қатарынан шығарылып, қызметінен босатылды, Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Н.И. Беляевке «ескерту» берілді. Ол бұл шешіммен келіспей Төралқадан істі қайта қарауды талап етті. Мәселені екінші рет талқылау барысында Қазақстан Компартиясы жұмысынан «ірі кемшіліктер» табылып Орталық Комитет Бюросы жағдайды Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында қарауды міндеттеді.
1960 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында Н.И. Беляев қызметінен босатылып, орнына Д.А. Қонаев сайланды. Осы Пленумда Ж.А. Тәшенев республика Министрлер Кеңесі Төрағасына ұсынылды [10, 12 п.]. Н.И. Беляевтің қыметінен босатылғанына сол кездегі Қазақстан комсомолының хатшысы С. Кенжебаев куә болады.
Жұмабек Ахметұлы 1960 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне бекітіледі. Ол кезде үкіметтің ресми атауы «Қазақ КСР Министрлер Кеңесі» деп аталатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі – кеңестік замандағы республикадағы мемлекеттік биліктің жоғары атқарушы және басқарушы органы болатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде болғанда, 212 пәтерлік үлкен, жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Қазіргі Алматы қаласындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы сол үй бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенев үйі» деп аталады. Бұл үйге қоныстанған танымал қайраткерлердің арасында Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалым Әбді Тұрсынбаев және т.б. болды.
Алматының қақ ортасындағы батыстан шығысқа қарай шамамен 12 шақырымға созылатын кең даңғылға Абай есімін бергізіп, қазіргі Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткішінің лентасын қиған да Ж.А. Тәшенев болатын. Ол бұл істі жүзеге асыру үшін кезінде мынадай уәж айтқан: «Қазақстан астанасының ортасында Жамбыл мен Амангелдінің атынан өзге қазақтың аты қойылған көше жоқ. Сондықтан осы әділетсіздікті жою үшін қаланың ортасындағы даңғылға Абайдың атын беріп және оның төрінен Абайға үлкен ескерткіш орнатуымыз керек. Біз кімнен кембіз. Біз де қатардан қалмауымыз керек. Қараңыздаршы, Тбилисидің ұзына бойын алып жатқан мақтаулы көшесі Шота Руставели атында. Мұндай даңғыл Ташкентте де бой көтеріп жатыр. Ол – Әлішер Науаи даңғылы. Түптеп келгенде, Әлішер Науаи Ташкент тұрмақ, жалпы Өзбекстанда болмаған адам. Ол бар өмірін Ауғанстанның Герат қаласында өткізген. Мәскеудің ең басты көшесінің бірі Максим Горький атымен аталады» [3, 17-18 б.]. Сөзбен істің алшақтығына жол бермейтін Ж.А. Тәшенев Абай ескерткішінің жасалуын өзі қадағалап отырған екен. Осы Абайға арналған ескерткішті атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған.
Н.С. Хрущев республиканы бөлшектеу туралы жобаны бірнеше рет көтерген болатын. Жұмабек Тәшенев, әлбетте, Қазақстанды территориялық бөлшектеуге қарсы шықты. Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Д.А. Қонаев сол оқиғаны еске алып: «Пікірталастағы басты келіспеген мәселеміз (Н.С. Хрущевпен – Б.А) республикада өлкелер құру болды. Осыдан бастап арақатынасымыз бұзыла бастады. Мен республика халық шаруашылығын басқаруды жақсарту үшін жаңа облыстар ашуды ойладым [10, 10-11 п.]. Н.С. Хрущев Тың облыстары бойынша Қазақстан Компартиясы ОК жеке Бюросын құрғызып, оны Целиноград қаласына орналастырды. Мәскеу Бюроның төрағалығына республикалық ОК салалық хатшысы етіп Соколовты жіберді. Н.С. Хрущев одан әрі бес облысты қамтитын Тың өлкесін құратын шешімін телефон арқылы жеткізді. Өлке Алматы мен Мәскеуден екі жақты басқарылатын болды. Д.А. Қонаевтың қарсылығына Н.С. Хрущев: «Сіз мәселені жете түсінбей тұрсыз» деп жауап берді. Кейін Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу туралы ұсыныс түсті [12, 152-154 б.]. Бұл жағдайда Д.А.Қонаевтың қарсылығына А.И. Микоян қолдау білдірді де, сонымен ол мәселе белгісіз мерзімге қалдырылды.
Талдауда көрсетілгендей Н.С. Хрущев жергілікті халықтың тілегімен санаспағанымен қоса, КСРО Конституциясын белден баса отырып жиі бұзған. Таңқаларлығы, Н.С. Хрущев республикалар арасындағы шекара жақын арада жойылады деп мүлдем негізсіз жорамалдаған. «Республикалар арасындағы шекараны болашақта жою туралы өз ойын тезірек жүзеге асыруға тырысты. Бұл өте айқын болды», – деп жазады Д.А. Қонаев. Бұл саясатқұмарды адамдардың мүддесі мен тағдыры, болуы ықтимал ауқымды қақтығыстар қызықтырмады» [12, 153 б.].
Қазақ зерттеушісі Мадат Аққозин былай деп жазады: «Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев республиканың аумақтық тұтастығының нағыз қорғаушысы болды. Осы үшін қызметінен шеттетіліп, Оңтүстік Қазақстан облысына облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберілді. Ол бұл қызметті зейнетке шыққанға дейін атқарды» [17, 124 б.].
Республиканың аумақтық тұтастығын сақтау жөніндегі Жұмабек Тәшеневтің түбегейлі ұстанымы жөнінде қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов те жазады. Жазушы Д.А. Қонаев пен Ж.А. Тәшенев арасында болған әңгімені айта келе, Д.А. Қонаевтың Ж.А. Тәшеневтің батылдығына таңырқағанын растайды [18].
1950 жылдары Өзбекстан басшылығы КОКП ОК-не Қазақстанға тиесілі жерлердің бір бөлігін беру туралы өтініш жасады. Біздегі мәлімет бойынша, бұл мәселені өзге емес, дәл Н.С. Хрущевтың өзі көтерген. Қырымды Украинаға бергеннен кейін ол басқа да шекараларды өзгертуге ниеттеніп, ынталана түсті. Қалай болғанда да, Шымкент облысының бірнеше аудандарын беру туралы нұсқау КОКП ОК-дан келіп түсті. Ж.А. Тәшенев бастаған комиссия ұйымдастырылып, оның құрамына М. Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков, Н. Морозов, В. Шереметьев, республика және облыс көлеміндегі барлық басшылар енгізілді. Комиссия барлық материалдарды зерттеп, білгеннен кейін, жерді беруге негіз жоқ деген шешім шығарды. Соның өзінде, Н. Морозов «өзіндік пікір» ұстанымында қалды. Алайда, қарсылыққа қарамастан, бұл жерлер, соның ішінде Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді. Түркістан әскери округінің кейбір жерлерін сақтап қалудың сәті түсті [4]. Бұл деректерді мемлекет және қоғам қайраткерлері А. Шәріпов [19] пен С. Кенжебаев өз естеліктерінде растайды [3, 147-148 б.]. Сондай-ақ Н.С. Хрущев Маңғыстау түбегін Қазақстаннан бөліп алуды жоспарлады.
Әлемдік тарихта белгілі болғандай, шекараны қайта өзгерту қиын және шиеленісті сипатқа ие. Сондықтан да барлық халықаралық құжаттарда, конвенцияларда, базалық құжаттарда шегараға қол сұқпау мен бұзылмауы айрықша баса айтылады. Қазақстанның өкілі ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы қызметін жиі ауыстырған Ж.А. Тәшенев бұл ережелерді жақсы білетін. Сондықтан ол республикалар арасындағы шекаралардың беріктігіне нық сенімді болды.
Қазақстанның шекарасын өзгерту қажеттігі жөніндегі Н.С. Хрущевтің пікіріне бір жиында Ж.А. Тәшенев былайша жауап қайтарды: «Мұндай мәселелерді талқылау ғана емес, қойылуына да түпкілікті қарсымын!». Хрущев ашулана: «Тыңда. Сен кімсің Саяси бюроның еркіне қарсы шығатын (КОКП ОК меңзеп тұр)?! – Егер осылай болатын болса, біз бұл мәселені сіздің келісімінсіз де шешеміз (республика басшылығын айтып отыр). Кеңес Одағы – біртұтас ел, сондықтан кімге қандай аумақты беруді КСРО Жоғарғы Кеңесі шешеді». «Егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың аумақтық мәселесіне өз бетінше араласатын болса, онда КСРО Конституциясын өзгерту керек, – деп Тәшенев қарсылық білдірді. Онда әрбір республика өзінің тарихи қалыптасқан аумағында меншік құқығына ие екендігі айтылған. Егер бұл заң бұзылатын болса, онда бізге халықаралық ұйымға шағымдануға тура келеді, солай емес пе?!». ҚКП ОК сол кездегі Бірінші хатшысы Д.А. Қонаев жиыннан шыққаннан соң қайсар әріптесіне таңырқағанын байқатып: «Жұмеке, Сіз шынымен нағыз батылсыз. Сізде арыстанның жүрегі бар!», – деді. Бұған Жұмабек Тәшенев: «Туған халқым үшін тозаққа түсуге дайынмын!»,- деп жауап қайтарды [20, 57 б.].
Жоғары мемлекеттік лауазымда қызметте болған кезінде Ж.А. Тәшенев сыртқы саяси қызметтермен де белсенді айналысты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде елшілерді, шет мемлекеттердің басқа да өкілдерін қабылдады, қабылданатын заңдарды талқылауға қатысты. Делегация құрамында Қытай, Моңғолия, Үндістан сияқты бірқатар шет елдерге барды. Ю.В. Андроповпен бірге Ж.А. Тәшенев Қытай Халық Республикасының басшысы Мао Цзе Дунмен келіссөздер сапарында Н.С.Хрущевпен бірге жүрді. Негізінен, оның басшы ретіндегі таланты ішкі саясатта айқындала түсті. Қарапайым адамдардың, әсіресе ғылым, өнер және білім саласы өкілдерінің мұқтаждығына көңіл аудару, Ж.А. Тәшеневтің қарапайымдылығы мен мәселені шешу шеберлігі, оның есімін халық арасында неғұрлым танымал етті.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев Ж.А. Тәшенев республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді. Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді маман қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорын мен мекеме іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театр жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды [21, 77 б.].
1950-1960 жылдары Қазақстан Комсомолы ОК сол кездегі Бірінші хатшысы болған, профессор С.Д. Кенжебаев мынадай оқиғаны еске алады: «Бірде мені Мәскеуде В.Е.Семичастный өзіне шақырды. Ол кезде ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен кейін партия органдарының бөлімін басқарған. Ол Қазақстан Компартиясы ОК І хатшылығы қызметінен Беляевті алатынын айтты. Бұл қызметке кім лайық?-деп сұраған болатын. Мен, бұл жұмысты тек екі адам – Д.А. Қонаев және Ж.А. Тәшенев қана игере алады дедім» [2, 91-92 б.]. Сонымен бірге, «Ж.А. Тәшенев бірталай ауыр сынақтардан өткен, бірақ тік мінезді, – деп қостым».
Ж.А. Тәшеневті жоғары лауазымнан босату жайын Д.А. Қонаев егжей-тегжейлі жазған: «1960 жылдың желтоқсанында Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясы өтті. Үзіліс кезінде Косыгин маған келіп: «Сізді және Тәшеневті Хрущев түскі асқа шақырып жатыр», – деп айтты. Біз шақыруды қабыл алып, Хрущевке келдік. Түскі аста ОК Төралқасының барлық мүшелері болды. Түскі ас кезінде Хрущев Тәшеневке бірнеше рет (мәтінде солай – Б.А.) сұрақтар қойып, дәмін татыңыз, бұл сол ма деп… еселеп дәмтатымдар ұсынды.
Түскі астан кейін Хрущев: «30-40 минуттан кейін маған кіріңіз. Сіз маған керексіз», – деді.
…Бұл не үшін? – деп таң қалдым. Күтпеген шақыру, Тәшеневке ерекше назарын аудару. Кенеттен біздің әңгімеміздің соңында Хрущев маған Тәшеневті республика Министрлер Кеңесі төрағасы міндетінен босату туралы (мәтінде солай – Б.А.) тапсырма берді. Оның айтуынша: «Тәшенев үстінен өте көп шағымдар түскен және тексерістер шағымдардың дұрыстығын дәлелдеуде. Бұл жөнінде ұйымдастыру бөлімінен толығырақ білесіз. Оған республиканың Министрлер Кеңесін басқару қиын. Көлемі аздау жұмыс беріңіздер» [12, 131 б.]. Д.А. Қонаев сол мәселе жөнінде жалғастыра түсті: «Тәшенев Жоғарғы Кеңесте қанағаттанарлықтай жұмыс істеді, алайда оны Министрлер Кеңесіне ауыстыру шешімі дұрыс болмады. Ол жерде Төраға бола отырып, республика үкіметінің басты жұмыс аумағын қамти алмады. Оның атына КОКП ОК-не көптеген арыздар түсе бастады. Оған оның шәлкес мінезі, ұстамсыздығы, тәкаппарлығы себеп болды. Осының бәрі оны жұмыстан босату жөнінде ұсыныс жасауға КОКП ОК, Хрущевті мәжбүр етті. Тәшеневті Семей облыстық Атқару комитетіне төрағалық етуге жіберуге келісімін беру үшін маған Хрущевті ұзақ көндіруге тура келді. Оған да қол жеткізілді» [12, 131-132 б.]. Бірақ Ж.А. Тәшеневтың орнынан ауыстырылуы биліктің оның білімділігі мен қайсар мінезін ұнатпауынан болған еді.
Ж.А. Тәшенев үйіндегі жұмыс бөлмесінде.
С. Дүйсен, Қ. Еңсенов. Жұмабек Тәшенев. – Алматы: «Литера-М», 2012. – 221 б.
Ж.А. Тәшеневті қызметінен аластатудың барлық аспектілерін Д.А. Қонаев толық ашпады деп ойлаймыз. Шынында республиканың Министрлер Кеңесі төрағалығы қызметінен алу бастамасы Н.С. Хрущевтен шығуы мүмкін. Ол ақпаратты республика бойынша көптеген, ерікті хабарлаушылар арқылы да, сондай-ақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдары арқылы да алды. Бірақ Ж.А. Тәшеневті қызметінен босату себебі мүлде басқа болуы мүмкін. Мәселен, Тәшеневтің шекараны қайта бөлу мәселесіндегі бірбеткейлілігі, оның ұлттық интеллигенция арасында танымалдығы т.б. Сондықтан да бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Н.С. Хрущев пен Ж.А. Тәшенев арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі жайлы комсомолдың бұрынғы I хатшысы, саясаттанушы-ғалым С.Д. Кенжебаев та растайды.
«Тәшенев Семей облыстық Атқару комитетіне төрағалық ету ұсынысынан бас тартып, – деп жалғастырды Д.А. Қонаев, – неғұрлым жоғары қызметке жіберу туралы келісім алу үшін Мәскеуге жол тартты. Мәскеуде оның дәлелдемелерімен келіспей, оның арызына жауап ретінде ОК Тәшеневті Шымкент облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жіберуді ұсынды. Солай болды да. Тәшенев Шымкентке кетіп, сол қызметте жүріп зейнетке шықты» [12, 132 б.]. Осы оқиғалардан кейін, 1961 жылғы 11-қарашада Қазақстан КП бюросы Оңтүстік Қазақстан обкомының ұсынысымен жолдас Ж.А. Тәшеневті Атқару комитетінің төрағасы орынбасарлығына Д.А. Қонаевтың қол қоюымен бекітіп, ол қызметтен К. Сәрсенбаеваны босатты [10, 5 п.]. Көпшілік алдында Д.А. Қонаев пен Ж.А. Тәшенев бұдан кейін кездеспеді.
1961-1975 жылдары Ж.А. Тәшенев Оңтүстік Қазақстан облысы Атқару комитеті Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы облыста қызметте болған кездерінде Ж.А. Тәшенев аймақ халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға көп жағдай жасады. Ол ауылшаруашылығын дамытып, өркендетуге өзіндік үлес қосып, қоғамдық салаларға жете мән берді. Нәтижесінде, республиканың халқы тығыз орналасқан өңірі – Оңтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендей түсті.
Қазақстандағы жоғарғы билікте талай жыл қызмет атқарған ол бұл жерге келгенде де, өзінің әділдігінен тайған жоқ. Қабылдауына келген халықтың хал-жағдайын біліп, қолынан келгенше көмектесті. Қызметте жүрген жастарға өз ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Атқару комитетінде Жұмабек Ахметұлы қызмет атқарған жылдарда оның атына келген бір де бір өтініш-тілек ескерусіз қалмаған. Қала тұрғындары да, дала еңбекшілері де оған өз өтініш, тілектерін айтып жиі келетін. Оған жолыққан адамдар оның мінезінен, жүріс-тұрысынан өткенді көксеп, ұнжырғасы түскенін, сондай-ақ төрелік, паңдық мінездерді еш көрген емес. Үлкенге де, кішіге де тұрақты ізет көрсету оған тән қасиет болатын. Сондықтан да ол ел ағасы болып танылып, халық құрметіне ерекше бөленді. Шымкенттегі қызметке келгенде, Жұмабек Ахметұлының жасы 40-тан сәл асқан еді. Сол кездерде ол кісі туралы «Торға түскен айбарлы арыстан ғой, сабаз» деген сөздері жиі айтылатын [22, 6-7 б.].
Жұмабек Ахметұлы ел басқарудағы әкімшілік қызметімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан. Бірқатар ғылыми еңбектерінің жарық көруі мен экономика саласы бойынша кандидаттық (1962) және докторлық диссертацияларын (1974) Мәскеуден қорғауы соның айқын дәлелі болып табылады [2]. Алайда Ж.А. Тәшеневтың экономика ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін Мәскеу бекітпей қойды. Бірақ ол экономика саласының даму бағыттарына талдау жасаған ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектерін жариялады.
1963 жылдың наурызынан 1975 жылдың сәуірі аралығында Оңтүстік Қазақстан еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесі депутаттығына сайланды, ал 1963 жылдың қарашасынан 1974 жылдың ақпаны аралығында Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық партия комитетінің мүшесі болды (1962-1992 жылдары Шымкент облысы деп аталған). Мемлекеттік марапаттары: Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені, Құрмет белгісі және медальдар. Экономика ғылымдарының кандидаты.
1975 жылы жасының келуіне байланысты зейнеткерлік демалысқа шықты. Кейінгі жылдары ғылыми-зерттеу ұйымдарында жұмыс істеді. Ж.А. Тәшенев Қазақстан жұртшылығының есінде ірі саяси қызметкер және өндірістің шебер ұйымдастырушысы ретінде сақталды. Оны табандылық, жауапкершілік, ойлау қабілетінің кеңдігі және адамдарға деген ақ пейілділігі секілді қасиеттері ерекшелейтін. Сталинизм мен Қазақстанның аумақтық тұтастығына қарсы күрестің ауыр кезеңінде Жұмабек Тәшенев өзін ымырасыз және көреген саяси қайраткер ретінде көрсетті.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев 1980-жылдар.
С. Дүйсен, Қ. Еңсенов. Жұмабек Тәшенев. – Алматы: «Литера-М», 2012. – 234 б.
Әдебиеттер мен дерекөздер тізімі:
4. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві. – 1109-қ., – 5-т., – 597-іс.
5. Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві. – 40-қ., – 9-т., – 4460-іс.
6. Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві. – 22-қ., – 10-т., – 960-іс.
8. Болатов Т. Қалқаны болған халқының // – Арқа ажары. – 1995 жыл. – 14 наурыз.
9. Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві. – 13-қ., – 1-т., – 75-іс.
10. Қазақстан Республикасы Президенті архиві. – 708-қ., – 69-т., – 2761-іс.
13. Красная эпоха. 70-летняя история СССР. – М.: ОЛМА Медиа Групп, 2010. – 208 с.
15. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві. – 1109-қ, – 3-т, – 376-іс.
16. Кизатов Ж. Өмір мен өлім. Хикаят. – Қызыл-Орда, 2010. – 391 б.
19. Шәріпов Ә. Көргенім, көңіліме тоқығаным. Естелік / Жұлдыз, 1994, № 9. – Б.15-16.