Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында сәуірдің 12 күні ғылым қызметкерлері күніне орай, салтанатты отырыс өткізілді. Институт атынан бірқатар ғылыми қызметкерлер: Ә. Нұрсан, О.Х. Мұхатова, М.Ж. Абдиров, Ж. Жеңіс, А.Т. Қайпбаева, Р.Е. Оразов, Р.Ж. Кубеев, Н.Н. Құрманалина,  А.Н. Қоңқабаева отандық тарих ғылымын дамытуға қосқан өзіндік үлесі және жеке ғылыми жетістіктері үшін “Құрмет” грамоталарымен марапатталды. 

Отырыста профессор М.Ж. Абдиров ғылым қызметкерлері күні ғалымдар үшін Тәуелсіздік мерекесінен кейінгі маңызды мереке болып саналатынын және 12 сәуірді ерекше дата ретінде ұйымдастырылатын шаралардың жоғары деңгейде өтуіне көңіл бөлудің қажеттігін айтты. Институт ардагерлерін еске алып, олардың еңбегін бағалап,  тағзым етуге шақырды.

Белді тарихнамашы О.Х. Мұхатова 12 сәуір күнінің адамзаттың бірінші рет ғарышқа ұшуымен байланыстылығы да ғылым дамуының көрсеткіші екендігіне назар салды. Зерттеуші ғылымға келу, ғылым жолына түсу естелігімен бөлісті.  Ғылым – адамнан көп нәрсені сарп етуін талап ететін дүние. Алғашында ассистент болып жұмыс атқарған кезінде кафедрадағы «алып кел, шауып кел» шаруалардың барлығын атқарып, сабақ өткізуде алмастырып отырған. Сол уақытта профессорға жақсы жағдай жасалғаны, айлықтарының жоғары болуы ары қарай өсуге, ғылымға талпынуға септігін тигізген. Тарихшының алдағы бірден бір тілегі – жастардың ғылымға келу үрдісінің күшейгені. Ал ол үшін ғылыми қызметкерлерге, ғалымға жақсы әлеуметтік жағдай жасалуының маңыздылығын айқындай түсті. Себебі ғалымдар әлеуметтік мәселеге алаңдамай, ғылымға беріліп, нәтижелі жұмыс жасауына мүмкіндік тудыру керектігі айтылды.

Институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ш.Б. Тілеубаев Институттағы қол жеткен табыстарды қысқаша қорытындылады. Жекелеген проблемалық мәселелер де көтерілді. Мысалы, қазақ қоғамында әуесқой тарихшылардың көбейгені. Бірақ осындай проблемаларға қарамастан, жалпы қазіргі таңда үкімет тарапынан ғылымға, оның ішінде тарих ғылымына жақсы көңіл бөлініп отырғаны түйінделді. Еліміздегі 11 ғылыми-зерттеу институты стратегиялық маңызды ұйым ретінде танылып, базалық қаржыландыруға көшіріліп жатыр. 2022 ж. бастап институттардағы жетекші ғалымдарға базалық жалақы тағайындалды. Жылдан жылға гранттық қаржыландыру, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, жастарға арналған жобалардың саны артуда. Ғалымдарға арнайы конкурсқа қатысуға, тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктер жасалып отыр т.с.с.

Құрманалина Н.Н. – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD