Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ҚАЗІРГІ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗАҚСТАН: ТАРИХИ ЖОЛДЫ САРАЛАУ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» атты 7 томдық академиялық басылым әзірленіп жатыр. Төл тарихымызды жазу барысында бірқатар жұмыстар атқарылды. Қазақстан тарихы бойынша 7 томдықтың жоспары, тұжырымдамасы, міндеттері талқыланды. Республика көлемінде танымал тарихшы ғалымдардың қатысуымен методологиялық семинар-кеңес және бірнеше рет конференциялар өтті.

2023 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтында «Қазіргі әлемдегі Қазақстан: тарихи жолды саралау» тақырыбында оффлайн-режимде және қашықтан ZOOM платформасында конференция өткізілді.

Конференция «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының 7-томына арналып, Қазақстан тарихын зерделеудің өзекті мәселелерін қарастыру, ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарын ашу мақсатында өтті. Конференцияға ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сарапшылар, саясаттанушылар, мұрағат, мұражайлар мен кітапхана қызметкерлері, PhD докторанттар, магистранттар, өлкетанушылар қатысты.

Конференцияны Мемлекет тарихы институтының директоры м.а., тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған кіріспе сөзбен ашып, «Қазіргі заман тарихының тарихнама мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада ұлттық тарихнаманы зерттеу туралы мәселелер қарастырылды.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Қ. Нұрпейісов «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның идеялық-құқықтық мәні», саясат ғылымдарының докторы, ҚР экс-елшісі Т.С. Сүлейменов «Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы, дамуы мәселелері және жетістіктері», тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Абдулина «Қазақстандағы диаспоралар өкілдерінің тілдері мен мәдениеттерін дамыту», тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.М. Мендикұлова «Қазақстан Республикасының диаспоралық саясаты – егемендікке қол жеткізу», тарих ғылымдарының докторы, профессор К.И. Кобландин «Қазақстан Республикасының диаспоралық саясатының жетістіктері», тарих ғылымдарының докторы, профессор А.М. Ауанасова «1991-1995 жылдардағы Қазақстандағы мемлекеттік биліктің десоветизациялану тарихы», тақырыбында баяндамалары тыңдалды. 

Конференцияға қатысушы ғалымдар 7 томдық академиялық басылымды дайындаудағы жұмыстарға қатысты пікірлерімен бөлісті. Тарихшылардың алдында тұрған нақты тапсырмалардың бірі Қазақстан тарихы шынайы, обьективті, бұрмалаусыз және сапалы жазылуы керек. Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін қарастыруда, бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген жаңа архив құжаттарын зерделеуді, бүгінгі танда тарихи жады мен әділеттілікті қалпына келтіру үшін ҰҚК, ІІМ және басқа мемлекеттік құрылымдардың архивтерінен анықталған тарихи дереккөздерді де енгізу керектігіне назар аударды.

Конференция барысында аталған маңызды мәселелер төңірегіндегі айтылған ұсыныс – тілектер ескеріліп, конференция Қарары қабылданды. Конференцияны қорытындылай келе, жасалған ұсыныстар:

1. Қазақстанның қазіргі заман тарихы ғылымын зерттеудегі тарихи тұрғыдан зерделеуді үйлестіру жұмыстарын барынша қарқындату;

2. Жүйелі, объективті зерттеу мақсатында зерттеу жұмыстарына  саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, лингвистер, заңгерлер, экологтар, саяси психология мамандарын  т.б. қатыстыру;

3. Қазақстан тарихын зерделеуде заманауи теориялық-методологияны пайдалану;

4. Академиялық басылыммәтіндерін ғылыми стильде жазуға көбірек көңіл бөлу;

5. Иллюстрациялық материалдарды (фото, карта, имфографиялық мәліметтер т.б.) кеңірек пайдалану;

6. Авторлар мәтіндерінің талапқа сай рәсімделуі.

Конференцияға қатысушылар жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілгенін атап өтті және ұйымдастырушыларға Қазақстан тарихын зерттеудегі өзекті бағыттар бойынша диалогқа қатысуларына мүмкіндік жасағаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Мемлекет тарихы институтының директоры м.а., тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған