2023 ж. 20 сәуір күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтында «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 7 томдық академиялық басылымының бесінші томын даярлау аясындағы «XVIII–ХХ ғғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МƏСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өткізілді.
Конференция жұмысын модератор, Институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б. Тілеубаев кіріспе сөзімен ашты.
Алғашқы ғылыми баяндаманы ғалым К.Ш. Хафизова «Версия смерти Абылай-хана по китайским документам» тақырыбында жасады. Ол Абылай ханның өлімініе қатысты қытай деректері негізіндегі мақаласын 2015 ж. жариялағанын жеткізді. Алайда зерттеушілер тарапынан еш қолдау да, даттау да болмаған. Зерттеуші қол жеткізген ой-қорытындыларымен бөлісті. Оның түйіндеуінше, 1778-1780 жж. құжаттар біраз бар. Мәселен, Абылай ханның 1778 ж. жазылған оннан астам хаты анықталды. Дегенмен оларда хаттың жазылған күні аударылмаған, нақты көрсетілмеген. Хан сыртқы елдің оның билігін мойындағанын қалаған. Абылай сыртқы күштердің әсерін өте жақсы түсінген. Оған қоса ел ішінде де билікке қатысты біраз мәселелер туындаған (Дайыр хан, Әбілмәмбеттің ұлы Болат биліктерін күшейткісі келген). Сондықтан хан тағын мұрагерлікке қалдыру мақсатында осы проблеманы жекелеген хаттарда көтеріп отырған. Қытайға келген соңғы хаттарда Уәли баһадүр деп қол қойылғанымен, Абылай ханның мөрі басылған. Жалпы, Абылай ханның өмірден қайтқан жеріне байланысты да бірнеше нұсқалар айтылады: Ташкент, Түркістан, Талас маңы. Сондықтан ханның өмірден өткен күні мен орын алған жағдайларын т.с.с. мәселелерді әлі де тиянақты зерттеу қажет. Абылайдың өмір жолы біз білгеннен де қызық та тартымды деп ойлаймын, әлі де оның өмірі мен қызметіне қатысты ашылмаған, дәлелдеуді қажет ететін сырлар бар.
Профессор М.Ж. Әбдіров «Анатомия Российского империализма: военно-наступательные аспекты внешней политики России в Евразии (на примере Казахстана XVIII-XIX вв.)» тақырыбында сөз сөйледі. Сонымен қатар А. Акқали тұлғалар тарихын зерттеудегі қайшылықтар мен жаңа көзқарастарға қатысты мәселені көтерді. А.Ш. Шамғонов 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің ІІ-ші кезеңі туралы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
К.В. Черепанов «Масштаб и значение в контексте мировой истории деятельности представителей казахской научной и культурной элиты на рубеже XIX – начале ХX вв.», ал С.Н. Мамытова «Отечественная историография истории благотворительности в казахском обществе во второй половине XIX – начале XX вв.: проблемы исследования», сондай-ақ М.М. Каппасов «Квантативный метод исследования социально-экономического положения кочевого населения (на основе Материалов по киргизскому землепользованию) в конце XIX – начале ХХ века» тақырыптарындағы зерттеулерімен бөлісті.
А. Жаркенова «Ресей империясының 1897 жылғы Бірінші жалпыға бірдей санағы фактологиялық материал ретінде» тақырыбы бойынша баяндады. С.Б. Курманалин Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс және ұлт-азаттық қозғалыстардың сабақтастығы мәселелерін ашты. Н.Ы. Жетпісбай Әбілхайыр ханның Орынбор әкімшілігімен қатынасы туралы проблемаларды талдады.
Ұсынылған тақырыптардың барлығы өзекті әрі қызықты болды. Академиялық басылымдағы, әсіресе 5 томның өз ерекшеліктері бар, түйінді проблемалар баршылық. Мәселен, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты әлі де зерттеуді қажет ететін, сондай-ақ теориялық мәселелердің көптігіне назар аударылды. Ұлт-азаттық көтерілісті, оның жетекшілерінің рөлін, еңбегін аймаққа, руға бөлмей, бірыңғай сабақтастық тұрғысынан қарастырудың маңыздылығы да атап өтілді.
Конференция жұмысына Институт қызметкерлері, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 7 томдық академиялық басылым авторлары, Барнауыл (РФ), Астана, Орал, Қостанай, Атырау т.б. қалалардан тарихшы-зерттеушілер, жас ғалымдар қатысты.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD – Н.Н. Құрманалина