2023 жылдың 12 сәуірінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және оның Астана қ. филиалының ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиналысқа қатысты. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ҰҒА академиктері, ғылым ардагерлері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, Қазақстанның жетекші ғалымдары қатысты.
Салтанатты жиын аясында еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен өңірлік университеттері ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесі өткізілді. Көрмеде әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғалымдардың ғылыми еңбектері, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ғылыми әзірлемелер, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызмет пен ғылым нәтижелерін коммерцияландыру жобалары ұсынылған.
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстан халқының интерактивті картасы», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» және т.б. ғылыми бағдарламаларды іске асыру нәтижелерін ұсынды. Көрме аясында Мемлекеттік комиссияның өңірлік комиссиялардың республикалық жұмыс топтары бірлескен күшімен әзірленген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» сериясы (мемлекеттік комиссия төрағасы Е.Т. Кариннің жалпы редакциясымен) ұсынылды.
2022 жылы серия аясында 31 жинақ жарық көрді, оның ішінде 2 монография бар. Осы кітаптарды мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы С.Қасымов және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Көлгіновке сыйға тартты.
Салтанатты жиын аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттің ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға үлкен көңіл бөліп отырғандығын атап өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.Көлгінов Ұлттық кеңестің бірінші отырысы өткізілгенін, онда Мемлекет басшысы Үкіметке, ғылым мен білім беруді дамыту министрлігіне ғылымды қаржыландыру, гранттарды тиімді бөлу, ғалымдардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар бергенін хабарлады.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов Қазақстандағы әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердегі негізгі жетістіктер туралы баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды, оның ішінде архив-2025 және басқа да бағдарламаларды қабылдауға көп көңіл бөліп отырғандығын атап өтті.
Іс-шара марапаттаумен жалғасты: ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бірқатар жетекші ғалымдарға еңбек қызметіндегі ең жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Еңбек ардагері» медалін, ғылым саласындағы жетістіктері үшін «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Қозыбаева М.М. – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қ. филиалының директоры