Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«МЕНІҢ ОТБАСЫМНЫҢ ТАРИХЫ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНДА» БАЙҚАУЫ ӨТТІ


Қазақстан Республикасы Президентінің архиві мен Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» атты байқауы жарияланды. Байқауға Алматы қаласы жалпы білім беру мектептерінің 6-11 сынып оқушылары қатысты. Байқау 7 бағыт бойынша өткізілді. Бағыттар: «Отбасылық архив – шежіре кілті», «Адам тағдырының қасіреті», «Менің отбасымның тарихындағы Ұлы Отан соғысы», «Менің отбасым еңбек даңқы тарихында», «Менің отбасым қала тарихында», «Отбасы – дәстүр сақтаушысы», «Менің отбасымның Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесі».

Байқаудың мақсаты – жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының интеллектуалдық және тұлғалық дамуы, олардың тарихты оқыту саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістері мен тәсілдерін меңгеруі, жастарды Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық тарихқа қатысты дереккөздерді зерттеу мен сақтауға тарту.

Аталған іс-шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас Ғалымдар Кеңесінің мүшелері: Куникеев А.Д., Доскараева А.А., Қоңқабаева А.Н., Морякова М.Т., Досымбетов Н.А., Мырзаходжаев К.М., Бурханов Б.Б., Бахтиярқызы А. оқушылардың жұмыстарын тексеріп, мазмұны жағынан сапалы дайындалған жұмыстарды анықтау мақсатында Конкурстық комиссия жұмысына қатысты.

Байқауға Алматы қаласы мектептерінен 145 зерттеу жұмысы жолданған. 11 мамыр 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Конкурстық комиссия жұмысының отырысы өтіп, зерттеу жұмыстарының сапасы мен мазмұны талқыланып, І, ІІ, ІІІ орын иелері анықталып, 49 зерттеу жұмысы номинацияға ұсынылды.

Досқараева А.А., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас Ғалымдар Кеңесінің ғалым хатшысы