http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=251
Қазақ әдебиеті №48-49 (3369)
Осыдан бір жарым ай бұрын (27-қыркүйек) «Қазақ әдебиетіндегі» «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек!» деген мақалама Астанадағы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев пен ғылыми қызметкер Жасұлан Абдрамановтың жауабы екі мақала ретінде сол «Қазақ әдебиетінің» 8-қарашадағы нөмірінде жарияланыпты. Бірінші мақаланың тақырыбы айқайлап тұр: «Екінші дүниежүзілік соғысының шындығы немесе академик М.А.Асылбектің сын мақаласынан кейінгі ойлар», ал екіншісі – «Әділеттік керек пе, әлде басқа ма?..» деген атпен берілген. Екі мақалада да жазылған сынға шынайы уәж, қарсы дәлел, орынды пікір айту орнына, қара қазан өкпе, тікелей жеке басқа тиісіп, жала жабуға толы сылдыр сөзге барынша жол берілген.
Мәлік-Айдар АСЫЛБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д.,
профессор, ҚР ҰҒА академигі
Мысалы, А.Қашқымбаев, ең алдымен мені өзінің директоры Б.Ғ. Аяған жөнінде жазғанша, Елбасы жөнінде неге жазбайды, – деп жазғырады. «Тәуелсіз Қазақстан, Елбасымыз – Н.Назарбаев туралы, жалпы қазақтар туралы кім, не айтпай жүр (әсіресе, кейбір шетелдік ғалымдар). Бірақ ондайда құрметті Мәлік-Айдар ағамыздың дауысы естіле бермейді… Неге?» – деп айыптайды. Сонда Б.Ғ.Аяған Елбасы деңгейіне көтерілгені ме?! (Елбасымен профессор Б.Ғ. Аяғанды теңестіргені өрескел іс-әрекет екенін Амангелді, қыза-қыза байқамай да қалған көрінеді).
Бұл саяси айып, егер кешегі Кеңес заманы болса, Қылмыс кодексінің 58-бабы, «В» тармағы бойынша контрреволюциялық іс-әрекетім үшін атылып, не 25 жылға Колымаға, ең болмағанда Қарлагқа айдалып кете барар едім. Құдайға шүкір, қазір басқа жағдай. Дегенмен, Елбасы жөнінде арнайы кітап түгіл, мақала да жаза алмадым. Мұндай кемшілігім бар – мойындаймын. Бірақ тәуелсіз Қазақстан, жалпы қазақтар жөнінде өз шама-шарқымша жазып жүрмін, ол жөнінде 5-6 монографияларым мен 50-ден астам мақалаларым бар, әсіресе, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Анна Панкратова, Төлеген Тәжібаев, Ақай Нүсіпбеков, Бегежан Сүлейменов және т.б. саяси-қоғамдық қайраткерлер мен ғалым-тарихшылар жөнінде жазғаным баршылық. Кейінгі жылдары Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне Қазақстанның қосқан үлесі туралы 4-5 мақала жарияладым, әсіресе, қазақ ұлтының әлеуметтік-демографиялық даму белестерін, шәкірттеріммен бірге, көбірек зерттеудемін. Сол еңбектерімнің ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа көптеген сілтемелер берілген. Амангелді ініміз, жағдай жасап, мүмкіндік берсе, Елбасы туралы еңбек жазуға да ойланар түрім бар. Бірақ барлық тарихшылар осымен айналысса, сонда сол үшін арнайы құрылған Мемлекет тарихы институты не істейді екен?!
А. Қашқымбаевтың маған қоятын екінші айыбы – «қылмыс іс» десе де болар, «ғылыми жинақтың оқырмандар арасына тарағанына үш жылдан асқан екен, сол уақыттан бері осы жинақ туралы ойын неге енді ғана жеткізіп отырғаны түсініксіз» – деп, осыдан күнә іздеп, әуре болады. Кітап 2000 данамен ғана шығып, арнайы тапсырыспен ғана таратылған. Менің қолыма кездейсоқ түсті. Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің 5-маусымдағы баяндамасынан кейін, менің «Отан тарихы туралы ой» деген мақалам жарияланған-ды («Егемен Қазақстан», 17 маусым). Сол мақаламда мен Мемлекет тарихы институтын жол жөнекей, сылап-сипап сынай келіп, бұл институттың ғылыми бағдарламасын дұрыс нақтылауы туралы кеңес берген едім. Себебі, Қазақстан мемлекеттілігі туралы күрделі проблемалармен айналысу орнына, ондағы ұжым, әсіресе оның басшылары, өз ғылыми мақсатына қатысы жоқ, ұсақ мәселелермен айналысып , көбінесе күнтізбелер мен құжаттық жинақтар шығарумен келеді. Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігі жөнінде көлемді зерттеулер, әсіресе, монографиялар жоқ, – дегенмін. Сонымен бірге, құрметті профессор Б. Аяған «Голощекин – қызтеке», «Генерал Корнилов кім?» және т.б. осындай ұсақ, өз бағдарламасына қатысы жоқ, Отан тарихы ғылымы үшін маңызды емес мәселелермен айналысатынын көрсетіп, жұмыс бағытын жөндеу керектігін айтқан едім. Сол кезде ғана «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген жинақ қолыма түсіп, оған, ең алдымен, оның алғысөзіндегі (Б.Ғ. Аяған жазған) кереғар пікірлерге сыни мақала жаздым. Кешігіп жазғанымның себебі осы ғана.
А.Қашқымбаевтың осындай жеке басқа тиіскен жерлері жеткілікті, олардың бәрін айтып жатпай-ақ қояйын, оны өз ар-ұяты мен адамгершілігіне тапсырдым. Бірақ кәсіби тарихшы ретінде Амангелді ініміз Ұлы Отан соғысымен тікелей айналыспағандығынан (оның 1987 ж. қорғаған кандидаттық диссертациясының тақырыбы: «Қазақстан Компартиясының КПСС аграрлық саясатын іске асыру жөніндегі қызметі (1976-1985 жж.)», бұдан басқа еңбектерін көре алмадық), бұл соғыстың еліміздегі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызын жоққа шығарғаны үлкен қате және өкінішті. Мысалы, ол: «Ұлы Отан соғысында болған оқиғаның негізінде жастарды патриоттық сезіммен отансүйгіштік бағытта тәрбиелеу үшін пайдаланғанымыз да жоқ емес. Ол ойымыз ұзаққа созылмады», – деп қорытындылайды. Тіпті, соғыстан аман қайтқан өз ағасы Байкеннің қалай соғысқанын көрсеткен әрекеттерін өзінше теріс бағалап, «соғысқа қатысқан ағамызды аңғалдыққа, ал қатыспағандарды жалған патриоттыққа үйреткен кеңестік жүйе екен», – деп майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбекшілердің Отан қорғау жолындағы ерлігіне, еңбегіне күмән келтіреді. Әсіресе, мұны кешегі Кеңес заманындағы қатардағы коммунист қана емес, Шымкент қаласы Партия комитетінің білдей хатшысы болған, Коммунистік партияның аграрлық саясатын мадақтап, кандидаттық диссертация қорғаған азаматтан естігенде таңқалдық. Бұған не айтуға болады?!
Сонда Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің, тағы басқа Кеңес Одағы батыры атанған 500-ден астам жерлестеріміз бен бірнеше жүз мыңдаған ерлік көрсеткен қазақстандықтардың өмір жолы патриоттық тәрбиеге қазіргі жағдайда арқау болудан қалғаны ма?! Тарихшы ініміздің бастығы профессор Б.Ғ. Аяғанның айдап салуымен жеткен жері осы болды ма?! Сонда А. Қашқымбаевтың мақаласынан «Ұлы Отан соғысының шындығы» алыс жатқанын, тек бастығының қателіктерін жауып, қорғаштағаннан басқа іліп-алар ешнәрсе жоқ. Оның жазғандарының көбінің біз айтқан сынға қатысы жоқ. Жинақ туралы айтылған сынға жауап беруден қашқан А.Қашқымбаевтың «тірлігі» осы.
Екінші мақала авторы Ж. Абдраманов ағасы А. Қашқымбаевтан да алысқа сермеген, «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген кітапқа мен көрсеткен 8-9 кемшіліктерге уәж айту орнына, «Бұл сынаудың артында теріс пиғылдың бары айқын аңғарылды», – деп «Америка» ашады, өз бастығына кір жуытпай, «Рим папасынан да әулие» етіп көрсеткісі келеді. Бұл амалсыздан жасалған іс-әрекет, біріншіден, жас ғалым сол жинақты құрастырушылардың бірі екен, екіншіден, бастығын осындай жалған сөзбен қорғауға мәжбүр болған шығар: «Институт басшысы көптің көзін көрген білікті ғалым. Әсіресе, жастарға қамқорлық танытып келеді», – деп, Б.Ғ. Аяғанды мадақтай жөнелген жас ғалымның өз проблемасымен (Қазақ хандықтары және с.с. орта ғасыр мәселелері) айналысу орнына, биліктің сойылын соғамын деп, жастай жағымпаздыққа салынып, өрескел істерге барғаны өкінішті. Естуімше, мақаласы шықпай жатып, институттан кетіп қалғаны түсініксіз. Жағымпаздықтың да шегі болатын, ал Ж.Абдраманов оның межесін білмейтін сияқты. Мысалы, ол өз бастығы Б.Ғ.Аяғанның Ұлы Отан соғысы туралы айтып жүрген пікірлерін жоғары бағалап, «ғылыми жаңалықтар» деп санайды: «Бұл пікірлер отандық ғалымдардың айтып жүргендерінен өзгеше. Әрі ғылыми әлеуеті жоғары», – деп мадақтайды. Шынында бұл пікірлердің объективтілік мәні төмен, тіпті оған кереғар, қарсы екенін, оның көбі шетелдік және қазіргі Ресей ғалымдарының әбден жауыр болған тұжырымдарын қайталайтынын деректі дәлелдермен көрсеткен едік. Ал Ж. Абдраманов жалпылама айта салып, Б.Ғ. Аяғанның нақты қай пікірі «жаңалық», «әлеуеті жоғары» екенін дәлелдемеуі, дұрысы дәлелдеуге тырыспауы да, оның жазғандары ғылыми дискуссиядан тыс әрекет екені көзге ұрып-ақ тұр ғой.
Ең түсініксіз жағдай – біз кітаптың Б.Ғ.Аяған жазған алғысөзіндегі 7-8 кемшіліктерді, қазіргі тарих ғылымы қол жеткізген деңгейге қарама-қарсы, өзінікі емес, басқалардың ғылымнан алшақ ізімен, сәтсіз қайталанған кемшіліктерін нақтылай, дәлелмен сынағанбыз (оларды төменде келтіреміз). Біздің бұл сынымызға алғысөз авторы Б.Ғ. Аяғанның өзі жауап беруі керек еді, неге ол осы жағдайда өз қызметкерлерін айдап салып, олардың артына тығылып қалғаны түсініксіз. Ғылыми шынайы пікіралыс, сынға мәдениетті жауап беру – бұл ашық алаң. Жоғарыдағы Ж.Абдрамановтың айтуынша, «көптің көзін көрген білікті ғалым» неге осы ашық алаңға қасқайып шығып, өз істеген ісіне дәйекті жауап бермейді? Немесе «Қашарыңда қашасың, туарыңда сасасыңның» кері келіп тұр ма?! Қалған айтарымызды Б.Ғ.Аяғанның өзі жауап бергенде айта жатармыз (онда да қажет болса).
Әзірше, бұл авторлардың маған деген жауаптарын бізде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына іліп қоямыз. Жалпы, «Қазақ әдебиеті» оқырмандары сияқты, тарихшылар ұжымы А. Қашқымбаев пен Ж. Абдрамановтың қайшылыққа толы жауаптарын оқып, олардың ғылыми деңгейін біле жүрсін, әділ бағасын берсін.
Дегенмен, А.Қашқымбаев та, Ж.Абдраманов та менің ғылыми атақ-дәрежелерімді, әсіресе, үлкен жаста екенімді жазғыра отырып, аты шулы кітаптағы кейбір кемшіліктерді жол жөнекей, қалтарыста, қипақтай жүріп, мойындауға мәжбүр болғандарын оқырманның да байқауына болады.
Біріншіден, жинақтағы өрескел кемшіліктерді «кітап редакторы соғыс жылдары сауатсыз жазылған бір-екі құжатты үстінен қайта өңдеп жіберген», – деп құтылғысы да келеді. Сонда «зерттеуді» редакциялаған Б.Ғ. Аяған емес, техникалық-арнайы редактор
Г. Музафарова ма?! Сонда, Құдай-ау, біз кімнен және қандай жауап, жауапкершілік күтеміз?! Ал сол құжаттың бірін түпнұсқада көргендер (оның ішінде мен де бармын) оның өте сауатты жазылғанын және оның авторы Қазақ ССР Ғылым Академиясының болашақ мүшесі (КазПИ-де ұзақ жыл ректор болған, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серғали Толыбеков ағамыз екенін біледі. Сонда сауатсыз кім?!
Екіншіден, олар, біз айтқандай, бұл кітаптың «тарихи-құжаттық зерттеу» еместігін, – тек мақалалар мен құжаттар жинағы екенін толық мойындайды, Ж.Абдраманов: «Жинақ тек жинақ қана. Бұл арнаулы зерттеу емес. Академик ағамыздың ойындағы дүниені жазу үшін көптеген шаруалар жасалуы қажет», – деп ағынан жарылады. Мен Б.Ғ Аяғанға, оның институтына «арнаулы зерттеу» жаз деген тапсырма да берген емеспін, не өтініш айтқан емеспін. Тек олардың шығарған еңбегінің «зерттеу» емес, «жинақ» екенін, кітаптың өзі тиісті атымен аталмағаны кемшілік, қате екенін ғана көрсеткенмін. Ендеше, кітаптың тақырыбына қосып «Тарихи-құжаттық зерттеу» деп неге жазады?!
Үшіншіден, «жинаққа бөлінген қаржының тым аз болуына байланысты өңірлердегі мұрағаттарды қарауға мүмкіндік болмады», – деп бұл жинақта жаңа деректердің жоғын мойындайды. Егер қаржы жетпесе, жаңа деректер табылмаса, қалай бұл жинақты «мүмкіндігінше қолдағы мен қордағыны (қандай қор екені белгісіз) топтастырып, бас-аяғын біріктіріп, жақсы дүние жасауды мақсат ету» (Ж. Абдрамановтың жазуынша) іске аспайтын нәрсе ғой! Бұл басында сәтсіздікке ұшырайтын іс-әрекет екенін кітапты даярлаушылар білмеген бе?! Осыған байланысты бұл «зерттеудің» мамандар даярламағанымен қоса, маман (Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша) сарапшылардың да ғылыми талдауынан өтпегені – кітаптың сәтсіз шығуын күшейте түскен.
Төртіншіден, менің жинақтағы Б.Ғ.Аяған жазған бар болғаны 13 бет алғысөздегі өрескел қателіктеріне арнайы жазғанымды «шүйліккен», «жерден алып, жерге салған» және басқа да деп айыптағанымен, екі автор да бұл кемшіліктерді жоққа шығара алмай, дәлелді уәжбен пікір таластан қашқақтап, ауылын жеке басқа қарай бұра берген.
Біз жинақты арнайы талдаған жоқпыз, тек көзге ұрып тұрған өрескел кемшіліктерін ғана көрсеттік, ал бұл жинақтың алғысөзі сын көтермейтінін бұрында ескерттік.
Бесіншіден, атап айтқан жөн – өтіріктің ең сорақысы – әділ жауап беруден жалт беріп, қашудың көрінісі – институттың директорының орынбасары мен ғылыми қызметкері «Қазақ жауынгері…» кітабына, ондағы өрескел кемшіліктерге жауап беруден бас тартып, бұл кітап институттікі емес деп, өтірік, жалған айтады. Ж. Абдраманов: «…аталмыш жинаққа Мемлекет тарихы институтының қатысы жоқ. Ол «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің мұрындық болуымен жарыққа шықты», – дей келіп, «өкінішке қарай, академик ағамыз, ең алдымен осы жерді көрмеген екен» – деп, мені және бір «күнәкер» етеді. Рас, кітаптың 2-бетінің төменгі жағында кішкене әріптермен бұл қоғамдық ұйымның аты тұр. Ал осыдан құрметті профессор Б.Ғ.Аяған «Қазақ жауынгері»-нің редакторы, алғысөз авторы және құрастырушыларының бірі болмай қала ма? Мемлекет тарихы институты директорының екі орынбасары мен үш қызметкері де сыртта қала ма?! Кітаптың соңында «Информация об Институте истории государства» неге берілген? Егер бұл кітапқа ол институттың қатысы болмаса, редактор, алғысөз авторы және құрастырушылардың бірі – құрметті профессор Б.Ғ. Аяған Мемлекет тарихы институты туралы бұл ақпаратты беріп, оның мекен-жайын, телефонын, факстарын, электрондық поштасын және т.б. деректерін көрсетіп, неге әуре болған?! Бұл қашып, жалтару, орыстың дөрекі мақалы «Я – не я, и свинья не моя» («Мен – мен емес, шошқа да менікі емес») – дегеннің кері келіп тұр ғой! Тіпті, сол қауымдастықтың төрағасы да, құрылтайшысы да, Мемлекет тарихы институты директоры да сол құрметті профессор Б.Ғ. Аяған емес пе?! Сол қауымдастықтың өзі Мемлекет тарихы институты ұжымы негізінде құрылған жоқ па?! Институт қызметкерлерінің көбі сол қауымдастықтың мүшесі емес пе?! Ал қауымдастық ақша аудару үшін керек болған шығар.
Алтыншыдан, біздің айтуымызша, жауап берген авторлар жинақтың көбінесе бұрын жарияланған естеліктер мен құжаттардан тұратынынан жалтарып кеткісі келеді. Ал берілген құжаттарға түсініктемелер, кейде сілтемелері толық, не дұрыс берілмегені, ал кейбіреулері сол баяғы «жиендікпен», ешқандай сілтемесіз (ұрлық – плагиат десе де болады) «Казахстан в период Великой Отечественной войны 1941-1945 гг.» деген екі томдық құжаттар мен материалдар жинағынан, онда да қателер жіберіліп, алынғаны жөнінде бір ауыз сөз жауап жоқ. Сонда бұл кемшіліктерді мойындағаны емес пе?!
Жинақтағы біздің айтқан кемшіліктерді қайтадан, қысқаша болса да естеріңізге салайын. Олар:
1) Ұлы Отан соғысын Қазақстанда зерттеген тарихшылардың еңбектері жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған. Бұл – ғылымға жат қылық;
2) Кеңес Одағының Германиямен шабуыл жасаспау туралы келісіміне қате баға берілген, ол сол кездегі халықаралық жағдайға сай жасалды;
3) Соғыс басталардан бұрын (21-маусымда), басталған соң да И.В.Сталин (22-28 маусым) Кремльде болды, 191 лауазымды қайраткерлерді қабылдады, бұл – тарихи шындық. Хрущевтің өтірік, жаласын қайталау, тек қате ғана емес, ұят және шындықтан ауылы алыс іс-әрекет;
4) Соғыстың қашан басталатынын И.В. Сталин білген, тек оны кешіктіруге ұмтылған. Оны білмеді деп айыптау – өтірік, жала.
5) Кеңес Одағы мен фашистік Германияны, екеуі де соғысқа дайындалды деп, теңестіруге болмайды, бұл өрескел қате, себебі, Германия – агрессор (басқыншы, 1938 жылдан), ал Кеңес Одағы – өз жерін қорғаушы және Гитлер басып алған елдерді азат етуші, антигитлерлік коалицияның негізгі және белді мүшесі;
6) У. Черчилльді асыра мадақтау тарихи шындыққа жанаспайды, ол өз елінің, Британия отарлық империясының мүдделері үшін ғана күресті;
7) Бұл кітап – «Тарихи-құжаттық зерттеу» емес, естеліктер, құжаттар және мақалалар жинағы;
8) Жинақтың ғылыми деңгейі төмен, жаңа деректер мен мәліметтер жоқ, көбі бұрын жарияланған, дұрыс құрастырылмаған, түсініктемелері жоқ, сілтемелері нашар, кейбір мәліметтер – плагиаттық жолмен алынған және т.с.с.
9) Біздің көрсеткен кейбір кемшіліктер сол жинақтағы естеліктермен расталады. Мысалы, Сағындық Кенжебаев ағамыздың «Соғыс осылай басталды» деген естелігі И.В. Сталиннің соғыс басталмай тұрып, содан соң 22-28 маусымда үзбей Кремльде болғанын растайды. Ал Черчилль Молотов-Риббентроп пактісін (шабуыл жасаспау туралы келісімді) Кеңес Одағы үшін тиімді болды, – деп бағалайды. Сонда алғысөз авторы осы жинақтағы сол естеліктерді оқымаған ба?! Яғни оның пікірлерін жоққа шығарған естеліктерді көрмеген бе?!
Егер құрметті профессор Б.Ғ.Аяған өзіне кіріптар қызметкерлерін алға салып, солардың жауабымен құтылып кеткісі келмесе (олардың жауаптарын оқырман бағалай жатар, ал мен оларға көзқарасымды анықтадым), өз алғысөзіне өзі жауап жазар. Тек жеке бастың өкпесіне сүйенбей, менің ғылыми атақтарым мен дәрежелерімді, жасымның үлкендігін жазғырмай, әділ, нақты, дәлелді жауап жазсын. Мен дұрыс сын айтпасам, дәлелдесін, бәріміз әділдікке жүгінейік. Біз күте тұрамыз. Тек болашақта Ұлы Отан соғысы тарихына арналған (Жеңістің 70 жылдығы жақындап та қалды ғой) зерттеулер мен жинақтар шығатын болса, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, басқа да ғылыми зерттеу мекемелерімен ақылдасып, алдын ала сол институттың маман тарихшыларымен бірге (Құдайға шүкір, әлі де олар институтта баршылық) талқылап, шешетін болсын. Мемлекет тарихы институтында ондай мамандардың жоғын жоғарыда «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген кітаптың өрескел қателерінен көрдіңіздер. Астанада осы жылы қазан айында өткен Қазақстан тарихшылары жиналысында академик Болат Көмеков айтқандай, «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген. Іске сәт! Тек Отан тарихының қай проблемасымен айналыссақ та, сол проблеманы зерттеуге ғылыми деңгейі жететін маман болсын.