Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ө.Қанай, Т. Апендиев – Ақын Сара ауылынан табылған көне кітаптар


6-қаңтар күні Ескелді ауданы Ақын Сара ауылын бетке алып жолға шықтық. Мақсатымыз – алашқа аты шыққан Сара Тастанбекқызының туған ауылын аралап, көзқарақты қарттардан өткен күннің әңгімесін тыңдап қайту болатын. Бұл «Жүз ауыл», «Жүз қария», «Шежіре», «Ұлттық ою-өрнек» бағдарламасы аясындағы этно-тарихи экспедициялық іс-сапарымыздың басталуы болатын.

Бізді аудан орталығы Қарабұлақ кентінен қарсы алған Ақын Сара ауылының әкімі Идеал Жаманбалин ағамыз бастап жүрді. Жол бойы ауылдың өткен-кеткен тарихынан әңгіме ағытқан Идеал ағамыз ауылға кірмес бұрын ат басын алдымен әйгілі ақын Сара Тастанбекқызының кесенесіне бұрды. Ту алыстан көзге ұратын тас кесене жатаған адырдың жазыққа ұласқан жеріндегі ағар мен жолдың шетіне орналасыпты. Кесене табиғи тастан қаланып, екі жағына ақ тастан ескерткіш орнатылыпты. Аққан жұлдыздай бір жарқ етіп өте шыққан қысқа ғұмырында қазақ айтыс өнерінің аспанында өшпес із қалдырып кеткен әйгілі ақынға ел-жұрты 1993-жылы осы кесенені тұрғызыпты. Кесенені зиярат етіп болған соң қайта жолға шықтық.

 

pic1

  Ақын Сара Тастанбекқызының кесенесі

Ендігі деттеген жеріміз Ешкіөлместің баурайындағы Тоғызқұмалақ жайлауы – алты алашқа аты шыққан Біржан сал мен ақын Сараның айтысқан жері. Дерек бойынша, екі ақын 1895-жылы сол жерде айтысқан деседі. Кезінде Шоқан Уәлиханов «бүкіл орта Азияда бұған жетер жер жоқ» деп мақтаған Ешкіөлместің баурайына тез жетуге асықтық. Бірақ, көктайғақ жол темір көліктің жүрісін баяулата берді. Ауылды кесіп өтіп, Ешкіөлместің етегіне ілінген соң ендігі жолды жаяулауға тура келді, қалың қарды омбылап жүріп Тоғызқұмалаққа да жеттік. Қайырылып қарасаң, арқада тау жотасы, алдыңғы жақта көлбеу жазық. Тепсеңнің төрінде Біржан сал мен ақын Сараның айтысына арналып табиғи тастан ескерткіш қойылыпты, ескерткіштің алдында үлкенді-кішілі тоғыз домалақ тас. Әйгілі қос ақынның айтысқан жеріне де арнаулы ескерткіш қою – міне бұл нағыз өнегелі елдің өнерге деген құрметі

pic2                 

Біржан сал мен ақын Сараның айтысқан жеріндегі ескерткіш

 

Ауылға әлі кірмесек те, көңіліміз желпініп, тоғайып қалдық. Асығымыз алшысынан түсіп, олжалы болатынымызды сездіргендей. Ауылды, ауылдық мектепті аралап, ауыл тарихын, мектептің өткені мен бүгінін естіп-білген соң, ауылдық мешітке келдік. Ауыл молдасы емен-жарқын қарсы алды. Аз-кем әңгімеден кейін мешіттің кітапхана бөлмесіне бас сұқтық. Сөреде ескілі-жаңалы кітаптар тізіліп тұр. Солардың ішіндегі мұқабасы тоза бастаған көне кітап бізді бірден өзіне тартты. Қызыға қолға алып, ашып қарағанда-ақ көзіміз шырадай жанды. Бірінші бетінде «الاتقان فى ترجمة القرآن» деп тұр, бұл кітап 1907-жылы Қазан қаласында басылыған құранның аудармасы болып шықты.

Қолдан қолға өткен кітаптың түбі түсіп, беттері тоза бастапты. Басылғанына 107 жыл болған бұл кітаптың тарихи және ғылыми құндылығын ескеріп, оны арнаулы сақтау керек екенін айтып, ауыл әкімі мен ауыл молдасына кітапты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және зтнология институтына өткізуді өтіндік. Өтінішімізді қабыл алған ауыл әкімі Идеал Жаманбалин ағамыз кітапты ауыл тұрғындарының алдында арнаулы тарту ететіні туралы уәде беріп аттандырды.

 

pic3

1907-жылы Қазан қаласында басылыған құранның аудармасы

 

Институтымыз атынан арнаулы алғыс хат алып, 17-ақпан күні Ақын Сара ауылына қайта жолға шықтық. Ыстық ықыласпен қарсы алған Ақын Сара ауылының әкімі Идеал Жаманбалин 1907-жылғы құран аудармасымен қоса, 100 жылдан асқан және де 4 көне кітапты қасиетті жұма күні ауылдық мешітте көпшілік алдында бізге табыстады.

pic4

100 жылдан асқан көне кітаптар

 

Арқалап келген аманатымызды аман-есен институтымызға тапсырдық, алдағы уақытта Алла қаласа бұл кітаптар Ғылым ордасының ғылыми кітапханасына тапсырылады.

Осы орайда, Ақын Сара ауылының әкімі Идеал Жаманбалин ағамызға және Ақын Сара ауылының тұрғындарына шын жүректен институтымыздың атынан алғыс білдіреміз!!!