2024 жылдың 19-шы сәуірінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына Қырғыз Республикасы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінен құрамында тарихшы–архивист мамандығының 17 студенті және 3 оқытушысы бар делегация келді.

Делегацияның келуінің негізгі мақсаты – туысқан екі елдің тарихшы ғалымдары мен жас мамандарының арасында ғылыми-мәдени ынтымақтастық байланыс, кәсіби әріптестік орнату болып табылады.
Делегацияға алдымен Қазақстан Республикасының Президенті архивімен таныстыруға мүмкіндіктер жасалды. Аталған авхивпен таныстыру Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Қаныш Имантайұлы Сəтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмены көрсетуден басталды. Одан соң архив жұмысы қалай жүреді, құжаттарды қалай сақталатындығы, архив құжаттарын цифрландыру мәселелері мен сақтау жолдары таныстырылды.
Президент архивінен кейін Институтта осы күнге жоспарланған шығыстанушы, түркістандық қайраткер Сералы Лапиннің 155 жылдығына орай «ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары: қызметі, тағдыры, мұрасы» («Интеллигенция в начале ХХ века: деятельность, судьбы, наследие») атты дөңгелек үстел өтті.

Қырғыз Республикасы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінен келген әріптестеріміз аталған дөңгелек үстел жұмысына да қатысты. Дөңгелек үстел жұмысына олармен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен де әріптестер қатысып баяндама жасады.
Дөңгелек үстелде келесідей тақыптарда баяндамалар жасалып, талқыланды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының бас сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы «Қазақстанды зерттеу қоғамындағы қазақ және қырғыз зиялыларының қызметі» тақырыбындағы баяндамасында қазақ және қырғыз зиялыларының ағартушылық қызметі туралы мол мағлұмат берді. Одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Әзіретбергенова Эльмира Жарылқасынқызы «Сералы Лапин өмірі, қоғамдық қызметі, шығармашылық мұрасы» тақырыптағы баяндамада жасап Сералы Лапиннің өмірі мен қызметі жайлы айтты. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Тілеубаев Шәмек Баянұлы «ХХ ғасырдың басындағы қырғыз ағартушысы Дүр Саурамбаевтың қызметі жөнінде» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада ХХ ғасырдың басындағы қазақ пен қырғыз ағартушылығының ортақ мәселелеріне, қырғыз ағартушысы Дүр Саурамбаевтың қызметіне тоқталды. Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті Жалпы тарих кафедрасының аға оқытушысы Торогельдиева Эльвира Эсенболқызы «Деятельность кыргызской интеллигенции в 20-30 гг. XX века (исторический анализ)» баяндамасында XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қырғыз зиялыларының халқына қызметі, өмір жолдары, еңбектері туралы айтты. Келесі баяндамашы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Оразов Рашид Ешенұлы «Верный гимназиясын толық бітірген қазақ-қырғыз балаларының қоғамдық саяси қызметі» атты тақырыпта сөз қозғады. Баяндамада Верный гимназиясын оқып бітірген қазақ-қырғыз зиялыларына тоқталса, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Қоңқабаева Арайлым Нұрболатқызы «Қырғыз зиялысы Қасымбай Телтаевтың қызметі жөнінде» баяндамада жасап, қырғыз халқының өмірінің күрделі кезеңінде еліне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалардың бірі Қасымбай Телтайұлының өмір жолы мен 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс тұсында босқыншылыққа ұшыраған қарапайым халыққа көмек ұйымдастырып, үлкен көмек көрсеткені туралы баяндады.

Сондай-ақ, бауырлас ағайындарға Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейін экскурсия ұйымдастырылып, музейдегі тарихи-мәдени жәдігерлер таныстырылды.
Кездесуді соңына қарай Алатаудың ар жағынан ат арылтып келген қырғыз ағайындарға Институтымыздың тарихы да таныстырылып, шыққан зерттеу еңбектер тарту етілді. Сонымен қатар, екі ел жас ғалымдары арасындағы байланыс күшейтіліп, алдағы уақыттарда ғылыми-мәдени байланыстарды күшейтіп, бірлескен ғылыми шаралар ұйымдастыру, ғылыми бойынша ұсыныстар жасалды.