Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетіндегі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуына 955 жыл толуына орай, «Үлкен Алтай» халықаралық Жобасының аясында «Еуразиядағы орта ғасырлардағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және  этномәдени үдерістер» атты халықаралық конференция


Бүгін, 2024 жылдың 30 мамыр күні Бішкек қаласындағы Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуына 955 жыл толуына орай, «Үлкен Алтай» халықаралық Жобасының аясында «Еуразиядағы орта ғасырлардағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және  этномәдени үдерістер» атты үш күнге созылатын халықаралық конференцияның бірінші күні  болып өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан ғалымдары қатысып, Жүсіп Баласағұнның ортағасырлық түркі әлеміндегі орыны, орта ғасырлық түркі мемлекеттерінің саяси  тарихы мен мәдениеті, экономикалық ахуалы туралы баяндамалар жасады.

Конференцияның ашылу салтанатында Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы тарих ғылымын дамыту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы А. Қойчиев, Білім және ғылым министрі Д. Кендірбаева, Алтай Мемлекеттік университетінің ректоры С. Бочарев, Президент әкімшілігінің жанындағы «Мирас» Қорының Төрағасы К. Молдақасымов, Баласағұн университетінің ректоры Т. Әбдірахманов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, доктор, профессор З.Е. Қабылдинов, Жоғарғы Кеңестің депутатары құтықтау сөз сөйлеп, жиынды ашып берді.

Институтымыздың Бас директоры Зиябек Ермұханұлы  пленарлық отырыста Қырғызстан мен Қазақстан тарихшыларының арасындағы әріптестік байланыстар, біріккен жобалар мен іс-шаралар және алда тұрған міндеттер туралы жан-жақты баяндап берді.

Қазақстан тарапынан конференция жұмысына М. Ломоносов атындағы ММУ еліміздегі филиалының профессоры, доктор, профессор А. Оразбаева, Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы А. Мақсұтова, т.б. тарихшы-ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Бұл ғалымдардан өзге, алдағы екі күнде онлайн форматта 4 секцияда елуге жуық ғалымдар баяндама жасайды деп күтілуде.

Конференцияда «Жүсіп Баласағұн – түркі халықтарының ұлы тұлғасы және орта ғасырлардағы Еуразия тарихы бойынша дереккөздер», «Еуразиядағы саяси және әлеуметтік-экономикалық процестер», «Еуразиядағы этникалық, этникааралық және мәдени үдерістер»,  «Еуразия тарихындағы археологиялық және этнографиялық зерттеулер» атты төрт секция жұмыс жасады.

Қатысушы ретінде Ж.Жомарт «Ортағасырлық түркі халықтарының тарихын зерттеудегі діни-рухани үдерістердің орыны» атты баяндама жасады.