Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«АКАДЕМИК Ә.Х. МАРҒҰЛАННЫҢ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ: ЖАҢА ҚАДАМДАР МЕН ҮРДІСТЕР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ


2024 жылдың 22 мамырында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қазақтың көрнекті ғалымы, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Академик Ә.Х. Марғұлан мұрасы және Қазақстанның тарих ғылымы: жаңаша ұстанымдар мен бағыттар» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде өтті.

Академик Ә.Х. Марғұланның басты еңбектерінің бірі Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашып, ғылыми айналымға енгізуі болды. Оның негізгі ерекшеліктері 1946-1947 жж. ол өзі басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының есептері мен еңбектерінде көрінді. Сонымен қатар, жазба деректерді зерттеу, қазақтардың рухани мәдениеті мен фольклорын зерделеу де ғалымның жіті назарын аударды. Сондай-ақ Ә.Х. Марғұлан ғұмырын Қазақстанның ежелгі қалаларының сәулет өнерін зерттеуге де арнады. Классикалық шығармалар қатарына оның «Ежелгі қазақ тайпалары және Қазақ хандығының құрылуы», үш томдық «Қазақ халқының қолданбалы өнері», «Қазақ әлемі» және басқа да еңбектері жатады. Ғалымның бес томдық  «Қазақ КСР тарихы көне заманнан бүгінгі күнге дейін» академиялық басылымын (1979 ж.) жазуға қатысуы оның ғылыми қызметінде ерекше орын алады. Осылармен қатар, Әлкей Марғұлан Ш. Уәлихановтың шығармалар жинағының редакторы және құрастырушысы, әрі ол туралы көптеген монографиялардың авторы болды. 1982 жылы ол Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Әйгілі ғалым, этноархеолог Әлкей Хаканұлы Марғұланды еске алуға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан ғалымдары жиналды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор кіріспесін ашып берді. Шараны жүргізген модератор – ТЭИ директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Б. Тілеубаев

Қазақстандық археология және этнография мектебінің негізін қалаушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның көпжылдық еңбегі еліміздің ғылымы мен қоғамдық өмірінде жоғары бағаланады. Ғалымның ғылымға қосқан үлесі жайлы ҚР ҒЖБМ қазақ ескерткіштану проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Шығыс елдері Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор С.Е. Әжіғали терең сөз қозғады.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ. Таймағамбетов, РҒА Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Д.А. Аманжолова, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ш.Д. Батырбаева және өзге де ғалымдар шақырылды.  

 Ә.Х. Марғұланның өмірі мен қызметі жайлы белгілі ғалымдарА.У. Тоқтабай, Ж.А. Ермекбай, М.Ж. Әбдіров, З.Т. Садвокасова, А.А. Алмасбек, У.Т. Ахметова, М.А. Алпысбес және тағы басқа ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Конференцияны академик Ә.Марғұланның шөбересі Аида Марғұланның ғалым атасының шежіресі туралы баяндамасы толықтыра түсті.   

Сонымен қатар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, жоо оқытушылары және ҚР ҰҚК Шекара академиясының өкілдері – полковниктер Н.М. Накатаев пен Д.Н. Балтенко, доцент С.А. Саттаров мен академияның курсанттары конференция жұмысына белсене қатысты.

Іс-шарада т.ғ.д., профессор М.Ж. Әбдіровтың «Из истории военно-казачьей колонизации Казахстана (XVI-начало ХХ вв.). Избранные труды. Том І. – Алматы, 2023» атты ғылыми еңбегінің тұсаукесері, сонымен қатар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кітапханасына кітап сыйлау рәсімдері өтті. ТЭИ кітапханасы Ә.Х. Марғұланның көп томдық таңдамалы шығармалар басылымымен толықты.

Фотогалерея. Шараның ұйымдастырушысы – ТЭИ жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімі.