Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысы: тарихы мен жеке тұлғалары» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы


2024 жылдың 12-ші маусымында ҚР ҒЖБМ Ғылым Комитеті Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты «Алаш қозғалысының жетісулық қайраткерлері: тағдыры мен мұрасы» жобасы аясында «Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысы: тарихы мен жеке тұлғалары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға отандық және шетелдік тарихшылар мен жас ғалымдар қатысты. Конференция жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Тілеубаев Шамек Баянұлы кіріспе сөзімен ашылды.

Конференцияда келесідей тақырыптарда баяндамалар жасалып, талқыланды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Мұхатова Оразгүл Хасенқызы «Алаш ардақтысы – Қайсерке Тоқсанбаев» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамасында жетісулық Алаш қайраткері Қайсерке Тоқсанбаевтың өмірі мен қызметіне байланысты тың архив құжаттарына негізделген мәселелерді айтты.

Келесі баяндамашы Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Б. Жамгерчинов атындағы Тарих, археология және этнология институты Қырғызстанның ХХ-ХХІ ғасырдағы тарихы бөлімінің басшысы, т.ғ.к. Кубатова Аида Эсенкуловна «Казак жана кыргыз этно-элитасынын ХХ кылымдын башы чениндеги биргелешкен аракеттери» тақырыбында жасаған баяндамасында ХХ ғасырдың басындағы қазақ және қырғыз зиялыларының бірлескен қызметтеріне талдау жасады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының профессор м.а., т.ғ.к. Ильясова Күлпаш Мырзамұратқызы «Алаш ісі» бойынша жетісулық зиялылардың сот-тергеу процесіндегі көрсетулері (құпиясыздандырылған құжаттар негізінде)» баяндамасында Алаш қозғалысының Жетісулық қайраткерлерінің сот-тергеу процесіндегі көрсетулерін архивтік құжаттар бойынша талдап және тағы басқада маңызды мәселелер туралы сөз қозғады.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы «1920–1930-шы жылдардағы қазақ және қырғыз зиялыларының ағартушылық қызметі» баяндамасында қазақ-қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы халыққа білім беру бағытындағы ағартушылық қызметі туралы баяндады.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоба жетекшісі, т.ғ.к. Тілеубаев Шамек Баянұлы «ХХ ғасырдың басындағы қазақ және қырғыз зиялыларының ұлт мүддесі жолындағы қызметі» атты тақырыптағы баяндамасында қазақ және қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың басында ұлттық бірегейлікті сақтау және елдік мүддені қорғау жолында бірлесіп атқарған қызметтерінің маңыздылығына талдау жасады.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Мұқанова Гюльнар Қайроллақызы «Государственный и общественный деятель Мырзахан Толебаев» баяндамасында жетісулық Алаш қайраткері Мырзахан Төлебаевтың қызметінің белгісіз қырлары туралы баяндап берді. Ал Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Оразов Рашид Ешенұлы «Жетісудан шыққан кәсіби дәрігер Ысқақ Жақсылықов» баяндамасында Алаш қозғалысына атсалысқан Ысқақ Жақсылықовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы архивтік құжаттарға негіздей отырып айтты.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушы, PhD Белоус Светлана Геннадьевна «Сего числа мы вступили в управление Семиреченской областью»: деятельность М. Тынышпаева и О. Шкапского на страницах периодической печати» баяндамасында архив құжаттары мен баспасөз мәліметтеріне сүйене отырып Жетісу облысында Уақытша үкіметтің комиссарлары болған О. Шкапский мен Алаш қайраткері М.Тынышпаевтың қызметтеріне тоқталды.

Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарихжәне этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі Конкабаева Арайлым Нұрболатқызы «Алаш зиялылары және Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі қазақ-қырғыз босқындары мәселесі» атты баяндамасында 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі Жетісу өңірінде тұратын қазақ және қырғыз халықтарының көрші Қытай жеріне ауа көшіп босқын болуы, олардың көрген қиындығы мен шеккен зардаптары, Алаш зиялыларының қазақ-қырғыз босқындарын қайтарудағы атқарған жанкешті қызметі туралы айтып берді.

Жалпы конференция жақсы өтті. Баяндамаларда бұрындары белгісіз болып келген көптеген тың тарихи деректер негізінде ғылыми ой-пікірлер айтылды.