Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Парсы тілін меңгерген мамандарымызға сәттілік


2024 жылғы 14 маусымда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.К. Муканова, ғылыми қызметкер, тарих магистрі А.А. Бекенова, кіші ғылыми қызметкер, магистр Е. Сауырқан және жас маман, докторант А.А.Доскараева парсы тілі курсын сәтті аяқтап, сертификаттар иеленді.

2024 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Жеңістің бастамасымен, Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығы парсы тілін оқыту бойынша бастауыш және орта топтарға курстар ұйымдастырып, сабақтар жүргізілген еді. Орта топ бойынша курсты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова өткізіп, қатысушыларға парсы тілін шебер меңгерте білді. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының арнайы залында өткізілген курстарға Алматы қаласы бойынша ұйымдардан қатысушылар белсенді түрде қатысты. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан жоғарыда аталған қызметкерлеріміз парсы тіліндегі мұрағат материалдары мен ескі жазбаларды оқуды үйрену мақсатында курсқа қатысып, білімдерін жетілдірді. Курс соңында қатысушылар арнайы емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болды.

2024 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өткен жиында Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының атташесі, Сағди қорының өкілі Хоссейн Ағзаде мырза құттықтау сөздерін айтып, курсты тәмамдаған қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар Хоссейн Ағзаде мырза қатысушыларды Иранда өтетін парсы тілін меңгеруді жетілдіру бойынша курстан өтуге шақырды. Курс қатысушылары өз тараптарынан курсты ұйымдастырушыларға және оқытушыларға алғыстарын білдірді.

Біз де курсты ұйымдастыруда бастама білдірген Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Жеңіске, парсы тілі курсын ұйымдастыруды қолдағаны үшін Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы мен Иран мәдени орталығына, курс өткізуде зал бөліп қамқорлық танытқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы басшылығына және Парсы тілін үйретуде білікті маман, білімді ұстазымыз Ғалия Әмзеқызына алғысымызды білдіреміз. Парсы тілін меңгеруді жетілдіруге Иранға баратын мамандарымызға сәттілік.