Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАМУЫ: ЖАС ТАРИХШЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ КӨЗІМЕН


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2024 ж. 17-қыркүйегінде АР22785742 «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуының қазіргі заманғы тенденциялары (1991-2021 жж.)» гранттық қаржыландыру жобасы аясында күнтізбелік кестеге сәйкес «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуы: үрдістері және проблемалары» атты жас ғалымдарға арналған дөңгелек үстел өткізді. Аталған тақырып бойынша институттың жас ғалымдары баяндама жасап, өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Бірінші баяндамашы «Тарихи демография және Қазақстан халқы ассамблеясы» бөлімінің меңгерушісі, PhD, аталмыш жоба жетекшісі Т.Ә. Әпендиев тәуелсіздік жылдардағы тарихи демография ғылымының даму мәселесіне қатысты баяндама жасады. Тарихи демографияның қалыптасуы, кеңестік заманда даму бағыттары, оның мақсаты мен міндеттері, зерттеу обьектілері турасында көлемді мәліметтер берді. Сонымен қатар, баяндамашы бұл ғылымның бүгінгі таңдағы жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып, алдағы уақытта 1937 жылғы санақ мәліметтерін ғылыми айналымға енгізу, тәуелсіздік жылдарындағы қала халқының өсу динамикасын зерттеу, ашаршылық тарихына қатысты статистикалық мәліметтерді талдау, т.б. күрделі мәселелерге қатысты тоқталды.

Келесі баяндамашы институттың ғылыми қызметкері Қ.М. Мурзаходжаев Қазақстандағы қалалардың пайда болуы, кеңестік тұстағы қала мен ауыл халқының пропорциясы, ірі қалалардың құрылуы мен дамуы, т.б. мәселелер турасында сөз қозғады. Баяндамашының пікірінше, еліміздегі урбанизацияның ілгері дамуы 1920-жж. аяғынан бастау алып, 1970 жылдары шарықтау шегіне жеткен. Себебі, 1979 жылғы санақ бойынша Республикамызда алғаш  рет қала халқының жалпы үлесі 57% жетіп, ауыл халқынан басым түскен. Демек осы уақыт аралығында еліміз аграрлы мемлекеттен индустриялды мемлекетке айналды деуге болады. Сондай-ақ, зерттеуші бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасының урбандалу процесіне тоқталып, ірі қалалардың өсуіне, керісінше ауыл халқының азайып, ауылдар мен моно қалалардың құлдырауы жөнінде мәліметтер келтірді.

Институттың ғылыми қызметкері, PhD докторант А.Н. Қоңқабаева «Қазақстан Республикасындағы көші-қон динамикасы» тақырыбында зерттеу жұмысының қорытындыларымен таныстырды. Жалпы тарих ғылымында орныққан «көші-қон», «миграция», «еңбек миграциясы», т.б. терминдерге анықтама бере отырып, оның түрлері мен сипатына кеңінен тоқталды. Баяндамашының мәлімдеуінше, ауылдық елді-мекеннен гөрі қаладағы табыс деңгейі жоғары болғандықтан халық қозғалысқа түсіп отыратындығын мәлімдеді. Әсіресе, қалаға көшіп келген тұрғындардан сауалнама алу нәтижесінде олардың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік аспектілер негізінде келгенін айтады.

Институттың ғылыми қызметкері, PhD докторант М.Т. Морякова тәуелсіз Қазақстанның демографиялық мәселелеріне қатысты деректер мен құжаттар базасы жөнінде баяндама жасады. Мәселен, Астана қ. Мемлеттік архивінде соңғы жылдары еліміздегі демографиялық көрсеткіштер мен мәліметтер Ұлттық статистикалық бюросының (оның ішінде ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің), көші қон басқармасының есептері, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының аналитика көрсеткіштері және т.б.) барлық ақпараттары архивте цифрлық құжат ретінде сақталып және жыл сайын жаңартылып тұратындығын айтты. Сонымен қатар, stat.gov.kz атты Ұлттық статистика бюросының мемлекеттік ресми сайтымен таныстырып өтті. Бұл мәліметтер базасымен жұмыс жасау, ақпарат іздеу, сандық мәліметтерге талдау жасау бойынша практикалық тұрғыда көрсетіп өтті.

Келесі баяндамашы О.Б. Қуанбай, институт директорының кеңесшісі, Анкара университетінің PhD докторанты Түркия Республикасының негізінде 1927-2018 жылдар аралығындағы демографиялық даму үрдістері жөнінде ақпарат берді. Осы хронология шеңберінде болған тарихи оқиғаларға сүйене отырып, Түркия халқының өсу динамикасы, туу мен өлім көрсеткіші, Сириялық босқындарға азаматтық беру, ел ішіндегі әлеуметтік бағдарламаларға, т.б. мәселелерге тоқталып өткен болатын. Зерттеушінің көзқарасы бойынша 1970-80 жылдары Түркия жастары еуропалық білім алып, озық технологиямен танысып, тәжірибе жинақтаған соң, оны өз елінде пайдаға асыру арқылы мемлекеттің жетістіктерге жетуіне үлкен серпін берген.

Институттың кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Сауырқан Елдос өз баяндамасында Қазақстанның соңғы жылдарындағы көші-қон саясатындағы демографиялық көрсеткіштерді айта келіп көші-қон саясатының даму кезеңдерін жылдарға бөліп, әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап, көші-қон саясатындағы өзгерістер мен шешімін таппаған мәселелерге туралы пікірін білдірді. Сонымен бірге, 2020-2022 жж. көші-қондағы өзгерістер мен үрдістерді талдап, негізгі себептерін көрсетті. Оған қоса 2023-2024 жж. сыртқы көші қон динамикасы, ішкі-сыртқы көші-қондағы оң өзгерістер жөнінде мәліметтер келтірді.

Жиын соңында баяндамашыларға дөңгелек үстелге қатысқан институттың жас ғалымдары тарапынан сұрақтар қойылып, өз ойларымен бөлісті. Тарихшы жас ғалымдар бас қосқан жиын қорытындысында тәуелсіз Қазақстан Республикасының демографиялық дамуына қатысты зерттеулер жүргізіп, назар аударатын мәселелердің бар екендігі айтылды. Демография ғылымының саяси тұрғыда өзектілігі, басқа ғылым салаларымен тығыз байланыстылығы, мемлекеттік стратегиялық жоспарлауға тікелей әсер ететін ғылым саласы екендігі және осы бағытта әрі қарай тереңірек ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру қажеттігі айтылды. Жиын барысында берілген ұсыныстарды арнайы тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу ұсынылды.